Ұлымыз үйленіп, жас отауға ылайық үй іздедік. Бірінің бағасы, екіншісінің тұрған жері көңілімізден шықпай жүріп, ақырында балалардың өзі бір үйді ұнатыпты.

– Әкеме көрсетем деп, бір кілтін сұрап алдым, барып көрші! – деді балам.

Жұмыстан бір сағат ерте шығып, сатылатын үйді оп-оңай-ақ іздеп таптым. Бос екі бөлме күтімді көрінді: шегенің орны үңірейген, сылағы түскен, жиһаздың бұрышын сызып кеткен бірде-бір жері жоқ. Сары ала линелүм төселген едені қоқыс қалдырмай сыпырып-сыйырып қойған, тап-таза. Бұл үйдегі әйел өте ұқыпты екен деп ойладым. Әжетханасы мен жуыну бөлмесі де жып-жинақы. Әктеп қана кіре салуға әбден болатын үй.

Әйел үшін асүйдің жағдайы айрықша. Ең соңынан соны қарап, мен де айрықша шұқшидым. Бір жерінен кемістік шықса, «Балалардікі балалық, болсын, саған не жоқ?» деп, алдымен әйелім мені алқымнан алатынында сөз жоқ, сондықтан мейлінше міней қарауға тырыстым. Ұқыптылық пен тазалықтың ізі мұнда да сайрап тұр. Көгілдір кәпілмен қанатты төбеге дейін қаптап тастапты. Асадалдың тұрған орны батқан ізінен әзер байқалады.

Үйдің иесі кім, қай жастағы адам, оны баламнан бағана сұрамаппын. Үй ұстасына қарағанда, әй, қазақ емес-ау деп болжадым: тым тап-тұйнақтай екен, ұлтының атына кір келтірмейін деп, әдейі тырысқан секілді.

Ыдыс жуғыш көнелеу көрінді. Кінәрәт шықса, көнеден шығатын шығар деп, алдымен су пысытқылағышты тексердім. Ыстық және суық суларды әуелі жеке-жеке ағызып байқадым да, артынан екеуін пысытқылай ағызып қойып, еңкейіп астындағы трубаларын алақаныммен сипадым. Бәрі құрғақ, дұрыс. Кенет саусағым қатқылдау бірдеңені іліп кетті. Қарасам, кәдімгі екі бүктеген оқушы дәптері жуғышты қанатқа бекіткен кірәнштейіннің астында тұр. Тартып көріп ем, алына қоймады, әлдененің жібермей тұрғаны байқалды. Сыйпап көріп, жұмсақ, сым темірмен белінен байлап қойғанын таптым. Бұл дәптерде бір құпия барын сонда-ақ, сездім.

Болжамым дұрысқа шықты: дәптер әйелдің құпия күнделігі екен. Үйге барған соң асықпай оқырмын деп, ішкі төс қалтама бүктеулі қалпы тыға салдым. Сол сәт басыма бір күдік сап ете қалды: осыншама ұқыпты, жинақы әйел қалайша ұмытып, жасырын күнделігін жұртқа тастап кетеді? Қалайша?

Есіктен кірген бойда күнделікті оқып көруге асығып, дереу кәбинетіме беттедім.

Ай-күнін жазбастан, тіпті дәптердің бас жағынан бос жол да қалдырмай, әйел бірден бастап кетіпті:

«9-кластан бастап жазған күнделігім отқа түсіп кеткеннен бері жазу туралы ойлауды қойған ем. Сізбен табысқалы қайтадан күнделік жазғым кеп жүр. Ішке сыймаған сырларымды ешкіммен бөлісе алмай, амалсыз ақ қағазға жүгінуге тура келді».

Жазуға бейімі барлығына қарағанда, бұл әйел не мұғалім, не жорналшы, не жазушы шығар деп шамаладым. Күйеуге тимес бұрын ақылды қыз алдымен өткен күндерінің куәсін құртады, өйткені өзімшіл еркектердің менен бұрын бетінен жел сүйіпті дегенге де тіксіне қарайтынын табиғи түйсік аңғартады оған. Күнделіктің абайсызда «отқа түсіп кеткеніне» сенбей, отқа өзі өртеп жіберген болар деп болжадым.

«Сізбен табысқалы», – депті. «Танысқалы» демейді. Меніңше, әдейі демейді. Өйткені «Табысу» дегеннің астарында әйел мен еркектің өздері ғана білетін бір сыр бар. Ол, сірә, екеуінің төсекте табысқаны шығар деп шамаладым. Бұл болжамымды содан кейінгі жазғандары дәлелдеп тұрғандай. Әсіресе «жаным» деп бастағаны.

