«Бір ел – бір кітап»

Күйші

Төрт облыс малшыларының алты ай жазда бас қосатын жері көп. Бір жағы Жетіқоңыр, бір  жағы  Мұңлы, бір  жағы  жалпақ  Теріскей.  Тоғыз жолдың  түйіскен  тарауы  осы  маңда әр тұстан кездеседі. Былай қарағанда арасы  алшақ  көрінетін  Жамбыл  мен Қызылорда, Шымкент пен Қарағанды облыстарының  көшпелі  шаруалары әрлі-берлі   жылыстай   жаптарласа, тоқайласа  келгенде  ресми  шекараны ұмытады. Бірен-саран даңғой, тентек пен теліз қалың көпшілік бас қосқанда одағайланып, іштен міңгірлейді. «Қырық  кісі  бір  жақ,  қыңыр  кісі бір  жақ»  деген  осы.  Ауқымнан  ауа жайылатындар мірдің оғындай ажуаға ұшырайды. Бірақ оларға сөз өтпейді. Таяққа көзі ашық көпшілік бармайды. «Баяғы  тақсыр  арыздың!»  қалдығы ғой деп кеңкілдеседі.

Жұрт  арқасының  кеңитін  тұсы – мамырдан басталған сары жаз. Қыстық ызғарын ұмыттыратын  шипалы  шақ. Жолаушының түзге қонатын кезі осы. Жігіт-желеңнің ауылдан ұзап, ат жаятын кезі де осы. Желбегей бешпент дәуренінің сыры ішінде.

Бесжылдықтың  айқындаушы  жылының  жомарт жазында Қаратау мен Сарыарқаның арасында ұланасыр бас қосыс  болды.  Бұл – шопандар күні  аталатын салтанатты мереке еді. Жиынның атағы әр жерге күн ілгері тарағандықтан оған құштарлар да көп-ті.

Біз жайлауға  келгенде  күн кешкіріп  қалған  еді. Ажырықты өзекке  тігілген  үйлер  кәдімгі  тойханаға ұқсап тұрды.  Бір-екі қара  шаңырақтың  жапсарынан антенна көрінеді. Осы жердің байырғы шопаны екенін айтпай танытады.

Бізді шопандар күніне тігілген орда-шарқы боз үйге түсірді. Уақытша баспананың жиһазы аз да, іші кең. Бел шешіп сөйлесуге  қолайлы.  Тойхананың  шетіне орналасқан движоктың жарығы барлық үйге түседі.

…Қали  қария  бұшпақ  бөркін  шешіп,  жарты  кез орамалмен  маңдайын  сүртті.  Ойға  булыққан  данышпандай  дидары  шымырлады.  Бара-бара  әңгімелетті. Ол  жылқышының  пешенесіне  қашан  да  жырақтың жазылғанын,  оңаша  тіршіліктің  ыстығы  мен  суығы бірдей  екенін  сыр  қылып  шертті.  Осы  тойға  құсша талпынған шабандоз баласын қайырып, қара шаңырағымен өзі келгендегі озбырлығы төрінен көрі жуық  шағында  қызық  көрейін  деген  өзімшілдікке саятынын  күрсіне  айтты.  «Той  дегенде  қу  бас  домалайды»  деген  осы!  Оқыс  шертілген  сыр кәріге тән лұғатқа  ұласты.  Шілдің  боғындай  бытыраңқы  өмір сүру жарамайды. Сайын сахарада малшылардың етене қауымы  болуға  керек.  Сайысы,  көкпары,  бәйгесі, аңшылығы, сауығы шалқыған бұл қауымға қалалықтар қызығып  келетін  болсын.  Сонда мал  өсіру  еңбектен зейнетке, шарадан салтанатқа айналады.

