Буалдыр арасында анасының халаты ағараңдайды. Ол кір жуып жатыр. Нәресте тағы шыр етті:
– Тербет, тербет! – деді қатқыл өктем дауыс.
Бесік ернеуіне қолы әрең жеткен Самат тырмысып, ерсілі-қарсылы сықырлатып тартты. Кішкентай оны елең көрген жоқ, шіреніп барқырап тағы жылады. Маңдайы тершіген Самат терезе жаққа қарай береді. Тыста күн шақырайып тұр. Асан қайда екен? Тағы қармақ алып, өзенге кеткен болар? Мынадай шыжғырған ыстықта салқын суға күмп-күмп секіріп, балық секілді шоршысаң ғой! Асан балық болып су астында бұлтыңдап жүзіп бара жатқан шығар-ау! Самат сұрануға батпайды. Кішкентай сырқаттанып жатыр. Кеше түнде де, оның алдындағы түнде де шырылдап көз ілмей шықты. Бала тыныстаған сәт болса, анасы бесік ернеуіне маңдайын төсеп, қалғыды. Бүгін таңертең анасының көзі қып-қызыл болып кеткенін аңдаған Самат:
– Апа, көзің неге қызарып кеткен? – деді.
– Ұйықтамағандікі ғой.
Самат тәпелтек орындығына отырып алып, есіне түсірді. Әкесі бала ауырмай тұрып кеткен, содан үйде жоқ. «Саған ойыншық пистолет әкеліп беремін»- деген есіктен шығарында. Самат әкесін түсінде де көріп шықты. Мұны мойнына мінгізіп, кеңкілдеп күліп жүр екен. Әкесі келсе, Саматты ойнауға жібертеді. «Саматтың маңдайынан шертпеңдер, ол – менің балам», – дейді әкесі. Самат мұрнын тартып қояды. Ие, бұл – әкесінің баласы. Ана Қасендер тиісіп көрсін, тура әкесіне шағынады. Әкесі солай деген: «Маған мәлімде, мойындарын бұрап алайын!» – деген. Бағана төсектен тұра, сыртқа ата жөнелгісі кеп еді, анасы қатқыл алақанымен май құйрыққа шырт еткізді. Самат қабағын қарс түйіп алды. Өзіне қол жұмсамайтын, жылы жүзді әкесі елестеді. Ол қашан оралар екен? Әкесі қақсайды: «Баланы ұрма. Баланың көз жасын көргім келмейді», – дейді. Бір жолдасы әйел алыпты, әкесі соның тойында жүрген көрінеді.
– Үй бар-ау, оған қам жемейді ғой. Өзінен басқа кімді уайымдайды ол!- деп, анасы бір бұрқырап алған.
Самат біледі: анасы әбден таусылғанда ғана осылай түйлігеді. Ал артынан әкесі жайраңдап босаға аттағанда, тек ақырын күңкілдейді: «Осыншама қыдырып жүрермісің?» – дейді. Әкесі бірдеме-бірдемелерді қампитып, мырс-мырс күледі, кейде қабақ түйіп ығыртып алады.
…Бала аңырай түсті.
– Ойпырай, бір тыным жоқ. Ұқсамасаң, тумағыр, әкеңе тартып, заржақ болармысың?! – деді анасы. Іле қолын орамалға сүрте салып, «сүйкімді заржақты» (шешесі сүйсінгенде, ауырып жатқан мұның інісі Болатты осылай атайтын) көтеріп алды. Анасы кішкентайға емшегін тосты, бірақ маңдайы ысып, ерні кезерген сәби оны аузынан шығарып, басын бұрып әкетті де, барқырай үн берді.
– Енді қайтейін, әлгі дәрігері қайда? Баланың шақырғанына дәрігер келмеуші ме еді? Сол дәрігері түскірді жетелеп, дедектетіп алып келетін еркек бар ма бұл үйде?!