«Жаным! Әр күнім, әр түнім сізді ғана ойлауға арналатын болды. Қайда жүрсем де, не істесем де сіз мыйымда, көз алдымда тұрасыз да қоясыз. Тұтқыныңызға мықтап түсірген екенсіз. Торыңызға қалай, қай уақытта шырмалып қалғанымды да білмеймін. Осынша естен айрылуға болады деп кім ойлаған?! Әсіресе менің жағдайымда. Жалғыз ғана үмітім – сіздің маған деген көңіліңіз. Сіз суып кетсеңіз, ол соққыны көтере алмайтын шығармын. Суымаңызшы!»

Сөз сыңайынан әйелдің жас, еркектің егде екені бірден аңғарылады. Оның үстіне әйелдің күйеуі, еркектің әйелі бар болу керек. «Әсіресе менің жағдайымда», – деуі, сірә, сондықтан.

«Жаным! Бір тәттінің бір ашшысы бар деген ой жанымды жегідей жейді. Мені ерітіп, елжіреткен өзіңіз, енді маған катал болмаңыз: қайтадан қалпыма келе алмай, морт сынып, мүрдем кетуім мүмкін.

Дәл қазір, осыны жазып отырғанда, өзіңізді аңсап, сағынып отырмын, жаным! Сізді ойлағанда, тамыр-тамырымның бәріне тәтті, жылы толқын жүгіріп, өне бойым балқып бара жатады. Сіздің құшағыңызды, ерніңізді, еркелеткен, елжіреткен сөздеріңізді сағындым. Қайдан ғана тап болып едіңіз, қалай ғана табындырып алдыңыз, құдіретіңізден айналайыным?!»

Ағылып, ағытылып, арқалы ақынша сөйлейді. Құдіретті сезімін сөздің құдіретімен жеткізе де біледі. Қара жаяу әйел емесіне қазірден-ақ көзім жеткендей. Қызыға түсіп, қомағайлана оқыдым.

«Жаным! Жан-дүниеміздің бір ұқсастығы барын мен де сезгендей боп, бірақ, соны айтуға да, мойындауға да батылым жетпей жүр едім, сол пікірді сіздің аузыңыздан естігенде, іштей елжіреп қуанғаным-ай! Сізді ойлаумен әр күннің, әр түннің қойнауынан қазірше қуаныш тауып жүріп жатырмын. Шағылуы қатты жаңғақтай, құпиясы өзіме де белгісіз мінезіммен аңқылдаған ақ көңіліңізді бір күні жаралап алмасам-ау деп қорқам. Сізден де қорқам, өзімнен де қорқам. Сізбен осынша бақытты болғанымнан қорқам. Оны маған адамдар да, табиғат та қия қоймастай көрінеді.

Сіздің алдыңызда аузыма сөз түспей, өз-өзімнен абдыраймын да қалам, ал сіз қасымнан кетсеңіз-ақ айтсам деген ойларым анталап, неге айтпадым, неге ашылмадым деп өкінем. Оңашада күбірлеп: «Жаным! Жаным!» деп сөйлеп жүргенімді өзім де байқамай қалам. Айтарым көп-ау. Әттең, айта алсам!

«Үйге де, жұмысқа да телепон соқпаңызшы!» деп өзім жалынсам да, күні бойы телепонға жалтақтап күтем де жүрем. Қандай кереғарлық?! Сол кереғарлықтың бір ғана өз бойымда өмір сүріп жатқаны тіптен ғажап!»

Әйелдің кереғарлығы онымен ғана шектелмейтініне оқи келе көзім жетті. «Сіз суып кетсеңіз, ол соққыны көтере алмайтын шығармын», – дей тұрып, тағы былай деп жазыпты:

«Жаным, қоштасайық, тереңдеп тым алысқа кетпей тұрғанда ес жияйық десем, көнбейсіз. «Қайтіп сенсіз өмір сүрем?» – деп қиналасыз. Қазірдің өзінде қиын болса, кейін әбден бауыр басып кеткен соң, қалған ғұмырын сағынумен, аңсаумен өткізсін дейсіз бе? Жаным-ау, бұл тіршілігіміздің бәрібір мәңгі емесін ойласам, мүлдем өмір сүргім келмей кетеді. Мен онсыз да өмір сүруі оңай болмаған, жүйкесі жұқарған жанмын ғой. Бір адамды өліп-өшіп ұнатудан, артынан оның азабын тартудан өлердей қорқам». Осыдан кейін ғана әйел күнделігіне ай-күнді жазыпты.

