(Назарларыңызға жас жазушы Ерболат Әміреновтың драмалық туындысын ұсынамыз. Баянауыл баурайында өткен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған шағын қойылымның сценарийі)
1-эпизод
Сахнаның екі жақ қанатында екі ғалымның жұмыс үстелі.
Сол жақ қанатта Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жұмыс үстелінде отырып ғалым Әлкей Марғұланға хат жазып отырады.
Дәл сол сәтте сахнаның оң жақ қанатында орналасқан жұмыс үстелінің жанында Әлкей Марғұланға поштальон Қаныш Сәтбаевтың хатын әкеліп береді. Әлкей Қаныштың жазған хатын ашып оқиды.
Қаныш Сәтбаев хат жазып отырғанын сахналаған актер сахна сыртындағы дауыспен хат мазмұнын оқиды:
Қадірлі Әлкей!
Саналы адамға ғұмыр сондай қысқа! Ал қазақ даласын зерттеуге бір адамның ғұмыры жетіп болмайды!
Осы уақытқа дейін жасаған еңбегіміз теңіздің тамшысындай ғана болса да еліміздің ертеңіне тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Өз аяғына тік тұрған халқымыз ертең-ақ осы байлықтың барлығын қажетіне жаратып, жетілген елдердің қатарына қосылып-ақ кетеді. Қазақ даласы қазақ баласын әлі талай асырайды! Оған сенің де менің де күмәніміз болмауы керек!
Әлкей!
Қазақтың қасиетті қара жері қазба байлыққа толы ғой! Оның әр тау-тастында байлық бар. Бірақ біз тағы бір байлықты ұмыт қалдырып барамыз. Қара жердің астында алтынға бергісіз тағы бір құндылық жатыр. Ол – тарих! Ол – біздің тарихымыз! Біздің мәдениетіміз бен әдебиетіміз!
Ұлан асыр байтақ мекеннің қай түкпірін қазсаң да ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін тарихи-мәдени қазыналар шығады. Мен жер астынан алтын тапсам елдің жағдайы түзелер, ал сен тарих қойнауынан тапқан археологиялық алтының ел еңсесін тіктейтін болады!
Кен табу демекші, есімі ел есінен жоғалып бара жатқан Екібастұз кен орнын ашушы, дала академигі Қосым Пішенбаев туралы материал жинастыру керек. Қосымның ерен еңбегі еленуі керек деген ниетпен қаламгерлерге тапсырма беріп қойғаным да бар! Бұл енді ертеңнің еншісіне қалар дүние… Көрер жарығымыз болса Қосымды да өз биігіне шығарармыз…
Құрметті Әлкей!
Қара жердің қазынасын түгендеп жер көкірегін түгел қамтуға бармын. Ал сен, қара жердің құшағына еніп кеткен бірақ ел көкірегінде сайрап жатқан қазынаны тауып елдің еңсесін бірге тіктейік!
Аман бол!..
2-эпизод
Енді Әлкей Марғұлан қолына қалам алып хат жазады.
Ал, Қаныш Сәтбаевқа поштальон хат әкеліп береді. Қаныш Әлкейдің жазған хатын ашып оқиды.
Әлкей Марғұлан хат жазып отырғанын сахналаған актер сахна сыртындағы дауыспен хат мазмұнын оқиды:
Қадірлі Қанаға!
Әу заманда өзіңіздің бір ауыз кеңесіңізбен қазақ архитектурасы мен археологиясының тарихын зерттеуге кірістім.
Бүгінде жадымда жүрген сан ойлар жүрегімді қозғайды. Арманы көп баладай көп отырып ойға батам. Ол ойымның өзегі – қазақтың қазыналы байлығы – мәдениеті мен әдебиетін зерделеуден бастау алып, уақыт еншісімен бетін жер жапқан тарихын зерттеуде.
Иә, Қанаға, теңізді түгел сарқып іше алмаспыз. Алайда тамшылап жүріп жинағанымызды кейінгі ұрпақ түгендеп алар деген үміт бар.
Ертең-ақ жапырағы жайқалып, діңгегіне құшағың жетпей, алыстағыны алапатымен арбап, жақындағысына аптап ыстықта көлеңке, ақ жауында пана болар бәйтерек ағаштың дәнін суарып, әр сабағына ерекше мән беріп жатырмыз. Қанаға, ертең-ақ сол бәйтерек елге құт болады. Ертең-ақ!.. Ал бүгінгі біздің еншіміздегісі – шамамыз жеткенше шаршамай еңбек етуіміз…
Қанаға!
Сіздің бірауыз жылы лебізіңіз қашан да жанға дауа!.. Иә, «Біздің халық бізден биік!», Біздің ел бізден еңселі! Сол еңсесі түспесе екен деймін! Сол биігінен құламаса екен деймін!..
Өзіңізден көрген қамқорлықты өзімнен кейінгілерге де жасауға тырысып келем. Кешегі күн шуағы молынан түсетін кезеңде асылдардың кең пейілі көңіліме сәуле қондырған еді қайда!.. Бүгін міне сол жарықтықтардың жақсылығын өзімнен кейінгі буынға шарапат етіп келемін. Алған беті аламаннан бәйге алдырмай қоймайтын жастар бар. Жұлыны үзілмесін тек… Соларға бағыт-бағдар беруден, ақыл-кеңес айтудан, керек десеңіз қорған болудан жалыққан емеспін. Жабыққан сәттер де аз емес бірақ!.. Оның да емі табылар, Қанаға!.. Сіз бар да елде құт бар!.. Аман жүргейсіз!.. Хабар алысып, жүздескенімізше аман болайық…
Хатты оқып болған Қаныш Сәтбаев пен хатты жазып болған Әлкей Марғұлан сахна ортасында жолығып қол алысады да, бір-бірімен кеңес құрып сахнадан шығып кетеді.
Ерболат Әміренов
«Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының лауреаты