Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ – 1995 жылы Меркі ауданында дүниеге келген. «Мұң Ай» жыр жинағының, «Тәнсіз гүлдер», «Бесінші қабаттағы үй» проза кітаптарының авторы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің түлегі. Түркия, Ардахан университеті, «Түркі халықтары әдебиеті» мамандығының магистрі және «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ-та, Нью-Йорк Фильм Академиясы «Медиа журналистика» мамандығы бойынша тағылымдамадан өткен. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» газетінің тілшісі, журналистика факультетінің оқытушысы қызметтерін атқарған.

Бесінші қабаттағы үй
(Романнан үзінді)
Мына кең өлке, байтақ мекен сыр мен жұмбаққа толы. Әрбір тасы тарих қойнауынан тамыр тартып, бүгінде жемісін беріп, жас өрендердің көңілінде бүршік атып жатыр. Атасы мен әжесі айтқан аңыз-әпсаналар түсімен бірге өңімен астасып, сол бір естігендері көкірегінде сайрап, қараңғы түнгі жұлдыз құсап жол сілтейді, өмір теңізінде адасса – маяк боп көрінеді. «Ең ғажап түсім – осы өмірім», – деді ол бірде, – «оянып кеткен күні жымиып еске алармын».
Нешеме жыл бойы осынау шәр көшелерін аяқ киімімен тоздырды екен? Яки аяқ киімі тозды ма, әлде өзі тозды ма?.. Ал анау олай да бұлай ағылып жатқан автобустар ше – оның қаншама жылдарын, одан қалды ойларын, шер-мұңын, қуаныш-шаттығын тасыды десеңші.
Күнде таң бозында ішігінің өңірін қымтап, малақайын баса киіп, автобус аялдамасында 30-автобусты күтіп тұрады. Темекіні қақалып-шашалып шеккен қариядай, автобустың қара түтіні тұншығып-ышқына көтеріледі. Автобусқа отырған ол өз уақытының әрбір сәтін осы аялдамада қалдырып бара жатқандай күй кешеді.
Бүгінде де сондай күйде келе жатыр. Күндегідей адам көп. Кемінде оқуына дейін біраз уақыт. Расында, күнделікті энергиясының көбі осы жолға кетеді. Неге десең, автобуста сығылысып, аяқта тұру оңай емес.
Қай жолаушы қайдан мінеді, қай аялдамадан кім түседі – күнде көре-көре танып алған. Кейбірімен бас изесіп амандасады. Кейде көрсе де көрмегендей кейіп танытады. Кейбірі «аяғымды басып кеттің» деп баж ете қалса, енді бірі «итермей ары тұр» деп шәңк ете қалады. Не керек, автобуста таңертең де, кешке де жұрттың көңілді күйде болуы екіталай.
Бірақ бүгінгі күн басқа күндерден ерекше еді. Оны өзі де аңғарды. Жан дүниесін бір тыныштық тербетіп жатқандай. Терезенің ар жағындағы аспанда теңгедей бұлт жоқ, ап-ашық. Автобустың ең соңындағы орын – жастардың орны болып кеткен. Біріншіден, автобустың соңынан тек жастар кіреді, әрі биік сол орындыққа тек жастар отырады. Егде кісілер ол жерге шығудың өзін бейнет көретіні бар. Міне, сол орынға місе тұтып жайғасқан күйі, білім ошағы қайдасың деп 30-автобустың терезесінен әлдеқайда қарап бара жатты…
Кенет, 000-автобус аялдамасына тоқтағанда, ол көзіне таныс әлдекімді көріп, жылы ұшыратты. Иә, өте таныс: самайы, жанары, саусақтары – бәрі, тіпті бір уыс боп отырғанына дейін, оған бұрыннан жақын әрі бөгде бір әлемді елестете берді. Ол былай тұрсын, әлгінде ғана қыс мезгілі еді. Енді, міне, жаймашуақ жаздың ақ таңы қайдан пайда бола қалғанына аң-таң. Үстіндегі ішігі мен малақайын шешіп, бір шетке қойды. Көзі әлгі жас балада.
