Бір ел – бір кітап

Маусым   айының   маужыраған күнінде қыраң-қыраңда ойнаған әлсіз сағымдардың  түсін  ажырату  қиын. Шалғайда теңіздей толқитын шілденің көк  сағымына,  жақыннан  бұлаңдап жылыса беретін күздің сары сағымына ұқсамайтын жіңішке буалдар – баянсыз құбылыс еді. Осыдан бірнеше ай бұрын осынау Қаратаудың баурайынан сонау Үшкөкшенің құмына сапар шеккенде жан-жақ   көзге   түгел   шалынып, жүрген  сайын  тыныс  кеңейе,  серпін үдей  түскен  еді.  Мыңдаған  буынды аттандырған  ежелгі  Қаратау  «Менен оңай  құтыла  алмайсың»  дегендей, шалғайдағы   Үшкөкшенің   үстінен қарауыл қарап тұрған-ды. Екі ортадағы жусанды  түз,  қамысты  көл,  сортаң шабыр  кәрі  таудың  қарасын  өшіре алмаған-ды.  Бүгін  байырғы  өңірде сол  сапарды  егжей-тегжейлей  еске түсіруге тура келді.

…Атақты  қоныс  –  осынау  құмның басы  түйенің  мойнағындай  рабайсыз иіліп келгендіктен Мойынқұм аталса, кеуделік тұстан бастап «Үшкөкше» делінеді. Түйесіңірі, қоянсүйегі,  шырпысы,  еркегі,  құртшасы  қалың  құм қыраулы  күзде,  қарлы  қыста  көкпеңбек  дүние  боп мөлдіреп, тұнып жатады. Ақ селеулер, қызыл изендер, сары бас гүлдер көк дүниенің аламыш өрнегіндей әсер етеді. Осы көріністі Шақалақ ақын: «Сексеуіл кедір-бұдыр  керегесі,  көкпеңбек  түйесіңір  дөдегесі»  деп суреттеген.  Сол  Көкше,  шіркін,  қанша  қарасаң  көз тойдырмайды! Көңілдің көркіндей, көкейдің дертіндей дөңгеленген әдемі Көкшенің үшке бөлінуі тағы тамаша!

Бас  жағы  –  терең  қобылар  мен  білемденген  жалдар, орта шені – ығы-жығы жықпылдар, аяқ жағы – бүйрек-бүйрек бұйраттар. Үшеуінің түсі ұқсас та, бойы бөлек. Бүркітше  барлау  жасайтын  ұшқышы  жоқ  заманда пәстегі қазақ осыны қалай ажыратқан?! Көкшенің үшке бөлінетінін айна-қатесіз ажыратқан көзі көреген, қиялы қырағы  халық  бірде  жердің  суретін  есім  етсе,  бірде белгілі адамдарының атын сақтайды. Енді бірде тарихи оқиғаларды  тасқа  қашағандай  таңбалайды.  Сарбас – сары  гүлден шықса,   Текей жалы – «қолына қоқан теңге  уыстаған,  ұшына  қыл  шаншыған  ту  ұстаған» Текейдің  қонысы.  Қожажал,  Төрежалдар  да  осы тақылеттес.  Жанайдың  жалғыз  аяғы  –  бағы  заманда баукеспе ұрының салған соқпағы. Қанжуған – қалмақ басқыншыларымен  соғыста  Абылайдың  алғаш  жауға шапқан  өзегі.  Көлге  жаптас  жағы  барқан,  шөл  жағы шүйгін, құйқалы да қыртысты Көкше жоталы Қаратау мен қамысы сыңсыған Шудың арасында құты қашпас қазына.

