«…«Бітпейді-ау арман» əңгімесіне қарт əкенің ұлына деген үлкен əкелік махаббаты, сағынышы, перзентіне артқан үміті арқау болған. Перзент – ата-ана үшін өмірінің бар бақыты, көз қуанышы, болашағы, өмірінің жалғасы. Əсіресе, қазақ халқы үшін ұлдың алар орны ерекше. Əңгіме кейіпкері, қарт полковник Айтөре Қалимолдин да жалғыз ұлы Нариманды əкелік сезіммен аялай сүйеді, оған үлкен үміт артады.
Əңгімеге өзек болып тұрған дүние – қарттың ішкі əлемі. Мұнда кейіпкерлердің диалогынан гөрі, қарияның ішкі монологы басым. Ресейге əке жолын қуып, əскери мамандықтың қыр-сырын меңгеруге кеткен ұлын көрмегеніне бақандай екі жыл болды. Əкенің ұлына деген сағынышында шек жоқ.
Ұлының болашағын ойлап тəтті қиялға берілген қарттың ендігі бар қызығы мен өмірінің мəні осы жалғыз ұлы еді. Соны ойласа Айтөре шалдың əлі де өмір сүргісі, əлі де талай дүниені көргісі келеді. Қаламгер осы шығармасында ата-ана үшін баланың соншалықты ыстық екенін, баласының бір ауыз жылы лебізі қарт жандардың көңілін қаншалықты марқайтып, өмір сүруге деген құштарлығын ұлғайтатынын көрсетеді. Əңгімеде əкенің балаға деген махаббаты, сүйіспеншілігі қарттың ішкі толғанысы арқылы шынайы, шебер сомдалған…»
А.Нұрпейісованың «Дулат Исабеков əңгімелеріндегі
отбасылық құндылықтар мен кейіпкерлер болмысы» мақаласынан.
Бітпейді-ау арман
Ертең оның ұлы келеді, екі жыл бойы көрмеген ұлы! Ол – лейтенант, ол – балғындай жас офицер!
Отставкадағы қарт полковник Айтөре Қалимолдиннің көкірегі ерекше бір мақтаныш пен масатқа толып, қуаныштан түні бойы ұйқысы келмей қойды. Жалғыз ұлы Нариманы он сегізде оқуға кеткен еді, қазір – жиырма екіде. Алғашқы екі жыл бойы келіп жүрді де, соңғы екі жыл әлдеқалай бір себептермен келе алмаған. Қандай болды екен ол? Қандай офицер болды екен? Полковник ат жақты, ашаң, ұзын бойлы ұлын көзіне елестетуге тырысып кірпіктерін айқастырды. Қараңғылық арасынан Нариманның тұлғасы ап-анық көрінді. Ол кіршіксіз аппақ тістерін көрсете күліп, әкесіне әлдене айтып тұр, бірақ үні естілмейді. Айтөре тәтті қиялға шомып, масаттана күлімсіреді.
Осыдан төрт жыл бұрын да осы кереует үстінде полковник дәл осылай ойға шомып жатқан. Онда оның ұлы тұңғыш рет алыс сапарға, осыдан мыңдаған шақырым Тамбов әскери училищесіне аттанбақ еді. Қарт полковник баласының әскери мамандық алуын шын жүрегімен қалайтын, бірақ «сен осыны таңда» деп оған ешқашан өз тілегін көлденең тартқан емес. Оның жүрегіне ұялаған бұл арманы ойда жоқта, кенет соққан мұхит желі сияқты күтпеген жерден жарқ ете қалды. Он сегізге жаңа толған ұлын Н. әскери комиссариаты әскери училищеге жіберетін болыпты. Оған ұлы да қарсы емес…
Қарт полковниктің ұзақ түнге кірпігі ілінбей қойды. «Нариман ертең жүреді, ертең! Сонан соң оны кезекті бір демалысына дейін көре алмайды, бәлкім училищеде өткізетін төрт жыл бойына да жалғыз ұлы әкесі мен шешесін көруге келе алмас, бәлкім, қарт әке қашан да іштей мақтаныш тұтып, суға түскен кесектей елжірей сүйетін ұлын осы бойы көре алмас, бұл түн – сүйікті ұлымен бірге өткізіп отырған ең соңғы түні шығар?!» Айтөре осы жайлы түнімен ойланған. Бірақ аузына бірде-бір жүрек елжіретер жылы сөз орала қоймады.