Бала автобус аялдамасының ар жағындағы көше орындығында жалғыз отыр. Жан-жағына телміре қарайды. Әлдекімді іздеп тұрғаны анық. 30-автобустың терезесін ашып, ол сыртқа құлағын тосты. У-шулаған көлік моторлары мен ың-шыңдаған қозғалыс дыбыстары адамдардың дауысын жұтып қояды.
Әлгі жас бала күте-күте жалықса керек, орындық үстіне қисая кетті де, көзін жұмып алды. Жәй жатқан болар деп ойлаған ол қателесті – бала ұйықтап кеткен екен. Айналасындағылар оны ерсі көріп, жақтырмастан жанынан өтіп бара жатты. Әлдебір баланың қасынан самокат теуіп бара жатып айқайлап, әлдекімді қуа жөнелгенінен шошып оянды.
Орынынан атып тұрып, «күткенім келіп қалмады ма?» дегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Үстіндегі сарғыш футболкасы тозған. Қоңыр шолақ шалбарының қос қалтасы томпайып тұр. Оның оң қалтасынан құрт алып, сора бастады. Күткені бұл үшін өте маңызды секілді. Тіпті уақытынан бұрын ерте келіп алғандай, дегбірсізденіп, қайта-қайта аяғымен жерді ұрғылап қояды.
Қасына екі бикеш келіп отырды. Оған «қандай сүйкімді баласың» дегендей маңдайынан сипап қояды. Бұл да олардың ыстық ілтипатына жауап болсын дегендей күлімсіреді. Әңгімелері басталды. Жүздеріне қарасаң, әңгімелерінің жөн-жоралғысын ұққандайсың.
– Қаншадасың?
– Тоғызда.
– Не істеп отырсың?
– Күтіп отырмын.
– Кімді?
– Әлдекімді, – енді мұнда не дегенін дөп басып айту қиын.
– Мә, мінекей, тәттіден же, – деді де, бергі жағындағы ару оған кәмпит ұсынды.
– Қандай жақсы бала! Ой, біздің автобус келді.
– Ал біз кеттік. Сау бол, балақай.
– Сау болыңыздар, сұлу әпкелер, – дегендей әңгіме өрбігеніне шүбә жоқ.
Десе де оның «бала кімді күтіп отыр екен?» деген алаңдаушылық ойы бойын билеп бара жатқанда, автобус орнынан қозғалып жүре бастады. Ал қызығушылығы сол бойы әдірем қалып бара жатқандай, жүріп бара жатқан автобусқа қарамастан, терезеден әлгі баланы аңди түсті. Автобус артындағы кішкене терезеден қараса, баланы кімді күтіп отырғанын көріп үлгерді. Қолына қара дәу сөмке көтерген егде тартқан қария баланың маңдайынан иіскеп жатыр екен. Әлгі дорбада ауылдан көтеріп келген ет екені шүбәсіз. Бала қарттың құшағына еніп, ұзақ уақыт құшағынан шықпай тұрып алды. Олар алыстап бара жатып, сағым ішінде қалып кеткендей болды. Бұл көрініс оған тым таныс еді, бірақ «қайдан көрдім, қайдан естідім?» дегендей өз-өзіне дүдәмал.
Автобус жүйткіп алға жылжып келеді. Терезеден түрлі ғимараттар, қатар жолдар, көшелер, адамдар – бәрі кескестеп өтіп жатыр, кетіп жатыр. Кетіп бара жатқан өзі мінген автобус емес, терезенің ар жағындағы әлем жүріп бара жатқандай сезінді. Көз алдында көлбеңдеп көп бейнелер кетпей тұрып алды.
