…Өтелмеген болса өмірде парызы,
Пенделердің таусылмайды дәм-тұзы.
Ажал құрық сала алмайды тосынан,
Аллам әділ. Сене білгей осыған.
Автор

Қазан айының соңы. Бірде ашық, бірде мұнар күз күндерінің бірі. Мұқым кәрілерге, жоқ әлде тек осы қарттың маңдайына Жаратқанның жазғаны ма, көңіл күй, әрекет-қаракеті ауа райына байланысты болады да тұрады. Өзі солай ойлай ма? Тіленшектеп, осыған бой үйретіп алды ма? Әлде жаратылысынан ба, түсінбейді. Бала жасынан осылай болған ба еді, ол жағы тағы есінде жоқ. Әйтеуір осы жасында аспан ашық, күннің шуақты болуы ол үшін басты мәселе. Өсіп, өнуі тіршілік нәрі-су мен күннің шуағына байланысты болатын жер бетіндегі барлық бірінсіз бірінің күні жоқ жанды, жансыз секілді бұл да табиғат ананың перезенті болған соң жаймашуақ күндерде көңілі көлдей.
Бүгін көк күмбезі бұлтсыз екен. Анау шетсіз шексіз кеңістіктің дәл төрінде мезгілге сай жылуы жұтаң жұқа шуағын төгіп тұрған Күнге қазанның қара суығына қаперіне ілмей жайдары, жарқын кейіппен көзін алақанымен сәл көлегейлей ұзақ қарап алып, жарық дүниенің етектеп емірене төгілген шуағы мен күздің дымқыл салқын ауасын кеудесін кере құшырлана жұтар еді. Сосын, жетелеп жеткен күннің жетегімен қам тартқан бірде сояу, бірде қаяу көңілдің кем кемерін ойхой тірліктің үміт-сәулесіне толтырып айналасына көз тастар еді. Тамыздың аяғынан басталған қарбалас науқан-шөп дайындау баяу тартқан, саябыр. Бірақ, қазанның аяғы қарашаның басы күздің сүрі басып мүлгіп жатқан ауыл жоқ, жаңа күннің беймаза тірлігі түртіп оятқан ырғаң қозғалыс бар. Бүгінен он, бәлкім жиырма жыл бұрынғыдай емес қатары қожырап, әр көшеде үш-төрттен, әрі кетсе алты жетіден қалған үйлердің мұржаларынан қоймалжың ақшылтым түтін шұбатыла ұшып, шырқау көке сіңіп жоғалады. Селдір тұмандай қоюлығы бар бозғылт бұлттарды шұрқ-шұрқ тесіп жалқын күннің көзі көрінгенде қырбақ қарға әлі зәру әрі оңып кеткен көделі құба қырға мал айдап, ауыл іші аз-кем жүріс-тұрыс басталған. Қызылын жоғалтқан төңірек демесеңіз, тіршілік баз қалпында баяу бүлк-бүлк қайнап жатыр. Қырық жыл оттасқан кемпірдің «Бәрі үнемі шегеншектеп жүретін жасық мінезіңнен, кеңес тұсында совхозда, жаңа заманда ауданда талай қызметтің шетін тістедің. Содан тапқаның қайсы? Жұрт қатарлы қалада үйің де жоқ қыстайтын. Әйтпегенде, қәртайған шақта, қыстың аязы мен боранында сүрініп, жығылып даладан көмір тасып жүрер ме едім» дейтін атқан таңмен жетіп, батқан күнге ұласатын құлағын сарсытып, сабырын сүйектей мүжитін сөзі есік алдына шыға салысымен ұмытылады. Ертесімен аудан орталығына жұмысқа аттанарда үйден соңынан ере шыққан мысық, иесін шығарып салғандай құйрығын бұлаңдатып үйшігінен созыла, керіле шыққан ит те, төңірегінде көз көріп тұрған үйреншікті жанды, жансыздың бәрі әдемі, бәрі сүйкімді. Айналасы оған, ол айналасына аяулы ыстық іңкәр сезіммен қимастықпен қарап тұрады, көзіне ілінбейтін бірін біріне байлаған нәзік жіптің үзіліп кетуінен қорқатындай. Осы жасында түйген түйсік пен дүниетаным деңгейінен ол, өзін жер жаралғанан бері тоқтау көрмеген мәңгілік машинаның кішкентай ғана елеусіз бөлшегімін деп санайды. Бөлшек тозып жарамсыз жағдайға жетсе орнын дәл мұндай болмаса да қажетті басқасы басатынын біледі. «Материя жоғалмайды, тек басқа түрге ауысады» дейтін физикалық заңдылыққа қарсылығы жоқ. Дегенмен сақтанып жүруге тырысады. Теле дидардан, әлеуметтік желілерден ауылдың өсегінен бетер бораған білімді, білімсіз «тәуіптердің» «Қартайғанда бүйтпей керек, сөйтпей керек, айтқанымызды істесең, ауруың қалып, кәрлігіңді ұмытасың мүлде» дейтін дүмблез нұсқау, сілтемелерге, ақыл кеңестерге мойын ұсынып көрген емес. Дұрыс, бұрыстығын елеп, екшеп көрмеген, тек өз жүрек қалауымен өмір сүреді.
