«Aiqara.kz» әдеби порталы майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған әңгімелерді жариялауды жалғастырады. Назарларыңызда – №12 әңгіме. Байқау Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

ҚАРАҒАЙ ЖАСЫРҒАН ҚҰПИЯ

(Детектив әңгіме)

 Сақып пен Ардақтың әңгімелері таусылмай қойды. Күні кеше бір бақташы Түйежарғанның бойынан қарны жарылған биенің өлексесін тапқаны туралы хабар ауыл-ауылды аралап кеткен. Енді осы хабардың талқысының кезегі қарағайдың ортасындағы ауылдың тұрғындарына да жетті. Әлдебіреу аты жоқ сұр талады десе, әлдекімнің аузынан Ертістің арғы бетіндегі ұрылардың әрекеті дегенді естисің…

– Әй, бірақ, биені өлтіріп қайтсін?! Бауырындағы  құлынымен. Буаз биенің үйірге ауыртпашылығы қандай? Әншейінде айғырын қақ маңдайдан білтеменен сұлата салушы еді… Бір түрлі ұрылар екен…

– Ассалаумағалейкү-ү-үм, Сәке, амансыңдар ма? Аркош, сен де осындамысың?

– Уағалейкүмәссәләм, Жәке. Ие, осындамыз.

Сақып енді тұтатқан темекісін оң жақ езуіне ыңғайлап ап, маңдайындағы әжімі жиырылып, қысық көзіменен Жақанға қарады:

– Аманбыз, Жәке. Өздерің? Күннің ыстығын көрмейсің бе? Үстіңе қалың кәстөм іліп апсың, жә, күрек, балта… Әлгі саймандарды әкелдіңдер ме?

– Міні, Сәкөш, ұста. Қазір қалған жігіттер келе жатыр. Болаттың шаңырағына көңіл айтуға кіргелі жатқан. Ыңғайы келсе, өзіміз бастай берейік. Кейін жастар қалғанын тындырар.

– І-і-і, сөйтсек, сөйтейік.

Үш жігіттің әңгімесі зират басындағы Болаттың марқұм әкесіне қазылғалы жатқан қабірдің орны болса керек, белгіленіп тұрған жердің дұрыстығына қатты мән беріп, сызылған жерді әрлі-берлі айналшықтап жүр.

– Әй, Аркош, анау маңнан байқап келші, осы жерден басқа сызылған белгі бар ма екен? Мына жер, астапыралла, қазылып қайта көмілгенге ұқсайды, ә, қарашы дим Аркош, – деді де Жақан қара топырақтың астынан әруақ тіріліп, тіке өзіне бас салардай алшақтай берді.

Әне-міне дегенше болған жоқ, жастардың қарасы көріне бастады. Сақып пен Жақан «ә» дегенше, жастар екі қолға бір күрек деп, үшеуі айнала қоршаған жерге күректерінің ұшын  қадап-қадап жіберді. Жақанның іші бір жамандықты сезгендей, Сақыптан сұраған темекісінің түтінін будақтататып, әлдекімнің бейіт басын көтеруге арналған кірпіштерінің қалдығының жанына отыра кетті. Қалың қасын түкситіп, түк басқан иегін ұзын саусақтарымен сипап Ардақ та бірдеңе күтіп отырғандай. Жастар кезектесіп қара топырақты аударып жатты, күректің ұшы тереңдеген сайын, жастардың арасында тылсым бірдеңеден күдіктенген үш ардагердің уайымы одан әрі арта берді…

Қарағайлы ауылдың жағдайы қарапайым. Таңда азан шақырған әтешпен бірге оянсаңыз, күн шапағының қарағайлы ауылға қалай ерекше түсетінін байқар едіңіз. Балғындықтың иісі, табынға қосылған мөңіреген сиырдың легі, биікке қол созған маңғаз шыршалардың сұлулығы кез-келген адамды осы ауылдың тұрғыны қылудың маңызды себебіне айналар еді. Ауыл іші тыныш, бірақ шілде, тамыз айларында сәл алаңдатуы мүмкін. Себебі, шекаралас жатқан мемлекеттен келетін өрт қаупінің аймағына осы ауыл да кіріп тұр. Ауылдың азаматтарын өртпен қорқыту мүмкін емес сияқты. Тілсіз жаудың тілін тапқан тұрғындардың екінің бірін өрт сөндіруші деп атауға да болады. Әлгі жылы  үлкен ұлдары қалаға оқуға кеткен Әлия апаның қорасы өртенген уақытта, нағыз мамандарды күтпей-ақ екі көршісі, тіпті апаның өзі де білек сыбанып алаумен алысқанын көрсеңіз…

