(Романнан үзінді)
Айдалу мерзімі де бітіп қалды. Өскеменнің жандарм басқармасындағы «көлді», «көрінді» деп белгі қойып отыратын таныс чиновник Иманжүсіпке кейінгі бір барғанда:
– Сені ояз бастығы іздеп отыр, – деді.
– Барайын.
Өскеменге алғаш келгенде алдына шақырып жауап алға ұлық қара мұрт, шашын әдемілеп қайырған, дембелше орыс:
– Айдалу уақытың бітуге таяу. Еліңе қайтам десең, жол қаражатыңды, киім-кешегіңді дайында. Бұл жақта біржола қалам десең, тағы өзің біл. Жаз ортасы жақындағанда босайсың.
Осы жақта қалып қойсам деп, толқып жүргені осы арада есінен шығып кетті. – Еліме қайтайын, мырза, рұқсат болса, – деген сөздер аузына қалай түсіп кеткенін өзі де байқамай қалды.
– Пожалуйста.
Иманжүсіп қуанғанынан күле береді. Спасибосын жаудырың жатыр. Жүрегі алып-ұшып, өне бойы дірілдеп кеткен төрізді.
Қорыққан да бір, қуанған да бір деген ғой.
Осыдан бір ай өткенде таныс чиновник шабарманын жіберіп шақыртып алған.
– Босадың, Құтпанов.
Иманжүсіп күліп, басын изеп тағы да спасиболап жатты.
Өскеменде төрт жылдан бері дәмдес, тұздас болып қалған таныстар, достар, құрбылар, құрдастар-орыстар, татарлар, қазақтар жиналып шығарып салды. Тозған киімдерін тастатып екеуіне жаңадан киім кигізді, жеріңе жеткенше деп қоржынның екі басына азық-түлік салып берді.
– Мына бір аздаған ақша, жолда керек болар, қалталарыңа салып алыңдар, – деп орамалға түйіп оны әкелді. Оған Иманжүсіп қорланды да, намыстанды да, бірақ достар ренжитін болған соң, амалсыздан алды.
Үш күн өткенде Бәтима екеуі Алтай тауларынан Ертістің ағынымен ағаш айдайтындардың салына отырып, Семейге тартты.
Бір жұмада жылжып отырып, бұлар Семейге жетті де, сал иесімен қоштасып, екеуі түсіп қалды. Иманжүсіптің иығында екі басы әлі де ортаймаған қоржын, Бәтіш шапанын қарына тастай берген. Бұл қалада Иманжүсіптің тамыр-танысы жоқ. Қайда барарын білмей, біраз тұрып қалды.
Қай заманда болса да қала халқының бас қосатын, бірімен бірінің табысатын жері – базар. Өтіп бара жатқан біреуден балардың жөнін сұрап еді, ол осы көшемен аяңдай берсең, табасың деді де жүріп кетті. Жаңағының сілтеуімен Иманжүсіп пен Бәтима бірінің соңынан бірі аяңдап келеді. Қаланың бірен-саран кездесе қалғандары бұл екі адамның бұл араныкі емесін айтпай-ақ білгендей. Мынадай ми қайнап тұрған ыстықта аяғынан саптама етігін, үстінен күпісін, басынан ескілеу елтірі тымағын тастамайын кім бар. Екеуінің қолында да буыншақ, түйініпек. Соңындағы әйел нар түйенің жанынан қалмайтын бота тәрізді, көрген адам көпке дейін көзін ала алмайды.
Төрт терезесі көшеге қараған ағаш үйдің алдына келгенде Иманжүсіп тоқтады, ұзындығы үш кездей тақтай сәкіге отырып, қоржынын жанына қойды, қалтасынан етектей ақ орамалын алып бетін, мойнын, маңдайын сүртті. Оның жанына жамбастай келіп Бәтіш жайғасқан.
– Түу, мына ыстыққа қарағанда бағанағы салдың үсті салқын самал ұжмақ екен ғой.
– Бес жыл жер айдалуға шыдағанда бір күнгі ыстыққа шыдамағаның ба, – деп Иманжүсіп еңкейіп Бәтиманың бетіне қарады.
– Шыдаймын ғой, жай айтам, – деп Бәтіш күліп жіберді.
Бағанадан бұларды тамашалап соңынан еріп отырған екі жігіт келіп қатарласып, сәлем берді.
– Саламат болыңдар, жігіттер. Осы араныкі шығарсындар. Базар әлі алыс па?
– Алыс емес. Үш-төрт көше қалды. Сіздерді танымадық, аға. Бала күнімізден осы арада өсіп келеміз, бұрын көрмеген адамдарымыз сияқтысыздар.
– Көрмесеңдер көрмеген шығарсыңдар, үлкен шаһарда кімдікім біліп жатыр.
– Қанша үлкен шаһар бұл. Бір шетінен бір шетіне бір-ақ жүгіріп жетеміз.
– Рас айтасыңдар жігіттер. Бұл араныкі емеспіз. Өскемен жағынан келеміз. Жаңа салмен ағып келіп түсіп едік. Базарына барып, қырға қарай жүретін көлік болса, қарастырайық деп едік. Бұл арада тамыр-танысымыз жоқ.
– Қояндыға бармақ екенсіздер ғой.
«Қоянды» дегенде Иманжүсіп жалт қарады, құлағы елең ете қалды. Оның Өскеменнен шығардағы ойы Қояндыны көріп кету болатын. Дүниенің төрт бұрышынан ағылып келген халық осы арада бас қосады деп еститін. Сона- сонау Қырым мән Қытайдан, Үркіт пен Ірбіттен, Омбы мон Ноғаймекалайдан алдына салып мың айдаған, қалтасына салып миллион басқан саудагерлер көледі деген лақап жер жаратын. Ойын-сауық, балуан күрес, ат жарыс онда деп көрген жанның аузының суы құритын. Басы аман күнінде Қояндыға барсам, Теңбілкөкті бөйгеге қоссам деп жүретін Иманжүсіп. Ендігі жылы, оң әрі кеткенде арғы жылы барам дел жүргенде, Шолақ ояздың қақпанына түсіп қалды.
– Дұрыс айтасың, інім, – деді Иманжүсіп. – Қояндыға бет алып бара жатқанымыз рас, Солай қарай жүретін көлік болса, ілесіп кетсек деп…
– Қояндыға қарай жұрт ағылып жатыр. Өзеннің арғы беті қыбырлаған халық, көлік табылады, биенің бір сауымындай да бөгелмейсіз, – деді екі жігіттің бірі. «Айдаған малы жоқ, артқан кездемесі мен былғарысы, қанты мен шайы жоқ, бұл не алғалы барады екен анадай қан базарға деген ой келді оған.
– Ағай, сұрады деп сөкпеңіз, Қояндыға күреске түсуге бара жатқан жоқсыз ба?
– Е, халық қолқалап түс десе, түсерміз. Құдайдың берген қуаты бар, жығылсақ жер көтереді. – Ал, Бәтіш, қозғалайық. Базар алыс емес деп тұр ғой мына жігіттер.
Бәтима бір жұмадан бері бойы балқып, маңдайы жіпсіп шай іше алмай, оның үстіне Семейдің ыстығы мен құмы қажытыңқырап тастап еді. Қабағы кіртиіп, аяғын әзер басады, амалсыздан жүріп келеді. Иманжүсіп артына бұрылып, Бәтіштің жүзіне қарады. Аяп кетті. Бар қолынан келгені «шапаныңды маған берші» деп, етегі жерге сүйретіле бастаған шапанды алды да, қоржынның үстіне тастай берді. «Мені қойшы» деді ішінен. «Өз басыма түскенді өзім көтерем. Мына байғұсты айтсайшы. Мен үшін осынша азапқа түсіпті-ау. Осыныңды мәңгі-бақи ұмытпаспын-ау, асыл жар, сендей әйел қазақтан туды ма екен! Туса да бірен-саран шығар. Басына күн туса көбі бар кегін екі көзінен алып, жылап-жылап қала берер. Азапқа ер азаматпен бірдей шыдайтын сендей әйел көбейсе қор болмас едік».
Сөйтіп отырып, бұлар базардың шетінен келіп кірді. Базар бүгін аса қызу емес екен. Үлкен саудагерлер былай тұрсын, ұсак алып-сатарлардың өзі тиын-тебен пайда табылса деп, түгел қопарыла Қояндыға кетіпті. Төрт аяқ арбаға қарашолақ ат жеккен біреу өте берді.
– Ағайын, бұрыла кетіңізші.
Өзі де тоқтауға таяу келе жатқан арық қара тұра қалды.
– Не айтайын деп едің?
– Бергі жиекке жеткізіп тастасаңыз.
– Болады. Ақысын берсең, арғы жиекке де апарам.
– Не ақы аласың?
– Көп емес, бес тиын берсең болады.
Қояндыға баратын жұрт көп екен. Алды жүріп барады, біреулері атын, түйесін жаңа жегіп жатыр. Қыр жолымен жаңа келіп қосылып жатқандар да бар. Шәуешектің бір көпесі он шақты түйеге теңдеп шай, қант, кездеме, былғары, кілем, темекі алып шыққан. Базардың ең қызығы – бастапқы кезі. Қазақтар келген бетте алды-артына қарамайды, саудаласып та тұрмайды, сұрағаныңды береді. Тегінге жуық жинап алып, айдап қайтып дәңдеген саудагер биыл кешірек шығып, пайдадан құр қалдым деп ашу қысып келеді. Көлігін айдасатын, қонған жерде жүк түсіріп, жүк тиесетін адамы аз болып, қысылып та келеді екен. Қояндыға дейін ала кетсеңіз деп барғанда қуанып кетті, сөзге де келген жоқ, ақы да сұраған жоқ, – екеуің екі түйеге мініңдер, – деді тек.
