Жазушы, драматург Роза Мұқанованың «Мұң» әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.
«Мұң»
(әңгіме)
Әжім әдіптеген өткір жанар аналық мейіріммен биіктен төменге көз жіберіп, әлдекімдерді іздейді-ау. Жүрегі қақ айырылып, иегі кемсеңдеп, ағарған самай шашын құлағына түріп тың тыңдайды-ау кейде. Сыңсыған қыздың дауысы, безінген ұлдың дауысы денесін инемен шабақтағандай, жаны шығып тау-тасқа соғылып жүріп, ана-кие өксік атады. Ұлға да, қызға да қайырым беріп, жәрдем қылайын деп биік таулардан, тобылғы басқан терең сайлардан кейде сыбырлап, кейде жаңғыртып дауыс салады да, күйзеледі кейуана.
Дауыс шыңғырып, төбе-құйқаны шымырлатып тағы шықты: «Уа, адамзатқа ой салар кейуана жоқ жалғанда. Тәңірім өзі біледі, күйкі тірлік алдамшы», – дейді бозбала. Кейуана жер бетіндегі тобыр халыққа үңіле қарап, шолып тұр. «Қайда әлгі үн? Қайда? Қайда?» Көк жүзінен қалықтаған бойы, алақанын жайып әлі жүр. Енді ғана көзіне іліккен жас жігіттің мұң-мұқтажын соңынан қалмай естіп келеді. Ақ маржан жас көзден бұршақтап жерге тырс-тырс тамады. Жастың көңілі мүлде бөлек екен. Жалған тірлікті талақ етіп, Тәңірге сиынып, құдіреттің құлы болуға көніпті. Сүйеніші мен сүйгені Тәңірі һәм Жаратушы Иесі екен. Одан басқа көңілінде алаң жоқ. Жас жігіт жүрегіндегі бар сенімі мен сезімін сол Иесіне арнаған. Мөп-мөлдір қой көзі бұ дүниенің тірлігінен адасып кеткелі қашан. Жұп-жұқа шиедей ерні қоңырқай тартып, сыбыр-сыбыр етеді. Әлсін-әлсін тәубасына келіп, керіліп көз жұмады. Сұлу мүсін бозбала қыбылаға қарап тізе бүкті.
– Жаратқан Тәңір сен болсаң, бұдан былайғы жалғызсүйенішім де, сенерім де өзіңсің. Күйкі тірлігім де, мұратым мен арманым да бір сенің жолыңа құрбандық. Бұл жалғаннан күнәсіз өтудің бір ғана жолы болса, ол – сопылық. Менің таңдағаным да осы. Мынау у-шуы мен қызығы мол тіршілік мылқау, меңіреу адамға қандай жат көрінсе, бұдан былай менің де жан дүниемді селт еткізбес. Тәңірім, өзіңе ғана беріліп, өзіңді ғана сүйіп өтерім хақ. Жар құшағының жылылығын білмей келген бейкүнәңа өзің жылылық бер, мейірім бер, Жасаған. Мен кәдімгі сезім құштарлығынан айрылған, адами тірлікті тәрк еткен сопымын.
Сонда ғана ақ жібек жаулығы желбіреп, соңынан қалмай, көк пен жердің арасында қалықтап ұшып келе жатқан кейуана аһ ұрып екі қолын көкке көтерді: «Жөн емес қой мұның, жас бала». Ашынған дауыс саңқ етті. Жігіт жұмбақ үннен селк етіп, кідіріп барып, қайтадан Тәңірге тағзым етті.
– Бұл жалғанның күнәсіз бір пендесі мен болсам, бір сенерім өзің. Мезгілімен – дәрет, мезгілімен – намаз. Көңіл мен сана сен ғана.
Бой бермей, кейуана айғай салды:
– Ау, құлыным. Неліктен жапа шектің. Мынау жарық дүниені құдіреттің өзі сый етіп маңдайыңа тартпап па еді. Күнәңді сәбилігіңе, тазалығыңа жеңдіремін, ғұмыр кеш, қызық көр, ұрпақ сүй демеуші ме еді пендесіне. Жерорта жастан қайтқанда күнәңді жуып, оразаңды ұстап, мың бір мәрте тәубә қылсаң да кеш емес еді-ау, бозбала. Санаңды сақта, жас өрім. Қызығың мен ақылыңды өзіңе бұйырт. Жастығыңды қор қыла көрме, аяулы. Тәңірден басқа қызық, таңсық болып па, Жасаған.
