Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы

Ғылымнұр КӘДІРБАЙ,

Астана қаласы.

«Аспан» кафесіндегі кездесу

(әңгіме)

Бейнеқоңырауды көтергенімде Толғанай күлімдеп қарап тұр екен. Жүзінде ұйыған қуаныш, жанары мөп-мөлдір.

– Қарашы, бүгін сыртқа шықтым, – деп телефон камерасын кері бұрды, –  Жаңбыр жаңа ғана жауып басылған. Алатауды бұлт бүркеп тұрғаны болмаса, Алматының ауа-райы сондай таза, жанға жайлы. Көктің иісі аңқыған дала бала кезімде жайлауға көшкенімізді есіме салды.

Толғанай жол жиегіндегі жаңбырға малшынған гүлдер мен шөптерге камерасын таяу ұстап, көрсетіп келеді. Қауашағына тамшы тұнған қанық күлгін түсті гүлге келгенде сәл аял қылды.

– Мына гүл уқорғасынға ұқсайды екен. Аға-жеңгем ренжісіп қалып, жеңгемнің уқорғасын жеп өлмек болғаны ойыма түсіп кетті, – деді Толғанай салқын ғана.

Мен ол гүлді қары кеткен бөктерге алдымен шығатын құртқашашқа ұқсаттым. Көктемнің алғашқы гүлін үзіп алып әпкеме әкеліп беретінбіз. Қызылқурай, қасқыржем, шолпаншаш, жабайы сұлы секілді өзіме таныс өсімдіктерді көрген сайын санамда өткен күннің естеліктері тіріліп келе жатты…

Толғанай камераны өзіне бұрды. Көзіне тесіліп қараймын. Осы елжіреген жанарды қашан, қайдан көрдім? Өмірімде болғаны анық. Мен Алматының жаңбырдан кейінгі салқын ауасымен тыныстап тұрғандай, Толғанаймен қолдасып дым топырақты дыбыссыз басып бара жатқандай күйге бөлендім…

***

Саттарханов даңғылынан таксиге отырып, Қожанов пен Мүсірепов көшелерінің қиылысындағы «Аспан» кафесіне келдім. Адам андыз екен. Сары шашты даяшы қыз иіліп қарсы алып, оңаша кабинетке бастады. Ас мәзірін ашпастан кәуап пен салқын сыраға тапсырыс бердім. Мамыр айы жаңа туса да Түркістан шыжып тұр. Ыстық ішіме түсіп кеткендей өртеніп барам. Арқаны кеңге салып, ың-шыңсыз кафеде жалғыз сыра ішудің өзі бақыт. Желдеткіштің төбеден төккен суық ауасы бойымды бірден сергітті. Манағы сары шашты қыз қосқан болуы керек, шығыстың жеңіл сазды, жүрек шымырлатар күйі естілді. Баяу тербелген мұңды ырғақ тереңіне тартып барады. Көз алдымнан күміс қанат көбелектер керуені шұбырып өтіп жатыр. Қанаттарын қаққан сайын неше алуан сағым ойнап, бір-бірімен тоғысқанда доғалданып кемпірқосақ жасайды. Көгілдір қанат көбелектің бірі маған қарай ұшып, кірпігімнің ұшына таяғанда жанарын анық көрдім. Шарайна секілді тұп-тұнық әлемде бір сұлу қыз жетіген шалып отыр. Сүмбіл шашын төбесіне түйген. Құлағында жалт-жұлт еткен күміс сырға. Тал бойына құп жарасқан жібек көйлегіне сансыз көбелек кестеленіпті. Дидарынан нұр төгіліп, жетіген бетінен көз алмайды. Сүйір саусақтары ішек үстінде құрша жорғалайды… Қордың қызы осындай-ақ болатын шығар?!

Тық, тық, тық…

Есік қағып даяшы қыз кіргенде күміс қанат көбелектер қабырғаларға сіңіп ғайып болды. Қыздың тартқан күйі құлағымда жаңғырып, жұқа мұнардай қалқып қала берді…

Суық сыра таңдайымды жарып өткенде барып ес жиғандай болдым. Әлде бір ауыр сезім өне-бойымды дел-сал қылып, шекем жер тартып тұр.

Есік тағы қағылды да іле айқара ашылды. Шүңірек көз, құс тұмсық, қайыстай қара жігіт маған тесіле бір қарап қарсыма келіп жайғасты. Иығында қоржын, жетегінде ілмиген сабалақ жүнді иті бар. Уақсыз-уақта кафеге ит жетелеп кірген бейсауат қонаққа тыжырына қарағаным болмаса сыр алдырмай соңын күттім. Ол тіс жармай отыра берген соң шыдамым сарқылып:

– Адасып кіріп алмадыңыз ба? – дедім даусымды нығыздап.

– Жоқ, мен қателескен емеспін, – деді ол. Үні тарғылданып естілді.

– Жайша жүрсіз бе?

– Сен мені шақырдың.

– Мүмкін, басқа біреумен шатастырып тұрған шығарсың, – дедім сенге көшіп.

