Нұрбек МЫРЗАБЕКҰЛЫ

1991 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Аппаз ауылында дүниеге келген. ҚарМУ-дың химия факультетін бітірген. Қарағанды облыстық А.Сейдімбек атындағы жас жазушы, көсемсөз шеберлері байқауының проза жанры бойынша 2-орын иегері. Әңгімелері мен өлеңдері «Әдебиет порталы» сайтында және республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған.

 

Қыз күнделігінен

Әке мейірімі

Әке…

Айғайлап жібергісі келді. Жүрек түкпіріндегі сағыныш дертінің тасқынынан көмейге өксік тіреліп, ол көз ұшында мөлдір тамшыға айнала берген тұста «Мені еске алғанда жыламаңдар» деген әкенің аманаты бағдаршамның қызыл түсі жанғандай қозғалысты тоқтатып тастады. Аманатқа қиянат жасамайтын текті елдің ұрпағы аталы сөзге тоқтамаса жөн бе еді?! Сондықтан қанша қиналса да, қанша жанына батса да сыртқа білдірмейді, шығармайды. Әкесі туралы айтқанда, бұның жылағанын, көзге жас алғанын күткендердің талайы, сабырлы түрде еске алып, әңгімелегеніне таң қалып, бастарын шайқады. Мейлі не ойласа да, не айтса да, қалай қабылдаса да өз еріктерінде.

Оңаша қалғанда есте қалған тәтті сәттерді еске алып, ойша тіл қатысып, сырын айтар еді. Сол мейірімді алақанды аңсап, еркелеткен балдай сөздерді қайта естігенді, жып-жылы құшақты сағынып отырар еді. Сол кездерде кішкентай болса да, әкенің мейірімі осы кезге дейін жанына жылу, тәніне қуат беріп келіпті. Ойлаңызшы, бір аз ғана мейірімнің қуаты қанша жылға азық бола алады?!

Қай жаққа қараса да әкедегі мейірімді іздеп жүретін сияқты. Сол мейірімді басқаларға беруге тырысатыны да бар. Әттең қатты сеніп қалып сол мөлдірліктің шытынап кеткені жанына батады. Жара жазылса да, бәрін кешірсе де орны қалып қояды екен.

Содан бері абайлап басады. Сенбейді. Тіпті айналсоқтап, хат жазып, сезімін білдіріп жүрген жігіттерге де. Бірақ бір түсінгені сол әкедегі мейірім бір жолықса, болашақ жарының бойынан табылар деген үміт. Ал оған лайықты ақ боз атты ханзада әлі жолықпады. Тек… анау бір жігіт болмаса…

Оның өзін бір-ақ рет көрді. Желілік маркетингпен айналысатын компанияға барғанда. Оның алдында телефонмен, WhatsApp-та сөйлескен-ді. Сымбатты, келісті жігіт сияқты. «Бұлар сияқты кәсіпкер болу қайда?» деп бір ойлап өтті. WhatsApp-та сөйлескені сол кісі екенін сонда бір-ақ білген.

– Кешіріңіз, есіміңіз кім еді? Сізді компанияңыздың атымен сақтап қойып едім, – деген. Ашуланып, не ренжіп қалар ма екен деп еді, өйтпеді, жымиды да атын айтты.

Одан кейін де WhatsApp-та тіл қатысып жүретін. Ана күнгі әңгіме бір бөлек басталып, бір өлеңмен жалғасып (өлең шығарады екен, ақын екен) одан кейін әңгіме кездесуге шақырумен, кездесу әппақ раушан гүлмен аяқталды. Ерке көңіл аспанды кезіп, сезімге тез беріліп кеткен сияқты ма? Әйтеуір кеше бір күн жазбай қалғанда көңілге күп тірелген.

Кездесуде әдемі бір әңгіме өрбіп, шынайы әсерге бөленгендей болып еді. Әппақ раушанды ақ ниеттің белгісіне балаушы еді. Сыйлыққа алғанда қатты қуанып WhatsApp пен Instagram-ды жаңа мәліметпен толықтыра қойды.

Қатты сеніп қалудан әлі де қорқады. Әр күні әртүрлі эмоция сыйлап жүрсе де өзін тежеп қалып жүр. Қатты ғашық болып қалудан да қорқатын сияқты. Әнтек жаны қалмай көмектесуге әрдайым дайын екенін көрсетіп жүр бұл жігіт.