Бір қозғалып кеткен соң, саудагер жолда көп тоқтаған жоқ, жүріп келеді.
Екі қонып, үшінші күні түс ауа саудагердің түйелері Қоянды бұйратынан асып түсіп, қара құрттай қаптаған халықты, жер жүзіне сыймай, Қарасор көлін, Талды өзенін алып жатқан малды көрді. Қоянды жәрмеңкесіне алыстан саудагерлер күн жүріп, түн жүріп арандарын ашып аптығып жетеді. Бәрінің құлқынын тесіп бара жатқан – қазақтың тегін малы, жүні, тері-терсегі, майы. Сейлан (цейлон) шайы тек Үркіт жақтан келетін саудагерлерде. Мұның бір ширегіне ту қойын сөзге келмей береді қазақ, Ірбіт пен Петіремпор жақтан көбінесе бидай қуыратын шойын таба, қаңылтыр бақыраш, үш шелектік, бес шелектік шойын қазан, үш аяқты ошақ. Бес шелектік қазанның құны бір ту бие, ал бір уыс бидай қуыратын шойын таба – бір тоқты. Бұхар мен Ташкеннің өрігі мен мейізінде баға жоқ. Басына сәлде ораған сарт бір шетте әбден кір басып, әуелде қаракүрең екені, сары күрең екені белгісіз дорбаға салып, қозының құмалағындай бірдемелерді ұстап тұр.
«Бұл не?» дейді ентелеп мосқал қазақ.
– Бұл пайғамбарымыз дәмін татқан қасиетті тағам – хұрма.
– Мұныңның құны не?
– Алыңыз. Дәмін сіз де татыңыз. Мұнда құн жоқ. Берем десеңіз, өзіңіз біліп бірдеме берерсіз. Бермесеңіз, Мұхаммет пайғамбар салаллаһу ғалайссаламның аруағы үшін салауат.
Біреуінің дәмін татты қазақ.
– Тәтті екен. Кәдімгі өрік сияқты. Бірақ сүйегі ондай емес, жыланның басы сияқты ғой өлі.
– Дұрыс айтасыз, әпендім. Жіпке өткізіп баланың бесігіне байлап қойсаңыз, жылан жоламайды.
– Япыр-ай, а. Сондай керемет бар еді де.
– Айтып тұрғам жоқ па, пайғамбарымыз жеген деп. Тағы алыңыз.
Мосқал қазақ уыстап алуға дорбасының түбі көрініп қалатын болған соң қымсынды. Үш саусағының басымен шөкіп алды да, бір құнан өгіздің құнын беріп бұрылып кетті.
Мосқал қазақтың ниетіне риза болған саудагер сарт:
– Ниетіңіз қабыл болсын, әпендім, – деп қала берді.
Шәуешектің ашы темекісінің он қадағын сатып алып, келесі жылғы Қояндыға жеткізетін насыбайшы қазақ Арқада сеңдей соғылысады. Оның ар жағынан келетін апиын, күшала, жұмжұма… езіп ішкен адамның әуелі күлкісін келтіріп, көңілін көтереді. Аздан кейін көзін бұлдыратып, басын зеңгітіп, дүниенің бәрін ұмыттырады. Тек келіншегінің санына басын сүйеп жатады да, сықылықтап күле береді. Бара-бара буынын баса алмай тәлтіректеп қалады. Бір ұйықтаса өне бойынан суық тер шығып, үш күнге дейін бас көтере алмайды.
Бірақ бұл түскірлеріңді табу қиын. Қытайдан келген саудагерлер апиынды мысқалдап, жасырып сатады. Жең ұшынан, етек астынан шыққан товар қандай құнды – ақ күшаланың біреуі бір ту қой, ал қарасында қүн жоқ. Төрт аяқты жеңіл арбаға айна, тарағын, опа-далабын, иіс сабыны мен иіс суын тиеп алған Қазанның, Упінің (Уфа) саудагерлері де жүр, жәрмеңкенің о шетіне бір, бұ шетіне бір шығып, Қарасор мен Талдының суынан шәйнекке шай қайнатып, бақырға ет асып, арбасының астында, үшқанат қосында тамақтанып жатқандар да бар Қояндыда.
Сауық-сайран да, ән мен домбыра да, қарқылдаған күлкі мен қажасқан қалжың да осы Қояндыда. Ет пен қымызға тойған қазақтың іздейтіні қашан да осы.
Бір үйде омырауын ашып тастап, шапанын иығына жамыл ған, басында бір шекесіне қисайта киген пұшпақ бөркі бар толық денелі, маңдайы жарты қарыс ақсары адам отыр. Жасы отыз бен қырықтың арасында. Қолында домбыра. Үй толған бәрінің көзі соның аузында. Бұл – Арқаның белгілі әншілерінің бірі. Күре тамыры білеуленіп, айғайға басқалы биенің бір сауымындай болды.
Қу биік өзге таудан мұнарланған,
Басқа тау «Қу болам» деп құмарланған.
Ку да көп құрақты көл, емен ағаш
Қу шұнақ – Қу болуға кім арланған?
Үйге сыймаған халық сыртта – жабықтан қарап, босағадан сығалап, үйдің керегесін сықырлатып керіп барады. Әншінің даусы «алты қырдан асып» Қоянды биігінің басына шауып шықты, одан әрі Қарқаралының тауы мен тасына, орман, тоғайына, көлі мен суына жайылып бара жатты. Жәрмеңкеге жиналған он мыңнан астам халық айғай шыққан жаққа бастарын жұлып-жұлып алып қарап қалды. Көбінің құлағы бітіп, есі ауып қалғандай, біреулері аузына апара жатқан сорпасын төгіп алды, біреулер етегіне салып санап отырған ақшасының санынан жаңылды. Қазақ атаулы басқаның бәрін қойып, аттылы-жаяу әншінің даусы шыққан үйге қарай ағылып жатты.
Күн еңкейіп базардың қызуы басылған шақта жұрт Қарасордың сыртындағы дөңге жиналған. Мұндағы қызық бағанағы ақ боз үйдегі ән мен сауықтан, ет пен қымыздан әлдеқайда артық. Қай халықтың болса да делебесін қоздырып, қанын қыздыратын – күш сынау, балуан күрес. Жұрт жиналып, төбенің беткейіне алқа қотан отыра бергенде біреуі:
– Осы жәрмеңкеге кеше Семей жақтан бір жігіт келді. Әй, сол тегін адам емес, бойында алыптың күшіндей күші бар шығар, – деді.
– Саудагер ме екен?
– Жоқ, саудагерге ұқсамайды.
– Жалғыз ба?
– Жанында үріп ауызға салғандай келіншегі бар.
– Ол кім болды екен?
– Кім болса да соны іздеп тауып күреске түсіріп, қызығын көру керек.
– Осында Қажымұқан да келеді деп жүр ғой.
– Не дейді-ау. Қызықтың көкесін көреміз десейші.
– Бірақ онымен күресуге кім шыға қояр дейсің, жанын тастай алмай жүрген біреу болмаса.
– Неге? Ел емес пе. Ел болған соң, одан ер тумай ма.
– Дүние жүзіндегі кәпір мен мұсылманда оның жықпағаны жоқ дейді.
– Қажымұқан келсе, оның қызығын көре жатармыз, оған дейін жаңағы айтқан жігітті іздеп табу керек екен.
– Мен табам. Кешеден бері екі-үш рет көрдім. Танимын. Ертең алып келемін, – деді алғашқы көрдім деген пысықша.
– Әкел. Әкел.
***
Жәрмеңкеге Баян жақтан, Қараөткелден келген бірен-сарандар Иманжүсіпті шырамытқан да болған: «Құдай-ау, осыны қайда көрдім?» деп қала берген олар. «Сол» деуге тілі бармайды. Киімі жұпыны, сақал мұрты өскен. Ол мұндай халге неге келсін. Бойы зор, балуан денелі адам аз ба қазақта.
Жұрт төбенің басына жиналған «мен бір керемет адам көрдім, бойы пәлендей, білегі түгендей» деп даурыққан Иманжүсіпті де, онымен шап беріп ұстасып, тайқып шыға келген жігітті де көрген адам, жүгіре жөнелді. Думан әбден қызған кезде жалынып-жалпайып, Иманжүсіпті алып келді. Күреске түспеймін деген еркіне қоймай, қалың жұрт қауқылдасып, улап-шулап жатты.
– Жығылсаң жер көтереді. Ел қолқалап отыр, меселін қайтарма, – деп жатқандар да бар.
Иманжүсіп амалсыздан күреске түсті. Ортаға шығып отырған орта бойлы, бұлшық еттері бұлтындаған, мойны жуан, кеспелтек қара екен. Бұл осы маңайдың жамбасы әзір жерге тиіп көрмеген атақты балуаны болатын. Сонысына сенді ме, төбесіне қараса басындағы бөркі түсетіндей зор адамға келіп, бір қолы мен білегінен шап беріп, бір қолын іштен салды. Мұның әуелден бергі әдісі балуанның есін жидырмай үйіріп әкетіп, сөйтіп жүргенде аяғынан қағып қалу еді. Бірақ Иманжүсіп онысына көнген жоқ, орнынан қозғалта алмады. «Мынау тегін адам емес екен» деп сескеніп қалды жігіт, қолын жұлып алып шегініп кетті. «Өзі қимылдасын» дегендей айнала жүгіріп қашқақтап жүр. Бір реті келгенде, Иманжүсіп жігітті жауырынан ұстап алып тік көтерді. Аяғын жерге тигізбей үш-төрт айналдырды да лақтырып жіберді. Жігіт етпетінен жығылды, көпке дейін тұра алмады. Есеңгіреп қалған тәрізді. Иманжүсіп оны қозғалтпай, баса қалайын деген жоқ, таң қалған адамдай қарап тұр. Жігіт тұрды да, сылти басып барып топқа кіріп кетті. Иманжүсіпті қолқалап күреске түсірген бос-алты адам жүгіріп келіп үйіріліп жатыр.
