Бір ел – бір кітап

Қыран-қия

(поэма)

Бақаның бағынан
Сұңқардың соры артық.
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ

1

Қызғаныштың күйін күйттеп көбіміз,
қызығуды да ұмыт еттік тегі біз:
Шың бақыты – бұлт қонғаны деп кергіп,
көп күндерді бос кергумен өткердік,
Тағдыры артық жаралғаны жоқ есте –
тектілермен түстік талай егеске.
«Мен өсейін, деу үшін де, сен өспе», –
топырағың болу керек емес пе?!

Қара шыңға тоқтамады қар да ызғып.
Қарғып шыққан қадау шыңдар қалды үздік.
Күндегенмен қасиетіңді, қадау шың,
қасіретіңді түсінбедік, жалғыздық!

Тереңдіктер, сендер де асыл, сен де асыл,
Тебіренесің өзің терең болғасын –
Менсінбейсің, деп өкпе артқан көп ақын.
Тек көп ақын бізден терең болатын,
әрі бізден батылырақ еді олар,
ойлары да тілдеріне оралар
уыттырақ, болушы еді оттырақ
біз секілді болмады олар көп бірақ:
Гете, Пушкин, Цицеронның шалт үні
терең болып, теңіз болып шалқыды.
О, ұлы тау қыранының саңқылы,
Ұлы теңіз қаздарының қаңқылы.
Қалың жауды қысып берген қыссыз-ақ
Спартандар – жігіт еді үш жүз-ақ.
Ішінде оның қасапшы бар, молда бар –
Әрқайсысы бір тасқын боп долданар,
өз ісінің ақындары болды олар,
өз ішінің тереңдері болды олар,
өз ісінің биіктері болды олар.

Ал біз талай сөйледік-ау екпіндеп,
«тереңдіктер – батырады» деп күндеп,
түсінбеуде емес шығар бұл тіпті?
Тереңдікке ел баяғыда-ақ ынтықты:
Ауыздарға күзет қойып мылтықты,
біреу жұрттың көмейін де тінтіпті,
Тереңдікке ел баяғыда-ақ ынтықты.
Баяғыда-ақ қадірледі ел тереңді:
Галилей де кісі еді ғой беделді,
арман-ойын ұқтыра алмай – о да өлді.
Томас Мор да жігіт еді беделді –
өлмес аңыз болып қалды о да енді.
Ертегінің алтын балығы-сынды,
талай ғажап жақсылықты ұсынды:
Құмартқанмен түсінбеді ел тереңді,
о да ізінше тереңіне жөнелді.
Терең жайлы саяз тартты ірі ұғым,
мәз боламыз сондықтан да күні бір
әлдекімнің сулағанға жұлығын.

Шалшықтағы бақаларды көтереміз кісі ғып,
сұңқарлардың аздығы арқасында түсініп.
Тереңдікті қою үшін аулағырақ, өрірек,
қорқытамыз: «терең – батырады» – деп.
Жо-жоқ бәрі, мұның бәрі таза амал,
аман жүрген қасиеттен, қазадан,
біреу бүйдеп, біреу өйдеп құтылу
уақыттың алдындағы жазадан.
Тебірен, теңіз, толқындардың жалы, ағар,
ал қарауыт сұсты, қатал жағалар.
Толқын – теңіз еркелігі секілді,
еркелігі – еркеліктерге бара-бар
тәңірінің өзі ғана бағалар.
Ей, табиғат, бәрі сенің бір ісің,
таңдандыру – сенің барлық жұмысың,
бәрі, бәрі сенің рухың, түр-тұлғаң:
Жымиып бір күлген шақта мұртыңнан
желкіл қағып жез шудалы күн туған;
кезінде бір көңілің биік ұмтылған
Көмейіңнен көкке атылып шың туған;
шығып кеткен шағыңда өз ырқыңнан,
тасқын туған тар шатқалда жұлқынған.
Мың атауға бөлсек-тағы сыртыңнан –
бәрі, бәрі, бәрі сенің бір тұлғаң.
Табиғат-ай, қайырымды анам, қатты анам!
«Биік» деген талап бердің тек маған,
«терең» деген санат бердің тек маған,
Мезгіл – мұхит, мен жағада қап барам,
арман-асқар, мен далада қап барам
төбешіктер арасында қаптаған.
Шәкірт-сынды сөз көшірген тақтадан
мен, мен саған жалтақтағыш боп барам…
Теңіздің тек гуілі үшін мақтанам,
тек таулардың биігі үшін мақтанам!