«Әке… Жанашырым, қамқорым! Сен жетпей тұрсың маған! Әттең, қасымда болсаң, саған еркелесем, ақыл сұрасам, қандай бақытты болар едім. Жол көрсетіп бағыт-бағдар сілтер ме едің?! Сен болғанда мен бұдан да мықты, бұдан да күшті болар ма едім?! Сенің бар екеніңді сезіну орны толмас дүние екенін білемін».

Күйбең тіршілік ұмыттыра жаздағанымен жадының ең маңызды папкасында сақталған бейне «іздеу» жүйесінің көмегінсіз жарқырап шығады екен. Тағы сол тәтті әрі ащы, өң мен түс арасындағы қиял мен арман, сағыныш пен қимастық аралас сезім. Өкінгенмен өткен күндер қайтып келер болса… Алдына алып бұны еркелеткен сәттер қандай еді. Бақыттың құшағында тербелу, мейірімге бусанған әзиз жан, парасатқа толы жүрек, алаңсыз, қамсыз шақ. Шын бақытты шақтар сол еді ғой. Қайда кеттің, ей, сол бір күндер?!

Әкесі бар болса да әкесі жоқтай жүретіндерге таң қаласың! «Әкесі жоқтай» дегенім қадірін білмей, сыйламай, ары мен абыройына нұқсан келтіріп, үмітін ақтамай жүргендігі. Қалайша, қолда бар алтынның қадірін білмеуге болады? Қалайша, асқар тау тұлғаны сыйламауға болады? Қалайша, онымен сырласып, оған еркелеп, мейірімге бөленетін сәттерді тәрк етуге болады? Құдай-ау әкенің бар мейір-шапағатын жұтып, сіміріп алсаңдаршы! Адассаң, үйіріңе қайтаратын да, түзу жолға салатын да, керек жерінде тоқтататын да сол болар еді ғой! Қанша жылға жаныңа рухани азық жинар едің?! Түсіне алмады. Миына сыймайды осы жағдай!

Әкесі бұның 5-6 жасар кезінде қайтыс болған. Еміс-еміс болса да есінде қалған естеліктер ғана. Әсіресе, тізесіне отырғызып еркелеткен сәттер. Бала болса да жадында тасқа басқан таңбадай әкенің мейірімі қалып қойған. Алға жетелеп арман, мақсаттарға ұмтылуға күш-қуатты да содан алар еді. Шүкір анасы, ағалары бар. Бір ағасына еркелеп, бірімен сырласып, бірімен алысып, жұлысып өмір кемеде жүзіп келе жатыр. Өмір жалғаса бермек. Барда қадірін біл, жоқта қадірін ұғын. Өмір сүр. Бағала. Қуат ал! Жүрек түкпірінде қанша сызат қалса да өмір жалғасады. Ұмытпа!

Әкеме хат

XXI ғасыр өз жаңалығымен келді. «А» деп аузыңызды ашып үлгергенше, талай жаңалықтың куәгері не естушісі, көрушісі боласыз. Күнде бір жаңалық, бір өзгеріс. Ракетаның жылдамдығымен қозғалып бара жатқан заман. Ілескен ілесті, ілеспеген қалды. Америка мен Еуропаның білімін әлі сол орыстардан аударып, соңында келеміз. Сол білімнің соңынан қуып Мәскеуге келгеніне екінші күн. XXI ғасыр өз жаңалығымен келді дегенде ақпараттар соғысы ғана емес, сұранысқа ие болып тұрған білім – бизнес жасау мен психология, мотивациялық білімдер. Әйгілі Дашкиев пен Осиповтың тренингіне келген. Жастары әлд қайда кіші болса да білім үшін кішірейіп келуге арланбаған. «Жасы кіші демеңдер, ақылы асса, аға тұт» деген баба сөзі санада жатталған болса керек. Ұлтым, елім, қазақ, Алаш деп ішінде қайнап жатса да аттандап, ұрандап бәзбіреулердей атой салмаған. Ойлана келе тапқаны Әлихан, Ахметтердің жолы – ағартушылық. Дүниеде шайтанарба ойлап табудың қажеті жоқ. Білімің болмаса, ақпарат тасқынының арасында ағып өлесің, не кітап артқан есек боласың. Тасқын арасында аман қалу үшін екінші керегі – мидың жұмысы. Миды зерттеу арқылы біраз құпия ашылды. Талай керемет жаңалықтар мыңдаған елдің игілігіне айналуда. Тек қазақтың емес… Енді соны жұртпен бөлісу керек. 25 жыл бизнестегі тәжіриесі бар. Бәрін жинап кәсіпкерлік мектеп ашқан. Нәтиже жаман емес. Талай бұлақтың көзі ашылды. Білім беріп жүр екенмін деп білім алуын да тоқтатқан емес.

