…Бір сәтте-ақ жыртқыш кейпіне енген отағасы қолындағы пышағын жалаңдатып, әйелін және бір жарым жастағы қызын аяусыз соққылап жатқанда, тағы екі баласы көз алдында ботадай боздап, не істерін білмей, қалшылдап тұрды. Тұңғышы – он бір жасар ұлы жеті жерден пышақ жарақатын алса да, тек Алланың алқауымен аман қалды. Осынау жан түршіктірер қанды оқиғаның орын алуына ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керіс себеп болғанын кейін тергеу амалдары анықтады. Тергеу барысында жыртқыш әке өз әйелін өлтірудің оңтайлы сәтін бұрыннан-ақ ойластырып жүргенін еш шімірікпестен мойындайды. Қылмыскер осынау адамшылыққа жатпайтын айуандық жоспарды жүзеге асыру үшін тек бір ғана сылтау керек болғанын да жасырмады…
***
Бұл қанды оқиғаны алғаш естігенде, кент тұрғындарының ешқайсысы да сеніңкіремеді. «Кәрім Келемісовтің мұндай қылмысқа баруы мүмкін емес» десті бәрі де таңданыспен.
Қарапайым жүргізуші болып жүмыс істеген Кәрімді айнала-төңірегі – аула тұрғындарының бәрі де жақсы танитын-ды. Өзінің еңбек жолында ол бір рет те тәртіп бұзбаған, ерсі әрекетімен немесе жағымсыз қылық-мінезімен көзге түспеген. Әріптестерінің айтуынша, өзгенің ала жібін аттап көрмеген адам екен.
Күнделікті жұмысына уақытылы келіп, өз ісін беріле атқарып жүрген. Тіпті, жұмыс беруші шұғыл шаруа-тапсырмамен демалыс уақыттарында мазалап жатса да, шаршадым деп сылтау іздемей, бұлталаққа салмай, келісе кететін. Бір сөзбен айтқанда, Кәрім ұқыпты жұмыскердің бірі-тұғын.
Отбасында әйелі Күлтаймен жарасымды тірлік кешіп, үш бала тәрбиелеп отырған оның өмірге өкініші бар деп ешкім де айта алмайтындай еді.
Алайда Кәрім отбасы-ошақ қасында немесе замандастарының ортасында анда-санда қаһарға мініп, ашуға ерік беріп те қоятын. Бұрқ етіп барып басылатын мұндай сәттерде оның өң-түсі кәдімгі жыртқышқа қатты ұқсап кететін, дейді онымен жиі араласатындар.
Бірде ол жақын маңдағы тәтесінің үйіне келеді. Тәтесі үш жастағы баласын ертіп, тұрмыстан қайтып келген Жадыра есімді қызымен бірге тұратын-ды. Аз уақыт әңгіме шертісіп отырған соң, тәтесі қою қараңғылық тұмшалай бастаған сыртқа терезеден көз тастап, алаң көңілмен:
– Жадыра бүгін көп құрбысының бірінікінде отырған болуы керек. Бұл қыз үйде жәутеңдеп отырған үш жасар қызы бар екенін естен әбден шығарған-ау өзі. Соңғы кездері сейіл-серуенді, қыдырысты жақсы көреді. Құрбыларымен түн жарымына дейін шүйіркелеседі… Неткен шеті-шегі жоқ сөз, таусылмайтын әңгіме, жалықтырмайтын отырыс екенін түсінбей-ақ қойдым. Өзі де тағдырдың сынына ұшыраған оған енді мен не істейін, не айтайын? деп мұңын шақты.
– Уайымдама, тәте! Үйге оралған соң, мен онымен өзім жеке сөйлесемін, – деп, Кәрім Жадыраның келуін күтетін сыңай танытты.
Жадыра сағат тілі түнгі 01.00-ден асқан кезде ғана оралды. Өзі аса көңілді, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен «тентек су» жұтып алғандығы бірден байқалады. Теңселе басып, төргі бөлмеге озған туысқан қарындасты жанашыр ағасы бірден «қолға алып», ақыл айтуға кірісіп кетті.
– Сен неге үйден бейуақта кетіп қалып, қыдырыстап жүрсің? Босқа тентірегенше, бала тәрбиесімен неге дұрыс айналыспайсың?