…Бұл атырапта қобызшы шопан ілуде бір кездессе, домбырашы  шопан  әр  ауылдан  табылады.  Оқтауды домбыра  етіп  баласын  уантатын  қойшылар  да  жеткілікті.  Осындай  әуесқой  шаруалардың  біразы кештен жорта қалып қойды. Оларға аудан басшылары қосылды. Әрқайсысының өз ыңғайы, көңіл қалауы, іш есебі бар. Облыстық Советтің депутаты Біләл Намаев ертең  қалаға барғанда киіз үйді жақсартуды, тұрмыс комбинатының  жұмысын  жолға  қоюды  мәселе  етіп көтереді.  Қазақстан  Орталық  партия  комитетінің мүшесі Бәкір Ахметов Алматыға барғанда сахарадағы өнерпаздарды, әсіресе бес  саусағынан  бал  тамған күйшілерді күллі республикаға танытуға күш салады. Осылардың екеуі де бұл сәтте сауықшылар ортасында отыр.

…Кезек  домбыраға  берілгенде  сиқыр  аспапқа  екінің  бірі  қол  соза  қоймады.  Малдас  құрысып,  ерін жымқырысып, бірін-бірі бағып, ішкі әккілікке басты. Мін беруден гөрі мін алуды қаласады. Кәрі де, жас та сызылып, сыпайымсып қалды.

Алыстан  даңқына  қанып  келгенбіз,  бұл  совхозда екі домбырашы бар. Бірі жас та, бірі – мосқал. Екеуі де Тәттімбеттің, Ықыластың, Сүгірдің күйлерін тартады. Енді сол екеуі домбыраға қол тигізбей, қасарысып отыр.

Шіркін,  көпті  көрген  кісіге  не  жетсін.  Мәжілістің жарасымын осы елдің бел баласы Есіркеп Өмірбеков келтірді. Ол қапас қутыңды іші пысып жатқан аспапты алып, құлақ күйін даңылдата бастады.

– Есекеңнің де қоян шоқырағы бар екен ғой, – деп сүйсінді, жантайып жатқан Асқар Үмбетов.

Есіркеп шамданбады.  Сүгірдің «Кертолғауын» бұтып-шатып тартатынын, бірақ мына домбыраның пернесі көптіктен қолы жүрмей отырғанын айтты. Қазақы домбыраға жаттыққан Есіркепті жаңағы кісі қағытып өтті.

– Өзіңіз халықтық бақылаудың бастығы бола тұрып, жаңа аспапты жатырқайсыз. Бұныңыз қалай болар екен, жолдас Өмірбеков?..

Менің қасымда белгілі жазушы Асқар Тоқмағамбетов бар-ды.  Асекең  әлденеге  жымың ете  қалды.  Облысаралық  жазушылар  бөлімінің  жауапты  секретары Нәсіредин Сералиев қойын дәптеріне жазу түсірді.

Есіркеп Өмірбеков болса, қағытпа  сөзді  құлағына ілмей, күй саңылағын жорта сабалады да, жас күйшіге ұсынды. Жас күйші мосқал күйшіге кезек берді. Мосқал күйші  жас  күйшінің  бастауын  қалады.  Сонымен, домбыра Генерал Асқаровтың қолына тиді.

Генерал Асқаров.

Жасы отызды алқымдаған жігіттің есімі дәл осылай. Әкесі әскери адам екен, генералдық атағы шыққанда туған перзентіне осы есімді әдейі қойған.

Генерал Алматының консерваториясында аз уақыт оқып, ауыл шаруашылық институтына ауысып кетеді. Бұл күндері «Сызған» совхозының бас агрономы болып істейді.

Агроном  жігіт  домбыраны  керемет  жатық  тартты. Әуелі  Тәттімбеттің  «Көкейкестісінен» бастаған ол Кұрманғазының «Серперін», «Қайран  шешемін» барлық  бұралаңын  сақтай  орындап  шықты.  Бұның бәрі құлаққа сіңіп қалған күйлер еді. Жақсы суреттің көшірмесін оқығандай әсерде отырдым.

