Күн жаңа батып бара жатқан шақ еді. Кешқұрым үйде отыра алмайтын дағдысымен көгілдір түсті жібек жейдесінің кір шалмаған қатырмалы жағасын қайырып тастап, үй ішінде киілетін сүйреткі шақайдың табанын сырпылдатып, тап-тақыр аулада жүрген Өмірбай құйындатып келіп қақпа сыртына тоқтай қалған жеңіл машинаның дауысынан, төркіншілеп кеткен бәйбішесі Гүлсараның келіп үлгергенін біліп, езуінде әлде қашан сөніп қалған темекі тұқылын ытқытып жіберді.

Ол сыртқа шыққанда кеусіндей кесек денелі Гүлсара ентігі басылмаған «Lada» көлігінің кішкентай есігіне жалпақ бөксесімен кептеліп, зорға түсіп келе жатыр еді.

– Аман келдің бе?, – деген Өмірбайдың сұрауына Гүлсара жауап қайтарған жоқ.

– Құрып қалғырдың есігін қушитпай, неге кеңдеу жасамаған. Жығылып түсер ме екем, ұстай берсеңші қолымнан, – деп шалына өтініш райлы бұйрық түсірді. Қырма сақалы тарландағанымен, елгезектігінен танбаған Өмірбай жедел келіп, қолтығынан демегенде қиғаштап бөксесін сыртқа алған нығыз денелі жуан бәйбіше табанын жерге басты.

– Түймелерім үзіліп кеткен жоқ па екен? – дей жүріп, мама қаздай ырғақ басып үйге беттеді.

– Әй, әлгі, шофер бала, қайдасың? Қоржын-қолаң бірдеңелерді ағаңа жәрдемдесіп үйге өзің кіргізе ғой. Айналайын, қарағым, мың болғыр елпек жігіт екен өзі.

Үлкендігімен үйіріліп тұрса да, баласы тұрғылас шоферді Гүлсара «шофер балам» деп тәуелдік жалғауын жалғамай, «шофер бала» деп атады. Соған қарағанда саркідір тартқанына мойынсал емес сияқтанады. Жас шоферге жәрдемдесіп, машинадағы буыншақ-түйіншектерді алып, түсіріп жатқан Өмірбай жұқалтаң қара көк шұғадан тігілген су жаңа пальтоның құйымшақ тұсын сыздата керіп, шайқала жүріп үйге беттеген ауыр денелі, етженді бәйбішесінің ту сыртынан бір сәтке «жасаңғырауын қарай көр!» дейтін қыжыртқы бейнемен қарап тұрды.

Есік-терезелеріне шымқай алкүрең түсті бедерлі қатипадан перделер тартылып, қара көлеңкелеп тасталған. Жаннат райлы, жасау-жабдықты, бес-алты ауыз келетін салқын құжыраның табалдырығынан аттаған жерде, маңдайына салқын самал ұрылып, кеңи бастаған ол сыртқы киімдерін шешініп, бұрышқа қойылған адалбақанның күміс реңдес, қошқар мүйізді аймауыт ілгектеріне іле салып, жақтаулары қоңырқай қырыммен қапталған  серіппелі жалпақ төсектің белін солқ еткізіп жантая кетті.

Аппақ мақпал орамалмен тершіген маңдайын сүртіп, бұлыңғыр тұманның селдір көлеңкесіндей жұп-жұқа көйлегінің екі иінішінен шымшып көтеріп, құс төстене біткен жарлауыт омырауын желпіді.

– Ұһ, қу жаным-ай! Шаршап қалыппын-ау өзі, машина құрғыры солқылдатып. Қырдың жолы дегенді құдай басқа салмасын. Ылғый да ойлы-шұңқыр, түйгіштеп ұрды да отырды. Шөліркеп қалған түрім бар-ау сірә. Әлгі шалды жұмсайтын болдым-ау тағы. Келіні түскірдің бәрін бөлектеп, ноқта-жүгенсіз жібергеніміз де болмаған екен. Болымсыз бірдеңеге жұмсайын десең пенде жоқ. Ас үйде жүзім шырыны бар еді. Әпере салатын кім бар дейсің енді…?!

Қоржын-қолаңды үйге кіргізіп әбігерленіп жүрген Өмірбай бәйбішесінің назды жарлығын атқаруға құлықты кісідей зыр жүгірмесе де, соқтауылдай ұзынтұра денесін тік ұстап, иықтылау келген фарфор шелекті көтеріп келе жатыр еді. Гүлсара манағы райынан қайтып қалған екен.

