(Фантастикалық эңгіме)       

«Дүние жалған… Жалған өмір… 3аманақыр….! Осы сөзді қазекем қалай тауып айтқан?» – деп ол өзінен-өзі қайта-қайта күбірлей берді. «Шынында да, мынадай болғанда бәрі жалған екен. Адамзат баласын алапат апат күтіп тұр. Тек адамға ғана емес, жұмыр жердегі бүкіл тіршілік атаулыға төніп келе жатқан қасірет. Бір адамның, тіпті, бір елдің басына келер қасірет емес, нағыз заманақыр. Тағы да қазекеңнің әлдеқашан болжап айтып қойған заманақыры. О, тоба, шынымен осылай бола ма сонда?!».

Үй іші тым-тырыс, бәрі тәтті ұйқы құшағында, тек өзі ғана түн ортасына дейін кірпік қақпай, екі жаққа дөңбекшумен жатып, ақыры тұрып тынды. Үй киімдерін үстіне самарқау іле сап, жүмыс бөлмесінің есігін ақырын ашты да, жазу үстеліне келіп шұқшия қалды. Ондағы қоқыс, шым-шытырық айқыш-ұйқыш жазылған физикалық формулаларға тағы да ұзақ үңілді, тағы да бастан-аяқ бір-бірлеп мұқият тексере бастады. Қай жағынан, қайтып тексерсе де бастапқы қалпынан өзгерер емес, қатып қалған физикалық заңдылықтан ауытқымайды. Жұмыр жерге төніп келе жатқан алапаттың төбесінен төніп тұрғандай.

Өзінің астрофизика саласында қырық жылдай шұғылданған қыруар ғылыми еңбектерінің қай-қайсысында да дәл осылай қиналғаны есінде жоқ. Қай уақытта болсын бәрі де ойланғанындай бітіп, оңға басып жатқан-ды.

Астрономиялық сан-салалы зерттеулері, ғарыш кеңістігін игерудегі ғылымға қосқан неше мәрте жаңалықтары өзін талай-талай абырой-атаққа бөлеп еді. Доктор, академик, Социалистік Еңбек Ері деген… омырау толы орден, медальдар… Осылардың бәрінен қымбат тұтып қастерлейтіні – ең соңғы алған «Халық Қаһарманы» атағы болатын. Қанша мәртебелі сыйлық келіп жатса да, туа біткен мінезі сол – асып-тасымайды, әйткенмен, пенде емес пе, жетпісті қусырған шағында, Елбасының қолынан алған осынау жоғары атаққа қуанғаны соншалық, бір серпіліп, сергіп қалған. Қарт ғалым үшін бұл сергектік те ұзаққа бармады. Соңғы кездері екі иығынан тау басқандай, ой тұманы сейілмей, тұла бойы сал тартып, құр сүлдері жүр. Ғылыми зерттеу институтынан шығып, үйіне бет алған жолда бұрынғыдай трамвайға отырмай, жаяу жүретінді шығарды. Өзімен-өзі, оймен оңаша… ерсілі-қарсылы зулап өтіп жатқан көліктерді де, жаяу кісілерді де көрмегендей, жол шетімен қалт-құлт етіп келе жатады. Кеше ғана жол қиылысында бағдаршамның жасыл жарығын тосып тұрған адамдарды байқамай жүре беріп, оқыс келген машинаның астына түсе жаздаған.

