(әңгіме)
Қайсар жанын жегідей жеген осы бір ойдан әбден қажыды. Ойламайын-ақ дейді, көңілін басқа бірденелермен алдандырғысы келеді, болмайды. Қырсыққанда сырттағы жаңбыр да толастамай қойды, түнерген аспан жүдеу көңілді тіпті қалтыратып, дел-сал күйде еңсесін көтертер емес. Көшеде суға сүңгілесіп үйлеріне қарай безектеген бірен-саран кісілерден басқа тірлік нышаны сезілмейді. Жатақхананың кең дәлізінен ары-бері сабылып жататын студенттердің де тыҚыры сап тыйылған. Ел көшіп кеткен ескі жұртта жалғыз қалғандай, терезеден сыртқа тесілген күйі жиі-жиі күрсінуде. Көкірегіне белгісіз бір жалын болып, өзегін өртеп бара жатқандай. Темекі іздеп еді, қырсыққанда Бекен де тастамай кетіпті. Анда-санда өстіп жанын қоярға жер таппағанда темекі іздейтін әдеті.
«Жақаннан ұят болды-ау…»
Тағы да сол ой. Тәттіге үймелеген шыбындай қанша қуса да кетпеуін қарашы. Әй, мейлі, қанша ақталып, қанша ойдан қашқанмен кінә өзінен, егер осындай ынжық болмағанда Жақан әлдеқашан кешірер еді?! Жақанның орнына өзін қойып көрсінші, қайтер екен?
Қайсар бұдан әрі бөлмеде жападан-жалғыз отыра беруге төзімі жетпей, жылдам киініп, далаға шықты. Ертіс жақтан соққан ызғырық жел ұп-ұсақ тамшыларды аямай бүркіп тұр екен. Жуық арада аспанның ашылар түрі көрінбейді. Жер-көк лайсаң. Су бетіне қабыршақтанып мұз қата бастапты. Қыс та таяп қалды. Бұл қалада өткізер Қайсардың алғашқы қысы. Не күтіп тұр алдында? Ата-анасының да қасынан алысқа ұзап алғаш шыққаны, осы кеткені кеткен, енді жылы ұяға анда-санда ғана бір барып, аунап-қунап қайтқаны болмаса, бар тірлігі далада, олардан жырақта өтпесіне кім кепіл?! Ол туған ауылы мен ата-анасын дәл осылай сағынамын-ау деп ойлап көрмеген екен. Енді сонау алыста қалған бал балалығынан бастап өзі өткерген тәтті күндері көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр, өтіп жатыр.
Қар екі-үш жауғанда шаналарын сайланып Жақандардың қара тайыншасын үйретуге дайындалушы еді. Қасқыр жегір ерен асау. Болмай жүріп, сонда да үйретті-ау ақыры. Көрші отырған екі үйдің көң-қоқырын «кіре тартып жүрміз» деп бірінен-біріне таситын. Өзгелер ренжіп дауыс көтеріп жатқанда Қайсардың шешесі үндемейтін. «Тоң айырған май жейді, дос айырған боқ жейді» деген бұрынғылар, қарындарың ашты ғой, келіңдер, айран ішіп ауқаттанып алыңдар», – деп күлімсіреп маңдайларынан иіскейтін, «Тату болыңдар, қарақтарым!».
Түн қойынындағы күзгі қала жабырқау, жат көрінді Қайсарға. Терезелерінен шамдары жарқыраған көп қабатты үйлерге қарап келе жатып көзіне жас үйірілді: ойлап қараса осынша сансыз терезелердің бірінде де мұның жанын түсініп, барса күлімдеп қарсы алар жан жоқ екен.
Ең жақын, жастайынан бірге өскен досы Жақан да оң қабақ танытпай тоңторыс жүргелі қашан?! Дәті неткен берік еді, мұның кешірім сұрағандай алдына барып, сөзге тартпақ болғанында да бір қайырымнан өзгеге келмей, теріс айналып жүре берді емес пе. Оның да жанына батпайды дейсің бе, қалған көңіл – қатқан мұз, жүрегін мұздатып жүр-ау.
