Сатира – қоғамның айнасы. Ол күлдіре отырып, ойландырады. Ащы шындықты астарлап жеткізетін бұл жанр – қазақ әдебиетінде сирек қалам тербелетін, алайда аса қажет арна.
Қазақ сатирасының ірі өкілі, Алаш рухының жалғастырушысы Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына орай Баянауылда өткен облыстық сатиралық әңгімелер байқауы – осы жанрды қайта серпілтіп, жаңа есімдерге жол ашқан елеулі әдеби оқиға болды. Байқауға ұсынылған шығармалар қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды өткір тілмен әшкерелеп, қазіргі заманның шындығын шынайы суреттей алды.
Байқау сатира жанрында жазатын павлодарлық авторлар арасында өтті. Қазылар алқасы ұсынған туындыларды мазмұндық тереңдігі, әдеби көркемдігі және әлеуметтік астары тұрғысынан бағалап, үздіктерді анықтады.
“Аiqara” АА платформасы Қадыр Тайшықовтың рухына тағзым ретінде осы байқаудың жүлдегер туындыларын ұсына отырып, оқырманды замана шындығына сатира көзімен қарауға шақырады.
ІІІ жүлде алған туындылар
Жұмағали Қоғабай
Шытырап
(штраф)
Ана бір аласапыраң 20 ғасырдың соңғы 90-91 жылдары тұрмыс тауқыметі мені қатты қажытып жіберді. Шешем тіккен көрпедей құрақ-құрақ, он бес одақтық республика құлап, әр ел өз шекарасын белгілеп, елді жұмыссыздық жайлағанда, елде енеңді ұрайын экономикалық дағдарыс басталғанда, бәріміз далада қалғандай дағдарып қалдық. Әйелім Әзиза қысқартуға жаттым деп үйде жатып алды.
Мен: – Әзизажан, қысқарғаны несі, ұзартқыз деймін.
Әйелім: -Қысқарту деген жұмыссыз қалу. Жиырма адамның жұмысын екі адам орындау, – дейді.
Қойшы, әйтеуір, жұмыстан шығару екенін әупіріммен әзер түсіндім. Түсінгенше шақшадай басым шарадай болды. Жеті баланың екеуі әне, міне деп мектептерін бітіруге жақын. Қой, қарап жүргенше Жұрымбайдың баласы Жылтыңбай сияқты неге жұлқынып бизнеспен айналыспасқа деген ой келді. Ойым жер қатынастары бөлімінен жеке меншік үй салуға жер сатып алу. Арманым ол жерді бау-бақшаға айналдыру. Өз қамын өзі жейтін, өзін өзі асырап, жер сауатын өзбектен нем кем деп өзімді қайрап қоямын. Жер қатынасына келіп, үй салуға жер сұрап, өтініш жаздым. Ондағылар: – Өтінішің қабылданды. Әкімнің шешімін күт, – деді.
Бір айдан соң келіңіз деген хабар алдым. Жер бөлімінде отырған беті толған айдай бәкене қатын: – Аға, 10 мың теңге берсеңіз жерді тез аласыз, – дегенді оңашалап айтты. Үйге келіп, балалардың оқуына деп ауыздан жырып, үнемдеп отырған жиған-тергенімді есептеп апарып бердім. Ол кезде 10000 теңге осы кездің жүз мыңы. Жер алғаны бар болсын, оған тиісті құжаттар мен кадастр нөмір алуға, жеке меншікті жылжымайтын мүлікті тіркеуге 15 мыңдай кетті. Бір-екі ай өткен соң салық комитетінен жер салығын төле деген тілдей хабарлама келіп жетті. Үй салу тіге салатын қазақтың киіз үйі емес екенін, қаражатты жалмайтын жалмауыз екенін кеш ұқтым. Жиған-тергеніміздің түбі көрінуге айналды. Шақшадай бас шатылды. Әйелім Әзиза: – Тез арада жеріңді сат, әйтпесе, жалаңаяқ қаламыз, – деп ойбай салды. Сәті келіп бір кәсіпкерге сатып құтылдым-ау. Енді немен айналыссам деген сан қилы-қиялы ой тағы шақша басқа сақ ете түсті.
Кезінде бір партада отырған, мектепті әзер тауысқан, қазіргі кезде үлкен сауда орталығы бар Жылтыңбайдан нем кем ойлап қоямын. Үкіметтің, бүкіл сауда нүктелері: дүкен, базар, көлік тұрақтары, бала-бақша ғимараттары, өндіріс орындары приватизацияға жатады деген үкімет қаулысы бар ғой. Приватизация дегенннің не мағына беретінін Жылтыңбай құрдасымнан әдейі сұрадым. Ол жауап берудің орнына мені мазақ қылғандай: – Қисеке, (шын атым Қисық) оны не қылайын деп едің? Ақшаң көп пе еді? – деп тырқ-тырқ күлсін. – Ол дегенің, мемлекет мүлкін меншіктеу, сатып алу. Орыстың «прихватить» деген сөзіне шыққан болу керек, – деп білгішсінді. Бұл сөздің мағынасын мен білмей отырған жоқпын жобалап, біліп қойғанмын. Құрдасым Жылтыңбайдың сырын білу ғой. Иә, ол уақыт – сауда нүктелерін сатудың қызып тұрған кезі. Мемлекет мүлкін сатып алып байып жатқандар да, сатып алып, жұмысы жүрмей аяғы тайып жатқандар да баршылық еді. Қысқасы, менің делебем қозып, аукцион арқылы бір дүкен сатып алуға бел будым. Меммүлікті сату бөлімінде жездемнің жездесі болып келетін Алыпсатубаев Алғыш дейтін ілігім отырған.
– Қатырамыз, – деді Алғыш ағамыз, – Мына үлгі бойынша өтініш жаз. Голландский методпен арзанға аласың. Алдын ала маған 10000 теңге беріп қой. Жақын адамым болған соң он мың теңге сұрап тұрмын. Басқа болсаң, жүз мың. Құжаттарды дайындаймын, соған керек, – деді. Он мыңды бердім. Сөзінде тұрды. Жылтыңбайдан қарыз алып, дүкенді 40 мың теңгеге сатып алдым. Содан соң кіріс-шығыстан хабары бар әйеліме қарап: – Ал, Әзизажан, не істейміз, неден бастаймыз?, – дедім. –Бұған ойланатын дәнеңе жоқ. Жинаған ақшамыз түгесілді. Азық-түлік дүкенін қажетті тауарға, азық-түлік пен арақ пен шарапқа, қанып ішер сусынға толтыру керек. – деп Әзиза, көп ұзатпай көтерме бағамен сатып алынатын 2000 доллар тауардың есеп жобасын жазып берді. Амал жоқ «Қарыққылар» деген банктен 2000 доллар крендит сұрадым. Банк заңгері жазып әкелген құжаттарымды қайта-қайта түзеткізіп, кредитті төлеуге қауқарым бар екендігіне күмән келтіре бастады. Кредит деген сөзге тілім келмей: – Шырағым, кіретін итіңді қалай тез алуға болады, -деп қалғаным. Әйтеуір, тәуір бала екен, ашуланбай: – Ағай, кіретін ит емес, кредит. Келісім-шартқа сай белгілі бір мерзімге берілетін банк қарызы, – деп дұрыс жауап берді. Сонан соң ақырын ғана: – 2000 доллардан 100-ді тастап кетсеңіз болды, – деді. 100-ді тастадым. Тастадым да сауда-саттықты бастадым. Бастағаны бар болсын. Апта сайын салық комитетінен бір кісі келіп, сатып алушыға чек басып береміз бе, бермейміз бе байқап, тексеріп кетеді. Чек бермесең шытырап (штраф). Санэпидтен біреу келеді, сауда ережесіне сай келмейтін ереже бұзушылықты табады. Тағы да шытырап. Бір күні көрші Сүтжанның 15 жастағы баласы Құтжанды желкесінен ұстап полиция жұлқына кірді. Құдды бір қылмыскерді ұстағандай маған құдиды.
