Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы

Бекзат АЛТЫНБЕК,

Қарағанды қаласы

Болмаған оқиға

(екеу туралы бірінші әңгіме)

Принтер тап-таза парақтарға қап-қара таңбалар басып өзіме қайтарып жатқанда, аузы жартылай ашық кардон қораптағы ып-ыстық бәліштің мұрын қытықтайтын иісін ала кірді. Жанары жап-жас. Жымиысы жымысқы емес. Ә дегенде мән бермеген сыңай танытқым келгенімен, маңызы мәз емес сұрақ көмейімнен суырылып шыққанын аңдамай қалыппын.

– Картоп салынған.

Ернінен ұмтылған ұяң жауап осы болып па еді? Тұнжыраған көңілімді серпілкендей ме, қалай. Есімі де емес бірақ.

– Картоппен, картоппен, – деп күбірлеппін, қалтамнан сары түсті купюраны алып жатып. Күні бойы есімнен кетпей қойғанын айтамын. Құлағымнан еніп, жадыма орныққан, әннің қайырмасындай орала берген әуез. Кімнің атымен?.. Кімнің атынан?.. «Картоп, картоп…». Ол едәуір қашыққа ұзаса да, терезеден тысқа телміріп отырып қалғаным ақиқат. Ештеңеге зауқым соқпай, жадымда өткенімді парақтаумен болдым… Естеліктей қатал сыншының «Осы күнге дейін шыққан шыңың қайсы?» деген тәкәппар сұрағы. Сарт еткізді сабырың сарқылғыр. Он бес жыл бір мекемеде тапжылмай жұмыс істеп, сызғыштың бойымен ғана жүретін, рефераттың алғашқы бетіндей қызметкер болғаныммен ақталдым.

Интерьеріне қара мен ақ түс қана кәдеге асқан кәдімгі конторамызға келуі жиілей, әр келген сайын күлкісінің сыңғыры үдей, мінезінің әр қыры ашыла берді. Әріптестерім де ол келеді-ау деген уақыт таянғанда елеңдейтін болды. Жұмысқа қуана баратын, бір-бірімізбен құлшына есендесетін әдет таптық. Жаңадан танысып-білісіп жатқан сияқтымыз ба, қалай. Өзара қалжыңымызға қарқылдағанда өкпеміз көрінеді, ғимарат қалшылдайды, шамдары жарқырайды. Түнерген қабағымыз ашылды, түскен еңсеміз тіктелді. Жанары жадымызда ол келесі келгенше қатталып тұратын. Не сиқыры бар екенін қайдам?!..

Әйткенмен… Әйткенмен хаттар жазылып жатты. Қол қойылып, мөр басылып жатты. Мұндағы принтерден – ыстық қағаз. Анау жақтағы пештен – картоп салынған ыстық бәліш. Сәбиі де тоқ. Әкесінің бұларды ескермегенін елемеді де тіпті. Анасы да ғұмырдың мысқыл қылжағына жымия білген екен. Әңгімеміз жарасқан кезеңде қалың сөздің арасындағы түйір сырды көңілімнің көзі шалып қалған…

– Бәліш пісіру де оп-оңай емес. Бірақ маған сол бәлішті адамдардың сүйсіне жегені ұнайды.

– Ыстық шай да әкел! Таласа алады, – дедім.

Менің ернімнен ұмтылған сөз осы болып па еді?! Именген сенімін серпілткен тұңғыш оңды сөз. Ендігі… есімім жоқ менің. Жеке сәйкестендіру нөмірім барда оның қажеті құмбыл-ау және…

– Әкелмесін! Кіргізбеңдер! – деді. Жұдырығымен үстелді қойып қалмады. Ешқашан олай еткен емес, асылында. Салқын сабырмен, зілмауыр салмақпен айтты. Айтуы міндет сөзді. Жасауға міндетті істі мінсіз атқаратын абадан адам. Нені қалайтынын өзінен өзгелер біле ме, білмесе сұрады ма…

– Жұмысымызға кедергі жасайды. Эстетикалық тұрғыдан да көзге оғаш… Он жыл қатарынан қалашығымыз бойынша ең үлгілі мекемеміз, соны ұмытпаңыздар, әріптестер.