Болаттың әкесі дүние салыпты дегенді естіп, ауылдың ер азаматтары жиналып, азын-аулақ көмекке шығуды шешті. Болаттың әкесінің ізгілігін білмейтін жан жоқ шығар. Әкесі Балтабай марқұм көзі тірісінде «халқыңа қызмет қыласың, мына ауыл ертең саған аманат болады» деп Болатты милиция қызметкеріне оқытқан еді. Өзі де әскери шенді азамат болған деседі…

Сенбі. Сағат – 12:00.

Суық хабарды естіп, командировкада болған жас жігіт үйге келе сала, марқұм әкесінің жататын жерінің орнын белгілеуге кіріскен болатын. Жерге жауапты әкімдіктің адамын алдырып, атасының қасына жатқызатын болып шешті. Қызыл жалауы бар, ағаштан жасалған қаданы төрт жерге қадап болған соң, үнсіз тұрып қалды. Әкесін жоқтауға уақыты болмаған жас жігіттің тәрбиесі сол болды ма, көзінен аққан жасты сезуге ғана болатындай, көру мүмкін емес. Бойын қайта тіктеп, Болат шаңырағына ертеңгі күннің жөн-жоралғысының дайындығына аттанды. Басқан әрбір қадамында бір өкініш жатқандай, салмағы анадайдан сезіледі…

Жексенбі. Сағат – 17:00. Қабір басында.

– Құдай сақтасын!

– Жігіттер, байқаңдар!

Кенеттен шыққан шудың шымылдығы Саматтың күрегінің ұшындағы қою қызыл сұйықтықты байқаған жігіттердің үнсіздігімен ашылды. Әрі қарай қаза жөнелген жігіттердің санасында туындаған сауалдың жауабы құмға көмулі жатқан ер адамның мәйітімен белгілі болды. Әбігерге түскен Жақан ойланып-толғанып ақыры Болатты шақыруды жөн көрді. Болат зират басына жақындай бергенде, қабір қазушылардың  сұр боп кеткен өңдеріне шошына қарады. Жақанның да тез жет деген хабары жамандық шақырғандай сезілген болатын. Болат абдырап қалған жігіттерді тез арада тарқатып, көмекке тек Сақып пен Жақанды қалдырды. Ауданнан арнайы қызметкерлерді шақырып, мәйітті тез арада медициналық сараптама жасатып, кім екенін, бұл жерде неге жатқандығын анықтауға кірісті. Ауданнан келген қызметкерлер де аң-таң. Майор Омархановтың жүзіне жасырынған сұрақты аңдау қиын емес-ті.

– Болат, мына жігіт осы ауылдың азаматы ма еді?

– Ештеңе айта алмаймын, жолдас майор.

– Айтпақшы, қайғырып көңіл айтамын. Әкең марқұм жақсы адам еді. Иманы саламат болсын. Жә, сен бұл істі бізге қалдыр. Жөн-жоралғыңды жасай бер. Боссың.

Болат не істерін білмей майорға қайта-қайта қарап қояды.

– Боссың деймін.

– Айтпақшы, ауылдың жігіттеріне айта бер, ел ішіне таралып кетпесін. Ауылды дүрліктіріп, бекерге тұрғындарды үркіте бермесін. Жақсы. Кәні, жігіттер, тиеңдер.

Майор пәрменін бере сала, «қайт» дегендей Болатқа ендігі суық көзбен қарады. Болат Сақып пен Жақанды ертіп жүріп кете берді. Ауыздарына құм құйылғандай күрең жолды шаңдатып, үш жігіт бастарын төмен салбыратып келе жатты. Салы суға кеткен Жақан мен Сақыптың уайымдарын қайдан, Болаттың уайымы тіптен басқа еді. Майордың «ел ішіне тарап кетпесін» деген пәрмені қызық болып көрінгендей. Мәйіттің түрі адам танымастай қан жоса болып жатқан еді, үстіне ескерткіш басына қоятын мәрмәр тасты лақтыра салғандай. Баяндап, өсек қыларға, бұл бейнені көрген қай адамның дәті жетер десейші?! Сан түрлі ойдың тұзағына түскен Болат үйге қалай жеткенін де байқамай қалды. Сақып пен Жақанға майордың айтқанын орындауды сұрап, үйлеріне қайтарып, қонақ асына назар бұруды шешті…