Ана «сүйкімді заржақты» көтеріп, әлдилеумен болды. Бөлме ішіндегі бу сейілді, жуылып үлгермеген үйінді кір қобырап жата берді. Осының бәрінен мезі болған Самат есік жаққа қарай қозғалақтай беріп, анасының томсыраңқы жүзіне көзі түсті де, тоқталды.
Әкесінің беті бұлтиып, қып-қызыл болып тұрады. Анасының беті қушық, көзі алайыңқы. Бұдан бір жас үлкен көрші бала әңгірлейді:
– Сенің әкең – шартиған толық, анаң – ілмиген, сол неліктен?- дейді.
– Менің апам ауырады, – дейді Самат ақырын ғана.
– Ие, саған! Менің тәтем қақылдайды: «Саматтың шешесі қыз күнінде толық болған, күйеуге тигелі қаусап жүдеді» – дейді. «Өміржан ба, – сенің әкеңді айтады, – үйде отырмайды, көрінген қыз-келіншектің соңынан сүмеңдейді. Ол ма, ол адам емес, ит, басқа бермесін!» – дейді тәтем.
– Соқ өтірікті. Не біледі сенің тәтең? Сен итсің. Сен!
Самат қолындағы резеңке добымен Асанды басқа переді. Доп айдалаға кетеді. Асан сақ-сақ күліп қаша жөнеледі.
…Бір күні Асан су жаңа көк қалпақ киіп шықты. Осы терезенің алдында көлбеңдеп жүрді де қойды. Асанда бәрі де бар. Сықырлаған қара ботинка, жалт-жұлт еткен жаңа костюм, шалбар. Бір күні ақ көйлек киіп, көлеңдесе, екінші күні көк көйлегімен жылт етеді. Самат қазір киіп отырған жеңсіз қара көйлегінің арқасы үлдіреп тұрғанын еске алды. Шалбары да біреу-ақ. Ботинкасының аузы ақ жем боп желініп, бір сыңарында бақай көрінерлік шұрқ тесік пайда болған. Самат оны ки десе де, кимейді. Үй ішінде кисе де, сыртқа шыға шешіп, баспалдақтың астына қалдырып кетеді.
Бұлардың үйі шағын екі бөлмелі ғана болса, Асанның үйі – төрт бөлмелі. Ондағы бөлмелер қандай дағарадай кең. Асыр салып ойнауға болады. Бұларда есігін ашсаң, сықыр-сықыр ететін бір ғана шкаф болса, Асанның жеке өзіне арналған шкафтың өзі жарқырап тұр емес пе?!
Асанның ойыншықтары да тіреле жиналған.
– Әке, маған ботинка әперші – деді бір күні Самат қыңқылдап.
– Ақша алған күні әперейін, ұлым.
Самат төмен қарап қалды. Ол әперем дегенін ұмытып кетеді. Сөйтсе де әкесі келсе, бір түрлі көңілді. Әкесі мұны арқасына отырғызып алып, ат болып еңбектейді. Самат екі аяғы ербеңдеп, екі қолымен әкесінің кең жауырынын шапалақтайды. Әкесі барда анасы да бұған кәр төкпейді. Әкесі барда бұл қыңқылдауық, Майраны төмпештеп алады. Майра – қарындасы, үш жаста. Бұл ересек: «Бестен асып алтыға таядың» – дейді анасы.
… Нәресте тамағы қарлығып, барылдауға көшті. Самат тағы да анасының алайған көзін, тершіген маңдайын көрді.
– Хамит ағаға барып келейін, – деді ақырын ғана.
– Бар, айт, машинасымен тез дәрігер жеткізсін.
Самат ата жөнелді. Хамиттің үйіне жеткенше дорбалаңдап жүгірді. Хамит есік алдында белуардан шешініп, күнге қыздырынып отыр екен.
