(әңгіме)

«Менен де өтіп кетті-ау» деуге аузың бармайтын сол бір алаңсыз күндерді ағамның кішкене баласы тосыннан есіме салды.

– Көкем мына тәтені неге көтеріп алған? – дейді ол әкесінің иығынан жұлқылап, қолына менің бір қызды көтеріп түскен суретімді ұстап алыпты.

Әкесі оған мойын да бұрмастан «Өзінен сұрасаңшы» дей салды. Меніңше, ол газеттің қызығына кіріп кетті де ұлының не сұрағанына назар аударған жоқ. Болмаса суретке бір қарар еді, ал қарай қалса сол бір күндер оның да көз алдынан тізбектеліп баяу ғана сырғып өтер ме еді?..

…Мен ол кезде мектепке әлі бармаған бес-алтыдағы баламын. Ал, ағам жиырманың үш-төртеуіндегі қылшылдаған жігіт еді. Оны өте қатты жақсы көретінмін, ылғи іздеп, жоқ болса үйге сыймай аласұратынмын, айдалада адасып қалғандай біртүрлі жалғызсырайтынмын. Әке-шешеміз дүкеннен, той-томалақтан ала келген тәтті мен жұмсақтың бәрін ол келіп екеумізге теңдей қылып бөлгенше сақтап жүретінмін. Бірде осындай базарлықтың ішінен жалғыз ғана жаңғақ шықты. Мен үшін ол кезде жаңғақ өте таңсық еді. Менің «Бұл не? Оның ішінде не бар? Тәтті ме? Оны кім пісірген?» деген соңы жоқ сұрақтарымнан шаршап кеткен анам жаңғақты шағып, дәнін алып берді. Алдында өзіме тиесілі бөліктен кішкене ғана дәм татып көріп, қалғанын ағаммен бірге жеуге бел байлағам. Сәлден соң тағы бір тістегім келді. Қысқасы, бес-он минуттың айналасында мен ағама қойған дәнді де жеп алдым. Сосын барып қолымдағы қабыққа қарап отырып, «Енді ағама не айтам?» деп ойладым. Көп ұзамай ол жұмыстан келуі керек. «Қой, бұлай отыра беруге болмас» деп шешкен болуым керек, анамның айтуынша, күл шығаратын қалақты алып қораны айналып кетіппін де кәдімгідей шұңқыр жасап, әлгі қабықты жерге көміп келіппін. Сосын, анама «Жаңғақ жегенімді ағама айтпашы» деп ол жұмыстан келгенше жалынып жүріппін… Ағам мені қайда барса да жанынан бір елі қалдырмайтын. Түнде де екеуміз бірге ұйықтайтынбыз. Мен жайында сөз бола қалса, анам оған «Осыны мен емес, сен тапқансың ғой» деп бір күліп алатын.