– Кәмелетке толмаған балаға темекі сатыпсыз, – дейді.
– Ойбай, бұл көршінің баласы. Әкесі күн сайын темекі алуға баласын жібереді. Бұл темекі тартпайтын бала, – деп ақталып жатырмын. –Ничего не знаю. Штраф,- деді. – Шытырабың қанша деймін? Анау беті бүлк етпей: – 2000 теңге. Көлігімнің бензині таусылды, – деп бедірейіп тұр. Мен берсем бе, бермесем бе деп едірейіп тұрдым да, іштей еңіреп тұрып, екі мыңды бердім.
Енді бір күні таңғы сағат жетіде біреу: – Полиция өкілі Қырғи Қырқабаймын. Кешкілік сіз дүкен жанында Мура (шын аты Мұрат екен) Тоймасовты ұрып құлатыпсыз. Қазір ол миы шайқалып, ауруханада жатыр. Сағат 11-де полиция бөлімшесіне келіңіз. Сізден жауап аламыз, – деп дікілдеді.
Қойшы, шынымды айтайын. Кешкі сағат 9-дан кете бере дүкенге қырықтар шамасында орта бойлы ширақ қимылды жігіт келіп арақ сұрады. Мен әкімшілік талабы бойынша кешкі сағат 21-ден кейін ішімдік сатылмайтын түсіндірдім. Сол-ақ екен әлгі жігіт, жүйкесі тозған біреу ме, әлде әйелімен ұрсып келді ме, бір құдай біледі, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, менің түгімді қалдырмай боқтап, шыға жөнелмесе бар ма. Мен қуа шығып, шықшыттан ұрдым. Ол есінен танып, жерге құлады. Біраздан соң есін жиіп, жатқан жерінен тұрып, өз жөніне кетті.
Ертеңінде жүгіріп отырып, ауруханаға барып, Мураны орнынан әзер тауып алдым. Миы шайқалған дәнеңесі жоқ. бір этаждан, екінші этажға шауып жүр. Әдейі ұйымдастырылған арандату, подстава деп ұқтым. Қысқасы, болған істі жабу үшін тағы да шытырап беріп құтылдым. Қанша бердім, сіз сұрамаңыз, мен айтпайын. Ұмытпасам, өмірімде бірінші рет спортшы болғаныма қатты өкіндім. Содан соң ендігәрі өкінбес үшін, жанжалдасып өкірмес үшін дүкенімді сыныптасым Жылтыңбай жүгірмекке сатып, қарызымнан да, сұрамшақ жемқорлардан да біржолата құтылдым. Енді бай болу мұрат емес, кедей болу ұят емес. Кедей болсаң, кем болмайсың, ешкімге жем болмайсың. Тек жүрсең, тоқ жүресің деп өлеңдетіп жүрмін.
Жанболат Абайхан
Зауыт пен Дәуіт
– Осы жолы астын сызып тұрып қарастырып жатырмыз, президент-министр-әкім-Сәке мырза! – деді уәзір-кеңесші-орынбасар-Майбасар.
– Қандай жаңалықтарың бар? Өткен жолы нанотехнологиялық құман шығарып едіңдер… Әдемі! Ауылдағы кәпір-шын-молда-Ақтымақ даладағы әжетханада құманның суы қыста қатпайды, жазда қайнап кетпейді, науаның суын зәмзәм-асыл-мөлдір судай қылатын фильтрі бар екен деп қуанып жатқан.
– О, басекеее, биыл бюджеттен 1 миллир…
– Аа?
– Шыбындай ә?
– Аа?
– Шыбын демекші, маса-инелік-тышқаны бар солардың бәрін улау үшін біраз ақшамыз кетті. Яғни 100 миллион бөлінген. Жақсы игердік. Жол салдық. Білесіз ғой! Өткен айда, ойда-жоқта Мұжықтың баласы Халықаралық олимпиададан бас жүлде алып, 10 мың теңге, Сапарбайдың баласы Двалашвили-Шишкин-Махмудов облыстық грек-рим күресінен 3 орын алған соң, ауылға өлтіріп тұрып асфальт салдық! Өзіңіз түнеген үйден басталып, Сапарбайдың үйіне дейін.
– Жақсы, жақсы!
Майбасар сумаң-сумаң, қылтаң-қылтаң етіп, бастығының қолтығынан сүйреп бір ғимараттың алдына алып келді.
Жолда «Астана-қала-ауыл-тастандылардың» жағдайы туралы, «Қазақстан» атты шылым-арақ-шұлықтардың шығып жатқанын аузынан көбік атып айтып берді.
«Ескі мен Жаңаның рухани соғысы» жобасы аясында қолданысқа берілгелі отырған зауыттың ашылу салтанаты «Хафиз» күйімен дүр ете қалды. Ортаға жүргізушілер шығып:
– Армысыздар, құрметті қала-ауыл тұрғындары! Ел көсемі-басы-қол-аяғы айтпақшы біз рухани-технократ ел болуымыз керек! Ол үшін қала-ауылдарда Абай-Шәкәрім-Мағжан сынды ақын-жазушылардың мерейтойына орай волейбол-баскетбол-күрес-көкпар-той өткізіп отыру керектігін айта кеткіміз келеді.
– Дұрыс айтасың. Одан бөлек, бұған «Ескі мен Жаңаның рухани соғысы» жобасы аясында ашылғалы отырған зауытымызды да қоссақ болады. Арнайы қызыл лентаны кеспес бұрын Майбасар Сумаңов-вич-ин-ким мырзаға сөз кезегін береміз.
Майбасар атып тұрып, ортаға шықты:
– Ыым, биыл жемісті жыл болды. Бұл сіздердің, мына сіздердің еңбектеріңіз! Кәдімгі 38 жылғы Гитлерше қолын сілтеп, тамағын жыртып, көзі алайып: – Білім қуайық, өнер қуайық, жарысайық. Сонда ғана жаңашыл-рушыл-жершіл болмаймыз! Өңірімізден Назар батыр, Базар батыр, Азар батыр, Зар батыр… шыққан киелі-заманауи орта екенін білесіздер. Еліміз аман болсын!
(Шіркін-ай, сендей ақ болсын галстук таққандар!)
Жиналған халық бір сілкініп алды. Киелі орта мен о жерден шыққандарды тізбектеп теру қуыс кеудеге оңай деймісің? Екі иық артқа, жүн кеуде алға шығып, көз тұманданып, бұт шешіліп, сілекей ағып – «Шыңғыс хан қазақ!», «Батырдың ұрпағымыз, алты құрлыққа да ала жылқымыздың тұяғы тиген» деген секілді алпауыт тіркес, көтерме сөздер Құдай-ау оңай ма? Жас кәрі, үлкен-кішіні трансқа түсірген Майбасар оңай жігіт пе?
Жә, оқиға желісіне оралайық. Сомен, біздің шіркін бір лепіріп алды да:
– Құрметті президент-министр-әкім-Сәке мырза, бұл зауыт не шығарады десеңіз, ыыым, былай ғой, шыбындай ә? Елімізде бала туу көрсеткіші жоғары деңгейге көтерілді. Бір жылдың ішінде 50 мың сәби дүниеге келсе, оның 6 мыңы өртеніп, 9 мыңы шетінеп, 12 мыңы сатылып кетсе, қалғаны медицинамыздың асқан шеберлігі мен біліктілігінің арқасында аман қалып, Африка-Буркино-Фасо елдерінің көрсеткіштерінен асып түсті!