Бір жеті өткен соң, Болат ауданға іс-сапарды сылтауратып барып келген болатын. Майор Омархановтан «осы істі өзім шешемін» деп қасқайып сұрап алған соң, барлық ақпаратпен танысуды бастады. Мәйіт шамамен сенбі күні түнгі уақытта көмілген. Марқұмның есімі – Сұлтан. Көйлегінің қалтасында құжаттары болыпты. Болат осыған дейін көрші ауылдардан сұрап білген көрінеді, бұл жақтың азаматы болмай шықты. Қалада хабар-ошарсыз жоғалғандардың қатарындағы бір бейбақ екен. Артында әйелі мен екі баласы қалыпты.

«Бірақ, қаланың адамы, бұл жерге не туысы, не ағайыны жоқ болса, қандай қатысы бар? Неге, әкемді жерлегелі жатқан жерде көмулі? Қаладан 200 километр жерге не іздеп келді? Сенбі күні түнде көмілген болса, қылмыскер кім?». Өскелең сақал-мұртын сипап-сипап қойды да, бөлімшесінің терезесін ашып, далаға көз тастады.

– Көмген адамды табуым керек…

Бөлімшесінің есігін құлыпқа салып, қолтығына көк түсті журналын қыстырып, көрген-білгендерді іздей бастады. Зират басына барып із кесейін десе, қабір қазуға келген жігіттердің қылмыс орнын таптап кеткенін байқады. Олардың кінәсі жоқ. Сауап аламыз деп келіп, жарты сағаттан соң ыстығы басылмаған мәйітті табамыз деп ойлауы үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар. Мүмкін, мал бағып жүрген бақташылар көріп қалған болар деп, сенбі күні қой кезекке шыққан Нағашыбайдың үйіне аттанды. Нағашыбай үйінде арқан есіп отыр екен.

– О-о, Болатжан, амансың ба?

– Қалыңыз қалай, аға. Аманбыз.

– Не бұйымтаймен келдің, айта ғой?

– Кешегі қой кезекте сіз болыпсыз аға, кеш батқан соң біреу-міреу жоғалтқан қойын іздемеді ме екен?

– Ә-ә. Тұра тұр, әлгі Рүстем жүрген. Тіпті, қараңғыда жарығын қосып қойып, айнала кезіп, ұзақ жүрді. Сол не бопты?

– Жақсы, аға, ештеңе емес. Әлгінде, қой бағып жүріп, таңсық ештеңе көрмедіңіз бе, мүмкін қаладан келген, не болмаса адасып қалған кісілер жолықпады ма?

– Жоқ, қарағым. Көрмедім. Көрсем, ауылға жол сілтеймін ғой…

Бір ізді таптым деп қуануға әлі ерте еді. Себебі, Нағашыбай шопанның айтқан Рүстемінің құлағының мүкістігі бар еді. Одан бірдеңе сұрап-білу, көзіңді жұмып шөлдаладан жол іздеумен тең еді. Тым болмаса ымдап бірдеңе айта алса, оның өзі үлкен көмек еді. Болат Рүстемге келе сала зиратқа қолын шошайтып, «түнде кімді көрдің?» деп, бар білгенінше түсіндіруге тырысты. Басқа басына ой келмей, қасына ертіп алып, зират басына келді. Онан да түк шықпады. Бір кезде қолына күрек алып, жер аударып жатқандай ишарат жасап көрсетіп еді, басын қайта-қайта изеп, ерекше дыбыс шығарған Рүстемнің жүзінен бір үміт көрді. Әсілі, түсінген сияқты. Болатты қолынан жетектеп, бір жаққа жүріп келеді, жүріп келеді. Алысқа біршама ұзағанда Болат Рүстемнің қолынан босатылып шығып тоқтай қалды. Рүстем болса қайта қолынан тарта жөнелгенде, мінез көрсетіп ашуланғандай сыңай танытып Болат орнында тұра қалды. Рүстем де оны ләм-мим демей, ұғынғандай. Сөйтті де саусағын шошайтып қарағайлы орманға апаратын көлік жолын көрсетті. Жас тергеуші тағы бір жол тапты. Бала күнінде әжесі текеметке ою салып, ол кепкен соң, түрлі бөлікке бөліп қиып беретін. Сол әжесі жасырған оюдың бір бұрышын тапқандай, әлі бір адасқан бөліктің біреуі сол орман жолы екенін түсінді. Рүстеммен бірге қайта ауылға келе жатып жолдан өзінің төл құрдасы Ерденді кездестіріп қалды.