Бар пәле осы бір шым-шытырық формулада жатыр. Қайта-қайта мұқият тексереді, жүз ойланып, мың толғанады, басы қызып, діңкесі құри береді. Енді бірде өз жаңалығын мүлде теріске шығаруға тырысып, керісінше дәлелдегісі келеді, бірақ оның да қисыны келмей, торығады. Сөйтеді де, бүтін қабырғаны ала төбеге тіреліп тұрған сөредегі кітаптарды қопарыстыра бастайды. Жасының ұлғайғандығы ма, әлде шамадан тыс шаршағандікі ме, соңғы кезде кітап беттерін аша бастағанда қолдары дірілдей беретінді шығарған. Онысына өзі мән беріп те жүрген жоқ, бар есіл дерті бұрын да сан мәрте өзі оқып бұрышын бүктеп қойған беттерге, астын ұқыптап сызып қойған сөз, сөйлемдерге ауып, шұқшия түседі. Әсіресе, Ньютонның, Эйнштейннің бүкіл әлемдік тартылыс заңы, қатынас теорияларын өз болжамына қарсы қойып, өзін біржолата жоққа шығарады. Өйткені, ол жер шарындағы тіршілік атаулыны мүлде құртып жіберетін алапатты қаламайды.

Ол тағы да өзімен-өзі күбірлеп сөйлей бастады. «Жоқ…. жоқ, бұл физикалық бұлтартпас заңдылық. Мұның өзі алғаш Исаак Ньютон сырын ашқан бүкіл әлемдік тартылыс заңымен ұштасып жатыр. Сонан бері талай ғасыр өтсе де, осы занды ешкім теріске шығара алған жоқ. Әрине, теріске шығару мүмкін де емес. Өйткені ол жаратылыс заңы. Біз білетін ғаламшарлардың бәрі алғаш осы заңдылықтың негізінде жаратылған. Әлем кеңістігіндегі бүкіл ғаламшар тұрақты қашықтықта, тұрақты салмақпен бірін-бірі айналып жүр. Шамамен осыдан үш миллиард жеті жүз миллондай жыл бұрын ғаламшарда болған алапат қопарылыстан кейін пайда болған шоғырлар осылай топтасып, қалыптасып қалғандығын ғылым дәлелдеп те қойды. Сондағы пайда болған алып шоғырлар бірте-бірте сан қилы өзгеріске ұшыраса да олардың өзара қашықтығы, салмағы айналып жүретін жолы бірқалыпты сақталып келген. Демек бірін-бірі тартып, жалмап қоймаған, өзара соқтығыспаған.

Сөйтіп осыдан үш жарым миллиардтай жыл бұрын тегі қыбырлаған тіршілік нышаны көрініс бере бастаған екен. Жан белгісі әуелі мұқитта пайда болып, бірте-бірте құрлыққа шыға бастайды. Өйткені құрғақ жерде судан да артық тіршілікке қолайлы жағдай туады. Сонан бері сан түрлі тіршілік пайда болып, сан түрлісі жер бетінен жойылып кетсе керек. Солардың бәрінің анасы іспетті жұмыр жер болса мәңгілік қалпын сақтап, мәңгілік екендігін дәлелдеп, миллиардтаған жыл мызғымаған күйде келеді. Әйгілі ғалымдарды көпжылдық зерттеу нәтижелері «материя жоқтан пайда болмды, жоғалып кетпейді, тек алғашқы бір күйінен тағы бір күйге ауысып, өз-геріске түсе алады» деген қорытындыға келтірді. Демек, материя мәңгілік, ал, онымен салыстырғанда тіршілік ғұмырының түкке тұрмайтындығы жайлы қазекем «дүнием жалған» деген жалғыз ауыз сөзбен-ақ әлде қашан дәлелдеп қойған жоқ па?! Ендеше менің мынауым не сандырақ… Жоқ, жоқ сандырақ емес нағыз заңды шындық деуге болады. Өйткені, бұл Ньютон заңы арқылы өзінен-өзі дәлелденіп тұр. Олай болса заманақырдың таяп қалғаны да рас…».

Ол алақанымен екі шекесін басып, тарамыстанған сұңғақ саусақтарының ұшымен бурыл тартқан селдір шаштарының арасын тырнай, бөлме ішінде олай-бұлай жүре берді. Басы қызып, тұла бойы салғырттанып, тілі кеберси берген соң ақырын басып ас бөлмеге кірді де, бөтелкедегі жеміс шырынынан сылық-сылық жұта салып, салқындауға балконға шықты.