– Айтайын дегенім, сұранысқа қарай жұмыс істеген дұрыс қой. Бұл зауыт – леген шығарады! Легеннің түсі көк. Еркіндіктің, ашық аспанның белгісі. Легеннің ерекшеліктеріне келетін болсақ: баланың терісіне зияны жоқ материалдан жасалған. Бұл – бір! Екіншіден, нанотехнология! Легенге Bluetooth арқылы қосылып, музыка қосуға болады. Сәби жуынып жатқанда терме-күй-есер ән тыңдай алады. Тамаша емес пе? Ішінде айнасы, ойыншықтары бар. Бәрі сәбилер үшін, сіздер үшін! Ал, бісміллә!
Халық алақандары жанғанша шапалақ соқты. Президент-министр-әкім ықылық атып, Майбасардың шақыруымен ортаға келіп, қызыл лентаны қиып, зауытты іске қосатын кнопканы басып жіберді.
Аспанға салют атылды. Алғашқы легендер киелі өңірдің белсенді 10 қатынына сыйға берілді. Фотожурналистер мен республикалық телеарналар суретке түсіріп, әлеу желіге тарата бастады.
Патриотизм
– Оқушылар, көңіл күйлерін қалай? – деді Ким Ча Юн апай. Эээ, қандай болушы еді. Оқу жылы басталды. Бізге қайғы, сендерге нан дегендей. Оны қойшы, бұл Ким Ча Юн апайым неге мейірімді боп тұр? Әншейінде, жоңы көтеріліп, құлағынан түтін шығып, бор лақтырып, құлақ бұрайтын апай – жұмбақ?
– Жандарым, жаңа оқу жылының басталуына орай Ел көсемі, әкеміз Ким Чен Иннің қолдауымен сыныбымыздағы бірқатар оқушыларға сый-сияпат беріп жіберген болатын. Соны ұсынайын!
Ойбай, ә? Мына тегін жатқан батпан құйрық қорқытайын деді. «Бірқатардың» ішінде кімдер бар? Жалпы «бірқатарлар» кімдер? Үш қатар партада отырып, оны оңай таппайсың ғой. Не де болса, артын күтейік.
– Балалар, мінекей!
Ча Юн апайым жылтыр пакеттің ішінен қызыл күрең екі куртка, алты пар аяқ киім, сөмке алып шықты. Сөмкенің ішінде қаламсап, өшіргіштің бәрі бар. Не де болса, беске оқитын Нам Жу мен Тан Чи Сонге беріледі-ау деп отырмын.
– Үкімет аз қамтылған, жағдайы жо… Кхм, қолдау ғой енді… Біздің көмекке зәру оқушыларымызға беріп отыр. Сабақтарыңды беске оқыңдар!
Әнеее! Сезіп едім. 24 бала қызығып отыр еді, бәрі «мені айтпаса екен» деп бастарын төмен салды. Алты бала кірерге тесік таппай, өтірік күліп ортаға шықты. Мен былтыр пионер-вожатый болып, бір саты көтеріліп, қатардан шыққам.
Сыйлықты да алғың келмей алуға болады екен ғой? Күні кеше ғана «жағдай болмай» тұр» тобына қосылған Са Ионды аяп кеттім. Дір-дір етіп, әрең алды. Жанындағы құрбыларының «Сен сондайсың ба?» деген сұраққа жауап таба алмады. Тек мейірімді Ким Ча Юн апайым ғана:
– Са Ион, жылама. Бұл үкіметтің көмегі. «Сендер» оқу оқысын, мұқтаж болмасын деп жасап жатқан қайырымдылық акциясы. Қуану керек емес пе?!
Қуану қиын. «Менде мынадай бар, мынадай бар» деп көкке көтеріп көрсете алмайсың. Әртүрлі болса бір жөн. Бір түс, бір форма, бір размер. «Сендердің» сен екені алыстан көрініп тұратыны сол, ағайын.
Сыйлық алды. Енді «отчет» үшін бірдей сумка, бірдей куртка, бірдей аяқ киіммен фотоға түсу керек. Күлкі біраз нәрсені жасырып жібереді ғой. Еңсесі түскен алты баланың езуі екі құлақта.
Іштей біраз адамды боқтап, жеті атасын теріп шығуға болады. Бірақ үкіметтің үкілеген үміті болған соң, күлесің. Оларға сенесің. Бір жағынан шамалары келгенше жағдайымызды жасап жатыр. Бала арманымыз Ким Чен Ин болу!
Дегенменде, бір тыныстағын келе ма, әлде қызылдан бөлек көк түсті аңсайсың ба, біртүрлі?
Өткенде «Киллер» деген фильм көрдім. «Қазақстан» деген мемлекет бар екен. Сол елдің тұрғыны әжептәуір режимге шыдамай, бір ғимараттың үстіне шығып, үлкен кортежді қырып салды. Не жетпейді бұ қасқаға десем, бала кезден өкпесі бар екен. Көзін шел басып, бәріне «бұлар» кінәлі деп көсемдерін қырды да салды. Жүрегім зу етті. Әкейге қару кезеу бұлай тұрсын, қарауға қорқамыз, ұяламыз. Жақсы көреміз. Бұның қатысы не десеңіздер, әйту бірдене тартып, не ұқсап тұр ма қалай?
Сонымен не керек, Са Ион бастаған алты бала, әне кетіп барады. Киімдері де, сөмкелері де, бәрі-бәрі бірдей. Тәтті көрініс. Күн көсемнің ескерткіше бастарын иіп жатыр. Тамаша! Бала көңіл ренжісе де жақсы көріп тұрады екен. Көңілден бұрын бұл – патриотизм, ұлттық рух!
Жақсыбек Шанышқылы
«Ық»!
Үштағанды сатиралық әңгіме
- Қол сатушы
Бөлмеге кірген сәтте есікті баяу жауып, төрге озды. Басын сәл иіп, амандасты. Түріндегі мазасыздық бірден көзге түсті.
– Қош келдіңіз. Сізді тыңдап отырмын. Не мазалап жүр?
– Сізге келгеннің бәрі бірдеңеден мазасыз болуы шарт па?
-Қал-жағдайымды сұрауға келмегеніңіз анық. Демек, мәселе бар.
– Өмірде себепсіз ештеңе болмайды, – деді де, кенет ықылықтап қалды.
– Су әкеліп берейін бе?
– Кеш. Су – дәрі емес. Келу себебім де – осы. Ықылық. Кетпейді.
– Дәрігерлер не дейді?
– «Здоров как бык», – дейді. Бірақ бык емес «ық» ете қалды, міне ық боп жүрмін.
– Бұл уайым қайғыдан болу мүмкін. Бәлкім, дұрыс ұйықтай алмайтын шығарсыз.
– Күнде. Неше түрлі түстер кіреді. Бірде аш жалаңаш балалардың қолындағы нан ұсақтарын тартып алам. Немесе, бәрінен де абсурдты, унитазда отырсам, көтенімнің астынан бишара халықтың дауысы естіледі. Мен болсам унитазда какой-то қағаздарға қол қойып отырмын отырмын.
– Немен айналысасыз өзі?
– Айттым ғой. Қол қоямын.
– Қайда?
– Сіз де қызықсыз, әрине қағаздарға. Ех…, қағаз да қызық қой, өзі үндемейді, бірақ соны оқыған жұрт тыныш қалмайды. Бір қолмен мың тағдырды шешуге болады екен, біліп жүріңіз – деп, шіренді.