– Ерден?

– Болат?

– Сен немене сақаулардың тілін түсінетін болғансың ба?

– Қой, олай айтпа, обал ғой.

Екі еңгезердей жігіт құшақтасып біраз тұрды. Бес жылға жуық көрмеген ескі досын Болат, дәл осы қиын шақта кезіктіргеніне қатты қуанды. Бала кезден тай-құлындай тебіскен, әжелерінің айранын кезектесіп ішіп, аталарының жасап берген ағаш мылтықтарымен атысқан еркелердің қайта кездесуі Болат үшін тамаша сәт еді.

– Сені училище бітіргеннен кейін көрмей кеттім ғой? Қайда кетіп қалдың? Не хат-хабарың жоқ.

– Е-е, досым. Несін жасырайын оқу оқып жүріп, қаланың ақсаусақтарына көкелерін танытайын деп басым үлкен дауға қалды. Оқудан шығарып жіберген соң, әскерге екі жылға алып кетті. Әскерде жүріп, басымнан оңбай жарақат алып, қалада біраз емделдім. Өзің не істеп жүрсің? Рүстеммен анда-мұнда сандалып.

– Кеше қабір қазып жатып бір мәйіт тауып алдық. Соның тергеу ісін маған тапсырды. Соның басы-қасында жүріп, тиісті ақпарат жинау керек…

Екі дос аз-кем сөйлесіп тұрды да, Болаттың үйіне қарай жүрді. Ерден Болатқа көмектесетін болып, Газ-53 жүк көлігімен орманға апаратын болды. Келесі күні таңға таман орман беттеп, әңгімелерін жалғастырды…

Қарағайдың ортасына көлікпен кіру мүмкін болмаған соң, әрі қарай жаяу жүруді шешті. Болаттың ендігі қадамы қиындық тудырды. Орман арасынан нені, кімді іздейтіні белгісіз болды. Жұмбақ өлімнің артында орман ішіндегі оқиға жатқаны анық.

Болаттың ойына орман шаруашылығы сап ете түсті. Ауылдағы орман қарауылы боп жұмыс істейтін Сақыпты алдырып, шаруашылықтың шет-жағасын сұрастыра бастады.

– Сәке, сонда ормандағы  шаруашылықтың атқаратын қызметі не?

– Болат, сен ұмытып қалдың ба? Қыс мезгілінде жағатын отыныңның орнын біз белгілеп береміз емес пе?!

– Оны білем ғой, Сәке. Басқа не істейсіңдер?

– Былай ғой, қарағайдың санын көбейтеміз. Жас шыбықтарды отырғызған соң күтім керек. Одан бөлек, өзің әңгіменің бергі жағын естіген боларсың. Не болып жатқаннан хабарың бар ма?

– Жоқ. Айта бер.

– Е-е, Болат, біздің ауылдың қарағайын отын ретінде пайдалану тек осы қарағайдың маңын жайлаған ауылдарға ғана рұқсат етіледі. Өзің білесің, қарағай басқа жақта дефицит. Қой дейтін қожасы болмаған соң, басқаға білдіртпей, 3-4 талонды сатып алып, қаншама тонна ағаш сыртқа ағылып бара жатыр. Заң тыйым салады деп, түнгі уақта келіп тиеп, жүк көлігімен ұстатпай кетіп жатыр. Тіпті ұстағанның өзінде жәшік-жәшік арақ, аста-төк ақшаменен керек адамдардың аузын майлап та жіберіп жатыр. Оны жұрт біледі. Бұны істеп кетіп жатқан өзіміздің ауылдың адамдары емес, шеттен келіп жатқан бәлелер. Бұларды қорғаштайындарының өздері оңай емес. Содан ғой жұрттың аузы қақпақ болып отырғаны.