– Нағыз балуан екенсің ғой өзің.
– Нағыз алып десейші,
– Енді кім шығады?
– Кім шығушы еді мынадай жойқынға?
Дегенмен күреске түсіп, бірді жығып, бірде жығылып жүрген екі-үш дәмелі жігіт шығып еді, олардың бірде-бірін Иманжүсіп қолына алған жоқ.
– Бұл кім өзі?! – дейді әркім.
– Қаракесек пен Сүйіндікте, Тобықты мен Найманда мұндай балуан жоқ еді ғой.
Иманжүсіпті алғаш шешінгенде-ақ бұлжытпай таныған – Баянауыл дуанынан келген Бөлтірік қажы. Ол өзіндей қажылардың, болыс-билердің арасында бір шетте отыр еді. Бірақ «бұл – сол» деп ешқайысына тісінен шығарған жоқ. Сыры ішінде. Тек кеш батып, ел орынға отыра бір жігітін қос атпен Қараөткелге аттандырды. «Иманжүсіп айдаудан қашып шығыпты, Қояндыда жүр. Ендігісін өзің біл» деп Райымханға қағаз жазып берді. «Зейнеп пен Бәтиманы» кегі бір қайтса, қайтатын жері осы, құдай сәтін салсаң деп өзі қала берді…
Даңқы жер жарған Қажымұқанды Иманжүсіп бұрын сырттай білетін, бірақ көрген жоқ еді. Жұрттың айтуынша, ондай адам жер үстіне келген жоқ. Ал кейбіреулер оны палуандықты оқып үйреніпті деседі. Кешеден бері Иманжүсіптің күресін көргендердің ішінен ол бір қатыннан туған шығар, мынау да осал көрінбейді дейтін айдапсалдар көбейді. Қажымұқан қыпшақтың Алтыбас аталатын тармағынан, ал Иманжүсіп те Қыпшақ – Шаштысы.
– Ертең Қажымұқанмен күресесің, – деп даурықты мұны жақтаушылар. «Қажымұқанмен күрессем бе екен, күреспесем бе екен. Жығылсам жер көтереді. Ал аруақ қолдап жығып кетсем. Мені қолдаған Қыпшақтың аруағы оны қолдамай ма екен! Қыпшақтың дүние жүзіне аты жайылған бір ұлымен белдесіп қайтем», – деп шыққан бүгін түнеген үйінен.
Қояндының қызуы бүгін күндегіден де басым. Жұрттың аузында бір-ақ сөз! Қояндыға Қажымұқан балуан келіпті. Онымен кеше осындағы балуан атаулыны қирата жыққан дәуді күрестіретін көрінеді.
Кешегі дөңнің басына жиналып жатыр жұрт. Иманжүсіп пен Бәтима да келді аяңдап. Бұлардың ойы бүгін Қажымұқанды көріп, ертең екеуі екі ат сатып мініп, Есіл бойына тартпақ. Қояндыда не көп, сатуға үйіріліп айдап келген жылқы көп. Үш жылғы құр аттың құны бес сомнан аспайды.
Он шақты адам қаумалап Қажымұқанды әкеле жатыр. Айтса – айтқандай-ақ екен. Бас, мойын, иық үшеуі тұтас шойыннан құйылған тәрізді. Бойы Иманжүсіптің бойынан зор емес, бірақ жуан. Сан еті, білектің бұлшық еті кесек-кесек және бұлт-бұлт етіп қозғалып тұр. Қажымұқан таянғанда дөң басындағы көпшілік өре түрегелді. Қазақ жерінің әр түкпірінен келіп, осында бас қосқан болыс, билер де, белгілі шонжарлар да, ел жебеген саудагерлер де тұрды, отырып қалған жоқ. Қажымұқанның жұртқа қарасы самарқау қара атан сияқты. Бұқараның өтініші бойынша ол әуелі ойын көрсетті. Төрт аяқты ырдуанға жиырма жігіт отырғызып, бір саусағымен сүйреп әкетті. Ұзын бөренені мойнына асып, екі жағына жаңағы жиырма жігітті он-оннан отырғызып, дөңді бір айналып шықты. Сонда бөрене солқ-солқ етті, өзі қыңқ деген жоқ. Екі атан түйе алып кеп, оларға арқан тақты да, арқанның екі ұшын білегін орап, түйені екі жаққа жетеледі. Түйелер табаны жерге жабысып қалғандай қанша мықшыңдап, созыла тырмысқанмен, қозғала алмады. Екеуін де таяқпен, қамшымен жосытып еді, бақырып-шақырып жатып алды.
Содан кейін айнала отырған халықтың ортасына барып, жалғыз өзі отырды.
– Қажымұқанмен күресетін кім бар? – деп айғай салды Қояндыға балуанды қағаз жазып алдырған жәрмеңке бастығы. Ешкім шыққан жоқ. Анадай алыппен күресем деп есі бар адам айтар ма?
Бір топ пысықша шеткерек отырған Иманжүсіпке жетіп келді. |
– Ал, жігітім, күш сынайтын, бағынды байқайтын жерің осы. Кешегі күресін жойқын болды. Қажымұқанмен ұстасуға сен ғана жарайсың. Құдай оңдап, аруақ жар болса, жығып та жіберерсің. Қане, шешін.
Иманжүсіп орнынан түрегелді. Бәтіш оған «қайда барасың?» дегендей жалт қарады. «Қозғалма, сабыр ет» деп белгі берді оған ері.
– Шешін, шешін, тымағыңды, етігіңді таста, – деп жан-жағынан қаумалап барады жаңағы пысықшылар.
– Мен шешінбей-ақ қояйын, осы бойыммен-ақ күресем, – деп Қажымұқанға қарай аяңдады. Қажымұқан өзімен күресетін балуан келе жатқанда бұрынғы
дағдысы бойынша орнынан түрегелді.
Иманжүсіп жақындап келді. Қажымұқан ұстаса кетуге ыңғайланып, бір аяғын ілгері салып, бір аяғын кейін тіреп, сөл еңкейіңкіреп тұр.
– Ассалаумағаләйкөм, – деді Иманжүсіп, – жасың кіші болғанмен жолың үлкен, бауырым. Қыпшақтың сен бір баласы, мен бір баласымын, сенімен күресуге келіп тұрғам жоқ, бір құшақтап, құмарымнан шығуға келдім, кел, бауырым, – деп құшағын жайды. Қажымұқан қалбалақтап қалды, көзінен жас білінгендей болды. Ол да жайды құшағын. Екеуі құшақ айқастырып, екі рет төс тигізісті.
– Ағам екенсіз ғой, – деді Қажымұқан қол ұстасып тұрып.
– Ағаңмын. Есіл бойындағы Қыпшақпын.
– Пәле-е-е!
Қажымұқан мен Иманжүсіптің “күресі” осымен бітті.
Осыдан кейін көп ұзаған жоқ, Иманжүсіп пен Бәтима ат сатып мінді де, Желтаудың сыртымен, Семізбұғылатып, Ботағараны, одан Көкалат пен Көкпектіні басып, Нұраның бойымен Есілге – қартайған әке-шеше мен зарығып күткен Зейнепке, бірер жылдан бері бір күн ауру, бір күн сау Ақшабайға, бір қанатынан айырылған қырандай, көптің талауына түсіп ішқұса боп, тек тісін қайрап, күнім туса, Жүсібім келсе деп жүрген Шоңайға, екеуі де бір жылда туған Ақшабайдың Тұрсынбайы мен өзінің Дәулетханына, ит жүгіртіп, құс салған Бірсуат пен Жаушоқыға, поштабайы мен уряднигі қырғидай тиіп, лақтай бақыртып сабаған Қараөткелге екі күн, екі түн жүріп отырып келіп қалды. Жолда ат шалдырғаны, көздің шырынын алғаны болмаса, тоқтаған жоқ.
Бөлтірік қажыдан хабар жеткен күні Райымхан болыс, Шолақ ояз, Бұқалық үшеуі апақ-сапақта бас қосып, «Сағынып қалған тамырдың» алдынан шығаруға он шақты жігіт сайлаған.
– Аттан түскен бетте алды-артына қаратпай, қол-аяғын байлап алып келесіңдер.
Жігіттер Қарасу маңын күні-түні торып-ақ жүр, бірақ баяғы урядник пен поштабайдың кебін киіп масаға жем боламыз ба деп өздерінде зәре жоқ. Біз білетін Иманжүсіп болса мына онымызға төтеп беріп, онымызды оң жерге домалатып асықтай атады. Бірақ бұйрық солай, өлсең де көнесің. Бұлардың күн демей, түн демей, бүгін біреуі, ертең біреуі ұры итше тіміскелеп, Қарасу маңына келгіштеп кеткенінен Шоңай сезіктеніп, жүрегіне түйткіл алған, «Бұлар неге бүйтіп жүр» деген ол. «Құтпан балаларына сақтаған тағы бір пәлесі бар ма, аларын алды, енді несін алады». Шоңайды Райымхан жігіттерінің бәрі таниды. Оңаша жолыға қалса «Шәке» деп, «Жүсекеңнен хабар ошар бар ма» деп жылмаңдай қалады. Сонысына қарағанда, жүректерінде ешбір бөтен ой жоқтай көрінетіні бар. Әлде бүлар Жүсіптен бір сыбыс естіді ме екен деп те күдіктенеді Шоңай. Төрт жылдан асты, содан бері өзіміз ештеңе білмейміз, бұларға қайдан келсін. Әйтеуір бір сыр бар. Райымхан мен Шолақ ояз «тамырың келе жатыр» деп «сүйінші» сұратып, Шәріпке кісі аттандырған. Тоқтаусыз келіп кетсін деп бұйырған.