– Шалеке, ішкім келмей қалды. Әлгі шырынды қайта қоя саларсың. Өмірбай бір шелекке екі жұмсаған кемпірінің қылығына ашуланған жоқ. Күлімсіреп қана қоя салды.

Өмірбай ертеректегі бір жұмсағыш әйелдің оспадар әрекетін еске алған-ды. Үлкен-кішінің бәрін жұмсайтын беймаза әйелдің ту сыртынан қаптап өрген өсекке көп кезіккен бір төре «Мені де жұмсай алар ма екен?» деп сынап көрмекке әлгі әйелдің үйіне келіп түседі. Сол шақта үй ішінде баласының жаялығын жуып отырған әйел келе жатқан адамның аяқ тықырын естіп:

– Төре болсаң да есік алдында жатқан итаяқты ала кел, – деген екен. Сыншыл төре жұмсауық екендігін ұялту мақсатына бола итаяқты көтере кіргенде:

– Ибай, бетім-ау! Сіз төре екенсіз ғой. Итаяққа жұмсағаным ұят болған екен. Қайта апарып орнына тастай салыңыз, – деп қайталай жұмсаған сияқты.

Жүзім шырынына қатарынан екі мәрте жұмсаған ерке бәйбішенің жарлығын Өмікең ауырсына ма, жоқ па?

– Әлгі бір пласмас торсықтармен қымыз ала келген ем, – деген сөзге іле жауап қайырды.

– Қымызың жылып кетіпті, бәйбіше.

– Жылып кетсе қоя тұрайын, бір ішіп алған соң кісі аңсайды да тұрады екен жарықтықты. Сен биыл қаладан шықпаған соң сағынып жүре ме деп ала келіп едім. Торсықтың дәмі шығып кетіп жүре ме, шыны тегенелердің біріне қотара саларсың, сәл тынығып, дем алайын.

Қырдағы елдің тұрмысын қой-ақ қой. Сырмақтарының астынан сыз өтіп, қанша қабаттаса да мұздай тіпті. Ауырып-сырқамай қайтіп жүр, байқұстар?! Іргелерінен жел аңырап, шілденің шіліңгірінде суық ұстайтын түрі бар. Әйелдерінде мүлде маза жоқ. Жегендері желкесінен шығып, біресе бұзауға, біресе тезекке жүгіреді. Балалары мұндай жылауық болар ма?! Әй бір маза болсайшы, келін-кепшектер дегенің құйымшағы сорайып, ыңыршағы шығып тұр. Сөйтіп жүріп, қайтып бала табады. Ауыл адамдарының жаны сірі ғой, қос қолына сүйеніп күн көрген еңбек адамдары-ай, шіркін! Жансебіл қайсарлықтарыңнан айнала кетейін!

– Шалеке, өзің тамақты қайтып жатырсың? Мен кеткелі неше күн болды. Отауларға барып тұрдың ба? Жоқ, келіндер өздері келіп жәрдемдесіп тұра алды ма? Кетер кезде оларға тапсырып кете алмағанымды айтпаймысың?

Ауыз үй жақта жүрген Өмірбай сөзімді естімей қалар деп, Гүлсара дауыстаңқырай сөйледі: «Бүгінше күндегі күніңді көріп тұрарсың. Қозғалуға шамам келетін емес. Қоржында піскен ет бар еді. Қозының еті. Жеңгем байқұс сенің сыбағаң деп сүбе, жамбастарын салып жатқан. Соны алып аужал қыларсың. Әлгі Мамырбектің үйі де бір малын сойып, былқытып асып қойыпты. Мені алып қайтуға жіберген шоферің тіптен пысық, мың болғыр-ақ бала екен. Тәңірі жарылқағыр, бүгін қайтарда түстене кететінімізді Мамырбектің әйеліне жол-жөнекей құлақ қағыс қып айтып кетіпті… Содан тамақ іше алатын емеспін. Жуынып алсам да болар еді. Бойымды алдырып қалыппын.

– Қоржында келген шикі еттерді тоңазытқышқа сала қойсаң болар еді. Иістеніп кетіп жүре ме, қайтеді? Ой, құрып қалғырдың жолы, түгел ойлы-шұңқыр. Іші-бауырым салқылдап, осындайда әлгі келіндер де келе қалмайды-ау!