Бірте-бірте  Генерал  Асқаров  осы  өңірдің  әуеніне көше  бастады.  Бізге  керегінің  өзі  де  осы  еді.  Соны сезгендей, өнерпаз жігіт шертістің нақышын өзгертіп, қаратаулықтардың  кәнігі  бипыңына  басты.  Домбыра ішегінің асты-үстін алма-кезек басып, қоңыр күйлерді бабымен төкті. Сүгірдің көптеген күйлерін біледі екен, «Наз қоңырды»,  «Кертолғауды», «Ыңғай төкпені», «Тоғыз  тарауды»,  «Аққудың  әуенін»  жатық  орындап шықты.  Өзінің  ең  сүйіктісі  «Наз  қоңыр»  екен. Бірақ  маған  «Кертолғау»  қатты  ұнады.  Тек,  күйдің қайталап келетін бунағын  жүрдім-бардым қайырады екен,  көлденең  тілек бойынша сол бунақты бес рет қайырғанда «Кертолғау»  бастапқы  қалпына  құйыла бастады.  Күй  тілін  сөзбен  жеткізу  қиын,  сонда  да суретке бой ұрмасқа шара жоқ. «Кертолғау» – Сүгір шығармаларының  ең  әсемі,  ең  әсерлісі.  Тәттімбеттің «Көкейкестісіне» аздап ұқсайтын бұл күй өмірдің ащы-тұщысын  көп  татқан,  көп  жасаған  кісінің  құнарлы қасиеттерін,  асыл  сезімдерін  танытады.  Тіршіліктің қызығы мен қуанышы, қасіреті мен өкініші, үміті мен торығуы шалқыған, сыңсыған, бой жазған, булыққан леп  түрінде  сыршыл  бейне  береді.  Әсіресе,  күйдің қайырма бунағы «дөри-дөри-дай, дөри-дөри-дай!» деп, дірілдеп тұрып алғанда, титық құртады. Бейне бір сары жаздың  қоңыр  самалы  дөңгелене  соғып,  уанышпен әлдилегендей,  әсер  тудырады.  Біліктілер  Сүгірдің еркетотай қыздарға домбыра толғаттыратын тұсы осы деседі.

«Домбыра толғаттырудың» мәнісі, күйші күйдің ең әсерлі жерінде сиқыр ырғақты қайталап, жүйке құртып отырып алады. Бұған тәкаппар қыздың өзі шыдамай, булығып тұрған домбыраның мойнын толғасады. Өнер  қуатының  осындайлық  сырын  қаншалықты білетіні белгісіз, бірақ, Генерал Асқаров «Кертолғауды» бірте-бірте  табиғи  қалпына  келтіріп,  шебер  нәшке түсірді. Бағана сабырсыз ширыққан жүйке де орнына келіп,  байсалдылық  баян  тапты.  Күй  де  маңызбен мамырлап, жібектей есіле бастады.

«Кертолғау» толастағанда қобызшы Ықылас туралы, домбырашы Сүгір туралы әңгіме шертілді. Ықыластың көзін көрген Сүгір тіптен бертінде, жаңылмасақ, 1961 жылы дүние салады. Бұзау Тамадан шыққан күйші Қаратау мен Сарыарқаның арасын еркін шарлап, талай өнерпаздан  үлгі-өнеге  алған.  Қобыздың  сарынын домбыраға түсірген. Өзі де көптеген күй шығарады.

Сүгірдің  өрік  ағашынан  тұтас  шапқан  қызыл-қоңыр шолақ домбырасы осы күні әдебиет зерттеуші Керімбек Сыздықовтың қолында. Кезінде бұл домбыраның сағақтағы жылжымалы үш-төрт пернесі әр күйдің ағысына қарай ысырылады екен. Күйге бойлай келгенде Сүгірдің иығы бүлкілдеп кетеді екен. Күй үстінде бөгде сөз сөйленсе, сыбыр-күбір басталса, қитығып тартпай қояды екен. Басбілгі домбырашының алдында ол күй тартпаған. Оның шығармаларының бүгінге түгел жетпеуінде осындай өкінішті сыр бар деседі.

Сараң  Сүгірдің  сирек  шәкіртінің  бірі  –  Төлеген Момбеков. Атақты күйшінің шікәмшіл мінезін кешіріп, ыңғайын тауып үйренген Төлеген Сүгірдің есімін атауға аузы бармай, «Сүкең!» дейді.

Әңгіме  желісі  үзілгенде  домбыра  осы  Төлеген Момбековке ауысты.