Күндердің бір күнінде біздің үйде үлкен қарбалас басталды, әке-шешем мен ағам шәй үстінде болсын, жәй отыра қалса да шүңкілдесіп маған түсініксіз бірдеңелерді әңгіме қылатынды шығарды. Тыным таппай ары-бері безектеп, дүкеннен түрлі азық-түлік тасыды. Анау-мынауға көп араласа бермейтін әкемнің өзі мен кейде барымталап кетіп жүрген тәттілер мен сусындарды бір көріп шығып, анам екеуі сандықтың жанында түрлі-түрлі киімді қопарып ұзақ отыратын болды. Жәй күндері де екі езуі екі құлағына жетіп, тіпті қатты көңілденсе иығынан да келмейтін анама асыла кетіп, ылғи көңілі асып-төгіліп жүретін ағам кейінгі кезде бұрынғыдан мың есе жайдарыланып кетті. Бетпе-бет келе қалсақ болды, мені құшақтап алады да аспанға лақтырып жіберіп: «Аз күнде жеңгелі боласың. Саған мынандай жеңге тауып қойдым» деп ақсия күледі. Ол кезде жеңгенің маған не керегі бар және оның ағам мен әке-шешем үшін қандай үлкен қуаныш екенін, біздің отбасыға алғашқы той қандай маңызды екенін қайдан білейін. Кездескен сайын «Машина, машина ойнайықшы», «Ат болшы» деп жабыса кетем. Ол шашымды ұйпалақтап жібереді де «Кейін, кейінірек ойнаймыз» деп өте шығады. Көп ұзамай-ақ біздің үйге қалың жұрттың қошеметімен мен танымайтын әдемі бір тәте келді. Ауылдағы үлкен-кіші түгел жиналып, түннің бір уағына дейін ән салды. Есіктің алдына шығып би биледі. Әкем үлкен кісілермен бірге төргі үйде отырып ұзақ-ұзақ әңгіме айтты, қайта-қайта ет жеді. Тізесінде отыра-отыра әбден жалыққан кезімде мені «Жеңгеңмен таныстырам» деп көрші апай сыртқа алып шықты. Қазір ойлап қарасам, қуаныштың көз жасы екен ғой, жанарынан аққан жасты бірде сүртіп, бірде сүртпей, қайта-қайта жылы жымиып, «Бақытты болыңдар, бақытты болыңдар!» дей берген анама бір қатындар жабылып жүріп жарты стақан шарап ішкізіп жібергені әлі есімде. «Арақты аналар ішпейді, әкелер ішеді. Сен жамансың» деп, менің маңыма талайға дейін жоламай қойғансың» деп кейін анам талай күліп еді… Абыр-сабырдан жалығып, тәттіге армансыз тойып, сұлу тәтеге тым жақын бармай, алыстан ұрлана қарап отыр едім, сол жерде ұйықтап қалыпшын. Оянсам төсегімде жалғыз өзім жатырмын. Күн шығып, жерге жарық түсіп кеткенімен әлі ешкім оянбапты. Төңірегімде ағам көрінбейді.

Келесі күн де у-шумен басталып, үйге жан-жақтан танысы бар, бейтанысы бар түрлі қонақтар келе бастады. Тағы да ас-та төк дастархан жайылды. Әркім келіп, алдымен мені құшақтайды да бетімнен сүйіп, «Жеңгең құтты болсын!» дейді. Әркім келіп, ағамның иығынан қағады да, «Құсың құтты болсын!» айтады. Мен ғой екі күннен бері қайталана берген осы бірсарындылықтан жалығайын дедім. Ағам болса бұл сөзді жаңа ғана естігендей әр келушіге риза бола қарап алады да жөні жоқ ыржаңдай береді. Дегенмен, маған да жаңа бір ермек табылды. Кешегідей емес жаңа тәтеге үйір бола бастадым да, ол бірдеңеге жұмсаса оның бір керегіне жарағаныма қуанып, ол кей нәрсенің ретін сұраса соны да білмейтініне мәз болып, мазақтап, кейбір қылықтарына қызықтай қарап, төңірекпен таныстырып, күн ұзақ жеңгемнің маңында жүрдім. Ол мені ертіп далаға шықты. Үйдің артындағы дөңестен екі-үш тал гүл жұлып алды. «Ауылдарың қандай әдемі» деп жазда да басынан қар кетпейтін тауға, қою көк аспанға, сарқырап жатқан тау өзеніне, айналаға талай уақыт қарап тұрды. Тауықтың балапандарын жақыннан көреміз деп жүріп қолын қалақайға да шақтырып алды. «Бізде мұндай шөп өспейді» дейді ол көзінен жасы мөлт ете қалып, сосын қайтадан түк болмағандай, жаңа туған бұзауды біраз әуреледі. Жанынан шықпай айналып жүріп «Көзіңнен айналайын» деп, қап-қара тұмсығынан иіскеді ме, әукесінен сипалап бауырына қысты ма, әйтеуір, сыртта көп аялдады. Ол күн де еңкейіп, тауға жанарын жасырғанда, ел аяғы басылып, бәрі үйді-үйлеріне қайтқанда, бесеуміз ғана отырып жеңгемнің қолынан алғаш рет оңаша шәй ішкенде, бұл біздің отбасының ең қымбат күндерінің бірі болғанын ешқайсысымыз да ойламаған болармыз. Мені әйтеуір ұйқы қатты қысып, дастархан басында-ақ екі-үш рет қалғып кеткем. Анам мені жетектеп көріп еді, аяғым аяғыма шалынысып құлай берген соң көтеріп апарып төсегіме жатқызды. Мен ағамды тостым, ылғи да оның шашын тарамдап жатып ұйықтаушы едім. Бірақ талай мезгіл өтсе де ағамның келер түрі көрінбеді.