– Солай де, Сәке. Түсінікті. Егер сондай үлкен көлемде сыртқа шығып жатса, неге ауданға шағымданбадыңдар?

– Айтып тұрмын ғой Болат. Жоғарыдан біреулері бар-мыс. Айтпақшы, өздерінше ауылдың адамдарына қамқорлық көрсетіп, көлікке тиеп-артатын жұмыспен қамтып отыр-мыс.

– Жақсы, Сәке. Сен осында қал. Түнде аңдып, іздеріне түселік. Маған тек ақпарат керек. Басқа шудың қажеті жоқ.

Егер сырттан келіп жатқан болса, онда мәйіт те осылармен келген болар деп Болаттың көңілі тыншыды. Дегенмен де, өздерімен келген адамды өлтіретіндей қандай келіспеушіліктер болған екен? Сақыптың айтуы бойынша, қомақты қаражатқа таласып қалды ма екен?

Ай жарықта үш тыңшы отын тиегелі жатқан біреулердің үстінен түсті. Қарағайлы орманның мүлгіген тыныштығын жүк көліктің қозғалтқышының даусы бұзып тұрғандықтан, іздеріне түсу сонша қиын болған жоқ. Болат өзін ауылдың адам ретінде таныстырып, үш адамға жұмыс керегін айтып, сақалды жігіттің сеніміне кіріп алды. Кейін әңгімеге тарта отырып, Сұлтан есімді азаматты танымайтынын, қаладан жұмысшылар алмайтынын және ауылда түнеп қалмайтындығын нақтылап алды.

Болат қайтадан тығырыққа тірелді. «Қаладан келмеген болса, бұл дене біздің ауылда қайдан жатыр?». Болат істің ізін жоғалтып алды. Үйге орала салысымен ұйқысыз түнін жинаған бар ақпаратын жіпке тізумен өткізді. Бірақ еш пайда бермеді. «Рүстемнің орманға нұсқауы мүмкін қате болған шығар? Соған сеніп, ізден адасқан болармын…»

Келесі күні Ерден екеуі тынығып қайтуды шешті. Жорғаларын ерттеп, өздері жас кезінде кешкен жолдармен жүріп, біраз ой сергітуді қалады.

– Ерден, қазір не жоспарлап жүрсің? Үйленіп, үй болу ойың жоқ па?

– Әй, қайдам… Үйлену үшін алдымен қыз қаратып алу керек қой. Той жасау үшін де біраз қаражат керек. Әрі кетсе, мен сен сияқты сымбатты емес едім. Өзіңде не жаңалық? Өзің не жоспарлап жүрсің сері жігіт?

– Мен карьера қудым. Үйленсем 30-ға кеп бірақ үйленем, әйтпесе әлі ерте. Одан соң, мына оқиғаның шешімін таппай ісі алға жүрмейтін сияқты. Ішім сезеді соны.

– Жұмыс, жұмыс деп өлесің бе енді? Әкеңнің қайтқаны да күні кеше. Қайтесің осының бәрін. Енді анаңды бағуды ойласаңшы. Айдың-күннің аманында анаңа бір келін әкеліп, қолын жылы суға малып, алғысын алатын кезің ғой. Ертең үлгермей қалғанда өкінерсің… Мен сияқты…

– Жә, Ерден. Сен жетім емессің, менің бауырымсың. Әлі де армандарыңды орындауға кеш емес.

– Жоқ, Болат, мен қалаға көшкелі отырмын. Ауылда не бітірем, не жұмыс жоқ, қызық жоқ. Ішіп-жемге мәз болып жүруден шаршадым… Бірден байып кетсе ғой, ә?!

– Айтпа-а-а. Ерден, осы істің басында кім тұр екен? Сені осы сұрақ мазаламайды ма? Маған, тіпті, өз әкемнің қайтқан күнінде де осы жайт маңызды боп көрінген сияқты болды. Не ойлайсың?