Шәріп қатты толғанды. Барайын десе ұстап беруге Иманжүсіпті қимады, бармайын десе, Шолақ ояздан қорықты. «Ақыр аяғында менің малым мен жанымды алатын Иманжүсіп емес, Шолақ ояз» деді ол. Қабырғасына ақылдаса келді де шыдай алмады, барды. Сол күні түнде «Иманжүсіпті ұстап беруге» тағы бір тілхат беріп үйіне қайтты.
– Бұл жолы бұлтақтасаң басың кетеді, бірге айдаласың. Ойлан, Шәріп мырза! – деп саусағын шошайтып, қаһарын тігіп, ала көзімен атып жығатындай шығарып салды Шолақ ояз Шәріпті. Шәріп көнді. Қалтасындағы мөрі мен мойнындағы алақандай жезге Иманжүсіпті айырбастап жіберді Шәріп. Содан кейін-ақ Иманжүсіпті ұстап берудің жолын іздеді.
Құтпан айналасында Иманжүсіп бар кездегінің бірі жоқ. Үміш қайтыс болған. Жан тәсілімге таянғанда бар күшін жинап, «Иманжан қайда…», – деп бір-екі рет үн шығарды.
Басында дем салып отырған Ақшабай да, тамырын ұстап «әлі жаны бар, үмітсіз шайтан» деп үмітін үзбей отырған Құтпан да, балалары мен келіндері де түгел еңіреп қоя берді. Оған қараған жоқ. Үміштің көзі жұмыла берді, ышқынып бір дем алғандай болып еді, содан кейін дыбыс жоқ, қол-аяғы сіресіп қалды.
Оған екі жыл өткен.
Бүгін Құтпан балалары аз ғана биесін байлап, бас сауымын сауып келіп отырған. Қымыз қотарылды. Үлкен-кішісі жиналып жатты. «Басы түскір көтертпейді» деп көбінесе жата беретін Ақшабай да келді. Қымыз орталап келгенде Құтпан түндегі көрген түсін айтты. Иманжүсіп кеткелі Құтпанның түс көрмей шыққан түні жоқ. Бес адам бас қосқан жерде ылғи түс жорытатын. Алғашқы кезде балалары құлақ қойып тыңдап жүрді де, аздан кейін «осы шал алжуға айналған-ау тегін деп, өз шаруаларын сөз ғып кететін болған. Құтпанның бүгінгі түсі бұрынғыларынан басқаша екен.
– Өзім бас болып құсқа шыққан екеміз деймін. Жүсіпжан алдымызда кетіп барады. Қолында Тентекқарасы, соңында екі иті. Ол түлкі демейді, қоян демейді, іліп түседі де. ең әуелі көзін шоқиды. Иттері анда-санда Жүсіпжанның екі жағынан келіп арсылдайды. Ұмтылып, ұмтылып қояды, біреуі тіпті шапшып барып Жүсіпжанның құлын жарғағының етегінен жұлып алады. Оны елең қылған Жүсіп жоқ, әндетіп барады екен деймін.
– Анау қанжауғыр қайтеді, иесіне ұмтылғаны несі, сойылмен қақ бастан бір салсайшы барып, – деймін Шоңайға.
– Е, қайтер дейсіз, үйреніскен ит қой, – дейді бұл.
– Жүріңдер, өзін қуып жетейік деймін мен. Аттарымызды тебініп қалып, жанына жетіп бардық. Астындағы Көкмойынның алдыңғы аяғы ақсап жүре алмай барады екен. Бұған не болған дейміз біз. Ештеңе етпес, жаңа шауып келе жатқанда әне бір тасқа соғып алды аяғын. Сол бір түскірге қайта-қайта соғылам, жолдан былай алып тастайыншы өзін деп атының басын бұра берді. Сен де барып бір жағынан демесейші деймін мен. Сөйтіп келе жатқанда Бірсуат жақтан бір көкжал көрінді. Тіпті қашатын емес. Ал тастаймын Тентекқараны деп шаба жөнелді. Япыр-ай, анау бір үлкендігі дөнен өгіздей арлан екен, құсы жазым болар ма екен деп, бәріміз шу ете түстік. Сол айғайдан оянып кеттім. Ал жорыңдаршы.
– Жанына жақындап бардық дейсіз бе? – деді сопысымақ Ақшабай, көп ойланып отырып. Басқалары шал жақсы түс көрген екен деп қуанысып, қозғалысып қалды.
– Иә, иә. Дәл жанына келдім. Бетіне бетімді тақап тұрып, атыңның ақсағанына ренжіме, Жүсіпжан, әлі-ақ жазылып кетеді дедім.
– Ренжіп тұрғам жоқ, жаяу емеспін ғой, – дейді.
– Жанына жақын барсаңыз, Жүсіпжан көп ұзамай келіп қалар. Мезгілі де таянды ғой.
– Аты ақсап көрінбей қайбір көтеріңкі жүр оның көңілі. Ызаға булықпай, өкінбей жүр дейсің бе. Сонысы шығар.
– Лебізің дұрыс қарағым. Қолдарыңды жайыңдаршы.
– Жүсіп пайғамбардың көруі, Жақып пайғамбардың жоруы болсын, аллаһу әкпар.
– Айтқаныңыз келсін, – деп бәрі беттерін сипады. Алдарындағы қымыздарын қайтадан қолға ала бергенде Сейтен жақтан айғай естілді, Шапқан аттың дүбірі білінді. Жақындап қалды. Бәрі құлақтарын тігісті.
– Шүйінші, шүйінші, – деген дауыс үзіліп-үзіліп естілді, Оған алдағы ауылдың жылқысы үркіп шұрқырады, иті үріп, естіртпей тастады.
– Не дейді. Шүйінші деді ме?
– Солай дегендей болды.
– Шықшы далаға. Білші.
– Жүсіпжанның хабарын әкеле жатқан біреу болғай-ақ, – деп, Шоңай ата жөнелді.
Сүйіншілеп келе шапқан жігіт те жетіп қалыпты. Астындағы жаздай мінілген қақ байталдың тұяғы ғана қыбырлайды, өзінің даусы қарлығып, құр сүлдері. Тек «шүйінші Шөке» дегенді ғана айтуға мұршасы келді.
– Шүйінішің не? Қандай хабар естідің?
– Жүкен ағай келе жатыр.
– Не дейсің? Рас па? Жалғыз ба?
– Жанында кіші жеңгей бар.
Шоңай есінен айырылып қалғандай, біресе өз үйіне қарай, біресе жаңағы үлкен үйге қарай жүгіреді.
– Тұрсынбай, Дәулетхан! Қайдасыңдар? Ат әкеліңдер.
Үйден төрт-бес адам шықты.
– Не болды, не?
– Ат әкел деймін, ат.
– Қайда баратын едің?
Шоңайдың жаңа ғана есі кірді. Бұларға да айтып қуанту керек екен ғой.
– Жүсіпжан келіп қалыпты дейді.
Құтпан айналасында ес жоқ, көбі көзінің жасы иегінен сорғалап жылап жүр…
***
– Апам қайда? – деді Иманжүсіп, бірінен кейін бірі құшақтап босатпай жүргенде.
Құтпан иегі кемсеңдеп, сақалы шоштаңдап тұра қалды.
– Апаң жоқ, Жүсіпжан. Сені сонша күтті, бірақ… – ар жағын айта алмады. Ақшабайдан бастап бәрі жылады.
Иманжүсіптің ес білгелі көзіне жас алғаны, тіпті еңіреп жылағаны осы шығар.
– Малым иесіз қалды, қайтамын, – деді сүйінші сұрап шауып келген бақташы бала екен. Оған Шоңай желіде тұрған құлынды биенің біреуін жетелетіп жіберді.
Қарасудағы той бір жұмаға дейін аяқталған жоқ. Жан-жақтан келіп, сапырлысып жатқан жұрт. Біреу күле кіріп, күңірене шығады. Біреу Құтпаннан кем қуанған жоқ. Осындай көптің ішінде Шолақ ояз бен Райымханның жансыздары да бар.
Иманжүсіп тіліне тетқу салып, ішіне сыр бүгіп қалатын адам емес. Басынан өткен-кеткеннің бәрін бірін қалдырмай айтуға жалыққан да жоқ, таусылатын да емес. Үміштің қайғысы басылып қалған. Ағайын-туысын, елін-жұртын көріп көңілі көтерілді. Сөз де бірінің соңынан бірі қуып келіп, тілінің ұшына лақылдап құйылып жатқандай.
Бір айдай өткен соң, «қалада не боп жатыр екен, біліп қайтайыншы», – деп, Шоңай атына мініп Қараөткелге кеткен. Барған бетте Балуан Шолақтың үйіне түсті.
– Бәрін естіп біліп жатырмын. Қуаныштарың құтты болсын. Бірақ Жүсіп әзір бұл қалаға аяқ баспасын. Әр көшенің басында құрулы тұрған қақпан бар. Бірі болмаса, біріне түсіп, жазым болады. Мыналардың ойы жаман, мен біліп отырмын. Күн бір толастағанда өзім барып Жүсіппен амандасып, сол арада ақылдасармыз. Сіз қайтыңыз және осыны өзінен басқаға сездірмеңіз, – деді Шолақ.
