Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы

Сафина Ақтай – жазушы, аудармашы, журналист. 1996 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. «Burger King-тегі Элвис Пресли» әңгімелер жинағының (2025, «Aspan books» баспасы), «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» аясында жарық көрген «Ганин» романының авторы. Шығармалары ағылшын, орыс, түрік тілдеріне аударылып, «Дауыс» антологиясында, «Angime», «Дактиль» және т.б басылымдарда жарық көрген. «Friedrich Shegirtke» жобасының авторы. 2023 жылы «Целинный» заманауи мәдениет орталығының қолдауымен жарық көрген ғалым Мадина Тлостанованың «Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» кітабын қазақ тіліне аударған.

Жазушы
(әңгіме)
Күн ұясына батып, айналаны ақшам жарығы аймалаған сәтте қолына жолсөмке ұстаған орта бойлы, аяғын сәл сылтып басатын орта жастағы ер адам Екібастұз қаласының орталық көшелерінің бірінде автобустан түсіп, белгісіз бағытқа қарай жол тартты. Бірінен кейін бірі жалғасын тапқан Хрущев үлгісінде салынған құрқұлтайдың ұясындай көп үйлерді артқа тастаған ер адам аялдамаға кеп тоқтады. Кенет сіркіреп жаңбыр жауа бастады, аялдамада жалғыз тұрған ер адам әуел баста басын қолымен қалқалады да, кейін еркіне қойды. Жаңбыр енді әдеттегісінен екіленіп, құя бастады.
– Қап-ай, ә! Мына автобусы құрғыр қайда қалды? – деді ер адам тістене. Әбден малмаңдай су болатын болдым.
Күртесінің жағасына мұрнын тығып, аялдама орындығына жайғасқан ер адам құйып жатқан жаңбырға көнгендей малмаңдай су болып отыра берді, қолында қолшатыры да жоқ. Тек сөмкесін аялдама орындығына қатар қойып, көзін жұмған қалпы мүлгіп отыр. Таяқ тастам жерден ақ самаладай болып автобус көрінгенде ғана ер адам отырған орнынан атып тұрды, жанындағы сөмкесін қолына қысты да жақындап келе жатқан автобусқа отырды. Автобус кілт тоқтай қалғанда ер адам ішінде екі жолаушыдан басқа ешкім жоқ екенін байқады. Сағат кешкі тоғыз жарымнан асқан еді. Ол шылқа су болып, алдыңғы орындықтардың біріне жантая кетті. Әбден бетіп жуып кеткен жаңбыр суын күртесінің балағымен сүртіп тастады да, терезеге көз тастады. Әр жерде жылтырап жанған бір-екі шамның шырағы болмаса, қала іші қараңғы. Автобус жөңкіле жөнелді де кезекті аялдамадан тоқтады. Ішке жас қыз бен жігіт жүгіре басып кірді де, сықылықтай күліп, артқы орындықтардың біріне жайғасты. Ер адам терезеге қолын көлегейлеп қарап, қайда келе жатқанын аңдағысы келді. Ол өзінің дұрыс бағытта келе жатқанына күмәндаған сияқты. Сосын айнадан жүзі көрініп келе жатқан үнсіз автобус жүргізушісіне ұзақ көз тастады. Шамасы дұрыс келе жатқанын анықтап білгісі келген болар, бірақ жүргізушіге таяп бармады. Күртесінің мойын сыдырғысын жоғары көтеріп алып, қымтана бастады. Автобус терезесін қолымен тағы көлегейледі де, өзі түсетін аялдамаға таяғанын ұғып, сөмкесін алып, алдыңғы шығаберіс есікке беттеді.
– Алды жабық, ортасынан ғана түсе аласың, – деді жүргізуші бейқам ғана.
– Алды жабық па?
– Иә, бұл соңғы аялдама, көппен бірге ортасынан түсе бер, – деді жүргізуші ер адамға бетін бұрмастан.
Автобус кілт тоқтаған сәтте жаңбыр әлі басылмаған еді. Жігіт тастақ жолдан шығып, асфальт төселмеген лайсаң көшелердің біріне аяқ басты. Жақыннан абалап үрген иттің дауысы құлаққа шалынады. Ер адам айналаға мойын бұрып қарамастан, томсырайып ширақ келе жатыр. Кенет орта жолда кілт тоқтап, қарсы беттегі үйге анықтап қарап алды. Сосын үйге қарай тағы ширақ қадамдап жүріп келеді. Бұл бір қабатты шағын үй еді, айналада қыбыр еткен жан баласы жоқ. Жігіт төбет жоқ па екен деп байқастағандай үйдің шарбағын баппен ашты да мысықтабандап ішке енбек болды. Үйдің есігін қағып, айналасына көз тастады. Шарбақтың бірінде кілем жаюлы тұр, легенді үйдің қабырғасына сүйеп қойған екен, айналада басқа басы артық ештеңе де жоқ. Ер адам дәліздің есігі ашылғанын құлағы шалып, жинақтала қалды.
– Ассалаумағалейкүм, Қанат аға, қалыңыз қалай? – деді жігіт қуана.
– Уағалейкүмсалам, Ерсінжан, амансың ба? – деді үй иесінің дауысы көңілдене шығып.
– Аманмын, өздеріңіз қалайсыздар? Түн ішінде келіп, мазалап жатсам, айып етпессіздер. Сменді өткізіп, енді болдым. Үйге баратын шамам болмады, оның үстіне жаңбыр шелектеп жауып, жолдан көлік ұстауға мұршам да келмеді. Лайсаң жолда жетем дегенше әбден мазам кетеді ғой.
– Өй, ештеңе етпейді, кел кір. Қонақ келсе, құт деген. Өзіңе қашан да есігім ашық екенін жақсы білесің ғой. Өзің соңғы бір-екі айда мүлдем бас сұқпай кеткенге жұмыстан шығып кетті ме екен деп жүрсем, жақсы болған екен.
– Жұмыстан басқа ермегім жоқ қой, өзіңіз білесіз. Ұзақ жол жүреміз.
– Білемін ғой білемін, пойызда жолсерік болу деген оңай шаруа емес. Алдында Алматыға барып қайтамын деп екі күн жүріп, әбден мазам қашты. Тарс-тұрс, тарс-тұрс деген дауыс екі күн бойы құлағымда жаңғырып тұрып алды, – деп қарқылдай күлді үй иесі. Ер адам да үй иесіне қосыла күлді.
– Ойбу, кірсеңші, тұрып қалдың ғой. Мәссаған, өзің малмаңдай су бопсың ғой, жолда бір дәмханаға кіріп, бір шыныаяқ шай ішіп алмадың ба? Қап-ай, ә, ауырып қалмасаң жарады. Шеш, мына жерге шеш аяқ киіміңді. Күлзада, әй, Күлзада, шайыңды қой, қонағымыз келді. Бүгін қойдың етін асқанбыз, қазір саған бір кесе сорпа бер деп айтайын.
Ерсін үйге кіре біргенде бүлкілдеп қайнаған қазандағы қой етінің иісі мұрын жарды. Ол баппен сырт киімін шешті де, бірден ваннаға кіріп, қолын жуа бастады. Қарсы тұрған айнадағы өз бейнесіне көз тастап, біраз тұрды. Көзінің айналасына ұсақ әжім түскен секілді, қолдары суықтан домбыққанын өзі де байқамапты, мойнының тұсы қызарып, ерні жарылыпты. Ерсін үйге бой үйреткен сәтте-ақ денесі бірден жылып сала берді. Ол қонақ үйге өткен тұста үй иесі:
– Келе ғой, қонақ бөлмеге өт, сорпа іш, – деді.
Ерсін аспалы шамдары жарқырай жанған кең бөлмеге кірді. Бұрышта шағын шыны шкаф тұр, ішінде әртүрлі мақтау қағаздары, сувенирлер мен бір-бірінен аумайтын бірнеше ыдыс-аяқ жинағы тұр екен. Ортаға дөңгелек үстел жайып, жан-жағына әдемі өрнекті көрпелер төсепті. Ерсін төрге жантая кетті. Бөлмеге бір кесе сорпа ұстап жасы қырықты орталап қалған әйел кірді де, жігітпен жылы амандасты:
– Армысыз ба, жеңеше, қалыңыз қалай? Айып етпеңіз, сіз ас үйде күйбең тірлік қамымен жүрген соң, жаныңызға барып амандас алмадым, – деді ол ақталып.
– Армысың, Ерсін! Ой, түк етпейді, қош келіпсің! – деді әйел күліп.
– Етің пісті ме? – деді үй иесі әйелге қарап.
– Пісіп қалды, жиырма минуттарда дайын боп қалады, қазір бес минутта етті түсірсем, артынан нанын салармын, – деген әйел Ерсінге бір кесе сорпа ұсынды да ас үйге кетіп қалды.
– Ерсінжан, қалайсың? Не жаңалық? – деді үй иесі бірден қонаққа мойын бұрып.
– Сол өмір ғой, Қанат аға. Жұмысқа шығып бір жасап қалдым. Оған дейін үйде жарты жылдай жұмыссыз жаттым, кейін екі қолға бір күрек деп аула да сыпырдым, ауылда көршінің көмірін де кіргіздім, біреулер қорамды тазалап бер дейді, бір-екі күндік тамағыңның ақысын жаппаса, ондай жалақыға өмір сүру мүмкін емес қой. Өзіңіз білесіз.
– Өзіңе обал болды ғой. Сен қашанғы осылай жүресің? Жасың қырыққа қарап қалды, үйленбейсің бе?