– Досым, мен не айтамын. Бұл жерде маман – сен. Білікті милиция қызметкерісің. Маған салса, «Мәйіттің маған түкке де қатысы жоқ. Аудан айналыссын» деп өз шаруаммен жүре беретін ем…

Екі салт атты ауыл маңын айналып тағы жүрді. Болаттың көңіл көкжиегінде биікке қол созған қарағайлы орман жасырған құпия жай таптырмады…

Тағы бір жетіден соң, ауыл ішінде жан түршігерлік оқиға орын алды. Қаладан келген отын тиеуші түнгі ауылдың тыныштығын бұзды. Кенеттен шыққан шошынған дауыс Болатты оятып жіберді. Асығып-үсігіп, үстіне жейдесін киіп, кабурасында тұрған табельді тапаншаны қолына ұстап, дауыс шыққан жаққа беттеді. Көліктің артқы орындығында қансырап екі дене жатыр. Бірі тағы бейтаныс мейман. Ал бірі – ауылдың Сақыбы. Жас ізкесушінің жүрегі аузына тығылды. Көз алдында дәрменсіз Сақып жатты…

Сақыптың жаназасы кешіктірілетін болды. Аудандық медициналық экспертизадан хат келіп, екі мәйіттің де суық қарумен жарақатталғаны белгілі болды. Бір қарумен бірден екі адам. Болат сол күні Сақыпты әкелген орта жастағы азаматты тергеді. Ол бөренені тиеп болдым-ау дегенде, алыстан ағараңдаған екі заттың қозғалмай қарап тұрғанын көріп, шамының жарығымен байқап қалған. Сақып қансырағаннан есінен танып қалса керек, ал екінші бейтаныс адам қолын орманның ішіне қарай сілтегенін егжей-тегжей баяндап берді. Енді ауыл тұрғындарының арасында аңыз-ертегілер жиілеп кетті. Орман арасында бейітінің басы көтерілмеген бәр әулие кегін алып жүрген көрінеді. Әрине, бұл Болатқа әсер етпеді. Бірақ, ауыл ішіндегі сұмдық жағдайлардың шешілмей жатуы Болатқа ауыр тиді.

Ол енді ақылды ойлауға кірісті. Мүмкін қылмыскер ауыл ішінде жасырынған болу керек. Себебі, ауыл азаматтары орман ішінде жүрмейді. Бар назарды орманға бұру үшін, ауыл тұрғындарының бәлкім қорасында, бәлкім қысқы шөбінің арасында болу керек.

– Жо-жоқ. Не сандырақтап кеттім?! Қайдағы шөп?..

Ізкесудің бірден-бір оңай жолы қылмыс болған жерді зерттеп, шолып шығу. Қарағайлы орманға бұл жолы ол жалғыз аттанды. Ерден Сақыптың отбасына көмектесетін болып ауылда қалды. «Әлгі ер адамның айтуы бойынша осы бір маңда болу керек, міні, қан іздері жатыр».

Болаттың қан іздерімен жүргендегі тапқаны қатты таң қалдырды. Бұл бейнені көріп, өзіне сенер-сенбестей, қайта-қайта қарады. Тағы бір мәйіт. Бұл жолы қансырап емес, буынып өлген. Болаттың басына қан шапты. «Осыншалық жауыз болар ма едің?». Шамасы 15-16-дағы жас баланың аппақ денесі жерде ұзынынан сұлап жатыр. Болат бұл істі бүгін бітіретіндігін түсінді.

«Енді созуға болмайды».

Айналаға ұзақ әрі жіті қараған ол қарағай бүрінің астында жатқан бұрағыш кілтті тауып алды. Кілттің ауызының үлкендігіне қарап, жүк көлігі екендігін бірден байқауға болады. Темір сайманның басында қызыл кішентай дақ пен қара қылдың жабысып қалғанын көріп, бұның бірден не үшін қолданылғанын түсінді. Жақсы, ал қалған екеуінің жанын алған қару қайда? Медициналық экспертиза суық қарудың мал союға арналған немесе аңшылыққа арналған диаметрі 30-40 миллиметрлік пышақ болу керек екенін анықтады. Бір уақытта есіне Сақыптың қансырап жатқанда белдігінде бос тұрған қынабын көзі шалып қалғаны түсті.

– Дәл өзі. Енді оқиға тізбегін құрастыру керек.

Жалғыз өзі орманның ортасында, жансыз жатқан дененің қасында тұрып өзді-өзінен сөйлей бастады.

Ол қылмыскердің іс-әрекетіне жалпыламадан нақтылау ойлау арқылы баға бере бастады. Яғни, кілтпен бір адамнан айрылса, екі адамнан пышақпен құтылды. «Бірақ, Сақып қалай өзінің қынабындағы пышағын біреуге оңайлықпен береді?».