Генерал  Асқаровтан  Төлеген  Момбековтың  бір айырмашылығы, бұл кісі домбыраны асықпай тартады екен.  Бап  тілейтін  жүйріктей  көпке  шейін  бұғып отырған  себебі  кейін  аңғарылды.  Қарабайыр  жұмыс істеп  үйренген  мұғал  саусақтар  да  бірден  көсілмей, өнерін ішке бүгіп ынталы көңілдерді сынағандай ыңғай көрсетті.

Жұрт  қымыздан  қызара-бөрте  бастаған  еді.  Басқа желікті күмбірлеген домбыра ылажсыз жеңді. Төлеген мана ұзақтан үзілген «Кертолғауды» тартты.

Бұның тартысы бөлек. Күйдің жалпы сарыны, сазы сақталғанымен  жеке  үйірімдері  бебеулеп  басқаша есіп  кетті.  Задында  нағыз  күйші,  бір  орындағанын сондайлық дәлдікпен қайталамайды ғой. Әбден жаттанды деген құбылыстың өзі әр қырынан құлпырып, төл туындыға  ұқсап  тұрмақ.  Төлеген  көңіл  күйіне  қарай «Кертолғауды»  өзінше  толғағанда  осы  шындық  еске түсті.

Мәжілісті ұйып тыңдаған шебер домбырашы Генералдың өзі ерекше елтіп, сүйінішпен сызданып отырды.  Қою қасты қабағына ауыр ой оралып, шүйіліп қалды. Бақассыз қос күйші тілсіз табысқан сыңайда еді.

Осыдан кейін Төлеген Сүгірдің «Телқоңырын» шертіп  өтті.  «Шертіп  өтті»  дейтін  себебіміз,  Төлегенге сабап тарту жат. Екі ішектің асты-үстін бірдей алып, саусақпен шертіп тартады. Шебер саусақтар сылқым домбыраның төсінде еркін ойнақшып, бірде шанақтан, бірде сағадан шалып, шымшып, толғап, ерсілі-қарсылы шертіп, сансыз ызыңды қырық құбылтады.

Сүгірдің құлынды екі биесі болыпты. Ел Сарыарқаның бергі шетіндегі атақты Жеті Қоңыр жайлауында отырғанда  екі  құлынның  біреуі  қадірлі  қонаққа сойылыпты.  Сыңарынан  айрылған  қоңыр  құлын  екі енені тел еміпті. Өгей ене қоңыр құлынды бауырына қанша  басса  да,  өзінің  төлін  жоқтап  кісіней  беріпті. Азалы  биені  аяған  Сүгір  құлынның  даусына  салып күй тартқанда, бие еріксіз ииді. Тел құлын да серігінің даусын танып шырыл қағады. Күйдің басында шалқыған жайлаудың, ортасында ыңқылдаған биенің, аяқ шенінде шырылдаған құлынның суреттелуі сондықтан деседі.

Сүгірдің көзін көрген Қали қарт:

– «Телқоңырдай» күй болмаса мен жылқыдан безер едім!» – деп көзіне жас алады.

…Күн түстен ауғанда өнерпаздар қауымымен қоштасуға  тура  келді.  Дәл  осы  кезде  әлдекіммен  баяу сөйлескен аудан басшылары:

–  Ау,  Төкеңнің  өз  күйлерін  тартпағаны  несі.  Бұл кісінің  шығармалары  пластинкаға  түскен.  Кей  кезде радиодан береді, – десті.

Кішіпейіл Момбеков төл күй тартуға құлшына қоймады. Арғы жақтан ақжелең жел есіп, шөптің басын жыбырлатып жіберді. Бұндай күйде, әрине, домбыраны үйде сөйлету ләзім. Бірақ оған уақыт жоқ. Төлегенге қолқа салуға тура келді.

Жел  жақтан  орын  алған  Төлеген  домбыраның құлағын  қайта  бұрап,  өз  шығармаларын  орындауға кірісті.  «Сарыарқа  сапарын»,  «Жолаушының  жолды қоңырын», «Елуді», «Анаманы», «Қос басарды» асықпай  тартып  шықты.  Бұлардың  бәрі  кәміл  меншікті күйлер. Тек, алғашқысы ғана Ықыластың «Қорқытына» ұқсап  кетеді  екен.  Соны  айтқанда,  дауласпай,  басын шұлғыды. Санаға сіңіп қалған сарынның домбырадан өзінше сөйлегені таңсық боп қала берді.

