Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы
Кәмила БЕЙСЕМБАЙ,
Павлодар қаласы.
«Арманын сатқан адам»
(әңгіме)
Концерт залында адамдар абыр- сабыр. Гу-гу әңгіме. «Қашан шығар екен бұл әнші?» дегендей сөздер естіледі. Тағаты таусылған жұрт жан-жақтан айғайлай бастады:
– Шық сахнаға!
– Күткенімізге 35 минут болды.
– Шығатын түрің бар ма өзі?
– Қазір шықпаса, ақшамызды қайтарыңдар! – дескен адамдар саны артуда. Бұл шу арасында сабырлық танытып, құпия әншіні тыныш қана күтіп отырған бір жан болды. Жүзі қуыршақтай мінсіз, қолаң шашы қос бұрым боп өрілген, өзіне құйып қойғандай жарасымды ақ жағалы сары көйлек пен қара түсті аяқ киім киген кішкентай қыз отыр екен. Жасы 10-ға таман. Оған да мына әншіні көру өте қызық, өзіне-өзі сыймай барады. Күні бұрын билет алып, бүгін әпкесімен ең алдыңғы орынға жайғасыпты. Әпкесі оның соншалықты неге қызыққанына аң-таң. Бірақ сіңілісі үшін келісті, оның үстіне қаланың барлық дерлік бұрышында құпия әншімен плакаттар, афишалар ілулі. Шындығында, қызығушылық өзін де кернеп барады.
Мына толассыз шуды кенеттен өшкен жарық басты. Сол қанаттан асықпай келе жатқан қыздың бейнесі көрінеді. Прожектордан шығатын жарық тек қана сахнадағы адамға бағытталған. Ол жылжыған сайын жарық та онымен бірге ілесіп барады. Алға басқан сайын бейнесі айқындалуда. Сұлбасы құмсағаттай-ақ дерсің. Арқасы тақтайдай тіп-тік, шашы тау бұлағындай төгілген. Үстіндегі көк түсті көйлегі жалт-жұлт жайнап, көздің жауын алады. Аяғында биік өкшелі ақ туфли. Міне, ол сахнаның қақ ортасына жақындады.
Ендігі жұрттың назары осы қызда. Ол басын тік көтеріп, тура қарайды. Отырғандарда үн жоқ. Қыз алдын ала дайындаған сөзін айтуға кірісті. Сәл жымиып, нық, сенімді сөйлейді. Дауысында сыпайылық бар.
– Амансыздар ма?! Кешігіп шыққаным үшін ғафу етіңіздер. Осынша көп адамның талқысына түсемін деп күтпедім. Бұл пиар болса да, мені білмей, түрімді көрмей, барлығыңыз келесіздер деп үш ұйықтасам түсіме кірмейтін еді. Енді өзім туралы айта кетейін. Менің есімім – Зәуреш. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдадым. Жас әншімін. Өзімді танығалы әнге деген махаббатым әрқашан биік. Жүздеген, мыңдаған адамдардың алдында ән айтсам деген арманым бар еді. Бүгін ол орындалмақ. Сіздерге алғашқы әнді орындауға рұқсат етіңіздер.
Әннің минусы қосылды. Кербез қыз стойкада тұрған микрофонды қолымен қысып, дайындалып тұр. Әнші аузын «а» деп ашқаннан-ақ жұрт таңдай қақты. Мұнша таза, тұнық дауыс болар ма?! Бірер минут бұрын шамданған адамдар енді тым-тырыс, тек әуезді әнді тыңдап қапты. Кішкентай қыздың жанары мөлтілдеп, ерекше ықыласпен тыңдайды. Өз көзіне өзі сене алар емес. Сенбесі бар ма, бұл…
Баршаны әнімен елітіп, өзге әлемге жетелеген әнші өзін ұйып тыңдаған жұртқа сахна әдебі бойынша бас иді. Жарық қайта қосылды. Әнді әр нотаға дөп түсіп, таза айтып шыққан Зәурешке сүйсінген жұрттың шапалағы толастар емес. Тіпті өнеріне сүйсініп, бірінен соң бірі орындарынан көтеріле бастады, тыңдарманның тұрып қол шапалақтауы – әртіс үшін асқан бақыт қой. Ал әлгі кішкентай қыздың жанарынан қуаныштың жасы тамады. Осы сәтте әнші екеуі көзбен ұшырасып қалды. Бір-біріне езу тартып, танитын адамдардай бас изесті.