Түс ауа ақ халатты дәрігер келді. Балаға үңіліп, бас шайқады. Анасы қапыл-құпыл киініп, Саматтың інісін, «сүйкімді заржақты» орап, көтеріп алды. Машинаға мінерде Саматқа:
– Күнім, ересексің ғой, ана Үміт әжең үйге бас-көз боп жүреді, – деп көрші кемпірді нұсқады. – Сен оны тыңда. Майраны жылатпа. Әкең келсе, ескерт, біз ауруханаға кеттік.
Үйден бақырып, Майра атып шықты. Самат оны қапсырып ұстай алды.
– Апа, апа, мен де барам! – деп, тыпырлаған қарындасын құшақтаған күйі Самат машина мүйіс айналғанша қарап тұрды. Машина жоқ болысымен, барқыраған Майраны дүрс еткізіп жерге түсірді:
– Қой дедім ғой мен саған!
Майра дауысын бәсеңдетіп, қыстығып, солқ-солқ егілуге көшті.
– Майра, Майражаным, еңіремеші! Апам қазір қайтып оралады. Мен үй тұрғызып берейін, ә! Көп қуыршақ жасап қояйын!
Гүр еткен дыбысты естіп, екеуі де үйден атып шықты. Машинадан жымиып, еңсеріле түсіп жатқан әкесін екеуі де арсалаңдап бас салды. Әкесі алдымен мұны маңдайынан иіскеді, ізінше Майраны бетінен, көзінен сүйді:
– Апаң ауруханаға кеткен бе, жарайды ештеңе етпес, – деп, ол Саматты басынан сипады. Самат әкесінің жұп-жұмсақ жылы алақанын сезініп, езу тартты. Кабинадан беті жылтыраған, шартық қарын еркек түсті.
– Е, мына балақайлар ма, қандай сүйкімді жүгірмектер?! – деді ол ішке кірер есікті көзімен барлап тұрып.
Әкесі сипалап, қалтасынан бір уыс конфет алып, Майраға берді, енді бірін Саматқа ұсынды.
– Майра жесін, менің тәбетім жоқ, – деді Самат.
– Тәбеті жоғы несі? – деді де, ол қолындағысын Майраға ұстата салды.
Әкесі үйге бір тырсиған сумка кіргізді. Самат оның ішінде арақ барын көрмей-ақ сезді.
Көрші үйлердің шамдары тегіс сөнді. Екі еркек карта ойнап, ара-тұра қылқылдатып арақ сіміріп отырды. Жатар кезде Майра жан-жағына қарайлап қыңқылдай берді. Самат қабағын түйді:
– Саған не керек? Неге жылайсың?! – деді.
Майра аузын кең ашып, ащы үнмен бақырып қоя берді. Әкесі маңдайын тыржитып, орнынан тұрды да, Майраны төргі бөлмеге көтеріп әкетті. Біраздан соң қайта оралған ол:
– Баланың бабы қиын ғой – деді.
– Е, баланың көз жасы тез: қазір өкіреді, қазір тынышталады. Емексітіп маңдайынан сипай берсең, нағыз қақсауықтың өзі болады да, шығады. Ең дұрысы, балаға қатал болу, – деді беті жылтыр еркек алдындағы түйнек колбасаны қарбытып отырып. Самат оған алая қарады.
– Бүгін үйде әйелдің болмағанын қарашы. Ыстық тамақтың орны бөлек-ау,-деді әкесі.
– Ештеңе етпейді. Тамақ, міне, тұр ғой. Осы оңаша отырғанымыз жақсы.
– Осы күнгі әйелдер де күйгелек. Бала ауырса, үйде-ақ жазылмай ма? Ауруханаға кете қалғанын көрмейсің бе?
– Бала қатты ауырды, қатты ауырды. Апам ұйықтаған жоқ, көзі қып-қызыл боп кетті!- деді Самат.
– Бала деген осы,- деді әкесі қабақ түйіп.