– Үйленетін қыз-келіншек тапсам, бір сәрі. Қазір бәрінің қолы, не басы бос емес, – деп қағытқан Ерсін өз әзіліне өзі күлді, оны қолпаштай үй иесі де қарқылдай жөнелді.
– Қатырасың, саған жеңгең әйел тауып береді деп дәмеленбей-ақ қой, біздің үйдің ханымы ондай шаруаны ұнатпайды. Қақ-соқта ісіміз жоқ адамдармыз ғой, өзің бірденесін қыл енді. Ауылдағы үйдің ісі не болды? Жылы ма іші?
– Білмеймін, жарты айдай болып қалды әлі үйге бармадым. Жолсерік болып жұмысқа тұрғаннан кейін алғашқы жұмыс күнімде есігін бекітіп кеткем, содан бері әлі бармадым. Осы бір-екі күнде барып қалармын.
– Сенің ол ауылд туысқаның бар еді ғой, аты қалай еді?
– Иә, әкемнің ағасының ұлы тұрады, Жақсыбек.
– Иә, сол Жақсыбекке тапсырып кетпедің бе, күн суытты, пешін жағып, дүрілдетіп қоймай ма? Әрі кетсе он-он бес минуттың жұмысы ғой. Бу қыздырғышың жарылып кетіп жүрмесін. Бізді қоя берші газбен жылытамыз, сен көмір жағасың ғой.
– Оны өзім бақылап жүргем. Табан астынан жұмысқа шығып жайына қалды. Жақсыбекке айтсам да, мақұл дейді, бірақ істеуі екіталай. Көбіне менен қашық жүреді. Кезінде бір-екі рет сілтеп жүргенімді көргеннен кейін тіпті алыстап кетті. Ауылда біреудің қорасын тазалаймын, қалада көше сыпырған кездерім болды, соны көріп намыстанатын шығар, білмеймін. Оның менімен аралас-құраластығы жоқ.
– Онысы дұрыс болмапты, жұмыстың үлкен-кішісі жоқ қой. Бастысы, нәпақа тапсаң болды емес пе? Міне, енді тәп-тәуір жұмысқа тұрып алдың. Күн ұзаққа жолда жүретінің болмаса, жалақысы да жаман емес шығар?
– Қара басыма жетеді. Көмір аламын, жетіспейтін бірлі-жарым киім аламын, азық-түлігімді қамдаймын деген сияқты. Сол тәулік бойы жолда жүретінім қиын болып тұр. Үй көрмей кетеді екенсің, оның үстіне ана пойызда тікеден тік тұрып ұйықтайтын кездерім болады, бой жазып үлгермейсің. Бірақ солай болды екен деп жұмысымды екі ортада тастап кетпеймін ғой. Әзер тапқанда айрылып қалатын жайым жоқ.
– Оның жөн, сен әзірге жаз шыққанша осы жұмыста жүре тұр. Жаз шыққан соң, саған осы Екібастұздан бір жұмыс қарастырайық. Қашанғы шалғайда шаршап-шалдығып жүресің. Сосын жүре бермей үйленгенің абзал. Бірақ оны да саған міндет қыла алмаймыз, Құдайдың маңдайға жазғаны болады да, әйтпесе қайда кетесің?
– Оныңыз рас, Қанат аға! Әйтпесе менің де асыл армандарым бар ғой, кітабымбы шығарсам, үйлі-баранды болсам, үбірлі-шүбірлі болсам. Кәдімгі көп адамға ортақ арман ғой.
– Кітабың демекші, сен жаңадан жазған-сызғандарыңды ала келдің бе?
– Иә, әлбетте.
– Жақсы болды, бүгін жақсылап бір қарап шығайын. Бұрын әкеп тастағандарыңа апарып қосып, тағы да толықтырайық. Әлгі сенің кітабыңның бір бөлігін Ақылбай деген редакторға табыстап едім ғой, есіңде ме? Соның қаламақысын беріп қойғам, мына жазғандарыңды қосып, оған оқытып шығайын. Бәрібір бір шикілік шығатыны анық.
– Қуана-қуана, Павлодарда, осында кітабымның тұсаукесерін өткіземіз бе?
– Онсыз кітап кітап бола ма? Халайық, әдебиетке жаңа жазушы келдік, болашақта әлі-ақ атағы жер жаратын қаламы қарымды жазушыға айналады деп жар салмаймыз ба, – деп армансыз күлді үй иесі. Ерсін де ерікісіз қиялға жол беріп, дәмеленіп қалды.
– Алдында әлгі фейсбукқа шығарған бір-екі әңгімеңді оқығам. Әлгі ақын жігіт пен басбұзар еркек туралы жазыпсың ғой. Шимайың жаман емес, жақсы. Сен өзі жазып-жазып, әжептеуір төселіп қалыпсың ғой. Сөздерің ірі, көркем, мәтіндерің жұтаң, сиықсыз емес. Өзім кәдімгідей риза болдым. Бірақ жазғаныңның бәрін осы екен деп, бір-екі жазылған жақсы пікірге масаттанып, желіге шығара берме. Әуелі оқырмандарың жалығады, қала берді біреулердің идея ұрламайтынына, көшіріп алмайтынына қалай сенімді боласың? Сені әлі ешкім жазушы деп танымайды, оқыған кезде мынау Ерсіннің мәтіні ғой деп бірден көзге ұрмайды. Алғашқы кітабың шығып, көп алдында танылып, атағың жер жарып, әдеби ортада жазушы деп мойындалғаннан кейін ол фейсбукте мыңдаған досың да болады, мақтау сөздің де сан түрін естисің, не жазсаң да доп сияқты қағып алатындар табылады. Сен атақ-даңққа асықпа, әуелі жаза берсеңші. Бір жазсың, екі жазасың, түптің түбінде шыңдаласың. Талантың бұғып жатпайды, қорықпа. Ақыры ұзақ жолда жүресің, қолыңа шағын бір ноутбук алып ал да жол бойы пойыз терезесіне көз салып, жазу жазбайсың ба? Уақтыңды текке өткізбей, шимайыңды көбейте бер. Кітабың қаншалық көп шықса, соншалық танымалдығың да артады. Сәті түскенде мен-мен деген мүйіздері қарағайдай редакторларға қаратамыз мәтініңді. Оған сен уайымдама. Осыны саған көптен бері айтайын деп жүр ем, міне бүгін сәті түсті.
Күні бойы тоқтаусыз жауған жаңбыр түнге қарай сейілейін деді. Аулаға шығып, темекіні құшырлана сорған Ерсіннің құлағына ауық-ауық үрген иттің дауысы келеді. Үй иелері толық жатып қалған, Ерсінгі қонақ бөлмеден төсек салды, бірақ ол дөңбекшіп ұйықтаған жоқ. Көңілінде бітпей жүрген уайымы бар адамша, әуелі қонақ бөлмедегі диванға отыра кетті, жақында жарық көретін кітабының буына арагдік мастанып қалып жүрді. Адам нені ойға алса, ол арманға ұласады, ал арман деген орындалмай қоймайды екен-ау деді ол миығынан күліп. Кейін бойын тағы түсініксіз көңілсіздік көлеңкесі жаулап алды, бұл сезім көптен бері оның қыр соңынан қалмай жүр. Үйінде отыра алмай безіп кететіні де содан. Ауылда тіл қатысатын адам баласы жоқ, ешкім мұнымен тілдесе қоймайды. Ол ауылға бертінде Алматы облысынан қоныс аударған. Әке-шешесінің шаңырағы сол Алматыда облысында орналасқан, кейін екеуі де көз жұмғаннан кейін солтүстік өңірге бағдарламамен қоныс аударды. Жас кезінде жоғары оқу орнын оқытып, жарытпағаннан кейін қара жұмысқа ойысып кетті. Тіпті студент кезден құрылыста жүрді, тауар, азық-түлік тасып та көрді. Солтүстік өңірге өмірінің жаңа шырағын жағуға келгені өтірік емес. Бір кісідей-ақ отбасын құрсам, сүйікті жарым, бала-шағам болса деп армандайды. Кейінгі жылдары жанын жегідей жеген жалғыздықтан әбден зәрезап болды. Қайда барса да, өзің толық адам сезінбейді, жарымжан көңілінде бірде күдік, бірде қайғы алмасып, мұны әуре-сарсаңға салады да қояды. Әуел баста өзі көшіп барған Екібастұздан екі сағаттық жолдағы шағын ауыл көңіліне тыныштық орнатып еді. Шап-шағын қоржын үй, ішінде біршама жиһазы да бар, судай жаңа тоңазытқыш, есік-суырмасы бүтін шкафтар, қонақ бөлмеде соңғы үлгідегі әп-әдемі диван тұр. Екі жатын бөлмесі бар, терезелері де судай жаңа, мұны алғаш көргенде Ерсін балаша қуанған. Өзімен бірге алып келген кілемдерін жайып, төсенішін төсеп, шкафты ыдыс-аяқпен толтырып еді үйі жайнап шыға келді. Жаңа үйге көшкендегі желпілдек сезім жетегіне еріп ол біраз жүрді. Екі қолға бір күрек табылмаса да әуел баста еш жаман ойы жоқ өзі саялап келген туысқан ағасының үйіне жиі бас сұғатын болды. Ермек бір көргенде сабырлы, салқынқанды адам. Ерсінді алғаш келгенде жылы қарсы алды, шай-тамағын беріп, ақылын айтып, көрші-қолаңмен де таныстырды. Кейіннен Ерсін Ермекке қол ұшын созып, қорадағы малының жем-шөбін салып, астын тазалап, лаж болса, Ермектің орнына мал да баққан күндері болды. Кейде еңбегінің ақысына бір қап көмір алады, кейде жарты қап картоп әкеп тастайды. Мұның бәріне Ерсін әу баста көңілшектеніп келісе берген, бірақ құрғақ қасық ауыз жыртар демекші, аз-маз ақы төлемесе жағдайының нашарлайтынын Ерсін де жақсы білді. Бірде кешке таман Ермектің үйіне бас сұқты. Соңғы рет екі күн бұрын келіп, бақшасын жинауға көмектескен. Ермек бұл жолы туысқанын көңілсіз қарсы алды, отырған орнынан тұрған да жоқ.