Таңдандырғаны биыл күз жылдағыдан ұзақ болып тұр. Мал үшін жайлы болғанмен бозарған даладай бозғылт күндері тым созылып кеткен. Содан қарттың көңілі түскін, хошы жоқ. Төңірек мелшіген меңіреу, селсоқ, шалажансар дел-сал күйде көрінеді. Тірлік біткен қарашаның қарасуық желімен ауылдан ауып кеткендей. Тұрлауы жоқ, тұнжыраған тұрпатсыз сұп сұр дүние. Ағаш біткен жапырақсыз жалаңаш. Қарашаның ортасы құба қырда да, ауыл ішінде қара жерге қамсау болар қар жоқ. Құдды, айналасы бірер күн әріде бейжай тірлікпен қоштасу күндерін күтіп тұрғандай әсер қалдырады. Десе де, сонау 1949 жылдан бастап, жердің астында, бетінде, аспанда жарты ғасырға жуық арасына ай салмай тоқтаусыз жарған «бейбіт атом» қаруы сынағынан аспаны азған, асқары тозған дала, қырық жыл тыныштықтан соң жарасы жазылып, базары баз қалпына оралып жатқан болар деп жақсылыққа жориды. Күздің ұзақтығы осыдан деп топшылайды. Сол ғасыр табиғатын «Қараша желтоқсанмен сол екі ай, қыстың басы бірде ерте, ал бірде жай»-деп дала ғұламасы Абай тегін жырламаған ғой деп ойлайды. Осы өңірдің отын оттап, суын ішкен елу жыл нобайында ол, қарашаның соңы түгіл, басы, ортасы қар болмағанын көрген адам емес. Бірақ жорамалы жанын жұбатпайды. Тек бұған ғана жұпыны жадағай болып сезілетін табиғат-ананың осындай күз соңындағы сұрықсыз күнінде де тіршілік қазаны баяу, бірақ шымыр қайнап жатқанда бұның кегежесі неге кері тартып тұратынының өзі де түсінбейді.
Жеткен жеті мүшел сарқынды жастың малта құрттай алқынды ақылдың сарқыты ма? Қарақан басына түскен жазатайым бәлекет, кесепаттардан жіп болып есіліп, арқан болып өріліп тағдырдың жықпыл, жықпыл тығырығынан өмір-дәрияның жиегіне сан алып шыққан қанағат, сабыр, төзім, сеніммен жөргемделген жүйкенің сыр бергені ме? Я, болмаса осы жасқа дейін жиған, терген батпандап кіріп, мысқалдап шықпай қалған сырқаттарыңның сылтауы ма? Не болмаса Алла берген ғұмырыңда мынау жалғанның жастығыңда таусылып бермейтіндей көрінетін қызығы мен қызылының аз-кем дәмін таттың, бір айналдырса, шыр айналдырып, сүріндіріп сілікпеңді шығарғанша діңкелеткен шыжығы да басыңнан өткен. Фәни жалғанға береріңді беріп болмасаң да, аларыңды алдың. Көзі ілгенге түрткі, сөзіне ұйтқы болып, соңыңнан қардай бораған өсек ерткенше үйде неге отырмайсың жан бағып дейтін өзінің ішкі дауысы мен «несіне жетпей жатыр осының» деп шапақтайтын, бірі бетке, бірі көпке пышпыштайтын, жанашырлық танытып, «алда жүрсең көз тиеді, артта жүрсең сөз тиедінің» керін келтіріп, қызғаныштың қоламтасын үрлейтін алыс, жақын туыстары мен замандас, көрші қолаң тағы бар. Ақыл емес, бақұл айтып жүргендей көрінетін әлгілерді (ішінде өзі де бар) тыңдағысы жоқ. Омалып үйде отырудан не қайыр? Бір Аллаға ғана аян кетер күніңді күткендей төрт қабырғаға телміріп күн бағу, кәріліктің рахатын көру емес шығар. Ала таңнан көзге ұйқы ілінгенше теледидардан жағымдылары жалқындап, «жеп кетті», «қымбаттап кеттімен» басталатын жаңалықтар, өткендерінің демесең, бүгінгілерінің халыққа қызметі әлемді қазаққа, өнеріне табындырып, соқыр көзден жас шығаратын сыбызғы дауысты жалғыз Димашқа тұрмайтын, аузын ашса «жұлдызға» айналған «фанер» дауысты шетінен бай теңгетабар әншілер көңілін көншіткен емес. Өкініштісі, телеарналардағы бағдарламалардың басым бөлігі көн қырда мал бағып, егін егіп, там тұрғызып жүрген еңбек адамдарына емес, солар өсірген нан мен етті жеп, солар салған үйде тұратын, әлгі «жұлдыздардың» жатар төсегінен шығар есігіне дейінгі тұрмыс-тірлігіне арналған. Бұл ерігіп, диванда жатқандарға болмаса, тапқаны таянуына жетпей жүргендерге қажеті не? Теледидардан, ауылдан тілге тиек болу мен уақыт өткізуден басқаға ада, өсек-аяң тергенше бұлтсыз күні жадырап, бұлтты күні амалдап, шыққанына қырық жылдан асып кеткен шетелдік көнетоз көлігімен жиырма шақырымнан асатын аудан орталығына отыз жыл үйренген ортасына тартып отырады. Болмысынан бақыр басына біткен, көрген-білген, оқыған-тоқыған, жиған-терген ой көкжиегінің пайымы-көптің ортасында болу, қарт үшін жан рахаты. Бұдан асқан ғанибет жоқ оған. «Өмір деген-қозғалыс» деген Вольтердің, Лев Толстойдың «Екі соқа» әңгімесіндегі бір мезетте зауыттан шығып, бірі, жер жыртудан жылтырап, бірінің әрекетсіз шіріп қалған соқаның, бұларға хакім Абайдың: «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды әдеті жаман адамның» дегенін қосақтап, өмір сүреді.
Самат МӘНЕНҰЛЫ,
Ертіс ауданы.