Бұған дейінгісі, соған қарағанда, шолу іспетті еске түсірулер. Күнделікті алғаш табысқан күннен емес, сағыныш пен аңсау сезімі кеудесіне сыймай аласұрғызған кезде, кейінірек қолға алған.

22.02. «Міне, мен сізді ойда жоқта өкпелетіп алдым. Қарсы алдымнан күліп, қуанышыңызды жасыра алмай жайраңдап шыға келгенде, дұрыстап сөйлесуге де жарамай кетіп қалғаныма ұзай бере-ақ, өкіндім. Бірақ, амал не, өтер іс өтіп кетті. Енді, міне, екі күн бойы үн-түнсіз жатырсыз. Өкпелемеңізші! Тым болмаса даусыңызды естиін, хабарласыңызшы!»

26.02. «Сені есіме алғанда кеудем толып, бір түрлі ғажап күй кешем», – деп едіңіз, мен де қазір дәл сондай күйдемін.

Кейде өзіме де ырық бермей, ойланып үлгергенімше бүлдіріп қоятын бір мінезім барын сіз әлі білмейсіз-ау, сірә? Сіз жолыға қалғанда: «Енді екеуі қайтер екен?» – деп, бүкіл жұрт қаумалап бізге қарап тұрғандай көрініп кетеді. Сасқалақтап, сондайда не істеп, не қойғанымды, не айтқанымды өзім де білмей қалам. Құдай мені солай жаратса, жаратқанға шарам не? Сіз оны басқаша түсінетін тәріздісіз. Күдіктенесіз, қай-қайдағы жаман ойларға жетек бересіз.

Бүлдіріп алғанымды өзім де бұлдыр сезіп, өкініп, сан күдікті мен де сапырып томсарып отырғанымда, аяқ астынан хабарласып, бұлт астынан күндей жарқ еткізіп қоятыныңызды білесіз бе? Әй, білмейсіз-ау! Сізді шын сүйіп қалғаныма сеніңізші! Менің жасымда да бүйтіп адам біреуді құлай сүйе алады деп кім ойлаған?! Құдіреттің күштілігі ме әлде менің ақымақтығым ба, өзім де білмеймін. Бірақ, әйтеуір, өзімді бұдан енді тежей алар еркім жоқ».

29.02. «Еркелеткен сөздеріңізді аңсап отырмын. Мен деп, мені сағына соғып тұрған жүрегіңізге басымды қойып балқығым келеді. Шынымен мен деп қана соғар ма екен? Сіз өзіңіз айтқандай, ішіме мүлде кіріп кеткен екенсіз. Мен де ішіңізге сөйтіп кіріп кетсем-ау!».

01.03. «Қашан көрем сізді? Сондай сағындым. Енді оңашада еш ұялмай-ақ құшақтай алатын секілдімін. Күн санаумен-ақ, төзімім таусылды. Баяғы бала махабат сезімін бастан кешіп жүргендеймін. Кездесуден қашқақтай беретінімді, әлде, басқаға жорып жүрсіз бе, неге тағы хабарласпай кеттіңіз? Соншама өліп-өшіп отырсам да, сіз кездесейік дегенде, неге кейінге ысыра беретінімді өзім де білмеймін. Сірә, сол өліп-өшіп отырғанымды сізге білдіріп алам ба деп қорқам-ау! Одан неге қорқам, ода тұрған не бар оны тағы білмеймін. Қазақы тәрбиенің әсері ме әлде өз мінезімнің кесірі ме, көзім жетпейді».

08.03. «Сіздің ауырып қалғаныңызды білмеппін ғой. Жүдеп қалған түріңізден айналайын! Тәуір бола сап мені іздепсіз. «Жарық сәулем!» дегеніңіз, өліп-өшіп аймалағаныңыз, жақсы көріп бауырыңа басқаныңыз қалай ерітпесін?! Әйел үшін бақыт деген осындай-ақ, болар деп те қалам. Сіз мені шын мәнінде бақытты еттіңіз. Жай ғана қара жаяу әйел едім, аспандатып өз биігіңізге аялап көтеріп әкеттіңіз. Көкірегімді де, көңілім мен кеуде сарайымды да, тіпті тәнімнің өзін бәрін басқаша ашып, өзіме өзімді қайтадан қасиетті қып, қастерлеп таныттыңыз. Мен үшін сіз құдайдан кейінгі кіші құдіреттей көрінесіз. Құшағыңыздың, алақаныңыздың ыстығы ылғи өзін аңсатады да тұрады. Жады болған әйелдей жынданып кетпесем жарар еді!