Әріптерді әдемілеп жазуды ұнатыппын, ескіні електен өткізіп отырсам. Дүниенің  жарық екенін байқап, ең әуелі ұмтылғаным әсемдік екен-ау. Әсемдікте – жаныңды қытықтайтын, ойыңмен айтысатын күш. Жан, ой… Тәнімді асырау үшін дизайнерліктен басқа оқуға түскенім тоқсаан… нешінші жылы еді?..

Отыз үшінші. Дүниенің жалған екенін ұғынғаннан бастап галстугымда «отыз үш» деген нөмір тұрғандай елестеп, сол мазасыздық ауық-ауық түсіме шақырусыз кіретін. Бәрі қаз-қалпына түскенде қорқынышты түстер де күйбеңіме қайта оралды. Конторамыздың сұр қабырғалары ол арудың бейнесіне кенезесі кебе шөлдеген шақта. Қалыпқа құйғандай, сан жылдық сүрлеу соқпаққа тағы ергендей ме еді?! Сол күні келмегенінде…

…Мұрағат кабинетінде сан мен шаңға бөгіп отырғанмын. Жүрегім қалыпты жұмыс режимінде. Жанары жарқырай, бәлішінің буы бұрқырай кіріп келді. Спорттық киімінің капюшонын да ысырмапты. Кроссовкиі Күлшеқыздікіндей аяғына шақ.

– Сәлеметсіз бе! Ыстық…

– Түүшш! – Орнымнан серпіле тұрдым. Есалаңдай ыржалаңдай бергенім қызық.

– ??

– …

Ұяң көз. Әлде… жалынды жанар ма? Бұл қарашықтан қандай Жазуды оқыдым!? Таңбалардың кілтін тапқаным рас па?! Аласұрды ішім!..

– Ыстық бәлі-і-іш, ысты-ы-ық ша-а-ай! Ысты-ы-ық бәлі-і-іш, ысты-ы-ық ша-а-ай!

Менің көтергенім – қорап толы бәліш, оның ұстағаны термос. Екеуіміз контораның дәлізін азан-қазан қылып алшайта адымдап бара жаттық. Елдікі – үрей аралас таңданыс. Принтерден қағаз шығарып жатқан әріптесім де аңтарылып қалыпты. Неге екенін, бүгін галстугын тақпай келген екен – аңдағаным.

– Ыстық шай ішіңіз. «Болса да, бәліш жемейді.»

Оның атына жазған соңғы өтінішімді үстелінің үстіне қойып жатып айтқаным. Екі езуімнің екі құлағыма жеткеніне жатырқай қарап қалған. Ә жоқ, жаңылысыппын. Ашық тұрған есіктен дәлізге қарап отыр. Еденде шашылып жатқан сұп-суық парақтарға… Өзінің сан жылдан бері оқталып, жасай алмаған әлдебір ісі есіне түсті ме екен… Терең ризашылықпен күрсіне жымиды да, еріншек қаламын қағазға сүйкеді. Себебін сұрамауға асықты. Шешім қабылдауға асықты. Мені жанарымдағы өзгерістерді аңдай алатындай дәргейде танитынына қуанғаным ақиқат.

Сол күні ашық аспанды алғаш рет көрдім. Тұңғыш рет терезеден телмірмей, шуағын төккен Күнге де кеудемді таза ауаға толтыра тыныстап тұрып көз тоқтатқаным. …Көзіндегі жазуды жаттап алу үшін анықтап қарадым да, қораптан бір бәліш алып, қараңғы түнде қала сыртына қарай асықпай адымдап бара жаттым…

Тротуардағы таныстық

(басқа екеу туралы әңгіме)

Жолындағы кей шалшықтан аттап, кейбірінен оркиікше секіріп өтеді. Жұмысына бара жатыр. Талтүсте дәл төбеге шыққан шуақты күн жер-даланы алапес еткен. Көктем атты жаңа заман қыстың жасаған қылмыстарының қарға көмген айғақтарын тауып, ел-жұртқа жариялап әлек, қыс та оңайлықпен беріспей қармен жауып әуре.

Шалшықтарға табанымен жанасудан қашатын себебі – қыры ыждаһатпен салынған шалбарының қамын жейді. Және жалтыратып майланған калошының…

Жылдағы жол – сол жол. Еріген қар суының жиналып қалатын орындары да өзгермейді, тек жылдан-жылға үлкейе түседі. Күндегі жол – сол жол. Дым жаңалық жоқ. Басқа бағытпен жылдамырақ жетуді ойына алған емес. Өзгерістің қажеті қанша, қажет болса пайдасы бар ма?!..

