(болған оқиға ізімен)
«Кедейдің малына қасқыр өш» деген бар. Қыр қыстап, жон жайлаған елдің басынан өткен кейбір оқиғаларға қарап: «Расында, түз тағысы жарлының жалғыз малын аңди ма?» деген ойға қаласың. Себебі, «Бәленнің жалғыз атын қасқыр жарып кетіпті» не болмаса «жалғыз сауын сиырын итқұс жеп кетіпті» дегенді жиі құлағымыз шалатын. Менің кішірек кезімде атамның айтқан мына бір аңызға бергісіз әңгімесі жадымда жатталып қалыпты.
Құрмет деген ақсақалдың қойға мінетін жалғыз қарагер аты бар екен. «Жалғыз аты болған соң түсінікті ғой, жануар үшін жанын беруге даяр»,- дейтін марқұм атам. Сол атты тап үйдің іргесінде жарып кеткен қасқырды жалаң қолымен қалай соғып алғанын айтқанда, аузымыздан сілекей ағып, қайран қалып тыңдаушы едік.
– Қыстауға келіп қонған күні ерулік әкелген көрші-қолаңдардың бәрінің әңгімесі итқұс туралы болды, – деп бастайтын атам әңгімесін. – Себебі, қарашаның соңы мен желтоқсанның басы жыртқыштардың етектеп келіп жүретін уақыты. Ауылдан сәл ұзаған төрт түлік мал сол жыртқыштардың аузында кететін. Содан қыстауға қоныстанған ел қатары жиілеп, адам қарасы көбейе бастаған кезде үлкен жоталардың басына қарай биіктеп кетеді. Ал мынау бөрілердің малды ауылдың сыртын ең қатты торуылдайтын уақыты. Түнде қораға түсіп кетпесе де далада түнеп қалған жалғыз-жарым малға ауыз салады.
– Итқұсыңыз тебінде жүрген жылқыға жауша соқтығып тұр. Әсіресе кенжелеп туған құлыннан құлын қоятын емес, күнде бір құлынның буын бұрқыратып кетеді. Ыстық жемтікке құзғын-қарға үймелеп жатқанын көреміз. Ал үй маңында түнеп қалған тайынша-торпақтарыңды таңертең тірі көреміз деп ойламаңдар, тура көкбөрілердің оңай олжасы дей беріңіз деді, – қасқа бас Рамазанның ұлы. Көрші баланың мына қорқынышты әңгімесін естіген Құрмет ақсақалдың жүрегі «зырқ» ете түсті, «Апырым-ай, қарагерім қасқырдың жемі болмаса жарар еді» деді іштей күбірлеп. Жүрегі бір жамандықты сезгендей, өн бойы қалтырады, бірақ анау-мынау күйбеңге айналып, бұл қауіпті есінен тез шығарғысы келгендей болды. Қорадағы қойды күзетіп, түннен аман алып шығуға болады, бірақ отқа қоятын жалғыз атты таң атқанша күзетіп отыру мүмкін бе?! Аштан аш белдеуге байлап қоюға тағы реті келмейді.
Сонымен жалғыз атын қасқырдың жеміне айналдырмаудың амал-айласына кірісті. Әдетте, кешке атты аулаға шідерлегенде ертоқымын алып тастаушы еді, бірақ бүгін алған жоқ. Керісінше, ер тоқымының үстіне адам отырған секілді қарақшы орнатты. Өзінің ескі қара шапанының екі жеңіне ағаш кигізіп, делдитіп, аттың үстіне мінгізіп қойды. Маңайлап келген қасқыр аттың үстінде «адам отырғанын» көрсе жоламауы тиіс. Содан кейін алақандай екі құрым киізді «креолинге» малып, иісін бұрқыратып жалы мен құйрығына байлады. Онысы түз тағылары мұндай жаман иіс шығып тұрған жерге жоламайды деген ойы болатын… Қош, сонымен қарагерді бір Құдайға тапсырып, алаңсыз асын ішіп, жатып қалды.
Ал, таңертең… Таңертең түндік ашуға шыққан кемпірінің «ойбай, шал» деген ащы дауысы миын осып өткендей болды. Бір жамандықтың болғанын біліп, орнынан атып тұрды. Шала-шарпы киініп, жығыла-сүріне тысқа шықты. О, сұмдық! Жалғыз атының ішек-қарны ақтарылып жатыр. Мұны көрген қария есінен танып қала жаздады. Қарагердің үстіне мінгізген қара шапан қасқырларға «қарауыл» бола алмапты. Мұны мазақ қылғандай, тіпті, жұлып-жұлып, арқан бойы жерге сүйретіп апарып тастаған екен. Құйрығы мен жалына байлаған киіз де анадай жерде жатыр. Мұндай өкініш болар ма… Үйге арқасымен сүйене отыра кетті. Анау-мынауға селт етпейтін қарияның көзінен жас тамшылады. «Қайран жалғыз қаракерім-ай!». Өмірінде дәл осылай қорланып, дәл осылай өкініштен өзегі өртенген кезі болмаған шығар. Мұның әр қимылын, тіпті көңіл-күйін адамша сезіп, тақымына басқан сәттен елеңдейтін қаракерін алдыртқан қария күрт шешімге келгендей болды.