Шілде айының күндізгі шіліңгір аптабының беті қайтыпты, маңдайына қоңыр салқын жағымды леп есе жөнелді. Қала іші жаппай тылсым тыныштық құшағына енген, мүлгіп тұр. Сәл де болса сергіп қалғандай, кеуде кере дем алып, көк күмбезіне көз жіберді. Аспанда танадай да бұлт жоқ, бозамықтанып жосылған құс жолы мен толассыз жымыңдаған сансыз жұлдыздар көз жауын алады. Енді бір сәт ол көне де, көрікті қала келбетін жүйрік жанарымен шолын өтті. Біріне-бірі қатарласа сап түзеген көп қабатты үйлердің ұзын сұлбасы көше шамдарының шағырайған жарығымен күңгірт тартып, төбелері көкті тіреп тұрғандай қарауытады. Қала шетінің қай тұста екенін болжап болар емес. Жымыңдаған сансыз жарықтар тым алыстан талмаусырап шалынады көзге. «Қандай үлкен де әсем қала, – деп ойлады ол, – Жер бетінде осындай қаншама мыңдаған қалалар бар дейсің. Адам баласының ақыл ойы жетілген сайын не түрлі сәулетті қалаларды бірінен-бірі асырғысы кеп бәсекелесе салды емес пе. Қазіргі биік үйлер жүз қабаттан асып кетті. Мейлі, шамалары жетсе онан да әрі биіктете берсін. Бірақ… Бірақ, анау алапат апат келгенде соның бәрінің күл талқаны шығып, тозаңға айналып кетпесе деймін. Құдай сақтасын, оның бетін аулақ қылсын».

Оның балкон есігін ақырын ғана жауып, қайта жұмыс бөлмесіне кірген әлсіз сыбдырынан оянып кеткен бәйбішесі апыл-ғұпыл тұрып қасына жетіп келген.

– Не болды саған, бір жерің ауырды ма?

–         Жоқ… Әншейін, ұйқым ашылып кетіп… – деп
үстел үстіндегі қағаздарға ойлы көзбен төне берді.

Күйеуінің қос жанарынан қалжырап шаршағандықтың нышанын байқап қойған бәйбіше жақындай түсіп білегінен ұстай алды.

Жаным-ау, мұның не, жас кезің емес, осыншама тесіліп шаршап не болды саған? Қүдайға шүкір, бұл күндері сенің доктор Дәркен деген есімің әлемге әйгілі болды емес пе?! Оданша қалған ғұмырыңды алаңсыз тыныш, тынығып өткізбейсің бе?! Жетеді енді, шаршап кетіпсің, жатып, дем ал.

Жарайды, бірақ мен сенен бір нәрсе сүрайыншы, сен осы бүйі жайында білесің бе?

– Немене? Бүйі дейді?

– Я, бүйі, кәдімгі өрмекші тәріздес жәндік.

Ойбай-ау, не деп тұрсың өзің, сенің астрономияңа оның қандай қатысы бар? Құдайым-ау, басың шатасқаннан саумысың өзі, қойшы деймін, таста, жүр, жат.

Жоқ, жоқ, тұра тұршы. Шатасып түрғам жоқ бәрі дұрыс. Мәселе былай. Осы бір кішкентай жәндіктің өзінде ғаламат тіршілік сыры бар көрінеді. Ұрғашы бүйі жаңа туған жұмыртқаларын денесіне қондырып алады екен. Олар енесінің үстінде жатып жанданып, қыбырлай бере енесін жеп қоректене бастайды. Ауызданып, дәнін алған сайын қорқаулана қылғып жей береді, жей береді, өздері үлкейіп жетіле береді. Ақыры енесін тұтастай жеп біткен соң бетімен кетіп, өздері тіршілік ету қамына кіріседі екен. Сөйтіп ұрғашы бүйі өзінің енелік борышын осылай атқарып, өмірден өтетін көрінеді. Мінеки, Алланың жаратқан сан түрлі тіршілік иесінде сан қилы сыр жатыр. Ал, табиғаттың физикалық заңдылықтарында осы күнге дейін ашылғанынан ашылмай жатқан сырлары уақыт алға жылжыған сайын өзгеріп, қүбылып отыратын құпиялары өте көп.