Жан баласына айта алмайтын сырымды ақ қағазға ақтарып жазбасам, ішіме сыймай жарып шыға жаздайды. Адамға айтсаң, алып қашып әлемге таратып әкетеді; өз сырыңды, өз қызығыңды өзіңе қарсы жау қып жібереді. Ақ қағаз, әйтеуір, жат көзден аман болса, құлыптаулы сандықтай құпияңды сақтай алады ғой.

Жаным! Енді ойлап отырсам, асықтырмай, еркіме жіберіп қойып, бірақ еркімді еркіндігіңізбен арқандап, еркек мінезбен жаулап алған екенсіз-ау мені. Оған дейін сізбен үш рет оңаша жолығып, үш ретінде де бұлқына сүйгізіп, бірақ әріге жібермей аман кайттым. Төртінші рет шақырғаныңызда, неге өйткенімді өзім де білмеймін, әлдебір ішкі сезімнің итермелеуімен түскі демалыс кезінде үйге кеп душқа түстім. Хош иісін бұрқыратып самайыма, құлақ сыртыма әтір септім. Сол күні солай болатынына өзім дайындалған екем.

Басқа жақта түк ойы жоқ кісіше, бет-жүзімді аймалап, мұрнымның ұшын, көзімді, сырғалығым мен самайымды сыдырта сүйіп, иіскелеп кеп, көтере беріп тамағыма түстіңіз. Бірақ, неге қарсыласпағаным қазір есімде жоқ. Нансаңыз, қолым мен аяғымды қимылдаттым ба, жоқ па – ол да есімде қалмапты. Бас айналдырған құйын ба, өне бойымды шарпыған жалын ба бір құдірет төпеп бірте-бірте иімді жібітіп бара жатқанын еміс-еміс білемін. Мойнымды, тамағымды шөп-шөп сүйген ыстық, ерін төсіме кеп құлағанда, ып-ыстық алақан оған қосамжарласып, бүкіл денемді бүре көтеріп бара жатқандай болды. Қорғанып қарсыласудың орнына, қолым сол сәт мойныңызға орала кетпеді ме екен деп қорқам. Қолыңыз қандай тентек еді, өне бойымды тінтіп, қай-қайдағы құпия сезімдерімді ұяттың інінен қуалап шығып жатты. «Жаным! Жаным!» деп іштей еміреніп жаттым, құдай атып естіртіп те айтып жіберген шығармын, кім біледі? Жаман ойлап қалдыңыз ба, білмеймін. Сізді мұндай деп кім ойлаған. Алғаш көргенімде сұсты, ашуы қатты кісі сияқтанғансыз. Қадала қараған көзіңіз сыртымды ғана емес, ішімді де ақтарып көре алатындай қысылдым. Кәдімгідей састырғансыз. Сондай сұсты адам бұлайша құйын сезім боп кетер деп кім ойлапты?! Құшағыма қорғасын боп құйылып, бүкіл өне бойымды қорғасынша балқытып бара жаттыңыз.

Содан бері әлі біртіндеп жаулап, әлі біртіндеп баурап келесіз. Әр жолыққан сайын бұрынғыдан да тәтті, бұрынғыдан да сүйікті боп барасыз. Тым тәжірибелі, әккі шығар деп, кейде сізден сескенгендей де болам. Алақаныңыз, құшағыңыз оны бірақ табан астында ұмыттырып жібереді. Сіздің мені соншалық жақсы көргеніңізден солай ма әлде менің сізді қатты сүйгенімнен бе – ол жағын ажыратып жатар шамам жоқ, әйтеуір, қасыңызды сағынам да тұрам. Мен үшін ең рахат, жалғыз жұмақ – сіздің қасыңыз. Мұндай сезіммен қалай өмір сүрем? Қашанғы өмір сүрем?

Өмір бойы еркектің қолы тимеген жерлерімді елжіретіп сіздің алақаныңыз сыйпағанда, сыйқыр тәттіліктен талып бара жатқандай сезінем. Анық әйел енді-енді бола бастағандаймын. Еркелетуіңіз, аймалауыңыз, қыл аяғы қойныма қол салғаныңыз – бәрі басқаша. Бәлкім, мен о бастан-ақ, сіз үшін жаралып, бірақ, адасып басқаға бұйырған әйел шығармын? Бойымда бұрыннан бар нәзік сезімдерімді сіз асылдандырып, еселеп биіктетіп, шексіз көбейтіп жіберген сияқтысыз. Бағындырып, бәрін билеп әкетіп барасыз. Енді сіз не айтсаңыз, соған көне беретін шығармын деп шошимын.