2

Тас тұғырда тұрған мүсін жалаңбас
Александр Матросов деген жас.
Иек көтеріп атай салса ел атын құр,
Содан да сен сезінесің жақындық,
талаптарда, тағдырларда не түрлі
әйтеуір, бір сенген жаның секілді:
Тентіресіп теңізде, не құрлықта
түсініскен жаның-сынды бір мықтап,
Ерлік деген құдіретті сөзге сол
сенбес едің – түбі өлерің сезбесең,
бір-ақ сөзден қозбаса егер делебең
шаппас едік: сен – қара тас,
мен – емен.
Естімепті ерлері жоқ елді ешкім –
ортасында қырық бес пен он бестің
қалай шыңылдай-тұғынын ақ алмас.
Анау тұрған тас мүсінге жалаң бас,
ей, замандас, бөркіңді алып амандас!
Маған, саған не ауылдас, не қандас
сондықтан да Матросов деген жас.

Александр Матросов деген жас!
…Сонау жылы оқ бораған ақ таңда
кеудесімен дзот аузын жапқанда –
өлетінін білмеді ме ол сонда?
Жо-жоқ, достым, қанша солдат болсаң да,
бұйрық – бұйрық болса-дағы қаншама,
қуанар ед, әттең, тірі қалса о да!
Бұйрық емес оққа айдаған сонда оны,
устав та емес – устав қатал болса да.
Аңыз болған өлгені емес, жеңгені:
Сырттай ғана қызықтырар пендені,
мақтан етер көп алдында өлгенін
ақ көздік те емес есер жел-көңіл,
өлім, өмір шарпысқанда көлеңкелер болды елес,
елес жайлап, ес кірмеді пендеге еш?
Емес, емес, емес, емес, ол да емес.
Сыя алмайтын бөтен тудың астына,
дұшпандардың көз жауын ап, қас қыла,
күмбездердің алтынымен жарқырап
оның-дағы тұрды артында Москва.
Отқа қарсы ұмтылғанда бұлшықтар мен топшылар
көпті бастап өлем деген жоқ шығар,
Өлмеу мүмкін болмаса да қаншама
тойлар еді-ау, шіркін, тірі қалса о да!
Өлім қаупін сезді және соқты сәт,
бір лап етіп өшетұғын от құсап,
лапылдатып көтерді оны кек күші,
келді содан бәрін бір-ақ төккісі –
бірақ олай жана алмайды көп кісі,
бірақ олай сөне алмайды көп кісі.
Сүйді өмірді ол, қадірлей де білді аса,
қадірлеу ғой – осыншама бұлдаса!
Қан таспаса – етік ұлтар, тас қаша,
қан көтерді – жігіт көңілі тасты аса:
Не қылады, өшіккен жау өзі біліп қашпаса,
көкірегімен жаба салды дзотты,
Матросов өле алмады басқаша!
Матросов өле алмады басқаша!
Күнге ұмтылған бұлтты жарып тұңғыш ақ,
шыңғырып бір шықты тұңғыш шың құсап,
оқыс ерлік жасалды бір, бітті ұлы іс –
ал аспан ше?
Баяғыдай, тып-тыныш.

