Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасына қатысып, Алматы қаласына шығармашылық сапармен барған павлодарлық жазушы Жанасыл Серікболдың «Сарсаң» романы кітабы жарық көрді. Романнан бөлек, бірнеше новелла, әңгіме, очерк енген жинақ – қаламгердің тырнақалды туындысы. Жерлесімізді шығармашылықтағы жаңа белесімен құттықтай отыра, оқырман назарына «Сарсаң» романынан үзінді ұсынамыз.
«Cарсаң»
(романнан үзінді)
…Ол сондай қағілез. Әдетте, ауылдан жаңадан келген жігіттер ұяң, жасқаншақ болады. Бірақ ол бірден барлық шаруаның жайын тез ұғынып, игеріп кетті. «Ауылдарыңда кафе болған ба, сонда істеп көргенсің бе?» дегенімде, әзілге бұрып бірдеңе дей салды. Нақты не айтқаны есімде жоқ. Мен бұнда істеп жүргеніме көп болды, ол кезде іші әлдеқайда тар, жұпыны болатын. Күзет те жоқ еді, кезбелердің бәрі келіп, таңдайларын жібітіп, рахметін айтып кетіп жататын. Үлкен даңғылдың бойымен келе жатып солға бұрылған тұстағы қалтарыс көшенің бойындағы кафе қазір бәріне таныс. Қазір іші де кеңейіп, күзет қойылып, музыка қосылып көңілді болып қалды. Содан кейін жұмысымыз біршама қиындап, жауапкершілік арта түсті. Администраторымыздан да маза қашып, күйгелектеніп жүретін болды. Айтуынша, бұдан былай қожайын күн сайын келіп қадағалуы мүмкін. Өткен аптада бір кексе еркек келіп шу шығарып, әрең құтылғанбыз. Нағыз қырсық, пәлеқордың өзі екен. «Осы жерден жеген шашлыктан уланып қалдым» деп қасарысып тұрып алды. Оны қайда не ішіп жүргенін кім біліпті, есінде қалғаны біз болсақ керек. Админстратор қатты ашуланып, қонақтардың көзінше жер-жебірімізге жетті. Сосын оған жылы жүзбен қарап:
– Сіз бізді осы жолы кешіріңіз! Алдағы күндері үш рет келіп тегін тамақ ішіп, шөл қандырыңыз, – деді қиылып. Ол кеңқолтық танытып осы ұсынысқа көнді. Кафенің жаздық бұрышы ашылғанына көп болған жоқ еді соған барып асықпай жайғасты да:
– Бір бокал сыра! – деді сызданып.
– Тағы не қалайсыз?
– Болды, ештеңе керек емес.
Өзім осы кафеге әбден бауыр басып қалдым. Енді ешқайда бара алмайтын сияқтымын. Өзге кафелерге барсам, даяшылық ете алмай қалатындай сезінем. Оны бірде оған да айттым. Жастау ғой, менің бұл сөзімді аса түсінбесе керек күлді де қойды. Бұны айтқан кезімде ол жұмысын бастап жатқанына небәрі екі аптадай ғана болған. Жаңадан келген жас балаға не үшін бұлай бүлк етіп сыр айта қалғанымды өзім де түсінбей қалдым. Сосын дереу жиналып:
– Әне, екеуі келді, бар да тапсырыс қабылда! – дедім. Иә, ол бәрін жылдам игеріп, даяшылық жұмысты тез үйренді. Қонақтармен сөйлесуінде мін жоқ, ең бастысы күні бойы тынбай жүрсе де, еш шаршамайды. Келген екеу ер мен әйел еді. Сыра айттырыпты. Басқа ештеңе қажет емес көрінеді. Тамақ ұсынған екен, «Сосын көреміз» депті. Бұл – оның алғашқы тапсырыс қабылдауы болатын.
Бір күні кафе жабылған соң екеуміз ғана қалдық. Мен кезекші болғандықтан, оның да қалуын өтіндім. «Бұл да – сен үшін үлкен тәжірибе» деп қадап айттым. Ол әлбетте қарсы болған жоқ. Сосын бәрі қош айтысып, шығып кеткен соң, кафені іштен құлыптап алып, жинастыруға кірістік. Бұл жалпы аса көп уақытқа созылатын жұмыс емес, дегенмен, түн ортасында бәрінің соңында қалып, күйбеңдеп жүру ауыр-ақ. Үстелдердің орындығын жинап, тазалап болдық, отырып демалдық.
– Қалған шаруаны өзің-ақ тындырып тастайтын шағырсың? – дедім жүзіне барлай қарап. Ол жіпсіген маңдайын жеңімен сүртіп тұрып басын изеді. Қанша жас болса да бүгін аздап шаршағаны байқалады.