– Е, бала болған соң, ондай-ондайы шығады ғой,- деді де, беті жылтыр еркек Саматқа көзін ежірейте тіктеді. -Жаман бала шешешіл болады, жақсы бала- әкешіл. Сен әлі кішкентайсың, өскен соң білерсің.
– Бұл біліп үлгергенше де.
– Е, біледі, сөз жоқ, үлгереді.
Беті жылтыр қонақ ертеңінде де кеткен жоқ, Бейтаныс екі әйел пайда болды. Бетін аппақ етіп бояған, кірпіктері тікірейген біреуі сумкасын ашып, жылы шыраймен бұларға конфет ұсынып еді, Майра тарпылдап жүгіріп барып алды. Самат мойын бұрған да жоқ. Екі аттап барып, қарындасының қолындағысын даладағы итке лақтырғысы келді де, әрең бөгелді. Анадай жерде бұған әкесі қадала қалған екен.
Кешкісін әкесінің қасына отырып алып, сыңғырлап күле берген тік кірпік келіншекке Самат түксие қараумен болды. Келіншек бір кезде баланың қарасын байқап, үй иесінің құлағына бірдеме деп сыбырлады. Әкесі көзін түсіріп, күмілжіп:
– Ұлым, жата ғой. Қонақтарға қарама. Ұйықтай бер, ақылың бар емес пе еді?- деді.
Ертеңінде қонақтар сап болды. Үміт әже келіп, әлдекімге түйлігіп, күңкілдеп жүріп, сұлаған шөлмектерді, шашылған балық, нан қиқымдарын жинай бастады. Самат та, Майра да кемпірге жәрдемдесті. Кемпір түске қарай ыдыс-аяқтың бәрін жуды. Самат бұл күні де алаңдағы ойынға барған жоқ. Үміт әженің қап-қара қақиған қолдарына қадалды да отырды.
Кешке қарай қызу әндетіп, былғалаңдап есіктен әкесі енді. Ол бір орауды ашып, бұған су жаңа ойыншық пистолет ұсынды.
– Ала ғой саған әкелдім,- деді.
– Алмаймын!
Әкесі бұған бажырая қарады да қойды.
Бір күні үйде бөгде адамдар қаптады да кетті. Үйге сыймағандары олай-бұлай сенделіп, көрші үйлерден орындықтар тасып, есік алдында тізіліп отырды. Сөйтсе, кейінгі айда аурудан көз ашпаған мұның інісі Болат шалықтап күлгенде, аппақ тістері жарқырап, еріксіз езу тартқызатын «сүйкімді заржақ» атанған Болат әкесінің айтуынша «қайтпас сапарға» аттанған екен де, мына жиналғандар көңіл айтуға жиналған дос-жарандары екен. Бұрын көрмегендіктен бе, жоқ, суық хабардың куәсі болып, топырлағандарына дықтанды ма, әйтеуір өзін құшақтамақ болып, өңмеңдегендердің бәріне Самат состия қараумен болды.
– Мына бала қайтеді-ей?! – деп, бір кексе әйел қасындағыларға қарап еді.
– Дықтанып өскен бала сөйтеді, – деп, екінші бір бетін әжім бүрген еңгезердей қара әйел күңк етті.
«Дықтанып» дегеннің мәнін толық аңғара қоймаса да, сол сөзде бір жаман салмақ жатқанын сезініп, Самат қабағын түйіп алды. Өтіп бара жатып, сол еңгезердей әйелдің бір ерні қызыл келіншекке:
– Ана әкесінің ойқастауын көрдің бе, бәріне кінәлі сол! – дегенін естіп қалды.
Екі жағынан екі әйел қапсырып ұстап, бірдеңе-бірдеңелерді көпіртіп, жұбатқан болса да, солқ-солқ еңіреген анасын көріп, Самат барып құшақтап, өкіріп қоя берді.
– Әй, мына баланы әкетіңдер! Өзі де таусылып бітіп отырған кісіге баланы жақындата ма екен?! – деп, еңгезердей әйел маңайындағыларға жекіріп ұрсып жатты.