Аспан тыныш.
Қара нөсер өтпегендей күркірлі,
тек бала-гүл жүзі балбұл құлпырды,
тек тұлпарлар ізіне қақ іркілді.
Ешкім ерлік жасамаған сықылды,
Матросов тумағандай бір түрлі.
Қар, мұзының күмісімен сыңғырап,
Көкке атылып тұр баяғы шың бірақ –
ерсілік қой шырқау шыққан шың ісі,
ерсілік қой, ерсілік қой мұнысы?!
Ерсі көріп жүрміз әлі көп істі,
ерсі көріп қартайдық біз соғысты.
Соғысты біз ерсі көрсек, ол да ісі
уақыттың,
бейбіт күннің белгісі
батыр боп та келмесе елдің өлгісі.
Миымызға сыйғыза алмай тершідік,
арамыздан талай-талай ер шығып.
Судың ызғып бұрқағаны – ерсілік,
шыңның үздік шырқағаны – ерсілік.
Жақсы іс етсем – мен де ерсілік сезінем,
ерсі көрген көп көздерге кезігем:
Расында шыңның ерсі тұлғасы,
қараса егер төбелердің көзімен.
Ерлік үшін, ерсілікке бара сал
елің үшін бір пайдаға жарасаң.
Матросов ерлігі, рас, ерсілік
қорқақтардың көкейімен қарасаң.
Шола білер жітілікпен, тездікпен
ер жігітке білек емес, көз біткен:
Аласаны аялаған кісілер
биіктің де қасиетін түсінер.
Ерліктерді мақтан ете де алады
аяушылар қорқақтардың жанарын;
ер есімі болар еді далбаса
осалдар мен қорғаншақтар болмаса;
жараспас ед шыңды – шың деп мақтаса
бауырында көктөбелер жатпаса;
мұның бәрі табиғи жай боп кетті,
ал табғиат шімірікпес көкбет бір:
Шыңда – түк жоқ,
көктөбелер көктеп тұр!

Шыңға бұлт та тоқтамайды – атағы,
сол атағы көктөбеге батады:
атақ – ерсі көрінеді, себебі,
себебі шың күндемейді төбені.
Үре алмайсың деп сөгетін сырттанды,
күндемеудің өзі ерсілік жұртқа әлгі.
Айналайын қасиетті топырақ,
мұнша мол ғып туармысың қырттарды!
Беріктердің бет түгі де болар тік,
тікшіл басқа көз береді алартып.
Батыр айтты: «Бақалардың бағынан,
сұңқарлардың соры артық!»

3

Тамадасы тілінен бал өндірген
бір әдемі отырысты көрдім мен.
Шарап, шампан – шала қыздырады деп,
бастап кеттік «күрең» менен «мөлдірден».
Үй иесі жомарт кедей – жігіт жас
жағалатты бас, жілік, сүбе, жамбас.
Шілдехана – өткізген той көп елім –
шыңға мегзеп атын қойдық төбенің:
Бауыржан деп атадық біз жас ұлды,
бір минутқа сыйғызғандай ғасырды
мәз болыстық, жақсы ат қойдық ұлға деп,
Бауыржандай батыр болсын бұл да деп,
босатыстық тағы бір-бір ыдысты
(тартыншақтау жігіт еді – бұ да ішті).
Сонда біреу Бауыржанды көргендігін мақтан ғып:
«Мұрты ерсі екен тым сертиген» деп қалды,
күлді жігіт: «Келеді екен сәнімен,
жолын тосып тұрып қолын алып ем».
Ал, шынылар, сыңғырап қал, сыңсып қал:
«Оттап!» деді бір зор дауыс тұншыққан.
«Аруаққа тіл тигіздің» деп сонсоң
зор жұдырық қойды әлгіні тұмсықтан.
Жұдырықтың иесі еді жас адам
бала әкесі шілдехана жасаған.
«Әлдеқалай шыққан сөзге бола бір
үй иесі ұра ма екен қонағын», –
деп бір аға басын шайқап қынжылды,
«Артық болды-ау: артық болды, қарағым»
Өз қонағын өзі жыққан соққыға
жас әкені сөкпеді жұрт.
Ғажабы:
келіншегі таяқ жеген еріне
күбір етті: «Керегі сол, аз әлі».
Болды-ау, сірә, тіс жағынан бір шығын,
әлгі жігіт қысып ұстап тұмсығын:
«Кешіріңдер!» – деді иіліп-бағына,
сонсоң шығып жүре берді.
Тағы да
қызды отырыс. Ақтады жұрт жабыла:
«Кінәсі жоқ, мақтанайын деді ол
Бауыржанның қолын ұстағанына».
Үй иесі иегінен тер шығып:
«Кешіріңдер! Болды, деді, ерсілік».
«Мұрты ерсі екен тым сертиген», – деп күлген
сол жігітті шын түсініп кеттім мен:
Жек көргеннен айтқан жоқ ол тегінде,
өзінің де келе жатқан тебіндеп
мұрты бар-ды, сылап еді бір тынбай –
болса-ау деген Бауыржанның мұртындай
дайын тұрар тікірейе кетуге.
Еліктеуден өзге түк жоқ ниетінде,
мұртта тұрған мәселе жоқ – анық бұл.
Бұл да махаббаты шығар халықтың?
Кінә жоқ қой махаббатқа тағар түк,
махаббатпен алды ол бәрін ағартып!
Кез келген сол сордан… сордан…
Дегенмен,
әй, дегенмен, сұңқардың да бағы артық.
Сақтаныңдар, сақтаныңдар, ағайын,
байқап, байқап мақтаныңдар, ағайын.
Бауыржанмен мақтанып қал қалай да,
бірақ, бірақ… тұмсығыңды абайла.
Ерсі деген бір сөз үшін төзбеген,
қонағының тұмсық тұсын көздеген.
Қызулырақ жігіт екен өзгеден,
асығыстау жігіт екен өзгеден –
нәрестесін Бауыржан деп атағанда-ақ сезген ем.
Табиғаттың ерсілігі ырқыңа
көнбесе егер шырқыра, дос, шырқыра!
Ал ұғымдар ерсілігі молырақ
батырлардың ерсі біткен мұртынан:
Жалқы жігіт байлау болса – ол да ерсі,
Жалғыз жілік майлау болса ол да ерсі…