Расы-өтірігі белгісіз, жапан далада қой бағып жүрген қарт пен баланың бейнесі мынау шаһарда не істеп жүр деген ой келді. Одан әрі әлгі қой бағып жүрген бала жалғыздан-жалғыз ән салып, армандап, мына әлемге тамсанып келе жатқандай көрінді. Оның көз алдында қабат-қабат ғимараттар көшіп бара жатқандай елестеді. Сол нысандар арасындағы терезелердің бірінде адасқан, шаршаған, өмірді былай қойғанда, өз-өзін ұқпаған әлдебір әйелдің жанары көлбеңдеді. Одан кейінгі терезеде болса, кішкене қыздың қорыққан жүзі жерге қарап, мұңайып тұрды. Терезелер бірінен соң бірі көшіп бара жатыр, сырғып өтіп жатыр.
Кезекті 001-аялдамаға тоқтады. Жұрт автобусқа мініп-түсіп жатыр. Ал сырттағы тағы бір көрініс оны қайран қалдырды. Студент жігіт пен ару бір-біріне өкпелі кейіпте қарап тұр. Жігіт қызға «сенен мұндай күтпеп едім» дегендей қабағын түйіп алған. Қыз болса «сен маған ең жақын адамсың» дегендей жанарымен сөйлеп тұр.
Сырттай бақылап тұрған ол: «Мұндай сұлу қызды қалай өкпелетуге болады? Қалайша маралдың жанарындай мөлдір көзіне жас үйірілтуге дәті барды?» – деп жігітке іштей күйінді. Алайда жас жігіттің түр-әлпеті: «Жасандылық! Сенің қылығың да, сөзің де, ісің де жасанды. Шынайылық жоқ жерде махаббат жоқ. Мұнда тек қана өз халіңді күйттеген бақай есеп бар» – деп тұрғандай еді.
Автобус қозғала бастады. Егде тартқан орыс әйелі студент ұсынған бір орынға жайғасты да, бұларға қарап отырып:
– Әй, жастар! Жастар-ай, жастық шақтың қадірін біліңдер. Маған қараңдаршы. Кейуанамын. Кеше ғана студент едім. Өмір дегенің зу ете қалатын мына қоғамдық көлік сияқты өткінші екен. Қалай ғана мына жасқа келіп қалғанымды түсініп болар емеспін, – деді.
Келген жеріне жеткен әлгі кейуана:
– Ал, міне, көзді ашып-жұмғанша өзімнің аялдамама да келіп қалыппын. Сау болыңдар, қарақтарым, – деп 002-аялдамадан түсіп кетті.
Терезеде түрлі көріністер мен бояулар сан кейіпте кескінделе берді. Анау бір ғимарат терезесінен үңіліп отырған жас жігіт әлдекімге өкпелеп, ызбарланып отырғаны байқалды. Жанына анасы жуықтап келіп еді, «мен ер жеттім, мазамды ала бермеңдерші, өзім білем» дегендей қолын ары-бері сермеп қояды.
Ашуға булыққан шешесі де: «Бала емес, пәле. Күндіз-түні үйде тұрмайсың. Қаңғырасың да жүресің, ертеңіңді неге ойламайсың? Қалай күн көрем деп бас қатырдың ба осы? Біле білсең, сенен де, әкеңнен де еш жақсылық көрген емеспін», – деп жатқандай қабырғадағы әкесінің суретін саусағымен қайта-қайта нұсқай берді. Таныс көрініс, қайдан көрдім дейді. Ал әлгі жеткіншек екі иіні кемсеңдеп жылап жатқаны байқалды. Қабырғаны қайта-қайта төмпештеп, отыра қалды да, қайта орнынан тұрып есікке бара жатып, кері анасына қарап үнсіз басын салбыратқан күйі шығып кетті.
Бұл көрініс Ермекке қатты әсер етті. Тас жүрек балаға зығырданы қайнап, «анаға дауыс көтеруге бола ма?» дегендей іштей нала болды. Бұл көрініс те елес боп өтті де кетті.