Осының бәрі өңі ме, түсі ме деп қыз түсінбей отыр. Теледидарды жиі қосып, әнші қыздарды көре қалса, экранға телміріп, терең ойға кететін. Жиі-жиі солардың орынана өзін елестетіп, ойша талай асуларға шығатын. Иә, бұл қыз – бала Зәуреш еді, оқырман. Қазір сахнадағы болашақ өзіне қарап, тамсанып отыр. Көзін жұмып, қуанышы қойнына сыймай, шүкір десіп отырған ол, кенет бір түйір жапырақтың бетіне қонғанын сезді. Көзін әлі ашар емес. Енді салқын самал лебі мойнын қытықтап барады. Жел? Жапырақ? Қалай сонда?
Көзін ашып, оң-солына қарады. Алдынан үш бала жүгіріп шықпасы бар ма. Бұлар неге мұнда жүр екен? Арман болған өміріне саяхат жасап келсе, мына балақайлар оны аспаннан, қалықтаған қиялдан жерге түсірді. Үш қозыдай қасына жүгіріп келіп, жармасып, бір нәрсе айтуда. Бұлардың сөздері Зәурешке ұзын қашықтықтан айтылып, алыстап бара жатқан дыбыстай естілді. Ал бейнелері бұлдырап, анық көрінер емес. Айналаның бәрі сондай. «Не боп кетті өзі?», – деді ол басы әбден қатып. Өзі ағаш орындықта отыр екен. Қатты шаршап ұйықтап қалған-ау, сірә. Сондағы түсі кішкентай кездегі өзі мен кезінде армандаған өзі. Қайдан ғана…
Жаңағы балаларға тоқталайық. Сонымен, біреуі 8, екіншісі 11 жастағы қыздар мен 6 жасар ұл бала. Үшеуі де қара торы, арықтау. Бұлар Зәурешке бір нәрсе деп қояр емес. Зәуреш болса, көзін айқара ашып қарап тұр. Бірер минуттан кейін есін жиып, естіді ақыры. Сөйтсе, балалар «мамалап» жамырап тұр екен. Ал олардың алдарындағы әйел-аналары Зәуреш. Қырыққа тақап қалған, шашы алба-жұлба болып түйіле салған, үстінде түсі кетіп, солғын тартқан киімі бар келіншек. Түрі күндегі тұрмыс әбден шаршатқан адамға ұқсайды. Бәрінің қамы бір өзінің мойнында ғой, не дерсің. Екі қолын алға созып, бір қарайды. Жасыл жейдесін тартып, бір қарайды. «Қалай? Қалай ғана бұл менмін?», – деп сұрақтарын жаудырып тұр өзіне.
Ол өткенін асығыс есіне түсіре бастады. Мектеп кезінде көптеген вокалдық жарысқа қатысып, талайларды шаң қаптырып жіберетін. Балалық шағында атағы жер жарған танымал әнші болуды армандады. Бірақ өсе келе, арманы көмескіленіп, осының бәрінен мән көрмей кетті. Ал отбасы мен ұстаздарына ол болашағынан зор үміт күттіретін талантты да талапты еді. Мектептен соң Зәуреш Алматыдағы өнер академиясына түсуге дайындалды. Ақыры ән айта алады екен, ешкім де қарсы емес сияқты, керісінше, қолдап жатыр. Жолында ешқандай кедергі жоқ. Оқуға да қабылданды. Міне керемет. Бірақ қиындықсыз өмір өмір ме?! Қатпар-қатпар жолдары мен мұнар-мұнар таулары кездеседі. Профессордан естіген алғашқы ұрысы өмірден алған соққыдай болды. Музыкалық жағынан сын айтыпты, дауысын өзгерту керекті-мыс, әйтеуір бірсыпыра жұмыс істеу керек екен. Пәлі-ай, өз дауысынан әдемі дауыс жоқ деп ойлаушы еді. Профессордың сөздері жүрегіне түрпідей қадалды. Күндердің бірінде Зәуреш қатты шабыттанып, өз әнін жаздыру туралы ой келеді. Әуенін де, сөздерін өзі келістіріп