– Бізде жаңылу деген атымен болмайды.

– Қашан шақырғаным есіме түспей тұрғаны, – деп алақанымды жайып, иығымды қиқаң еткіздім.

– Тура қазір. Қор қызындай сұлуды көргің келгенін жасырмайтын шығарсың? – деп алдыма бір жапырқақ сурет қойды.

Суретті қолыма алып қайран қалдым. Жаңағы күй тартып отырған бойжеткен. Ғайыптан пайда болған жұмбақ адамның көзіне аңтарыла қарадым. Бойымды аздап үрей билегенін де жасыра алмадым.

– Біз осы сәтті көп күттік! – деді да кәуаптан бір түйір ет алып артында жатқан итіне тастады.

Бажайлап қарасам, мен ит деп отырған мақұлықтың бітімі итке келіңкіремейді екен. Тік құлақ, күзен бел, шолақ құйрық, жотасы теңбіл-теңбіл хайуанды өзім аңыздан ғана естіген қорқауға ұқсаттым.

– Не керек саған? – дедім меселім қайтқандай тұқырып.

– Сенің көмегің.

– Түсінсем бұйырмасын.

– Бұл саған да мол табыс әкеледі. Аз уақыттың ішінде қырғын байлыққа кенелесің.

– Сонда не істе демексің?

– Адамдар мен біздің ортада құпия агент боласың.

– Сосын?

– Адамдардың өткен өмірін саудалаймыз.

– Ақылыңнан алжасыпсың.

Мына адамнан тезірек құтылғым келіп даяшыны шақырдым.

– Әуре болма. Олар естімейді, – деді ол еш саспастан, – Байбалам салмай қалай жұмыс істейтінімізді сұрасаңшы.

– Керек емес.

– Сенің бұл дүниеден өткен ата-бабаңның өмірі кірпігін қаққан сайын сүгірет болып жазылып қалған. Оның бәрі бізде сақтаулы.

Бойым мұздап, жақ аша алмай қалдым.

– Аталарыңның кешкен өмірін көргің келе ме? – деді жауабымды күтпестен. – Балапан деген батырды танисың ба?

– Менің тоғызыншы атам ба? – дедім демім сығылып.

– Дәл өзі. Ол жайлы не білесің?

– Ештеңе.

– Есіңе түсіріп көр.

– Атам асқан батыр болғанын, шала өлген адамды қорқау жегелі жатқан жерінен құтқарып қалғанын айтатын.

– Біледі екенсің ғой. Ендеше мынаны көріп шық, – деп маған қарай қалың фотоальбомды жылжытты.

Саусағым дірілдеп, жасқаншақтап аштым.

Бірінші сурет: аспанды қара бұлт құрсап, жауын шелектеп құйып тұрған сәт. Күміс ердің қасы, аттың құлағы, тізгін ұстаған жуан саусақтар, білезікке ілген бүлдірге мен көз ұшында бұлдырап қалың күмбез көрінеді.

Екінші сурет: топсасы сынып бір жағына қисайған ағаш есік. Есіктен төгілген көгілдір жарық. Аспанның бір шетінде қалған шағырмақ бұлт ыдырап, көшіп барады. Есік көзіне байланған қос ат құлақтарын қайшылап, жер тарпып тұр.

Үшінші сурет: жаңа үйілген жас қабырдың бүйірінен бір мақұлықтың артқы екі сирағы мен шашылып жатқан топырақ көрінеді.

Төртінші сурет: кернейдей қуысқа тыққан білек әлде нені қарпып ұстағандай жиырылып тұр. Сол қолда жүзі жалаңдаған селебе.

Бесінші сурет: қан-жоса болған қорқаудың өлі денесі.

Алтыншы сурет: жыртылған кебін, көзі шарасынан шығып, бүрісіп отырған жалаңаш адам.

Альбомды бұдан ары парақтай алмадым. Жұмбақ қонаққа қарадым. Менің не сұрамақ екенімді сезсе керек ойымды іліп әкетті.

– Бұл – өзің білетін Балапан атаң. Осыдан екі ғасыр ілгері әулие анасының басына тәу етіп, Қызылжардан Тоқта-Барлыққа қарай күн шығысты бетке алып қайтады. Жол-жөнекей қатты нөсерге ұрынып, көп бейіттің біріне келіп қорғалап жатқанда сен көріп шыққан суреттегі жағдай болады. Менің қорқауым таңертең жерленген адамның көзін ойып алмақ болып, қабір қазып жатқан. Сол кезде көрдегі адам қатты шыңғырады. Сары аурумен булығып шала өлген оның дертін дымқыл топырақ тартып, көртышқанның іннен кірген ауамен тыныстап, ес жиып отырыпты. Мұндай жайды көп көрген қорқауым елемей қаза береді. Ал адамның шыңғырған дауысы Балапан атаңның да құлағына жетеді. Баспалап келген ол ақымның аузынан қорқауымды суырып алып, пышақтап өлтірді. Содан бері менің сыңары жазым болған қорқауым (ол артына бұрылды) жалғыз жұмыс атқарып келеді. Өлген адам өте көп. Әбден қалжырап бітті…

Мен оның артында жатқан мақұлықтың суреттегі қан-жоса болған қорқаудан айырғысыз ұқсас екенін байқадым.