Таңертеңгі жолы – сол жол. Әй,.. тек бұның алдында біреу жүріп барады. Ер адам. Бұрын-соңды ұшыратпаған кісісі. Көзінің өткір көретініне, әсіресе жіті қырағылығына селкеусіз сенгендіктен солай ойлады.

Бейтаныс болғандығы үшін де оған зейін салу бұған қызық істей сезілді. Сырықтай ұзын, жеке қабырға сүйектей жұқа екен. Үстіндегісі пальтоға ұқсайды – етегі ұзын қара киім. Адымы үлкен, жүрісі ширақ болса керек – жеткізер емес. Жетуге неге асыққанының мәнін өзі де толық ұғынбады. Әлде оның жүзінен жылу аңдап, бір сәт көңілінің көсегесі көгере қоятынынан дәмеленді ме. Ауық-ауық өйткен көңілі құрысын дегендей ойлар миын шабақтайды.

Көңілі мен санасы арпалыса анаған қатарласты-ау, әйтеуір. Әуелі оның басындағы әдемі шляпаға көзі түсті.

Бұл қасына қатарласқан жас жігітті байқады. Әлденеге ыржалаңдай мәз болған біреу. Көзі шырадай жанып-ақ тұр.

«Күн тамаша, ә?» деген сөзімен бұны жадында тартпаларға салынбай шашырап жатқан пайымдауларынан бөліп жіберген адамға қасын кере қарады. «Амандық-саулық жоқ, бас-көз жоқ… мынау қайдан түскен Есрәпіл?!», – деп іштей ғана айтты да, табан жолынан өзгеге назарын бұрмай жүре берген. Кенет анау тағы өзінің әңгімесімен киіп кетті.

– Аспа-ан ша-айдай ашық. Қыстың аязының беті қайтқа-ан. Неге тамаша болмасын!

Бұл анаған тағы қарады. Көзін жұмыңқырай, танауымен ауа біткенді өкпесіне жинап алатын адамша кең тыныстап келеді екен.

Одан соң «Мен де осы әумесер өмір сүріп жүрген әлемдемін бе?!» дегенге саятын сауалға жауап алу үшін жан-жағына қарады. Төбеде – шақырайған Күн. Төменде – лайсаң Жер. Ауада – «сенбіліктерден» хабар беретін көк түтін. Мырс етті(!) Жоқ, … «пырс» па, «бырс-с» па, әйтеуір ерні мен мұрнынан осыған жуықтау бір дыбыс шығып кетті.

Табан жолынан көзін алмай жылдам адымдады. Кідірген де емес-тін. Тек ойы бөліне берген.

– Махаббаттың мезгілі ғой, шіркін!

Анау әлі қалмай қатарласып келеді екен (!)

«Айналайын, қарағым, сөйлесуге зауқым жоқ! Жайыңа баршы!» дей жаздады да, бөгеліп қалды. Өйткені таныды! Оның жайнаған жанарын көріп, базбір өткен дәурендегі өзін таныды.

«Махаббат бар ма өзі?.. Жүрегіңде отырып алып сайраған бұлбұл сағымға айналғанда көрер ме еді сені!»

– Қандай махаббат? – деп бұл алғаш рет тіл қатты. Өзге түгіл өзінің құлағына оғаш естілетін осындай сұрақ қойыпты. «Сезім» түсінігіне деген қатқыл көзқарасын барынша жұмсартып жеткізген түрі.

– Жігіттің қызға, қыздың жігітке асық болуы. Махаббат ұғымының ауқымы кең ғой… – Шабыттана сөйлеп келеді. Бірақ бұның көзіне қарамайды. Оның назары бағытталған дүниені таппақ болды – бұлыңғыр.  – Ананың баласына деген риясыз махаббаты. Әкелік сезім. Перзенттік көңіл. Достық ықылас. Жалпы адамның адамды жақсы көруі. Ит пен иесінің арасындағы… Көп қой! Керек десеңіз, анау тұрған терекке деген пейіл. Мына тасқа деген жылылық! Құдайдың күллі жаратылысын сүю! Күллі жаратылысты.., – деп қайталай түсті, өзінің жайылған бос алақанына қарап.