Сонау  шалғайдан  сапар  шеккенде,  «Жартытөбе» совхозының басшылары бізге қалай да Болат Боранбаевқа соғуға мәслихат берген-ді. Оның маңдай алды малшы екенін айтып, көл-көсір көрсеткіштерін меңзеген. Жас қойшының облыстық партия комитетінің пленум мүшесі екенін де сол арада естігенбіз. Біз сол Болаттың үйіне келгенде, «Кім бар-аудың» орнына ақырын «гүк» еткізіп сыпайы сигнал беріп едік, сыртқа дөңгелек жүзді қара жігіт шыға келді. Көйлекшең шықты. Шытымыр аязда жеңсіз көкірекшесі жан сақтатып тұрғандай. Түстіктен ауа бастаған күннің әлсіз сәулесі жолаушыларға қиғаш қараған жігіттің  бетін  жылтыратып  жіберді.  Жаңа ғана  түстік  жеп  шыққан  сыңайда  еді.  Менің  есіме жылқышының,  түйешінің,  падашының  кескіні  түсті. Бұның реңі бөлек. Үйткен қойдың майлы құйқасына мелдектеп шыққаны «ауп» деп кекірік атқанынан анық-ақ  сезіледі.  Бетінің  шырайы  майсылаудың  емес,  іші майлы түздіктің қоңыр шырайы еді. Еріксіз ойға шома бастағанда, жігіт:

– Ау, бұл не тұрыс? Үйге кіріңіздер, – деді.

Іргесі  құммен  көмілген,  от  басына  қаңылтыр  пеш орнатылған киіз үйдің іші мырсыңдай. Сыртқы киімді шешіп тастауға тура келеді.

Менің серіктерім «Жартытөбе» совхозының жұмысшылар комитетінің бастығы Мақмұт Теміров пен бас мал дәрігері Қарауыл Әденов еді. Соңғысы шоферлік қызметті  өзі  атқарады.  Амандық-есендіктен  кейін сол  Қарауыл  мені  үй  иелеріне  таныстырып  жатып: «Қалғанын қазбалап керегі не? Өздерің де жетік шығарсыңдар!»  – деп еді. Болат басын шайқады.

– Ей, бұның қалай?! – деп таңырқады, жұмысшылар комитетінің бастығы.

Болат миығынан күлді. Шамалы ойланып:

– Осы күні жазушы мен тілші сеңдей соқтығысатын болды ғой, қайсыбірін ажырата береміз, – деп жөніне көшті.

«Ұялған тек тұрмастың» керімен мен:

–  Сізді  700  қойды  бағып-қағады  деседі  ғой  дей салдым.

Қойшы көзін сығырайтып, желкесін қасыды.

– Біреуін қасқыр тартып кеткесін лажсыз сойдық. Ендігі қалғаны – 699 бас.

Болаттың кескіні жас шағындағы Бейімбет Майлиннің кескініне ұқсайды. Күлімдеген көзі ауық-ауық әжуа, әзіл-оспақ тілегендей сыңай танытады. Ол тұнжырай бастаған бізге бажайлай қарап, керегеде ілулі тұрған кестені нұсқап қойды.

– Көрсеткіштің әммесі осы кестеде!

Оқып шықтым. Өткен жылы шығасы үш процентке жетер-жетпес  болған  әрбір  100  саулықтан  153  қозы алынған. Әр қойдан төрт килограмм жүн қырқылған. Бесжылдық  бойында  мемлекетке  138  центнер  жүн тапсырып, 3529 дана қаракөл елтірісін өткізген, 2285 қозыны өсіруге қалдырған.

– Көшпелі жағдайында бұл ірі табыс! – деп қарауыл бурыл шашын сипап қойды.

– Бұдан да зор көрсеткіштерге жетер едім, әттең, жақсы жылқының қаны жетіспейді, – деді Болат Боранбаев.

– Неге жетіспейді?

Қойшы дәрігерге қарады. Дәрігер шамалы тұтықпа тілімен түсіндіріп өтті. Совхозда қырық мыңға жуық ұсақ мал болса, жылқы – бес жүзге жетер-жетпес. Көбі дисыз, жиырма литрге шейін қан алынған дилы биенің өзі  көзі  әңгел-шәңгел  боп,  белі  қиралаңдап,  тұралап қалады. Оны оңалдырудың өзі толып жатқан ікімәтқа ұласады.

– Нендей ікімәт?

– Шаңдақ жерде жылқы тұл. Баяғы көк майса жондар жыртылған,  шалғын  сай,  көделі  беткей  жетіспейді. Жекеменшік  жылқы  ұстайтындар  жоңышқаны  үш орып алады, сонау күнгейліктер бес рет орады. Совхоз ондайға бармайды.

– Неге бармайды?

– Жұмыс қолы жетіспейді.

– Неге жетіспейді?