Көп нәрсеге көзімді аштыңыз. Әйел туралы көзқарасыңыз, ойласам, кеудемді шымырлатады. «Өмірде алуан-алуан тәтті бар, – дегеніңіз есімде. – Сол тәттінің бәрін адам жасайды. Және оның бәрі қалай жасалса, солай ғана, сол дәрежеде ғана тәтті. Одан артық та, кем де бола алмайды. Ал әйелдің тәттілігі тіптен өзгеше. Оныкі мейірден, махабаттан, биік сезімдердің әсерінен шексіз еселеніп тәттілене береді. Әйелге еркек қаншалық құмартар болса, әйелдің тәттілігі де соншалыққа шексіз арта береді. Әйел жарықтық – пәни дүниенің жалғыз жұмағы. Ондай тәттіні тату аз, оған табыну керек!».

Сөйтіп айта алғаныңызға сүйсінем. Соны айттырған сезіміңізден, ақылыңыздан айналайын! Әйелді соншалық ардақтағаныңыз үшін, сіз де маған айрықша ардақтысыз. Сізге деген сезімімді кейде халықтың: «Жаманның қасында жатқанша, жақсының аяғында жат», – деген сөзімен ақтағандай да болам.

Құмарлана құшып-сүйіп жатқанда, құлағыма сыбырлаған талай тәтті сөзіңіз қайта есіме түскенде де, қазір естіп тұрғандай ерітеді. «Жаным! Күнім! Күн бүкіл жер әлемді жарық қып тұрса, сен менің бүкіл жан дүниемді жарық қып тұрасың. Менің жекеменшік өз күнім!» – деп, тілімді көмейімнен суырып әкете жаздап құшырлана сорғаныңызды, тұншықтыра бауырыңызға тартып, төсімді жарып ішіме кірердей құмарта құшақтағаныңызды бұл дүниеде өле-өлгенше қайтіп ұмытармын?! Өстіп мені біржолата баурап алдыңыз: біресе қылығыңызбен балқытасыз, бірде сөзіңізбен ерітесіз, әйтеуір, еркімнен ештеңе қалдырмайсыз. Құдай-ау, менің жасымда да дәл бұлай ғашық болу табиғи ма әлде елде жоқ, ерсі бірдеме ме?»

14.03. «Жаным! Кеше бір күн хабарласпай қойып едіңіз, аласұрып жер-көкке сыймай кеттім ғой. Неге телепон соға салмадыңыз? Бүйтіп алаңдатқанша, біржола хабарласпай кеткеніңіз жөн емес пе? Менің де өзіндік тіршілігім бар ғой, қашанғы соның бәрін ысырып қойып, сізге алаңдаумен ғана жүре алармын? Бүгін болмаса, ертең; ертең болмаса, әйтеуір, бір күні осы қатысымыз түбі тоқтауға тиіс сияқты. Сонда сізсіз қалай өмір сүрем? Ойлаудың өзі сұмдық, қорқынышты. Қазірдің өзінде күйім мынау: бір күн хабарласпай қалып едіңіз, не істеп, не қойғанымды білмей, басым катты. Ертең – әбден бойым үйреніп, сізді көру, сізбен болу дағдыма айналғанда – кайтем?».

16.03. «Бүгін – сенбі. Тым ерте оянып кеттім. Көзімді ашар-ашпастан сіз туралы ойладым. Қолымды созып, сізді құшақтағым кеп кетті. Сағыныш жүрегімнің басына топталып, толып тұрған тәрізді. Біз осы дүйсенбіде ғана жолыққанбыз. Одан бері бақандай бес күн өтіпті. Шарасыздан жылағым келеді. Дәл қазір қасымда болсаңыз, ұялмай-ақ, бауырыңызға кіріп, қатты-қатты қысып құшақтар едім.

Сізбен кездескеннен кейін ылғи осылай біраз күнге дейін бүкіл денем, жан дүнием сізді аңсап жүреді. Екі жарым ай болды мен мұны сезінгелі. Алғаш сізбен табысқаннан бері сіз туралы ойламаған бір күнім жоқ. Жүрегімді сығымдаған сағынышқа зорға-зорға шыдап келем. Сағыныш та дерт. Емі біреу-ақ: тезірек сізді көру немесе телепонмен тілдесу».

28.03. «Жаным! Мен қазір қыз кезімдегі шырын махабат сезімін қайтадан бастан кешірудемін. Жастықта талай жігіт, талай сезім шарпылысы бастан өтті ғой. Бірақ ешқайсысы мені дәл сіздей елжіретіп, еліктіре алмаған».