– Уағалейкүмассалам, неғып жүрсің? Жайшылық па? – деді ол Ерсінді ала көзімен атып. Ерсінге онсыз да томсырайып жүретін жігіттің бұл көзқарасы анадайдан таныс еді:
– Тыныштық қой, кешегі дақылдарыңды қалай орнықтырдыңдар ма?
– Иә, орнықтыратын жиһаз емес қой, теріп алдық та, жеңгең керегін алып қалды, қызармаған қызанақтарды қараңғы төсектің астына шаша салдық, – деді Ермек мүжіп отырған сүйегінің етін малжаңдай.
– Дұрыс болған екен, – деп Ерсін ауыз жиғанша Ермек:
– Енді қызанақ сұрап келдім деме, – деді табан астынан.
– Қызанағы несі? Жоға, үйде бар ғой, – деп сасып қалды Ерсін. Менің келген себебім, өзің білесің біраздан бері саған қолғабыс етіп жүрмін, қораңды да тазалаймын, өріске де барамын, шөбіңді де артамын, ақысына картобымды, ұнымды, көмірімді беріп жүрсің. Бірақ ендігіде маған азын-аулақ ақы төлесең қайтеді? Әйтпесе көк тиыным қалмады, маған да ана-мына қажеттілігімді алу керек, – деп баппен түсіндірді.
Ермек біразға дейін үндемеді, қолындағы сүйегін мүжіген қалпы, ой құшағында отыр. Ерсін оның ойланып отырғанын, әлде ашуға булыққанын мүлдем аңдай алмай, жүзіне ұрлана көз тастайды. Сүт пісірім уақыттан кейін Ермек орнынан тұрды да үн-түн демей сыртқа шығып кетті, тіпті Ерсінге мән беріп қараған да жоқ. Ерсін не істерін білмей сасып қалды, үйде жан баласы жоқ. Ақыры ол да асықпай сыртқа шықты. Аулада көршісімен сөйлесіп тұрған Ермекті көріп, біраз сырттан бақылап тұрды да, баяу қасына жақындады:
– Ассалаумағалейкүм, амансыз ба? – деп Ермектің орта жастағы етжеңді көршісімен амандасты. Ермек пен көршісі ұзақ тілдескен жоқ. Ерсін туысқаны жауап қайырар деген үмітпен оған мағынасыз телмірді. Ермек жерге шырт түкіріп:
– Саған қазір бере қоятын қалтамда ақшам жоқ, бар болса, ақысын төлеп істететін адам табылады ғой. Сол берген дүниеге қанағат қылсаңшы, – деді Ерсінге қадала қарап. Ерсіннің аузына әу баста сөз түспей тұралап қалды да:
– Бергеніңе онсыз да разымын ғой, бірақ, – деп айтып ауыз жиып үлгергенше Ермек тап берді:
– Үйде жылап жатқан шиіттей бала-шағаң жоқ, асыраймын дейтін әйелің, әке-шешең де жоқ. Өзің басың ауып, анау Алматыдан талай шақырымды асып, осында келіп алдың. Біз саған көшіп кел деген жоқпыз, мені арқа тұт, мен саған көмектесемін деп артық ауыз уәде де берген адам емеспін. Маған өкпе артып, істегеніңді міндет қылып, менен ақы өндіретін жағдайда емессің сен, Ерсін! Сол бергенге қанағат қыл да, бұдан былай менің үйімнің айналасынан жүрме! Асымды ішіп, аяғыма түкіріп жүрсің ғой. Менің балағымнан тартқылап, қанатам деп ойлама, – деді ашуға булығып. Ермектің көзі шарасынан шығып, тістеніп кетті. Ерсін не айтарын білмей сасып қалды. Әу бастан оны мұнда қуалап келген мақсат та өзінің істегенін бұлдап, Ермекке міндет қылу емес еді. Оны өзі іштей жақсы білетін. Онсыз да үйде бос жатыр, туысқанына қолғабыс етіп, көмек қылуға қашан даяр ақжарма ниеті бар еді іштей.
– Сен мені дұрыс түсінбегенсің ғой, – деп жарамсақтанып күле берді ол кенет. Оның не? Осы ауылда бір-біріне екеумізден жақын адам бар ма? Әлбетте, мен келемін деп ешқайсыңа хабарлаған жоқпын, бірақ іштей сені арқа тұтып келгенім рас. Оны жасырмаймын. Алғаш өзіңді көргенде де соны айттым ғой. Саған қолымнан келгенімше қолғабыс етуге даярмын, бар-жоғы екі-үш мың теңге ақымды беріп тұрсаң деймін, кейде қалаға жолға шығамын, жұмыс қарастырсам деп жүрмін, үйде қашанғы жата беремін? Өзімде болдырып біттім, жұрт қатарлы жұмыс істеп, нәпақамды тауып, көңілім тыншып өмір сүрсем деймін. Саған істегенімді бұлдауға келгем жоқ, туысқан!
– Өзің көп сөйлеп, ақталып болмайды екенсің! Сен менің екі туып бір қалғаным емессің ғой. Бергенге қанағат етпейтін нақұрыс екенсің өзің! Енді үйге келме, – деп шорт қайырып, қораға беттеген Ермекке үмітсіз көз тастаған Ерсін екі иығы салбырап, еңсесі түсіп, біразға дейін алай-дүлей болып үйіне жетті.
Содан бері Ерсіннің осынау жат ауылдағы жар деген жалғыз туысқанымен ара-қатынасы үзілді.
– Ол сенімен көптен бері ат құйрығын қалай кесісерін білмей жүрген ғой, міне, сен көз алдыңд тұрған тырманы басып қалып, маңдайына шақ етіп тиіп, көзің жарқ ете қалғанда бетіңе баса қойды, – деді осы үйдің иесі Қанат Ерсінге.
– Иә, содан бері оны көп көргем жоқ. Сол жылы жазда баласының тұсауын кесті, ол тойға да мені шақырмады. Алматыдан алыс-жақын туыстардың келгенін білемін, бірақ мен де ініне қамалған суыр құсап бармадым. Әке-шешемнің көзі тірі болса, барар еді ғой. Бірақ олар кеткелі мені адам қатарына қосатындар саны азайған, – деді Ерсін еріксіз күрсініп.
– Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес. Соған бола еңсеңді түсіре берсең, саған айтар сөзім жоқ. Қай туысқан қазір бірін-бірі жақын тұтады, айтшы? Тіпті туған бауырлардың өзі ең әуелі өз қара басының қамын күйіттейді, өзінен артылса ғана туыс-туғанына, іні-қарындасына жәрдем береді. Сені жақтырмайтын жерге қайта-қайта бара беріп несіне қадіріңді қашырасың? Өзің де қызық адам екенсің. Одан да екі қолға бір күрек тап та, жұмысқа шық. Қалаға кел, маған келіп тұр, жазуыңды тастама, – деп үй иесінің Ерсінге біраз дем бергені есінде.
Ерсін Қанатты ағасындай көреді, бірақ Қанат оған інім деп емес досым деп қарайды. Барған жерінің бәрінде менің досым деп таныстырады. Екеуі рулас, жерлес, бірін-бірі көптен бері таниды. Қанат әдеби ортада аса танымал ақын емес, десе де таныс-білісі бар, осыған дейін екі жыр жинағы жарық көрген. Ерсін де Қанатты осы жыр жинақтары арқылы танып, жақын араласа бастады. Қазір жаңа мекенде Ерсінге Қанаттан жақын жан жоқ. Бүгін де қайда барарын білмей дағдарып келе жатып Қанаттың үйіне бас сұққаны содан. Қанат Екібастұздың шет жағындағы жер үйлерде тұрады. Шағын қала демесеңіз, мұндағы тұрғындар ешкі ұстайды, сиыр ұстайды, тауық бағады, кәдімгі ауылдағыдай өмір сүреді. Ерсінге Қанаттың үйі ерекше ұнайды, жанына тыныштық сыйлап әр келген сайын тынығып қалады. Бұл үйде Ерсінді ешкім өзекке тепкен емес, үйдің ханымы да қашан көресің жылы қабақ танытып, Ерсінді төрге шығарады. Қанат әйеліне Ерсінді мықты жазушы деп мақтап қояды. Міне бүгін жиырма жасынан жазған-сызғандарының бәрін өзімен бірге алып келіп, Қанатқа табыстады. Қанат әу баста Ерсіннің жиырма жаста жазған шағын оншақты әңгімесін біраз пісіріп-жетілдіру керек деп кеңесін аямады:
– Мына жазғандарын біраз шикілеу, бұларды өткір пышақтай қырнау керек. Қазір әжептеуір кемелденіп қалдың ғой, болмай жатса, көркем әдебиетке бір сүңгіп алды да, артынша отырып баппен түзете бер. Асығыс жоқ, көңілің алабұртып, тез арада жинағыңды шығарып тастап, арқаңды кеңге салып алшаңдап жүргің келетінін білмейді емес, білемін. Бірақ ертең оқитын ел-жұрттан ұят болмасын. Мынаны былай шалажансар күйінде редакторға да бере алмаймын, ол түзесе, өзі қайтадан жазып шыққандай болар. Идеяң тәп-тәуір, әдеттегі жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен қаскөйліктің шайқасы ғой, әдебиеттің мәңгілік тақырып. Десе де түзететін тұстары баршылық. Ал мынау отызға қарай жазғандарыңа тәнтімін. Өз басым сенің осы әңгімеңді фейсбуктан оқып қалдым-ау деймін. Маржандай тізілген сөздерің көзіме оттай басылғаны есімде. “Мына жігіттің тілі не деген шұрайлы!” деп тамсанып ем. Мұның бір үтір-нүктесін өзгертпей редакторға табыстайық. Әдетте кейбір алғаш жазылған шығармалар бабында болады, сәтті жазылады, олай болғаны жақсы. Бертінде жазғандарың нашар емес, жаңа бағыт тауып, шыңдалып келе жатқанын байқалады. Бірақ көлемі аздау, неғып бәкінің жүзіндей қып-қысқа жазатын болғансың? Осыған дейін тәп-тәуір көлемді жазған шығармаларың болды ғой?