Көктен төніп, булығып, кейуана ақ маржан жасын тағы төкті. Көзіне жаңағы жас жігіт арсалаңдап көрінген жанға мәз бола беретін сәбидей көрінді. Өзін өзі дамудан, өсіп-өркендеуден шектеп тастаған санасызына мұңмен үңіліп, зарлана дауыс салды. Алқам-салқамы шығып, әбден титықтап шаршап, тобылғының ескі тікенін жалаң аяқ табанымен жаныштап, есеңгіреген калпы тау жаққа еніп кетті.
Жас өрім тізе бүккен қалпы, көзін жұмып, бесін намазын аяқтауға асықпады. Сенім мен үміттен күдер үзген ақ желкеннің адами тірлікті талақ етіп, санасы мен ақылын мәңгілік жеңдіріп, сопылық жолды таңдаған алғашқы түні болатын. Сұп-суық денесін діріл билеп, әлдекімнің алдында бетпе-бет кездескендей сазарып қалыпты. Мойнына түскен қамыттың ауырлау екенін сезінді. Дүрлігіп бір сілкінгісі келді. Бірақ бойкүйездік пе, орнынан жылжымады. Оттай жарқыраған жалынды жанар сөніп, алыстан қарауытқан сенім күшін көргендей мұңайды. Әлдекімге бойұсынып сенгенімен, іштен күдіктенеді, құрғыр. Ендігісі тек қорқыныш пен үрей.
– Жалғыз үміт, жалғыз сенім – өзің. Неге әмір етсең, соныңа құлдық ұрамын. Билік жоқ менде, Жасаған.
Алатаудың жыңғыл, қалың қарағайы көп бір төбесінде кайғы соққан кейуана шашын тарап, жалғыз отыр. Бұл кейуана тіршілік емес – елес. Жақсылық атаулыға жүрек алып жүгірген аналар рухы – ақыл мен сана. Кейуана кейпін жамылған көк пен жердің Тәңірісі дерсің. Пендесінің адасқан ақылына, қалыптасқан қаталдығына үн қосып, жан ұшырып, айдаһар тағдырмен арбасып көріп, жан иесін сейілтпек болады. Бірақ пендесі кейуанасын тыңдамай, аласұрып ойнақ салады. Ышқынған дертпен кейуана бірге жанып, бірге өртеніп бара жатады.
Ақ шатырдан шашын жайып, ақ көйлек киіп үлбіреген кыз көрінді. Тау басындағы кейуана сүйсініп, көз алмаған қалпы, ақ басқан шаштарын өрместен, омырау түймелерін ағытып, самал желге құштарлықпен кеудесін төседі. Сонау, алыстан таң қалдырған әдемілікке ұмсынып, қарай берді, қарай берді. Жазғы күні гүл үстіне ұшып-қонып жүрген нәзік көбелек сияқтанады. Кейуана жақынырақ жетіп, қыз жүзін көруге асықты. Жақындаған сайын жүрегі кеудесіне сыймай, атқалақтап, аузынан шығып кетердей толқи берді. Тек жақындаған тұста ғана байқады: манағы сұлулық ғайып болып, көздерінің астын әжім кеулеген қатал қыз дүниені жақтырмай, тыжырына қарап тұр екен. Таңқиған шолақ танауын одан әрі көтеріп, ешбір жанды көзге ілуден қалған. «Кәдімгі қарапайым сұлулықтың өзі жоғалатындай не күн туған екен бейшараға?», – деп іштей күбірлеген кейуана тағы да абайлап, қыздың жан сырын тыңдамақ болды. Қыз сөзі құлағына еміс-еміс жеткен сайын, қабағы салбырап, соңынан ере берді.