11.04. «Мен сізге тағы өкпеледім. Сағынып телепон соғып ем, бірден әңгімені: «Қашан кездесеміз?» дегенге тіредіңіз де, мені тығырыққа қамап қойдыңыз. Аузыма сөз түспей, не үшін телепон соққанымды да ұмытып қалдым. Шынын айтсам, қорланып та қалған сияқтымын. Сіз үшін тек кездесуге ғана керек адамдай сезіндім өзімді. «Кейін хабарласармын», – деп, телепонды қоя салғаннан басқа амалым қалмады».

18.04. «Бүгін сізге шыңдап өкпеледім. Мен сізге оңашада ғана керек екенмін де, жұрт көзінше жоламай жүруім керек екен ғой? Сол жиналыста бізді бағып тұрған ешкім жоқ еді, неге жаныма келмедіңіз? Алыстан бас изеп қана амандастыңыз, бәрі сонымен бітті. Ол қылығыңызды көңіліме алғаным сондай, енді көпке дейін сізбен сөйлеспейтін шығармын».

19.04. «Қанша өкпелесем де сіз кездесуге шақырғанда, қарсы бола алмай қалдым. Ал сіз менің не үшін өкпелегенімді әлі түсінген жоқсыз. «Қойшы, қайдағыны сылтауратып, әншейін мені көргің келмей отырған шығар», – дейсіз. Жаным, сізді көргім келмейтіндей жағдай болмай-ақ қойсын. Маған адам ұнай бермейді, ал ұнай қалса, оны менің ұмыта қоюым екіталай».

25.04. «Бүгін түсте үйге барған жоқ едім. Бір ағайды зейнетке шығарып салғанбыз. Түс қайта сізге телепон соқсам, бірден: «Үйге келмейтін болыпсың, қайда жүрсің?», – деп дүрсе қоя бердіңіз. Шынымен қызғанасыз ғой деймін? Маған мұныңыз ұнайды: шын жақсы көргеніңіз ғой онда».

26.04. «Жаным, қалай сағынғанымды білсеңіз ғой?! Түннің бір уағына дейін көз іліндіре алмай, тек сізді ғана ойлаумен дөңбекшимін. Сезімге тиер ән естісем де сізді кенет сағынып кетем. Сізді кездестіргеніме қуанам. Мен қазір ешқашан, еш жағдайда да жалғызсырамаймын: сіз үнемі мыйымдасыз, сағынам да жүрем сізді».

29.04. «Жаным! Сіз хабарласпаған соң, бүгін тағы жабығып, мұңайып отырмын».

06.05. «Екі апта болды сіз хабарласпай кеткелі. Неге бүйтесіз, жаным? Осылай біржола суысып кеткеніміз, бәлкім, жақсы да шығар. Ұмытудың бірақ, оңай болмасын білем. Өйткені сіз жүрегіме жазылмайтын жара салдыңыз. Жараланғыш екенін біле тұра алдыңызға жүрегімді жайып салған, қорғансыз қалдырған, әрине, бәріне өзім кінәлімін».

07.05. «Жаным менің! Ұзақ, үнсіздікке шыдай алмай, бәрін де жиып қойып, кеше өзімнің хабарласқаным қандай жақсы болған. Бүгін жер бетінде менен бақытты адам жоқ! Жаным, енді өкпелемеңізші, сағындырмаңызшы!

«Емделуім керек», – деп сізді кеудеден итергендей болғаным қай қылығым? Бүкіл ішкі жан дүнием бір сіз деп шырқырап тұрса да, аузыма мүлде оған кереғар сөздердің түсетіні не әдетім? Бір бойымда бір-бірімен алысып екі адам өмір сүріп жатқандай. Сіздің өкпелейтін де жөніңіз бар екен, жаным! Менің ең негізгі жауым өзім екенмін».

12.05. «Жаным! Болашағы бұлдыр кездесулердің саны артқан сайын сізге деген сағынышым үдеп барады. Сағыныш сезімі қазір мүлде егізімнің сыңарындай. Бір-бірімізге сырмінез болып кеткеніміз сондай, кей-кейде оның егіліп жылағанын да жаным сезеді. «Қалай шыдап жүрсің? Сен қасарысқанмен, мен шыдай алмаймын, әлсізбін. Өзің хабарласшы!» – деп жалбарынады маған. Сізсіз өткен күнім көбейген сайын оның үні әлсіреп, зарыға шығады. «Бірге болатын мүмкіндік табылса, тозақтан да тайсалма!» дейді әзәзілге айналған сағынышым.