Сүйкімді заржақты бір томпиған топырақ астына қалдырғаннан кейін анасы бұрынғы тырбаңдап жүруінен қалып, ыңқылдап жатып қалуды шығарды. Ақ халатты дәрігерлер келіп, укол салып: «Қазір тұрып кетесіз!» – деп жақауратса да, сорлы анасы тұрып кете алған жоқ. Қайта біреуден таяқ жеген балаша дүрс етіп құлап, артынан өз бетімен тұра алмайтын күйге жетті.
***
Жаз соңынан күз келді. Күз артынан қыс өтті. Самат алтыдан асып, жетіге таяды. Алдағы күзде мектепке барады. Анасы қыс бойы сырқаттанып шықты. Дөңбекшіп жатып қалған шағында оның маңдайы, денесі ып-ыстық от болып күйіп тұрады. Кейде қалтылдап орнынан көтеріледі де, Саматты, Майраны да кеудесіне басып құшақтайды-ай келіп. Майра аяқтарын ербеңдетіп мәз болады. Самат әлдебір жамандықты сезгендей, ерні салпиып, мұңайып, анасының қушиған бетіне, жасаураған көздеріне жапақтап қарай берді. Анасы бір күні:
– Құлындарым, құлындарым, сендердің күндерің не болады?! – деді. Самат анасына жабысып алып, оның сидиған білегін сипай берді. Майра сезбесе де, Самат шошына бастады. Анасы кейінгі айда бүкірейіп кетті. Әлсірегендік пе, қазір ауыр нәрсе көтерсе, анасы дем ала алмай, тынысы тарылып кетеді. Әсіресе, тысқа шығып сиырға шөп салғаннан кейін, үйге ентігіп кіреді де: «Басым айналды!» – деп жата кетеді. Үйге Үміт әже бас сұққанда:
– Қарағым-ай, жаныңнан артық па, шөп салуға неге шығасың?-дейді.
– Енді қайтем, шеше, бір күн де болса, сүтін сауып отырмыз. Балалар бар.
Кейде Майра қыңқылдап: «Апа, әкем қайда?» – десе, Самат қабағын түйіп, оған жұдырығын көрсететін болды. Әке туралы әңгіме туса, анасының өңі ақшыл тартып кететінін Самат абайламайды дейсің бе?!
Көктем келді. Шатыр төбелерінен, терезе ернеулерінен күміс тамшылар сырт-сырт тамып әндетті. Қар біткеннің беті жіпсіп, жылтырай берді. Қақиып қатып қалған сидаң ағаштар бусанып терлеумен болды. Енді бірде күн қайта суытып, терезе біткен меңіреуленіп, ақ құрсана қалды. Ауыл ортасында қар еруінен жиналған қақ айдын мұзға айналып, онда балалар коньки теуіп, шу-шу етіп толып жүретін болды. Самат бірақ үйден шықпайтын. Анасы төсек тартып, сұлық жатып қалған. Үйдегі бас көтерер – Самат. Үміт әже шай қойып беріп жүреді. Сиырға көрші әйел шөп салады. Самат біресе анасына пісірілген сүт әкеп береді, бірде таза орамал жеткізеді.
Көңіл сұрап үйге біраз адамдар келіп жүрді. Біреу отырса, Майра көңілденіп, ананы-мынаны сұрап, былдырлай береді. Самат қабырғаға сүйеніп түнеріп тұрып алады. Шешесі көңіл сұрағандарға алғашқыда: «Шүкір, ептеп тәуірмін, жаз шыға тұрып кетермін» – дейтін еді. Кейін көздері үңірейіп, тамақ ішуден мүлде қала бастаған шақта, келген адамдарға: «Мен өзімді уайымдаймын ба, ана балалар не болады?» – деп, күрсінетін болды. Самат ондай сөзді естіп қалғанда, көзі жасаурап, далаға ата жөнелгісі келетін.