Қарауыл жалтаруды шығарды.

– Менің міндетім малдың ауруын қарау. Шаруашылықтың жайын соңыра директордан сұрарсыз.

Әлден уақытта өзінен-өзі шешілді.

–  Қит  етсе  кәрімсінгендер  пенсияға  шығады. Сырықтай жігіттер кеңсе маңын жақаттайды. Сабаудай қыздар хат тасиды. Сосын әрине, жұмыс қолы ұшпайды.

Осындай  жағдайда  Болат  Боранбаевтың  семьясы үлгі-өнегедей әсер етеді. Оның өзі орта дәрежелі білімі бар жігіт. Осы жасында Еңбек Қызыл Ту орденімен, мерекелік медальмен наградталған. Үйі толған газет-журнал,  үйінде  «Транзистор»  радиоқабылдағышы сайрап  тұр.  Ол  қолының  бос  сәтінде  әуе  толқыны арқылы лекция тыңдайды. Әдейі іздеп келген жазушы мен тілшіге сын көзімен қарайды. Кіріптарсыз еңбектің тамырын тартады.

– Інішек, өзің отбасында отырсың. Қойың қайда? – деп сұрадым.

– Қой өрісте. Көмекшілерім Тауыпалды Есіркенов пен жұбайы Күлзейнет бағып жүр. Шешем Майдакүн мен әйелім Ырсай да – қолқанат.

– Өзің кішігірім бір қауымның бастығы екенсің ғой!

Болат миығынан күліп қойды.

– Бұрынғылардың «түске шейін мүйіз, түстен кейін киіз» дейтін шағы осы. Күн сынғасын түстікке келген едім.  Задында, мен  сықырлаған  аязда,  бұрқасын-боранда,  үскірік  дауылда  көбірек  қайрат  көрсетемін. «Жаман сиыр жатағын жейді» болмасын деп, ауылдың айналасын  қорыққа айналдырдым.  Ертең  жауын-шашын бола қалса, осы маңды паналаймыз.

– Өріске барып-қайтсақ қайтеді?

Кабинкаға  Болатты  отырғызуға  тура  келді.  Үш жолаушының  біреуі  қалу  керек.  Ешкімнің  қалғысы келмейді. Мен шек салуды ұсынғанда, Мақмұт Теміров:

–  Талай  көрген  өріс  қой.  Мен-ақ  қалайын.  Шегі түскірге сенуге болмайды!   –  деп қуақыланды.

Үш-төрт ойпаңнан өткенде водовоз биік шағылдың басына өгіздей мөңкіп шыға келді. Арғы бұйратта қора-қора қой жайылып жатыр.

– Қозыкөштік Қармыстан Іңірбайдың қойы да келіп қалған  екен.  Сырқындының  сұңғыласы-ай.  Біздің беткейге  шыққан  қалың  еркектен  сыбаға  жеп  кетпек қой, – деді Болат.

Қора-қора қойды аралап шықтық. Шүйгінге жайылған жануарлар мамыражай. Дірдек қақпайды, домалана жүгірмейді, аянышты күйде маңырамайды.

Аға шопан Іңірбай Бейсенбековтың өзі қой соңында жүр екен. Ол ішіңді танығандай:

–  Сіздерге  іс  тәжірибесі  керек  қой.  Қармысқа келіп қонақ болсаңдар, шежіредей сайраймын. Әзірге айтарым:  қойды  күнге  қарай  өрістетіп,  күнге  қарай айдап  қайтамыз.  Желдің  өтіне  де  осы  тәсіл  жүреді, шырақтарым! – деп саптама етігінің барқытпен көмкерген киіз байпағын тартып қояды.

Ертеңіне біз тауға қарай совхоз орталығына қайтып келе жаттық. Қайран Көкше артта қалды. Ол Көкшені мал баққан бабалардың қанша ғасыр мекен қылғаны беймәлім. Әйтеуір, сонау құмның жыл сайын түлейтіні, құтты  қазынасы  таусылмайтыны  белгілі.  Ұрпақтар алмасады, Көкше алмаспайды. Соқпақ жол қасқа жолға, қасқа  жол  даңғыл  жолға  айналады,  тоғыз  жолдың торабы  Көкшеден  түйісіп,  Көкшеден  тарайды.  Сұлу Көкше көшпейді. Сері саяхатшы оны өзі табады. «Хош, Үшкөкше! Келер қысқа шейін кім бар, кім жоқ. Қайда жүрсем  көкейде  жүресің!»  деген  сағынышты  сезім көкейге ұялайды.