– Сонда сіз қол сатасыз ба?
– Қызық сұрақ екен… Бірақ, қолымды сатқаным рас.
– Қалай?
– Біреудің бизнесіне жол аштым. Екіншісінің орманын жойдым. Үшіншісінің ауласынан алтын таптым. Төртіншісіне тендер «ұтып» бердім. Есесіне балам Еуропада оқып жатыр. Халық оқи алмаса да, менің балам оқиды.
– Ал халық не істейді?
– Халық па?.. Ықылықтап жүр. Мен сияқты.
– Қызық екен… Мүмкін, сіздің ықылығыңыз – ренжіген халықтың ішкі дауысы шығар?
– Ә, сонда мен – «халық детекторы» болдым ба? – деп, қарқылдап күліп бастап еді, «ық» деп тыйылды.
– Бәлкім. Бірақ сіз «детектор» емес, «детонатор» болып тұрсыз.
– Хм… Қызық ой. Мен бір рет қол қойдым – ауыл мектебі жабылды. Тағы бір қол қойдым – көлдің жағасынан қонақүй салынды. Енді біреуін – «қоқыс полигоны» үшін… Осының бәрі үшін мені біреу ренжітті ме екен? Жоқ. Мен ешкімге ренжімесем, халық маған неге ренжиді?
– Жоқ, сіз біреуді ренжіттіңіз. Соны ықылықтатып денеңіз айтып тұр..
– Айтпаңыз… Әжем айтып отыратын: «Ықылық – жаныңның шыдамай шыр еткені» деп…
– Онда жаныңызды тыңдаңыз.
– Тыңдадым… Ештеңе естілмейді. Тек бір үн бар… Естіген сайын, жүрегім маған қағаздарын сұқпалағандарды тізіп қойып, автомат оқтарымен атып жатқандай соғып кетеді. «Қол қойдың ба, қаза таптың!» дейді…
– Қызық. Бәлкім, сіздің қолыңыз енді сізге тиесілі емес шығар?
– Кімге? Неге? Менің кінәм не? Мен біреуге былай істе демесем, маған келді. Қол қойдым.
– Алдыңызға келген қағаздың бәріне қол қоясыз ба?
– Әрине, жоқ. Пайдасыз қағазға неге қол қоямын.
– Демек, халыққа пайдалы жобаға қол қоймайсыз, өзіңізге … – деген, сөзге шыдай алмай
– Сіз мені емдейсіз бе? Әлде ақыл үйретесіз бе?
– Сіздің еміңіздің екі сатыдан тұратын емі бар. Біріншісі әлеуметтік желі арқылы халықтан кешірім сұрайсыз!
– Кешірім?.. Халықтан?..
– Иә. Екіншісі, маңызды бір қағазды жазып, қол қоясыз!
– Қандай?
– Жұмыстан шығу туралы өтінішке.
– Ық… Ық… Ық…
Бүгін ол психологтың есігін ғана емес, өзінің майлы орынының да есігін жапты. Психологтың айтқан екі сатылы емінің біріншісінен кейін миын жарып жіберетіндей ықылығы біраз жеңілдеді. Түнгі ұйқысы да тыныш болды.
- Ғасыр жалғаны
Көп ұзамай, Асхан креслосын ауыстырды. Бұл жолы – газет редакторы. Бірде параққа қол қойып, пара алды. Енді параққа тақырып қойып, хайп алады.
Ол өзін жаңа өмірге келдім деп есептеді. Бұрын елдің ақшасын жейтін болса, енді елдің эмоциясын жейтін болды.
– Тақырып керек! – деді ол. – «Шындық!» деген атпен өтірік те өтеді, тек атауы тартымды болсын! Халыққа қазір «сенсация» керек! Онысыз біздің газет сендердің жалақылар былай тұрсын, өзінің баспа қағазын да ақтай алмайды – деді, қасындағы бар сөзін дін уағызындай тыңдап отырған тілшілерге. – Жан бағуды ойласаңдар, ойланыңдар – деп, тапсырма берді.
Ертеңгі күні есіктен басын шошайтып жас тілші кірді:
– Аға, эксклюзив керек пе?
Асхат ұйқылы-ояу, иегін уқалап:
– Кім жайлы?
– Халық жайлы.
– Ол ескірген. Қазір халық қызық емес. Бізге «шулы өтірік» керек.
– Аға, бір апаның қайыр сұрап жүргенін көрдім. Көзінде нұр бар, өзі – орыс. Абайдың, Ахметтің өлеңдерін оқып, қол жайып тұрады.
Асхат елең ете қалды. Түйсігі түршікті. Бірақ газетке рейтинг керек еді. «Қайыр сұрап жүргеннің бәрі кедей емес» деген бір ауыз сөзбен мақалаға ат қойды.
– Жаз! – деді Асхат. – Атауы: «Ғасыр жалғаны»
Екі күннен соң мақала шықты. Апа өтірікші боп танылды. Ал Асхат — ақиқат жаршысы боп, әкімнің алғысын алды.
Бірақ… Қайдатан «Ық»! Қайтадан абсурд түстер. Бәрі жаңадан басталды.
Таңертең өзі жазған газетті қайта парақтап отырғанда, әлгі апаның суретіне көзі түсті. Көзінен таныды… Кешегі «Қол сатушы» күндерінде, жалғыз кітапханашасы бар кітапхананы бұздырып, орынына ойын-сауық орталығын құруға қол қойып еді. «Енді, жалғыз ол әйел, сол орталықтың алдында жатқа өлең оқып, қол жайып жүр екен» – деп, ойлады.
Кешқұрым редакцияға қоңырау түсті.Тұтқаның ар жағындағы дауыс:
– Жазғандарыңыз үшін рақмет. Как раз бір шулы ісімізден халықтың көңілін неге бұрсақ екен? – деп бас қатып жүргенде. Сендердің мақалаларың хит болып, халық назарын өзіне аударды. Енді, Асеке, бір жұмадан кейін тағы бір шаруа бар, соған екінші мақаланы сол уақытқа дайындап қойсаңдар. «Ғаламдық өтірік» деген атау қалай?!
Асхат дауыстың иесі – өзі бұған дейін қызмет еткен басқарманың жаңа басшысы екенін бірден танып.
– Бізге доля бар ма? — деді Асхат кекесінмен.
– Ренжітпеймін ғой. Кейін сөйлесеміз – деп, тұтқаны қоя салды. Асхаттың ықылықтау деңгейі көтеріле бастады. Тағы бір «ық» десе, миы жарылып кететіндей. Түнімен көз ілмей шықты. Таңертең кабинетіне кірді де, үстелге бір жапырақ қағаз қалдырды. Креслосының үстіне галстугын лақтырып, шығып кетті.
Есіктен шыққанда, алдынан өзі жазған “Ғасыр жалғаны” мақаласы желмен ұшып, аяғына оралды. Асхат бүгіліп, қағазды алды… Оқымады. Жырттып тастап, әрі қарай кетті.
- Өтірікшілер ғасыры
Асхат «сенсация» күткен қала өмірінен, мансап қуған әйелден жалығып, аудан орталығындағы кішкентай ғана басылымға жұмысқа тұрып, күйбең тірлігін жалғастырып жүрген еді. Осы аумаққа жаңадан тағайындалған әкімнің шабарманы келіп, тыныш өмірінің мазасын қашырды. Не сәлем жоқ, не хал ахуал сұрау жоқ, бірден тоқ етеріне көшті.
– Саған Балтабай Тонпішкенұлы сұхбат бергісі келеді. Бес минут берем, далада күтем – деп, ағаш есікті «қиқ» еткізіп шығып кетті.