Үміт әже осы үйге келіп, біржола жайғасты. Басқа әйелдер де кезектесіп келіп қонып, ауруға күтім жасап жүрді.
Бір күні әкесі келді. Қалаға барып, бір жұмыспен айналып қалыпты. Жаутаңдаған шүңірек көзге тура қарай алмай, бүгежектеп:
– Ие, ауру біздің дегенімізге қарай ма?- деп күрсінді. Анасының тамшы көз жасы ыршып шығып, жастыққа тырс етті. Самат әкесіне мөлиді. Ол жақындаса, анасы аурудан айығып кетердей көрінді. Әкесі солай қарай қадам басты, бірақ осы кезде әйелдің көзі алайып, демалысы қиындады да қалды. Әкесі абдырап көрпені ысырды, әкеп берген судан жұтқызды, дәрі берді.
Самат бірде коридорда жүріп, іштегі күңгір-күңгір дыбыстарды естіді. Есікті ашып қалғанында, Үміт әжесінің әкесіне:
– Ел бар, жұрт бар, ең болмады ертең солардың бетіне қалай қарарыңды байымдамадың ба?!- дегенін естіді. Әкесінің басы салбырап кеткен. Үн жоқ.
Бір күні таңертең үйде адамдар қаптады да кетті. Ауыз бөлмеде де, төргіде де сақалды шалдар, ақ жаулықты кемпірлер, әйелдер, ерлер тізілісіп отырды. Төргі бөлмедегі анасының күндегідей еміс-еміс тіл қатуы мүлде жоғалды. Самат бармақ болып, әлденеше бұлқынды. Не бір мықты қолдар оны тырп еткізбеді. Уақыт өткен сайын үйдегілердің томсара түскенін сезген бала жүрегі өрекпіп дүрс-дүрс соқты. Бала жүзі ақшылданып, көзі алайып, әркімге бір жаутаңдап қарайды.
Түс ауды. Бәрі тым-тырыс. Майра ұйықтап қалды. Терезе алдындағы мамық жастық үстінде тәмпиген мұрны піс–піс етіп балбырап жатыр. Түпкі бөлмеде анасының ыңқылы, әзер-әзер дем алғаны естіледі. Есік аузында тұрған көк жаулықты әйелдің маңдайында тер тамшысы жылтырайды. Отырғандардың бірі күбірлеп:
– Қиналды-ау жаны! – деп қояды.
Бір кезде түпкі бөлме тым-тырс бола қалды. Іле боздап қоя берген әйел үні селт еткізді. Самат Үміт әже дауысын таныды. Іштен көзі жасаурап, сүйретіліп әкесі шықты. Әйелдер болған сұмдықты бірден түсінгендей, жамырай солқылдап қоя берісті. Еркектердің де көздері сулана қалды. Самат көзі шарасынан шығып, ерні дір-дір етіп:
– Апа, апа!- деп жұлқынды.
Көп шу арасынан бала құлағына біреудің үні жетті:
– Көп қиналып өлді. Ұзақ ауырды ғой.
«Өлді!». Баланың көз алдында үйдегілердің бәрінің көздері ақшиып, аяқтары жоғары көтеріліп, бастары төмен салбырап теңселді де кетті. «Өлді!». Самат өлген адамдарды бейітке апарып қоятынын біледі. Жылай беретін заржақ інісінің дауысы да қайтып естілмей кетті емес пе? Асан сыпсыңдайтын: «Өлген адам қайта келмейді, топырақ болып қалады. Ол да бір, топырақ та бір, енді ол жоқ».
Самат жан ұшыра шыңғырды:
– Апа!
Жұрт елең етті. Бала бұлқынды, шидей саусақтарымен өзін қапсырған барбиған қолды тырмалап қанын шығарды. Мұны құшақтаған адам ауырсынып, қолын тартып алды.
– Жібер,- деді біреу.