Міне, поезд жүруге жақындап тұр. Ұлы да әкесінен әлдене күтетін сияқты, жәудіреп қайта-қайта қарап қояды. Ананың аймалауына не жетсін, әйтсе де, әке лебізі бір төбе ғой шіркін. Өн бойынан мың құмырсқа өрмелеп бара жатқандай, Айтөренің тұла бойы шымырлап сала берді. Ығы-жығы перронға салдырлаған кәрі кеудені ғана қалдырып, бүкіл ет бауыры, ыстық жүрегі қамырдан суырылған қыл тәрізді өзіне де байқалмай баласымен бірге аттанып бара жатқан секілді. Перзент дегенді адам баласының, соның ішінде әкелердің осыншалықты жанымен, тәнімен беріле сүйетініне қарт полковниктің қазір ғана көзі жеткен секілді. Ол қасында тұрған ұлының қолынан қалай ұстағанын өзі де сезбей қалды. Сол толқу үстінде Нариманды сәл тысқары алып шығып, дірілдеген мейірімді үнмен сөйлеп кетті. Ол сөздерді Айтөренің өзі емес, сонау ішкі дүниесінің бір түкпірінде әлдеқалай біреу ойлап тауып, түйдек-түйдегімен ақтарып жатқан секілді.
– «Әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада». Халық бұлай деп бекерге айтпаған, Нариманжан, – деді ол көзілдірігін орамалымен сүртіп. – Елді сағынып езіле берме, ол ер жігітке қас қасиет. Болашағыңды ойла. Әке тек ақыл айтады, ал өмір үйретеді, өмірді тыңда. Өмірдің бір күнгі үйреткені – ақылды әкенің мың өсиетінен артық. Дос таңдай біл. Сені адам қылатын да сол достар. Әке алыста, ал дос қашан да қасыңда. Осы есіңде болсын. Бізді ойлама деп айтпаймын, ойла бірақ уайым қылма. Үйін ойламаған жігіт елін ойламайды, үйін сағынбаған жігіт елін сағына алмайды. Мұны да жадыңнан шығармағайсың. Өмірдің кездесетін басқа ұсақ-түйектерінің бәріне қайтіп бағыт сілтейін, бәрін де ақылмен, парасатпен істерсің, ұлым. Бар, мін вагоныңа, жолың болсын!, – деп ол Нариманның маңдайынан иіскеп сүйді де, қош айтысып қала берді.
Үйіне келген соң да Айтөренің жаны жай таппады. Нариман бар кезде мына бөлмелердің іші қандай жылы еді, қандай ыстық еді. Қазір оты сөнген тандырдай суып қалыпты.
– Болды, жетеді енді, несіне жылай бересің!, – деді ол жұбайына жекіп. – Немене, ол майданға аттанып бара жатқан жоқ қой, мақсат қуып бара жатыр. Сүрт жасыңды!
Сөйтті де кеудесінде белгісіз бір құйын ұйтқып барып басылды. Ол ұлының бөлмесіне келіп, терезеден сыртқа ұзақ қарап тұрды. Терезе сыртынан Нариманның сүйкімді тұлғасы пайда бола кетті. Ол қашанғы әдеті бойынша ұяла күліп, әкесіне қарай тура жүгіріп келе жатыр. Айтөре теріс айналып кетті. Ол көзімнен жас шығып кетер деп қорыққан еді.
Міне, сол ғасырдай боп көрінген төрт жыл да артта қалып, кемпір мен шал өздерінің айлар бойғы аңсап күткен күндеріне де жетті-ау! Кеше Нариманнан: «Папа, мені ертең күтіңдер. 189-рейс» деген телеграмма келді.
