Дүрия

(әңгіме)

 

Шолпаннан айрылған соң, Ес талма түстің шағында Қонақбайдың ауылына келді.

Әр үйдің алдында қыбырлаған адам, самсаған ат. «Бұ неғылған мезгілсіз топ, елдің той тойлайтын кезі емес. Әлдебіреу қайтыс болды ма екен? Әлде разверстка болып жатыр ма екен?», – деп Ес ойға қалды.

Ауылдың шетінде жолыққан жас жігіт:

– Төре келіп жатыр еді, – деді. «Төресін көрейік», – деп Ес күлімсіреді.

Сәлем бере табалдырықтан аттасымен Естің көзіне тілегі бір, жүрегі бір ескі жолдасы Көбен жылы ұшырай кетті. Екеуі шүйіркелесе кетті.

Мамық жастықты шынтақтай жатқан Көбен орнынан құшағын жая атып тұрды.

– Көктен түстің бе? – деп, Көбен күле жайнап, әдетті дәстүрімен ауыздан сүйді.

– Мынау осал төре емес шығар, ауырған кісіше жастықтан бас көтермейтін Көбен де жеңілтектеніп кетті, – деп басқа отырғандар да аяқ астынан тұрысты.

Жай-жапсар сұрасылды.

Ес үй ішіндегілерді шолып өтті: Оң жағында беті бір қазан, семіздіктен тышқан көзі бітелуге айналған, дөңбектей кеспелтек, кебеже қарынды Жуанбай деген отырды. Жуанбай мына заманда болыс болмаса да, аузынан сөз, колынан билік кетпеген адам еді.

Оған таяу күлімсіреген жіпсік көзді, өртке шалдыққандай көсе, тыржық бет Дауылбай қу еді. Дауылбайдың өмір бойы кәсібі дау-шардың арасынан жем түсіру еді. Көбеннің сол жағында хатшы отыр, оған таяу қабағынан қар жауған, қара бұлттай түнерген Далабай ақсақал еді.

Далабай ақсақалдың қабағы қалай ашылсын? Күнге-желге тигізбей, құдай қосқан құдама ұзатам деп отырған жалғыз қызы Дүрия қашып кетіп отыр. Кіммен кетіп отыр? Өзінің қонысы, пысықшылау болып жүрген, жалғыз атты Мұратпен кетіп отыр. Халық биі бүгін Дүриядан жауап алмақшы.

Далабай ақсақалдың ашуы – осал-оңтағай ашу емес, зілді ашу. Өмір бойы дақ түспеген Далабайға қызы қашты деген ат жаман. Тым болмаса теңімен қашқан жоқ, неше жыл табанынан тесіліп, қой баққан Бөрештің баласы Мұратпен қашып отыр. Бұрынғы қол күші, ақша күші заман болса, көрден көрге тығылса да, қызын қайтарып алар еді. Амал жоқ. Бұрын Далабайдың айдынынан ағайын түгіл жат ығысушы еді, енді әлпештеп асыраған қызы қаймықпай кетіп отыр, қойшы Бөрештің баласы әкетіп отыр. Кешегі тел ешкі сауған Сәбдінің Көбені төре болғансып, қара жорға мен түлкі ішікке қарамай отыр.

Есік жақта шөп үстінде тоны қаудырлап, көзі былшықтанып Бөреш шал отыр.

Басқа отырғандардың арасынан көзге оқшауланып түсерліктей ешкім жоқ еді…

– Бүгін осында қон! Арманымыздан шыға кеңесейік, – деп Көбен қолқа салды. Далабай қу көзін мүлгітіп жіберіп:

– Жұмысы болмаса, төренің қонғаны жақсы, – деді.

Кешеден бері өңінен де, түсінен де Шолпанды шығара алмай келе жатқан Ес, ойын бөлу үшін жаңада кедеймен қашқан байдың қызын көру үшін тоқтауға көнді.

Далабай қу мырық болған түйеше пышылдап отырған Жуанбайды тізеге қағып далаға жөнелді. Іле артынан борсаңдап Жуантай да шықты.

Дауылбай қу тыржық бетін бұрынғыдан да бетер тыржитып:

– Қырсыққан бір жол болды. Үш күннен бері ақ үй де, қара үй де сенікі десек те қатқан тоңдай жібімей отыр еді. Оның үстіне инеліктей қатқан арық төре кездесіп отыр, өңі ызғырық желдей, коммунистің барып тұрғаны шығар. Мұның алдында бүгін жауап алғызбай, бұлталаққа салып, ертеңге қалдырайық. Ұзаққа созылса, Көбен де қажыр. Жорға мен ішікті қойып, ақша

ұсынайық, – деді.

Жуантай қамығып күрсініп:

– Жарықтық Некең заманында қаңтардағы бурадай қалшылдап, өңін суытқан төрелер екі айналуға келмеуші еді. Енді сұм заманның бабын таба алмадым. Арадағы жеңге өзінсің. Әйтеуір Далабайдан мол қамты! Тең жара бөлерміз, – деп күлімдегенде күрек беті бұрынғыдан да жалпайды.

Үйге кірісті.

Дауылбай қу кұбылған өңмен, жағымсынған дауыспен:

– Кеш те болып барады. Қыздың үйін шауып кеткендігі туралы екі куә әлі келген де жоқ. Және қаздай қалқыған, үйректей жүзіскен, досыңызбен ойнап-күліп отыруға да бөгет болар. Жауапты ертеңге қалдырсаңыз қайтеді? – деді.

Көбен:

– Билігін Еске бердім, – дегенде:

– Бұл мырза да у-шусыз ойнап-күлгенді жек көрмес. Бір қара қазақ қарға сияқты мазаларыіызды ала беретін шығар, – деп жылпың тілге салды Дауылбай.

