Көкала қойдың жамбасы
Алтайдың теріскейі Қобда бетіндегі аз қазақтың ата қонысы қайсы еді дегенде, Текелі жайлауының текшесі мен Көксерке тұйығына мөлдіреп біте қалған көгілдір көл еске келеді. Ал бұл жаққа киіз туырлықты көшпелі қазақтың қоныс аудару тарихына үңілсек, сонау 1930 жылдардағы алапат кезеңге тірелеміз. Оған дейін Өр Алтайдың Көктоғай, Бурылтоғай жерлерін мекендеп тұрған (бұл енді жеке әңгіме). Сол Көксерке, Текелі жондарының ақбас шыңдары мен ақсамайлы доңғылдарында ізі, жұрттарында атының түгі қалған аталарымыздың бірі –Тәкібай Сайырбайұлы. Ол ауылына ғана емес, аймағына сыйлы кісі екен. Айналасына бет-беделі бар, ақылгөй адам болған. Сол кісінің алабөтен малсақтығы, адам сенгісіз қырағылығы туралы мына бір оқиғаны кейініректе Ақжол ауылында тұратын Халық Айдарханұлы есімді ақсақалдан естіп едім.
Тәкібай ақсақал қорасына мыңғырған қой біткен, өрісінде үйір-үйір жылқысы, табын-табын тарғыл сиыры бар өз заманының іргелі байы болған кісі екен. Соған сәйкес көгеніне көріп берейін десең, тышқақ лақ бітпеген кедей-кепшіктерден қолын тартпайтын алақаны ашық адам деседі. Ол кездегі байлардың жайы белгілі ғой. Өздері төрт түлік үшін тұяқ қыбырлатпайды. Бірақ, ауыл арасындағы малдың жай-күйін жақсы білетін мықты жігіттерді жинап алады да, жыл он екі ай соларға бақтырады. Атамыздың таңдаулы малшыларының бірі – Іргебай деген кісі болыпты.
Іргебай бастаған жігіттер қыста малды Ақұнты жонындағы қыстаққа айдап кетеді екен. Бұл – жылдағы бұзылмас дәстүр. Бірде әлгі малшы жігіттер қыстаққа орналасқан соң қоралы қойдың ішіндегі ең семізі әрі ірісі болған бір көкала еркек қойды «жығып» алады. Қысқы азыққа. Бір күні малдың жайын білуге қыстаудағы қосқа көмекшілерімен бірге қожайын келеді. Сол күнгі аспаз көкала еркек қойдың бір жілігін жамбасымен қоса қазанға салады. Кешке ел орынға отырған уақытта ет те пісті. Қонақтар төрге жайғасып, дастарқан жайылды. Көп кешікпей жамбас майы дірілдеп, буы бұрқырап ас қойылады ортаға. Сонда абыз қария ас табаққа шұқшия қарап отырып: «Ау, жігіттер, отардағы мың бас малдың ішінен осы көкала еркек қойдан басқа тіске басар таппадыңдар ма?» дейді. Айтарға сөз таппаған малшы жігіттер бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап отырып қалыпты. Сөйтсе, көкала еркек қой атамыздың көктемде құрбандыққа шаламын деп ниеттеніп қойған малы екен. Алдына пісіп келген жілігі мен жамбасынан-ақ танып қойған ғой.
Сонда: «Дәл мұндай қырағы адамға мал-дәулет бітпегенде кімге бітеді?» деп таңданысқан екен отырғандар.
Дала докторы
Кішкентай күнімізден ауылдық жерде өсіп, төрт түлік малмен «дос» болдық. Төрт-бес жастан бастап, қозы-лақ жайдық, тоғыз-он жастан бастап қой бағуға жарадық. Үлкендердің бір отар қойды сеніп тапсыруы – есейгеніңді білдіреді. Ол кезде қозы-лақ бағу «эстафетасын» кейінгілердің қолына ұстатамыз. Неге екенін кім білсін, кішкене күнімізде «бәленнің қозышы баласы» дегеннен гөрі, «қойшы жігіті» деген атаққа жетуге тырысатынбыз. Бар арманым осы еді…
Әлі қозы-лақтың деңгейінен аспаған, қозы өрісінен ұзап шықпаған кезім болатын. Жаздың шіліңгір ыстығында да, күздің қоңыр салқынында да үй маңайында жалаң аяқ шапқылай бересің. Бастапқы кезде табаның біраз тілімденеді де, кейін қара қайыс түйе табан болып бекіп қалады. Күн суытып, жаңбыр жауса ғана бірдеме ілген боласың.