– Тұрмыс құрып әлдекімге жем болғанша, жұрттың көз жауының құртын қоздырып неге жүре тұрмасқа. Әлі де уыздай отыз бестің ортасында ойнақшыған қалпыммен талайды тәлкек етпеймін бе. Бір өзіме бүкіл еркек атаулының бәрі ынтық, бәрі ғашық, Тек: «Кел! Жет!», – десем-ақ болды емес пе, жапатармағай жығылып-сүрініп, қол созып ұмтылып жатпай ма. Канікей, қані…
Қара көз қарқ-қарқ күлді. Аузы ашылып, қып-қызыл көмекейі көрініп, танауының үстіне түскен жас әжімдер тырысып-тырысып қалыпты. Мұрнын қисайта тартып тағы өзеурей: «Менің өзім еркекке бергісіз қыз емеспін бе, мені ешкім де еш жерге қимайды. Әдемі адам қартаймайды екен ғой, кім білген. Кейде менің жүрген жүрісімнің өзі көшедегі жұртты таң-тамаша қалдырады екен. Елестетіп көріңізші… Ұп-ұзын, тіп-тік аяқ, жіп-жіңішке бел, тас көшені тақ-тұқ, тақ-тұқ басып ұзап барады. Мөлдіреген қара көз, әдемі маңдайға біткен жіп-жіңішке, айдай керілген қас, қазақы домалақ мұрын. Бәрі бар. Қандай әдемімін, қандай ғажаппын. Мен кейде өзімнің әдемілігімді ұмытып та кетемін. Көшедегі тыжырынған көпшілік іштарлықпен тырысып, теріс қарап мені сөз етеді. Себебі қызғаныш оты. Мен білемін гой өзімді!».
Кәрі қыз, жұқарған жүйкесінің салдарынан болса керек, басын ұстай алмай, селтеңдетіп жіберді. Сосын әлдекімдерге есесі кеткендей, өшпенділікпен тілін шығарып үлгерді. Кейуана таңырқаған қалпы, қалықтап көк жүзінен сыр бермеді.
– Сұлулыққа тән тигізуге болмайды, тек тамсанып қарамақ керек. Реңсіз, сиықсыздар ғана тұрмыс құрып, еріне күң болып өмір кешеді. Маңдайларына біткен мәңгілік сорды мойындамай, өздерін менен гөрі бақыттырақ санайды. Жо-жоқ, мен бақыттымын. Мен жалғызбын. Қалың ел көктегі Құдайға табынса, жұрт жердегі менің сұлулығыма табынады.
– Тентегім-ау, адаспа! Акылға кел! – Кемсендеген үн құлағының дәл түбінен шыққандай, қара кыз соңына карады. Әппақ шашы тарқатылған қалпы желбіреп, тау жақтан Ана-бейне көрінді. Қалықтап тұр екен.
– Сен сыңарсыз баз кешіп, адасып барасың. Қайт райыңнан. Жүрегің сыздап, от болып жанып барады. Тұрмыс құрып, ана болып, нәресте сүйгің келеді, соны ойла. Өзіңе өзіңнің дұшпандығың болмаса, осылай қыл. Әйтпесе, бұл қалпынмен адам баласына үрей әкелесің.
– Мынау сөздерің кандай қорқынышты еді!
Кейуана ішіндегісін сыртқа түгел шығармай, тосылып қалды. Әйел затының ақыл-ойы да сүйенішті, егізділікті калайды екен-ау. Жалғыз жүріп адасып, жұбын таппай сенделіп қалған әйел баласының өз қайғысы мен қасіреті өзінде екен-ау. Кетеуі кетіп, кейпі қандай өзгерген. Тарамыстанған денесінің тамырлары шодырайып шығып кеткен бе, қалай. О, тоба-ай. Ақылынан, ақылынан адастыра көрмегін.
– Бет-бейнеңде сұлулық жоқ, алданба! Керісінше, қасірет пен мұң бар. Өмір бойы әйел сезімін басып-жаншып, арпалысқан азап жатыр жүзіңде.
Ызаға булыққан кәрі қыз өршелене алыстағы мұңлыққа айтай салды:
– Өзім бі..л..е..е..мін. Өзімді өзім басқарған жанмын. Өзімде де мол ақыл бар. Маған сыңар болғысы келгендердің соншалық көп екенін сен білмейсің. Сен түкті де білмейсің. Менде көп… өт…е көп. Тек жалғыздық жақсы. Маған жалғыздық ғана жарасады!