Болат әрі ойланып, бері ойланып, қарағайлы орман арасын әрі қарай кезуді шешті. Баланың жерде жатқанына қарай қылмыскер қаруды ғана жасырып үлгеріп, ал денені қалдырып кетуге мәжбүр болған. Бір сәтте терең ойланып келе жатқан Болат қақ шекесімен қарағайдың бір бұтағына соғылады да қалады. Шекесі қансырап, басын ұстап отыра кеткен ол көз алдында тұрған табиғат құбылысына ұзақ қарап қалды. Анадайда бір-біріне біте қайнасып, бірінің бұтағына біріне байлап, қол ұстасқан айрылмастай достай өте жақын өскен қарағайдың талдары көрінеді. Жақындай берген сайын көлеңкесінде алып бірдеңені жасырғандай. Болат көлеңкеге жақынырақ келді де, сәл үнсіз тұрып қалды. Есін жиған соң, бірден ауылға қарай асыға жүгірді…

Қылмыскер баланы ауыр кілтпен басына соққы жасап, есінен тандырады. Бұл жағдайды көріп қойған марқұм қалалық мейман артқа қарай қашып, көмекке шақырады. Алдынан көмекке шыққан Сақыптың артына тығыла бергенде қылмыскер қынабындағы пышақты алдымен Сақыпқа кейін, артына жасырынған екінші бейбаққа сұғады. Алыстан шыққан дауыстарды естіп қашып кетеді. Бәлкім кілтті өзі де таба алмай абдырап, жерге тастап кетеді де басты қаруы пышақты өзінің қауіпсіз мекеніне жасырып қояды.

Дәл осы оймен жан берісіп, алысып, жағалай соққан желмен жарысып, ақыры ауылға жете бердім дегенде, алдынан Ерден шығып:

– Досым, не болды? Тағы бірдеңе болды ма? Ентігіңді бассаңшы…

Болат сауырынан тері аққан аламанның тұлпарларындай аптығып, белбеуіндегі кабурасына қол созып, тапаншаны оқтады да ескі досына беттеді:

– Қылмыскер, яғни Ерден Еркенұлы, сіз 4 адамға қастандық жасап, жандарын қиғаныңыз үшін айыптысыз.

– Болат, есің дұрыс па? Не айтып тұрсың?

– Ерден, қырсықпа, міне кісен, қолыңа сал, артық қимыл жасама…

– Болат, сен алжасайын дедің бе? Қайдағы кісен, қайдағы қылмыскер?

– Ерден, мен көрдім… Бәрін көрдім… Білем… Көлігіңді көрдім… Осының бәрін сен істедің…

– Болат, мен…

– Неге өйттің? Сақып ше? Өзіміздің Сақып еді ғой…

Достықтың маңызының енді жоқ екеніне Болаттың тапаншасының Ерденге беттелуінен ауыл адамдары куә болды. Ерденнің әр қимылы, еріндерінің бір-біріне соғылып дірілдеуі, бетіндегі суық тер боп шыққан әрбір тамшының төменге сырғып домалап түсуі, бәрі-бәрі – Болаттың қырағы жанарына байлаулы. Артық қимыл сезсе, Болаттың тартынбайтынын білетін Ерден, ақталуға бір де бір сөз жұмсамады…

Тергеу барысында Ерденнің айтуы бойынша, Сұлтан есімді азаматты қалада көше бойында қайыр сұрап тұрған жерінен жұмысқа, ауылға алып келген көрінеді. Алғашында адал ниетпен жұмыс берген Ерден абайсызда Сұлтанды жүк көлігінен домалап түскен ауыр бөренемен жарақаттап алады. Бірден өлтіріп алғанын сезіп, зират басына белгіленген жерге көміп кетеді. Оны әлбетте, алыстан Рүстем көріп, бірақ ешкімге ештеңе айта алмайды. Жас баланы да дәл солай қаладан алып келіп, ол бала Ерденнен ақша ұрлап ұсталып қалғанда қашпақшы болған, бірақ Ерденнің қолынан сусып шыға алмай ақыры буынып өледі. Одан әрі Сақып Ерденді танып әңгімеге тартпақ болғанда пышақты сұққанын айтып еңірепті-міс…

Қарағайлы орман бізден тағы қандай құпия жасырып отыр екен?

Добавить комментарий