 ***

Басы әлі мең-зең. Өз-өзіне келер емес. Бірақ жеңілдеп қалғанын сезді. О, құдірет! Бәленің бәрін ішімізге жинап алады екенбіз де, «Ауырдық» тағы басқа дейді екенбіз. Әлгі бір затты қойып қойсаңыз біраз уақыттан кейін бұзылатыны сияқты, ішіңізге сақтаған өкпе-ренішіңіз, кек сияқты жанның кеселі тән кеселіне айналады екен ғой. Ал шығарып тастау қандай ауыр! Дегенмен соңында үстіңізден ауыр жүк түскендей жеңілдеп қаласыз.

Бағана тренингте «Ренжіген адамыңызға хат жазыңыз» деген тапсырма болған. Ақшасын төлеп (және аз емес) қатысып отырғаннан кейін толығымен пайда алып кету керек қой. Орында дегенін шынайы орындауға басында біраз батылы жетпей отырған. Әкеме ренжідім деген әбестік сияқты ма? Бала жүрегінде бәленбай жыл қатып қалған екен. Шығарып тастамаса болмайтынын сезді.  Содан хат жазып отырғанда ботадай боздап, көз жасы парласын. Тоқтай алмай, солығын баса алмай қойды. Қасындағылар бірі аянышты, бірі түсінбеген көзбен қарап отыр. Оқып берейін деп еді, оқи алмады. О заман да бұ заман Ақай жылады десе жанында жүргендер миығынан күліп, сенбейтін шығар. Әсте айта көрмеңіз өтірік айтып тұрсың деп жүрер.

Әке.. Құдай-ау соңғы рет қай кезде айтқаны есінде жоқ. Параққа бірнәрсе жазды да қарап отырып умаждап-умаждап лақтырып жіберді.

Біраз отырған соң тағы бірдеңе жазып қойды. Оны да умаждап лақтырып тастады.

Тағы бірдеңе жазды. Оны да…

Айналасына бір қарап өтті. Бәрі бұрқыратып бірдеңелерін жазып жатыр.

«Қой, жазайын!», – деп дауыстап жіберді. Күрсінгендікі ме? Не деп жазарын, қалай бастарын білмей ақыры парақтың бас жағына, дәл ортасына үлкен әріппен «Әке» деп жазып қойды.

«Әке!

Дәл қазір қандай күйде екеніңді де білмеймін. Бұл жазғандарым саған жете ме, жетпей ме тағы белгісіз?»

Ойланып кетті. Осыным ақымақтық емес пе? Параққа да сол сөйлемді тізе салды.

«Мүмкін ақымақтық та болар. Бірақ тренерлер бекер берген жоқ. Бір білгені бар шығар, әке. Дұрыс емес болса, айыпты болсам, кешірерсіз. Бірақ мен емес сіз кешірім сұрауыңыз керек сияқты. «Неге» дейсіз бе? Өйткені кінәлісіз ғой. Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды, кешір дейсіз бе? Кешіргім келеді. Кешірдім деп ойлаймын. Бірақ жүрек түбіне тастай қатып қалған екен. Жібір емес».

Жүрек түбіндегі шемен сәл жұмсарған болуы керек, тамағына бір өксік тығылғандай болды. Жұмбақтамай ашып жаз деп тренердің ескерткені есіне түсті. Бұл керемет ақтарылып жеңілдеуге көмектеседі деді ме? Ал, бісміллә көрейік.

«Шынымен саған ренжіген екенмін, әке. Ащы да болса, бір шындық – осы. Бұдан артық ішімде сақтай алмаймын. Бекер мені жетектеп апарып өз қолыңмен табыстадың. Дәл сол сәт қалып қойыпты. Неге екенін білемін ғой. Сен мені кешір, әке, бірақ бұл қатігездік қой. Іштен шыққан шұбар жылан емес ем? Қолыңда болсам, үмітіңді ақтар ұланың болар ем ғой.

