Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы
Бақберген ДАРИҒА,
Павлодар облысы, Ертіс ауданы.
Таяқ
(әңгіме)
– Мен ән’ал Хақпын!, – осылай осқыра айтып кеудесін кере түрегелген Мансұрды топтасқан тобыр келді де дар ағашына қарай сүйрей жөнелді…
***
Шымкенттен Түркістан бағытына зырлап келе жатқан арғымақ автокөліктің алдында отырған бозбала бес күннен бері дәстүрлі көріп келген түсін есінен шығара алмай-ақ қойды. Бүгінгісі мүлде басқа. Шырамытты ма, шынымен келді ме, Ясауи таяғымен (тура төрінде тұрған таяқ) төбесінен түртті де «Оян!» деді. Селк етіп оянған сергек жігіттің көзі ілінбеген. Археолог болып жұмысқа кіргеніне көп болмаса да толағай табысқа жетіп үлгерген жас жігіттің ежелгі Яссы шаһарына зерттеу жүргізіп келгеніне бір апта да болмаған. Сондағы таяқ, Ясауидің таяғы деп дәлелденген күміс шашақты, жезбен зерленген сырлы дүние. Апарған күнінен тыныш ұйқы жоқ маза кеткен. Бір байдың жертөлесінде жалғыз тұратын жас маманға бастабында бұл бұлдырлау түс сияқты көрінгенімен келе-келе өңі екенін ажырата бастағанда барып қорқайын деді. Әйтсе де еркінен тыс бір тылсым білмекке, көрмекке итермелейді де тұрады. Таяқпен бірге қонған бес түнде басынан жиырма бес жылда өтпеген сұмдық жағдайларға кез болды.
Бірінші түн.
Тыныш өткен сияқты еді. Бірақ түс көрген. Түркістан шәрі . Бір адамды қаумалай көтерген қалың адам жанып тұрған отқа лақтырып кеп жіберді. Лаулай жанған жалын батып бара жатқан күндей лапылдап, маздап тұр. Бұл түк те түсінбей қасындағылардан сұрастыра бастады.
– Жалған молда, халықты арбаушы. Сондықтан отқа жақтық. – Үстінен мұздай су құйылғандай қатты да қалды.
– Несі жалған.
– Мен құдайдың сүйіктісімін дейді. Жалған емей немене?!
Сөз таласып жатты. Қамыс жанып бітіп болды деген кезде жаңағы молда шапанының түтін шығып тұрған кішкене етегін қаққыштап:
– Өткенде бір мысық жатып еді, бұтына ие бола алмайтын найсап екен-ау,- деп жаймен аяңдап келе жатты. Ел бетімен жер басқанын біліп құлағына дейін жаңағы өртке өздері түскендей қызарды.
– Сіз шынымен сүйіктісіз, молдеке.
– Сіз құдайды тапқан адам екенсіз, молдеке.
Шошып оянды. Жоқ оянбады. Бергі дүниеге қайта қайтты. Ештеңеге тәбеті болмай елегізіп орынынан тұрды да мешітке бармақшы болды (Аруаққа құран бағыштатып қоймақ). Жолшыбай газет сатып тұрған салп ерін келіншектен қолына ұстай кеткен төрт бес беттік газеттің бетін ашар-ашпастан бірінші беттегі «Мешіттің найб иманы қарғадай қызды зорлаған» деген тақырыбын көрді де терезеден лақтырып жіберіп, таксисті үйіне қарай қайта бұрғызды. Сол күні түгел дөңбекшумен, тек дөңбекшумен жатты даладай жертөлесінде.
Екінші түн.