– Келіссең қорқауымның орнын басып қызмет атқарасың. Бір-екі жылдың ішінде әлемдегі ең бай адамға айналасың.

– Сонда өлген адамның көзін оям ба? – дедім қалтырап.

– Жоқ, айттым ғой, құпия агент боласың.

– Мен адамдарды қалай сендірем? Өздері танымаған, білмеген суреттегі бейнені мынау сенің пәленше атаң еді деу нақұрыстық қой.

– Бұл уәжің орынды. Мен саған айтпаған екем ғой. Қазір бәрін түсінесің. Айтшы, өзіңнің өткен өміріңді көргің келе ме?

– Тәйт! – дедім айғайлап, – Өткенімді көрем деп соқыр болғым келмейді.

– Көзіңді оюдың керегі жоқ, – деді қара жігіт түк саспай, – мына айнаға қас қақпай жарты минут қарасаң болды, – деп қалтасынан арқардың мүйізіне орнатқан алақандай айна алып шықты.

Айтқанына көніп, бәрін айнытпай орындадым.

Көп кешікпей алдыма қоржынынан алып фотоальбом тастады.

Бірінші сурет: жаңбыр айғыздаған терезе. Сырттағы иірілген көлшікте қанатын сабалап екі қаз жүр. Терезе бетіне жабысқан кішкене саусақтар өзімдікі екенін түсіндім…

Сол күні апам мен шешем шөшіре түйіп жатқан. Мен төрт жастамын. Жақсы көретін екі қазым есік алдындағы көлшікте қанатымен жер сабап арлы-берлі қаңқылдап ұшады да ақыры көкке көтеріліп кетеді. Дөңнен асып, бұлдырап аспанға сіңіп кеткенше соңынан қарап тұрғанбыз…

Фотоальбомның әр жерін бір ашып, тез-тез қарай бастадым.

Әлдеқашан қайтыс болған аталар, апалар… Мен ұмытып кеткен достарым… Мектептен қайтар жолда ұстап алып үнемі сабап кететін көрші… Көрсем ұялатын жақындарым… Бірінің соңынан бірі тізбектеліп өтіп жатты… Соңына таман көзіне жас толған қыз…

Альбомды тарс еткізіп жаптым да сілейіп қалдым. Ол қыз… Кеңсірігіме өксік тығылды. Өмірде жан баласына айтпаймын деген құпиям еді. Мына бәле қайдан шықты деп алдымдағы бейсауат адамға тістене қарадым.

– Не істейтіңді айтамын. Мені тыңда, – деді ол, – Әуелі қаланың әкіміне бар. Өзіңнің кәсіпкер екеніңді, қаладан Түркістан шаһарын тамашалай алатын мұнара салғың келетінін айт. Саяхатшылардан түскен ақша өзіңде қалады де. Онымен қоса жемсауын жақсылап толтыр. Бізге жер беріп, мұнараны тезірек салғызып берсе болды. Қанша ақша кетсе де мен берем. Ал сен мұнараның басына орнатылатын дүрбінің шынысына мына айнаны қойсаң болды, – деп жаңағы айнаны көрсетті.

– Кешір! – дедім өз-өзіме келе бастағаннан кейін, – Мен сенің ұсынысыңды қабылдай алмаймын.

– Неге? – деп ол маған тесірейе қарады.

– Өткен шағымды есіме алғым келмейді. Жанымның тереңіндегі жұмбақты ашып берсең бүгінгі өмірімді ойран қыласың…

– Жақсы, сені мәжбүрлемеймін, – деді ол жымиып, – Егер менің көмегім керек болып жатса ойыңа алсаң болды қасыңнан табылам…

– Қош бол! – дедім кетуге асығып…

***

Жол бойы менің есіме ештеңе түспеді. Қаланың биік үйлері, тегіс жолдар мен ағылған көліктер өткен өмірімнен хабарсыз. Қызарып батып бара жатқан күнге қарадым… Әне, Ясауи кесенесінің алдында саяхатшылар мініп суретке түсетін түйені иесі жетелеп барады. Жол шетінде шудасы желкілдеп бара жатқан түйені көріп біздің де көп түйеміз болғаны есіме түсті. Көктемде кең қораға қамап қоятынбыз. Оқырды айланып бір-бірін қуып жүретін. Буралар қыста аузынан ақ көбік шашып құтырғанда азуын шынжырлап, әрең ие болушы едік…

Телефоным сайрап қоя берді. Толғанай екен. Бейнеқоңырауды көтергенімде:

– Қарашы, бүгін сыртқа шықтым, жаңбыр жаңа ғана жауып басылған. Алатауды бұлт бүркеп тұрғаны болмаса, Алматының ауа-райы сондай таза, жанға жайлы, – деп әңгімесін бастады…

Менің көкейімде енді не айтатыны сайрап тұр…

Добавить комментарий