Автобус тағы да алға қарай жүйткіп келеді. Жол жиегіндегі балшыққа бөккен қардың лайсаңы жол шетіне шашырап жатыр. Ағаштар мен қала қозғалысында бір көңілсіздік, бұғылу, жатырқау бар. Бұндай ауа райында көбінесе жұрт көңілсіз жүреді. Көбіне мұндай маусымда ауа райымен қатар халықтың көңіл-күйі де бұзылады. Бұлт басқан аспан әлдекімнің еңсесін басқан шақта, көшеде танысының бірі кездесіп қалса, амандаспай өте шығатындай бөтендік бар.
Ал қала тротуарларында әлдеқайда асығып бара жатқан оқушылар мен студенттердің қарасы мол еді. Терезеден сыртқа қараса, автобусқа жанаса бағдаршамның қызылына тоқтаған такси тұр екен. Ішінде бойжеткен телефонмен сөйлесіп отыр. Анығы, уатсаптан аудиожазба жіберіп жатқан сияқты. Аузын жыбырлатқан сайын оның не айтып жатқанын ерніне қарап оқуға тырысты:
«Кешіріңіз! Сізді тағы да мазалап жатырмын. Бірақ бұл соңғы рет деп біліңіз. Мен тек жай сізбен қоштасайын деген ниетте хабарлама қалдырып тұрмын. Сізге жүрегімде булыққан сезімді айтпасам, жаным жай табар емес. Менің сізді ұнататынымды, көңілім, сезімім барын…» – осы жерде оның дауысы дірілдеп барып тоқтады да, қайта жалғасын тапты:
«…онсыз да білесіз. Мен енді сол баянсыз махаббатымды жүрегімде әлпештеп өтетін боламын. Неге десеңіз, маған аз да болса қуанышты сәт сыйлағаныңыз үшін сізге рақмет. Мені аз уақытқа болса да көңілімді көтергеніңіз үшін, мен осы күйді жылдар бойы көңілімде тербетіп өтемін. Себебі, мұндай бақытты шақты да, мұндай бақытсыз кезеңді де өмірімде кездестірмеппін. Сіздің тілеуіңізді Құдайдан тілеп жүремін. Ақымақ бір қыздың жазбасы деп тыңдаңыз да, өшіре салыңыз. Өміріңізден де…» – деді де, телефонын өшіріп, ызғарлы, жаурауық қала көшелеріне дәрменсіз кейіпте қарап тұрды. Мөлдір жанарына толып қалған көз жасын зорға іркіп ұстап қалды. Жасыл жанған сәтте көліктер қозғалып кетті. Қыз ұзап, көрінбей қалды.
Кезекті 003-аялдамаға автобус тоқтады. Жұрттың көбі осы аялдамада түседі. Терезеден сыртқа қараса, көктем жайнап тұр. Әлгі автобуста тон мен күпі киген жұрт сыртқа шыға салысымен үстілерінде жеңіл киім пайда бола қалыпты. «О, Құданың құдіреті, бұндай да болады екен-ау» деп таңырқап тұрды.
Әлден уақытта жолдың ар жағында көп жолаушының бірі назар аударды. Ол жалғыздан-жалғыз тістеніп барады. Түйілген жұдырығы мен түскен еңсесіне қарап, өз-өзіне өкпелеп бара жатқаны анық еді. Әр қадамы, әр сүйреткен аяғынан шыққан дыбыс ішкі дауысты аңдатқандай: «Мен әлі өзгерем. Сындырам мына тұсаусыз кеткен нәпсімді. Қаншама мәрте құладым, сүріндім, қателік жасадым. Бірақ, кеш емес. Өкінем. Қайта жаңғыру оңай емес, сонда да өзімді қолға аламын. Құрып кетсін мынау шарабы, қор-қоры да. Құрып кетсін, жалғанға алданған нәпсіқұмарлығым да. Қайта бәрін басынан бастаймын. Білмеймін, алдымда не күтіп тұрғанын. Бірақ анық білетінім – мына құрдымға қайта түспеймін. Мен мына әлемге керекпін, адамзатқа қажетпін. Мені ешкім байқамайтын да шығар. Мейлі, арым үшін, адамдық үшін, үлкен мән мен мағына үшін өмір сүремін», – дегендей бір шешімге бекіп бара жатты.