– Алматыға қашан келдің? – дедім. Бұл жолы оның өміріне расымен қызықтым. Бізде жасы одан кішісі жоқ. Бәрі өмір соқпақтарын әлдеқашан бастап кеткендер. Бәрі де үлкен даңғылдан солға бұрылып келіп тар көшенің бойынадағы осы кафеден нәпақаларын тауып жүр.
– Көп болған жоқ. Биыл бірінші курспын, –деді.
– Студентсің бе? Ал, оқу ше?
– Оқуға түк қиналып жүргем жоқ. Сондықтан, бірнеше ай жұмыс істеп ақша тауып алсам болды. Кафе ішінде дауысын ақырындатып, музыка қойып қойғанбыз. Кезекшілікте қалғандардың барлығы сөйтеді. Құр сүлдерін әйтеуір бір нәрсеге сүйеп жүруі үшін қосып қояды.
– Ал, сіз қашан Алматыға келіп едіңіз? – деді ол. Оған бірден «Мен туралы сұрауың үшін әлі көп уақыт өтуі керек» деп қырсыққым келді. Алайда, олай істегем жоқ. Алматылық екенімді айттым.
***
Оның алматылық екенін білген соң одан сайын жақын болуға тырыстым. Алматылық болса қаланың қыр-сырына қанық болуы тиіс. Ең берісі қай жерге барып қыдырып демалу керек? Қай жерден арзан киім сатып алуға болатындығын да біліп аламын. Алғаш рет кезекшілік атқаруға қалған түні мен расымен шаршаған едім. Екі аптадан бері алғаш рет шаршауым. Естуімше, алғашқы айды тегін істеймін. Үйрену айы деп қожайын ештеңе төлемейді екен. Ал, шындығында тез үйренгенімді, дайын екенімді кімге айтамын? Қожайын болса жоқ, администратор ақша мәселесін шеше алмайды, оныкі тек біздің жұмысымызды қадағалау.
– Мен қашаннан бастап ақша алам? – дедім. Жанна үндеген жоқ. Екеуміз қалған екі үстелді бөліп алып, жуып шайып жатқанбыз. Сабын көпіршіген алақанын таза суға жуып жатып, тершіген маңдайын сүрткен ол, алакөлекеде маған барлай қарап:
– Асықпа! Бастысы бәрін жақсылап үйреніп ал! – деді. Кезекшілік кезінде жарық жағуға болмайды деген шарт бұрыннан бар екен. Тек, көшенің жарығынан ғана үміттіміз. Кезекші сырттан жарық молырақ түсу үшін пердені кеңірек ысырып қояды. Бұрылыстағы, тарлау көше болса да көлік көп өтеді, адамдар да көп жүреді. Алғашқы кезекшілігімді атқарған күні де түн ортасы болса да адамдар көп жүрді. Жалғыз да, тобымен жүргендер де көп болды. Әрбір орындықты үстел үстіне қойған сайын сырт жаққа бір көз салып қоям. Көлік үні де, адам аяғы да үзілген жоқ. Жақын өткендерінің өкшесі басқан қар сықырлап естіліп те қалады. Демдері бұрқырап, құлақтарын жағаларымен қорғап бара жатқандарына қарағанда аяз да бар секілді. Жанна үні шықпастан, қолына сүлгіні алып барлық үстелдер мен орындықтарды, сөрелерді сүртіп шыққан соң бет аузына шырмалған бірнеше тал шашын үрлеп қалды да, мықынын таянып тұра қалды:
– Осымен бәрі болған сияқты.
– Болған шығар расымен? Қайтайық енді, – дедім.
– Қайда тұрасың? Ол алжапқышын шешіп, үстелге қойып жатты. – Кіммен тұрасың?
– Ой, бір топ жігіт тұрамыз, бұл маңнан алыс емес.
– Жарайды. Ол тырпылдай басып, дәретхана жаққа кіріп кетті.