Бұған Жадыра жұлып алғандай:
– Онда сенің не шаруаң бар!? Өз жөніңді біл! – деп тақ етті.
– Солай ма!?
Ашуға булыққан Кәрім сол қолымен қарындасының алқымынан алып, екінші қолының жуан жұдырығымен оның бетінен салып жіберді.
Соққының күштілігі соншалық, Жадыра жұлындай ұшып барып, қабырғаға басымен тірелді де, есінен танып, бар салмағымен еденге гүрс етті.
Жағдайдың бұлайша белең алғанын күтпеген Кәрімнің тәтесі баж етіп, жанұшыра жүгіріп жүріп, «жедел жәрдем» шақырып келді. Сөйтіп, дәрігерлер Жадыраға «ми қабаты қатты шайқалып, зақым келген» деген диагноз қойды.
Бұл әрекетімен Кәрім сол кездің өзіңде-ақ бас бостандығынан айырылу жазасына кесілуші еді. Алайда аурухана төсегіне танылған қарындасы оған аяушылық білдіріп, полицияға шағымданудан бас тартты. Қайткенмен де, туысқан ғой…
***
Кәрім Келемісов үнемі өзгеге де, өзіне де түсініксіз тұманды ойдың, «пәлсәфаға» толы қисынсыз қиялдың жетегінде жүретін. Санасын «алда-жалда өмірден аластай қалсам, онда отбасымның барлық мүшелері де бірге кетуі керек» деген түсініксіз сайтани ұғым билеп алғанынан кейде өзі де қатты шошынатын. Тіпті, аракідік дос-жарандарымен бас қосатын отырыстарда «жүз грамның» екі-үшеуін тастап алған ол ықылық ата:
– Мен отбасымды жалғыз өзім асырап отырмын. Айлық шайлыққа жетпей, қиналатын кездерді айтсам, әркім де маған қосыла еңіреп-ақ кетеді. Әйелім жұмыссыз, тек бала тәрбиесімен айналысады. Егер маған қапелімде бірдеңе болып жатса, олардың қайыр сұрап, тентіреп кеткенін еш көргім келмейді. Мұндайды көргенше, олардың бәрін о дүниеге өзімнен бұрын аттандырғаным дұрыс және өз қолыммен, – деп сандырақтайтын. Бұған оның бөтелкелестері:
– Сен қайдағы жоқты айтып, не оттап отырсың? Ішімдіктен мүлде ақыл-есің ауысып, басың айналған ғой, – дейтін де, қоятын.
Кәрімнен мұндай сөздер бір емес, талай мәрте естіліп жатса да, айналасындағылар оны тек әзіл деп санайтын. «Есі дұрыс адам осындай сөз айта ма, арақтың қызуына бөгіп, аузын ірітіп, сөзін шірітіп отырған ойыны ғой, өз отбасына өлім тілейтін кім бар бұл дүниеде», – деп аса мән бермейтін-ді. Бірақ…
Келемісов өз сөздерін жерге тастамапты. Біраз уақыттардан соң, ол жұмыс басында жүріп, өз қолымен қанжардан еш кем түспейтін өткір пышақ жасап, онысын үйге әкеліп, тығып тастайды.
Күндердің күнінде қызметтес әріптесі кенттің орталығынан жаңа пәтер сатып алып, қоныс тойын атап өтуге Кәрімді де келіншегімен бірге шақырады. Қонақтар көңіл көтеріп, өзара қауқылдасып, отырысты ойдағыдай өрбіткенімен, артынша «ащы суға» қатты қызып қалған Кәрім от жоқта түтін шығарғандай бүлік салып, жиналғандардың берекесін ала бастайды.
Сондағысы – Кәрімге қонақтардың бірінің, дәлірек айтсақ, жасы жиырманың үшеуіне келген Серік деген жігіттің қылықтары ұнамай қалыпты. Үстел басынан бір тұрып, бір отырып, ерсілі-қарсылы сенделіп, қайта-қайта сыртқа шыға берген оның әрекеттері Кәрімнің қарадай қанын қоздырса керек. Төзімі таусылған ол:
– Ей, боқмұрын, олай-бұлай ойқастап, есікті ерсілі-қарсылы «есінете» бердің ғой, түге. Жынға тимей, артыңды басып, тыныш отырсаңшы! – деп, Серікті балағаттың астына алады. Серік те сыр бермей:
– Ағатай, мен не істеймін десем де, өз еркім. Өзің тыныш отырсаң болды да, – дейді тұтығып.