– Қазір қысқа жазу сәнде дейді ғой, әйтпесе оқырман оқымайды қояды-мыс. Оқырман оқымаса, кімге арнап жазып жатырмыз?
– Пәлі, сен де айтады екенсің. Бұны саған кім айтып жүр? Өзің сүйсіне оқитын жазушылардың талайы том-том кітап жазды ғой, соларды қысқа жазбайды екен деп оқымай қойған жоқсың ғой. Өзіне ұнаған, көңіліне қонған, әр шығармасын іздеп жүріп оқитын жазушысың кез келген оқырман сағаттап, апталап, айлап оқуға бар. Тіліңнің бар құдіретін көрсетсеңші, шалқытып тұрып жаз. Тоқтама, әбден құмары қанып ішетін мөлдір бұлақтың суындай тоқтаусыз жаза берсеңші, – деген еді.
Содан бері Ерсін қолына қалам алып, біраз тақырыптарда қалам тербеп жүрді, ара-тұра күнделік жазатын. Жергілікті қалалық редакцияға журналист болып тұрсам деген арманы пайда болды. Оны көпке дейін іркіп, Қанатқа айта алмай жүрді. Қанат оның меселін қайтармасы анық, десе де қолында бір жапырақ дипломы жоқ, оны өзі де жақсы білетін. Сөйтіп Ерсіннің жарты жылы алыс ауылда өтті. Көбіне үйде болады, әсіресе қыс ауыр тиді. Солтүстік өңірдің қысы оңай болмайтыны анық, таңертең қалбалақтап қар жауады да, кеш бата шыңылтыр аяз көтеріледі. Таңға дейін қытымыр аяз құшағында тұрған ауыл түс ортасы ауғанда сәл-пәл жылынады. Сол тұста ауыл тұрғындары мал-жанның жайын реттеп, шаруаларын баппен тыңдырып, қар күреп, ұсақ-түйек жұмыстарын жайғастырып алады. Кеш бата сала қалың ұйқы құшағына енген аюдай үйлеріне тығылып алады да, таң атқанға дейін тіршілік белгісін білдірмейді. Кейде Ерсін аязға қарамастан, ауыл көшелерін аралап, жаяу жүретінді шығарды. Көп ұзамай Ерсінді есінен ауысқан, деліқұлы деген сыбыстар да тарады. Мектеп оқушылары оны көрсе қалса, бірінің артына бірі тығылып, оған ұрлана қарап өтетінді шығарды. Бірде Ерсін үйінде тоқтаусыз ішті, қатарынан екі күн ішіп, тағы ішімдік аламын деген мақсатпен дүкенге бара жатып, жолда сүріне-қабына құлап жатып қалады. Біразға дейін Ерсінді жан баласы байқаған жоқ. Тек ауылдың полицейі көлігімен өтіп бара жатып жол бойында қараң-құраң еткен бейнені көріп тоқтай қалған. Ерсінді ауылдағы медпункке жеткізгенде ол әлі удай мас еді. Ол көзін ашқанда үйдегі жатын бөлмеде жатқанын аңғарды. Не болғанын ұқпай біраз дағдарып жатса да, әлдекімдердің сыбырлап сөйлесіп жүргенін естіді. Әуелгіде дауыстары құлағына талып жеткен, кейін күшейе бастады.
– Бұл ағайға не болды? – деп сұрайды белгісіз ер адамның дауысы.
– Білмеймін, өзім де ести сала келдім.
– Ол біздің үйге жиі келгіштеп жүретін еді ғой, соңғы бір-екі айда келмей кетті, – дейді әлгі дауыс енді ап-айқын естіліп.
– Жұмыста жүрген болар дедім, кейінгі уақытта құлазып жүргенін байқағам, бірақ ішкілікке жақындығын білмеппін, бұл жақсы емес қой, – дейді ер адам күрсініп.
Ерсін көзін ашып, есін жиғанда көз алдында Қанат пен оның он алты-он жеті жас шамалас кіші ұлы тұрған еді. Олар Ерсінге әуелі таңдана көз тастап, артынша әңгімеге тартты:
– Ерсін, бармысың? Естіп тұрсың ба мені?
– Бармын, – дейді ол ыңырсып.
– Не болды?
– Басым солқылдап барады, су бар ма? – дейді ол басын ұстап.
– Бар, стақан су алып келші ас үйден, – деп ұлын жұмсады Қанат.
– Сені көшенің бойынан тауып алыпты осы ауылдың полициясы, не істеп жүр ең көшеде?
– Білмеймін, – деп қысқа қайырды Ерсін. Ас үйден демде жеткен бір стақан суды асығыс сіміріп салды да орнынан тәлтіректеп тұрды.
– Ойбой, сен әжептеуір кетіп қалыпсың ғой, кәдімгі маскүнемге айналғансың ба, қалай өзі? Мұның жақсы қасиет емес, есіңде болсын. Бір күні басыңды жұтады, – деді Қанат Ерсінге әрі аяй әрі көңілсіз көз тастап. Ерсін тіл қатпады.
– Жүр, ас үйге барып отырайық, мен де асығыс едім, маған әлгі полицей сенің нөміріңнен хабарласып, жай-күйіңді айтты. Соңғы рет маған қоңырау шалыпсың ғой, елемегендей қоя сала алмадым.
– Ермекке хабарласпап па?
– Сендердің туысқан екендеріңді біле ме?
– Білмегенде, айналдырған сексен түтінді ауыл, біледі ғой.
– Хабарласпаған сыңайлы.
– Хабарласса да, ол келмеген шығар. Арадағы араздықты да біледі ғой көпшілік, – деді Ерсін енді есін жиып.
– Неше күн іштің? – деді Қанат ас үйдегі шкафта қаз-қатар тізіліп тұрған арақ бөтелкелеріне көз тастап.
– Білмеймін, ішем деп ішкем жоқ, әдетте өзім арақ-шарапқа құмар адам емеспін, қай сайтан түрткенің. Не жұмыс жоқ, не жанұя жоқ, не бала-шаға жоқ, күйіп кеттім. Алыс ауылда, ит өлген жерде әбден жалғызсырадым. Сізге қайта-қайта барып, жексұрын болам ба деп тағы қорқамын. Амал нешік. Сосын өзіме жақсы дос таптым, сырымды да, мұңымды да соған аштым. Әуелде қаламым жүріп, тәп-тәуір жазу жазамын деп үміт етіп бір-екі рүмке байқастап көріп ем, бір қарасам әбден масайып, мынаның қызығына кіріп алыппын, – деген Ерсін қаз-қатар тізілген бос шөлмектерді нұсқады. Қанат Ерсіннің сөзіне күліп жіберіп:
– Әй, Ерсінжан, сен де айтады екенсің. Жақсылап ішу үшін әуелі дұрыстап жазу жазу керек. Сосын қалауынша іше бер. Жазбай тұрып ішіп алсаң, әлбетте, сантүрлі ойлардың шырмауына түсесінде қаласың. Сосын қақпанға түсіп, тырманып шыға алмай жүрген тышқандай арам өлесің де қаласың.
Содан кейін Ерсін көпке дейін ішімдікке жоламады, бір-екі ай қысты ептеп-септеп өткізді, аптасына бір рет Екібастұзға Қанатты іздеп барып тұратын болды. Қанат та Ерсінді көрсе көңілі жадырап сала берді.
– Маған да серік болатын адам керек, – дейді ол.
Бірде Ерсінді қалалық кітапханаға алып барып, оқитын бірнеше көркем әдебиет кітабын алып берді.
– Қыстыгүні ішің пысса, таптырмас достарың осы. Мыналарды жатпай-тұрмай оқып, әбден төселіп ал, – деді ол кітаптарды Ерсінге табыстап жатып.
Бұл күн Ерсіннің өміріндегі ең жайдарлы күндердің бірі еді. Кітапханадан шыға сала, жолай кездескен дәмхананың біріне кіріп екеуі жүрек жалғады. Ерсін көптен ойында жүрген дүниелерін сол кезде ортаға салған еді:
– Өзімді есейе келе жолы болмаған байғұс санадым. Білмеймін, оқуымды да тәмамдамадым. Ата-анам барда әжептеуір еркелігімді көтеріп, мені бағып-қақты ғой. Оған дау жоқ. Қазір неге оқымадым, неге тіл-әдебиетке түспедім деп өкінемін. Жазушы болуын болармын, бірақ қазіргідей қара жұмысты ермек етпей, редакцияның бірінде журналист болар ем, мақаланы тәп-тәуір жазамын ғой.
– Әңгіме жазып жүрген адамға мақала жазу сөз бе, – деп қостап қойды Қанат.