– Аманбыз, рақмет! – деп, қол телефонының диктофонын жазбаларын тазалап, қалам мен беті ашыла беріп тозығы жеткен қойын дәптерін алып, әкімшілік жіберген көлікке отырып жаңа басшыны сұрақ жауапқа тартуға жөнелді.
Шағын ғимараттың табалдырығын аттағаны сол еді, мемлекет басшысының құзырына кетіп бара жатқандай тексеріске тап болды. Қойын дәптердегі жазбаларды оқып, телефонның тексерілмеген папкасы қалған жоқ. Әйтеуір, есік алдындағы сынаудан төрт мүшесі, тілші құралдары да аман өтті. Қарсы алдынан кастюм киген кісі шығып, есін жию түгіл, киімдерінің түймесін салып үлгермеген мұны сұрақ астына алып жатып, қалтасынан галстук шығарып мұның мойынына ілді.
– Әкімге қандай сұрақ қоясың? Сұрақтар беталды болмайды ма? Лаққан сұрақ қоймайтын шығарсың? – деген сыңды тағысын-тағы сұрақтарды жаудырды да, бір кезде – мына сұрақтарды ғана қоясың, осыған жауап дайындаған. Басқа сұрақ қойып жүрме, әйтпесе ол ыңғайсыз жағдайға тап болады – деді де, дәліз бойлап жүре берсең, тұрайдағы ашық тұрған есікті көрдің бе? Соның ішінде хатшы отыр, оған да еш сұрақ қоймай, қабылдау бөлмесінде күт. Әкім босаған соң, өзі шақырады – деді де, әрі қарай кетті.
– Аманбыз, рақмет! – деп, киімін түзеп, нұсқаулық бойынша бәрін жасады. Қаладағы әжейдің тағдырына қара шыбын үймелеткенен бері галстук тақпаған соң ба, тамағын қысып ауыздан бөлінген сілекейдің өзін жұта алмады.
Асықтырып алып келгені болмаса, аудан басшысының қабылдауына кіру үшін үш сағат, жиырма төрт минут күтті. Күтіп отырғанда, неше түрлі сөздермен өзін сөгіп те, өз-өзімен сұхбат құрып та отырды. «Қалай ойлайсың жаңа ел боламыз ба? Мұса пайғамбарды да өз қауымымен шөл далада қырық жыл жүрген дейді ғой, сол кезде қырық жылда құлдық көргеннің беті қайтып, жаңа ұрпақ өседі деген екен ғой», «Менің сұрақтарыма жауап бере алмаса, мен неге келдім? Сұрақ-жауапты компьютерде теріп жібере салмады ма? Сұхбат алдым дей салушы ем ғой», «Ой, әкең… ата-анам басқа кәсіп таңда дегенде, аяқ тіреп тілші болам деп нең бар еді, кім сенен сұрады осы? Бірақ, қай кәсіпте оңай дейсің, бәрі де табан жалап күн көріп жүрген жоқ па?
– Асхат, сені Балтабай Тонпішкенұлы күтіп отыр – деген, хатшы қыздың жіңішке дауысы күздің күні жаңғақ ағашының үстіндегі қарғаларды үркіткендей ойларының қамауынан құтқарды.
– Рақмет, қарындасым – деп, есікті ашты. Дайын сұрақтарға, дайын жауаптар алынды. Бір сөзбен айтқанда шарттылық сақталды. – Сұхбат беруге арнайы уақыт бөліп, келіскеніңізге алғысымды білдірем. Рұқсат болса…
– Тұра-тұр… Осы деймін дә… Анау, қазір рейтинг деген пәлені білесің ғой, сендер жер астында жылан қозғалса білетін халықсындар ғой! Не демекші ем… А, есіме түсті! Қазір, әкімдер арасында рейтинг деген бар ғой, соған менің рейтингімді бәрінен жоғару көтеру керек! Түсінікті ғой, иә! Енді, ойлан! Не айтасың?
– Тағайындалғаныңыз тура мағынада кеше ғана ғой, оған уақыт керек деп ойлаймын!
– Есек те солай ойлаған, бірақ жүгі жеңілдемепті… Түсінікті. Давай, қандай варианттар бар, тез-тез әлі қаншама адам күтіп отыр.
– Анда ма? Менің алдымда да, артымда да ешкім болған жоқ қой…
– Ол жеке өміріңді өзің шешесің! Маған вариант керек!
– Сіз бірдеңе жасауыңыз керек!
– Обай-обай миыңнан айналайын. Осыған дейін соған басым жетпей отырған еді. Халыққа қызмет қылуым керек шығар еще, иә?!
– Иә…
– Сен бала менің нервіме тиіп жатсың, ойбай қалада білдей бір баспаның бас редакторы болды деген точна сен бе?
– Иә…
– Есек сияқты маңырай бермеші…
– Қой маңырайды…
– Қазір менің рейтингімді көтеруге идея бермесең, бүкіл отбасыңмен маңырайсың!
– Адамдарға «героизм» тақырыбы жақсы өтеді!
– Вот это другой разговор! Енді мен герой болуым үшін не істеу керек!
– Ауданда бір елеусіз қалған героизм болса, сол батырларға жомарт сыйлық жасаңыз немесе шаң көшелерге тас жол салғызыңыз!
– Тас жол это долгое история! Одан да былай істейік! Пиаршик, сен тыңда! Бағанағы сұхбатты газетке шығарған соң, сенің газеттің әлеуметтік қой, былай жазасың. Түсіндің бе?
– Нені?
– Ана күні, анау менің жүргізушім екі досын жинап тойлатады ғой. Сөйтіп, енді шиша сылдырламай тұрмайды емес пе, бойда газ бар! Қырылыс басталады.
– Мұндай уақиғалар қызық бола қоймайды ғой!
– До конца тыңдасаңшы! Оның бәрі солардың бірі «ішпеймін» дегені үшін. Сөйтіп, әлгі ішкісі келмейтін үйіне кетеді. Ал, Балғабай досымен бірге анау үшіншісіне ашулары шығып, служебный машинадан бензинді ыдысқа құйып алып, – деп, ішек сілесі қатып күліп, ауызы көпіріп – әлгінің времянкасын өртеп жібереді ғой.
– Сосын?
– Не сосын? Вот и сказке конец, а кто слушал молодец!
– Біреу ішпеймін десе, үйін өртей беретін болса, бәрі батыр емес пе?
– Как это ішуден можно отказаться, это же грешно!
– Үй өртеу болса, қылмыс!
– Какой үй, журналщиктер шыбыннан түйе жасайсыңдар! Просто, времянка! Лучше, сен осы историяны халыққа өткізудің жолын ойластыр!
– Мен былай жұмыс істей алмайды екенмін! Рұқсат болса…
– Куда пошел! Здесь я решаю куда тебе идти! Түсінікті ме?! Отыр!
– Тығырыққа тіреуге мастер екенсіз!
– Сен қатырасың. Олай болмасам, ауыл әкімі болып жүре беруші ем, түсінікті ме?! Давай, не ұсынасың?
– Ауылда өрт шыққан көрген аудан әкімінің жүргізушісі, көрші қолаңды оятып, телефонның сигналы ұстамағаннан өрт сөндірушілерге зулап жетіп, өрт сөндіруге зор үлесін қосты! Тәмәм!
– Ну так себе пойдет! Но, сеть ұстамайды деуге болмайды. Ты что, менің тағайындалғанымды көре алмайсың ба? Кароче, былай ол менің водилам, өрт шыққан үйдегі семьяны құтқарып, өртті өзі сөндіреді. Понятно! Сол үшін мен оны марапаттап, ескі әкімнен қалған мына офистің техникасын сыйлыққа сыйлаймын! Ол соған да мәз болады. Ал, сыйлыққа бөлінген ақшаға техниканы жаңғыртып алам. А, анау қасындағы екіншісі адамды жай есімін атамай көрсете сал. Анау кофемашина нормальный екен, үйіме алып барам. Точнее, екінші адамға сыйлаймын. Все, түсінікті ме?