30-нөмірлі автобус қайта жөтеліп-жөткірініп, шашалып оталды да жолға түсті. Терезеден қыс торуылдап, баяғы күйге қайта оралды. Терезенің ар жағында өмірдің осындай түр-түрлі үзік-үзік сәттері өтіп бара жатты. Бәрі де таныс секілді. Қайдан көргені белгісіз… Әйтеуір, айналған шеңбердей осы күйдің өзімен байланысы барын іштей сезеді. Әр түрлі кезеңдердегі тағдырларға куә болып, солардан сабақ ала жүріп, өзінің аялдамасынан түсуге дайындалды. Есікке қарай жақындады. Әлгі соңында қалған аялдамалардан осы күнге дейін талай түскені есінде. Бұл жолы басқа – бұрын түсіп көрмеген жаңа аялдамадан түспек. Өзінің бүгінгі аялдамасынан.
Бұл аялдамада не күтіп тұрғаны беймәлім. Тек әр қадамын жақсылыққа жорып тұрды. Іштей жаңа көрген-білгенін саралап отырып ойға шомды: «Осы мен уақыт автобусына мініп кеткен жоқпын ба? Аз ғана бұрынғы көріністердің бәрі менің басымнан өтпеді ме? Рас. Ауыр болса да, өзімді көргенімді мойындаймын. Оларды өмірімнің сол бір аялдамасында қалдырып кеткен екенмін. Ал өз-өзімді болашақтан, келешек терезесінен қалайша бейқам бақылап тұрдым?»
Бүгінгі мен өткен шақ сол бір автобус терезесінде түйісіп қалғандай. Біз уақыттың белгілі бір нүктесінде жолықтық. Терезе ғана біздің перде болды. Қол жетер жерде ғана Ермектің өмірінің қызығы мен шыжығына толы кезеңдері менмұндалап тұрды.
Есік ашылды. Ол сыртқа шықты да, айналасына барлап қарады. «Мен бүгіндемін, осындамын, дәл осы сәттемін», – деді іштей. Көктен жапалақтап қар жауа бастады. Аппақ ұлпа қардың әр ою-өрнегінде ақиқат таңбалары «бізді оқы» деп тұрғандай.
30-автобус қайта оталып жүре бергенде, жаңа ғана өзі отырған артқы орындықта отырған таныс әлдекімді көрді. Ол да дәл қазіргідей өткен өмірін автобус терезесінен бақылап отырған сияқты еді. Сәлден соң әлгі жан Ермекке қарады. Екеуінің жанары түйіскенде шошып кетті. Иә, ол – өзі еді. Өзінің ертеңі.
Тек ол мұны анық аңғарып, танып тұрған жоқ. Автобус қайта қозғалғанда, артқы терезесінен өз бейнесін шығарып салып, аялдамада қалып қойды. Ал әлгі «өзі» – келешектегі белгісіз аялдамаға қарай кетіп бара жатты. Ол – өткен шақ, осы шақ және келер шақтан құралған уақыт саяхатшысы. Өмірдің аялдамаларында қалып кеткен өз бейнелерін ойлап, жанының түкпіріне бойлап, бүгінгісіне қарай аяңдап бара жатты. Сана түкпірінде әлдебір таныс дауыс жаңғырып тұрды: «Мен түс көріп жатқан жоқпын ба?..»