«Папа» деген осы бір төрт-ақ әріпке бар әлемнің қызуы мен қызығы, махаббаты мен рахаты түгел сыйып жатыр еді. Сонымен бірге «папа» деген жалғыз ауыз сөзде азамат болған ұлының кешегі балалық шағын елестетіп, кеудедегі жүректі ыстық табадағы майдай ерітіп жүре беретін еркелігі мен бал сезімі, балғын үні бар еді. Алыс жолдан бала келе жатқанда ата-ана жаны қайдан байыз тапсын. Төрт бөлменің іші екеуіне тарлық еткен соң көрші-қолаңдарға кіріп, Нариманжандарының бүгін келетіндігін айтып шықты. Қуаныштарына ортақ болып, дастарқан жайған үйдің бірде-біреуінен олар дәм ауыз тимеді, тіпті, тамақтарынан бір ұрттам шай да өтпей қойды. Ақырында ата-ана аэропортқа тартты.
Олар келіп таксиден түскенде, 189-рейс Москвадан жаңа ғана шыққан еді. Енді олар табандатқан жеті сағат бойы кеуделері дүрсілге толып ұлдарын күтеді. Дәл қазір жер бетінде екеуінен асқан бақытты жан бар ма еді десеңші!
Қарт ата-ананың шортандай тулаған жүректері, самолеттен түсіп келе жатқан ұлдарын көргенде, Нариманға өздерінен бұрын ентелей жөнелді. Бүкіл әлемнің махаббаты мен сезімін көз жасы мен кеудесіне сыйдырып өз жүрегінің соңынан алға қарай ана ұмтылса, ұлы қуаныштар мен қасіреттердің бәрін сабырмен қарсы алуға әдеттенген әке өзін-өзі тежеп, күлімсірей аяңдап келе жатыр.
…Айтөре ес білгелі ешқашан көзіне жас алған емес және бұл дүниеде ер адамның жылағанынан асқан ұят нәрсе жоқ деп түсінетін. Ал қазір, Нариманды ыстық құшағына қысып, маңдайынан, бетінен, көзінен көме сүйіп жатқан сәтте ұлының: «Папа, жыламасаңшы, папа» деген сөзін естіп қалды.
«Сонда, бұл қалай, Айтөренің жылап тұрғаны ма? Ол өзін берік-ақ ұстап тұр еді ғой? Көз жасы деген адамның өзіне де бағынбай ұрланып келетін болған-ау. Бұл таңғы шықтай таза махаббаттың белгісі ме екен, әлде, қарғыс атқыр кәріліктің әсері ме?»
Айтөре өзіне-өзі келіп, еңсесін көтеріп алды. Ол көзіне жас алғаны үшін өз баласынан ұялды. Арада екі күн өткен соң қарт полковник есік алдындағы сәкіге шалқалай түсіп, жұлдыздары жапырлаған тұнық аспаннан көз алмай отырды.
Нариман ба?
Ол үйде жоқ, төрт жылдан бері көрмеген жолдастары бүгін кешке келіп алды да кетті. Бала әкенікі емес, солардыкі ғой. Дос сағынышы мен дос қадірін өмірдің ыстық-суығын тәуір-ақ көрген әке жақсы біледі. Айтөре ұлын көзіне тағы елестетті. Нариманжан қандай көрікті жігіт болған? Бұрын арық болған соң ба тым ұзын сияқты еді, қазір толысып, жүзі дөңгелене түсіпті. Жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі де өзгеріп, ұстамдылықпен, ақылдылықпен астасып жатыр. Өзіне офицерлік киім қандай жарасатын еді тағы, құйып қойғандай денесіне жабысып тұр. Оның ширақ қимылына қарап, әскери өмір үшін туған дерсің тура. Қарт полковник өзінің алыс жастық шағын еске түсірді.