Ерсін Қанаттың осы қасиетін ерекше бағалайтын. Оның осыған дейін әсіре адам алалағанын байқаған емес. Қашан көрсең жадырап, қарқылдай күліп, томаға-тұйық адамның өзін жадыратып, сөйлетіп жібереді. Көңілі кең, қолы ашық, содан болар Ерсін оны достан гөрі аға тұтады. Қанат осы өңірге келгелі Ерсінге жылы қабақ танытқан жалғыз жан, ғайыптан тайып өмірінде Қанат кездеспесе, Ерсін не боларын ойлауға да қорқады. Шалғайда жатқан сүркейлі ауыл тірлігі, қалқиған жалғыз өзі, не жұмыс жоқ, не қал-жайын білер жан баласы жоқ. Әбден қиналар еді-ау. Ерсін әлбетте мұнда Қанат бар деп арқаланып келген жоқ. Бірақ Қанат Ерсінді жанына жақын тартып, үйіне қонақ етіп, оған шығармашалықта да жақсы жолдас бола білді. Сол күні Қанат Ерсінді үйіне шақырды. Ол әу баста ыңғайсызданып, барудан бас тартқан. Ақыры боран көтеріліп, үйіне қайтуға да көңіл қошы болмады. Екеуі таңды таңға ұрып, талай әңгіменің тиегін ағызды.
– Қанат аға, сіз ақындыққа қалай келдіңіз? – дейді Ерсін сыраны сіміріп салып.
– Жұрттың бәрінен сұрасаң бәрі бала кезінен қолдарына қалам алғанын айтады. Менікі де сол. Сегіз-тоғыз жасымда алғаш өлең жазғаным есімде. Ол кезде әке-шешеммен Баянауылды тұрамыз, табиғаты сұмдық енді. Кейіндеп филологияға оқуға түстім Алматыға. Алматыға бару ол кезде арман. Шешем Павлодарға түс, алыста нең бар деп біраз бұлданды. Сонда да Алматыға тайып тұрдым. Біртіндеп әдеби ортаға кіре бастадым. Сөйтіп екі жыр жинағым шықты. Жастық шақта өлең деген кеудеден төгіліп тұрады ғой, жаза бергің келеді. Көзіме көрінген дүниенің бәрін жырға қосамын. Кейіндеп есің кірген соң жастықтың буымен жазған кей дүниелеріңді оқып, ұялады екенсің, – деп күлді ол балаша. Саған айтып жатқаным да сол жазғаныңа ертең ең бірінші өзің ұялма, мынаны былай жонып жібергенімде дұрыс болар еді ғой деп отырсаң жарамайды.
– Мен жазғанымның біріне де ұялмаппын, несі бар екен, сәтінде туды, жаздым, босаттым. Оқысам, тәп-тәуір дүние боп шығады.
– Олай аспандап кетпе, Ерсінжан. Қашан да өзіңе сын көзбен қарап үйрен. Егер әр сөзіңе байыппен қарап, мынаны мына жерге неге жаздым деп ой қорытатын болсаң, түптің түбінде әйтеуір бір жерден артық жіптей шолтаңдап бірдеңе шығады да тұрады. Әлбетте, жем шоқыған тауықтай сөзге қадалып қалған да қиын. Десе де жақсы жазғың келсе, жұрттан бұрын өз қатеңді өзің көріп үйренгенің жақсы емес пе?
– Оныңыз жөн сөз. Екі жинағыңыздың да тұсаукесерін Алматыда өткіздіңіз бе?
– Алғашқы жинағымды Алматыда өткіздім, оны оқу бітірген жылы жарыққа шығарған екем. Ішінде елуге тарта өлең бар. Екіншісі бертінде шықты, Павлодарда, осында тұсауын кесіп, осындағы азын-аулақ әдеби ортаның басын қосқан едім.
– Өзіңіз көптен бері қалам тербемей кеттіңіз, енді тағы бір жинақ шығармадыңыз ба?
– Саған осы менің жазғандарым ұнай ма?
– Әлбетте. Ұнамаса, тағы бір жинақ шығарыңыз демеймін ғой.
Қанат кеңкілдеп күлді де сөзін жалғады:
– Тағы бір жинақ неге шығармасқа, қазір бұрынғыдай көл-көсір жазбаймыз, десе де ара-тұра жазып тұрмасақ болмайды. Өзіме көңілім көншімей кетеді. Мен ақынмын ғой, үш-төрт шумақты төгілтсем болды, бір өлең дайын тұрады. Ал сен жазушысың. Сені мойындау үшін әлі талай кесек туынды жазуыңа тура келеді. Осы мен кейде ақыннан қарағанда жазушының көтерген жүгі ауыр ма деп ойлаймын. Оны сөз арасында кейбір ақын замандастарыма айтып көріп ем, көбі жақтырмай, қопаңдап қалды. Сен оны көңіліңе алма, қазір ақынның жүгі ауыр ма, әлде жазушының жүгі ауыр ма деген талас-тартыс әлі де бар.
– Көбіміз жазушылыққа ақындықтан келдік қой, жасыратын несі бар? Ақын боп жарытпадық, бірақ бір өлең жазсақ, бір шалықтап кететін ек, жазушы болғалы қиындығын бір кісідей-ақ сезіп жүрмін. Десе де тәп-тәуір әңгімелер жазып шығыппын ғой, солай емес пе?
– Жазуың жаман емес, шыңдала бер, – деді Қанат сыраға бас қойып.
– Сізді өзіме үлгі тұтамын ғой, Қанат аға! Маған туысқаным жасамаған жақсылықты жасадыңыз, үйіңізде төрден орын беріп, мені мықты жазушы деп мақтап, мына өмірден баз кешіп кетпеуіме кәдімгідей сеп болып жүрсіз. Қазір үйге қайтсам да, сіздің барыңыз көңілімді жадыратады, жаз шыққан соң, Алматыға бір барып қайтсақ деймін.
Бұл мақтау сөзге Қанат біраз масаттанып қалды.
– Маған жақсы адамсың деп айтатындар көп. Талайына қол ұшын созып жүрмін, әдебиетте бағыт-бағдар беретіндей шамам бар Құдайға шүкір! Сыйластық болса, болды емес пе? – деді ол лепіре сөйлеп.
– Бір емес, екі жинақ шығардыңыз, сізде енді арман жоқ қой! – деп қасақана серпілтіп қойған Ерсін Қанаттың аспандап кеткеніне іштей қулана күлген еді.
Сол күні Ерсіннің үйіне қайтпағаны дұрыс болмады. Ертесіне таңертең үйінің есігін ашып, пештің қазандығы жарылғанын байқады. Үйдің іші күйік пен таттың иісі сасиды, төбеден жылғалай аққан судан күйген темірдің иісін үйге әбден сіңірген екен. Өң мен түстің арасында не болғанын ұқпай қалған Ерсін сасып қалды. Артынша қонақ бөлме мен жатын бөлмелердің есігін бекітіп, жүгіре басып көрші үйге барды. Ауылдастары Асик деп атап кеткен жасы қырықтан асқан көп сөзге жоқ, жуас көршісі далақтап жүгіріп келе жатқан Ерсінді байқап беттеп келе жатыр.
– Ассалаумағалейкүм, үйімнің паровойы жарылып кетіпті, сен көріп берші, – деді Ерсін ентігіп, жігіттің қолында алуға үлгермей жатып.
– Паровой? – деп әлгі шегір көзін Ерсінге қадап тұрып қалды.
– Иә, кәдімгі пештің қыздырғышы, қазандығы.
– Кеше үйде болдың ба? Қалай байқамай қалдың?- деді көршісі асықпай.
– Болмадым, қалада бір ағамның үйінде болып ем.
– Қыста адам үйді тастап кетуші ме еді? Пеш жағасың ғой, оны қарап отырмасаң, тарсылдап қайнайды да, жарылып кетеді. Бұлар жаңа үй емес қой, қазандығы көптен бері іске қосылған. Әр жаз сайын тексеріп тұрмасаң, қыста осылай өнер көрсетеді, – деді ол зілсіз.
Ерсін осыған дейін көп сөзді емес көршісінің ақтарылып сөйлеп кеткеніне таңғалып қалды. Бойы ұзын, екі иығын құныстырып жүретін көршісі басын жерден алмаған күйі Ерсіннің үйіне келе жатыр.
– О, мынаны тездетіп бітеу керек, үйдің ішін ыс ала бастапты, – деді ол.
– Құрал-сайманың бар ма? – деді Ерсін жанұшырып.
– Бар, бар. Бұл жолы жөндеп берейін. Келесі жолы бұлай болса, мені шақырма, – деді ол Ерсінге назар салмастан.
– Бопты, көке, құлың болайын, жасап бере салшы, – деді Ерсін шыдамсызданып.
Сол күні Ерсін үйінде қонбады, тағы кешке қарай жолға шығып Қанаттың үйіне бағыт алды. Қанаттың есігін ақшам үсті қаққанына ыңғайсызданған Ерсін есік ашылғанда бірден бойын жинап алды. Есікті Қанаттың жалғыз қызы ашты:
– Сәлеметсіз бе? – деді ол есікті жартылай жауып тұрып.
– Сәлем, амансың ба? Әкең үйінде ме? – деді Ерсін қысыла.
– Жоқ, әкем келмеді әлі, не жұмыспен келдіңіз? – деді қыз тықақтап. Шамамен жиырма жастан асқан орта бойлы, ұзын шашты, әкесінен аумай қалған ерке-шолжаң қыз екені сонадайдан белгілі еді. Ерсін тосыннан келген сұраққа не дерін білмей:
– Қап-ай, ә? Сыртта күте тұрайын ба, қайтсем екен? Қанат жауап қатып үлгергенше үйдің ханымы есікке қарай беттеді:
– Өй, Ерсін амансың ба? Не істеп тұрсың сыртта? Осы қызда қызық, келген қонақты күттіріп қойғаны несі? Кел, төрлет! – деді жанталасып.