– Не дедің сен боқмұрын?!
Кәрім Серікке тұра ұмтылып, ұстаса кетеді. Қонақ жігіттердің бәрі жабылып жүріп, екеуін айырып алмаса, іс насырға шабатындай еді. Үй иесі болмашы нәрсе үшін керісіп қалған екеуіне басу айтып, оларды орындарына қайта отырғызады.
Ер адамдар арасында оңдай-ондай болмай тұрмайды, әрине. Оның үстіне ішімдіктің де осындайға итермелеп тұратын әсері мол. Ерлердің шекіспей, бекіспейтіні де белгілі. Бірақ Келемісов одан кейін де аласұрып, өзіне қарсы шыққан әлгі «боқмұрынды» қайтсе де жазалау керектігін сол арада ойластырып отырған еді. Бұл жоспарын жүзеге асыру үшін ол аса көп уақыт ойланған жоқ. Үстел басынан оқыс көтеріліп:
– Достар, мен үйге барып, өте тамаша кофе алып келейінші. Сендер ондай аса дәмді кофені бұрын-соңды татып көрген жоқсыңдар, – деп, іле сыртқа беттеді…
Үйіне келген Келемісов ең алдымен түнеукүні өзі жасырған өткір пышақты алып шығып, костюмінің ішкі қалтасына сүңгітіп жіберді. Бұл – түнгі сағат 11.00-дің кезі еді. Үйдегі үш бала – 11 жасар Сағын, 7 жасар Гүлім және 1 жастан асқан Мөлдір диванға қаз-қатар тізіліп, теледидар көріп отыр екен. Әкесі оларға:
– Қане, теледидар көруді доғарыңдар! Ұйықтайтын уақыт болды. Шешелерің екеуміз келгенде, бәрің де ұйықтап жататын болыңдар! – деп зілдене айқайлап кетті.
…Қоныс тойы өтіп жатқан пәтерге қайтып келген Келемісов кірген бойда қойнына жасырылған пышақты қолға алып, «Өлтіремін, боқмұрын!» деп Серікке қарай екпіндей жүгірді. Жас жігіт қапелімде жалаңдаған пышақтан айналып кетуге үлгермей қалып, Кәрім оның арқа тұсына және кеудесіне екі соққы жасап, ауыр жарақаттар салды. Сол сәт бұрқ еткен қою қанды көзі шалған әйелдердің бірі есінен танып, жерге құлап түсті. Үйдегі ерлер қауымы Кәрімнің қос қолын артына қайырып, тырп еткізбеді…
Көңілді отырыстың соңы айқай-шумен тынып, қонақтың бәрі үйді-үйлеріне тарқай бастады. Дәл сол кезде бұл қанды оқиғаның негізгі айуандық әрекеттері әлі алда деп ешқайсысы да ойламады…
Ерлі-зайыптылар үйге келсе, балалар қалың ұйқының құшағында екен. Таяу тұрған орындыққа сылқ еткен Күлтай күйеуінің жүзіне жиіркене қарады.
– Сенің әлгі қылығың не? Жазықсыз жігітті неге пышақтадың? Ертең заң орындарына шағым түсірсе қайтпексің? Сотталып кетесің ғой, сорлы-ау…
– Оттама қатын! Егер мен сотталып кетер болсам, онда сендер де өмір сүре алмайсыңдар, – деп міңгірледі күйеуі.
Онан соң, қалтасынан әлгінде ғана қанға малынған пышақты алып шығып, құдды жаңа көргендей тесіліп ұзақ қарады да қойды.
Үнсіздікті әйелі тағы бұзды.
– Сенің нағыз оңбаған, жексұрын екеніңді қалайша білмей келгеніме қайранмын. Қуанышқа жиылған жұрттың көңіл-күйін астан-кестен еткенің не? Бұдан кейін жұрттың біз туралы не айтатынын ойладың ба?.. Ел бетіне қайтіп қараймыз?!
– Өшір үніңді, албасты! Сенің ақылыңа зәру болып отырғаным жоқ! – деп ақырды оған кекірік атқан Келемісов.