Алдымызда – Іргежал, одан әрі Шабыр, одан әрі – Қаракұм. Шаруалардың  –  «Қарақұмға  түйенің  төсін бастырып  қана  өту  керек»  дейтін  құнарсыз  сортаңы осы. Бұдан әрі қарай жусанды жалпақ түз басталады. Жусанды  түз  бірте-бірте  бидайықты  белестерге  ұласады.

…Қысқы  сапардың  жалғасы  да  осы  беткейлерге ұласты.  Маусымның  орта  шеніне  жайлауда  отырған Болат Боранбаевтың үйіне кеп түстік. Өткен уақыттың беделінде ол басынан не кешірді, не ойлады, не сезінді, баршасы – ішінде. Әжуаға бейім күлкілі көзі – сұсты көзге бергісіз тұнғиық. Осы алуандас болмыстың екеуі де ұзақ зерттеуді керек ететін жұмбақ әлем. «Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс». Қойшылар жатырқамай әңгіме шертіскенде, көбінесе шаруашылық жайын қозғасады. «Түйеге  әйт-шуу  медеу»  демекші,  өздерін  өздері пысықтаған саңайды да танытады.

Атадан балаға ауысып келе жатқан қара қазан киіз үйдің ішінде бүлкілдеп қайнап жатыр. Жас еттің ішінде білемдей  ақ  жая  сазандай  бұлқынып,  бетке  шығады. Үй  маңында  торғайлар  дүркірей  ұшпай,  жеке-жеке шықылық қағады. Қайсы бірі жонын үрпитіп, түршіге сілкінеді.  Бозторғай  әнмен  жұмыртқа  шайқайтын, сәскелік  шық  меруерттей  жылтылдап,  сиқыр  сағым жібек  орамалын  желпілдететін  шақ  артта  қалған.

Ақынның:

Баурайы Қаратаудың жаздай салқын,

Қонады көл жағалап қаздай халқым.

Маусымның арагідік аптабында

Жанады-ау жапырақ та маздап алтын! – дейтін шағы осы.

Осындай кезде жайлауда аунап-қунап жатқанға не жетсін,  шіркін!  Бірақ  біздің  сапарымыз  асығыс  еді. Осыны сезінген Болат ас алдында:

–  Асыққандарыңыз  жөн,  әрине.  Биыл  Іңірбай Бейсенбеков озып тұр. Ол әр жүз саулықтан 170 қозы алып,  ауданның  ауыспалы  қызыл  туына  ие  болды. Ауылы  Үшбас  өзенінің  төменгі  сілемінде,  –  деп  бір қойды.

Біз  Үшбасқа  жол  тарттық.  Бұл  шым-шытырық шәркездігі бар өзен. Оның басы шалғайда Үшқайнардан кұралып, аяғы сонау Қызылкөлге құяды. Үшқайнардың ең  бергісі  –  Жамансары.  Оған  шейін  –  сансыз  сай. Құрбақалы, Жыланды, Жидебай, Сауранбай, Ащысай, Төлеген, Қожағұл, Әбілқайыр боп кете береді. Бәрінің жағасында  –  қараң-құраң  киіз  үйлер.  Төлегенге шейін Шымкент облысына қарасты Созақ ауданының малшылары отырады да, одан әрі Жамбыл облысының Сарысу ауданының шаруалары ірге тебеді. Одан әрі тағы да  Шымкент  облысына  қарасты  Алғабас  ауданының отарлары жайлайды.

Үш  ауданның  түйіскен  атырабын  жұрт  бір  сөзбен «ЖКН» деп атайды. Неге жайлау емес?

Бесенеден белгілі, жайлау солқылдаған саз, ажырықты  жазира,  бетегелі  белес  боп  келеді  де,  шалқыған жаздың сәніндей, табиғаттың жаннатындай әсер етеді. Осы сырға қанық қалың елдің жон бөктерін жайлау деп атауға аузы бармайтындай.