Музыка ойнауда саусақтың мәні зор ғой. Төлегеннің етшең де шымыр саусақтары керемет дәмді ызыңдар шығарды. Шалдың қолындай қалтырауық емес, қажырлы, қоңды қол домбыра саңлақты емін-еркін билетіп барған сайын ашындырып жіберді.

Толассыз  тартыстың  аяғы  «Қаратау»  шертпесіне сайды.  Домбыра  еркелей  сыңқылдап,  соны  әуенге көшті.

Өз басым бұндай биязы, жұғымтал шертісті көрген емен. Абай айтқан «тәтті күй» сусын қандыра бастады. Сиқырлы  күйдің  белдемшелері  ылғи  үстіңгі  ішектен қайырылып, төңкерілген форымымен ынтықтырды. Күй бауыр жазып: «Тәри-тай-тай-тай, тәри-тәри-тай-тайға» басқанда іштей қосылып отырдым. Ежелгі Қаратаудың барлық арманын, аңызын бойына сіңірген сазды, назды күй  «көңілге  түрлі  ой»  салды.  Күй  сүйген  Абайлар, Ілиястар, Сәкендер менің есіме түсті. Олардың дәл осы секілді көкке аунаған кездері көз алдыма елестеді.

Күйші  атаулы  –  сыншы.  Төлеген  елтушілерге  өте ырза сияқты. Төл «Қаратауды» бірде шалқытып, бірде қамықтырып,  тойындырмас  дәмді  ызыңдарды  ұзақ сапырды.

Бипыңдаған майда шертіспен жүрек қылын қытықтап,  көңілдің  аңсарын  ұлғайтты.  Күйшінің  шарасыз қозғалған  денесінен,  қызыл  шырайлы  реңінен  не-не  терең  сыр  аңғарылып  тұрды.  Қарапайым  жанның алғырлығы, сыршылдығы сүйініш туғызды.

Қазіргі  отырыста  Төлегеннің  болмысында  шаттық та, мұң да бар. Сары жайлаудың салтанатына жадыраса, қыстан  күйзелген  елдің  мұңына  «қат-қабат»  күйін ортақ қылған сыңайда. «Көппен көрген ұлы той» болса күйшінің оған жүрек лебізімен қосылатыны тілмәшсіз түсінікті еді.

Кешінде  домбыра  тартылмады.  Оған  Төлегеннің: «Саусағым  қандай»,  деп  ағынан  жарылғаны  себеп болды. Жазғы кештің ермегі көп те, қызығы өзгеше. Әркім көңілі қалаған адамымен уақыт өткізіп жатты. Мен  Төлегенмен  оңаша  қалдым.  Ендігі  әңгіме  баяу, бейтарап, еркін. Басы бірікпеген сөздің тоқайласатын тұсы – баяғы домбыра.

– Сені жұрт домбыра тартады дейді ғой. Сол рас па?! – дейді Төкең маған.

– Е, әншейін, алып-қашпа сөз ғой!

Төкең басын шайқайды:

– Әй, қайдам. Сенің екі көзің он саусақта болады екен. Өзгелер шертісті бабар қылмайды.

–  Әр нәрсені көзбен көріп, көкейге түю – жазушының әдеті.

– Қорқыттың күйлерін қайдан білесің?

– Менің ағам қобызшы болған.

Төлеген жымиып күлді. Нәзік жанды, сыпайы кісінің шарасыз күлкісі еді. Мен:

– Неге күлдіңіз? – деп сұрадым.

– Әншейін, бір нәрселер ойыма түсіп кетті.  Біраз томсарылып отырды да сөзін жалғады.

– Өнер ағадан жұқпайды, әкеден жұғады. Тәттімбеттің  әкесі  Қазанғап  –  домбырашы.  Ықыластың  әкесі Дүкен  –  қобызшы, Сүгірдің әкесі Әли – о да домбырашы.