«Жалғыз атымды жарып кеткен қасқырды өз қолыммен ұстап, тірідей терісін сыпырмасам мына Құрмет атым құрысын» деп салды. Кемпірінің де өкініші аз емес-ті, әйтсе де шалын сабырға шақырып:
– Шал-ау, «сырты түк, іші боқ хайуанға» бола неге сонша қайғырасың, мына жалғыз бұзаулы сиырды сатсаң да бір ат тауып мінерсің, – деді. Құрекең оған селт етпеді. Қазан жақта тұрған мүйіз сапты сары кездігін қынына салып, қонышына нығарлады да шыға жөнелді.
– Енді қайда барайын деп едің?, – деген кемпірінің жалынышты үніне құлақ аспады.
Қырбық қардың бетінде бес-алты қасқырдың ізі сайрап көрініп жатыр. Үйдің жоғары жағындағы үлкен қыратты жалдай жортып, жоталап кеткен екен. Ақсақал да қиралаңдап әлгі көкжалдардың соңынан кетті… Түс әлетінде Текелі жотасының ең құзар басына көтерілді. Жыртқыштардың ізінен де адасқан жоқ. Көз ұзартып қараса қасқырлар дәл алдындағы үлкен қара жартастың түбіне қарай айналып кеткен екен. Дәу де болса сол жартастың күнгей жақ түбінде күншуақтап жатқан болар деген ойға келді. Табанының дыбысын шығармай баспалай жүріп, жартастың төбесіне шықты. Айналасына зер сала қарап, төмен үңілді. О, ғажап! Дәл табан астында топ қасқыр күнге қыздырынып, керіліп-ақ жатыр. Абырой болғанда, күн тымық, далада «үп» еткен жел жоқ. Егер жел болса адамның иісін сезген жерден безіп кетер еді. Негізі көкжалдар етке мелдектеп тойғаннан кейін, тап осылай маужыраған кезде, әсіресе, күндізгі уақытта барлығы бірдей ұйқыға кетпейді. Кәрі арландары ұйықтаса, жас бөрілер қарауылдайды. Бірақ, жау жартастың дәл төбесінен келеді деп ойламаса керек.
Құрекең сәл-пәл демін басты. Аяқ-қолы дірілдеп, жүрегі өрекпи соқты. Қайтадан төмен үңілді. Таңертең есік алдында жайрап жатқан қаракер аты көз алдына елестеп өтті. Сол сәтте-ақ әлде ашу, әлде ыза, әлде өкініш бойына әлдеқалай күш бітіргендей болды. Аяғының астында бір-екі қадамдай жерде қазандай қара шұбар тас жатыр. Жан-жағы қырлы, пышақтай өткір тұстары да бар. Санасы жарқ етті: «Көтере алам ба, жоқ па?!» Қалай болғанда да қырлы тұсынан қолға ілінер. Көп ойланбады, жұмсақ басып, тасқа жақындады. Шалт қимылмен шұбар ала қара тасты көтеріп алды да… Көтеріп алды да, топтасып, ұйлығысып, күншуақтап жатқан қасқырлардың тап ортасын меңзеп, тастап кеп жіберді. Гүрс ете түскен шұбар тастың дауысы мен «қаңқ» еткен дауыс қатар естілді. Көз ілеспес шапшаңдықпен дала бөрілері жан-жаққа бытырай қашты. Дәл ортасында көлбей жатқан қызыл бөрте арлан ғана жатқан жерінде қалды. «Әп, бәлем, ажалыңның жеткен жері осы болды ма…». Құрекең құшырлана бас шайқады, көп ойланбастан қонышындағы сары кездігін қолына нығыздап ұстап, арлан жатқан тұсқа төмендеді. Бір басып, екі басып, қорқырап жатқан арланға жақындады. Зілдей тас дәл төбесінен түскен тәрізді, миын езіп жіберген-ау, сонда да жаны шыға қоймапты. Төрт аяғы тыпырлап, құйрығымен жер сабалауда. Құлағы мен тұмсығынан қан ағып жатыр. Өткір екі көзі қанталап, көз алдындағы шалға қадалды. Аузын ашып, азу тістерін ақситып, айбат шеккісі келеді, ажал алдындағы арпалыс! Құрмет қария ашуға булыққан сәтіндегі «тірідей терісін сыпырамын» дегені есіне түсті. Арланның өлгенін күтпей-ақ қарын тұсынан кездігін салып жіберіп, тірідей терісін сылып алуға кірісіп кетті. Қасқыр да қайратты екен, «қыңқ» деп дыбысын шығарған жоқ. Аяғын соза керіле түсіп, сылқ етті.
Қаракер атының кегін Құрекең осылай қайтарды. Кемпіріне: «Тірідей терісін сыпырам» деп еді, дегеніне жетіп тынды, сыпырып алды. Сол күні-ақ, Құрекеңнің бұл ерлігі ел аузында желдей есті. «Құрмет қария жалғыз атын жеген арлан қасқырды жалаң қолымен соғып алып, тірідей терісін сыпырыпты» деген әңгіме көпке дейін айтылып жүрді…
Тілеуберді САХАБА.