Тыңдаушының аузы ашылып қалды. «Мынауың көсілейін деді-ей! Ха-ха-ха!.. Шүйіркелесетін жан кезікпей жүрген бәле ме өзі?!»

Аяғының астына қараған күйі жүрісін жылдамдата түсті. «Құдай дейді-ей! Хы!..»

Анау да жаяу жарыста бір елі қалысатын емес. Еліріп алған ба, қайта.

– Біз, адамдар, неге жануарларды өзімізден төмен санаймыз, осы?! Мейлі, олардың санасы жоқ болсын. Әйткенмен жандары бар ғой! Яғни сезім бар… Жапырақтың да…

Мынау тоқтай қалып, анаған жалт бұрылды. Бүкіл денесімен. Бұдан әріге шыдай алмады. Оны бастан-аяқ көзімен шолып өтті. Аңдамапты екен (!) Жүрісі, сөзі, енді сықпыты да шошытты. Не кәлласынан, не тағдырынан оңбай соққы көрген бейбақ деп түйді. Солайша тезірек қашуға ұйғарғанында, ойын жүзеге асырудың амалын да тапты.

– ЦОН-ға барамын, – деді де, жолдың бойындағы ғимаратқа шапшаң беттеді. Арқа жағынан шыққан «Мен күте тұрам!» деген сөзді естіді, есікті ашып жатып.

Қасақана біршама бөгелген соң тысқа шықса – анау көрінбейді. Тек бұл келгенде аулада жүрген күзетші темекі шегіп тұр.

– Кешіріңіз, жаңа осында … менің жанымдағы жігіт кетіп қалған ба? – деп сұрады, қуанышына әбден сенімді болғысы келіп.

– Кім? Қандай жігіт? – Күзетшінің бет-әлпетінен таңырқау анық білінді.

– Қасымдағы. Маған ерген.

– Жалғыз келдіңіз ғой!

– ???.. Жалғыз? Жалғыз. Жалғыз…

Басына – шляпа, үстіне – пальто, аяғына резеңке етіктің сыртынан калош киген, еңкейіп алып ебедейсіз қимылдаған, мұрнының астынан әлденелерді күбірлеген бұл адам әу баста-ақ күзетшінің көзіне қораш көрініп еді…

Цитрамон

(студент туралы әңгіме)

Самай тұсының солқылдай бастағанын сезді беті қолын жуып жатып. Сарылдай аққан суды алақандары тосып алған. Ауасын бұзып жарып өтпей, қайта еппен ығыстыра жатын бөлмеге енді. Жиһаз атаулыдан ада жай.

– Басым ауырып тұр, – деді жер төсекте керіліп-созылған інісіне қарата, сұрға айналған ақ сүлгіге сүртініп тұрып. –  Дәрі ішсем бе екен?! «Цитрамонның» екі таблеткасынан кейін бірден басылушы еді.

Репетінен-ақ риторикалық сұрау еді, бірақ…

– Антибиотикке жаман үйренбесейші. Дәрігерге қаралсаңшы одан да. Ааа… һұұм. –  Анау есінегенінде аузы апандай болып, кере қарысқа ашылды. – Білесің бе, ағзамыздағы…

«Бла-бла-бла!» Медакадемияның тәлібі, інісінің бұдан арғы сөзін тыңдамады. Сыңай танытып, құлағының түбінен өткізе берді. Ұққысы жоқ… Мақұлдағандай кейіппен асүйге самбырламай сырғып кетті. «Мен бағдарламашымын, миыма кірмейді ондай нәрсе!..» деп іштей күңкілдеп жүр. Дәрісалғышты қанша қопарыстырса да, таба алмады. Өзіне нақты не қажет екенін сезе ме екен?..

«Бітіп қалған-ау! Қап, енді қайтемін?!.. Жә, бір күн шыдап көрейінші…»

Өздері жалдап тұрып жатқан жұпыны ғана пәтерден тыс кеңістікке шығып, оқу орнына бағыт алды. Көкті қою қорғасын бұлт қабаты қаптапты. Кімдерді екені беймәлім, бір сыбап алды,көліктердің шығарған желін қақалып-шашала жұтып.