Әзір тірі жүрген Қаныш, Ғанилар,
ал сендер ше? Сендер ше?!
Мықты екенсің, тоғышарлық таразы,
төбелерді сол тауларға теңгерші!
Қара шыңға қараймыз тек құмартып,
шыңнан төбе жағдайы да мың артық.
Жағдайменен өлшер бәрін бұ заман,
жо-жоқ, әсер ете алмайсыз сіз оған.
Жарыла алмай жүр біреулер ызадан,
ал өз басым тек ұяттан қызарам.
Мен өзім де суырылған қынабынан
семсер сынды жалт еткенге табынам.
Табынамын – хаққа да аян, ханға аян –
жалынды әнші шырқаса да қандай ән,
қалам емес, қанжарлармен қол қоям.
Ала шыңға «дінім» үшін табынам,
көктөбеге күнім үшін мал жаям…
Мен де қашпан мақтан деген сайтаннан,
бірақ Бауыржан секілді батырдың
қолын алдым деп айта алман.

Өйткені ерді көрдім десем, өр өңін
арзандатып алатындай көремін.
Жаяу соқпақ тапсам-дағы мың ұры
шыңға шықпас едім деймін ғұмыры,
Өйткені шың қасиеті не түрлі –
епке салып мен шықсам сол биіктік –
аласарып қалатұғын секілді.