Сығырайған көз бен таңқиған шолақ танауына кейуана жымиып күлмек болды. Бірақ өзегін ащы өксік кернеп, жанарынан жас көрініп:
– Онда, қош бол, сұлу. Қош!, – деді.
Қара қыз тайраңдап басып, қып-қызыл болып батып бара жатқан күн бетінен селтиіп, жұпыны көрінді. Бет-әлпеті солып, аяқ-қолы тарамыстанып тартылған. Не әйел емес, не еркек емес жүдеу жан өзін өзі алдап күн көруге көшіпті. О, Тәңір-ай. Кәрі қыздың ақыл-есі неліктен тежелді екен? Тауқыметі мен қасіретін біле тұра, мойындай тұра, бәлкім, өзін өзі жұбатқаны болар. «Әдемімін, сондықтан да жалғыздық керек», – деді ғой! Қандай қорқынышты. Қа..а…ндай қорқы…ы…нышты.
***
– Бәлкім, дұрыс та болар, кім білсін. Әміршім, сені қорлықтан сақтағай. Тап-таза сезіміңді мынау қитұрқы тіршіліктің топас дауылынан арашалағай. Сәбиім-ай, түйсік-сізім-ай, қайтейін.
Кейуана Қазығұрт таудың қасиетті тасын басына жастық етіп шалқайып, күн нұрына малынып түс көріп жатыр. Түсінде кәмелетке толған он жеті жасар кыздың тағдырына билік айтқысы-ақ келеді. Бірақ биліктен гөрі жүрегімен езіліп, ағыл-тегіл жасқа оранып, аналық тілек айтады. Егіліп қыз сыңсиды, зарланып кейуана жылайды. Біруақыт жаңағы жас қыздың сөзіне құлақ асып: «Жөн, жөн айтасың» дегендей болады. Біресе: «Жоқ! Атама!», – деп басын шайқайды. Қыз сонда да кідірмей, өксік пен ықылық атып айта береді, айта береді:
– Ғашық болдым, сүйдім десем, бұл күнде екінің бірі осы сөзді ашық айтып, қасиетін кетірмеді ме. Қадірі кеткен сөз әншейін бір жылтырақ алдамшы зат сияқты. Мен бір адамды жақсы көремін, кейуана. Ол менімен егіз туған сыңарым сияқты. Бір күн көре алмаса есеңгіреп, дүниеден түңіліп күй кешеміз. Ал жүздескен күн біз үшін Төңірдің өзі сыйлаған бақыт күні. Жан дүнием елжіреп, жанарымнан жас саулап сағынамын, кейуана. Бірақ, қол жеткізбес арман ба, тағдыр тәлкегі ме, ақылым еш жетпейді. Біздер ешқашанда қосылмайтын жандармыз. Ол менен жиырма төрт жас… жиырма төрт жас. Бірақ жүрегіме еш секем алмаймын, сүйемін. Сезімін саудаға салып, әбүйірден жұрдай болған алаяқ қыз мен емеспін, кейуана. Тазалығыммен, балалығыммен, бүкіл тыныс-тіршілігімді сол жанға арнамақпын, қарт ана. Жаным жүдеп, қайғыға мен батқалы жылдар өтті. Шешуі жоқ жан дерті ақылымнан адастыра ма деп үркемін. Өле-өлгенше жалғыз бейне, жалғыз елес қана. Ессіз сүю деген осы ма еді. Аңсарым ауып, ана сүтін аңсап кеңсірігі ашыған сәби сияқты шөліркеп, бір көруге құштармын. Ересек қалпы, мұң басқан көзі, ойлы жүзі бәрі керек. Маған, өзіме. Өзіме ғана кажет.
Қыз, сәби қыз үлбіреп, әдемі жылады. Кеудесі дір-дір етіп, көзінің айналасы домбығып, қызарып кетіпті.
– Айналайын-ау! Жүрегіңнен, сезіміңнен садаға кетейін, – дейді кейуана сыбырлап. – Сенің балғын жүрегің елжіреп, періште жан-тәніңді жолына садақа ететіндей кім еді ол? Айтшы қані! Аташы, жақын келіп.