***
Мен түнде қожайынмен ұзақ сөйлестім. Аяқ астынан телефон соғып, «Уақытың бар ма?» деді. Бұрын бұлай асығыс телефон шалмайтын. Жоқ дегенде күндіз хабарласып, уақыты бар кезде адам сияқты бір орынға шақыратын да, менен де көп нәрсе сұрап, өзі де көп нәрсе айтатын. Бұл жолы дауысы ерекше. Бұрынғы мен естіп, тыңдап жүрген дауыстан ерен бөлек. Шынымды айтсам, бүгін аздап тұмаураттым ба, денем босаңсып, басым ауырған соң барлық жұмысты Жаннаға тапсырып, ертерек үйге келгем. Шай қайнаттым, одан бір ғана кесе ішіп, душқа барып шомылып келіп, төсегіме жантая қалып ем, көзім ілініп кетіпті. Содан мына дәл қазір құлағымды тосып жатқан телефон шырылынан ояндым. Жолым болып алғашқы қоңырауынан ояндым. Ол жіңішкелеу дауысын соза сөйлеп, көп нәрсе айтты. Мен пердені еппен ысырып, терезеден қалаға көз салып тұрдым. Өзгелермен бірге тұруды ұнатпайтынмын. Сондықтан жалғызбын. Пәтерді әдейі биік қабаттан таңдадым. Өйткені, түнгі уақытта қаланы тамашалаған ұнайды. Бала кезден айналаны жанарыммен шолып барлағанды ұнататынмын. Сол сәтте өзімді сондай жайлы сезінуші едім. Бойымды асқақ сезім билейтін. Міне, пердені ашып қалаға қарадым, даңғыл бойы қашан да құжынаған көлік. Ал, Алматы болса, қаракөк аспанның жүзімен шарпысып, түннің тұңғиық көзін арбап жатқан арудай. Қожайын жіңішке дауысын созбақтап ұзақ сөйледі, мен де құлақ қойып ынтызарлықпен тыңдап тұрмын. Айтқандары көкейіме қонып, қатқыл санамды ерітіп барады. Мына биіктен қарап тұрған Алматының сиқыры секілді тартымды, менің қалауымдағы сөздер. Мен биік, таулы жерде өстім деп айттым ғой деймін. Сонау тұлымшағым желбіреген бүлдіршін кезімде де биікке шығып жүрдім. Сол кезде де дәл осы телефонмен сөйлесіп тұрған кезімдегідей кеудемді шаттық кернеп, бақыттан басым айналатын. Қожайын табан асты түнде қоңырау шалып, осындай сөз айтады деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Тек, басымды көтермей кафе үшін тынымсыз, тырбанып жұмыс істеуді ғана біліппін ғой. Мен ана Жаннадан да ерте келгем. Қазір менімен бірге жұмысқа келгендердің ішінде Бағила тәтей ғана бар. Басқаларының бәрі менен кейін келген. Сондықтан, болар қожайын негізі менің администратор болуым керек екенін жақсы түсінеді. Менің сол жұмысқа лайық екендігімді, еңбегімнің сіңгенін әбден біледі. Бірақ… Амал қагша? Дәл қазір Нәргүлдің салымы жеңіп тұр. Қожайынның күтпеген жерден шалған қоңырауы, осыншама ұзақ әңгімесінің мәні менің бұл ойымды одан әрмен қуаттай түсті. Қалай болғанда да мен осы кафенің негізгі адамымын. Қазір, есіме түсірейінші қанша адам бар? Нәргүл, Жанна, Данияр, Бағила тәте, сосын әлгі студент… Бұлардың ішінде менің еңбегімді бағаламай, қырын қарайтындар жоқ. Бірақ, кім білсін, кімнің ішінде не жатыр? Телефонның арғы жағынан шыққан жіңішкелеу созалаңқы дауыс дәл қазір тереземнен желпіп тұрған Алматының түнгі самалымен бірге бөлмемнің ішін аралап, таң атқанша әйтеуір бақытты түс көретінімді сүйіншілеп, төсегімді айналшықтап жүр. Қожайын жайдан-жай қоңырау шалмайтынын бұрыннан білем. Рас, бұл жолғы қоңырауы мен үшін өте тосын болды. Дәл осындай беймезгіл уақытта хабарласып, осыншама ұзақ сөз айтады деп күтпегем. Сондықтан, басында сасып қалғаным рас. Онымды қожайын, әрине, сезген жоқ, Алматының түні де байқамай қалды. Ештеңені байқатпауды, қандай жағдайда да сыр білдірмеуді тұлымшағы желбіреген тау қызы кезімнен бері үйренгем. Таудың түні тас қараңғы болады. Көлеңке ерте еңкейіп, күн тез бойын тасалап тұңғиыққа батуға асық болады. Сондықтан, тау адамдарының сырласы да, серігі де қою қараңғы түн. Жартастардың күрсінісі, күркіреп аққан асау өзеннің сарылы сарайыңды ашып, санаңды сергітіп жіберетіні дәл мына қожайынның телефонның арғы жағындағы дауысы сынды. Қожайынның айтқандарын жан дүниеммен түсініп, құптап тұрмын. Менің де көкейімде жүргені қашан бұл сөздің? Айтуға мұршам болмапты ғой. Алматыға қарай