– Япыр-ай, менде әкелерінің құны бар ма осылардың, – деді Иманжүсіп қабағын түйіп, Шоңай келіп Балуан Шолақтың сәлемін айтқанда.
– Өзіңде де бар, Жүсіпжан, – деді Шоңай. – Әуелде сол арамқатқыр Ақсұр атты бере салғанда құда да тыныш, құдағи да тыныш, мұның бірде бірі болмайтын еді, ұшына тиген сол емес пе. Одан кейін не істемедің бұларға. Соның бәрін басқаға емес, бірге туған маған істесең де өмір бақи өш боп кетер едім, – деп күлді Шоңай.
– Өзімнің де істемегенім жоқ екен ғой. Әуелде бұлай боларын, аяғы насырға шабарын біліппін бе. Болар іс болды, өтті-кетті. Енді не істейміз, соны ақылдасайық та.
– Тілді алсаң, осы арадан кетейік. Ата-бабамыздың туып өскен жері Сыр бойына көшейік. Әкей де, Ақшабай да осыны жөн көрді.
– Сонда ол жақта Райымхан мен Шолақ ояз сияқтылар жоқ па екен?
Бұған келгенде Шоңай сөз таба алмай бөгеліп қалды. Осыдан көп ұзаған жоқ, Балуан Шолақ келіп түсті Иманжүсіп үйінің сыртына. Досының келгенін естіп, үйінен жүгіре басып шығып еді Жүсіп.
– Аман-есен келдің бе, асылым, – деп Шолақ құшағын жая ұмтылды. Екеуі құшақтасып көп тұрды. Шоңай бұл екеуінің жанына келіп:
– Шолақ өкшесін қанша көтергенмен, біздің Жүсіпжанның емшек тұсынан аса алмайды екен, – деді.
– Қой, Шөкеңе күлкі болармыз, – деп айырылысқан екі алып, сол күлген беттерімен, қол ұстасқан күйі үйге кірді.
– Шолақ ояз бен Райымхан сені сағынып отыр. Көздеріне көрінсең, жаңағы мен сияқты құшақтап алып, қысып босатпас, – деді Балуан Шолақ.
– Оны естіп жатырмын. Сонда не істеуім керек, соны біле алмай отырмын.
– Біз Құтпан шалдың кіндігінен тараған көп ел емеспіз, – деді Шоңай. – Біздің ойымыз Сыр бойына көшіп кетсек дейміз. Осыны ақылдасайық деп, сенің келуіңді күтіп едік.
Балуан Шолақ ойланып қалды.
– Сонда битке өкпелеп, тоныңды отқа салмақсың ба? Ұстассаң Шолақ оязбен, Райымхан болыспен ұстасасың. Мына бүйіріндегі Атығай, Қарауылға, мына бүйіріңдегі Қуандық баласына, батысыңдағы қалың Қыпшақ пен Бөгендікке, шығысыңдағы Сүйіндікке қояр қандай кінәң бар? Осы елдер сені жібере ме? – деді Шолақ.
– Бірақ Жүсіпжан айдалып бара жатқанда солардың ешқайсысы ара түсе алмады ғой.
– Өзің не істей алар едің? Не келеді қолыңнан? Көзіңнен қанды жас ағып қала бердің. Халық та сол. Жүсіп айдалып бара жатқанда солардың іші ашымады дейсің бе. Ашыды. Бірақ ұлықтың әміріне не дей алады. Халық дегенің ұлықтың алдындағы айдаған малы емес пе, – деп тістене, қолын сілтей, ағайынды екеуіне кезек қарап барып тоқтады Шолақ.
– Рас айтасың, бауырым. Көшпеймін Сырға. Көшсем қорықты дейді. Және мына тоқсанға келген шал мен бір күн ауру бір күн сау ағаны, қызыл қарын жас баланы сонау Қарақұм мен Қызылқұмнан, Бетбақтың шөлінен қалай өткіземіз, Сырға қалай жеткіземіз. Қалай ойлайсың? – деп Иманжүсіп ағасына шүйіле қарады.
– Сөзіңнің бәрі дұрыс, Жүсіпжан. Бірақ сонда не істейміз? Бұл жерде бізді тыныштықпен отырғызбайды. Ұлықтың құдіреті күшті деп отырған жоқ па мына Балуан Шолақ.
– Отырғызады. Тіпті болмай бара жатса, оны көрерміз. Жаным тірі болса, әлі де алысам Райымханмен, Шолақ оязбен. Жанған өртке қарсы өрт салып сөндірмеуші ме еді. Өлсем өлермін. Қоян сияқты қашып жүріп өлгеннен оққа төсіңді төсеп, қарсы тұрып өлген артық, – деп Иманжүсіп сөзді тиып тастады.
***
Бұл сөздер Райымхан мен Шолақ оязға жетпей жатқан жоқ. Оларда да көз, құлақ бар. Иманжүсіптің өртті өртпен сөндірем дегенін естіп, олар да қылыштарын қайрай түсті. Қарасу бойынан күні-түні тыңшылары үзілген жоқ. Біреуі желдей шығып, аяғынан кеткен саяқ аттарын іздеген болып келеді. Біреуі Қумолда қысы-жазы отыратын тәуіпке бедеу қатыны жүкті болар ма екен деп ішірткі жаздырып алу үшін келеді.
Ақырында Шолақ ояз бен Райымхан болыс Иманжүсіпті Өскемен түрмесін бұзып шыққан қашқын деп жариялап, ұстап әкелуге он солдат шығармақшы болыпты. Ол хабар да жетіп жатты.
– Келсін, көререміз, – деп Иманжүсіп пен Жексен мұрттарынан күлді.
– Он солдатыңды қырып тастайды, ойбай. Құтпан баласы ажалдан қорқушы ма еді. Қанына қарайып алды, одан да басқа жолын ойла, – деп Тәшти хазірет, Пересыпкин тәрізді ақылшылары азар да безер. Солдат шығарудан іс шықпайтынын сезіп, Шолақ ояз бен Райымхан енді не істерін білмейді, дел-сал, беттері қайтып қалды.
– Бір күні екі-үш жігітке аңдытып қойып, үйінен шықса-ақ аттырып тастайық, – деп Шолақ оязға екі күнде бір келіп қыңқылдайды болыс. Жауабын құдай алдында бере жатпақ. Тек әуелі қолға түссінші.
– Жоқ, ол болмайды, Райымхан мырза. Менің басым екеу емес. Ол жалғыз жүрген жоқ, ағасы бар, серіктері бар. Олар қумай қоймайды. Тіпті атқан адамның біреуі қолдарына түсіп қалса, мүлде масқара боламын. Бұл генерал-губернатордың өз алдында сөз сөйлеп, жауап берген белгілі адам. Ол мұндай адамдарды ұмытпайды. Біздің мұнымен өш екенімізді генерал мырза біледі. Сондықтан ондай пәлеңді айта көрме. Әгәрда қолға түсірсек, қол-аяғына кісен салып, айдатып жіберуге болады. Онда да генерал мырзаның алдына жеткізбеуіміз керек. Ол кісі ана жылы екеуімізді де орнымыздан жұлып тастап, Құтпановты босатып қоя беруді ойлағанын өзің естіп едің ғой. Бірақ бізден барып жатқан қағаздың бәрін аяққа баса бермейін, бұларда екі басты самұрықтың суреті бар деп патшаның белгісін, Романов ұрпағының, құдай-тағала оны ана дүниеде жарылқасын, аруағын сыйлапты. Тек Өскеменге жер аударылды дегені болмаса, түрмеде бір күн де отырмай, қайтып келіп отыр ғой. Қолға түсірудің басқа жолын ойламасаң, тапа-тал түсте, есігінің алдында атып тастау дегенді аузыңа алма. Оған менің ретім келмейді.
– Сонда қандай жол бар, айтсаңызшы.
– Мен қайдан білейін. Қазақтың сырын қазақ біледі. Қонаққа шақыр тағы, – деп Шолақ ояз қарқ-қарқ күлді.
Мұнысы Райымханға табалағандай көрінді. Қап, мұның қолынан да түк келмейтін болды-ау.
– Қонаққа шақырғаным ана жылғы ғой. Бүкіл Арқаға масқара болғам жоқ па. – Бәрін ұмыттым, тастадым деп кісі сал. Үйіне бар. Аяғына жығылған бол, сөйтіп алдап түсір.
Чулаков «алдап түсір» дегенде Райымхан басын көтеріп алды. Ойланып қалды. Ең дұрысы осы. Ол үшін… Ол үшін… Мәтінің Шәрібін салу керек. Шолақ оязға анты бар, ол бұлтара алмайды.
Шәріп пен Иманжүсіп – төс соғысқан тамыр. Сыйлыққа біріне-бірі ат берген, құс берген. Омбыдан солдат шығатын жылы қыстыгүні екеуі Ерейменде екі ай бірге жүріп құс салған.
Райымхан осы ойын Чулаковқа айтып еді, ол:
– Міне, мұның әбден дұрыс, – деп қуанып кетті.
Сол күні түс ауа Райымхан Әубәкір қожа мен Әмірені жандарына атқосшы беріп, Шандақты жайлап отырған Мәтінің Шәрібіне аттандырды.
– Көзге көп түспеңдер. Суыт жүріп барыңдар, – деп тапсырды.
ДОС БОП ЖҮРІП
Әубәкір қожалар екі күн қонып қайтқан. Ертеңінде Шәріп болыс жанына бес-алты кісі ертіп бір жаққа жүрмек болып жатты.