Апам сізден де қатігез екен. Жаны жаралы адам солай бола ма, кім білсін? Қате ісім үшін таяқ жеп далада қонған кездерім болды. Бірақ алдыңа бармадым. Қайсарлығым ба, намыс па, жоқ әлде жалған намыс па, білмеймін?! Бір білерім – өкпе-реніштің салдарынан болғандығы. Сол мені жібермеген. Талай нәрсені бастан өткердім, мойымадым, қажымадым, шыдадым. Бірақ сол бір ғана сәт бүкіл өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберген сыңайлы. Және менің жанымнан титтей де болса шыққан емес. Бірақ бүгін дәл қазіргі сәтте мен сізді кешірдім, әке. Кешірдім бәрін».

Көзінен жас парлап қоя берді. Өзі де түсінбеді. Қайдан шығып жатқаны белгісіз. Басқалардың аңырап қарап қалғанын сезді. Өз еркінен тыс болғандықтан ба тоқтауға, тоқтатуға тырысқан жоқ. Біржола таусылып біткенін қалады. Сәл басылған соң оқып беруін сұрағанда да, жылауын доғара алмаған еді.

Кешке қарай есін жиды. Денесінің соншалық жеңілдеп қалғанын байқады. Сондай ауыр нәрсені қалай ішінде сақтап жүргеніне таң қалды. Адамдардың 99 пайызы солай өмір сүріп жүр. Бәрінің ішінде – өкпе-реніш. Бәрі біреуді кінәлайды. Кедей өмірі үшін үкіметті кінәлайды. Жанымды түсінбеді, қолдау көрсетпеді деп туған-туысын, достарын кінәлайды. Әңгімелерін тыңдасаңыз, кінәсіз – өзі, қалғанының бәрі – күнәһар.

Өзіңіз ойлап көріңізші, әр ренжіген сайын қалтаңызға кез келген бір затты салып отырсаңыз. Біраз уақыттан кейін ол заттар ауырлап салмақ салады, бұзылады, жағымсыз иіс шығарады. Реніш арқылы біз жан-дүниемізді қаншалықты улап жатырмыз. Әлем тап-таза, тек біз оны құртатын.

Моншадан шыққан адамдай шаршап қалыпты. Жастыққа басы тиісімен ұйықтап кетіпті.  Ұйықтап жатып бір жылап алды, бірақ күліп оянды.

Түсіне әкесі кірді.

– Балам,- көзінен жас тамшылап жылап тұр екен. – Кешіргеніңе рахмет! Иә, мен сені өз қолыммен апарып апаңның қолына тапсырдым. Бірақ жүрегімнің қаншалық қан жылағанын сезбедің. Мен сездіргенім жоқ. Бауыр еті балаңнан өз еркіңнен бас тарту жүрегіңнен ет кесіп алғандай ауыр екенін білесің бе? Қатал да болған шығармын, бірақ менде де жүрек бар ғой. Егер мен сезімімнің ұшқынын шығарар болсам, сен үйге қайта айналып келер едің. Сондықтан білдірмедім. Апаңа ауыр болар еді. Жесірін жылатпаған ұлт едік. Жалғызсырамасын деп сені бердім бала қылып. Дақ қалып қойған екен ғой жүрегіңде. Кешір, балам!

Әкесімен бірге өзінің де жылап жатқанын байқады.

– Бала кезіңнен жүрегіңде қалған шер-шеменнен енді азатсың, балам. Еркіндік сүйгіш жаның қаншалық тазарып қалды. Менде бір аунап түсіп, тазарып қалғанымды сеземін. Керек емес нәрсемен жаныңды улама ендігәрі. Есіңе түсіп есіңді шығарардай болса, мынаны ұмытпа: Әке баласына ешқашан жаман болсын демейді. Өзіңде осыны айтар жасқа келдің. Айтып та жүрген шығарсың? Өмірді өз қолыңмен қиындатпа! Келші, балам, құшақтайын!

Өмір бойы аңсаған арманы түсінде орындалды. Жасы елуден асса да әкесінің құшағында бала екенін сезінді. Жылауын қойып соншалық рахат сезімге батты. Әкенің құшағы мейірімге толы құшақтардың бірі екен ғой. Жасынан жылу аңсаған жаны күннің шуағына шомылып, ай сәулесін сіміргендей күй кешті.