Кәріқұлақтар  бұл  жон  туралы  неше  түрлі  әңгіме шертеді. Соның бірі – Асан қайғының арманы. «Әттең, Көсегенің Көкжоны-ай, саңлақтың сауырындай екенсің!» – депті-міс. Бұл Жонның теңіз деңгейінен 2716 метр биік екенін білмеген Асан ата салқын да шұрайлы жердің  қасиетін  парасатпен  пайымдап,  жүрекпен сезініпті-міс.

Не  де  болса,  жалпақ  жұрт  осы  Жонды  мақтаныш етеді.  Шаруалар  шалқыған  сары  жазда  Көсегенің Көкжонынан  аса  соққан  қоңыр  желмен  желпініп, аспанда  ақырын  жылжыған  бұлттың  көлеңкесін саялайды. Күнгейдің жыландай жалаңдаған сары бауыр аптабын салқындатқан қайран Көсеге осы! Теріскейдің барға мәзірі де осы.

Біз  Іңірбайға  осы  Жонның  сілемінде  ұшырастық. Сәлемдесіп жөн сұрасқаннан кейін ол:

–  Биыл  ауа  райы  салқын  болғандықтан  сілемде отырмыз, – деп жайлау жайын түсіндіріп өтті.

Біз ауыспалы қызыл туға құтты болсын айттық. Іңкең көрнеу көңілденді. Ол:

– Біздің қара шаңыраққа қоналқаға барайық. Жолсоқты  боп  қапсыңдар.  Жылқышының  үйіне  ертіп барайын. Қымыз ішіңдер, – деді.

– Мынау қоралы қойды қайтесіз?

– Атой беріп, қолқанатымды шақырып аламын.

Іңірбай  атын  қамшылап,  тізгінін  тегжейледі. Мақпалдай  қара  ат  шиыршық  атып,  атой  берді.  Көп ұзамай біреу желе-шоқытып келе жатты.

Шалшық  сулы  сайдың  ернеуінде  отырған  жылқышының ауылына түс қайта келіп түстік.

Жылқышы рабайсыз жуан без белбеуімен таң қалдырды. Себебін сұрағанда:

– Желім ұстап, белім шойырылып қалды, – деді.

– Жазда жел ұстай ма екен?

– Ыңқыл-сыңқыл жазда сыр береді.

Жасы  отыздар  шамасындағы  жылқышы  үйіне ертіп апарып, сусын берді. Қымызы оңды екен. Бірақ «қысылғанды қымыз шығарадының» кері келмеді. Жас жылқышы кәнігі кәрідей  өзіңді баспалайды. Сұрауға жауаптан әрі қарай көсілмейді. Тұла бойы қымыз сіңген шымыр да шырайлы келіншегі ұнамды-ұнамсыз кеңесті көзінің қиығымен ұзатып салады. Меймандар шеккен шылымның түтінінен қашқақтамайды.

– Келін, сүйікті қымызың жіліктің майындай екен, – дейді Іңірбай.

Осыдан кейін қымыз жайында әңгіме бола бастайды. Оған  байланысты  мақал-мәтелдер  тізбектеледі.  Бағанағыдай  емес,  жұрт  бірте-бірте  көсіліп  барады. «Қысылғанды қымыз шығара» бастады.

– Таудың қымызы тастай болады, – дейді біреу.

– Жоқты сөйлейді екенсің. Көзге салып қойсаң осы қымыз да таңдай жарады, –  дейді екінші біреу.

Көпті көрген кетік тіс Сатыбалды қария:

– Аю отын жеген биенің сүті шалқаңнан түсіреді. Оның сүті ақ болады, ал бетеге жеген биенің қымызы сары болады, – дейді.

–  Сарыарқаның  сары  қымызын  талай  іштік  қой. Бетінде жыланкөз қара май жүзетін біздің боз қымызға не жетсін! – дейді жылқышы.

«Осының сөзінің жаны бар ма, қалай? Мынау боз қымыз ақтаңдай қылды ғой»  деп ойлаймын мен.

Сексендегі Сатыбалды қымыз жайынан ұзақ кеңес шертеді. Ақырында:

Ақ қымыз, бозғыл қымыз, сарғыл кымыз,

Жылан көз қара майлы тарғыл қымыз.