– Қайда барасың, балам, – деді Мәті, дәрет алуға есігінің алдына шыққан екен.
– Иманжүсіпке барып амандасам. Әй-шәй деспеген дос-жаран жігіт, дәмін түзден жазып кетіп еді, әйтеуір аман-есен келіпті. Құтпан ақсақалға сәлем берем, құтты болсын айтам, – деді әкесіне.
– Япыр-ай, балам, дұрыс екен мұның. Ертерек айтпаған екенсің. Біз де барып қайтар ма едік, әлде қайтер едік.
– Сіздер қайтесіздер. Мен барсам болады ғой. Барамыз десеңіздер, кейін көрерсіздер.
– Оның да жөн.
Мәті, Дәуленнің ата қыстауы Шаңдақ, Қаратомар.
– Ауылдан ертерек шықсақ, бұлаң құйрықпен отырып күн бата Қарасуға жетіп қалармыз, – деп кеше кешке бірге баратын адамдарына айтып қойған.
Шәріп сәске көтеріле жүріп кетті.
Құтпан ауылы Иманжүсіп келген соң, жаздай отырған қоныс тозды деп, жаңартуға қозы өрісі жер көшіп қонған. Шәріп келгенде Құтпанның өзі бас болып, қатын-қалаш, бала-шағасына дейін жаны қалған жоқ. Әсіресе Иманжүсіп Шәріппен құшақтасып көрісіп тұрып:
– Сендерді де көретін күн болады екен-ау, – деп көзіне жас алды.
– Қой, мұның не, өзің жасып қалғансың ба? Сенің көзіңнен жас шығады, сонда біз сияқтылар үйден аттаған бетте-ақ жүрегіміз жарылып өліп кетерміз, – деп күлді Шәріп.
Қонақтар бір жұма жатып, қайтуға ыңғайланған. Дәл жүрерде Шәріп Иманжүсіпті ауылына шақырды.
– Кел. Біраз аунап-қунап жатып қайт. Неше кісі ертіп келем десең өзің біл, көпсінбеймін. Барған соң ауылды жаңа қонысқа көшіріп жұрт жаңарттырам. Содан кейін күн белгілеп өзім кісі жіберем, солар келіп алып қайтады.
– Тәңір жарылқасын. Дәм татпай жүрген үй емес. Шақырмасаң да барам ғой. Мәтекең мен Дәукеңе сәлем беріп қайтармың деп жүргем өзім де. Дәм жазса, барамыз ғой, – деп қала берді Иманжүсіп.
Хабаршы бүгін келе ме, ертең келе ме деп бұлар аттарын сайлап, кимі-кешегін ыңғайлап дайын отыр. Шәріп ауылына жеті-сегіз адам бармақ: Шоңай, Қаратай, атқосшылыққа бірер жігіт ертпек.
Тамыздың бас кезінде Шәріптің сәлемін алып, Құтпан ауылына екі жігіт келді.
– Бөгелмей өздерің жүре беріңдер, амандық болса келесі сәрсенбінің сәтінде барамыз, – деп қайырды бұларды Иманжүсіп.
Бұл хабардың бәрі Шолақ ояз бен Райымханға қолма-қол жетіп жатты. Алғашқы уәде бойынша Иманжүсіп Шаңдаққа аттан түскен түні Қараөткелден отыз солдат келіп, ауыл сыртында жардың түбіне бекінбек. Ел жатып, жұрт шырт ұйқыға батқан кезде бұлар Шәріп үйін бас салмақ. Иманжүсіппен бірге Шәріптің өзін байлап әкетпек, ояздың алдында ол қашқын конокрадты паналатушы ретінде, жауапқа тартылмақ. Иманжүсіп, айдалып кете барады да, Шәріп аман-есен қала береді.
– Бұл жолы қоя тұрсын, – деп хабар айтты Шәріп Райымханға. Жанына атқосшыларынан басқа үш адам еріп келетін көрінеді. Біреуі өзінің ағасы – Шоңай. Бұлардың бәрі де сауысқаннан сақ адамдар. Ана Жексен мен Қаратай дегендер кезек-кезек күзетте тұрып, таң атқанша көздері ілінбес. Қайраттылығы, жүректілігі Иманжүсіптің өзінен кем емес. Қан төгілер, сырымыз ашылып қалар. Әгәрәки бұл шақырудың сыры Иманжүсіпті қолға түсіруге құрылған тор екенін сезсе, ол Мәті, Дәуленнің түп-тұқиянын қалдырмай қырып кетеді. Ең алдымен мені бауыздайды. Сондықтан мұны ойланып істейік. Иманжүсіптің көңілінде күдік тумайтындай болсын, әбден еті үйренсін, ешбір қауіпсіз жалғыз өзі келетін болсын, сондай бір сәтте көрерміз.
– Мұнысының жөні бар, – деді Шолақ ояз бен Райымхан, оңаша ақылдасып отырып, – солай-ақ болсын, бірақ хабар үзілмесін.
Шәріптің Иманжүсіпке көрсеткен сый-құрметі ана жолы Қарасу бойындағыдан да асып түсті. Иманжүсіптің келу құрметіне Шаңдақ пен Қаратомарда отырған Мәті, Дәулен айналасы ғана емес, бүкіл Құрсары керейдің бозбалалары мен қыз-келіншектері бас қосып, сауық-сайран жасады. Алтыбақан құрып, ауыл сыртында қызыл іңірден күн шыққанша думан… Бұлардың кейбіреулеріне жасы қырықтан асқанымен Иманжүсіп те шығып жүрді. Жексен мен Қаратай Иманжүсіптен қалмайды ғой (оны түзге шықса да жалғыз жібермейді).
Үйде қалатын тек Шоңай ғана. Атқосшы жігіттер кезектесіп, мініп келген аттарының аяғына кісен салады да, шылбырынан ұстап отырып оттатады. Таң атқанша кірпік айқастырмай, көрер таңды көзімен атырады. Сақ болу жағын келе жатқанда Иманжүсіп серіктеріне қатты айтқан.
– Шәріптің өз басы маған қастық істейді деуге аузым бармайды. Жасы өзіммен құрбы, көп жыл дәмдес, сырлас болған жігіт. Кейде аңқаулығы да бар. Ауылына біздің келіп жатқанымыздан Шолақ ояз бен Райымхан хабар алып қойса, оны бұл байқамай қалса… кім біледі. Әйтеуір сақ болыңдар. Қару-жарақтарың бойларыңда болсын.
Шәріп бірер рет елеусізде көз тастап еді, Иманжүсіп жеңсізінің сыртынан қамар белбеу буынады екен де, оның бір жағына қанжар, енді бір жағына алтыатар қыстырады екен. Жұрт білетін дырау қамшысы һәман өз жанында. Үйге кірерде керегенің басына іліп кеткенін бір көрген емес Шәріп, төрге шығып отырарда артына тастай салады.
«Бәсе, – деді ішінен Шәріп. – Айтқаным келді ме. Бұл қару-жарағын өмірі бойынан тастамайды. Адам баласына сенбейді деген жоқ па. Ең сенетіні осы екі жолдасы – Жексен мен Қаратай». Байқап қарап еді, олардың біреуі кісе буынады екен, ұзындығы білектей қын салдырыпты кісеге, қынның аузынан қанжардың мүйіз сабының түбі көрініп тұр. Қаратайдың екі етігінің қонышында екі кездік. Тиген жерін тіліп түсетіндей өткір. Мені құдай сақтаған екен. Иманжүсіпті Шолақ ояз бен Райымханға ұстап берем деп жүргенде, түгел қырылып қала жаздаппыз-ау. Бұл өзіне қастандық жасаған адамды аямайды, шетінен бауыздап кетеді. Япырай, осының түбі қалай болар екен. Бекер-ақ тілхат берген екем оязға. Болыстығы түскірінен алса, алып-ақ тастасын, бәрінен бастың амандығы жақсы. Бірақ бір сөз беріп қойған соң, одан тану да қиын, не қорықтың дейді, не өзің соған қосылдың деп жазалайды. Бір пәлеге душар болдым-ау».
Мәті мен Дәуленнің бұл сырдан хабары жоқ. Баласының Иманжүсіппен ертеден дос екенін біледі, бірі келіп, бірі барып, жаз болса ит жүгіртуге, қыс болса құс салуға бірге шығып жүретін. Иманжүсіп айдалып кетіпті дегенде көпке дейін тамағынан ас өтпей, уайымдады бұл екі шал. Қайтып келіпті дегенде кәдімгідей қуанды. Амандасам деп бір топ адам ертіп барып қайтты. Енді міне қонаққа шақырып әкеп отыр. Бәрі жарасымды, бәрі орынды. Кім көрінгенді соңынан шұбыртпай, осындай адамдармен дос болған дұрыс қой. Бұл қысылғанда қолының ұшын береді, өзі өлуге бар, серігін жау қолына тастап, өзі бас сауғалап кетпейді. Баланың болыс болғаны жақсы-ақ-ау, бірақ ол шіркін мәңгі бақи қона ма адам баласының басына. Тістеуікпен тартып суырып ала алмайтын, бас сүйекке шегеленіп қалған нәрсе емес, оязнайдың сұбханы түспесе болыстығың әдіре қалады. Содан кейін сен де қаласың жұрт қатарлы. Жұрт қатарлы емес-ау, болыстықтан түскен адамнан жексұрын жан жоқ жұрт көзінде. Шен тайған күні-ақ дос боп жүрген адамыңның өзі сырт айналып кетеді. Ал болыс кезінде тырнағың батқандар сені ит етінен жек көреді.