– Шошып кетпей ме?
– Шошымас, ер бала ғой.
Саматты анасына алып келді. Анасының беті ақ орамалмен жабылған, ұп-ұзын болып, серейіп жатыр. Самат анасының сидиған қолынан ұстай алды. Сұп-суық, қап-қатты. Бала анасының бетін ашуға дірілдеген қолын ақырын көтере беріп еді, бас жақта күзетіп отырған мосқал еркек:
– Шырағым, бетіне тиіспе,- деді.
Оның қоңыр үні Саматты тез басты. Ол анасының қолын қапсырып, өзіне тартты. Жансыз суық қол былқ-сылқ еткенде, оның қайтып қозғалмайтынына енді көзі жеткендей, анасының кеудесіне дүрс жығылды. Көзінен жас парлап, аңырап, екі иығы селк-селк етті. Мұны бір адам көтеріп әкетті.
Түнде ұйықтап жатып, Самат түс көрді. Анасы сап-сау екен. Беті қызылданып, көзі нұрланып қарайды. Самат ұшып барып құшақтай алды. Құшағы қандай ыстық?! Анасы мұны тік көтеріп алды. Бала биікте тұрып, іргеде сұлап ағып жатқан бұлақты, одан әрі дүңкиіп созылған жотаны көрді. Баланың есіне көптен шомылуға бармағаны түсті:
– Апа, көлге барайықшы. Мен ыстықтап кеттім.
Бұл далақтап, жолды шаңдатып жүгіре жөнелді. Анасы қаздаңдай басып, мұның соңында келе жатты. Самат артына қайта-қайта бұрылып көз салып, мәз болып, ыржалақтап күліп зымырай берді. Көлге жетті. Анасы су ішінде бұлт-бұлт етіп, шалқалай жүзді. Бала жиектегі таяз суда аяқ-қолын тырбаңдатты. Сап-салқын су мұның ысынған бетін, арқасын, кеудесін шөп-шөп сүйіп, қытығын келтірді. Бала су ішінде секірді, толқын күмп-күмп етті. Анасы мұны бір жағалауға жетектеп әкелді. Онда құжынаған балық: бірі бұлғаңдап жүзіп, бірі жалт етіп шоршиды.
– Апа, аулайықшы. Сенің көйлегіңнің жеңін буайық та, сүзейік. Көп балық аламыз.
Анасы бас шайқады:
– Үйде балық бар, ол не керек, жүзе берсін,- деді. Анасы екеуі көгалға барып жатты. Бала анасының былқылдақ үлбірек санына басын төсеп, шалқалап жатып маужырай бастады. Анасы майда алақанымен мұның маңдайын сипады. Бала көзін ашып:
– Апа, сен мүлде жазылдың ба? Енді түк ауырмайсың, ә?- деді.
– Ауырмаймын,- анасының үні сондайлық жұмсақ, әуезді. Саматтың көзі тағы да жұмыла берді. Шөп исі бұрқырап шығады. Тамылжыған шуақ қандай?!
Самат оянып кетті. Үй іші ала көлеңке. Орнынан ұшып тұра келіп, жан-жағында қаптап киімшең ұйықтап жатқан адамдарды көрді. Саматтың есіне кешегі оқиға, анасының қимылсыз серейіп жатқаны түсті. Бала дауыс сап еңірегісі келді. Қасындағы өңі суық бейтаныс кемпірден сескенді. Ақырын сыбырлап: «Апа, Апа!»- деді. Жүрегі бұлқынып, дүңкілдетіп соғып жатты. Көрші бөлмеден бір дауыс жетті. Үміт әженің үні:
– Бәрі құдай әмірі ғой. Сөйтсе де біреу құлағыма келіп: «Келіннің өлімі тура Өміржаннан!»- дегендей болады да тұрады. Көңіліңе келсе де, айтайын, оның өліміне сен кінәлысың, Өміржан қарағым.