Автобустың арқасында қысқаратын ұзақ жолда мойынның үстіндегіге күш салмау ниетімен өріс ойда атының басын қанша тартып ұстаса да, ол шіркін енесінен қалып қойған құлындай ауылдағы үйге, сырқат әкесі мен бейнеттен көз ашпаған өгей анасы тұрып жатқан үйге қарай бұрыла берді…

Зілдей шарды көтеріп университетке де жетті-ау. Айтушының ауызын толтырса да, тыңдаушының миын қайтсе толықтырмас қайсыбір ақылды аңсады ма жолдастарынан, әйтеуір «Басымның ауырып тұрғаны» деген тіліне оралған тіркесті босата салған.

–  Сыра әперсеңдерші мынаған! Бозарып кетіпті, өледі ғой бейшара! – деп біреуі бастап еді, қалғандары қалжыңдарын қатарластыра қалды.

– Ха-ха! Қыртқан екенсіңдер! – Бұрқ етті де, қастарынан жырақтады бұл.

Жай ғана бұның көңілін сергітпек еді олар… Жолдастықтан қандай мағына іздеді сонда?..

«Түймедей нәрсеге сонша тулағаным – қай сасқаным?!» дегендей бір ой келіп таңданды сәл кейінірек. Осылай тұрғанында қатар жүрген құрбысы бұған қоңырау шалып, іздеп жүргенін, астыңғы қабатта күтетінін айтты.

– Сәлеем, жааным!!

– Сәлем. – Оның тарапынан салқындау жауап.

Бетінен өппек еді, ол бұрып әкетті.

– Не болды, ботам? Көңіл күйің жоқ па?

– … – Кінәлаушы жанар.

– Маған өкпелегеннен саумысың?

– Иә!! Өкпелеттің мені!!

– Неге?? Не жаздым?? – Дауысының қатты шығып кеткені сонша, айналасындағылардың назарынан қысылды.

– Негесі несі! Қалай «Неге?»?? – Қиылған қастарының арасындағы жік ерекше көрінді. Еркелегенде сөйтетін. – Тыңдашы мені! Сен маған көңіл бөлмейтін болдың мүлде! – Жазғыруға қол ымы да қосылды. Еркелік наз долы ашуға ұласқандай. – Екеуіміз көңіл көтеру үшін бір жерге қашан соңғы рет бірге бардық? Айтшы!

– Жа… – Ақталуы әзір болмаса да, әйтеуір бірдеңе құрауға ұмтылған.

– Тоқта. Мен айтып алайыншы. Не айтып жаттым… Кешке ылғи мен звондаймын, оның өзінде кейде көтермейсің. Корпуста да сөйлесуге құлқың болмайды. Элементарный нәрселер ғой бәрі!.. Қалай «Неге» деп таңырқайсың?

Ботанікіндей көзінен екі-үш тамшы бірін-бірі итере ытқып-ытқып шықты сол сәтте-ақ.

– Айым, күнім! Жыламашы өтінемін! – Құшағына алды. Өңешінен төмен қарай жалын шарпып өткендей күй кешті де, тағы тіл қатты. Ішек-қарнын ақтарғандай ішіндегісін оның алдына бар қоясымен төңкере салуға бекінді.

– Ренжімеші, жаным!! Сенен қашқақтап жүр деп бұрыс ойламашы! Жақсы көремін ғой сені! Тек…

Дәл осы мезетте сабақтың басталғанын білдіретін әуен ойнады. Әдемі, мойылдай көздегі ашу тарқап, қатқылдау, көкшіл жанарға мейір шуағын шаша жарқырап тұр еді, әлден соң жан-жағына жалтақтай бастады. Оймақ ауыз сөйледі:

– Мына пәннің апайы қатал. Жылдам кіруім керек сабаққа, жаан!

– Сәл кідіре тұршы.

– Келесі үзілісте, жақсыы? Кеттім. – Салалы қолдан жіңішке білек суырылып шығып, аулаққа бара жатты. – Кездескенше!