4

Алатауға күн қонғанда қырындап,
бір торғайым оянып ед шырылдап;
байтал-үміт қаша берді шыбындап –
қуып бердім құрық ап,
еңбегімді еріндіктеп мініп ап.
Талап қудым күнін жалғап түнімен,
мансап үшін жасағам жоқ мұны мен –
биікпін деу – ұят дейтін
биіктің
«Мен» – дей алар правосын қуып ем.
Заң жүзінде жазылмаған бірақ ол,
іздеу, іздеу – менің барлық правом.
Қалай іздеу?
Қайдан іздеу? – ол жағын
шеше алады тәуекелім, болжалым.
Отыншыдан танып-білсем орманды,
Отанымды танығаным сол мәңгі.
Сонда тапқан сезіміммен, затыммен
саған деген адал махаббатыммен
шыңға жауған жас қардай
қара шыңның қаһарынан жасқанбай,
Бауыржанның атағынан жасқанбай,
тура қарап отты көзге құдірет –
қолын қыссам деп ем ерке даңқтың
«Асса-лау-ма-ғалайкүм!» деп бір рет!
Бірақ арзан бақытқа мен көнбеймін,
ел – қазақтың болсын мейлі кең бейілі,
дейді, дейді кеңдігінен ел дейді:
Іріліктің кішілікке жасайтын
кеңшілігін пайдаландың сен дейді,
сондықтан да көнбеймін мен, көнбеймін,
кішіпейіл жан-ақ болсын ол мейлі –
бетсіздікпен қолын алып, батырды
аласартқым келмейді!
Өйткені мен Бауыржанның даңқы үшін,
биіктігі үшін осы даңқтың
есеп берем естіге де малғұнға:
алғы күннің, аңыздардың алдында
бейнеттердің, парыздардың алдында.
Ауа болып тараса атақ аспанға,
тау-тастарға сіңуі үшін жаңғырық
әр ісімнің иін мықтап қандырып,
созу үшін азабыңды да ән ғылып
тердің өзін төксем деймін қан қылып!
Момышұлы қанын төгіп ел үшін
тас-тағдырдан тартып алды жеңісін.
Домбыраны, күректі де соққылап,
мен тер төгем – әлі жеңіс жоқ бірақ –
әй, обал-ау, обал, обал, обал бұл:
қаннан судың арзандығын содан біл.
Күйіп-пісіп көмір қаздым, салып ән,
жаным менің жарылды ылғи ағынан,
«балта озбайды, деседі ғой, сабынан» –
жоқ, мен озам!
Бір жауынгер жеңсе – ермін,
себебі мен балта емеспін, семсермін.
«Балта озбайды; десе-десін, сабынан»,
қан жұғады суырылған семсерге,
сондықтан мен қынабымнан табылам;
бейбіт күнде суырылып неғылам?!
Сондықтан да тер төккендер атынан
қан төккенге табынам!
Теңіз де – ерлік,
шың да – ерлік,
шың көрінсе – мен де қалам бір кергіп.
Айналсоқтап танитын өз қорасын
сен – түйесің қарашыл,
табыну мен бағынудың арасын,
жағыну мен арылудың арасын
айыра алмай, сорлы болып барасың!
Рас, рас, табынудың түрі көп:
Түсінбесем, сені де
сыйламас ем, құдірет!
Сенің-дағы қолыңды алу – керек ед,
«Асса-лаума-ғалайкүм» деп бір рет!
Оған дейін момын жанмын мен аса,
мінез-құлқым ішкенде де тамаша.
Жел жағына шыққан емен бұл жұрттың,
бұлтты күнгі ымырт сынды жым-жыртпын.
Сәл ұға алмай жүрген кезі мені елдің
бағы шығар, бәлкім, жабы-көбеңнің!?
Бұдан өзге, сірә, маған тағар түк
кінә да жоқ – жуар едім ағартып.
Сордан, сордан, сордан, сордан дегенмен,
әй, дегенмен сұңқардың да бағы артық.
…Көзі бітік біреу маған, көңілі өлі
«Тұмылдырық киген жансың сен!» – деді.
Шыдадым тек тәрбиеммен, тегіммен –
«Тұмылдырықты ит киеді» – дедім мен.
Қайрайды ғой деймін, сірә, ол аға,
жасықтарды қайрамаса бола ма.
Сөзге бола егеспейік, құрысын,
кигізгесін – кигізші, аға, дұрысын,
тым құрыса, киейінші томаға!

 

5

Халық қана туғызады алыпты,
сен халықтың алыптығын таныттың.
Есіміңді қадірлейді ел, хас батыр,
сен де сыйла ықыласын халықтың.

Көкірегің өз халқыңа сенеді
ерді – сенім жасайды ғой, себебі,
сенің ісің, туған жердің емені
басқалардан қуаттырақ келеді.

Басар жанның әрбір батыл, ірі адым
желкесінде көзбен шолып қырағы,
әрқашан да Москвасы тұрады…
Сен – шың болсаң,
Халық дана – кең дала,
сені туған топырақ сол толғана.
Өзен болсаң,
халық – құяр теңізді,
қанша бұрқап аққанымен долдана,
қанша екпіндеп ұрғаныңмен жарға мың
еркіндік деп түсінеді ел бәрі-бәрін,
еркелік деп қабылдайды қалғанын.
Сағымыңмен, мұнарыңмен сәл ғана
жар-жағадан биікпін деп паңдана
алыс көзді, аз-заматым, алдама!
Сонша шолып керегі жоқ шалғайды,
балаға әйгі, шалға әйгі:
Ер өзінің арынан биік болмайды,
су өзінің жарынан биік болмайды.