– Жағын ашпай тұрған өзі емес пе? – деп бұлданды қыз келген қонаққа сөзін естірте, қадап айтып. Қанат сасып қалды да, мезгілсіз жүргенін жамап-жасқайын деп:
– Үйдегі қазандығым жарылып қалыпты, көрші жігіт келіп бітеп берді, бүгін үйде қонуға болмайды дейді. Содан сіздерге түн жарымда келіп тұрмын, айып етпесеңіз жеңеше, – деді орынсыз күліп әрі ақталып.
– Қазандық жарылды дейді? Пеш жаққанда абай болмасаң, қауіпті. Сен кетер кезде дүрілдеп жанатын көмірден салып па едің? Әдетте су көмірді салып, баппен жанып тұратындай еткенің дұрыс. Жақсы жанатын көмірді күніне бір рет түске таман үйде болғаныңды салып, үйіңді жылытып алсаң, кешке салмай-ақ қой, – деді әйел байыппен.
– Оныңыз рас, жеңеше. Менің өзі мына үй шаруасына, пеш, қазандық дегенге мүлдем ебі жоқ адаммын. Осы ауылға келгелі қазандық дедік, қыста үйдің іші азынап кетеді, тым суық. Үйдің үлкен болғанын қайтейін, төбесі биік болғаннан соң ба, көпке дейін жылымай қояды. Қыста әбден қиналып бітетін сияқтымын. Келер жылы қалаға ауысам-ау деп ойлап жүрмін. Осы жақтан бір жақсы жұмыс тауып, орнықпасам, мен ауылда тұратын адам емес екем, – деп күлді Ерсін. Үйде жылы қабақ танытып қарсы алғаннан кейін көңіліндегі уайымы басылып, жайғасып отыра бастады. Кешкі асқа бас қойған кезде үй иесі кіріп келді. Ерсін жүгіре басып сәлем беріп, қазандығы жарылғанын айтып, ағынан жарылып жатыр.
Сол түні Ерсін Қанаттың үйіне түнеп, келер күні ауылға кетті. Әдеттегі сүркеулі күндер басталды. Кейде аш, кейде тоқ, десе де баяғыдай қамкөңіл емес. Көктем шыға қала жақтан жұмыс қарастырған Ерсінге жарытып ештеңе де табылмады. Көктемнің ортасына қарай көше тазалаушы болып жұмысқа орналасты. Жалақысы көп емес, десе де қара басын асырауға жетеді. Бұл жұмыста Ерсін көп бөгеле алмады. Түнгі үште үйіне келеді де, ұйқысы қанбастан, таңғы бесте жұмысқа шығып кетеді. Кешке қарай автобуспен үйді-үйіне жеткізіп тастағанына қарамастан, Ерсін ұзаққа бармайтынын түсінген. Көңіліне жалғыз үміт отын сыйлаған жақында жарық көреді деп күтіп жүрген жинағы еді. Жинақтан да жақсы хабар келер емес. Жұмыстан шыққан күні ол Қанатпен орталық дәмханалардың бірінде кездесті. Екеуі көптен бері көріспеген еді, қауқылдасып, біраз әңгіменің тиегін ағытты:
– Көше сыпырған жазушы атандым де, – деп әзілдеді Қанат.
– Мен бірде жеңгеме айтқам, мен ауылда емес, қалада тұратын жазушымын деп. Ауылда бір бабымды таппай-ақ қойдым, қалаға көш деп әлдене түртіп жүр-ау осы мені, – деп күлді Ерсін.
– Әй, Ерсін, саған бұл жақ жақпады-ау. Алматыға қайтатын ойың жоқ па?
– Алматыға барсам, қалай күн көрем? Аядай ауылда жанымды әзер бағып жүрмін. Қалтамда ақшам болса, Алматыда үйім болса, армансыз бүгін-ақ кетіп қалар ем.
– Сенің осылай бозып-тозып жүргеніңе жаным ашиды. Мына жұмысыңды тастағанын жөн бопты. Енді қандай жұмыс істесең де жазуыңды тастама.
– Айпақшы, менің жинағым не болды екен? Редактордан хабар бар ма?
– Көптен бері хабарласпай кетті. Оған да тиын-тебенін беріп қоймасаң, қазір ешкім тегін жұмыс істегісі келмейді ғой. Оған сонша қипақтама, мен өзім берермін ақысын. Сен жақсы жұмысқа тұрып алшы әуелі, кейін қайтара жатарсың. Жинағың туралы жақсы хабар жақында жыл құсындай келеді әлі, – деген Қанаттың сөзі Ерсіннің жүрегіне үміт отын жақты.
Жаз келгенде Ерсін теміржолға жұмысқа тұрды. Әуелгіде қызыққұмар көріп, жақсы жұмыс таптым деген жар салып, Қанатқа барған еді. Бір-екі аптада ешқашан аяқталмайтын жолдардың қызығына батып кетті. Кейіндеп қызығы кеткен соң, көңілі тағы құлазыды. Ығы-жығы бітпейтін жолаушылар, тарс-тұрс еткен пойыз үні, бой жазып ұйықтай да алмайды. Біресе елдің бір шетінде, біресе бір шетінде жүреді. Жазудан да қол үзіп қалғалы қай заман. Қазанның ортасына қарай Ерсін әбден зорығып, жұмыстан шығамын, Алматыға қайтамын деп шешті. Семейден бет алып келе жатқан соңғы сапарында ирек-ирек сілемдерге көз салып тұрып, өмірдің өзін талай арнаға мылжалап тастай салғанын ойлады. Жақсы хабардың өміріне жыл құсындай оралмай жатқанын, өзінің әбден жеңілгенін, Алматыға барған күннің өзінде не істеп, не қоярын білмейтіні жанына әбден батқан еді. Қараңғы түн құшағында заулап бара жатқан пойыз терезесінен жалғыз жолсеріктің сұлбасы көрінеді. Ол алыстарға көз тігеді, әлденені армандайды, өткен-кеткенді ойлап, өзінің зиянсыз да, кішкентай өміріне жаны ашиды. Өмірде жанына жылу сыйлар жанұясы да, болашағын мүмкін етер бала-шағасы да жоқ. Тек өнеріне сенетін аға-досы Қанат бар. Ерсіннің соңғы жылдары көңіліне серпін берген өзінің жылдар бойы жазып-сызғандары еді. Ол қалам тудырған перзенттерінен бір мысқал кемшілік көрмейді, әр оқыған жанның жүрегіне лып етіп қона қалады да, жадында мәңгі жатталып, мені іздеуіне түрткі болады деп сенеді. Ол ойында өзін жиі биік мінберлерден көретін, қолын сермеп ағыла сөйлеп тұрады. Еңсесін езген тұрмыстан биік ғұмыр кешкісі келеді. Пойыз ішінде өткен соңғы түн оның бойына бұрын-соңды сезініп көрмеген қуат бітірді. Дәл осы түнді әңгіме етіп жазамын деп бекінді. Ертесіне Павлодарға тоқтаған пойыздан түсіп, соңғы жұмыс күнін өтеген Ерсін тез ойланбай жолдан жеңіл көлікке отырып, бір сағат жолдағы Екібастұзға жол тартты. Қалаға кірген бетінде жол бойындағы дәмханалардың біріне бас сұғып жүрек жалғады. Бүгін Қанаттың үйіне барып, осыған дейін жазғандарын көрсетіп, жаңалығын хабарламақ. Ол Қанатқа кеш қарайғанда бірақ барайын деп шешті. Біразға дейін кітапханада отырды, алтыға қарай көшеге шығып, біраз сейіл құрды. Автобус аялдамасына жете берген жаңбыр төпелеп құйды. Оған сасқан Ерсін болмады, терең ойдың құшағына құлап кетіп, малмаңдай су болғанын да байқамапты.
Аспаннан мұнартып бозарған ай көрінгенде Ерсін түн жарым болғанын түйсініп, үйге беттеді. Бүгін түн ерекше тыныш, айнала жым-жырт, тастай қараңғы. Ерсін ертең Қанаттың үйінде түнеп, артынша ауылға барып, заттарын жинастырып, Алматыға тартамын деп шешті. Жұмыстан шығып кеткенін де Қанатқа батып айта алмады. Әр істің басын бір шалатын жалқау екен дер дейді іштей өзіне. Бұл түнді Ерсін мазасыз ойлар шырмауында өткізді. Ертесіне күні бойы Қанатпен жүрді, әуелі оның ескі көлігін көлік жөндеу орталығына тастап, екеуі кітапханаға беттеді, артынша дәмханаға кіріп, тамақтанды. Ерсін Қанатқа әлдене деп тіс жарып айтқан жоқ. Ерсін сағат төртке таман Қанаттың үйінде бір күн түнеп, ертең ауылға жол тартатынын қалай айтарын білмей біраз айналсоқтап барып жеткізді:
– Күн де суытып кеткен екен, бүгінге маған көлік табылмайды-ау.
– Жолдан қолыңды көтерсең баратын көлік боп қалар, – деді Қанат бейқам.
– Соны білмей тұрғаным. Қанат үндемеді.
Ерсін де аялдамаға дейін ілбіп келді де:
– Бүгін сіздің үйге қонсам қалай? Ертең ерте шығып кетермін, – деді ол Қанат не дер екен дегендей ішінен тынып.