Тағыда түс көргендей болды. Түркістан шәрі. Тағы да шулаған адамдар. Келеді, келмейді деп дауласып жатыр. Қасындағы түрі онша таныс емес бір ер адам тәптіштеп әлек. Бұл бір аптаның алдында болған оқиға. Мына кепілдікте тұрған қарияның кепіл берген адамы «Мал ашуы – жан ашуы» деп бір түйе үшін, анау тұрған қара түнектің әкесін жазым еткен болатын. Сол күні оны дарға аспақшы болғанда. Кісі өлтіруші соңғы рет өтініп үйінде әкесінен аманатқа қалған алмас қылышы бар екені, еркектен еркекке мұра боп келе жатқан. Ол қылышты ешкім білмейтін тек өзіне ғана мәлім бір жерге жасырып қойыпты. Әкемнен қалған көз еді, бес жасар балама аманаттап қайтайын деп бір аптаға рұқсат алған. Бүгін соңғы күн. Мына қария сол адамға кепіл болған. Ақыр келмеген соң осы қарияның өзін дарға аспақшымыз.
– Арқанды тартыңдар!
Дәл сол кезде алыстан шаң көрінді. Әлгі жігіт екен ат өксітіп шапқылап келеді. Келісімен дардағы қарияны түсіріп, өзі орынына тұрды. Таңданысқан халық сұрақ сұрай бастады.
Би:
– Сенің бір жұма ішінде Алтайдың ар жағына болса да қашып кетуге мүмкіндігің бар еді ғой неге қашпадың?
– Маған сеніп жібергенде қашып кетсем, адамдар арасында сенімнің не парқы қалар деп қайта оралдым.
– Ей, қария сен мүлдем танымайтын адамға неге кепіл болдың, мұның келетініне сонша сенген себебің не?
– Мен кепілдік бермесем, адамдар арасында бір-біріне берген уәдесінің құны жойылып кетер еді. Бір-ақ ауыз сөз жеткілікті еді. Мен қайтып келемін деген. Соған сендім. Бұл уақта ханның құлағына жетіп үлгерген екен.
Хан болған жағдайды ұғысып:
– Мұндай уәдеге мығым халқым барда мен де, біздің ұлтымыз да мәңгі жасай бермек. Екі арқа алтын әкеліңдер. Екеуіне арқалатып жіберіңдер әрі құнын өзім төлеймін, өлген адамның, – дейді. Сонда кепіл болған қария:
– Адамдықтың құны ешқашан ақшамен өлшенбеуі тиіс. Жетім-жесірлерге таратып бер, – деді де таяғын қолтығына қыстырып жүре берді.
Басы мең-зең. Өң мен түстің арасында жүргендей. Ұйқысы кеп тұрса да бауырларының шаруасымен Университетке аттанды. Осында ақылы бөлімге оқуға түскен бауырларының ақшасын төлеуі керек. Күнде көретіні қаққан қазықтай тіп-тік жүретін тапалтақ қара мен шалбарының ауыздығымен алысып әжетханаға тартып бара жататын сұраубелгі профессор. Қыркүйекте өтеді деп берген уәдесінен маусымның ортасынан ауды күнде ертеңмен күн өткізіп келеді. Бүгін де солай. Ауыздықпен алысып әжетханадан шыққан бастықты аңдып тұрып тілдесіп еді. «Мен ештеңе білмеймін. Менен сұрамаңыздан» басқа ештеңе айтпады. Күздің басында сұраған ақшасын қарыздап тауып беріп, грантқа өткізіп алу керек еді деп ойлап, қолды бір сілтеді де басы салбырап жертөреге қайтты. Тағы да дөңбекшу. Таяққа қарап қояды. Кейде жан бітіп сөйлеп кетердей.
Үшінші түн.
Жайлауда жүр. Жаралы жылқыға бәрі үймелеген. Атасы аңыз қып айтып отырар ақбақай айғыры өздерінің. Шаптан таланған, құлағы жұлынған. Қамшылар жақ санының жұдырықтай еті сыдырылып түсіп тұр. Таудағы үйірді айдап келген де шыңғыра бір кісінеп жіберіп құлап түскен. Не болғанын біліп келмекке кеткен ауыл жігіттері екі арлан бөріні өңгеріп қайтыпты. Ақбақай айғыр үш күн, үш түн арпалысып үйірін он екі аш қасқырдан аман алып қалған екен. Айғырдың көзінен мөлт етіп төгіліп түскен жасты көріп атасы «Арманың жоқ-ау арғымағым-ай» – деп басын құшақтап жылап отырып оянып кетті. Дұрысы оятты. Есіктің қатты қағылғаны сонша таяқ орынына барып әрең үлгерді. Бұл бейсана күйде есікке беттеді.