Әкесінің қарлыққан үні шықты:
– Апа, несіне дабыралай бересіз? Мен ақымақты қойыңыз деймін. Мен надан болдым ғой!
– Енді жыладың не, жыламадың не? Ертең-ақ ұмытарсың, ана әдемі келіншекті кіргізіп аларсың, ә?
– Балаларға қиын ғой. Балаларға ана керек.
– Өз анасындай қайдан болсын? Қалай дегенде де, сен әйеліңнің жылын күт. Жылын қадірлеп өткіз. Талай жыл серік болған жарың ғой, балаларыңның анасы, сөйт, қарағым.
Түс кезінде Самат әкесінің бір шетте баяғы тікірейген кірпікті келіншекпен күбір-күбір шүйіркелесіп тұрғанын көрді. Әйелдің көздері күлім қағып, ойнақшиды. Әкесі де оған қарап ыржияды. Самат оларды көзімен тесе қарады. Әйел Майраны көріп, тісін ақситып күлімсіреп, өзіне шақырды. Майра орнынан қозғалған жоқ, бұртиып қарады да тұрды. Әйел жалтылдаған ақ сумкасын ашып, Майраға қос жұдырықтың үлкендігіндей қызыл алма көрсетті. Майра бас шайқады. Барып қояр деп қауіптенген Самат екі аттап жетіп, қарындасын жетектеп аулаққа алып кетті.
Іште көп адамның күңіренген үні шықты. Самат шошып кетіп, есікке қадалды. Төмен қарап алған ересек адамдар қақиған ұзын табытты иықтарына сап көтеріп әкеле жатты. Самат тұра ұмтылды, анасын жерлеуге алып шыққанын бірден сезді. Ол өлікті көтеріп бара жатқандардың бірінің етегіне жармасып:
– Апа! Апам-ау!- деп, шар-шар етті. Майра өкіріп біреудің қолында тыпырлап жатты. Бейітке жеткенше, екі баланың бақырған үні құлақ тұндырды. Бейіт басында қазылған үңірейген көрге анасын түсіре бергенде, Самат тағы жармасты. Бұл жолы шешесін ораған ақ матаның шетінен қапсыра ұстай алып жібермеді. Анасы көр түбіне түсірілді, үстінен топырақ жауды. Самат бір ересек адамның құшағында шыңғырып, сілесі қатып, аяқ-қолы ербеңдеп алас ұрды. Самат бірде көзін ашқанда, анасы жатқан жерді бауырына басып, теңкиген топырақ жотасын көрді.
Жұрт қайта бастады. Бір әйел Майраны көтеріп, машинаға мінді. Бұған қолын созып, беті бұлтиған тұнжыраңқы әкесі жақындай берді. Бала өзін ұстаған кісінің аясынан ыршып шығып, әкесінен қаша жөнелді. Көзі қып-қызыл. Кішкене жұдырығын түйіп алған. Көптен алынбаған шашы да үрпиіп, айбат шегіп, тікірейіп кеткен. Ол шырылдап:
– Бармаймын, бармаймын! Жолама!- деді. Кенет есіне таңертең Үміт әже мәлімдеген сөздер түсті. Бала үнін саңқ-саңқ шығарып:
– Бармаймын! Сен кінәлысың апамның өліміне! Сен! Бармаймын!- деді.
Әкесі қып-қызыл болып кетті. Жұрттың бәрі іркіліп, бұларға қарап қалған. Самат жан ұшырып, безіп жүріп, бір шетте бүкірейіп тұрған Үміт әжені бас салды:
– Әже, мені бермеші! Мен саған бала болайын. Әжетай-ай, әжетай, мені бала қылшы!
Кемпір Саматты құшағына тартты, бұдыр-бұдыр алақанымен оның балғын маңдайын сипады. Бала бар денесі дір-дір етіп, еңіреп боздады:
– Әжетай-ай! Апа, апа! Апам менің, апам-ай!..
1983 жыл.