Ал, төбелер, тауды күндеуге ыңғайлан,
бәсекесіз туа алмайды бұл майдан:
Туар еді бәсекесіз тау қайдан,
шығар еді шың қайдан?!
Бізде-дағы қыжыл болған, бір кештік
қызу аулап қыздармен де бір өстік,
жолы болған жолдаспен де бірге өстік,
Олжаспен де бірге өстік –
сездіретін сезбесті,
білдіретін білместі,
жаса, жаса, дүниедегі бәсеке,
бәсеке тек болмаса екен күндестік!
Күндестік, көк түтініңді әрі аунат,
тек тап-таза жалыныңды алаулат!
Жел, сенің де жетпей қалар дәрменің
жанған шақта жарқырап бір жан – көңіл…
көңілдің бір шағы ма екен әлде бұл?
Шақырды алыс арман, мақсат, ой ымдап,
менің сұйық шашым да енді қойылмақ.
Мен қойылдым,
сен де, достым, қойың бақ!
Мықтылардың уайымын уайымдап,
өз жеңісімді өзім келем дайындап –
бәрін, бәрін елден бұрын мойындап.
Әділетке, адалдыққа сүйенген
Өнердегі «күндестерді» сүйем мен!
Біреуі оның сиыр емген тұлпар-тай,
екіншісі бұзау-торпақ бие емген:
екеуі де сүт емген ғой, сүт емген:
сүт емгендер, айналайын киеңнен!
Сүт бердім мен жалқы ұлыма – білесің,
сол көңілмен таңдап қойдым бір есім,
Абай айтты: «Болмасаң да ұсап бақ».
Мысқалдадық ісімізді –
бір-ақ өлшеу орынына құшақтап.
Таңдадық біз ұлымызға ұлы есім,
ең болмаса есімдері кетпесін деп ұсақтап.
Қыз өсірдік – қыз айрылды сабырдан,
Ұл өсірдік – біз айрылдық сабырдан.
Тентек ұлым! Телпегінен қағынған,
есіміңнің арқасында сал ырғаң!

Халқымыздың ақ тілегі, пәк көңілі
талай Сәбит, Мұхтарларды ап келді,
Ер болмай жүр біреу, әттең, әттең бір
Қобыланды деген қоңқақ атпен де.
Бір Қыз Жібек отыр, әне, тас қалап,
бір Төлеген – редактор баспада.
Басқаларды кетсе кейде ел баспалап,
батырларға деген пейлі басқарақ.
Шешендерді шаршы топқа шығарып,
батырлардың жолын тосқан дұға ғып,
…Халық – ана, дария ғой бұл өзі,
дария тасса дарақылау мінезі;
бетінде ұсақ шөп-шаламы ойнайды,
ал түбінде – ақыл, арман, ой, қайғы.
Бәрібір ол бұрқануын қоймайды,
бұрқап-бұрқап ұл табуын қоймайды.
Міне, халық!
Батыр аты осы айғақ:
Бетке қаны тепкенде ойнап қос оймақ,
батыры бар ел бәрін де жасайды-ақ;
батыры бар – Бауыржаны бар елдің
бұлбұлдары өлу керек, не сайрап,
ұл-қыздары өсу керек масайрап!
Торғай ұя салса зеңбірек – көмейге,
бейбіт күннің масайрағаны емей не!
Масайрау да емес бізге жат онша!
Қара сөздер қаланса егер мақалша,
ұл-қыздары Майра, Тельман атанса,
Мәншүк болып, Әлия боп атанса.
Арманшылдар, аңсағаныңды алып қал!
Алғыс айтам халыққа
үміт еткені үшін атақ-даңқтан!
Қаны бар ел жібермейтін үлесін
сәбиіне таңдап қояр ірі есім.
Мен – халқымды мақтан етем қашаннан:
Көсемдігі – тіл мен жақтан жасалған,
есерлігі – ерліктерден жасалған,
қыңырлығы – қайырымнан жасалған
бар ұрлығы – барымтадан бас алған,
көңілімен көл-көсір,
батагөйі – Бұқарларымен қосып,
Құрманғазы, Біржандарымен қосып,
мен – халқымды мақтан етем қашаннан!
Ұлдарының бірі – күйші,
өр бірі,
өр келеді ерлік түгіл қорлығы.
Қызын – Күләш атағаны ерлігі,
ұлын – Бауыржан атаса ерлігі –
соның бәрі денсаулығы халықтың,
үміті мен дәмесінің зорлығы!
Көкейлерге құпия үміт мол бұққан,–
Қасымы көп сондықтан,
Жамбылы көп сондықтан.