Қуанып оянды. Ерте тұратын ғадеті. Жаттығуды  ләззатпен ожасады, таңғы асты сүйсініп ішті. Балалық шағын есіне алып, қиналыс сезімінсіз миығынан күліп қойды.

Неге біз осы?

Өмірді бар сән-салтанатымен сүрмей, жаманды жанымызға жинамай, бекерден-бекер өз-өзімізді қинамай, керек еместі лақтырып, сорды бақ қылып, жек көруді сүйіспеншілікке алмастырып, әділ, таза, шынайы бабалар салған жолды жалғастырып; қиынды оңайлатып, ауырды жеңілдетіп рахат ғұмыр кешпейміз? А?

Неге оралмадың, әке?

– Әкем қашып кетпеді ме екен?

Демалып жатқан мидың дем алмайтын бөлігінен жанартаудай бұлқынған ой ұйықтап жатқан жерінен ток соққандай атып тұрғызды. Ұйқылы-ояу күйде әкесі жатқан жаққа көз салды, дем алғаны ғана білініп ұйықтап жатыр. – Уһ,- деп бір күрсініп алып, қайта орнына жатып еді, торда қамалған құстай жамыраған ойлардың құрсауында қалып қойды. Ұйқының қайда кеткені белгісіз? Өз ісінің дұрыс немесе қате екеніне күмәнданған емес, бірақ осылай істеу қажет екендігін сезінеді. Артынан іздеп келген НКВД қызметкерінен жалынып-жалпайып: «Жуындырып, үсті-басын тазалап, ертең Егіндібұлаққа жеткізіп саламын», – деп  бір күнге сұрап алып қалған. Жылап-сықтап жүріп әрең дегенде қолхат жазып беріп келіскен. Осындай сәтті пайдаланып қашып кетер ме екен деген ой да санасының бір түкпіріне мекендеп алыпты. Бұл әкесіне сенбегендігі емес, жауапкершілік пен Отанға адалдық. Әкесінің кінәсіздігін біледі. Колхоз председателін де кінәламақ емес. Олар да шарасыздықтан, адам қолы, әсіресе, ер адам жетіспегендіктен  Балқашқа кету керек болған әкесін алып қалған. Кеше үйге келіп кешірім сұрап, қоштасып шыққан. Ал бәріне кінәлі аты өшкір – сұм соғыс.

Әке… Ислам дінімен бірге енген дәстүр болса да тақ санды қасиет санау қазақтың қанына сіңген. Қарап отырса, жаныңа жақын адамдардың жалпы атауы үш әріптен тұрады екен. Әке, ана, ата, әже, дос… Қасиетті атаулардың қасиеттілігін білдіріп тұрғандай!

Әкесі аздаған сауаты бар адам. Молданың алдын көрген. Арғы-бергі тарихты, шежірені жетік меңгерген. Газет-журналдарды құр жібермей оқитын. Білімдар болса да көп ашылып сөйлемейтін, реті келген жерде бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей салатын. Түсінген адам әрі қарай сөйлеудің қажеті жоқ екенін ұғатын. Бірақ шешендігін, білімділігін момындығы мен тұйықтығы көрсетпей тастайтын. Әкесі екеуінің арасы қаншалықты жақын болса, соншалықты алыс. Мүмкін қасында көп бола алмағандықтан шығар?! Әкесін қаншалық жақсы көрсе де, жаңа заманның кейбір талаптарын, іс-әрекеттерін қабылдай алмайтындығын байқап қалатын. Әлі есінде: Қарқаралыдағы оқуындағы демалысынан келгенде адамның маймылдан жаратылғандығы туралы әкесімен дауласып қалған. Сонда: «Ендеше неге қазіргі маймылдар адамға айналып кетпей жүр?», – дегенде жауап таба алмаған.

– Мүмкін айналып жатқан шығар?!, – деп көріп еді, әкесі қолындағы газетті көрсетіп:

– Онда ол туралы сүйіншісін сұрап тұрып жазар еді.

Бұл үнсіз қалған. Сәл үнсіздіктен кейін: «Егер ол туралы жаза қалса сүйіншіңді менен аласың»,  – деп әзілдеген.