Бұл кезде тәтті ұйқы құшағындағы кішкентай Мөлдір әкесінің қатты шыққан дауысынан оянып кеткен еді. Жылап жатқан қызды анасы қолына алып, отырған орнына қайта келіп жайғасты. Баланы бауырына басып, тыныштандырды. Аздан соң, күйеуіне ренішті жанарымен көз тастаған Күлтай:
– Жазықсыз жанды еш себепсіз кескілеп тастаған сенің айуаннан еш айырмаң жоқ. Соншалық ессіз болатындай басыңа не күн туды? – деді шыр-пыр болып.
Сол-ақ екен, Келемісовтің беті алабұртып, жүзі сұстанып, көз алды тұман тарта, ызбарланып, ызақорланып шыға келді.
– Сен албасты бүгін қара жерге аттанасың! – деп ақырған ол пышақтың сабымен әйелінің қабырға тұсынан қатты ұрды. Күлтай да шапшаң қимыл көрсетіп, оны әлсіз жұдырығымен бір түйіп өтті. Әйелінің қарсылық көрсете бастағанына одан бетер ызаланған Кәрімнің екі көзі қанталап, қолындағы пышақтың өткір жүзін бейкүнә Мөлдірдің кеудесіне бойлатты.
Бұдан әрі өз-өзіне есеп беруден қалған Келемісов әйелі мен бүлдіршін қызын пышақпен соққылай берді, соққылай берді…
Бұл қанды көрініс айқау-щудан әлдеқашан оянып кеткен Сағын мен Гүлсімнің көз алдында өтіп жаткан еді. Олардың ту сырттан қарап тұрғанын көзі шалған қанішер енді тұңғышы Сағынға бас салып, оны да пышакпен бірнеше рет аяусыз ұрғылады. Одан соң, Гүлсімге тап беріп еді, қолы жетпей қалды.
Осы кезде Күлтай ес жинап, сүйретіле келіп күйеуінің көйлегіне жармасты. Жалт бұрылған Келемісов пышақпен Күлтайдың мойнынан салып жіберді. Бірер секундтардан соң, жас әйел мүлде қимылсыз қалды…
Қансыраған Сағынның бойын қорқыныш пен үрей билеп, қатты шыңғырумен болды. Келемісов есін жиғанда, үй ішін қан жуып кеткенін көрді. Іле өзінің айуандық әрекетін мойнына алмаудың жолын ойластыра бастайды. Жеті жасар Гүлсімнің мойнына пышақ тіреген ол:
– Егер біреулер шешең мен Мөлдірді кім өлтірді деп сұрайтын болса, терезеден белгісіз екі адам кіріп, пышақтап кетті дейсіңдер. Ұқтыңдар ма?! – деді ызбарланып.
Зәрезап болған балалар:
– Ұқтық, әке, біз дәл солай деп айтамыз, – деді қалш-қалш етіп, кемсеңдеп.
Сыртқа шыққан Келемісов бірден қоныс тойын тойлаған әріптесінікіне қарай қайта тартты. Босағадан аттай бере дауыс қылып жылаған ол:
– Ойбай, өлтіріп кетті!.. Ақша алмақ болып терезе арқылы үйге түскен екі қылмыскер Күлтай мен Мөлдірді пышақтап өлтірді. Сағынды да қан-жоса қылған, ол жаралы күйде жатыр… – деді мүләйімсіп…
***
Р.S. Келемісовтің із жасырамын деген жоспарынан түк шықпады. Полиция оның қылмыс жасағанын тез арада-ақ әшкереледі. Тергеу барысында Келемісов ең алдымен психологиялық-психиатрлық сараптамаға жіберілді. Өйткені оқиғамен танысқан мамандардың бәрі де алғашында оны психикалық ауруға шалдыққан, ақыл-есі дұрыс емес деп ойлаған еді. Бірақ медициналық сараптама қорытындысы Келемісовтің мұндай сырқаттардан дін аман екенін айғақтады. Тіпті, қылмыс жасаған кезде де оның бойында ешқандай психикалық ауытқулар байқалмаған, барлық әрекетін жоспарлы әрі мақсатты тұрғыда, өз-өзіне есеп бере алатын күйде жүзеге асырған.
Естіген адамның жүрегін дір еткізер осынау айуандық қылмысты жасаған Келемісов заң бойынша әділ жазасын алды. Мұндай жыртқыштыққа қолданылар жазаның да жеңіл болмайтыны белгілі. Бірақ…
Асыл ӘБІШЕВ