Таңертеңнен кешке дейін, төсекке жатканнан көзім ілінгенше, кейде түн ортасы оянып ап тек сізді ойлаймын. Тәулігіне жиырма төрт сағат менімен біргесіз».

21.05. «Жаным! Кеше таңертеңгі сегізде телепонмен: «Ертең кел, күтем», – дегенсіз. Менде бірдеңе деп қарсыласар да шама қалмапты. Қалай бауыр басып кеткенімді білсеңіз ғой. Күні бойы бақыттың шырын дәмі аузымнан бір кеткен жоқ, ұшып-қонып жүрмін».

Шындықты жазып отырғанын сезген сайын бейтаныс әйелге деген ілтипатым іштей ұлғая берді. Баланың пәктігіндей аңғал, адал көңілі адамды еріксіз баурайды. Бұл әйелде мұншалық мейір, махабаттың бар болғаны қазақ қыздарының бойында Баян сұлудың қаны әлі сақталып келе жатқанын дәлелдейді. Солай екеніне мен, шынында да, сендім.

27.05. «Бүгін жұмысты сылтауратып, сізді көріп кайттым. Бірақ, кетерде томсырайып, үнсіз қалдыңыз. «Қазір кездесуге жағдайым жоқ, бір айға дейін іздемеңіз», – деп ем, соны көңіліңізге ауыр алып, мұңая қабақ, шыттыңыз. Қолымнан келсе, бүкіл қалған өмірімді тек сізге арнар едім, амал не. Қазір менің өзге проблемалармен басым қатып жүргені де шын ғой. Бір ай көрмеуге қалай шыдарымды өзім де білмеймін».

30.05. «Бүгін сыртқы есік алдында қарсы жолығып қалдыңыз. Амандасып қана қасыңыздан өте шықтым. «Тоқташы!», – дедіңіз дауыстап. Бүкіл адам баласы бізге қарап тұрғандай қуыстанып, тоқтай алмадым. Қалшиып сіз қалдыңыз. Енді, міне, асығыс көру сағынышымды өршітіп, сізді сондай сағынып отырмын».

Бейтаныс әйелдің бұл жазғандары күнделіктен гөрі хатка ұқсайды. Және ешқашан жолданбайтын хат. Әр күнінің хатқа түсірген хабарламасы дерлік, соның бәрін іштегі шерін тарқату үшін өзіне өзі жазған. Аса сезімтал, тез мұңайып, тез қуанатын әйел секілді. Күдіктенуі де жылдам, күле салуы мен өкпелей қоюы да оңай. Неге екенін, осынша жақсы көрген жігіттен күндердің күнінде жалт беруі де жылдам болмаса жарар еді деп күдіктендім. Өйткені қатты жанған оттың қызуы қаншалық күшті болғанмен, ошақ түбінде қайта маздайтын шоқ та, шала да қалмайды, бәрі жанып кетеді. Сезімнің оты да кейде сабырмен, кейде шалқып, әр сәттің өз жағдайына қарай жануға тиіс. Сонда ғана ғұмыры ұзақ, болмақ. Бірақ, кім біледі…

02.06. «Жаным! Бар жан-тәніммен сізді ғана қалап тұратын дәрежеге ақыры мені жеткіздіңіз».

03.06. «Өткенде ойланып отырып: «Саған бұдан он жыл бұрын жолыққанымда ғой», – деп қалдыңыз.

«Онда не болар еді?» дегенімде, «Мұндай қартаймас едім», – деп, толық жауаптан жалма-жан жалтарып кеттіңіз.

Сол кезде сіз кезіксеңіз, мен онда дәл қазіргідей қадіріңізге жете алмас едім. Он жыл бұрын кездеспегеніңізге қуаныңыз”.

06.06. «Көзден жас шықпай жылау» дейтін тіркес қазақта бар ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, мен бүгін үйге көзімнен жас шықпай жылап келдім. «Тоқтаңызшы! Бір бұрылып қараңызшы!», – деп, артыңыздан келе жатып қанша жалындым. Бұрылмай, тоқтамай кеттіңіз. Неткен қатты едіңіз?

Сіздің дәл қазір қиналып, ең жақын досыңыздың сатып кеткеніне қалай түңіліп жүргеніңізді түсінем. Шақырғаныңызда, соны ойлап, көне қойып ем. Әйтпесе өз басымда да бас қатырып жүрген жағдай көп-ті. Бекер-ақ барыппын. Бірақ, кешірім сұрамаймын сізден. Мен сізді түсінбей қалсам, сіз мені түсінуге тиіс едіңіз.