Көңілінің қалатын жөні де бар. Осыдан бір-екі апта бұрын бұлардың бөлмесіне сау етіп үш жігіт кіріп келген. Өздерінің мұнда орналасқандарына әлі көп бола қоймаған. Бекен, Жақан үшеуі де жатақханадағы курстас жігіттерінен өзгелерді танымайды да. Еңгезердей үш жігітті көргенде үшеуі ә дегенде сасып қалды. Ұзынқұлақтан естігендері бар, бірінші курстың жігіттерін жоғары курстың тісқаққан қулары «сыннан» өзкізеді-міс деп.
Келген үшеуінің түстері суық, өздері аздап қызулау екен. Көп іркілмей «бұйымтай шаруаларын» жайып тастады:
– Мына отырған сайдың тасындай ағаларыңда тұратын баспана жоқ. Неге дейсіңдер ме, айтайын: «кезінде осы жатақханада тұрған, артынан бұлардың «мүйіздері» қышып мұнда сыймаған. Содан пәтер жалдауға тура келді. Ал, қазір өздерің білесіңдер, пәтер ақы удай қымбат, соның өзінде осы қаланы он рет сүзіп шықсаң да, қолайлы орын таба алмайсың. Сонымен қойшы, тоқ етері мынау: сендермен бітімге келіп, осы бөлмеде тұра берсек деп ұйғардық, оған жас жігіттер не айтар екен?, – деді тапал бойлы, кең жауырынды, оң жақ бетінде тыртығы бар ақ сары жігіт. Артынан білді, бұл Жұрағат деген басбұзар біреу екен. Бұрынырақ осы институтта оқыпты, кейінде тәртіп бұзғаны үшін институттан қуылған екен. Қазір қалада не жұмыс істейтінін ешкім білмейді, әйтеуір анда-санда осы жатақханаға келіп жас жігіттерге «ақыл-кеңес» беріп кетіп жүретін көрінеді.
Сонымен әңгіменің аяғы жанжалға ұласты. Бекен жүрексіз бірдеңе екен. Жұрағаттардың екпінінен қорқып, келісім бере салды. «Қалада апайым тұрады, оның үйіне барып тұрамын», – деді. Өзі иығын көтергеннен басқа жақ ашқан жоқ. Бой көтеріп қарсыласқан Жақан ғана болды. «Деканға шағым жасаймын, милиция бөліміне арыз жазамын», – деді. Жұрағаттардың мұны естігенде әуелгі екпіні басылып, жүні жығылайын деп қалып еді, аяқ астынан Бекен Жақанмен ұстасып қалды.
Жақан айтты: «Сенің мұндай ез екеніңді білгенде бір бөлмеде тұруға келісімді бермес едім».
Бекен айтты: «Ер екеніңді көрейін төбелеске шықшы!»
Шарт-шұрт төбелесе кетті. Ешкім айырған да жоқ.
Осы төбелестен соң-ақ бұлардың бөлмесінен береке кетті. Жұрағаттар жанжалға себепші болды да, төбелес тарқамай тайып тұрды. Өздерінің іздегендері де сол болса керек. Қайта «шоқ-шоқ» деп күле кетті. Сол түні аyзына құм құйылып, Жұрағаттарға қарсы шыға алмағанына өкінеді. Әттең жасықтық! Ол өз бойында осындай жасқаншақтықтың барын тұңғыш сезінді. Жұрағаттың алдында бөрі аузына ілінген қояндай бейшара бола қалыпты. Сын сағатта досын дұшпанға тастай сап, тұра қашатын сатқындардан қай жері артық?! Енді беті бүлк етпей Жақанның көзіне қалай көрініп жүр.