– Түсінгендеймін.
– Олай болса, шагом марш! Тұра-тұр, ну смотри артық ешнәрсе жазып қойып жүрме! Енді, дуй отсюда.
Асхат сол шыққан бойда үстінен батпақтың иісін сезіп, қарғыбау болған галстугын, кастюмын, жейдесін, сосын шалбарын шешіп, жерде жатқан таяқты бұтына қыстырып шү-леп жүгіре жөнелді.
– Енді маған бәрібір, бала болғым келеді, и все! Түсінікті ме?! Шенеунік! Саған ықылық жолықсын! – деп айқайлап қашып кетті.
Асхаттың қарғысы ұрды ма, әлде ұқсастық па?! Аудан әкімінің кабинетінен «Ық» деген дауыс шықты!
ІІ жүлде алған туынды
Бейбіт БӨЖЕН
Шортан қармақ
(фельетон)
Екінтіден кейін құс көрпенің үстіне жайғасқан екі шал көк жәшіктің ішіне кіріп кетуге шақ отыр. «Бюджет қаржысын опыра жеген шенеуніктерге қатаң жаза қарастырылмақ. Дегенмен қаржы полициясының өкілдері шортандар құтылып, шабақтар тұтылып жүргенін айтады» деген диктордың сөзі екі шалдың әп-сәтте ашуын келтіріп, жүйке жүйесіне бір есекке артар тұзды әкеліп төңкере салғандай. Білегі мен балтырының қалыңдығына бола тапал шалды ел «Топай шал» атаса, сирағы ұзын сарыны «Сопай шал» деп айдарына қызыл жіп байлап қойған. Бірінің үйінде екіншісі апталап жатып алатын қос құрдастың қастасуы да, достасуы да тез, мінездері де желге тиген жібек орамал секілді. «Шортанға шамалары келмей жүр» деген сөз шымбайларына ши жүгіртіп, бақайшақтарының ұшындағы қанды төбесіне дейін тасытып қойғаны сонша, маңдай тамырларына дейін білеуленіп жарылуға шақ тұр. «Айналаның бәрі жыртып жеген, жымқырып жеген, қылғытып жеген таусылмайтын жемқор. Енді оларды танкімен атпаса, амал жоқ шығар» деген ортақ ойда.
Алдарына келген ешкінің басының қос құлағын кесіп алуға қалталарынан бәкілерін суырғаны сол екен, жалқы бастың бір құлағы жоқ боп шықты. Ерте заманнан ешкі атаулы жаратылғанда басына екі көз, екі мүйіз, екі құлақ берілген ғой.
– Кемпір, – деп айғай салды «Топай шал» тізесіне дейін сазға батып, тобығына тікен қадалғандай. Әншейінде мұз жаратын кемедей болып жүретін жуан кемпір көп күттірген жоқ, томпаң-томпаң етіп әлем-жәлемде жетіп келді.
– Не болды, жүрегің жұтқыншағыңа тығылып?
– Бас қайда?
– Иығыңда тұр ғой?
– Ешкінің басы деймін, менің басым орнында тұрғанын өзім де білемін.
– Қап, қуарғыр сол!
«Топай шалдың» асыранды баласының үйдегіні ұрлап кетіп, сыртқа шығып қылғытпаса ұпайы түгенделмейді. Әжесінің суытамын деп шығарып қойған бастың бір құлағын кесіп алып кеткенін кемпір бірден түсінді.
– Ана, саусағы сумаңдап тұратын сумақай жайлағырдан келді.
Мұны естіген «Сопай шалда» ес қалмай тұншыға күлді. Қашанғы шыдасын, кеудесін кере демін ішке әрең тартып, үзіліс жасап, қайта күлкі қысып, қарқ ете қалғанда аузындағы протез тісі анадай жерге топ ете қалды. Дастарханның басынан не ұшып келер екен деп күтіп отырған тарғыл мысық ұшып түскен протез тіске жүгіріп барғаны сол еді, қақ шекеден мойыл таяқ тарс етті. Таяққа әбден үйренген байғұс мыңқ еткен жоқ, бұрылды да түк болмағандай кете барды.
– Үйлеріңдегінің бәрі ұры боп кеткеннен сау ма? – деп тілін шайнап әрең сөйледі «Сопай шал» қайта малдасын қалай құрарынан жаңылып оң аяқ пен сол аяғын шатастырып. Сол кеште шай да дұрыс ішілмеді, ешкінің басынан басталған ерегестен кейін екі шал ерте жатып қалды.
Екі шал әтештен бұрын тұрып, алагеуім шақта қармақтарын түгендеп, ауылдың шетіндегі Үшайрық көліне қарай бет алды. «Сопай шал» келген бетте ине қармағының тереңдігін жерден тізесіне дейін өлшеп белгіледі де, тебен инеден иіп жасаған күршегіне шылаушын құрт іліп, ақ айдынның жиегіне бойынан асырып құлаштап лақтыра салды. Қаздың қанатынан жасалған қалытқы суға түскен бетте қақиып тігінен тұра қалды. Мақсаты – шабақ аулау. «Топай шал» болса асыққан жоқ. «Сопай шалдың» сол жағына жайғасып балдырлы, түбі қорыс, мүкті терең жерді құрығымен түрткілеп тазалап байқады да бірінші тары септі. Одан соң қармағын баптап, қалытқысын кеудесіне дейін тереңдетіп барып суға салды.
– Жалаң құйрығыңды күн қақтағандай неменеңе жанталасып жүрсің? – деп күлді Топай Сопайды әжуалап.
– Шабақ керек, жұтпаға бастыруға шабақ керек.
– Шабақ байғұста ес болушы ма еді, қаңғалақтап жүріп түседі қазір. Ол мақұлық құрт та, жүгері де, шегіртке де жей беретін сорлы емес пе.
– Кейде сол сорлың қармағыңа алтын жалатып қойсаң да түспей қояды, – деп жұмсара тіл қатты «Сопай шал». – Кеше сенің сойған ешкіңнің өкпесінен бір тілім кесіп алу керек еді. Шортан жыртқыш қой, қаба береді, – дей салды өткен күні болған оқиғаның қоламтасын қайта бықсытып. Бұл әңгіме басталғанда «Топай шал» тағы да күркетауық құсап алқымы бөрте қызарып, көтеріле бастап еді, соны сезген «Сопай шал» тығырықтан саңылау тауып шығып кетті.
– Сен неге сонша баптандың? – деп сұрақ қоя салды.
– Мен қара балық ұстаймын. Қазір «сезон» басталды, ал оған бап керек. Тіссіз қара балық салған құртыңды асықпай сорып тұрады, әбден дәмін алған уақытты кірш еткізіп баса салады, – деп әңгімесін жалғай берді. Қалытқысын сүйреп жүргенін қалт жібермеген «Сопай шал» қармағын көтеріп еді, шабақ ілініпті. Шортан қармағын тарқатып, үш айыр күршекке (якорь) шабақты қалың жон етінен ілді де, қамыстан асырып балдырдың ортасына лақтыра салды. Жұмырдықтай қалытқыны шабақ байғұс әрең сүйреп жүр, күлтесін енді жайған түңғиыққа бір апарады, қамысқа тіреп қойып қармақтан босануға ышқынады.