Мен туралы жаман ойлап, жиіркеніп жатсаңыз, төсектен тұрып кетпегенде, не істеуім керек еді?».

Екеуінің өкпелесіп қалғанын осы сөздер аңғартқанымен, не себепті өкпелескендерін ашпайды. Бірақ «жиіркеніп жатсаңыз» деген сөздің айтылуына қарағанда, араларында бір қызғану жағдайы болған сияқты.

«Бұдан былай менімен бос уақыт өткізіп әуре болғыңыз келмесе, өстіп жоқтан өзгені сылтауратарыңызды күні бұрын білгенмін. Сөйтіп, сезімімді де біржола өлтіріп тастайды-ау деп қорыққанмын. Байқаймын, сол күдігім расталғандай.

Жаным, сізді қимасам да, осылай демеске амалым жоқ, Маған, бәлкім, енді тып-тыныш қана, балаларым үшін деп қана өмір сүру керек шығар. Мен сізді еш кінәләмеймін. Күдіктенгеніңізден күтпеген жағдайда көңілім жараланды. Күдіктенгеннен сіздің де жаныңыз жараланды. Одан біржола немесе жарым-жартылай болса да жазылар-жазылмасымызды сіз де, мен де дәл қазір білмейміз. Бірақ мен бәрібір бақыттымын, өйткені шын сүю дегеннің не екенін аз уақыт болса да бастан кештім: рахатын да таттым, азабын да таттым. Сол үшін сізге ризамын. Қалғанын келешек көрсетер».

Одан кейін де екі жол жазып, оны оқи алмастай қып қайтадан өшіріп тастапты. Күнделік одан әрі жалғастырылмаған. «Балаларым үшін» дегеніне қарағанда, қазір күйеуімен бірге тұрмайтын әйел секілді.

Кәбинетімнен шығып:

– Үйдің иесі қай жастағы адам? – деп сұрадым баламнан.

– Үлкен кісі. Ұмытпасам, елу бестемін деген сияқты.

– Әйелі жас шығар?

– Әйелін көргем жоқ, ауруханада екен. Бірақ, бірге оқыған сияқты.

– Мектепте ме?

– Онысын сұрағам жоқ. «Оқып жүргенде», – деп әйелі жайында, әйтеуір, бірдеме деген.

Үндемей кеп күнделікті қайтадан қолыма алдым. Бір жорамалды бір жорамал қуалай жөнелді: күнделік кімдікі – осы үйдегі әйелдікі ме әлде бөтен әйелдікі ме? Бір ойдан, бұл күнделікті бір әйел осы үйдің еркегіне арнаған. Бірақ олай дейін десең, онда, жуғыштың астына, әйелінің ең көп баратын, ең көп қарайтын жеріне күйеуі мұны қорықпай қалайша тығып қойған? Тығып қойсын-ақ, көшкенде неге алып кетпеген? Алып кеткісі келмесе, мұндай куәнің көзін неге біржола құртып жібермеген? Демек, олай емес.

Бір есептен, бұл араға күнделікті осы үйдің әйелі тыққан. Өзіне бөтен әйел берген күнделікті оқыған соң, күйеуі жыртып тастамай, бір жерге тыға салған. Ол арадан әйелі тауып алып оқыған да, күйеуіне білдірмей, жуғыштың астына іздер ме екен, іздемес пе екен деген қулықпен байлап қойған. «Қайда?», – деп күйеуі айғайлап кезінде іздеу салмаған. «Мынауың не?», – деп, әйелі оған ашық кінә қоя алмаған, өйткені еш жерде ешкімнің аты аталмаған, сондықтан мойындау да, мойындату да мүмкін емес.

Тіпті, мұны осы үйдегі әйелдің өзі де жазып, өзі тығып қоюы да мүмкін. Бәрі де мүмкін. Қалайда бұл жорамалдың қайсысы шындық, болса да, мұны жазған – айрықша әйел. Жаза отырып ол өз жанын тазаласа, сен оқи отырып, өз жанынды тазалап шыққандай боласың. Сол үшін бейтаныс әйелге рақмет! Құпия сырын халыққа жария еткенім үшін басымды иіп, аяғына жығылып, бейтаныс әйелден кешірім сұраймын!

1997.

Б.Нұржекеұлының «Шығармалар жинағы:

Тауды жылатқан түн» кітабынан

(Алматы, «Жалын баспасы», 2009 жыл) алынды.

Добавить комментарий