Сөйлеп жатып көзі ілініп кеткен Гүлсара ас үйден қазан-ошақтың тақыр-тұқыры, қуырылып жатқан қуырдақтың шыжылынан оянып кетті де, сыңғырап естілген бейтаныс әйелдің дауысынан жаны түршіге, басын жастықтан жұлып алды. Сезік шіркінді айсайшы!

Жез қоңыраудың сылдырындай сыңғырлаған көңілді әйел күлкісі басылып, мұрынды жарған тәтті тағамның хош иісі арасында сыбырласқандай күңкіл үні сусылдады.

– Оймақ ауыз, күлім көз, құдағи, қолың тіптен епті екен.

Күбірлеп шыққан күйеуінің мадақ дауысына жағымсыған әйел күлкісі тағы қосанжарласты.

– Көзіңіз түсіп кетіп жүрер ме екен?

– Көз бен көңіл бірге түсіп жүрсе, қиналып қалмайсың ба?

– Жас күніңізде қыздарға қырғидай тиген сияқтысыз.

Жағатсыған жат әйелдің Өмірбайға берген бағасы тойған қозыдай марғау бәйбішенің манаураған көңілінде дүрбелең тудырды. Ғайыперен түйсік бармақ өкше туфлиын киюге үлгертпеді. Аса қымбат бағалы, ет реңдес шұлығымен жер бастырып келіп, шала жабылған есік жапсарына құлағын төседі.

Гүлсараның күйеуі елудің етегіне ілініп, кәрілер санатына қосыла бастағанымен, қалжыңға үйір, қу кісі болатын. Гүлсараны жаңа түскен келіншек кезінен бастап күпті қылып, күдіктендіре беретіні де Өмірбайдың осы мінезі. Бірақ түлкі қулықпен күні бүгінге дейін тырнағына іліктірмей келеді. Қызмет бабымен көбіне ел аралап, ат үстінде жүретін ер адамның қылығы түзде болғасын, отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмайтын Гүлсара қанша қадалағанымен, сары ізіне шөп салып отыратын қанша мүмкіндігі бар?! Өмірбай ертеректе талай жыл ауыл әкімі болып қызмет атқарды. Сол тұста Гүлсараны қырға көшіріп шыққан. Жұмсақ крослода отыратын талай мансаптыны үйге бастап әкеліп жүретін.

Бір кезек аймақтан келген бір аппарат жетекшіні ертіп келген еді. «Жоғарыдан келген бастығымыз» деген соң Өмірбайдың бетіне шіркеу түсірмеу ниетімен қонақжайлық дағдысы бойынша бар пейілімен жылы-жұмсағын алдына қойып, күтіп еді Гүлсара. Үй шаруасына мойын  бұрмайтын Өмірбайдың бейтаныс адам сияқты есіктен кіре жалпылдап амандасып, қонақтың жанына тапжылмай отырып алуында қандай сыр барын Гүлсара қайдан білсін. Сөйтсе, әлгі бастыққа «мынау менің бір замандасымның үйі еді. Әйелі-ері қонағуар жақсы адамдар, бізді жақсы күтеді, сонда жатып бір күн демалайық» деп ертіп келген екен. Ал келіп алған соң «Замандасым қыдырып кетіпті. Бірақ бізді күтуге әйелі де жарайды, тапжылмаңыз» дейтін болса керек. Сонан кейін бастық кісі Өмірбайдың өз үйінде емес, оның ағайынының үйінде отырмыз деп сенеді екен ғой, көшпенді қазақтардың қай бірінде бөгде адамды оңаша жатқызатын қонақ үй болушы еді, жатар уақыт таяғанда ыңғайсыз жағдай туындады.

Төр алдына салынған жалғыз кісілік төсекке сыйлы қонақ жатып қалғаннан кейін, Өмірбай мен Гүлсара екеуі бірге жататын өз төсегіне келіп шешіне бастағанда, қазақ тұрмысын көріп көзі үйір болып қалған сыйлы қонақ әлденеге алаңдаған сықылды, басын көтеріп алып, темекі тартып, ойлана бастап еді. Құрметті қонақтың көзінше шешінуді әбес көріп есік алдында, Гүлсара мен Өмірбай екеуіне кезек қарап өңі бұзыла бастаған қонақ қайта жатқасын барып, Өмікеңнің аяқ жағына келіп жайғасқан. Сондай да аңқау кісілер болады екен ғой.

