Тас еденінен өткен сызы сүйегіңе жетіп сырқырататын, қабырғасының сылақтары түсе бастаған барактың ішіндегі күлімсі иіс қолқаңды қаптырып, кеңсірігіңді жаратындай. Жағалай қойылған үш сатылы ағаш кереуеттердің әрбірінің өз иесі бар. Фәни кеңістігіндегі тозақтай болып елес беретін КарЛАГ-тың айналасындағы саздауыт жерлерден шабылған қамыс әкеліп төселген, ішіне қазөті салынған кенеп қаптардан жастық жасалған. Көрпе орнына әр тұтқын бүрісіп жатып өз күпәйкелерін пайдаланады, түйе көрпе жамылғандай әбден бой үйретіп алған. Бұрыштағы кереуеттің үстінде күнделікті меһнат жұмыстан ығыры шығып, еңселері жығылып, қажығандарынан жүздеріне түскен терең әжімдері сыр беретін үш тұтқын отыр. Алдарында тақтай үстел. Тұтқынның біреуі қалың қасты, қоңқақ мұрынды, қазанбас жігіт ағасы жергілікті газеттен жыртып алған қиындының сыртында Сталиннің суреті немесе Совет үкіметіне қатысты мәтін үзіндісі жоқ па деп сезіктеніп, аударып бажайлап қарады да, бір шетін шиырлап көк темекісін салып, тілімен түкіріктеп орау қамына кіріскен. Ұқыптылығы сондай, қапасқа қамалмас бұрын етікші немесе зергер болғанға ұқсайды. Екінші кең маңдайлысы шынтағын үстелге тіреп, алақанымен иегін таянып отыр. КарЛаг-қа келгенге дейін ағартушылық саласында еңбек етті ме екен, жоқ әлде мемлекеттік қызметте болды ма, жазу-сызуға шапқан аттай жүйрік екені айқын көрініп тұрған қасқабастау адам. Тұңғиық терең ойға сүңгіген. Үшінші тұтқын үстел үстіндегі сары, жалаң қағазға сұқ саусақтың ұзындығындай ғана қара карандашты езуіне салып сілекейлеп, бір бүйірлеп бір нәрсе жазбаққа бекінген. Бұл сонау Павлодар уезі Куйбышев ауданына қарасты Пролетар селолық советінің «Ленин» колхозынан бір пұт бидайды түбіт шәліге ауыстырғаны үшін он жыл жаза арқалап айдалып келген Айдарбек Қиқымбаев еді.
– Ұлы көсеміміз Иосиф Виссарионович Сталинге деп жаз, – деді ойға сүңгіген тұтқын бұйырып.
– Дұрыс солай баста, – деп сөзге араласты көк темекісін орап болып, тұтатқан шылымын жазғы таңның жұпарын жұтқандай құшырлана сорған екіншісі.
– Виссарионович дегенде бір емес екі С жазылады.
– Орыстың атын бұрын кім жазып көрген? – деді Айдарбек қажығанын ұмытып қалжыңдап.
– Мен саған аңдап сөйле дедім ғой. Қабырғаның да құлағы мен тілі бар, – деп ашуланғанын алайған көзімен көрсеткен қасқабас қабағын түйіп.
– Болды, болды. Жаздым. Әрі қарай менің әкем Игіліктің баласы Қиқымбай бай болған адам, Руы Бәсентиін деген атаның ішіндегі Малтабар. Балтабай, Қайдар деген балаларымен өз шаруасын дөңгелетіп, Совет үкіметіне зиянын тигізбеген адамдар деп жалғайын ба? – деді Айдарбек намаз оқып отырған адамша екі иығына кезек-кезек қарап, шоқша сақалын уыстап сипап.
– Осы сенің денің дұрыс па? Бай деген сөз сенің түбіңмен тас-талқан етіп, топырағыңды сыпырып тастауға жетіп жатыр. Мына былшыл сөзіңді бізден басқа тірі пенде естімесін! Тісіңнің арасындағы тесіктен өтіп кетсе өзіңнен көр! – деді дар ауыздың ұңғысындай дүрс еткен қасқабас аузын алақанымен жауып. Шүйдесінен түрмеде жауап алу кезінде ГПУ жендетінің таяғынан түскен жараның орнында мәңгілік белгі болып қалған тыртықты тырналап қояды. Соңғы уақытта сақинасы ұстап, бас сүйегіне темір құрсау салып қысқандай көзі қарауытатынды шығарған. Иегін таянып отыратыны да содан. Қолын алса басы сылқ етіп мойнынан үзіліп түсетіндей.