– Сіздің әкеңіз Бапыш о да домбырашы болған ғой?

Төлеген тағы да күлді.

– Оны қайдан білесің?

Мен таратып айтып бердім. Төкең шешілді. Әңгіме тағы  да  кілең  күйшілерге  қарай  ойысты.  Бірте-бірте  әртүрлі  аспаптар  сөз  болды.  Әрбір  күйшінің оң  жамбасына  келетін  аспап  бар.  «Қолымды  бұзып аламын»  деп  домбыраға  жоламайтын  қобызшылар болған. Ықыластың тікелей шәкірті, бірыңғай қобызшы Жаппас Қаламбаевтың тіптен бертінде, өмірінің соңғы жылдарында  домбыраға  ауысуында  үш  түрлі  себеп жатады. Қылқобызды қырық құбылта құйқылжытқан Жаппас  күні  өткен  аспаптың  жалғыздығын  сезінеді. Баяғыдай  қобызшыны  қаумалаған  жұрт  жоқ.  Қайта кіржие,  үрке  қарайтын  әкімсымақтар  бар.  Домбыра –  көпшілікке  кең  тараған,  арнаулы  оркестрге  негіз болған,  құрамалы  құрал.  Осындай  аспапқа  кексе шағында, Алматыда  жаттыққан Жаппас бір кезде өз елінде  құлағына  сіңген  сарынды,  дәлірек  айтқанда, Сүгір күйлерін қаз қалпында жеткізуді мұрат тұтынады. Бұған сауықшыл елін аңсауы, жастық шақты сағынуы қосылады. Қобыз мұңды да домбыра сыршыл. Бұның біріншісі  көзге  жас  әкелсе,  екіншісі  көңілге  уаныш орнатады. Қобызды толғаған қыз жоқ, домбыра толғаған  тотай  толып  жатыр.  Мінезі  қырсық,  шікәмшіл Сүгір құлақ күйін қырық қайталап титық құртқанда: «Төменірек  түсіңіз!»  деп  жалынған  қыздардың  өзі өнершіл еді. Саңлақпен домбыра тартысу үшін күйдің ұзын-ырғасын көңілге түгел құюы шарт еді. Осындай-осындайды  көзбен  көрген,  құлақпен  естіген  Жаппас «бұралқы»  аспапқа  амалсыз  барады.  Қам  көңіл қобызшының сахарадай сарғайған сағынышы Сүгірдің күйлерін  осы  дәуренге,  біздің  буынға  жеткізеді. Әлбетте,  Жаппастың  тартысы  Сүгірге  барабар  деп айту қиын. Бірақ «барға мәзірдің» өзі – бүгінгі ұрпаққа бұйырған несібе!

Жаппастың  тұсында  жұрттың  көбі  домбыра  мен қобыздан  басқаны  білмеді.  Олардың  әлденеше  түрі бар  екенін  және  білмеді.  Домбыраның  ең  шағыны жасөспірімді баулуға арналады. Ең үлкені күй тартуға бейімделінеді.  Орташасы  көбінесе  әнге  лайық.  Өрік ағаштан  шапқан  домбыраның  үні  булығып  шықса, үйеңкілі  шанақ  аңқылдағыш  келеді. Ұрғашы  қарағайдың үні  басқа.  Ешкінің  аш  ішегінен  жасалған  шек  ұмыт боп, қоңыр әуен жоғалып барады. Байқасаңыз, қазіргі хетгут пен жібек жөргемнің ызыңында айырмашылық бар.  Дүкенде  сатылатын  домбыраның  бір  кемшілігі –  пернесінің  біркелкілігінде.  Дыбысты  күшейтетін, анықтайтын жуан пернелер жоқ.

Қазақта  музыкалық  аспаптардың  түрі  ертеде  көп болған.  Батырдың  дулығасына  ұқсас  шыңдауыл, сауытқа ұқсас дауылпаз, кәдімгі кепшік жауынгершілік заманның мүддесінен туған аспап еді. Керней сипаттас ұран қандай, шіркін! Оның пішімі орыстың рупорынан айнымайды. Біліктілер орыстың «урасы!» «ұр» деген сөзден  шыққан  деседі.  Сірә,  «ұран»  деген  аспаптан шығып жүрмесін?!