– Иә, қандыбалақ, қаба гөр! – деп аспанға бір қарады, сосын қасындағы серігіне сүзіле көз тастады «Сопай шал».
– Түш, үндеме! Қара балық тыныштықты жақсы көреді, – деген «Топай шал» қармағының құртын тағы да бір тексеріп, қайта суға салды.
– Ал балық, аузыңа сал балық,
Күли, күли қара балық, – деп қойды іштей осы ауылдың ырым-өлеңін қосып.
Самауыр қызатындай уақыт өткенде «Топай шалдың» қалытқысы түрте бастады. Тұнық көлдің бетінде араға секундап уақыт салып бір түртеді, қалытқыдан дөңгелене тараған толқын жан-жаққа лезде тарайды. Қайта түртеді, қалытқыны жатқызады, қайта тұрғызады, қайта түртеді. Ақырын сүйреп жағаға әкелді, қайта түртті, жатқызды. Бір уақытта тік тұрғызды да су түбіне батырып ала жөнелді. Тірсегіне қыздырып тиын басып жатсаң да тырп етпейтін «Топай шал» осы кезде ғана қаратерек құрығын көтеріп еді, су сіңген басы майысып шыға келді. Салмақты екен, сол көтерген бойда жағаға лақтырды. Қара балық деп дәмеленген ол ирелеңдеген білектей мақұлықты көріп шошып кетті.
– Шошыма, жылан балық қой мынау, – деді «Сопай шал» жолдасын сабасына түсіріп. – Мұны қазақтар «судың шошқасы» деп жемейді ғой.
– Жылан балық…
– Бұрын жемейтін, мәйіт жейді дейді ғой бұны. Қазір жей береді, тұтас омыртқа, қабырға жоқ өзінде. Ухаға ашқылтым дәм береді деп бауыры үшін аулайды кейбіреу, – деп мақтап тұрған «Сопай шал» қамыстың арғы бетіндегі балдырдың ортасында жатқан шортан қармағының қалытқысына көз жүгіртті. Жеңіл қалытқы балдырдың ортасында жүгіріп жүр, біресе қамысқа барып соқтығады, айналып барып балдырға оралады. Жетіп барғаны сол еді су түбіне жоқ болды. Соны күткен «Сопай шал» шалқалай лақтырмақ болғанда елік сирақ құрық бырт ете қалды. Жалма-жан өзіне қарай сүйрей тартқан бойда жағаға алып шыққаны сол екен, басы кешегі жеген ешкінің басындай, ұзындығына құлашы жетпейтін шортан тайдай тулап, жерден аспанға шапшып асаулық көрсетті. Жанына жетіп барған «Сопай шал» бастапқыда мойнын сындырып үзбек болған. Қолының күші келмеді де сынған құрықпен бастан бір қойды. Судың жыртқышы серейе қалды. «Шабақтар тұтылып, шортандар сытылып жүр» деген кешегі диктордың сөзі санасына сап ете түсті. Олжалы екі шал да ес қалмады.
Үйге жеткеннен кейін екі шал әкелген балықтарының сорпасын ішпекке бекініп, аршуға кірісті. Тақтайдың үстіне шортанды төсей салып, қабығын аршыған «Сопай шал» көмейінен балықтың құйрығы шығып тұрғанын байқады. Қанжарын бырт еткізіп бауырына батырып ішін жайратып салып еді өз көзіне өзі сенбеді. Білекке жетер-жетпес шорағай.
– Мә, мына шортан дегенің жыртқыш десе жыртқыш екен ғой. Шорағай дегенің өз тұқымы емес пе, жүрек жоқ екен мына бәлеңде, – деді таңданысын жасыра алмаған «Топай шал». Өзі мұндайды бірінші рет көріп тұрған «Сопай шал» шортанның ішінен шыққан шорағайдың езуінен қылтиып тұрған қара кендір секілді жіп тәрізді затты байқады. Оның да ішін жайрата жарып жіберіп еді сасық иіс мүңк етті. Қара тышқан, кәдімгі судың тышқаны.
– Мә, дауа жоқ екен мына шортандарға, – деп салды «Топай шал».
– Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің дей ме. Қазір сенің жылан балығыңның ішін жарғанда көреміз, – деген «Сопай шал» уақыт күттірмей бауырын төменнен жоғарыға қарай жағалап жарып жіберді. Өз көздеріне өздері сенер емес, сақина шықты, кәдімгі алтын сақина.
Кімдікі болды екен?
***
Таңда аулаған шортан мен жылан балық түскі асқа дайын болған.
Көк жәшікте түскі жаңалықтар. «Бүгін қаржы полициясы мамандары қала әкімін пара алып жатқан жерінде құрықтады. Шортандар біртіндеп тұтыла бастады» деген диектордың сөзі екеуін әжептуәір рахатқа бөледі.
І жүлде алған туынды
Алпысбай Әбділұлы
Көкемнің көзілдірігі
Қалың елдің арасында «қарадан шығып хан болған», қол бастаса көсем, сөз бастаса шешен азаматтар болады ғой. Көкеміз тура осындай адам еді. Адам еді деппін ғой ол әлі де тірі. Бірақ қазір өзгерген… Өзгергенін көз көрген…
Ел деп емешегі езілетін, «ұйқы беріп, қайғы алатын» азаматты қайбір жылғы сайлауда ел болып шуылдап жүріп мәртебелі орынға қонжитып тұрып отырғыздық. Отырғызбағанда ше? Нағыз ұлтжанды, ел үшін барсакелмеске болса да баруға шыдайтын жалғыз адамымыз осы. Бірақ сол Көкеміз көп ұзамай қалың дүбірдің шуынан ба, әлде креслоның буынан ба адам танымастай күйге енді. Ақкөңіл ауылдаспен де бауырласпен де құшақтаса амандасып, қарқылдай күлісетін бұрынғы азаматымыздан айырылып қалғалы қашан… Қазір алдынан арсалаңдап шығып, «ассалаумағалайкум» деген ағайынға еріні еріне жыбырлайтын болыпты. Кеше ғана қоғадай жапырылып, доғадай иілген, ісіне сүйінеген ел-жұрты «өй, соны қойшы!» деп қолды бір-ақ сілтейтіндей күйге жетті.
Көкеміздің әу бастағы азан шақырылып қойған аты – Көкен еді. Шіркін, Көкен десе Көкен еді ғой. Ағамыз ресми түрде мәртебелі орынға тағайындалған күні облыстан келген жуан галстукты бір ағай Көкеннің жаңа қызметіне сәттілік тілей келе: «Осы Көкен деген ат не мағына береді?»-деп еді. Жұрт аңтарылып қалды. Көкеніміз жауап беруге ыңғайлана беріп еді сол арада масаның ызыңы естілетін тыныштықты қасқабас біреу бұзды. Жарықтық Кеңес үкіметінен бері аман-есен келе жатқан жылтыр шеке, месқарын орынбасар орнынан маңғаздана тұрып: «Жолдастар, мына сұрақ өте орынды қойылып отыр. Азаматтарды барында бағалайық. Басқа мақтайтындай екі Көкеніміз жоқ қой. Көкен деген атқа нақты бір анықтама беру қиын. Одан да біз былай істейік. Көкенді бүгіннен бастап күллі аудан «Көке!» деп атауды ұсынамын! Ұсыныс деппін ғой… Бұл – бұйрық!»- деді қасқабас облыстан келген шендіден көзін ала беріп. Қарапайым халық ойланып үлгергенше галстук кигендер ду қол шапалақ соғып, соңы «бәрекелдіге!» ұласып кеткен. Содан бері Көкеніміздің есімі қысқарғанымен қолы ұзарды.