…Бір Бауыржан атқа мінді,
енді ептеп
бір Бауыржан барады, әне, еңбектеп.
Бір Бауыржан тракторын жүр айдап,
бір Бауыржан қой айдап жүр құрайлап.
Сұңқар біткен бақытты ғой былай да,
«Өзі батыр, өзі тірі Бауыржан» –
қариялар қуанады мұны ойлап.
Көк бұлақтар шаш өреді бұралап:
әрбір талын хақ нұрынан құрап ап,
жыра кернеп, сайға құлап жыламақ
құлағаны үшін шыңды кінәлап.
Ал тау жатыр бұлт арқалап тұралап.
Жарты әлемді басып алған етпеттеп
таулар сондай,
төбелер көп, көп-көп-көп,
бірақ менің Алатауым біреу-ақ.
Табанымен жер тарпиды тұра қап
мама ағашта тағы да бір күрең ат:
О, аналар, тектілерді төкпектет,
өссін, өссін Бауыржандар көп-көп-көп.
Кім біледі, шығар, бәлкім ісімен
бір Бауыржан – Бауыржандар ішінен,
ал әзірше Момышұлы біреу-ақ.

 

6

Күй келгенде – күйші туған деседі,
күңіренгенде – жыршы туған деседі,
гүлденгенде – дарын туған деседі,
ал кей кезде ел бәрін туған деседі.
Есебі бір, есебі бір, есебі –
қатар шапса тұлпары мен есегі.

Намыс қорлап, батқан шақта мұңға анық
батырларды туған дейді бұл халық –
сол деседі ер ұлына
халықтың
қарайтыны кәрі анадай бұлданып.
Бұлдану да ерлік дер ем,
мен мұны
үлгі етер ем аналарға ендігі,
Өйткені сол бұлданудың артында
мақтаныштың жататыны белгілі,
бәрін қоссаң – елдің нағыз елдігі,
Жыршы десе – жадырайды қас-қабақ,
күйші десе – жадырайды қас-қабақ
бәр-бәріне құрмет басқа, басқа бақ,
батырларға пейіл бірақ басқарақ!
Батыр тауып бұлданса ана ақ үміт,
ақ батасын берген халық жабылып.
Бауыржанды тапқан ана өлсе егер,
өлген шығар мақтаныштан жарылып!
Бауыржанды тапқан ана көп онша
мақтанбаса не әйелше, адамша,
болғандығы оның нағыз ұлы ана,
топырақтың өзі-сынды ғұлама:
Еменді де туған топырақ қоп-қоңыр,
ебелекті туған жер де қоп-қоңыр;
қоңыр мұңмен, қоңыр оймен өтті өмір,
айналайын, халқым менің, ақ көңіл!
Емен тудым деп жарылса ақ топырақ,
ербеңдер ем ебелек боп жатып-ақ,
бірақ, бірақ сол баяғы топырақ
жарылмайды, сөгілмейді қақырап.
Қолтығынан қақырап жүр жігіт көп
әрбір шала туған күйін үгіттеп,
әлдекімді, әлденені жібітпек.
Сортаң жерге құйған сынды гүл езіп,
дарымайтын ем болып жүр бұл өзі,
өйткені бұл жат тіршілік,
бұл емес
біздің қоңыр топырақтың мінезі.
Қоңырлықты – момындық деп түсініп
талай есер жау шапқанда ісініп –
тас боп ұйып қатырғанбыз бір ұрып,
құм боп кейде жібергенбіз сіңіріп.
Бізде жаудың жарасы бар, жоқ ізі –
шайып кеткен ән мен аңыз теңізі.
Қоңыр шапан қоңыр тұмақ, қоңыр бұлт,
қоңыр топырақ – сол баяғы негізі.
Сондықтан да қайғырмайды көп ана
таптық-ау деп мылжыңдарды көкала.
Сондықтан да елден ерек шатырын
тіккен емес тапқандар да батыр ұл.
Мақтанбаса Бауыржанның да анасы –
топыраққа тартқан шығар, шамасы?