– Бас жазарың бар ма?! – Алқаш ағай. Жұрттың бәрі солай деп жүрген соң бұл да солай атап кеткен.
– Ағай, таң атпай қайдан жүрсіз?
– Мен үшін енді таң атпақ емес. Тек күн ғана батады.
– Кейде мен де сіздей болуды армандаймын. Мұңсыз ғұмыр кешкенге не жетсін?!
Алқаш ағай жайлы көп естіген. Кезінде ауқатты болған. Кейін ойынға салынып үйін сатып, бала-шағасынан безіп кетіпті дейтін-ді. Әлде бала-шағасы бұдан безген. Сол күні бас жазудан басталып ары қарай шер тарқасумен өтті.
Кешке қарай төрдегі таяққа көзі түскен Алқаш ағай талақ түскен аттай алды-артына қарамай зытты да кетті.
(Екі-үш күннен кейін көршілерден естіді. Алқаш ағай ақ қайыңға асылып өліпті)
Төртінші түн.
Бұл түнді өзі де еске алғысы келмейді.
Бесінші түн.
Төрдегі тұрған таяқты ұстаған бір адамның артынан еріп келеді, еріп келеді. Артына қарайтын емес. Тіпті адам барын да аңғармайтын сияқты. Күбірлеп бірдеңе айта ма, қалай?!
– Құдай кеудеңде. Құдай кеудеңде.
Қабір басына келді екеуі. Жас қабірді үн-түнсіз қаза бастады. Ақтарып ақ матаға оранған мәйітті алып шықты да, матасын шешіп алды. Теріс қарап жатыр, таныс тұлға. Астапыралла дәл бұның өзі ғой. Кешегі түні көрген түсінде өз көрін өзі қазып көміп кеткен. Бүгін міне, ақсақал қазып шығарып алды.
– Көр – кеудеңде. Тозақ – кеудеңде. Жұмақ – кеудеңде. Құдай -кеудеңде.
Бастан бір түртті. Оянуың керек, ұлым. Оян!
Есін жиса, төсегінде жатыр. Таяқ аздап шаң басқан орынында тұр. Зәресі ұшқан қалпы Кесенені бетке алып жолға шыққан. Таяқты да ұмытпады. Алған орынына көмбекші (Осылай жалғаса берсе, бұл мүлдем төзе алмас). Таксиге келіп отырарда алпамсадай қос жігіттің қатынша салысып бір-бірінің шешесінен қайырысып жатқанын көріп, көңілі қатты құлазыды. Міне қасында отырған аппақ сақалды шал да үйіндегі келінімен болған әмпәй-жәмпәйін әңгіме қылып келеді. Соңғы орындықта отырған жас әйел телефонмен бастықтан көрген теперішін айтып келеді құрбысына. Ол таяғын құшағына қысқан қалпы қалшылдап отыр.
– Құдайсызданып барамыз.
Радио ма әлде жаңғырық па, дәл осы дыбыс құлағында сарнап тұрды біразға шейін.
Автобекетке жетпей жолдан түсіп қалып, кесенеге тура тартқан археолог жігіт кесенені құшақтап жылап жатты. Бұл кезде қып-қызыл жалынға бөленген күн бейне тозақ отындай жер қойнауына сіңбей біраз тұрып қалған еді.
***
Мойынына жыландай оралған сұп-суық арқанға тәні мұздаудың орынына жылып тұрып, көзі емес көкірегі қарс айырылып жылап тұрып Халлаж Мансұр былай деді: Е, Жаратқан, мынау жүрегіндегі өз құдайларынан өздері адасып жүрген ессіз елімді кеше көр!
Мансұрдың ақырғы сөзін құзарт шыңдар іліп алып ғасырлар қойнауында жаңғырықтырып жатты.