Әлден уақыттан кейін ашық есіктен мен оның жаңа тәте кіріп кеткен бөлмеге енгенін байқап қалдым. Ары тостым, бері тостым, ол қайта шықпады. Ағамның басқа бөлмеге кіріп кеткенін байқамай қалды ма, ортаңғы бөлменің жарығын сөндіріп, анам да өз орнына кетті. Менің бар екенімді бәрі ұмытып кеткен тәрізді немесе бәрі ақылдасып алып мені жынды қылып жүргендей. Ұйқым шайдай ашылды. Соңғы күндері құлағым үйреніп қалған азан-қазаннан соң мынандай тыныштыққа шыдамым таусылып кетті де орнымнан тұрып, ағам кірген бөлменің есігіне барып тың тыңдадым. Арғы жақтан олардың күбір-күбір сөйлескені, ол аз дегендей екеуінің жарыса күлгендері анық естіліп тұрды. «Енді қайтер екен?» деп, мені келекелеп жатқан сияқты. Есікті бар күшіммен ұрып-ұрып жіберіп едім, қолымды ауыртып алдым. Сосын теріс қарап тұра қалдым да өкшеммен дүрсілдетіп тебе бастадым. Дәл осы сәтте: «Ол қайсысың-ей?» деген анамның даусымен бірге есік те ашылып үлгерді. Әрі тез, әрі қатты ашылғаны сондай, мен еденге етпетімнен құлап түстім. Ортаңғы бөлменің жарығын қайта жағып, жерден мені көтеріп алған ағамның ішкиіммен ғана тұрғанын көргенде, қорлық пен денемнің ауырғаны қосылып, бар даусыммен еңіреп жібердім.

– Не болып қалды?, – деп бөлмесінен шығып келе жатқан анам бізді көрді де, – Көтек, андағы жүрістерің не? – деп, есіктің аузында тапжылмай тұрып қалды.

– Ештеңе емес, алаңдамай жата беріңіз, – деп, ағам мені көтеріп өз төсегіме алып келді. Сосын бәрін айтқызбай-ақ түсінді ме, мені құшақтап жаныма жатты.

– Енді кетпеші, – дедім мен оған.

– Кетпеймін, ұйықтай ғой, – деді ол.

– Барып, киімдеріңді әкеліп алшы, – дедім мен.

– Жарайды, қазір әкелем, – деді ол.

– Ертең ол өз үйіне кетсінші, – дедім мен.

– Ұйықта, ұйықтай ғой, – деді ол.

Енді ешқашан айырылмастай болып, мойнынан тас қылып құшақтап алдым да, қолым ажыраса оны мәңгі жоғалтатындай бір қолыммен шаштарын үздіксіз тарамдай бердім, тарамдай бердім. Терлеп кетсем де ысырылып бөлек жатуға болмайтын болған соң, оның кеудесінде солығымды баса алмай ықылық атып жата бергем, қашан ұйықтап кеткенім белгісіз, ояна келсем тағы да жалғыз жатыр екенмін. Таң әлі атпапты. Ағамның жұмысқа кетуіне әлі ерте. Барлық қызығым мен ең асылым жабық тұрған ана көк есіктің арғы жағында қалғандай, менің ең әйбат ойыншығымды кеше ғана келген бөгде тәте тартып алғандай, адам туғаннан өлгенге дейін көпшіліктің ішінде жүрсе де жалғыз-жалғыз ғұмыр кешетінін сол сәттен сезгендей-ақ ұзақ жыладым. Бірақ бұл жолы жер тепкілеген жоқпын, үнім де шықпады, екі самайымнан үздіксіз сорғалаған жасымды жастық қана жұтып жатты. Ең алғаш жаным ауыра қызғанған адамым ағам еді, ең алғаш жаным түршіге жек көрген кісім сол жеңгем еді десем, біреуге оғаш көрінер, біреуге балалықтың күлкілі бір сәтіндей әсер берер, мен үшін ол әлі күнге жүрегімнің түбінде жатқан, мені бір демде есейтіп жіберген оқыс оқиға еді.