Қыз шыңғырып калды:
– Ешқашанда, ешқашанда. Жоқ, жоқ!, – дей берді. – Сүйемін. Кім екенін атасам-ақ, түпсіз тұңғиық шыңырау. Бәрі жабылып, бүкіл адами қара тірлік құбыжық… етеді біздерді. Сондай қорқыныш бар менде. Ешкімге де ешқашан… Сүйетінім хақ, сол адамға арналмағым да хақ. Осы сырды жалғыз саған, бір өзіңе айтуға жетпедім бе? Әділет күші сенде деп қана түсінуші едім. Жетімсіреп, тағдырымның ауыр қамытын мойныма салып келіп тұрмын. Өзің айт билігіңді, кейуана.
Ұйқы үстінде кейуананың жанарын жас жайлады. Көзін ашпаған бойы, самайынан ақ, маржан кезек-кезегімен дөңгелей берді. Түсіндегі жас бүлдіршін, тентек кыз не айтып тұр? «Құдай-ау, саған сезім сыйлаған Тәңірдің құдіретінен айналдым. Бақытыңа, мына сенің бақытыңа не кедергі сонда?»
Жас қыз ұзын шаштарын жайып, әппақ келісті маңдайын күн нұрына беріп жарқырап, шаттанып, жайнап, кейуанадан бата алмағы сол сәт еді. Тау мен тасты жаңғыртып барымта тірлік, айғай-шу, адамзаттың пасық, қызғаныш дауысы дүрбелең салды:
– Сезім де, махаббат та бұл емес. Бұл жалғандық, кәдімгі ит тірлік. Маңдайға күйе жаққан арсыздық, опасыздық, Ұрпағымның басына бұл қасіретті бермесін. Азап пен сор деп осыны айт. Өлім! Өлім оларға. Көзін жойып, жалаң аяқ, жалаң бас қаңғыртып, ит пен құсқа жем қылғаннан басқа жаза жоқ. Жазаның көкесі – осы!
Даурыққан жұрттың көзіне қып-қызыл қан толған, жөн-жосықсыз көксақалдар бақылдап тұр. Тіпті бірі сылқ-сылқ күліп, жанындағысына сыбыр-сыбыр етеді. Қыз-тағдырды ойыншық етіп, жанқалталарына салып жүрмек пе, өздері де білмейді. Жөн-жосықсыз кінәлап, Тәңір атын таптайды. Дәл бір өңкей күнәсіз бейбақтар жиналғандай-ақ. Мөп-мөлдір, тұп-тұнық кыз-сезімнің қанын ағызып, қара тұз сеуіп жатқанын білмейді ме, біледі. Бәрін де біліп істейді.
Кейуана түсінен шошып оянды. Күн де бүкіл әлемді қып-қызыл қанға бір малып алғандай етіп жіберіпті. Дала да меңіреу болып, маңқиып тым-тырыс қалыпты. Әншейіндегі дамылсыз сайрайтын құстар да, сылдырап, сылқылдап күліп ағатын бұлақ үні де құлаққа естілмейді. Бір алып күш бәрін бір өзі жалмап жұтып, қылғытып қойғандай. Сулулық пен әдеміліктен, тазалық пен жомарттықтан мақрұм қалған қара тобыр быж-быж қайнайды. Түсіндегі қызға кейуана аян беруге үлгермей оянып кеткеніне өкінді. Енді қанша ұйықтаса да, түс көрсе де, оны таба алмайтынын, енді ешқашанда кездестіре қоймайтынын сезінді. Осы ұзақ ойдың шырмауының соңында кейуана кіп-кішкентай қыз жүрегінен садаға кетіп, өзін келмеске, адамдар санасына оралмасқа бет бұрды. Бұршақтап күн жауарда Қазығұрттың басына қатты бұлт үйіріліп, жел тұрады. Сонда жіп-жінішке мұңлы әуенмен сыңсыған желдің өтінен үн естіледі. Тыңдаған, түсінген адамға: «Мен саған алақан жайып, аян беріп, бақыт сыйлар ем, жарық, жұлдызым. Адамдарыңның пейілі өзгеріпті-ау. Адамзат жақсылық жасаудан гөрі қиянатты жөн көреді екен. Пейіл мен сана жамандық пен арамдыққа ауғанда, мен бұл жалғаннан ғайып боламын. Естисің бе…е, ғайып боламын!», – дейді.
Роза МҰҚАНОВА,
«Шатыр астындағы мен» кітабынан.
(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)