Музыкалық  аспаптың  ауысып  тұратыны  ақиқат. Шаңқобыз  жақұтта  да,  татарда  да,  қазақта  да  бар. Сыбызғы да сол сияқты. Біз оның қамыстан, қурайдан, ұшқат  ағашынан  және  жезден  жасалатын  түрлерін ғана  білеміз.  Сыбызғының  ұлғайтылған түріндей сылдырмақты, сылдырмақсыз асатаяқ қандай таңсық?! Бұлардың бір де біріне ұқсамайтын жеті шекті жетіғап қандай! Ол туралы халыққа тараған ертегі-аңыз қандай тамаша!!  Кәнігі  деп  жүрген  қылқобыздың  түрлері қаншама  еді?!  «Үйеңкінің  түбінен  опырып  алған қобызым, қарағайдың түбінен қопарып алған қобызым» деген  халық  сөзі  осымен  таусылмаған  шығар?! Ықыластың  қобызының  аршадан  шабылғаны  тіптен бертінде анықталды. Одан бұрынғы Құлыншақтың, күй атасы Қорқыттың қобыздары бізге танық.

Ұзын  сөздің  қысқасы,  аспап  байлығы  рухани қазынаға  жатады.  Біреу  күйсандықты  ұнатса,  біреу  скрипканы  жақсы  көреді.  Саттар  Ерубаевтың кейіпкерінің:  «Мен  арфаны  ұнатпаймын!»  дегенімен бұл аспап қирап қалған жоқ. Қырық түрлі құралдың басын қосқан оркестрде заңғырлаған мыс тарелка да тиісті қызмет атқарады.

Қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған  бейбітшілік заманда көне аспаптардың көзі аршыла бастады. Бұл – үлкен игілік. Аспап түгіл күй орындаудың нұсқаларын сақтау  ләзім.  Әбікен  Қасеновтың  орындауында  1937 жылдары  шыққан  пластинкалар  бұл  күнде  жоқ. Оның  кейінгі  тартысы  бұрынғы  тартысынан  көш төмен.  Адамша  сөйлейтін  «Сарыжайлау»  күйшінің кейінгі орындауларында – жайылмалау, жылмағайлау.

Әбікеннің  өзі:  «Оркестрге  бейімдеткізді»  деген.  Әр дирижердың  өз  ыңғайы,  өз  қыры,  өз  трактовкасы болатыны  мәлім.  Бұл  жағынан  келгенде,  дирижер инсценировка  жасаушымен  тең.  Бірақ  шығарма атаулының түп-нұсқасы сақталуға керек қой. «Менің талғамым  ғибрат»  деу  тым  астамшылық  болар?! «Шертпе  күй  деген  не  пәле?!»  деп  үркетін  дүмбілез мамандарға қалай ереміз?!

Шертпе  қүй  деген  бар,  шырақ!  Шертер  деген  екі шекті,  үш  шекті  аспап  және  бар.  Сыр  шерту  деген сөз  бесенеден  белгілі.  Ендеше,  сіз  неге  шертпе күйден  қорқасыз?!  Әлде  сізге  даңғойлы,  елірмелі, тасыр-тұсырлы  дыбыстар  керек  пе?!  Біліп  қойыңыз, Какафонияны  бұл  күнде  зиялы  қауым  жек  көреді. Құлақ  құрышын  қандырып,  жүрек  қылын  шертетін саз керек. Осындай саздың шебері Төлеген Момбеков, міне, алдыңызда отыр.

Бұл кісінің өмір тарихына көз жіберіңіз.