Оң жақ қолтығының асты инемен шанышқандай шым ете түсті. Ежелгі досы… Сезе қойды, әбден сырмінез болып алған. Бала кезінде өкпесіне суық тиген. Сол сырқаты құлан-таза айығып кетпей, сәл-пәл суық тисе мазалай беретін әдеті, міне, күркілдете бастады. Бала күнінде ұзақты түн көз ілмей күркілдей булығып қатты қиналатын. Анасы байғұс «тасқа тигір-ай», деп ұлының терін құрғатып, дәрі ішкізіп, жастығын жөндеп: «Терлеші, жаным, терлесең құлан таза айығып кетесің», – дейтін. Қайран, сол күндер!
Бұлардың бала күнінде осы өлкеге қар қалың түсуші еді. Ауа райы да жарықтық өзгермелі екен. Қардың қалыңдығы сондай, бұлардың жатаған тоқал үйлерін басып қалатын. Содан ат құлағы көрінбейтін боран басталғанда Жақан екеуі кейде апталап үйде қамалып отырып қалатын. Аядай үйдің шаңын аспанға шығарып «ат» ойнайтын, «түйе» ойнайтын, төбелесетін, татуласатын… Осындай үйге қамалған қыстың бірінде Жакан екеуі Мейрам деген ағаларынан домбыра үйреніп еді.
Жақан тумысынан алғыр бала ғой. Мейрам үйреткен әндерді қағып әкетті. Кейін Қайсар домбыраны Жақаннан үйренді. Мектепте екеуі де домбыра үйірмесіне қатысты. Қайсардың тәп-тәуір қоңыр даусы бар. Ауылда ән салып жүрді. Жақан әннен гөрі күйге әуес. Кейінірек бесінші, алтыншы класқа келгенде «Жақан күйші» атанды. Азғана ауыл той-томалақ десе екеуін әдейілеп шақырып, өнерлерін тамашалайтын. Сондай тойларда Жақанның алты айғырынан тер ағып Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Диналардың күйлерін сұңқылдатқанда үй толы жұрт демдерін іштеріне тартып ұйып қалатын-ды. Саусақтары да салалы, тек домбыраға жаралғандай. Қара дүрсін емес, күйді де нақышына келтіре орындайды. Қайсардың күй құдіретін тұңғыш сезінгені де сонда: бебеулеген зарлы үнге беріле ұйып, көз алдына көсілген даланы, жылқы қуған жалаңтөс жігіттерді; алтыбақан басында әлеулете ән салған үкілі қыздарды, бұраң қаққан бұлақты, самалмен билеген кұрақты, қымыз сапырған әжелерді, құлынмен алысқан балаларды елестететін.
Жөтелі барған сайын үдеп, қол-аяғы мұздап әбден қалшылдап кеткенде барып жатақханаға бұрылды. Ызғырық жел тура маңдай тұстан осқылайды. Су киімдер денесіне түрпідей тиіп, тісі-тісіне тимей сақылдап келеді. Желге қарсы жүрісі де өндір емес, байқамай жатақханадан да алыстап кетіпті.
Бөлмесіне келе үстіндегі су киімдерін шешіп жайып қойып, кұрғақ жылы киімдерін киіп алды. Жақан мен Бекен әлі жоқ. Екеуі де сол төбелестен бері сырғақсып бөлмеге тоқтамай жүр. Екеуін татуластыру – Қайсардың қолынан келмейтін іс. Жақан өзінікі жөн болса, құдайына бас имейтін бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын қайсар жігіт. Бекен де менікі бұрыс-ау деп, қатесін мойынына алмайтын қыңыр. Бөлмеде қырғи-қабақ тұрмыс болған соң береке болсын ба?! Екеуін татуластырмақ болып көріп еді, онысынан ештеңе шықпады. Жақан қолын бір-ақ сілтеді.
Жақан да кешікті ғой. Қайда жүр екен? Қасына отырып: «Қорықпа, ертең-ақ сауығып кетесің», – десеші. Иә-иә, ол бала күндерінде сөйтетін. Бұл өстіп аяқ астынан ауырып қалғанда қабағы салбырап қасынан шықпайтын, домбыра тартып, ертегі айтып беретін.