Шынында да ғажап екен. Бірақ, сен өз ғылыми еңбектеріңе мүлде қатысы жоқ бүйілер тіршілігі жайлы сөз қозғап отырғаныңды түсінбедім.

Оның мәнісі былай: Алла Тағала жер бетіндегі тіршілік атаулыдан артықша ақыл ойлы етіп жаратқан адам баласының қам-қарекетінің өзі осынау мақұлық бүйілердің күнкөріс әрекетіне үқсайтын тұсы бар.

Ойпырым-ау, сен өзі неменені бықсытып бара жатырсың, қойшы деймін, енді тым шаршап кетіпсің, дем ал дедім ғой саған.

Жо-жоқ, әуелі сен тыңда, ол былай. Бір сөзбен айтқанда адам баласы да бүйілер секілді өзінің Жер-анасын жеп жатыр. әсіресе, жылдан-жылға саны өсіп, ой санасы жетіліп, ғылымы ғарыштап дамыған   сайын   құнығып,   қорқауланып   барады. Жердің бетіндегісін қойып, астын бес, алты мың метр тереңдікке дейін үңгіп сорып алуға да шамасы жететін болып алды. Осылайша олар жылына миллиардтаған тонна мұнайды, соншама көмір, темірді, алтын-күміс, мыс, жез дейсің бе, тағы басқа не қажеттің бәрін қопарып алып, қылғып жатыр емес пе? Осылайша жұмыр Жер тек бір ғана жылдың ішінде сан миллиардтаған тонна салмағын жоғалтып жатыр. Ендеше елу, жүз жылда, тіпті мыңдаған жылдардан кейін не қалады, нендей күйге ұшырайды. Әрине, бірте-бірте жеңілдей береді. Сонан соң, оны басқа бір қуаты артық ғаламшар өзіне тартып ап, тас-талқанын шығарып жалмай салады. Мүндай оқиғалар Галактикада қазір де болып тұрады. Мәселен, жүлдыздар әлемінде өзінен әлсіз бірнешеулерін алыстан тартып ап жалмай салатын алып жүлдыздар болады. Оларды ғылымда «Эльфа» жұлдызы деп атайды. Егер күннің бетінің ыстықтығы алты мың, дәл ортасында он үш мың кельвин температурасына тең болса, «Эльфалардікі» онан да бірнеше есе артық болады. Ондай алып денелерді қазақтар ықылым заманнан бері «қорқау жұлдыздар» деп атап келген.

Сен мына формулаға қара. Бұл – әйгілі Исаак Ньютонның бүкіл әлемдік тартылыс заңы. Мұнда тартылыс күші екі дененің салмағы мен ара қашықтығына тікелей байланысты. Ендеше салмақ өзгерген жағдайда тепе-теңдіктің бұзылуы сөзсіз. Сөйтіп жүмыр жер өзінің бір қалыпты жағдайынан ауытқып, шайқалып кетуі әбден мүмкін. Олай болса, бүрынғылардың мыңдаған жылдар бүрын болжап айтып кеткен заманақыры келе жатыр, заманақыр, – деп, ол маңдайын сипай, алдында тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Шаршаған кезде ұстай алатын көк желкенің күйезі, сегіз көздің сырқырай ала жөнелетін әдеті сыр бергендей. Дәркеннің болдырған арық аттай алжа-алжа кейпін көріп, аяп кеткен бәйбішесі оны қолынан балаша жетелеп, бөлмесіне қарай беттеді. «Жалған дүние… Бәрі өтеді… Бәрі жалған» деп ойлаумен, қарт ғалым төсегіне кеп сылқ етіп жантая кетті.

Добавить комментарий