Бір күні қозы қайырып жүріп табаныма кірш етіп тікен кіргенін аңғардым. Дереу суырып тастағандай болғам. Бірақ, тікеннің ұшы май табанда қалып қойыпты. Аяғым ауырғыштап жүргендей болды, ет қызумен аса мән бере қоймадым. Арада екі-үш күн өткенде күп болып ісіп, етігім симай қалды. Оның үстіне мүлдем жүре алмай ақсаңдадым да қалдым. Үлкендердің назары сонда ғана ауды. Сөйтсем, тікеннің ұшы қалған жер іріңдеген, одан кейін бітеу жараға айнала бастаған…
Үйде бізді құстың көлеңкесінен қорғап өсірген жасы сексеннен асқан әжеміз бар. Біздің үйдің дәрігері де кеңес берер ақылшы да – сол кісі. Кез келген ауру мен жарақатты табиғи жолмен емдей қоятын. Бір қызығы, қандай шара қолданса да құлантаза айығып кетер едік. Иә, біздің үйдің адамдары аса бір күрделі сырқат болмаса, қаладан дәрігер шақырып, әуре болмайтын.
Сөйтіп, әжем менің аяғымды емдеуді өз қолына алды. Сонымен не керек, әлгі бітеу жараның бетіне жаңа сойылған қойдың бұлшық етін, яғни жас етін салды да сыртын жұқа жылтыр қағазбен (целлофан) орады. Оның сыртын таза матамен таңды. «Аяққа әзірге қатты салмақ салуға болмайды, көп жүрме, екі-үш күн үйде бол» деді. Әжеміз айтты – бітті, шалқайып жатып қалдым. Біреу бір жаққа жұмсаса, «әжем ешқайда жүрме» деп айтқан дейсің. Болды. Соның арқасында бірнеше күн қозыдан босап, дем алдым.
Табандағы ісік біртіндеп қайтып, сыздап ауырғаны да сирей бастады. Шамасы үш күн өткен соң ғой деймін, ақ матаны шешіп, жас етті алды. Бітеу жараның бетіне иненің көзіндей тесік пайда болған. Осы тесіктен іштегі ірің де түгел шыққан. Осылайша табандағы жара жазылды. Бұрынғы жұмысыма қайта кірістім. Міне, сол күннен бастап жаңа сойылған қойдың бұлшық етінде бітеу жараның көзін ашып, іріңін сыртқа тартатын емдік қасиеті барын білдік. Осындай халық емінің жайын білетін көне көз қариялар қазіргі жоғары білімді мамандардан кем түспейтін еді. Бір өкінер жайт, қазір сондай «дала докторлары» азайып барады…
Атамның «Қамқор қанаты»
Бір сәт оңашада ойлансам, артта қалған балалық күнімнің кейбір сәттері санамда ескі альбомдай ақтарыла береді. Небір көркем һәм тозған ленталар тізбектеліп, көз алдымда жылыстайды. Балалық күнім дейтіндей көп өмір сүріп тастаған жан емеспін. Бірақ меніңше естелік айту үшін алыс бел асып, сақал-шаш ағарту тағы міндетті емес. Азды-көпті, көрген-білгеніңді есте сақтап, оны қағаз бетіне орнымен түсіре білсең болды. Қазақта: «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген бар…
Біздің ауылдың жылдағы жайлауы – Текелінің Ұзыноғы. Ұзыноқ деп отырғаным – шамамен 15-20 шақырымды құрайтын ұзын шатқал. Шатқалдың жоғарғы тұйығынан етегіне дейін ауыл қонады. Ине шаншар орын болмайтын. Кейде бірін-бірі етектей қонған екі үй арасында ұрыс-жанжал да шығып жатады. Айтатындары – кешкі малдың өрісі тарылады, қозы-лаққа жайылым қалмайды.
Расында, бір-бірін алқалай қонып, жақын отыратын малшы ауылда береке болмайды. Әсіресе, кешке мал сауатын мезгілден қораға иіретін ымырт уақытына дейін қойшы балалардың жанында тыныштық болмаушы еді. Себебі, кешке қораға қарай беттеген екі ауылдың малы үй маңына сыйыспайды. Бытырап жатқан малдың шеті ілінеді бір біріне. Содан кейін қотан ішіндегі қошқар-теке жүгіріседі. Я болмаса енесінен адасқан қозы-лақ қашады…
Жайлауда ел көп болған жылдары өрісті жаздың соңына жетпей ерте мүжіп тастайды. Ал жауын болмаған кезде жайылым ерте қуаң тартып, ұсақ малдың дәл тойынатын уақытында тықырлайды да қалады. Мұндай кезде көп малшы төрт түлігін жазда ел көп бара бермейтін биік жонға қарай отарлатып әкетеді. Біз де жаз ортасы ауа Делун кезеңін асырып, жусанына тіс тимеген нағыз құйқалы жерге қос тігетінбіз.