қойыпты. Қазір көп созбай, бірден әдемі ән жаздырамын деген үмітін арқалап, студияға келді. Бірақ ол жердегі дыбыс жаздыратын ағай бір кілтипан таба беретін болды. Ақыры екеуі сөзге бір келісіп, бір келіспей ән жаздырды. Енді ол әнін барлық жерге шығарғысы келеді. Алайда бұл жағы бәрінен де қиын болып шықты. Біздің кейіпкеріміз оған қолын бір сілтей салды. Уақыт өтіп, Зәуреш алдында қандай бетбұрыстар болса да, солардың жолымен жүре береді. Ол өзінің арманын тіпті ұмытып кетті, оны болар-болмас қиындықтардан аулақ болу үшін сатып кеткен сияқты. Оқуда оған Самат есімді жігіт жолықты. Оқу бітіргеннен кейін әншілік жолды ұмытып, үйіміздің түтінін түтетіп отырасың дейді. Зәуреш бұдан асқан жігіт кездесер ме деп, келіседі. Ол өзі бір түр-сымбаты келіскен, дәулетті отбасынан шыққан, жұмысы да бар ер-азамат еді. Сөйтіп, арада жылдар өтіп, бала-шағалы болады. Бірақ ол шын бақыттың дәмін сезінбеді. Осыншама жылды сарп еткізіп, жастық шағын ерте отбасылы өмірге қиып, балалық арманын сатып кеткені туралы ойлар енді ғана пайда болып, оны уайымсыз, тыныш өмірінен бір қозғап жіберді. Саналы өміріндегі барлық жағдайларды сараптап көрсе, сындарға шыдамай, қиындықтарды еңсермей, өзен ағысымен жүзген қағаз қайықтай жүре беріпті.
Қазір ол балаларға кезек-кезек көз жүгіртіп, ләм-мим демей әлі отыр. Жүзінде қорқыныш пен үрей. Сәл дірілдеп, толқып ішкі дауысы:
– Мен кеше ғана, есімде, кеше ғана, міне, мына үш баланың ішіндегі үлкен қыз сияқты далада ойнап жүрген едім ғой. Мен қазір есімнен адасатын шығармын. Мен кім? Бұлар кім?, – деді. Ішінен енді айғайлап айтып жатыр соңғы сөздерді. Мына жағдайда бар дауысымен шыңғырмастан басқа амал қалмағандай ғаламда. Бұл дауыстан өзі де орнынан атып тұрды. Қасындағы достары да шошып кетті.
– Зәуреш, саған не болған?
– Зәуреш, сен жаман түс көрдің бе? – дейді олар.
Жағдайдың жай-жапсарын енді түсінген ол арқасынан ауыр жүк түскендей «Уһ» деді. Бұл дәл сол жүзі қуыршақтай мінсіз, қолаң шашы қос бұрым боп өрілген, өзіне құйып қойғандай жарасымды ақ жағалы сары көйлек пен қара түсті аяқ киім киген кішкентай қыз. Бұл – Зәуреш. Ойын алаңында достарымен әрі-бері жүгіріп, ойын ойнап, әбден шарған-ау.
15-20 минутқа созылған «тәтті» ұйқы қуанышты да, күйінішті де сезіндірді. Балалық бал шағында өмірлік маңызды сабақ алды десек артық болмас.
Алайда бұл түс емес, нағыз шындық тәрізді. Бірден екі түрлі өмір мен шындықты бастан кешкендей. Бірақ, бәрі артта қалды емес пе? Ол қазір өзінің әлі де он жастағы кішкентай қыз екеніне дән риза. Енді ол өз арманын орындауға күш салатынын біледі. Себебі ағыспен жүру сен қаламаған арналарға әкелуі мүмкін. Ал уақытты кері қайтару мүмкін емес. Өзегіңді өртейтін өкініш – ең жағымсыз сезім. Өз арманыңды орындау үшін көптеген қиындықтарға бетпе-бет келіп, оларды шешуге күш салу керек екен. Болмаса, өз өміріңнің де қорқынышты түске айналмасына кепіл жоқ.