 

7

Биікпін деп мақтанбаса тау ұлы,
мақтанбаса мықтымын деп дауылы,
Үн қатпайды қыран тапқан топырақ,
ал көршінің қыт-қыттайды тауығы.
Содан бізде құстар өсті жетім кіл –
бәрін туған инкубатор секілді,
мінезі жоқ, құс иісі жоқ, жоқ тегі.
Ұл тапқанда хиссадағы бір ана:
«тексіздіктен сақта, тағдыр», – деп пе еді?!
«Тек» деген сөз – киелі сөз, сөз асыл,
тегім десең – тұлпар болып озасың,

тегім десең – арқа болып қозасың,
«тек» деген сөз – қасиетті сөз асыл.
Тегім менің – топырағым деп біліп,
күш көрсетсе жігіт – міне, тектілік!
Үзік-үзік ұғымдардан он құрап
шоқалдарға бөлу емес ол бірақ.
Туған жер деп аталатын сонша алып
түсінікті қорғау керек жан салып!
Сөз төркіні ұқсас шықты демесең,
күңк-шүңк етіп бірер шалмен кеңесер
алақандай сенің ауылың емес ол,
алақандай менің ауылым емес ол,
Туған жер – ойдағының зор бәрі:
Теңіз, тауы, өзен, құмы, сорлары,
әрбір тасы, әр қабағы
нулы алап
Матросов қорғаған жер – «уралап».
Қайдан бөтен жер болады ол,
әр дөңін
Момышұлы қорғап қалса ту қадап?!
Демек әр дөң – күллі Совет Одағы,
демек бәрі – менің жерім болады!
Төбелерді аласа деп сөкпе көп –
төбе сенің көлеңкеңде көктемек.
Көк жібекті жуған сынды сабындап –
бұлақ та сол көлеңкеңнен табылмақ.
Күн көзіне түсеміз деп жігер ғып
көлеңке жақ көктеп жатса, бұ да – ерлік.
Ерлік мәні кейде кісі күлерлік,
себебі тым арзандатып жібердік,
арзандықтан сақта, тағдыр, сақтасаң,
сақтамасаң тағы өзің біл,
ап қашам
үлкен жанның жалғыз ауыз сөзін мен
сақтау үшін өзге түгіл өзімнен,
сол үшін мен күні-түні көз ілмен
сөз асылын ұстағанша, ойы асыл
ойшылдың да оятамын оясын!
Оған шейін: «Бақалардың бағынан
сұңқарлардың соры артық», – деп қағынам.
Сұңқарлар да жатыр өтіп – қалды аты,
бақалар да жатыр өтіп…
Алматы
бәрін-берін көрген қала, біз бірақ
сөйлеп кеттік қызды-қызды, қыздылап.
Түтеп берсе – сөз деген де тасқын, ә,
сыя алмайтын ақылдың да астына.
Енді мүлде шегінерге жерім жоқ,
менің-дағы көк желкемде – Москва.
Бола ма екен ел батырсыз, жер мүксіз,
әр мүк үшін бір-бір әке бердік біз
сол майданға!
Бірақ, бірақ ең мықты іс,
Ештеңе де бергеміз жоқ ерліксіз!
Міне, осындай советтердің ұлы елі,
қорқағы да қорғануды біледі.
О, Туған жер!
Қам ойла, тек қайғы алма,
әрбір бұтаң үшін түсем майданға,
Иә, иә, кәдімгі сол майданға:
Матросов өліп қайтқан майданға,
Момышұлы жеңіп қайтқан майданға
шыға алам мен намысы үшін кекті ердің
ақ қанатты дауысы үшін кептердің
бейбіт, тыныш сыбыры үшін шөптердің
бозторғайдың шырылы үшін таңдағы,
көргім келетіні үшін алдағы
бейбіт күннің тер қартайтқан шалдарын:
жат жұрттықтың жаны түгіл шаңының
мизам – жіпке түспеуі үшін салмағы –
сен де, мен де – келеміз ғой тер төгіп,
отпен емес, қанымызбен өртеніп!
Ей, күрең қан, өртен, бірақ құрғама,
тек тамырдың бойымен-ақ, сырғана.
Су емессің бұзып ағар арнасын,
мен де арнамнан шыққан емен.
Мұнда да
жасықтығым шығар, бәлкім, тыңда, аға:
Бауыржанға қараймын мен ұрлана
дәліздердің алыс түкпір басынан,
соның өзін жалпы жұрттан жасырам –
көрдім десем хас батырды қасынан,
қарғып тұрып ұратындай бір бала…

1981 жыл.

«Алтын қалам» сериясымен шыққан «Жұмекен Нәжімеденов»

өлеңдер мен поэмалар кітабынан (Алматы, «Ан Арыс», 2010 жыл) алынды.

Добавить комментарий