Ағам жұмысына кетіп, жеңгем сыртта жүрген кезде «Осы бөлменің не сыйқыры бар екен?» деген оймен ешкімнің көзіне түспестен олар жататын бөлмеге кірдім. Бұрын мың рет бас сұқсам да онша көп зер салып қарамаушы едім, сол күні байқадым, бөлме мүлде өзгеріп кетіпті. Жап-жаңа қостөсек, су жаңа шарайна, сықырлаған қымбат жиһаздар сіресіп тұр. Басқа біреудің үйіне кіріп кеткен сияқты айналамды қатты жатырқадым. Кенет көзім айна алдында тұрған суреттерге түсті. Ағам, кәдімгі мені ғана көтеретін ағам, жеңгемді олай да, былай да көтеріп түсе беріпті, түсе беріпті. Екеуі де мәз. Одан басқа бір құшақ сурет те жаңа тәтенікі екен. Біресе отырып, біресе тұрып, жерге ұзынынан жата кетіп, кейде жалғыз, кейде топпен түскен суреттері өте көп екен. Тап сол кезде басыма не келгенін, не ойлап қарық қылғанымды тап қазір анық білмеймін, есімде қатты қалғаны, бірін де қалдырмай жыртып тастағаным. Қылмысым әшкереленіп қалғанда жеңгем:

– Ой, тентек бала, оның не? – деп, теріс айналып кетті де, анам:

– Бұдан ба, бұдан бәрі шығады. Ондайларыңды оңай жерге қойғандарың не? – деді. Екеуінің де даусынан бұрын ешқашан естімеген, білмеген бір салқындықты байқадым, тіпті, анамның барып мойнына асыла кетуге батпадым. Жүгіріп далаға шығып кеттім де содан қас қарайып, ел орынға отырғанша үйге кірмей қойдым.

Көп ұзамай аға-жеңгем жол апатына ұшырап, ағам аудандық ауруханаға түсіп қалды.

Жылап-еңіреп анам бір-екі рет өзі барып қайтты, «Доқтырына жолықтым, жақсы болып кетеді дейді» деп, әкем бір-екі барып келді. Үздіктіріп барып, күндердің бір күнінде анам мені де бір ілестіріп барды. Шағын ғана бір бөлмеде ағам қолы-басы түгелдей ақ дәкемен таңылып, аппақ төсекте шалқасынан жатыр екен. Бөлмеде өзінен басқа ешкім жоқ.

– Көп отырмаңыздар, – деген дәрігерге де назар аудармай кемсеңдеп отырған анама:

– Босқа егіле бермесеңізші, болар іс болды ғой, – деді ағам. Сосын, маған қарап, – Қазір кімнің қасына жатып жүрсің?, – деді. Үні бұрынғыдай жұмсақ емес, көзқарасы да біртүрлі. Бірдеңе деуге дәтім жетпеді ме, мен үнсіз ғана басымды шайқадым.

– Ең болмаса бір суретін де қалдырмапсың ғой, – деді күрсініп.

– Қу шешек-ай, осыған көрінді ме екен, келіннің түсі құп-қу болып кетіп еді, – деп анам тағы да жылады.

– Ой, сіз де қай-қайдағыны айтады екенсіз. Бұл не білді ғой дейсіз? Тек жападан-жалғыз осылай жатқанда сурет те болса көңілге демеу еді ғой, – деді ол…

Бұрын да көп сөйлей бермейтін әкем мүлде тұйықталып, үйге кірген-шыққаны білінбей, көбіне қора жақты айналшықтап, қас қарайса болды төрге шығып, ештеңеге назар аудармастан газет оқып отырып алатынды әдетке айналдырды. Анам үйге кірсе де, шықса да, кейде дастархан басында отырып-ақ «Қай қылығымыз жақпады» деп жылай беретін болды.