– Қалсаң қал, ертең жұмысқа шығасың ба?
– Жоқ, арғы күні шығып қалармын.
– Жүдеп кетіпсің, жол жеп қойған-ау сені.
– Оныңыз рас. Екі-үш күнде жарты Қазақстанды аралап шығамыз, әбден болдырдым.
– Келер жылы жазға дейін бір жөні болар. Ақшаңды жинап жүрсің бе? Жинай бер, бір кәдеңе жарайды, кітабыңды шығарамыз, – деп арқасынан қақты Қанат.
Олар автобусқа мініп, үйге жеткен кезде сағат тілі кешкі тоғызды соққан еді. Ерсінді үй іші әдеттегідей жылы қарсы алды, тек Қанаттың қызы ғана салқын амандасты, дастарханда да көп бөгелген жоқ, тұрып кетті. Тамақтан кейін аулаға бір тал темекі шегіп, кірген Ерсін:
– Несі бар қызым, сенің мазаңды алып жатыр ма? Бір түн қонады да, таңертең сен оянғанша кетіп қалады, – деген Қанаттың дауысына құлақ түрді.
– Жоқ, жиі келгіштеп кетті. Мен жоқта да жиі келеді екен. Үйде адам барда еркін жата алмаймын. Алдында сен жоқта тағы келді. Өзінің үйі жоқ па? Үйіне барсын!
Бұл Қанаттың жалғыз қызы еді. Әңгімеге Қанаттың әйелі араласты:
– Бүгін қонып кетсін, кейін әкең өзі жиі келе берме деп баппен жеткізеді ғой, – деді ол.
– Бүгін кетсін, мен студентпін, шаршап-шалдығып үйге бір аптада бір келемін, ол әкесінің үйінде жүргендей қайта-қайта келе ме, емін-еркін жатады, көсіліп әңгіме айтады, тамақ ішеді. Маған мүлдем ұнаған жоқ, – деп тепсінді.
– Олай деме, қызым. Менің досым ғой, жолсерік болып жұмыс істейді, апталап келмей кетеді, арасында бір келгенде сонша қабағыңды түйме, ұят болады! – дейді Қанат.
Ерсін тың тыңдағаным ұят болар деп қысылып, сыртқа шығып кетті. Үйге кіре алмай далада біраз жүрді. Күздің салқын ызғары сезіледі, Ерсін іштей тағы бір жыл көзі ашып жұмғанша өте шықты деп ойлады. Ол өзінің ішкі бақытсыздығына назалы еді, бірақ бүгін түнеп шықсам, кейін қайта-қайта келуді сиретермін деп шешті.
– Кезінде Ермек те келгіштеп кеттің деп сөйлеп еді. Мен де адамның үйіне елпілдеп бара беру деген қасиетімді қоя алмай-ақ қойдым. Рас қой, әр адамның өз өмірі бар. Кім менің бала сияқты асты-үстіме түсе береді дейсің? Апталап жолда жүріп, Қанатқа да кейінгі айларда сирек келген сияқты едім. Үй іші де жақсы қарсы алғандай көрінген. Маған жиі келіп кеттің деп айтуға бата алмаған екен ғой. Не істейміз, басқа түссе баспақшыл. Әйтпесе, біреудің есігінде жүрген адам емеспін ғой, өз үйім бар. Өзгеге әбден жауыр болғанда ішінде тіршілік нұры жоқ, тастай суық үйіңнің өзі хан сарайындай көрінеді екен ғой. Ертең таң атпастан үйіме тайып тұрайын. Өзім онсыз да Алматыға кеткелі жүргем, сосын мүлдем келмеймін ғой, – дейді Ерсіннің ойы сан-саққа жүгіріп. Көңілінде шырмауықтай қаулап өскен мазалы ойлар тасқыны әлі басылар емес. Ара-тұра лекілдеп ағады да, бір мезетте тына қылады. Ұйқыға бас қойып, біраз сергігісі келсе де, дөңбекшіп ұйықтай алмайтынын біледі. Ол бүгінгі түнді тез аяқталса екен деп тіледі.
Ерсін үйге кірді. Есікте құлағы шалған әңгімелер тынып қалған екен. Үй иелері де жатып қалса керек, үйдің іші тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Ас үйде жуылған ыдыстарды үстел бетіне төңкеріп, пердені түсіріп қойыпты. Ерсін баппен өзіне төсек салынатын қонақ үйге беттеді. Қонақ үйде диванда отырған Қанатты көргенде қуанып қалды:
– Қанат аға, әлі жатпадыңыздар ма?
– Сол ұйқы келмей қойды, – деді ол қысқа қайырып.
– Менің де ұйқым келмей, әбден мазам қашты. Сыртқа шығып, бой жазып, жүріп қайттым.
– Алыс жолдан келдің ғой, шаршағаның әуел баста білінбейді. Кейін сағаттап тұрып ұйықтайсың.
– Солай сияқты. Ертең үйге барып, пеш жағып, үйді бір жылытып алсам деймін. Күз де келіп қалыпты, күн қалай суып кеткен.
– Ие, бұл жаққа күз ерте келеді. Өзіміз де тоңып шыдамай үйді жылытып отырмыз бүгін. Мұнда қабат үйде тұратындарға қиын, күздің бел ортасына дейін жылу бермейді. Жаурағанның көкесін сонда көресің, – деп күлді Қанат.
– Сіздер жер үй алып, дұрыс істеген екенсіздер онда, – деді Ерсін үй иесін қолпаштап.
– О баста келгеннен мақсатым жер үй алу болған. Мен өзім қабат үйде тұра алмаймын, күніге сатыдан мініп-түсіп, қала берді тар, не аулада емін-еркін отыра алмайсың. Келе сала осы үй бұйырды ғой. Басында балалар алыс деді, жолы нашар деді. Сонда да ешкімді тыңдамай алғам, қазір осы үйден рахаты жоқ.
– Енді осында орнықтыңыз ба? Басқа қалаға көшем деген ой жоқ па?
– Орнықтым, қайда көшем? Қазір көшу де оңай емес, бірақ артық ауыз ештеңе айта алмаймын. Ғайыптан тайып көшіп қалып жатсақ, бәрі мүмкін. Сен менің әлгі кітап туралы айтқандарымды жадыңа мықтап түйіп алдың ба?
– Түймегенде, өмірімнің ең маңызды белесі болғалы тұр.
– Әлгі редакторға жолым түссе ертең апарып берейін, сен тағы тоқтаусыз жаза бер. Бірі келмей қалса, бірін қоя салармыз. Ол дүниеге салғырт қарама. Маған бауырымдай болып кеттің ғой, бір шеті руласымсың, алыс жұрағатымыз бір өлкеден кеткен. Ар жағы сен маған жерлес болып тұрсың. Сені жаныма жақын тартып жүргенім ғой. Өзім жүрген жерімде туыс-бауыр іздеп жүремін, кең болсаң, кем болмайсың деген.
– Дұрыс айтасыз, аға! Мен де сізді ағамдай көріп кеттім ғой. Осыған дейін жасаған бар жақсылығыңызға алғысым шексіз!
– Білемін ғой, бірақ бүгінге ағаңды айып етпе, ана қызым ауырыңқырап отыр, содан да ұйықтай алмай отырмын. Беті бері қарамаса, жедел жәрдем шақыртамыз ба деп отырмыз. Жеті қараңғыда үйінен қуды деп кінәлама, сені де ұйықтатпай мазаңды аламыз. Бүгін үйіңе барып түнесің қалай? – деді Қанат Ерсінге. Ерсін сәл тосылып қалды, кіреберісте естіген әңгімесі тағы бар:
– О не дегеніңіз, қайтайын. Өзім де солай ойлап отыр ем. Үйге барып пеш жағып, жылытайын. Ана қазандықтардың жайын өзіңіз жақсы білесіз, соларды байқастайын, – деді.
– Сол ғой, сол. Мен саған қазір көлік шақыртып берейін, жеті түнде жолға шығып, көлік іздеп әуре болма, – деген Қанат қалтасынан телефонын алып көлік қарастыра бастады.
Көп ұзамай көлік те келді. Ерсін сырт киімін киіп, сөмкесін қолына қысып ұстап күтіп отыр еді. Ерсінді дарбазаға дейін шығарып салған Қанат:
– Ерсінжан, жолың болсын! Өзіміз де күтпедік, ана қыз студент қой, дұрыс тамақ ішпей жүрді ме қалада білмейміз, әйтеуір жатып қалды, – деді ақталып.
– Ештеңе етпейді, ағажан! Қызыңыз жазылып, аттай болып кетсін! Тағы хабарласармын, – деп Қанаттың қолын алды.
Көлік тастақ жолға шыққанша бұралаңдап, біресе бір шұңқырға, біресе бір шұңқырға құлап, баяу келе жатыр. Ерсіннің көз алдында қараңғы қаланың көңілсіз келбеті көрінді. Арагідік терезелерден шамдардың жарығы төгіледі. Ол іштей қанша үйде шам жағылып тұрғанын санайды да кейін қалың ойға батып жаңылысады. Көлік тастақ жолға түсіп заулағанда өзін Ерсін өмірінде алғаш рет құстай еркін сезінді. Мұндай сезім оның бойын бұрын-соңды билеп көрмеп еді. Қоңыр күздің салқынына бой алдырған сайын дала қараңғы түн құшағында ұйқыға батқан. Ерсінге енді ештеңе де үрейлі көрінген жоқ, тек бел шешіп ұйықтауды армандады. Қанатқа бір мысқал да өкпе артпады. Алматыға барып орныққан соң өмірінің мүлдем басқа бағытқа құбылатынын ойлап, іштей үлкен болашақтан үмітті еді. Алматыдан өзіне орын табылмаса, ауылға барып орналасармын деп түйді. Кейін қолына қалам алып, түйдек-түйдек шығармалар жазып, жазуға барынша зейін қоймақ. Жол бойы қиял жетегіне еріп, арагідік ұйықтап кетіп отырды. Көзін ашқанда өз үйінің қақпасының алдында тұрғанын аңдады:
– Жеттік, – дейді жүргізуші жігіт Ерсінге.