Сол кезде бастық қайта мазасызданды. Тыныштала алмай жатқан шығар деген оймен ешбір сезік қаперіне алмаған ол күйеуінің қатарына келіп жата бергенде, қонақ төсектен атып тұрды:

– Мен кететін кісімін. Мына Өмірбай деген бұзық жігіт екен, – дейді ашуаланып. «Өмірбай мені тамырының үйіне әкеліп ұятты етпекші» деп ойлады ғой басекең. Ерлі-зайыпты екеуі жалынып кешірім өтіне жүріп, бастықтың көзін отбасылы адамдар екендігіне әрең жеткізіп, үйлеріне бір күн зорға қондырып еді сонда.

Өз үйінде бұлай істеп жүрген Өмірбай былай шыққасын не істемейді деуге болады. Қайда жүремін, қайда қонамын десе кадр атаулының сылтауы көп қой.

Гүлсараның өзіне қаратқан ынта-пейіліне сезік алар кәдікті нысай байқатпағанымен, Өмірбайдың ойнақы ажары, күлімдеп тұратын оспадар көзінен қандай да бір сенімсіздік нышандары жылт беріп кетіп отыратын. Сосын төсегінен жерігендей далада түнеуі жиілеп бара жатқан Өмірбайды тежеу мақсатында оны күндей бастағаны да бар.

«Бала-шағаңа жаның ашымайды. Салпақтап үнемі далада жүресің. Үй шаруасына бас ауыртпайсың», – деп жазғырғанын естуі мұң екен, Өмірбай Гүлекеңнің алдында құрақ ұшып, бар жұмысты тындырып тастайтын бастанып, жұтынған. Күнде қосақтап сауатын қойларын арқанға тіздірмей, шетінен басын ұстап беріп, сауғызып жатқан. Бұл қаракетінің көлеңкесінде қандай жымысқы қулық барын Гүлсара қайдан білсін?!

Арт-артынан алдына келіп жатқан қойлардың басына қарап үлгермей, бар ықыласымен қой саууға беріліп кеткені соншалық, келесі бір қойдың желініне қолын апара беріп, – Көтек, мынасы несі, топжелін қой ғой мынауың, – деп күйеуінің бетіне қараған сәтте-ақ, Өмірбайдың жыпырылып тұратын мысқылды мұрнының бір желбезегі бүлк ете түскенін ол сонда ғана байқаған. Сөйтіп, Өмірбайдың әлгі ұстап әкелгені тоқал қошқар болып шыққанда, Гүлсараны талай құрбының «топ желін қошқар сауған» деген қылжағына қалдырған.

Өмірбайды үй шаруасына жегіп, тізгіндемек болған Гүсараның алғашқы ұрынысы осылай сәтсіз аяқтаған еді. Содан кейін қызғанышын тежеп ұстап, тиылып тоқтап қалған-ды.

Содан бері ерлі-зайыптылар бір-біріне өмірлік малай болып өткен сияқтанады.

Ері әлеуметтік жұмысқа қатынасып, ақша табатын да, оны игілікке жарату құқығы Гүлсарада болатын. Оның есесіне әйелі үй жұмысын атқаратын да, күтімделу құқығы ерінің үлесінде қалатын. Әр қайсысы өздеріне тиесілі борышын мүлтіксіз атқаруға құлықты болғандығы себепті жер ортаға жеткенге дейінгі өмір белесін кірбіңсіз өткерді. Ұлын ұяға, қызын қия қондырды. Немерелері анда-санда бір келіп, мәре-сәре қылып кететіні болмаса, олардың ауласынан даңғыр-дұңғыр дыбыс шығып көрген емес.

Самайын қырау шалған қарттыққа бет алған адамға керегі де осы тыныштық. Бірақ елуден аса бере айналып-үйіріліп, ерінің қас-қабағын бағып, ымына жүгіріп тұратын бұрынғы ылпың бәйбіше баршындап, самарқаулана бастады. Бір рет те тоя тамақтануға тәбеті жоқ күйеуін тақыл-тақыл ауқаттандырып отырудан жалығып, бойын алдырғандай отырғыштап, найкүйезденіп алған. Тұрмыстан тапшылық көрмесіне көзі жеткен тоқпайілдік – салғырттыққа бойын алдыра берген. «Кітапты әкел, күл түсіргіш, темекіні бер сал» деген сықылды бұйрықтардың талайы естілмей, ескерусіз қала беруге бет алған. Ал бертін келе шалекең қартайғасын ебін тауып ол кісінің өзін жұмсайтын салт жабыса бастаған.