Одан бері де талай уақыт өтті… Талай қар жауды, еріді. Талай гүл шықты, солды. Талай бала дүниеге келіп, анама еріп шілдеханасына бардым. Талай кісі мезгілсіз көз жұмып, әке-шешем көңіл айта кеткенде үйде жалғыз қалдым. Мен бастауыш сыныпқа барып жүргенде дәл баяғыдай сән-салтанатпен ағам қазіргі жеңгемді әкелді. Әке-шешем де, ағам да бұған дейінгі әңгімені мүлде ұмытып кеткендей, өте қуанышты. Арқа-жарқа болып, ағам тағы да келген-кеткенмен әзілдесе кетеді. Аузынан арақ исі шығып тұрып даурыға күледі.

Ол ауруханадан шыққан күннен бастап ішетінді шығарған. Алғаш ішкен кездерінде анамды құшақтап алып қорсылдап жылағаны да есімде. О баста «Қайтсін енді, сорлы бала. Кішкене ішкені де жөн шығар. Күйігі басылады ғой» деп жүрген анам ұлы ішуді тым жиілетіп жіберген соң, «Қараң қалғыр, қатыны өлген жалғыз сен бе? Әкең білмей тұрғанда бұл қылығыңды қоятын бол» деген. Содан бері ол жөні жоқ ұрттап алуды доғарғанымен осындай той-томалақта бір кісідей сілтейтін болды. Сонымен, бұл тойда мен ғана әлденеден қорқып қалғандай өз-өзімнен қуыстанып жүрдім. Абыр-сабыр болып жатқан жұртқа қосылып кетейін десем әлденені бүлдіріп алатындай тартыншақтай берем. Біртүрлі ештеңенің қисынын келтіре алмайтындай, ту сыртымнан біреу қарап тұрғандай өз-өзімнен әлденеге алаңдаймын. Оның үстіне бұл күндері мен баяғыдай тым еркін емес едім және ағамнан бөлек жататын болғам. Бұл күндері ғана емес, ағам ауруханадан шыққаннан бастап оған батып жақындай алмадым, ол да мені асты-үстіме түсіп бұрынғыдай өбектемеді. Алда-жалда үйде екеуміз ғана қалсақ сағаттап тіл қатыспай, өз шаруаларымызбен отыра беретінді, бетпе-бет келе қалсақ бір-бірінде еш шаруасы жоқ бөтен адамдардай селқос өте шығатынды шығарғанбыз. Содан қалған суықтық па, ес білгеннен бастап жүрегім елжіреп ешкімді сағына алмаппын, әсіресе, балаға онша жақын емес едім. Кезінде, «Үп-үлкен тәтенің қасына жатып алғаны несі? Бұл тәте үйіне қашан кетеді?» деп мен ойлансам, міне енді дәл қазір інім «Үп-үлкен тәтені неге көтеріп алған?» деп басын қатырып тұр. Ол менен сұрауға бата алмай, суретке тесіле қарап тұрып-тұрып, анасына қарай жүгірді.

– Көтермесе тіте ұрса ма?, – деді ол.

– Иә, ұрсады, – деді анасы сыңғырлай күліп.

– Әкем сені де өстіп көтерді ме?, – деді інім тықақтап.

Ағамның өткен өмірі жеңгеме де мәлім-ау, ініме еш жауап қайтармады. Ұрланып ағама қарадым, олардың даусы бізге анық естіліп түрғандықтан мені ол қайтер екен деген әуестік жеңген еді. Ағам шалқасынан жатқан қалпы ұйықтап қалыпты, айқара ашылған газет бет-әлпетін түгел жауып жатыр. Мүмкін, ол ояу болар, әйтеуір дәл қазіргі қалпынан түк ұға алмадым…

 

«Ұмыт мені…» кітабынан (Алматы, «Жалын», 2012 жыл) алынды.

Добавить комментарий