– Жетіп қалдық па? Қалай тез? – деді ол таңдана өң мен түстің ортасында отырғандай. Сөмкесін алып көліктен түсті де үйіне беттеді. Ауыл да ұйқы құшағында, көрші үйдің ауласында жанған жалғыз ілік шамнан басқа ештеңе де жоқ.
Үйдің іші суықтан азынап кеткен. Төбесі биік, кей тұстары дұрыс бітелмеген бе, сұмдық суып кетіпті ғой деп ойлады Ерсін. Көп ойланбай сөмкесін кіреберіске тастай салып, қолына шам алды да қораға беттеді. Қорадан бір шелек көмір, үш-төрт тал ағаш, бұрышта жатқан газеттердің бірін қолына қыстырып, үйге келді. Пеш жаққалы сіріңке іздеп біраз сеңделді, жаң қалтасында тұтатқышы бары ойына оралып соған жармаса жөнелді. Бар ойы үйді дүрілдетіп тұрып жылытып, ұйқыға батса. Ерсін бір жанғанда лаулап сала беретін көмірдің ірі кесектерінен аямай салды, әуелгіде ағаш су болды ма, әлде сыртта лүп еткен жел болмады ма, от бықсып жанбай қойды. Ерсін отты үрлеп, лап еткізіп тұтатты да, жанды-ау деген сәтте лып-лып етіп көмірден салып жіберді. Кейін әбден талықсығанын сезді, тоңды ма, әлде суықтан ба, аяқ-қолы еркіне көнбей дір-дір етеді. Сол қолы ұйығандай көтертпей ауырып, Ерсін киімшең төсекке сұлай салды.
Арада бір апта өтті. Ерсін сол түннен кейін Қанаттың үйіне беттеп барған жоқ. Қанат та Ерсінді мазаламады. Бірақ бір апта хабар келмегеннен кейін елегізе бастады. Хабарласып көріп еді жігіттің телефоны сөніп тұр. Жолда жүрген шығар деп топшылады Қанат. Арада үш күн өткен соң Қанат Ерсінді үйге шақырып, күздік еттен дәм татқызсам деп түйген. Осы аймақтың бірқатар әдебиетші қауымын да үйіне қонақ етпек еді. Бүгін қарашаның екісі. Түс ауа Қанат Ерсінге қайта қоңырау шалды, телефонның артындағы дауыс «телефон сөндірулі» деп қысқа қайырды.
– Бұл қайда зым-зия жоқ болып кетті? Жұмысынан мүлдем демалыс алмаған ба? Әлде телефонын қосуға ұмытты ма? Қуаттағышы жоқ па екен? – деп уайымдаған Қанат көп ойланбай теміржолға хабарласты.
Теміржолдағылар оның баяғыда жұмыстан шығып кеткенін айтқанда Қанат дел-сал күйге түсті. Осыдан бір аптадай бұрын ғана жұмыстан келгенін айтқан сияқты еді, әлде шығып кетіп, маған айтуға батпады ма екен? Бұған өзі не көрінген? Неде болса, мен қазір ауылдастарына хабарласайын. Қазір ауылына барып алсам, бұл үйде болмай шықса, тағы жүремін бе әуре боп? – деп шешті Қанат.
Қанатта тек Ермектің нөмірі бар еді, жергілікті полицейге хабарласып, бәрін аяғынан тік тұрғызуға бата алмады. Ермек Ерсінді көптен бері көрмегенін айтады. Соңғы рет күздің басында үйінің ауласынан көрген. Қанат барып көріп кел деп Ермекке айта алмады. Екеуінің арасындағы аражікті білген соң, тұтқаны қоя салған. Кейін шыдамай қайта хабарласты:
– Ермекжан, қайта-қайта хабарласып, мазаңды алсам, айып етпе! Саған бар демеймін, бірақ көршісі бар еді ғой, анасымен тұратын жалғызбасты жігіт, аты қалай еді…
– Асик, – деді Ермек дауыстап.
– Иә, дәл өзі. Сол Асиктің нөмірі бар ма сенде?
– Бар ғой, үй телефоны бар.
– Сол жігітке хабарласып айта салшы, барып қарай салсын. Ерсін үйінде бар ма екен. Бар болса, бопты, өзім кіріп шығармын.
– Жақсы, қазір айтайын, – деді Ермек көп сөзге келмей.
– Маған бірден хабарын айт, – деді Қанат сөз соңында.
Арада екі сағаттай уақыт өтті. Қанат бұл жолы шындап уайымдайын деді. Не көршісінен хабар жоқ, өзі де ұшты-күйлі жоғалды, бұл қалай болғаны? Телефоны шыр ете қалғанда алып-ұшып телефонға бас қойды:
– Иә, Ермек сен бе?
– Мен ғой, Асик барып келді, есігі жабық тұр, үйде адам жоқ дейді.
– Жоғы қалай?
– Жарығы өшіп тұр, ешкім жоқ екен іште.
– Ерсінді көршісі де көрмеп пе?
– Екі аптадай болып қалды, көрмедім деді ғой.
– Қап, қайда кетті екен?
Қанат ақыры шыдай алмай көлігін тізгіндеп Ерсін тұратын ауылға өзі тартты. Сағат кешкі сегізден асқан еді, ызғарлы жел өңмеңіңнен өтіп қолқаны қуады. Қанат тастақ жолға шыққанда зау етіп, жылдамдықты арттырды. Ерсіннен іштей хабар алмағанына бір күдіктеніп, бір уайымдап келе жатыр.
– Алдында қонбай кет дегеніме ренжіп қалды ма? Жұмысынан шығып кеткен, әлде бір жерде ішіп құлап қалды ма? Қазір үйінен табылмаса, жергілікті полицейлері бар еді ғой, соған барайын. Көңілім орнына түссін, – деді ол.
Көп ұзамай Ерсіннің ауылы көрінді, мұржадан будақтап жатқан түтіндер бірінен кейін бірі ұзарып, көк аспанға сіңіп кетіп жатыр. Қанат көше бұрылысындағы Ерсіннің үйін жаңылмай тапты. Шарбағы ашық тұр, көршісі келген кезде бекітпей кетіп қалған сияқты. Кіреберіс есікке тақап келіп, итеріп көріп еді, есігі бекітулі екен. Қанат не істерін білмей дағдарып тұрды да есіне әлдене түскендей есікке жалт қарады. Есіктің аузында құлып жоқ, демек іштен бекіткен деген үрейлі ой үстінен суық су құйып жібергендей есеңгіретіп тастады. Қанат жүгіре басып көршісіне барды. Көршісі су тасып жүр екен, Қанатты әу баста танымады:
– Мен Ерсіннің таныс ағасы едім, саған Ермек хабарласты ма?
– Хабарласты, – деді әлгі бейқам.
– Хабарлас деп айтқан мен ғой. Қаладан келіп тұрмын.
– Бағана көріп қайтқам, ешкім де жоқ үйінде. Несіне әуре болып келдіңіз?
– Есігін ішінен бекіткен ғой, сыртта құлып тұрған жоқ.
– Кілттей салған шығар сыртынан, көптен бері көрінбеді, әйтпесе бір көрер едім ғой, тиіп тұрған көршісімін.
– Жүр, үйді ашып көрейік. Болмаса, іздеу салармын, – деді Қанат көрші жігітке сұқтана қарап. Көрші жігіт те көп сөзге келмей, қорасынан құрал-саймандарын алып шықты.
Екеуі бояуы кеткен есікке таяп, басында баппен итеріп көрді. Көршісі есіктің іштен бекітілген тұсын шамалап өлшеп, бұрғылай бастады. Бұрғы бір демде жұқа ағашты тесіп өтіп, көршісі қол сыятындай қуыс жасады да көп ұзамай іштен бекітілген күршекті ашып жіберді.
– Күршектеп қойыпты, – деді ол күдіктене Қанатқа қарап.
Қанат тіл қатпады. Есікті аша сала үйге кірді. Үйдің іші қараңғы, көзге түсер ештеңе де көрінбейді. Тек тамақ қышылдап, көзге жас келгендей болды. Қанаттың мұрнына күйік пен даттанған темірдей тұнжыр иіс келеді.
– Ыстанып кеткен ғой мына үй, – деді көрші жігіт Қанатқа үрейлене қарап.
Қанат мұрнын қолымен жауып, жатын бөлмеге жақындай түскенде шіріген жұмыртқадай борсыған сасық иісті сезді. Көршісі де мұрнын ескі күртесінің жағасына тығып, Қанатқа алақ-жұлақ қарай берді. Қанат қараңғы бөлмеде төсекте жатқан адам тәніне көзі түсті, жарықты жағып қалғанда өз көзіне өзі сенбеді. Төсекте ес-түссіз жатқан Ерсінді көрді. Ол баяғыда-ақ жан тапсырған екен. Қанат әрі қарай өң мен түстің арасында тербеліп кете барды. Тынып тұрған ауылды шыр көбелек айналдыра алпауыт дауыл тұрды да, айналаны көз аштырмас топырақпен борап тастағанай күй кешті. Ол үйден шыққан кезде қарашаның алғашқы қары жапалақтап түсе бастады.
«Ганин» кітабынан алдынды.