Жоқ, онда Айтөре өмірді бұлай бастамаған еді. Біреуге бұрын күліп, біреуге қырын келетін тағдыр талқысы әке-шешесін қаршадай шағында жұлып әкетіп, жақын-туыс дегеннен жан адамы қалмаған ол Түркістан соғыс округында ұзақ әскери қызметін өтеп болып, отставкаға шыққан соң туған еліне кеткелі жатқан орыс офицеріне тап болып, сонымен бірге ішке кетеді. «Үш күннен соң адам көрге де үйренеді» дегендей жат жерге келген соң сегіз жасар бала өзіне мүлде суық көрінген абыр-сабыр қала өміріне де қалыптасып, әлгі офицердің тікелей қамқорлығымен орысша мектепке түседі. Жыл артынан жыл өтіп, кәмелетке толған соң әскерге алынды да, өз міндетін өтегеннен кейін әскери мамандықты қалаған боз бала жиырма алты жасында орыс армиясының офицері болып шығып, Түркістан соғыс округының Түркістан белімшесіне прапорщик етіп жіберілді. Өзінің қамқоршы офицерінің ықпалында болған ол Түркістан дүрбелеңін тұншықтыруға қатысу былай тұрсын, осы уезде совет өкіметін орнатуға да араласты. Содан Отан соғысын да басынан өткізген ол ұзақ жылдар бойы жауапты қызметте болып, елуінші жылдардың аяқ шенінде полковник дәрежесінде отставкаға шықты. Адам өз өмірінің ішінде өз қолымен жасаған нәрсеге қашан қанағаттанған? Сол сияқты, Айтөре отставкаға шыққанда өзін түк бітірмей, түк тындырмай шыққандай сезінді де жүрді. Сондықтан ба ұлының әскери мамандықты таңдауын барынша қалап жүрді. Және ер адам үшін соғыс өнерін меңгеру басты міндет деп түсінетін Айтөре, ұлы әскери училищеге барамын деп тілек білдірген кеште қуаныштан кірпік ілмеген. Енді бүгін сол арманы орындалған сияқты.
Дәл осы Нариман келгенге дейін қарт әке: «Ұлым азамат боп, көкейімдегі арманымның орындалғанын көріп өлсем өкінішім жоқ» дейтін іштей. Жо-жоқ, оның бәрі әшейін ғана сөз екен, қайта, ұл ержеткен сайын ата-ананың өмір сүре бергісі келеді екен. Әке жолын қуып, қиын да алыс жолға аттанған баланың қуанышы бар, күйініші бар, суырылып озар шағы бар, сүрінері тағы бар. Қуанышы мол болса құба-құп, оны адамның өзі-ақ көтереді, өмірдің алғашқы ащы дәмін татып, жаны жабырқағанда балаға қамқоршы ата-ана қажет-ақ-ау. Достың жөні бір бөлек, әкенің жөні бір бөлек. Дос мейірімі қашан да қаталдықпен астасып келеді, ол солай болуы керек те, бірақ әке-шешенің сүйеу болар таза мейірімі мен «құлыным» деген жалғызауыз сөзіне не жетсін. Осы бір сөз «көке» деп жабығып келген баланың көкірегіндегі ащы сезімін сылып тастамай ма, жүрегіне ұялаған мұң атаулыны қуып шығып, жаңа қайрат, тың оймен аяғына қайта мінуге демеу болмай ма? Олардың талай күнгі бұзылған ұйқысы баласына бір сағат тыныштық әкелмей ме, қажет болса қайран ата-ана барлық қуанышы мен шаттығын ұлдарының бір күндік күлкісіне айырбастай салмай ма? Қажет-ау, қажет-ақ-ау оларға әке мен ана!
Енді ғой, амандық болса, Нариманжан үйлену керек. Ол кімге үйленеді, оның келіншегі қандай боп келеді. Асыл боп келе ме, тасыр боп келе ме. Сонан соң, құдай-ау, бір шөкім жаман немелері қандай боп өсер екен? Тасыр-тұсыр еткен бұл ақымақтар оларын жөндеп күте ала ма, жоқ, от пен судың арасына азанда тастап, кешке қарай үйге бір-ақ орала ма?
Айтөре орнынан атып тұрды. Жүрегі жиі-жиі соғып, алқынып-ақ қалыпты. Қарт полковник кителінің түймесін ағытып, түнгі аспанға тағы қарады. Тау жақтан қоңыр салқын леп соғып, оның жанын рахатқа бөлей түсті.
Тап осы сәтте Айтөренің мына кең аспанның астында өмір сүре бергісі, сүре бергісі келді. Енді ол өзі жасамаған нәрсені Нариманжанының қалай жасарын көріп барып көз жұмсам шіркін деп армандады.