Мәті мен Дәулен – немере туыс. Бірақ бір әке, бір шешеден туғандай, өмірі көз алартысып, сен десіп көрген жандар емес. Екеуінің де жасы жетпістен асқанмен, әлі енші бөліспепті. Атадан қалған дәулет жетпей бара ма, қалай ұстаймын десе, қолдарын қағатын жан жоқ. Екеуінде Шәріптен басқа пана да жоқ. Шәріп Мәтінің өзінен емес, оның жалғыз ұлы Мұсабегінен туған. Бірақ ол ерте өліпті де, Шәріп Мәтінің бауырында өсіпті. Мәті мен Дәулен бүкіл даланы алып жатқан он екі мың жылқыны бір Шәріптің жолына құрбандыққа шалуға шімірікпек емес. Екеуінің ортасындағы жалғыз ұл жасынан пысық өсті, ат жалын тартып мінген соң-ақ ел сөзіне араласты. Сөйтіп жүріп болыс болды. Содан бері келе жатыр әйтеуір, құдай бұған тіл де берді. Болыстық арзанға да түскен жоқ. Оны қойшы, болыстықтың жолына кім шашпай жатыр малын. Болыс болғалы да жиырма жылдан асып барады. Әзір жүріп келеді. Тек аман болса екен, қу жалғыз.
Иманжүсіптер Шәріп ауылында бес күн жатып аттанды.
– Келіп тұр, баяғыдай, – деді Шәріп, шығарып салып қайтайын деп атының басын тоқтатқан соң.
– Келем ғой, өзің де кел.
– Күз, құс қайтқан кезде, Сілеті бойының қазы мен үйрегі, қырғауылы мен дуадағы жыртылып айрылады. Сол кезде қаршығаңды алып, бір келші.
– Келсем келермін.
Арада бірер жұма салып, Шәріп пен Иманжүсіп біріне-бірі барғыштап, келгіштеп кетті. Көңілге күдік тудыратын ештеңе жоқ. Күзге қарай, құс қайтатын кезде, жанына өзінің он төрт жасар Дәулетханы мен Ақшабайдың Тұрсынбайын алып, соңдарына тазыларын ертіп, қолына қаршығасын қондырып, Иманжүсіп үйіне келіп түсті. Жүсіп екі балаға қызық көрсетпек болған, кеш бата келді де, қонып қалды бұлар. Ертеңіне Мәті мен Дәуленге барып сәлем берді. Ендігі жобасы осы маңайдағы суы тартыла бастаған көлдерден, Сілеті бойынан қаршығаға құс ілдіру, итке қоян алдыру. Үш күн өтіп, төртінші күні кешке қарай оралармыз деп аттанды үйден, Шәріп те соңына екі-үш жігіт ертті. Дәл аттанарда өзінің барып кел-біліп келінде жүретін шабарманын оңаша шақырып алып, «біз аттанған соң Қараөткелге жүрерсің, Райымханға жолығарсың» деп кеткен.
Құс қандай семіз бұл кезде. Аяғын байпаңдай басқан қоңыр қаз көтерілгенше астарына жарау бедеу мінген балалар жетіп қалады. Әсіресе жел жағынан келіп тұра ұмтылса, май басқан семіз дуадақ ыққа қарай көтеріле алмайды. Тұрсынбай мен Дәулетхан ондай құстың талайын қамшымен-ақ соғып алып жүрді. Қандай қызық. Үйрек пен қаз, дуадақ пен қырғауыл жеті адамның қанжығасына сыймай, далада қалып жатыр.
Үш күн өткенде Қаратомарға қайтты бұлар. Көз байлана Шәріп үйіне келіп түсті де, ет жеп, сорпа ішкен соң, үш күн ұдайы аттан түспей шаршап келген жігіттер қатып қалған.
Шәріптің үйі алты бөлмелі. Екеуіне қонақтың төсегі салынады. Дастархан жайып ас беретін бөлменің бір шеті мен бір шеті ат шаптырым. Жетпіс адам отыра қалғанда бірінің қолын бірі қақпайды, кең. Қонаққа деген кіші бөлменің терезесі көлге қараған. Мұнда анда-санда келіп қонып қалатын ұлықтар жатады. Олардың маңына ешкім жоламайды, біреу-міреу терезеден түсіп, алтындатқан киімінің біреуін қағып кетсе, басымыз арылмас пәлеге қалар деп, бұл үйдің есік, терезесінің берік болатыны содан. Үлкен ұлық келсе, есіктің сыртына күзет қойылатын.
Иманжүсіп пен екі балаға төсек бүгін осы үйде салынған. Жүсіптің көңілінде ешбір күдік жоқ, басы жастыққа тиісімен ұйықтап кетті. Осы жолы алтыатарын да, қанжарын да үйге тастап кетіп еді. Дойыр қамшысы да бағана алғаш келіп шешінген, одан кейін ас ішкен үйде қалған.
– Есік ішінен бекітілмейді екен, – деді Жүсіп жатарда.
– Іштен бекітіп, кім алып барады мұндағы дүниені. Даладан кіретін есіктің аузында күзет тұрады. Ешкім жүрмейді бұл үйдің маңынан, алаңдамай ұйықтай бер, – деп кеткен Шәріптің өзі.
Жұрт ұйықтаған кезде ауыз қораға өкшелерін көтеріп басқан он солдат кірді. Қолдарында найзалы мылтық. Есікті Шәріптің өзі ашып жіберді де, «әне жатыр» деп жалт бұрылды. Үйге солдаттар сау етіп кіріп келді, бес-алтауы мылтықтарын кезеп тұра қалды, қалғаны көйлек, дамбалшаң жатқан Иманжүсіптің үстіне қона түсті. Иманжүсіп шошып оянды, не болғанын бірден-ақ түсінді. «Ох, қапыда соқты-ау, мына ит», – деді тек. Үстіндегі солдаттарды біреуін былай, біреуін былай лақтырып-ақ жатыр. Бірақ, самсап төніп тұрған көкпеңбек найзалы мылтықтарды көріп тоқтады.
– Көтер қолыңды! – Бұл ақырған баяғы Пересыпкин.
– Жарайды, көтерейін, тек мына екі балаға тие көрмеңдер. Өз басыма не істесеңдер де көндім.
Бұл кезде екі бала шошып оянған, не болғанын білмей үрпиісіп қалды.
– Елге жете алсаңдар, Шәріп болыс ұстап берді, қапыда кетті деңдер.
Пересыпкин ақырып қалды.
– Шығарма үніңді, байлаңдар қол-аяғын!
Төрт солдат жабыла кеткенде біреуін жағасынан алды да есікке қарай лақтырды Иманжүсіп. Оның басы босағаға соғылып есеңгіреп қалды.
– Енді қимылдасаң, әуелі мына екі балаңды өз көзінше атып өлтірем. Содан кейін өзіңді атам. Бірақ өлтірмеймін. Чулаков мырза мен Райымхан болысқа тірідей жеткізем, – деп қарқ-қарқ күлді де, мылтықты үйдің төбесіне бір атып жіберді Пересыпкин.
Иманжүсіп көнді. Оққа қылар қайрат жоқ. Солдаттар Иманжүсіптің екі қолын қыл шылбырмен сірестіріп артына байлады. Мойнына арқан тағып, көйлек, дамбалшаң далаға алып шығып, ауыл сыртындағы қамысты көлге қарай дедектетіп сүйрей жөнелді. Шәріп іңірден жатқан жоқ-ты, үйдің бұрышынан сығалап, қамшы шып еткенде, қайқаң етіп бара жатқан Иманжүсіпке қарап қала берді.
«Жаным ашып-ақ тұр, бірақ осылай істемесіме амал жоқ, маған да жан керек».
Көл жиегінде пар ат жеккен төрт аяқты арба тұрған. Иманжүсіпті Пересыпкин қолы қарысқанша ұрды. Иманжүсіп есінен танды, тек жаны бар, кірпігі қимылдайды. Басың, көзің, жанды жерің деген жоқ, шартылдата берді. Шәріптен сегіз қанат үйдің тозығы жеткен туырлығын алдырып, соған орады да, арбаға көтеріп салып, таңып тастады. Бір солдат көшірге отыра қалып, ауыздығы мең алысып тұрған екі атты айдай жөнелді. Пересыпкин мен он солдат жерден жеті қоян тапқандай қуанып, далақтап шауып келеді. Біресе арбаның алдына шығады, біресе соңына түседі, біресе арбамен қатарласып келіп, таңулы жатқан Иманжүсіпті кигіздің сыртынан қамшымен бір тартып өтеді.
Бұл кезде түн ортасы болған жоқ-ты.
Олжалы шеру Қараөткелдің шетінен күн көтеріле шауып кірді де, тұп-тура ояз кеңсесіне тартты.
Чулаков пен Райымхан бүгін түнде кірпік қаққан жоқ. Иманжүсіп қолға түсе ме, түспей ме деп жүректері күпті. Ат үстінде кездессе, оққа ұшып жығылуы мүмкін. Тірідей қолға түспейді. Пересыпкинді бас қып, он солдатты қырып кетуге күші жетеді оның.
Қолға тірідей түсе қалса, үкім шығарулы. Енді Иманжүсіп генерал-губернатордың алдын көрмейді. Ауыл, аймағымен Жетісуға, одан әрі ит ішпестің алакөліне, Қытай жұрты мен шектес Жоңғар қақпасына жөнелтілмек.
– Иманжүсіпті тірідей қолға түсірдік, – деп Пересыпкин екі езуі екі жаққа кетіп елеңдеп кіріп келді.
– Қайда?
– Арбада. Таңулы жатыр.