Ec:

– Мен ертең ерте жүремін, ішінде болсам, жақсы болар еді, – деп Көбенге карады.

«Құдайдың көк соққаны екенсің» деп Жуантай ішінен мықтап жаман көзімен бір қарап алды. «Дауылбайдан алатын атым кесір болды». Дауылбай қу ішінен әкесі өлгендей ренжіді.

Көбен хатшыға қарап:

– Қағаздарыңды жөнде, – деді.

Дауылбай қу хатшыны жарылқаймын деп қойған. Хатшы да Естің түрінен шошып, қағаздарын көңілсіз реттей бастады.

Бәрі далаға шықты.

Көбен Естің кешкі қонағасын реттетіп жатқанда, Дауылбай қу жорғалай басып, есікке таман жақындап, ернін жалап, көзін құйқылжытып:

– Тақсыр! Туысымыз бірге арғын ағаның баласымыз. «Бітер істің басына, жақсы келсін қасына» деген. Кешегі кұт орнаған, дуа қонған ордамыздың жалғыз қызы азғырынды тілмен кетіп отыр. Көбен мырза досыңыз екен. Атаның аруағына қосылсаңыз жақсы болар еді… Далабай ақсақалдың қолы ашық кісі. «Адамды намыс өлтіреді», кызын кайтарған адамнан бір малын аяйтын түрі жоқ. Өңіңіз жылы болған соң айтып тұрғаным, – деп жылмиды.

Тоң мінезді Ес:

– Қызды сүйгенінен айыруға болмайды, – деп теріс айналды.

Үйездеген малдай, әр жерде бір бас қосу. Сүйткенше болмады, бір пар ат, екі салт ат түсе калды. Басында түбіт шәлісі бар, орта бойлы әйел шанадан солғындау түсті, жанындағы сұршалау келген жігіт мылтық асынған милициямен сөйлескендей болды.

Үріккен қойдай даладағылар үйге қарай бет алды.

Көбен айғай салды:

– Ес пен қыздан басқаларың үйге кірмеңдер, – деп. Үйге ұмтылғандар кейін жөңкілді.

«Бір кезде барымта, сойылмен жесір қайтаратын қазақтың жуасып-ақ қалғаны-ау. Руы күшті ақсақал билігі адыра қала бастаған екен. Жасанған жаудан жан аямай мал айыратын қазақ жуасып-ақ қалған екен. Жаны кетіп отырса да, бидің сөзін тыңдасты» деген оймен Ес үйге кірді.

Мықынынан салбыраған алты атары бар милиция Дүрияны үйге алып келді.

Шеңгел қабақты Дүрия томағасын сыпырғандай шәлісін жұлып тастап, Ес пен Көбеннен көзін айырмай отырды.

Көбен заң жолымен сұрауға кірісті:

– Бөреш баласы Мұрат сені қалай әкетті?

Дүрия болар-болмас езу тартып:

– Мұрат мені әкеткен жоқ, мен Мұратты әкеттім, – деді.

– Қандай нәрселер әкеттің?

– Өзіме тиісті жасауымды алдым.

– Басқа да көп дүние әкетті деп, әкең арыз қылып отыр.

– Қыз қашса, қазақтың шауып кетті дейтін әдеті ғой. Мен дүние құмар болсам, шіріп жатқан бай, атастырған күйеуіме барар едім.

– Азғырынды тілге ердің деп әкең отыр.

– Адамды азғырса, байлық азғырады. Мен байлыққа қызыққан жоқпын. Мені азғырған: әйелге бостандық тиді деген заман, – деп Дүрия өткір тілін безеді.

«Қайратың қара таудай» сырттан екенсің. «Тегін кісі таз болмайды» деген оймен Ес Дүрияның алды-артын тұйықтап жауап қайырып отырғанда сүйсініп отырды.

Тағы да Көбен:

– Қазақ кызының бүгін сүйдім деп, ертеңінде әке-шешені қия алмай жаңылып қалатыны болатын, – деді.

– Он саусақ та бірдей емес. Қазақ қызының бәрі бір кісіден туған жоқ, – деп Дүрия да күлімдеді. Қыздың қайратқа біткен тұлғасына, тас түйіндей жауабына Көбен риза болып, бостандық қағазды жаздырта бастады.

Бостандық қағаз жазыла бастаған соң Дүрияның суық өңі жыли бастады.

Қағазды беріп жатып Көбен:

– Ерік өзіңде, бақытты өмір сүр! – деді.

Ес: «Қазақ әйелінің күндей мейірімді көңілі, дариядай терең сезімі Шолпанда еді. Қазақ әйелінің алмастай ойма тілі, камал бұзған қайраты Дүрияда екен», – деп ойлады.

Ес Дүрияға қарап:

– Адам баласының құлдық ұрған байлығын аяқпен тептің, ата-анадан сүйген жарды артық көрдің? Тусаң ту! Сендей әйелі бар қазақ ел болады. Сүйген жарыңмен тату-тәтті ұзақ өмір сүр! – деп алғыс берді.

Қуанышы көлдей болып, қош айтысып Дүрия жөнелді. Далабай жағының мойны қайырылып, байын жоқтаған катындай Николайды жоқтасып, Еске қарғысты мол беріп қала берді.

 

Әңгіме алғаш рет Қызылорда қаласында шыққан

«Әйел теңдігі» журналының, 1927 жылғы 5-санында жарық көрген.

1965 жылғы жазушы жинағында бірер сөйлемі түсіп қалып, жарияланған.

Ғаламтор желісінде алғаш рет жарияланып тұр.

Қошке Кемеңгерұлының үш томдық шығармалар жинағының

1-томынан (Алматы, «Ел-шежіре», 2013 жыл) алынды.

 

Добавить комментарий