– Былай деп баста!
Үшінші мүшел жастың босағасын енді аттаған Айдарбек бала күнінде ауыл молдасынан ежелеп хат танып, кейін жазу-сызуды аздап үйренгені болмаса жарытып оқу оқымаған. Колхоз бригадирі болғанда мысықтың аузынан түскен майлы шандырдай мылжаланған қойын дәптеріне адамдардың аты-жөнін, есеп-қисапты жазып машықтанғаны бар.
– Енді жоғалтатын нем қалды? Ақиқатын айтайын. Әкем Қиқымбай, атам Игілік, Оның әкесі Нанбай, Нанбай Жиенқұлдан тарайды, Жиенқұл Есеннің ұлы. Есен Малтабардан тамырлайды, Малтабардың арғы жағы Ақтілес-Бәсентиін-Арғын деп өрбітейін. Бәрі ауылда ауқатты жандар болғанын айтайын. Тоғыз жасымда шешем өліп, он бес жасымнан Тереңкөл төңірегіндегі Байғоныс ауылы аумағында мал өсірген помещик Василий Леоневтің малын баққанымды, 1920 жылы әкем Қиқымбай қыстағында балаларымен Өртқамағанның қасындағы Италмас алқабында сегіз гектар егін еккенін, адамдар жалданып күзде сол алқапта малын баққанын, сауда жүргізгенімізді жазамын. Хатталып қала берсін, басқа қандастарымның өмірін жалмап жатқан бір түйір қорғасыннан бүркенейін бе? Ажалымды алдынан арқан керіп күтіп алмастан басқа амал қалды ма?! Жайлауына мал біткен әкем Игілік 1928 жылғы байларды кәмпескелеудің бірінші қанды легінен аман қалғанмен, 1929 жылы тырнағына тұтылып Ысқақ, Сұлтан, Оспан секілді орта шаруа иелерімен бірге тышқақ лағына дейін қалдырмай тақырына жеткізіп тырналап кәмпескеленгенін, өзім қашып Максим-Горький ауданына кеткенімді жазайын. Ол жақтан қайтып келіп Ертіс ауданындағы балық артелінде үш айдай жұмыс істеп, сол жылы Бабақ ауылы аумағында құрылған «Ленин» колхозына ағаларыммен еншімізде қалған малды қолдан беріп, өзім егін бригадасының бригадирі болып, Совет үкіметіне беріліп жұмыс істегенімізді қағазға түсірейін. Сталин жолдас оқыса бәрін түсініп, кешіріммен қарар.
– Айдарбек, шынымен осы сенің ақылың орнында ма, жоқ әлде көзсіз батыр деп мақтағанға марқайып, соның буымен мастанып соқыр көбелектей жалыны кірпігіңді күйдіретін отқа барып өзің түспекпісің, – деді темекісінің тұқылы сарғайған тырнағын күйдірсе де соңғы рет қомағайлана көк түтінін сорған тағдырласы шыдамы шыдас бермей.
– Барлық қазақ барымызды айтып жаза берсек, елге кім қарайласады? Өзіңе жаның ашымайды екен, ауылда қалған қазақ балаларына жаның ашуы керек қой. Қашанғы көзсіз батыр боламыз деп барымыз бен жанымызды советтің қолына ұстата береміз. Амалын табу керек. Сталин де адам, ол да түсінер. Тасқа да қына бітеді емес пе, – деп жан-жағына ұрлана қарады қасқабас. Одан кейін иегімен нұсқап жаз дегендей тағы ишарат танытты. Оқтай атылған сөздері мен оттай қарыған көздері Айдарбектің өңменінен тесіп өтіп, ішкі жан дүниесін ала құйындай астан-кестең қылды. Айтқанын саусақтары икемге келмесе де қарындашпен ирелектеп бұлжытпай түсірді.
