(болған оқиға ізімен)

О, сколько нам открытий чудных,

Готовят просвещенья дух.

И опыт, (сын) ошибок трудных,

И гений (парадоксов) друг,

И случай, бог изобретатель…

А.Пушкин

 

Тілдесер тілі болмаса да осы шағын шаңырақтың кәдуелгі толыққанды бір мүшесі. Иелерінің еркелеткеніне ерке қылығымен жауап береді. Онысын олардың аяғына сүйкеніп, бүртік-бүртік шай қалақтай тілімен қолын жалап, құйрығын бұлаңдататын жағымды қылықтарымен танытады. Сонысымен сүйкімді. Көзін аша салысымен шаңырақтың тыныс-тіршілігімен біте қайнап, улап-шулап жататын ұсақ бала-шағасы жоқ үйдің жалғыз еркесіне айналған мысық сүйкімді болмай қайтсін. Алакеуімнен таңғы сауынға тұратын кемпірмен бірге оянып, жылы сүтке тойып алған соң, ұзақ күнге торғай, тышқан аулап, сосын қораның төбесінде, я болмаса, шөптің үстіне күн көзіне маужырап жатып, жатарға ғана оралатын сары мысық, бүгін кешкісін үйге келмеді. Алғашқы күні бұған аса мән бермеген еді, келесі күн кешкісін шынымен мазасыздана бастады. Осы үйдің табағын жалаған уақыттан бері үй иелеріне, өзіне де үйреншікті дағдысының кенет бұзылуының мәнісі неде? Өзі бұзды ма? Әлде ғайыптан бірдеме себеп болды ма? Көршілерінің ит қуалап, не болмаса солардың мысықтарымен таласып, бет аузы, құлағы жырым-жырым болғанның өзінде үйге оралатын. Ал, мына келместің гәбі басқада секілді. Осы жасқа дейін «жақсы ит, өлігін көрсетпейді» дейтін мақалдың мысыққа қатысты айтылғанын естімепті. Мүмкін, итке ұқсап жеті қазынаның біріне, жыл санағына кірмегенмен, ұйықтап жатқанда шекпенінің етегін кесіп тастап кететін мұсылман иістінің сүйіктісіне айналған мысыққа да қатысты айтылар шығар? Айтылса бұл естімеген болғаны ғой. Бірақ, жаз күз даладан торғай мен тышқан аулап, сиырдың жылы сүтін, күзден үйдің бар дәмдісін ішіп қысқа қарай борықтай семіретін сүйкімді мақұлықтан соңғы күндер күдік тудыратындай кінәрәт байқамаған. Екі түн, үш түн..бұдан кейін де оралмаған соң күдерін үзіп, жамандыққа жорыған. Ықылым заманнан адамзат баласына жақын жүретін ақыл, есі жоқ, денесінің кез келген мүшесін жалап, тән тазалығын ұстана білетін мақұлықтың, иесіне бейнетін көрсеткісі келмейтін, жұмыр басты пенденің кез келгенінде кездесе бермейтін жан тазалық қасиеті барлығына таңданған.

Жасы жетпісті алқымдап қалған кемпір облыс орталығында ауруханада жатқан шалының денсаулығына мазалы болатын. Кардиоорталықтың жан сақтау бөлімінде жатқан отағасынан апта асуымен хабар жоқ. Осы беймаза күндерге дейін шалы жолаушылап кеткен күндер шаңырақтың үшінші мүшесі-сүйкімді мысығын сылап, сипалап, еркелетіп, әңгімелескен болып, кешкілік жалғыз жарым көңілін бүтіндеп отырушы еді. Мысық та болса, жалғыздықта таптырмайтын ермек-тін. Міні, ол да жоқ. Ойлап отырса, жалғыздық, күткеніңнің, тосқаныңның не жақсылық, ен жамандық болып, сарғайтпай тек тезірек жетуі, жүйкеге дәл осы белгісіздік пен өз басыңның әрекетсіздік, амалсыздық күйіңдей салмақ салмайды екен. Әсіресе, қыстың ұзақ түндерінде. Көзін жұмып жатқаны болмаса, ұйықтап жатқанын , не ояу жатқанын өзі де түсінбейді. Әйтеуір, көзі жұмулы, түнеріңкі түндер.

Сегізінші күні кешкісін кемпір тек түске ғана кіретін оқиғаға тап болды. Оттың қамымен тысқа шықса, сегіз күн, сегіз түн жоғалған сары мысық мияулап есік алдында тұр. Есінен танып қала жаздады. Осыдан он күн бұрын көзі көрген семіздіктің жұрнағы ғана қалыпты, борықтай қарны жабысып, жылтырап тұратын жүндері қотыр қойдың жүніндей жұлма-жұлма үрпиіп, ұсқыны кеткен. Көзі жасауырап, былшық басқан, даусы жалынышты естіледі. Кемпірдің алғаш есіне келгені «атаңа нәлет, тышқаны көп біреу үйіне қамап ұстаған» деген ой еді. Дереу үйге кіргізіп, бір кесеге кешеден қалған ет аралас кеспені, бір кесеге сүтті толтыра құйды. Пештің отын жақты, қазандыққа су толтырды. Осының бәрін жайында тізесі қақсап бастыртпайтын аяғының ауырғанын ұмытып ұшып, жүріп істегенін байқамады да. Жарты айға жуық құлазыған көңілге иненің жасуынан ғана өтетіндей жылы шуақ қонып, жанға медет, тәнге қуат берді. Неше күн белгіздік пен амалсыздық билеп ауыр тартқан кәрі дене жеңілдеп қалды.

Сары мысық үйге оралған екі күн өткен соң шалы қоңырау шалып, амандығын білдірді. Аурухананың жан сақтау бөлімінде қан қысымының төмен болуына байланысты міндетті екі күннің орнына төрт күн жатып қалыпты. Ауру азабынан құтқарып, тынымсыз тірлікке бейімдейтін бөлімде кіммен болсын байланысуға рұқсат берілмейді екен. Алланың, сосын дәрігерлердің шипалы қолымен беті бері қарап, жалпы палата шығарылғанын, ағайын-туғанмен хабарласуға, жүріп, тұруға мүмкіндік берілгенін самбырлап айтып жатыр шалы. Неше күн үмітпен күдік ерегесінде жанына жақын адамының естімеген дауысын естіді, көңілі көлдей толқыды, көзіне іркілген тамшы жасты сүртіп; «береріңді бермесең де, барымды ала көрме», -деп Жаратушыға ризашылығын білдірді. Ал, сары мысық пеш қасындағы жылы диванның үстінде керіліп, созылып ұйықтап жатты…

 

Самат МӘНЕНҰЛЫ,

Ертіс ауданы.

Добавить комментарий