Шолақ ояз бен Райымхан орындарынан атып-атып тұрды.
– Рас па?
Екі ұлық қатындары ұл тапқандай қуанды. Екеуі бірін-бірі құшақтап сүйісті. Чулаков Райымханды құшақтап қысып тұрып билеп жіберді. Таңуын шешіп үйге алып кіргенде, Иманжүсіп орындыққа отыра алмады. Есі бір кіріп, бір шығады. Бір көзі жұмулы. Бір көзін сығырайтып ашып, Райымханға тесіле қарады.
– Қапыда қалдым, Райымхан мырза. Іс мұнымен бітпес, дүние кезек. Қайтарармын, ер мойнында қыл арқан шірімес, – деді де талықсып кетті.
Уезд басқармасының кеңсесінің астында тереңдігіне түйе бойламайтын тас қамау болатын. Іші күңгірт, төбесінде ұзынша келген жіңішке терезесі бар, оның өзі саусақтың жуандығындай темірмен торланған. Едені мен қабырғасы тас. Осында әкеп тастаған күннің ертеңінде Иманжүсіптің есі кірген. Оянса астына жұқалап шөп төселген жерде жатыр. Көзін ашып, жан-жағына қарап еді, қайда келгенін бірден-ақ білді. Шәріптің үйінде ұсталғаннан бергі соққы, әрі аштық қалжыратып тастаған. Бәрінен бұрын достың опасыздығын айтсайшы. Ай, дүние-ай, Шәріпті қолға берер ме еді, екі бүктеп белдемесін үзіп, мойнын жұлып алар еді.
Ер емес, қатын екен болыс Шәріп
Мен болдым осы күнде тірі ғарып.
Бір қағаз жандаралға жөнелтер ем,
Аяқсыз қалмас еді жетсе барып.
Жапалақ жарбаңдайды жар басында,
Немене жоқтың күні бар қасыңда.
Дос болып, қас қылғаннан сақта құдай,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына, – деп күңіренді.
Даладан бір тостаған сорпа, бір жапырақ ет келген жоқ. Құтпан балалары мұның қайда екенін біліп жатыр. Екі бала өздері де, аттары да қалжырап, жылап еңіреп жеткенде, бір сұмдықтың болғанын бәрі де сезген.
– Ох, түскен екен торға Жүсіпжан, – деген Шоңай. – Құтқаратын күш те, амал-айла да жоқ. Қараөткелдегі дос-жараннаң астыртын біліп еді, олар Иманжүсіптің абақтыға түскенінен хабарсыз боп шықты.
– Бәсе, бір-екі күннен бері оязнайдың маңайында ерсілі-қарсылы, аласапыран жүріс көбейіп кетіп еді. Райымханға көзім бір түскенде жүзі жайнап, қуанған адам тәрізді көрініп еді. Иті қасқыр алған ба мынаның, – деп қоя салып едім, – деді Балуан Шолақ.
***
Түрменің беретін тамағы күніне үш мезгіл үш тілім қара нан, үш тостаған қатықсыз қара көже.
Ауылым Қараөткелді жандай қонған,
Кешегі өткен күндер қандай болған.
Қазы, қарта жемейтін қайран басым
Түрменің қара наны балдай болған.
***
Бір күні апақ-сапақта Құтпан ауылына Пересыпкин бастаған он солдат сау етіп жетіп келді.
– Жүріңдер!
– Қайда?
– Қараөткелге.
– Онда не бар бізге..
– Не іздесең соның бәрі бар, – деп қарқ-қарқ күлді Пересыпкин.
– Кім-кім барамыз?
– Бәрің түгел. Бірің қалмай.
– Тоқсанға келген шал бара ма?
– Барады.
– Төсек тартып жатқан ауру ше?
– Ол кім?
– Ақшабай.
– Не ауру?
– Басын көтере алмайды. Тіл жоқ.
– Онда қатын-баласымен қалсын.
Шолақ ояз бен Райымхан болыс Иманжүсіпті қартайған әкесімен, туған-туысқандарымен, қатын-қалаш, бала-шағасымен байлап-матап, Жетісуға жер аударуға ұйғарған. Бұл туралы олар генерал-губернаторға да, Ішкі істер министрлігіне де айтуды керек деген жоқ, өйткені Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, патша әкімдерінің өздері де естерінен адасып қалған.
Иманжүсіп түгіл, бұдан зорға да бұрылуға мұрша жоқ оларда. Ақшабай әйелімен, он бес жасар Тұрсынбайымен, үшке шыққан Ақылбегімен жұртта қалды да, қалғаны түгел сыйғанша бір арабаға отырып, сыймағаны жаяу шұбырып айдауға түсті. Арбадағы – Құтпан шал, Шоңай мен Иманжүсіптің үсақ балалары. Шоңайдың өзі, қатыны, Зейнеп пен Бәтима, Дәулетхан, оның екі қарындасы Күләйім мен Күләнда – бәрі жаяу.
– Бәрімізді неге айдап келеді бұлар? Әлде куәға тартар ма екен? – дейді Шоңай ішінен.
Арбада жатқан Құтпан шал жүрегі бір сұмдықты сезгендей үһілей береді. Ақшабайдан басқасының есігі жабусыз, биесі сауусыз. малы бағусыз қала берді. Бар бас көтерері, Тұрсынбай, бұғанасы қатпаған жалғыз баланың қолынан не келеді. Ақшабайдың біреумен тілдесуге шамасы жоқ, бар кегін көзінен алғандай жылап-еңіреп, шала-жансар қалған.
Келген бетте Шоңайдың да қол-аяғына кісен түсті. Ертең жүргіземіз деген күні Шолақ ояз Иманжсіпті өзінің алдына шақыртыпты. Жауап емес, ояз басқармасының үкімін естірту екен.
– Жазаң атып тастауға тұрарлық, – деді Чулаков. – Бірақ Есіл бойында азамат, бірер рет дәмдес болып едік, әрі құрбы еді деп Райымхан мырза өлердегі сөзін айтып, сені аттырмады, өзім де сені өлімге қимадым. Бүкіл айналаңмен Жетісуға жер ауасың. Үкім осы.
Иманжүсіп ала көзімен атып жіберердей қарады Шолақ оязға. Тісін шықырлатып, артына байлаулы жұдырығын түйді. «Қап! Мына иттің қорлығы ай» деді тек ішінен.
Терезенің түбіндегі қамыстан тоқылған жұмсақ орындықта көзі күлімдеп, мұртын ширатып Райымхан отырған. Алғаш кірген бетте үй іші ала көлеңкелеу еді. Иманжүсіп оған көңіл бөлген жоқ-ты. Өзінің бір көзі жұмулы, сау көзін Шолақ оязға қадап қалған. Ол отырған Райымхан екенін жаңа білді. Бір қозғалып бұлқынып қалды. Әттең аяқ-қолды кісен, өнебойы қыл арқанмен шандулы. Қол бос болса, көрер еді екеуін де.
Соны сезгендей Чулаков есіктің сыртында тұрған солдаттарға айғай салды.
– Әкетіндер!
Екі солдат кіріп келіп ала жөнелді. Кісенін сылдырлатып, аяғын кібіртіктеп басып, Иманжүсіп шығып бара жатты.
***
Бәрінің ортасында қырып алар қызылы жоқ, арқасы жауыр көкшолаққа жеккен екі аяқты арба. Оған Құтпан мен денесін соққыдан әлі жинай алмай жатқан Иманжүсіп мінді. Олардың жанына көшке өз аяғымен ере алмайтын екі-үш жас бала жатқызылды. Одан басқасы жаяу. Түн ішінде, қала халқы төсегіне жатты-ау деген кезде Құтпанды бас қылып он екі адамды он солдат Қараөткелден айдап шықты да, жолға түсті. Беталысы күнгей жақ.
***
Иманжүсіп есін үш күн өткенде ғана жиды. Күңіреніп, өлеңдетіп барады. Даусы алдындағы Ботақара, Шешенқара, оң жақтағы Наршөккен, Қосағаш, сол жақтағы Қанқашты, Қызылтауға жетіп, естіген құлақты елең еткізеді. Сарыарқа қош аман бол, өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Тартысып ертеңді-кеш ұлықтармен,
Шұбырып маңдайымнан аққан терім.
Қызыл гүл райхан едім қолда ойнаған,
Дұшпанды ерегескен жай қоймаған.
Басыңнан бақыт таяр күн туғанда,
Төбеңе дұшпан шығып той тойлаған.
Тау-таудың аққан Есіл арасынан,
Тасқыны асып төгілген шарасынан.
Баянаула, Қызылтау, қош есен бол.
Бет жылынған барғанда панасынан.
Сарғайып ғарыптықтан азған жүзім,
Бүгіліп тартқан сымдай қайран белім.
Қаздай қалқып, үйректей жүзіп жүрген,
Қуандық пен Сүйіндік қайран елім.
Ботақара жолымда қаласың ба,
Ерейментау, Баянның арасында.
Аурулықтан Ақшабай қалып қойды
Бір ұя аш бөрінің арасында.
Мұнарланып көрінген бастарың-ай,
Қыздың жиған жүгіндей тастарың-ай.
Қайран таулар есіме түскен кезде,
Көзімнің Тия алмадым жастарын-ай.
Япыр-ай, нем бар еді көлге қарап,
Дұшпаннан кек алмадым сайран салып.
Барамын ішқұса боп, амал бар ма,
Теңбілкөк пен ақсауыт үйде қалып
Мен еліме бұл күнде қайта барсам,
Болыстың ауылына ойран салсам.
Бейнетқорды жылатып көрген жоқ ем,
Райымханды бір көріп басын алсам.