Сөйтіп жатып көзі ілініп кеткен екен, түс көрді. Түсінде үш қара ит үш жағынан арсылдап шықпайды, аяғы құйып қойған қорғасын сияқты, үш ит енді қабады, енді талайды деп тұрғанда селк етіп оянып кетті. Сүмек боп терлеп жатыр екен. Басын көтермек еді, сынып қозғалтпайды. Тілі кеуіп, қаталап жатыр.
Түнге қарай сырқаты тіпті үдеп кетті. Не ұйқы емес, не ояу емес, көзі ілініп кетсе, шым-шытырық түс көріп, шошып оянады. Бір пәтерге көшіп жүр екен дейді. Жолда Жұрағаттар ұстап алып, мұны мазақ етіп күліп жүр. Төбелесе кетуге бір күш тежей береді. Өзін-өзі сыбап тұр. Ақыры шыдамы жетпей: «Жоғалыңдар, иттер!», – деді бар дауысымен айқай салып. Айқайлағанда дауысы да шығып кетіпті. Әлдекім қасына келіп: «Не болды, Қайсар, жай ма?», – деді. Даусы таныс. Жақан… Ол қайдан жүр? Бағана жоқ еді ғой. Мен бәрібір басқа пәтерге кетемін. Су… су…
Шам жақты. Мұның бұршақтап аққан терін құрғатты. Суық шай жұтқызды. Бұл әлі көзін ашпай жатыр. Түсі шығар, оянып кетіп жүрсе…
– Не болған саған, сырқаттанып қалғансың ба?
– Иә.
– Дәрі іштің бе?
– Жоқ.
– Немене, суық тигізіп алдың ба?
– Иә.
Сонда да көзін ашқан жоқ. Мүмкін түсі шығар.
– Ту-у, маңдайың күйіп тұр ғой! Байқамай көзін ашып жіберсе, қарсы алдында Жақан отыр екен, сасқанынан көзін қайта жұма қойды. Жүрегі аузына тығылып жатыр.
– Баршы, орыныңа баршы!, – деді.
Ол үндеген жоқ. Қайсар көп-көп сыр ақтарғысы келді. Көңіл шіркін сайрап жатыр. Екеуі тұрғызатын аққаланы айтқысы келді… ауылдың іргесіндегі өздері талай шомылған өзенді айтқысы келді, домбыраны айтқысы келді, тағы-тағы бірдеңелерді айтқысы келді. Шыдамады-ау, «Мен пәтерге көшемін», – деді. Деді де, тамағына тас кептелгендей жұтынып-жұтынып, көзінен сорғалап бара жатқан ыстық жасына ие бола алмай қалды.
– Қой, жылама, жігіт емессің бе?, – деді Жақан, шашынан сипай отырып, Қорықпа, ертең-ақ сауығып кетесің…
Жыламайын десе де көз жасына ие бола алар емес.
– Жақан… мен… мен бәрібір пәтерге…
– Қой енді… қоя ғой, қойшы…
– Жә, бір-біріңді бүгін көрдіңдер ме? Жатсаңдаршы шамды жарқыратпай!, – деді Бекен жастықтан басын селқос көтеріп.
– Ұйықтай бер, қазір жатамыз, – деді Жақан жақтырмай.
Сырттағы жаңбырдың арты қарға ұласқан. Қайсардың жанына қара тастай батқан қара күздің де ғұмыры аз қалған сияқты, мынау қыстың хабаршысы ғой. Ақ мамықтар қапалақтап түсіп жатыр, түсіп жатыр…
Енді даланы ақ мамыққа орап, кіршіксіз тазалыққа бөлейді. Аппақ қар, пәк көңілдей әппақ қар… қапалақта…
Талаптан Ахметжанның «Тұма» кітабынан (Алматы, «Жалын», 1995 жыл) алынды.