Ол  Қаратаудың  теріскейінде  көшпелі  елде  туып-өседі.  Үш  жүздің  баласы  бас  қосқан  бұл  өңір  –  ән мен күйдің алтын бесігі еді. Сауықшыл ел қысы-жазы араласып,  өнер  таратысады.  Қыз  бен  жігіттің  табан астында айтыса кететін өңірі осы! Және «Сен айтсаң мен  де  айтамын  әуелім  жар»  емес,  суырып-салма, тапқыр,  қағытқыш  өлең  айтатын  жезтаңдайлар  көп-ті. Жиын-тойда, әншейін басқосыста ауыздан шыққан бір ауыз ұтқыр сөз, бір шумақ өлең етекті елге тарап кететін-ді. Осының қатарында шаршы топта домбыра тартысу – палуан күрестірумен тең еді. Біржан салдың домбырасын  тартып  алған  «Поштабайлар»  көшпелі елдің сұсынан, үрдісінен қаймығатын-ды. Жалпақ жұрт жарапазаншыдан қос уыс ұнмен құтылса, күйшіге қой сойып құлдық ұрар-ды. Төлеген осындай ортада өсті.

Ақын сияқты күйшінің де ашынатын, өнер ашатын кезі  бар.  Төлеген  Момбеков  Ұлы  Отан  соғысында жүргенде көп толғанады. Алдыңғы шепте ол шекесінен  жараланады.  Миына  зақым  келген  жауынгер әупіріммен  аман  қалады.  Елге  оралғаннан  кейін  бірнеше  күй  шығарады.  Оның  «Бұл  қалайы»  –  өмір қайшылығын бейнелеген терең тебіреніс. Оның қайтыс болған шешесіне, жұбайына арналған күйлері – көңіл айтудың  күңіренісі.  Оның  «Қат-қабаты»  –  ғаламат жұтқа күйзелген азаматтық сарын. Оның «Қосбасары» –  халықтық  қазынадан  жинап-терген,  мейлінше байытқан сиқыр шежіре. Оның «Қаратау шертпесі» де осы сынды дүние. Өмірге екі айналып келмейтін сапалы шығарма! Төлеген күйлерінің ең әсерлісі де осы екеуі. Бұның біріншісін нобайлап тартатындар бар. Екіншісін орындаушы  жоқ.  Тасқа  түскен  қашаудай  «Қаратау шертпесінің» тозар-тозбасы келешектің мойнында!

…Өнер адамының мақтау сүйетіні  мәлім. Шешіле сөйлесе  кеп  сұхбаттың  соңында  мен  әріптесті мадақтауға  көштім.  Төкең  масайрамады.  Қайта  бір түрлі мұңға шомып:

– Менің көкейім ұзын да, тілім қысқа. Шежіредей сайраған қаламгерлерге ілесу қайда?! – деп бір қойды.

Мен  музыка  тілінің  әдебиет  тілінен  терең  екенін, біз түгіл ұлы жазушылардың өзі осыны мойындағанын айтып өттім. Төкең:

– Әй, қайдам?! – деп басын шайқады.

Өз қадырын білмейді деген осы! «Алтынның қолда барда қадыры жоқ» деген де осы!

Түнде  мен  көпке  шейін  ұйықтай  алмадым.  Төкең тартқан күй, шерткен сыр маза бермеді. Төкең қорылдап ұйқыға кетті.

…Күн райы кенет бұзылды. Терістіктен соққан жел күшейіп, аспандағы бұлттар жөңки бастады. Жаз күзге ұласқандай,  дүние  бұлыңғырланды.  Тойға  тігілген үйлер жығылып, тойхана жалаңаштанып қалды. Некен-саяқ салт атты, сабау қамшылы болмаса, аудан атаулы, совхоз  атаулы,  тіпті  ферма  атаулы  өз  үйлерімен,  өз сойымы, өз сусынымен келгенін осы арада байқадық. Сары жайлаудан тоғыз жолдың тарауына тарасқан жұрт қимай қоштасып, бірін бірі қонаққа шақырысып жатты. Осындай мереке Шиеліде де, Шәуілдірде де, Сарысуда да болмақшы екен. Соған ресми шақырушылар табылды. Сезінер жүрекке әйелдердің ажырасқаны аянышты еді. Олар: «Келер жазға амандықпен жеткізсін, хош, хош!» – деп көзінің жасын жаулығының ұшымен сүртіп жатты.

…Менің  қимай  қоштасқаным  Төлеген  Момбеков болды.

 

«Тұлпардың тағдыры» кітабынан алынды (Алматы, «Атамұра», 2006 жыл)

Добавить комментарий