Неге екені белгісіз ашаршылықта ажырап қалып қайта табысқаннан кейін, әр түрлі мәселелер жөнінде дауласуды да, шариғат, әдеп, шежіре туралы ара-тұра айтып қалатын әңгімелерін де айтуды да қойған. Бір жағынан бұл оқуда жүріп тек жазғы демалыста ғана келетін. «Халық жаулары» мен «Жапон тыңшылары» ұсталып жатқан тұста тіпті тұйықтала түсті. Әсіресе «Ахаң ұсталыпты» дегенді естігенде, кімді балағаттағаны белгісіз:

– Оңбағандар!, – деп ашу шақырған. Оны қайта өзінен басқа ешкім көрген жоқ. Әйтпесе, бұл сөзі жоғары жаққа жетсе, не болатыны белгісіз?!

Бірақ қорқатын түк те жоқ, қызыл әскердің әділдігіне, әкесінің адалдығына сенеді. Тек түсінбегені әкесі кімге ашуланды екен? Халық жауына ма? Ол кісінің өлеңдері мен мақалаларын тамсанып оқып жүретін, жау болып шыққанына басында өзі де таң қалып, коммунистік идеяға сенетіндіктен күмәнсіз солай қабылдаған. Әкесінің халық жауларының бірі болып шықпағанына, өзінің кедей отбасынан шыққанына қуанатын. Енді міне ат арып, тулақ болған, ер азып аруаққа айналған, әйел, бала-шаға тозып үкімет айдаған қаңбаққа ұқсап еңбекке жегілген, бәрі де соғыс үшін деп жанталасқан  аласапыран тұста кінәлі болып қалғаны.

Қазақстанда төте жазудың орнына латын әліпбиі енгізілген тұста әкесіне ұстаздық еткені бар. Керісінше әкесі жазу-сызуды үйреткен алғашқы ұстазы еді. Сол уақыттарда:

– Ұстаздан шәкірт озды, – деп маңдайынан сүйіп, бауырына қысқан. Өткен күндерде әкесіне еркелеген сәттерінің аз екендігі есіне түсті. Есесіне қыз балаға оқып не керек деген туған-туыстарын тиып тастағанына, кешегі қарақшының ұрпағы, бүгінгі атқа мінер шолақ белсенді өзіне құда түсіп келгенде: «Жаңа заманның заңын білмейсің бе? Кімге күйеуге тиерін қызым өзі шешеді», – деп қуып шыққанына риза. Сол шолақ белсенді халық жауы боп айдалып кеткенде тағы қуанған.

Әредік әкем мені түсінбейді-ау деген ой келеді санасына. Сонда жоғарыдағы оқиғаларды ескеріп райынан қайтатын. Елде болып жатқан әртүрлі жаңалықтар, коммунизмнің жарқын болашағы туралы әңгімелерін айтқанда ықылассыз тыңдайтынын байқайтын да тағы сол ойға берілетін. «Қарсы ма?», – деп ойлайтын. Кейде өзі де өкіметтің кейбір істеріне қарсы болып, күмәндана қарайтын. Сыртқа шығарған емес. Әрбір істің ақтауы болғаннан кейін үнсіз қалатын. Бірақ сол кезеңдерде жазықсыз адамдардың айыпты боп кеткені жанына батады. Әсіресе Ақайдың Қасені осы өңірдегі оқу-білімнің аса үлкен жанашыры, адал да, жомарт адам еді. Өз қаржысына мектеп ашып, жақсы оқығандарын Петерборға, Мәскеуге жіберетін. Халықтың қамын ойлайтын адам-тын. Кәмпескеге ілінді де, айдалып кетті. Көңілінде қалып қойса да, қазір оны ойлайтын шама қайда?

Әкесі жатқан жаққа көз тігіп, ойланып жатып ұйықтап кетіпті.