Жарайды қойшы. Енді бүгінгіге оралайын. Бір аптадан бері ауылдың ватсап тобында тыным жоқ. Көкеміз осы айдың аяғында аудан жұртшылығымен кездесу өткізеді екен-мыс. Көпшіліктің кежегесі кейін тартқанымен бәрібірде баруға мәжбүр. Кім білсін бәлкім Көкеміз бұрынғы қалпына қайта түсіп, ел үшін маңызды бір дүниелерді айтып қалар деген үміт те жоқ емес.
Не керек айтулы күні ауданның мәдениет үйі аузы-мұрнынан шыға лық толды. Қара-құрым халықтың алдында жалғыз үстел тұр. Бір уақытта мұздай киінген алпамса денелі екі жігіт қап-қара креслоны екі жағынан аса сақтықпен көтеріп алып шықты. Біреуі төс қалтасындағы рацияны қолға алып құрылғының кіндігіне ернін тигізіп бірдеңе дегендей болды. Сол-ақ екен арқасына көтерген аппараты бар шағаладай киініп, бетін бүркеген екі адам шығып қара креслоға әлденені шаша бастады. «Бісмілла, бісмілла. Не болып жатыр?» – десті жұртшылық. «Қорықпаңыздар! Дезинфекция жасаудамыз!»- деді сахна маңынан саңқ еткен дауыс. Ақ киімді екеу қалың шынылы көзілдіріктері булана креслоның барлық қуыс тесігіне, асты-үстіне иненің жасуындай орын қалдырмай сұйықтықты шашып шықты. Бұдан соң тағы үш адам шығып зарарсыздандырылған креслоны құрғатып сүртумен болды. Одан кейін қара киімдегі екі жігіт қорапқа салынған әлденені әкеліп еді онысы стакан екен. Стаканды қораптан шығарып үстелге жайғастырғаны сол еді қолында лупасы бар төрт жігіт шығып үстелдің төрт жағына тұра қалды. Қызық осы жерден басталды. Адам – төртеу. Стакан – біреу. Ақ қолғапты біреу стаканды қолына алып еді бірі астынан, енді бірі үстінен, екеуі екі жанынан лупамен бит іздегендей бедірейе қалысты. Төртеуі де стаканның ішіне түсіп кетердей шұқшия қарап тұр. Кенет ыдысты қолына ұстап тұрған бойшаң жігіт төс қалтасынан рацияны суырып алып әлдекімге хабарласты. Түсінгенімізше мына стакан су құюға жарамсыз болып шықты. Жарамсыз дейтіндей кетік те, тесік те емес. Тек ішінде әлдеқандай бактерия болуы мүмкін деген күдік туындаған. Не керек сонымен болмай қалғыр стакан үстелден алынып, орнына қаладан барлық гигиеналық талаптарды сақтап әкелінен жаңа бір стакан қойылды. Бұдан соң тағы да екі адам шықты. Бірінің қолында ақ парақ. Бірінің қолында біз тұмсық қарындаш. Парақ ұстаған қолындағысын үстелдің қақ ортасына қойып еді анау қарындашты үстелдің сол жақ бұрышына еппен орналастырды. Екіншісі оның бұл қылығын жақтырмай қарындашты үстелдің оң жақ бұрышына қарай ысырды. Анау да дегенінен қайтпайтын бәле екен қарындашты орнына қайта қойды. Екеуі бір қарындашты көкпар етіп біразға дейін тартысты. Ақыр соңында сол маңда жүрген галстуктылар жиналып шұғыл кеңес өткізіп, сүт пісірім уақыттан соң Көкенің оңқай екені ескеріліп, қарындаш үстелдің оң жақ бұрышында тұратын болып шешілді. Бұдан соң үстел үстіне тура осындай қиындықпен Көкемнің көзілдірігі қойылды. Өстіп жүргенде күн шаңқай түс болды. Сағат 10-ға белгіленген жиналыс әлі басталған жоқ.
– Шырағым, үйімізде бағатын малымыз бар. Шиттей немерелер шиқылдап смс жаза бастады. Жиналысты қашан бастайсыңдар?-деген дауыс үлкендер жақтан естіле бастап еді месқарын орынбасар жуан мойынын шамасынша созғылап орнынан тұрды.
– Жолдастар, бұл қай сасқандарыңыз? Бізді ерігіп жүр дейсіздер ме? Бағанадан бері көріп отырсыздар ғой. Жұмыс істеп жатырмыз. «Қырқына шыдаған соң қырық біріне де шыдаңыздар!» Сәл қалды, – деді күмілжіп.
– Ойбай-ау, жұмыс істеп жатырмыз дейсің. Таң сәріден бері қойғандарың бір кресломен бір стакан ғой. Сол да жұмыс болып па?-деді ауылдың қатындары кезек-кезек күңкілдеп.
– Бағанағы стаканнан су ішсе ерніне ұшық шыға ма? Өй, ол менің құрдасым Көкен ғой. Көкеннің аузы қайдан су ішпеді? Екеуміз бала кезде қой бағып жүріп ыстықтағанда даладағы шалшыққа шомылып, шөлдесек мал суғаратын науадан су ішетінбіз, – деді жылқышы Жапсарбай дауысын кенеп. Отырғандар ду күлісті. Не керек Көкемізді ұзақ күттік. Жиналыс ерте болады деген соң таңғы шайды Тәңірге тапсырып келгенбіз ғой. Ішегіміз шұрқырай бастады. Есеңгіреп отырып қалғып кетіппін. Қанша уақыт өткенін кім білсін. Бір кезде «әй, тұр!» – деген дауыстан селк етіп ояндым. Көзімді ашсам жападан жалғыз отырмын. Маңайым жылан жалағандай. Бәрі ұшты-күйлі жоқ. Анадайдан ербиіп мәдениет үйінің күзетшісі көрінді.
– Ояндың ба?-деді назарын бері бұрып.
– Қайда бәрі?-дедім сұраулы жүзбен.
– Кетіп қалды.
– Кеткені несі? Жиналыс ше?
– Көкеміз аурып қалыпты. Мазам болмай тұр. Жиналысты келер жолы көрерміз деп сәлем айтып жіберіпті,- деді күзетші. Дауысынан зілді кекесіннің «дәмі» шықты.
Орнымнан сүйретіле тұрып дәлізге шықсам жаңағы қара киім киген галстуктының бірі еденге етпетінен сұлқ түсіп ағыл-тегіл жылап жатыр. Жақындағанда таныдым. Ауылдағы сыныптас жігіттің інісі екен.
– Не болды?- дедім жақындай келіп.
– Ссссс-өөөөө-гггг-ііііі-сссс алдым,-деді иегі кемсеңдеп.
– Қандай сөгіс?
– Қатаң сөгіс.
– Кімнен алдың?
– Орынбасардан.
– Не үшін?
– Көкемнің көзілдірігінің бір шынысын сүртпеппін. Сол үшін жұмыстан қуылып қалдым, – деді әлгі бейшара шарасыз кейіппен. Күлкім келді. Сәлден соң өкіріп тұрып жылағым келіп, кеудеме ащы бір өксік кептеліп қалды. Келмеген Көкемнің сүртілмеген көзілдірігіне бола ма?.. Жо… жоқ… Қалай бұл?..
Тез-тез басып сыртқа шықтым. Мына жерден бір түрлі лоқсып, құсқым келіп кетті. Жиналысқа келмей қалған Көкеме емес, Көкенді Көке қылған өзімізге ызаландым. Жанында көлеңкедей көлбеңдеген жандайшап жағымпаздардан жиіркендім… Иә, олар күліп тұрған күн барда ғана түсетін көлеңкелер. Күн кеткен соң таппай қаласың…