Еңгезердей еңсесі түсіп кеткеніне өзі де таңырқады. Кейінгі уақытта өз-өзіне таңғалуы тіпті жиі. Бажайласа, босбелбеу әм боркемік болып барады күннен-күнге. Көңілі қуанышта жарқылдап күлмейтіндей, қиындық атаулыны да шыбын құрлы елең етпейтіндей. Есіне өткеннің «Delete-ні» басып өшіріп тастағысы келетін елестері оралды… «Әкең өлсе сен кімге керексің?!» деген кеудеге инедей қадалатын сөз жадында жаңғыра береді әркез. Бұның қисық-қыңыр мінезіне деген сабыры сарқылғанда әкесі мен өгей шешесінің баласы – інісінің аузынан аңдаусызда шыққан еді…

Үйіне қайтып бара жатқанында самайдың солқылына шеке тұсының ауырғаны қосылды. Бассүйегінің ішіндегі ми емес, базбір сұйық күйдегі металдай, жүрісі ауырлағаны. Ауладағы жел сол жақ тұсынан соғып, дәрігердің жазуындай ұғынықсыз шимайы бар бір парақ қағазды тура алдына тастады. Бұл үңіліп үлгеремін дегенінше, құйын желігі басылмайтын жынды балаға ұқсап қағазды жерден көтеріп, алысқа алып кетті. Тура көкке жол тартқандай…

Пәтердің табалдырығын тыстан аттаса, ағасы әп сәтте әзірленетін кеспені соза салақтатып жеп отыр екен. «Ас болсын!» делінді оған. Жауап ретінде – бас изеу. Аузы толған тамақтан босамастай әзір. Ағасы алдындағы ұрттан «быфың» дыбыстар жиынтығын ести сала көз қарашығы үлкейіңкіреген.

– Басың, басың қалай деймін. Жазылды ма? –  Сөздер бағытталған жанның ішінен жылу жүріп өтті. Сөйтті де, орындыққа жайғасып, әңгіме қоржынын ашуға ыңғайланған.

– Қоймай тұр ғой сол!.. Басыңды..! Бұндайы жоқ еді. Қанша бұрыннан ауырса да. Бір жылдай болды ғой бірақ осының мені тауып алғанына. Соңғы айда тіпті жиілетіп кетті, басыңды…

– Тамақ ішесің бе? – Санасы өткеннің алма бағында ма еді, әлде келер-келместің сыңғыр күлкі сағымына беттеді ме, әйтеуір езу тарта жауап берді, назары дастархандағы суретке меңіреу қадалған күйі. Ол. Ал бұл… қос тілі әлі айналып тұрғанымен, маятнигі тоқтап қалған көне қабырға сағаттай сезінді өзін. Қарсы отырған екі көзге қанша талдаса аңдай алмас тұрғыдан қарады – тәрелкесіне төне, сондағы сорпа тамшыларын бетіне секірте қомағайлануда. Шолп-шолп, ұрп-ұрп.

– Жоқ… Барып демалайын. – деді ағасы.

Кілт түрегелгенінде бөлмедегінің бәрі айналып жатқандай болды. Дәріханаға шығып бара жатты да, өзіне берген уәдесі есіне түсе қойды. Әлқисса, керегі дәрі ме еді?!

«Басым-аай!!» Ұзаақ ұйықтағым келіп тұрғандай ма, қалай. Жатсам, ештеңені ойламай…»

«Дәрі ішуім керек пе еді?!» деп тағы бір қойды. «Тәнін сүйретіп өтуге жазған бейбақтармыз ғой, еһ…» деген ойды әлдекім сыбырлады. Таңғалмады… Анасы бұрынғыдай: «Балам-ау, мына заманда дені сау кім бар дейсің… Бауыры бүтін, төрт құбыласы тең кім бар дейсің…» деп, маңдайынан сипап өткен… Есінен ауайын дегені ме, жып-жылы алақанын анық сезінді ғой…

Інісі оятуға келсе, бауырының бір қолы төсегінен төмен қарай бос салбырап жатыр. Мұздай! Қорыққаннан жүрегі шортандай шоршып түсті, содан соң соқпай қалғандай. Есін дереу жиып ала ағасының тамырын ұстап көрді. Кеудесін тыңдаса да – дыбыс жоқ! Оның басымен өзінің көкірегін жаншуға тырысқандай құшағына қатты қыса еңіреп қоя берді… Ағасының құлағынан қан ағыпты, жанарының қып-қызыл капиллярлары білеуленгені сонша, әлі қайтпапты.

Добавить комментарий