***

Қызының өзін бақылап жатқанын, күдіктенетінін сезіп жатыр. Іші алай-дүлей өртеніп, удай ашиды. Туған қызың өзіңе сенбесе, заманыңның қай оңғаны бұл? Ендігі тағдыры қалай болады? Туған топырақты соңғы рет көріп тұрғаны осы болуы да мүмкін? Таудан соққан самал жел базарлық қып ала келген жусан аралас бүлдірген иісін құшырлана иіскеді. Өткен өмірі үзік-үзік кинолентадай көз алдынан өтуде. Жан-жағын жалмаған жалмауыздай  құртып тынады-ау бұлар қазақты. Молдалардың айта беретін Иәжуж-Мәжужі ме дерсің?! Кәмпескемен бір, аштықпен екі, оқыған-тоқығандарды қудалап үш, енді міне соғыс деп төртінші рет қырылу үстіндеміз. Кеңес өкіметі дейді ғой? Кіммен кеңесіпті солар? Қанында еркіндік әуені ойнаған қазақты қойдай тоғытып тұншықтырып жіберді-ау. Сонау жылдар байларды кәмпескелейді, мал-мүлкін тартып алады екен дейтін әңгіме шықпай тұрып Ақайдың Қасені бұны шақырып алып, екеуі көп әңгімелесіп еді. Халықтың мұң-зары, қазақтың жеке ел болуы жайында. Сонда:

– «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген. Білім кімде болса, сол мықты. Білекке сенген заман артта қалып, білімге, ақыл-айлаға сенетін заман туған жоқ па?! Осыны айтқан Абылай хан да әулие екен ғой. Сол сөз қанша уақыт өтсе де қазақтың санасына жетпегені өкінішті! Кімнің ғылым-білімі артық сол озып, қалған ел соған құл қазір. Бізде талаптанғанымызбен біреулерге ұнамайды-ау ісіміз. Қазақ дарынды халық қой. Нығмет, Жақыптар Мәскеу мен Петербордың мықты ғалымдарын талантымен таңдандырып еді. Бүкіл қазаққа білім жеткізе алатын болсақ, бүкіл әлемді таңғалдырмасымызға кім кепіл?!

Ақыл бар жерде нәпсі бар, рух бар жерде тән бар. Өмір – ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың тартысы. Қазір алдыңғысының күні тұтылып, артқысының күні туып тұр. Сақ болған дұрыс. Қазақтың да жарқырайтын күні келер. Көрерміз, көрмеспіз, бірақ солай болатынына сенем, – деген еді. Бұл айтқаны Ахаңның сәлемі екендігін жеткізген. Ахаң:

– Елге сәлем айт. Аман болсақ, ел еңсесін көтеруге тырысамыз. Азат болмай, озат болмаспыз. Алып ағашты білдіртпей құлатар құрт құсап еңбек етеміз. Өз бәйтерегімізді орнатар күн келеді. Тек іштен шыққан жау жаман. Қазақты құртып отырған – осы. Сақ болсын!, – депті. Содан бері бұл да сақтыққа көшкен. Қазір осы екі арыстың екеуі де жоқ. Ал солардың ақылының арқасында бұл аман қалған.

Ахаңды алғаш көрген сәті есіне түсті. Бұл Ағыста оқып жүрген кезінде сондағы мектепті тексеруге келген. Онда әлі отызға іліге қоймаған жас жігіт екен. Сонда оқушыларды жинап білім алудың маңыздылығы, оның жай-күйі жайында көп ақылын айтқан. Жақсы оқитын оқушылармен жеке-жеке сөйлескен. Бұны да шақырған. Әртүрлі сұрақтар қойып, қай салаға қызығатынын, қай пәнді ұнататынын сұраған. Есеп шығарғанды жақсы көретіндігін білген соң, қаржыға қатысты мамандықтар таңдауға, оның маңыздылығына тоқтала отырып кеңес берген. Кейін бұл әкесінің ауырып қалуына байланысты елге қайтып, оқуға орала алмаған. Одан соң үйленіп, тұңғышы дүниеге келді, сөйтіп біржолата қалып қойған. Енді өзі оқи алмағанын баласына беруді мақсат тұтқан. Нәтижесі міне!

Әйелі ақылды біртоға жан еді. Аштық болған жылдары бабаларының соңынан кете барды. Араларында асып-тасқан махаббат емес, сыйластық пен сүйіспеншілік болды. Артында қалған балаларын медет қып бұл қала берді. Сол қиын кезеңдерде тамақ табу үшін баласын киіз үйге қамап, сыртынан жақсылап байлап (ол уақытта балалардың жоғалып кету жағдайлары жиі кездескен), жолға шыққан. Көрші ауылдан ештеңе таппай, қалжырап келе жатқанда, арбамен жүрген адамдар тобы кездескен. Елге азық-түлік тасып жүрген адамдар екен. Бәрін таратып болып, Қарқаралыға қайта қайтып бара жатқан беттерінде кездесіпті. Қарқаралыдан тағы бір арбаның шығуы керектігін айтып бірге жүруін өтінген. Жолда екінші арба да кездескен, олар да азық-түлік таусылып қайтып барады екен, амалсыз бірге жүруге тура келген. Қалаға жеткенде күздің қара суығы әбден өтіп кеткен әйелі мұрттай ұшты да, содан қайтып оңалмады. Аштыққа ауру қосылып, оған уайым қосылып, соңынан фәниден бақиға аттанып кете берді. Бұл арбашыларға балаларын аманаттап, бір Құдайға тапсырып, әйелінің қасында қалған.