Уызы, саумалы мен сүйектісі,

Шарапсыз шабыт қосар албыр қымыз, – деп өлеңдете жөнеледі.

Өлеңнен көңілденген жылқышы:

– Мың пісіп, жүз сапырған саумал осы. Бұл күшіне соңыра екіндіге енеді, – дейді.

«Мың пісудің» дәнісін кейін білдік. Осы ауылдың жігіт-желең, қыз-қырқыны әр кеште саба пісіп, өз үлесін қосысып  кетеді  екен.  Ертеңіне  совхоз  орталығына баратын сусын сабада дәмденеді екен.

– Бұларың сауап, – дейді Сатыбалды қария. – Баяғыда Сәкен Сейфуллин зереңдегі қымызды иіскеп, ұнатса ғана ішуші еді.

Осыдан  кейін  Сәкен  туралы  әңгіме  лаулайды. Сатыбалды  қарт  баяғыда  Сәкенмен  Әулиеатаға  бірге  барып,  бірге  қайтқанын,  осынау  теріскей  ме, сонау  Сарыарқаның  көшпелі  елінің  қалайша  советтендірілгенін білгенінше баяндайды. Сәкеннің жылқы түлігіне деген сыншылығын айтқанда, аузыңның суы құриды.

– Бұл күнде жылқыларыңыз неге жүдеу? – деп сұраймын мен.

Жылқышы  жігіт  Сатыбалды  қартқа  қарайды. Сатыбалды болса көзімен жер шұқып отырып-отырып, әлден уақытта:

–   Жылқы жануарға бір ікәмәт боп жүр ғой, – дейді.

–  «Ікәмәттің»  не  екенін  біз  кейін  білдік  және Сатыбалдының аузынан естімей, Іңірбайдан білдік…

Іңірбайдың үйі бастау басында боп шықты. Ақтылы қой үйрім-үйрімнен су ішіп жатыр. Ақ ауыз ақау ісектер таңынан  жарылардай  зеңкиіп-зеңкиіп  тұр.

Отбасы, ошақ қасында Іңірбай сыр шертіп өтті.

– Биыл арпа орылды. Аңызына қалың тұяқты қаптатып аламын. Шопан ата жарықтық күн санап, сағат санап семіреді.

– Масақтан қойдың іші жарылып кетпей ме?

– Бабымен жаямыз, бабымен. Әр нәрсенің мөлшері болады, жігіттер.

Қалың  қой  қайтадан  өріске  кетті.  Дауыс  жететін жерде, шүйгін беткейде бытырап жайыла бастады.

– Қарашаға шейін қасқыр жоқ. Осы бейбітшіліктің шырқы бұзылмайды, – дейді аға шопан.

– Жаздың бейнеті жеңіл екен ғой.

– Әр жерде әртүрлі. Біздің өңірдің бейнеті желтоқсанда, ақпан-тоқпанда, одан әрі – боранды наурызда. Ал, алты ай жаз, обалы нешік, жанға жайлы-ақ!

Ас үстінде Іңірбай біраз ақтарылды. Ол өзі, әйелі Қалыш, Қолқанаты,  Мысыр – үшеуі  700  қойды  қысы-жазы  бағып-қағатынын,  озық  абырой-атаққа  ие  боп келе жатқанын айтып өтті. Аға шопан сөзінің куәсіндей жапсара  қызыл  жалау  желбіреп  тұрды.  Әңгімесінің соңында Іңірбай «жеке шапқан жылқы жүйрік» болмас үшін қойшы қауымның қамын ойлайтынын да меңзеді.

Көпті  көрген  Іңірбай  Бейсенбеков  өзінің  көкей көсеуін  былайша  жеткізді.  «Шілдің  боғындай  бытыраңқы  өмір  сүру  жарамайды.  Сайын  сахарада малшылардың  етене  қауымы  болуға  керек.  Сайысы, аңшылығы, сауығы. Шалқыған бұл қауымға қалалықтар қызығып  келетін  болсын.  Сонда  мал  өсіру  еңбектен зейнетке, шарадан салтанатқа айналады. Жазғы жайлау, қысқы өріс жеткілікті. Ендеше, мал санын осы күнгіден әлденеше рет арттыруға болады».