Ауыл етекте қалады. Бір-екі адам түйеге басын буып тігетін шағын қара қосты, қазан-ошақты, киім-кешекті артып алып, бар малды айдап, төр жайлауға қарай ырғалап кетеміз. Жылына бір рет төр жайлауға бару – мен үшін жұмақтың қақ төріне шығумен бірдей. Көбінде ол жаққа атам екеуіміз барамыз.
Бірде мініс атымызды бекітіп, малымызды қораға иіріп, үйге кіргенде қою қараңғылықпен бірге төбемізге қара қожыр бұлт төніп келе жатты. Содан кейін қара қостың сыртын сытырлатып, жаңбыр тамшылай бастады. Қос болғанда, жөні дұрыс жай емес, белдеуге байлаған атымыз сүйкеніп қалса, қиқаң ете түсетіндей. Тіпті қаттырақ жел соғып, құйын ұйтқыса, ұшып кетер жағдайда.
Қосты жылда түйеге теңдей бергендіктен, уықтары майысып, керегелері қақырап кеткен. Түн қараңғылығы түскенде, әр жерінен ай сығалап, жұлдыздар жымыңдап тұратын саңылаулары болады. Не керек, басымызды жастыққа қойғанда себезгілеп, жаңбыр жауа бастады…
Таңға жақын уақыт болса керек, күннің қатты күркірегенінен шошып ояндым. Жаңбыр нөсерлеп құйып тұр. Қостың саңылауларынан қара бұлтты қақ жарып түскен найзағай жарқылы білінеді. Ал атам болса, айналамда бүкшеңдеп бірдеңе істеп жүр. Күн күркіреген сайын «субханалла, субханалла» деп күбірлейді. Сөйтсем, мен шарт ұйқыда жатқан кезде қостың ішіне су кірген екен. Атам маған су тимес үшін ыдыстың қақпағы, қамшы, оқтау сынды үйде бар заттың бəрін уықтың қарынына қыстырып, суды басқа жаққа қарай ағызып қойыпты. Мен жатқан жер ғана жұмыртқаның ұясындай құрғақ. Төбеден сорғалаған су сылдырлап іргеден сыртқа қарай ағып жатыр. Атамның үсті-басы да малмандай. Оған қарап жүрген ол жоқ. Бар амал-айласы – маған су тигізбеу. Тура балапанын қанатымен қорғаштаған қарлығаштың әрекеті дерсің…
Кейін біз де етек-жеңімізді жинап, сол ұядан ұштық, жан-жаққа кеттік. Бірақ, қанша қалықтасақ та атамның сол бір қамқор қанаты төбемде әлі жайылып тұрғандай сезіледі. Ол – атамның біздер үшін жасаған дұғасы мен тілегі деп топшылаймын…
Бүгінде сол жұмыр жердің жұмағындай болған Делун жайлауына қысы-жазы мал тұяғы тимейді. Баяғыдай Ұзыноқтың тұйығына жарыса көшіп, жайғасатын ел де жоқ деп естимін. Алаңсыз балалығымның таңдары атып, кештері батқан қара жұрттың бос қалғанын ойласам біртүрлі құлазып кетемін.