Өйткені ендігі жерде ұл тауып, қыз тауып берген, өмірі қызметінде жүрген нар бәйбішесін Өмірбайдың тастап кете алмасына көзі жетулі, көңілі сенулі еді. Оны өзіне баурап, ынтықтырып, ынталандырып отырудың да қажеті қалмаған. Соған қарағанда асарын асап, жасарын жасап болып қалған кісілер секілденетін.

Дегенмен жастай атқа мініп, бастық атанып, ел аралап өткен мырза күйеуінің жас күндегі құбылмалы мінезінен көңілге ұялап алған түйткіл тұйіншектеле келе берішке айналып тұрып қалған сияқты, әлі тарамаған екен ғой. Бүгін сол ескі дерт қайта қозғалғандай…

Ех…. Көңіл шіркінді қойсайшы!

Әзіл-қалжыңға үйір жүретін, әйел қауымына жұғымтал еркектің тек жүретіндігіне сенім арту тым қиын. Мынау бір жыртыңдаған әйелдің байқампаздығын қарасайшы?! «Жас күніңізде жылбурынды болған сияқтанасыз» деп, қандай дөп басып айтып тұр.

Өмірбайдың жас күндегі жылбурындылығын, жырындылығын байқап қалған әйелдің өзі де қаптесер жұлымырдың бірі шығар. Бұл кім болды екен?

– Ойбай-ау, әлгі жақында ғана артқы аулаға көшіп түскен жесір әйелдің дауысы ғой – мынау. Япырмай-ә. Енді қайттым?

Тезірек қимылдап, қу шалдың ас ішетін саптаяғының сабына қарауыл қоюдан басқа не шара бар?!

Алакеуім үйде жылдам киіне бастаған Гүлсара әлгіндегі барлық жасымсуын ұмытып, бойын алдырған шаршаудан сергіп сала берді.

Ас үйге беттеп бара жатып, ілкіде шам жақты да айнаның алдына келді.

Аппақ қағаздай маңдай терісін тыртықтандырып, көлденең кесіп өткен үш қатпар әжім сызығын үлбіреген нәзік саусақтарының ұшымен жазып тұрып, қайта жіберіп көрді. Серпімін жойып, қатпарлануға қалыптасып алған тері көңіл қалауына көне бермес қалпын танытты. Сосын боталап шыға келуге дайын тұрған қой көздерінің ту сыртын жиектеген, құйрықты жұлдыздың тарам сәулесіндей андыздаған сызаттарға қарап тұрып, көзін жұмып, қайта ашты. Құлақ түбінде қатты қапты өрмекшідей жылтыраған қос сырғаның арбиған сирағындай – толықсыған боғағына қарай салбырап ілініп қалған әжім іздерін көріп күрсініп жіберді.

Содан кейін жұп-жұқа көйлегінің жағасын түзеп қойып, есікке жақындады. Әйнекті есіктің саңылауына бара беріп тағы кідірді. Қу шалдың мені күлкіге қалдырғалы жүрген тағы бір қулығы болып жүрмесін деген күдік еді оны аялдатқан. Әлде… әлде, мүмкін… мені тыраштандырып, бір басының күтіміне бола зыр қақтырудың амалы емес пе екен?

«Мейлі», – деді ол қозғала беріп…. Енді қартайғанда Гүлсара шалының күтіміне ешкімді ортақтастыра қоймас. Қиын болса жас күндегідей тағы да екі өкпесін аузына тістеп, шалының күтімін жақсартар. Қылымсымаса да, көңілін тауып, оның зауқын аударып отыруға барын салып бағар…

Өмікеңнің басқа әйелге қырындар қауһары да шамалы. Егер ол жат бауыр тартып салқынсып бара жатқан әйелін тұяғынан тік бастырудың амалын істеп отырса, оған бола жазғыруға болмайды. Мынау бір жесір әйелдің  желімдей жабысып алғанын көрмеймісің?! Іргеден шыққан жау жаман. Ендеше қырағы болмай болмас та.

Қартайғанға дейін жеңсігі басылмайтын, қызығы мен шыжығы таусылмайтын тартыспен бәсекелесіп өткен өмір-ай, көңіл-ай десейші!

Добавить комментарий