«Мен Қиқымбаев Айдарбек, 1895 жылы Павлодар уезі Куйбышев ауданы Пролетар селолық кеңесінің «Ленин» колхозында дүниеге келдім. Нақтылап айтсам, бұрынғы Алқакөл болысына қарасты Қиқымбай қыстағы біздің атамекеніміз. Әкем Қиқымбай да, екі ағаммен мен де байларға жалданып асымызды айырған кедейлерміз. Тоғыз жасымда анам қайтыс болып, мен де ағаларыммен байлардың малын бақтым, егінін ектім. 1929 жылы малымызды кәмпескелер кезде білместікпен қашып кеткенім рас, бірақ кейін Совет үкіметі қазақ халқының жағдайын жақсарту үшін келген үкімет екенін түсініп, жаңадан құрылған «Ленин» колхозына бар малымызды өз еркімізбен беріп, ағаларыммен соның құрамына қуанышпен ендік. Мен жаланың құрбаны болып, қазіргі күні нақақтан нақақ КарЛаг-қа тап болдым. Колхозда егіс бригадасының бригадирі болып жүрген уақытта бір күні мені колхоз төрағасы шақырып алды.
– Айдарбек, сенің қарамағыңда жұмыс істейтін Қараша деген әйелді білесің бе?
– Иә, білемін.
– Ертең менің кенже келінімнің туған күні. Елдегі жағдайды өзің көріп тұрсың. Сол әулетіміздің құтындай болған келініме Қарашаның басындағы шәліні сатып алып сыйласам ба деймін. Сен барып сөйлесші, бір пұт бидай берейін, түбіт шәлісін маған сатсын.
Мен сол күні Қарашамен барып сөйлестім, ол бір шелек бидайға маған түбіт шәлісін сататын болды. Жұмыс уақыты аяқталған шақта бөтен ойға шырмалмай, дорбаға салынған бір пұт бидайды апарып бердім де, түбіт шәлісін күпәйкемнің ішінен беліме орап үйіме алып келдім. Маған қастық ойлағандар, колхоздастыруға қарсылық көрсетіп кәмпескеден қашты деп пышақтарын белбеулеріне жаныған белсенділер кешкі алакөлеңкеде қырманнан бастап менің үйіме дейін әр жерге бидай шашып тастапты. Аудандық ГПУ-дың адамдары сол ізбен келіп «мемлекет меншігіне қол салдың, колхоздың бидайын ұрладың, мемлекеттің меншігін талан-таражға салып әйеліңе шәлі сатып алдың» деп айыптап, нақақтан нақақ жала жауып, қолымды қайырып алып кетті. Сол кеткеннен туған-туысымның дидарын көрген емеспін. ГПУ-дың адамдары төрт күн бойы нәр таттырмай тепкінің астына алды. Бір бүйрегімнің тоқтаусыз шаншитындығы сондай, шахматтың атындай болып тік отыра алмаймын. Тәуліктеп ұйықтатпай, бір жұтым қара суға зар қылып азаптаудың сан түрін көрсетті. Ақыры амалсыздан мойындап қол қоюыма тура келді. Қазір КарЛАГ-та жер қазып, тас ұсату жұмысындамын. Бұл мен секілді мүгедек адам үшін қиямет-қайым күндер», – деп жазғаны қасқабасқа ұнаған тәрізді.
– Міне, мынауың енді дұрысталды. Соңғы жағына жаңа жолдан «Құрметті Совет үкіметі халқының көсемі! Сізден менің қылмыстық ісімді қайта қарап, мәселенің ақ-қарасын анықтап, әділ шешім шығаруға ықпал етуіңізді сұраймын», – деп жаз да бүгінгі күнді қой.
Жазған өтініші тағдырластарының көңілінен шыққанына қуанып қалған Айдарбек күнді көрсетпекке бекінді. Бірақ қай ай, қай күн екенін білмеген соң, «1932 жыл» деп қана қарандашын қадап тұрып жазды да, қолтаңбасын сызбайлап салды.
Сол түні Айдарбек үлкен жұмыс тындырғандай жақсы ұйықтады, тіпті өгіз соқамен Италмастың тоңын аударып келіп, жапырақтап тураған сүр қыртысты етті кезектей қылғытып, құрт сорпаға қанып алып, құс төсекте шалжия жатқандай рахаттанып қорылға басты. Екі тағдырласы ұзағынан болсын деп тілесті.
***
Айдарбектің өтініші Сталин жолдасқа жеткен, жетпегені белгісіз. Сегіз айдан кейін Қарағандыдағы КарЛАГ-тан Ленин колхозына оралды, аштықтан жапырағы түскен күзгі талдай жұтап қалған ағайындарымен қауышты. Тек көзіне түбіт шәлінің шырғалаңына салып, өзі судан құрғақ шыққан колхоз төрағасы түспеді. Жақында колхозға ГПУ-дың адамдары келіп кетті деген лепесті естіген…
Бейбіт БӨЖЕН