Жігітке таяқ жегізген жамбас
Қазақтың керемет құндылықтарының бірі – ет турау дәстүрі. Ұлт танымындағы жазылмаған заңдылық бойынша астаудағы етке алдымен үлкендер қол тигізу керек. Яғни, әркім өз сыбағасына иелік етеді. Әсіресе, жамбас ұстау – екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін құрмет. Төрде төредей қария отырғанда, есік көзіндегі жастар жамбас ұстауы – аса көргенсіздік болып есептеледі. Бір ағамыз жастау кезінде басынан өткен бір уақиғаны айтып еді. Көптен бері қағаз бетіне түсірсем деп жүретінмін. Енді ғана сәті келгендей…
– Қазақы жөн-жосықты әлі дұрыс біле қоймаған жас кезім еді, – деп бастады ағамыз әңгімесін. – Жігіт болып, бозбала желіктің бас көтерген шағы. Тең құрбымен үзеңгілесіп, сейіл құрып, қызды ауылды жағалап жүреміз. Біріміз жылқы қараған, енді біріміз түйе іздеген болып шығамыз үйден. Сондай бір жүріс кезінде Қобда өзенінің төменгі жағалауы Қызыл қарағанда күзеп отырған ауылдардың үстінен шықтық. Шеткі үлкен ақ үйдің белдеуінде төрт-бес ертоқымды ат байлаулы тұр. Иттерді абалатып, біз де келіп түстік. «Ассалауды» жаудырып үйге кірсек, өңірдің көнекөз қариялары, көптің сөзін ұстаған үлкендері жиналып қалыпты. Түскен үйіміз алқапқа аты мәлім Мұқан жылқышының шаңырағы болып шықты. Арғы-бергі тарих қопарылып, жақсы бір мәжіліс болып жатыр екен. Сары май кілкіген қызыл күрең шайды сораптай ұрттаған жұрт әңгімешіл қарияның сөзіне тамсанады. Отырған жұрт біздің сәлемімізге шұбыра жауап берді де, оюланған тақиясы бар күміс сақалды қарттың әңгімесіне қайта құлақ бұрды. Біздің қайдан жүргеніміз оларды қызықтыра қойған жоқ. Сөйтіп әңгімеге балқып біз де отырып қалдық.
Әлден уақытта шай дастарқаны жинастырылып, қонақтарға арнайы асылған сыбаға ет ортаға келді. Бұл – күзеуге қонған елдің ауылдас-көршілерді шақырып, күздіктен дәм татыратын бұлжымас дәстүр. Бата жасалды. Төрде отырған әңгімешіл ақсақалға жамбас ұсынылды. Әлгі атамыз «жоқ, қарақтарым, батасын қылдым ғой, жамбасты өздерің кесе беріңдер» деп ұлықсат етті. Көпшілік «жоқ үлкен кісі, сіздің жолыңыз, сіз алыңыз» деп жалпақтап жатыр. Отырғандардың ешқайсысы жамбасты алар емес. «Бұларды қинамай мен неге турай салмаймын» деген ой лап ете қалмасы бар ма: «Рұқсат болса, мен кесіп берейін» деп сары мойын бәкімді жалаңдаттым. Үлкендер «Ала ғой, ала ғой» деп ет толы табақты ыңғайлай берді. «Әп, пісміллә» деп өткір бәкімен төңкерілген жамбасты жапырақтап жатармын. Одан кейін астаудағы ортан жілік пен тоқпан жіліктің шаруасын бітірдім. Сол екпінмен жауырынның етін сылып тастадым. Осы мезетте үлкендердің бірі маған:
– Қарағым қай ауылдың баласы боласың, – деді қатқылдау үнмен.
– Жоғарғы Қызыл таудың сыртында отыратын «бәленше» шалдың баласы боламын. Өзенге түсіп кеткен жылқы іздей келіп едім.
– Е, жөн қарағым, қолыңдағы бәкіңнің өткірлігіне сүйсіндім, – деді бірі.
– Өзінің қолы епті бала екен, етті қандай жақсы турайды, – дегенде отырғандардың бәрі ду күлді. Үлкендердің алдын орап, сыбағаларын турап тастағанымды жақтырмай қыжыртып отырғанын мен қайдан білейін. «Мақтау» естіген сайын табаққа төне түсемін. Арасында «Бәкімді әкем саптап беріп еді» деп бір мақтанып қойдым.
Кешке үйге оралып, әкеме көрген-білгенімді айтым:
– Солай да солай, өзенге түсіп кеткен жылқыны көріп қайттым. Қызыл қарағанға ел түсіпті. Жылқышы Мұқанның үйінен ауқаттандым. Әнеукүні сіз саптап берген бәкімен жамбас кестім, – дедім. Әкей ежірейіп, «ақсақалдар саған не айтты?» деп тіксіне қалды. Мен болсам, дастарқандас шалдардың ептілігіме «мақтауымды» асырғанын және қалай «сүйсінгенін» айтып бердім. Әкей:
– Ей, көргенсіз-ай, мына қылығыңмен менің бетіме шіркеу келтірдің-ау. Алдыңда ақ сақалды қария отырғанда жас баланың жамбасқа жармасқанын қай ата-бабаңнан естіп едің, – деп ақырды.
Төбеме ойнаған қамшының астынан әзер қашып құтылып, сыртқа шықтым. Міне, содан бері өзімнен бір жас үлкен адам отырса қолыма пышақ ұстап, ет кеспейтін болдым.