Қойшы  Іңірбай  жылқыға  асыл  жем,  жақсы  күтім керек екенін айтады. Осы күні осы теріскейдің өзінде жоңышқаны  үш  орып  алып,  төртіншісін  көрпеге айналдыратын жекеменшіктер бар. Ал, сонау күнгейде – бес орып алу машықты іс. Совхоз ондайға бармайды. Бармағасын жылқы жануар қалайша өседі?!

Жылқы  туралы  ұзын-сонар  хикаялар  басталды. Жылқының қаны, еті, сүті, тезегі сөз болды. Іңірбай көкейкесті  кеңесінің  аяғын:  «Әттең,  асыл  тұқымды жылқының қаны бұйырғанда, мен әрбір 100 саулықтан 170 қозы алмай, екі жүз қозыдан алар едім. Жоққа не шара?!» деп өкінді.

Оның айтуынша, жылқы жануарды көлік деп қана түсіну – сұмдық қате. Жылқы қалың қарда қойға жол ашады. Тебіндеп шығатын жылқы ауа райын керемет болжайды.  Бұл, әсіресе,  малшылар  жайлауға  қарай ығысатын шақта, жұттан сақтануға үлкен себеп.

Қойшының  іс-тәжірибесін  сұрай  бастап  едім, жалтарып кетті.

–  Әркімнің  тәжірибесі  өзіне  тәуелді.  Бір  өңірде жүріп  біреудің  баққан  малы  семіз,  біреудікі  –  арық болатында терең сыр бар. Менің қызғанышсыз айтатын бір сырым – қойды көл жаққа қар түспей апару обал.

Кермек жердің шөбі уытты болады. Оны жауын-шашын шаймай  тұрғанда  мал  қаптатсаң,  ішіне  жақпайды. Осыны білмейтін кейбір басшылар: «Әйда, шетіңнен көшесің!»  деп  бұйрық  береді.  Тісқаққан  Іңкең  оған көнбейді! Ғасырлық тәжірибені есте тұтады.

Шаруашылықтың жай-күйі тағы да жылқы түлігіне соқты. Іңірбай өзінің қылшылдаған жігіттік шағын еске алып өтті.

–  Біздің  елде  ат  жалын  ұстамайтын  еркеккіндік болмаушы  еді.  Көрші  жұрт:  «Үшбастың  тастарының астында  алтын  бар,  бұларды  алтынның  буы  ұрады, шабандоздығы сондықтан» деп шарасыз сүйсінуші еді. Сол жорамал расқа айналды. Осы өңірдің тасы қаланың қайрағынан  асыл.  Білгіштер  аршып  алады.  О баста батыр бабамыз Тағай деген кісі  біздің  тайпаны  осы өңірге орналастырған екен. «Ашатұяқ арам қатпайтын құтты  жерді,  егіні  бітік,  сүтті  жерді»  таңдаған  екен. Шетімізден шабандоз сері, бапкер боп өстік. Әттең, бұл күнде жылқыда тапшылық бар. Сен жазғыш болсаң,осыны жаз! Зілгерліктің төркінін тап!

Қарт шопанның сөзі көңілден кетпей қойды.

Түнде  мен  көпке  шейін  ұйықтай  алмадым.  Көз  алдыма  жылқының  сымбаты  елестеді,  құлағыма  құлынның кісінегені шалынғандай болды. Бір жылқы мың жылқыға, бір құлын жүз құлынға айналып, шалқыған, ызғыңдаған жануарлардың ортасында қалдым. Алтайдан Оралға шейін қаптаған қалың жылқы көлгендеді. Сол сайын  сахарада  желдей  жүйрік  желгіштер мен  сапар шеккен  саяхатшылар  жадыма  оралды.  Тебін  тепкен жабы, тобылғының бүршігін жеген тұлпар, сазға байланған  бие  өз  шежіресін  үзбегендей,  ділгерліктің төркініндей, бүгінгінің көкейтесті түйініндей әсер етті.

Ертеңіне  біз  салт  атпен  Жонға  қарай  өрлеп  бара жаттық.

 

«Тәкен Әлімқұлов. Шығармалары» кітабының 1-томынан алынды (Алматы, «ҚазАқпарат», 2013 жыл)

Добавить комментарий