Артынан қыс түсіп, жол болмай келесі көктемде бірақ оралды еліне. Келсе, киіз үй ашық, балалар жоқ. Өлдіге санап көз жасына ерік беріп отырғанда, бір танысы келіп, қызының амандығын жеткізіп, Қарабала деген жамағайын інісінің үйінде екенін айтып, сүйінші сұраған. Тамағының жартысын беріп, қайдан күш-қуаттың пайда болғаны белгісіз зымырап отырып сол үйге келіп, жылап-сықтап көрісіп еді. Ел тұлғасына қарап Қарабала атап кеткен, аштықта аңшылық жасап, елді аман алып қалған інісіне қайта-қайта алғысын айтып, ботадай боздап қызынан кешірім сұрай берген. Өкініштен өзегің өртеніп, қуаныштан жүрегің жарыла жаздайтын, есіңнен айырылып қалғандай екіұдай күй кеше береді екен-ау адам?! Тасқа басылған таңбадай санасында осы бір сәт қатталып, көкейінен кеткен емес.

Ахаң ұсталып, атылып кеткен тұста, бұның да жүрегіне қанжар қадалған. Арманда кеткен арысты жоқтап. Солардың қатарында мен неге жүрмедім деген ой билеген санасын. Тығылып қалған қорқақтай сезінген өзін. Кейін ойлап қараса, елін ойлаған ерлердің, арын ойлаған азаматтардың артында қалған жұртына салмақ салмай ауыр жүкті өз мойындарымен көтерген ержүректілік екен ғой!

Бағана қызы:

– Өкіметтен кешірім сұраңыз. Жоғары жаққа хат жазыңыз, – деген.

Оған бұл:

– Кінәлі болмасам, несіне кешірім сұраймын?, – деп жауап берген.

Расымен, несіне кешірім сұрауы керек. Шынында болған жағдай былай еді: Соғысқа қатысатын жастан асып кеткендіктен, еңбек әскеріне алынған-ды. Балқаштағы зауытқа жіберген. Аз күн демалыс алып туған жерге оралғанда, кемпір-шал мен әйелдердің, жас балалардың азып-тозған түрін көріп шыдай алмай араласып кеткен. Қол жетіспегендіктен артық уақытқа қалып қойған. Артынан НКВД іздеп келді ақыры. Неге кінәлі болғанын түсіне алмай дал. Себебін айтып көріп еді, тыңдайтын құлақ болмаған соң қойған. Не болса да бара көреді.

***

– Әкем қашып кетпеді ме екен?

Тағы да шошып оянғандай атып тұрды. Әкесі ұйықтап жатыр. Оятып алып, жолазығын қамдап Егіндібұлаққа жеткізіп тастады. Жол бойы тағы да кешірім сұрау жайын айтып жалынған.

– Көреміз, – деп келіскен сыңай танытқан әкесі. Содан қайтып оралмады. Не хат, не хабар жоқ. Сағыныш уы сарғайтып, үміттің оты жанып барып сөніп жылдар өте берген. Қолда барда алтынның қадірін білмегеніне өкінген. Бағалай алмағанына бармағын тістеген. Жоғалтқанына жылаған. Ең болмаса жылы сөзімен бетінен сүйіп қоштаспапты да. Кімді кінәларсың, заңды ма, заманды ма, адамды ма? Тағдырдан жалынып, жалбарынып, жылап азғана сәтке сұрап алсам тілдесемісің, Әке? Бауыр етің балаң боп сені түсіне алмағанымды, бағым деп бағаламай, қартайғанда қамқорлық көрсете алмағанымды кешіремісің, Әке? Туған үйіңе ат басын бұрып, туған жерге туыңды тігіп, балаңды бауырыңа қысып қайта ораламысың, Әке?

Қарағанды қаласы.

 

Добавить комментарий