төніңкіреп келіп жанарымен аймалап тұрған мынау қаракөк түннің сыбырымен бірге оны да айттым. Әлгі бүгінгі түнгі әдемі түстің сұлбасын сызбалап төсегімді айналшықтап жүрген самал мен телефонның арғы жағындағы жіңішкелеу келген мәнерлі дауыстың жарықшақтары да менің айтқанымды құптап бөлме ішін шыр айналып, асыр салып жүр. Қожайын ұзақ сөйлеп барып, кілт тоқтады. Қасымдағы әлгі әдемі түсті уәде еткен самал мен телефонның арғы жағындағы жіңішкелеу созалаңқы дауыстың жарықшақтары көз алдамды көлбеңдеп, терезенің жақтауынан ары ұшып өтіп, қаракөк аспанға бір талпынып қайтып келді де, менің айтқандарымды құптап, нәзік қанаттарын тынымсыз қақты. Алматы түнінде ерек құлақтар ғана еститін тосын сарыл бар. Баяғыдағы таудан асыға қашып аққан өзеннің сарылынан аумайды. Сол сарылды тыңдау үшін де осындай биік қабаттан пәтер жалдап тұрып жатырмын. Терезеден сирек қараймын, кейде сол сарыл жүрегімді аяусыз тілгіліп кетеді. Жиі тыңдап, жиі құлақ қою ауырлау. Бүгін құлақ құрышым қанғанша тыңдамақпын. Телефонның арғы жағындағы дауыс бүгін түнде маған бақытты түсті уәде етіп, төсегімді шыр айналды, ал, менің Алматымның сарылы не дер екен? Мен одан қашқақтап, сирек құлақ қойғаныммен оған деген, аңсар-арманымды әркез жасырған емеспін. Кейде таңсәріде оянып, Алатаудың көз шалдырмас ақ айдарын көріп қалып тосылған кезде, ымырт түсе түн шымылдығы көше біткенді көлегейлей қалғанда, біздің кафенің музыканты менің ностальгияма тән әндердің дауысын қаттырақ шығарып қойған кезде сыраны сораптап, ықылық атып, сұғанақ көздерін даяшыларға қадап отырғандардың жүзінде көбелектің қанат қаққаны секілді болымсыз жылт пайда болған кезде мен осы сарылды ылғи есіме түсірем. Қазір кафеміздің жұмысы қыза бастаған болуы керек. Ауа райы да кафелердің қызу тіршілігіне оңтайлы болып тұр. Бұндай күндері адамдар үйлерінде отырмай көшелерді, парктерді кезіп, кафелерде билеп, әр жерде топтасып әр нәрсе жайлы қиядап отырады. Кезбелік алматылықтарға тән. Мен бұны бұрыннан байқағам. Біздің жақтың адамдарына да кезбелік тән. Асу өзендерді кесіп өтіп, менмұндалаған асқар тауларды аса беруге құмар жұрттың түйгені жалғыз: таулар жеткізбейді, асулар таусылмайды. Өмірдің өткіншілігі, адамның дәрменсіздігі туралы көп айтып, қолдарына домбыра түссе, зарлы әуезге басып, аһ ұрып отыратындықтары сондықтан ба деймін. Ертең жұмысқа бәрінен бұрын барып, әрқайсысын ерекше қарсы алып, көңілдерін серпіп тастайын. Бәрінің де еңбегі ұшан-теңіз. Олардың көңілін Алматының жауыны, сосын мен ғана жуып-шаям.
Төсегіме терезені ашып қойып жатсам, мен ертең ең ұлы жақсылықтарды жасаймын деген сөз. Менің өткір келген көзім мен ақсұр жүзімнің мейіріне шоматын жандар көп болмақ. Таксиде кетіп бара жатқанымда, лифтімен түсіп бара жатқанымда, кафеміздің есігін ашып кіріп жатқан кезімде, көше бойлап бара жатқан кезімде мейір төгем. Түс әлетінде Бағила тәтеге өз қалауымдағыдай шайды баптатып, ішіп отырған кезімде, қонақтарға ізетпен сәлем беріп, ілтипатпен шығарып салып тұрған кезімде мейір төгем. Түнде терезем ашық болса, көрпені де қымтанбаймын. Жастықты жыландай орап алған шашым мойным мен бет-жүзіме дейін саудырап төгіліп жатады. Жуынатын бөлменің жарығын өшіруді ұмытып кеткендіктен жұқалтаң көрпені серпе салып, солай беттедім. Жарықты өшірмес бұрын, шашылып қалған ештеңе жоқтығын тағы бір қадағалап, әдепкі ұқыптылығыма сай бір шолып шықтым. Таңертең тұрғанда бетіме жағатын май көзіме түсті. Арнайы тапсырыспен алдырғаныма көп болған жоқ еді. Төсегімнің қасына қойғаным жөн болар деп қолыма ала салдым. Төсегімнің қасына қойғаным жөн болар деп ойлаған себебім, иісі ұнап қалып еді. Бетіңді жұмсартып қана қоймай, бөлекші иіс аңқып тұрады. Жастыққа басымды қоя бергенімде бұл әрекетімінің шешімі оң болғандығын дәлелдеп, жеңіл жұпар иіс келді. Енді әлгі уәде етілген бақытты түстімді көп күттірмей, ұйықтап қалайын…