Сағын ақсақалдың қақ-соқта жұмысы жоқ. Өзі секілді ақ сақалды, сары тісті шалдар тырбанып, біреуін екеу етіп, отын-су, мал-жан деу басын тау-тасқа соғып жүргенде, ол кісі жаратылысындағы біртоға, сабыр күйінен танбайды. Тұстастарының айтуына қарағанда, осу кеңшардың қалқайып санатқа қосылуына еңбегі де сіңіп-ақ бағыпты, Анау аққаладай болып шаңқиып тұрған клуб үйінің орнында бұрқ, Сағынның дүкені – көрік үйі болыпты. Сол күні кешелерге дейін осы ұжымшарға жан бітіріп тұрған алып жүрек сияқты күндіз-түңі дүрсілдеп жатушы еді дейді. Қазанның қырғышынан бастап, арбаның төс теміріне дейін әлгі көрік үйден, оның жалғыз иесі Сағынның қолынан шығып жатады екен. Күні бүгінге дейін шешелеріміз: «Саусағыңнан айналайын, Сәкеңнің соққан сары мойын пышағы ғой!» – деп отырса, әкейлер насыбай атқан сайын мүйіз шақшаны бір сипап қойып, өткен өмірлерін еске алады. Ал, Сағын ақсақал соққан соқалар, төстемірдер, арбаның күпшегі сияқты қаптаған еңбек құралдары әлдеқашан темір сынықтары санатына қосылып, алыстағы зауыттарға жөнелтілген. Бұл күнде Сағын ақсақалдың түрені тиген далада көк ала түтін салып, абажадай тракторлар жортып жүр.
Көрік үйінен Сағын ақсақалдың алып шыққаны үлкенді-кішілі он шақты қақпан көрінеді. Оның ішінде теңгедей ғана тілі бар кішкене күзен қақпаннан бастап, қос серіппелі жолбарыс қақпанға дейін бар еді. Әсіресе қос серіппелі қақпанын кейбір әуезе көргендер қолына алып, шаппасын ашпақ болғанда Сағын ақсақал: «Е-е, Балқаштың қамысы сиреп, ызақоры құрығалы бұ жарықтықтың да дәурені өтіп тұр ғой! Әйтпесе, бір өзі бір қаралық мүлік емес пе! Байқаңдар, қолдарыңды қаптырып алмаңдар!» – деп отыратын. Әлдеқалай қарулы жігіттер кез болып, қолдаса басып, жағаласып жүріп жолбарыс қақпанның шаппасын қайырғанда, қазан аузындай болып дөңгеленген қара темір көрер көзді тіксінтетін. Мұндайда Сағын ақсақал: «Ойпырым-ай, шырақтарым-ай, байқаңдаршы! Қанқұмар, қара қақпан емеспе, қасына жуығанды қарғып қабатын!» – деп, кәдуелгідей абыржып қалады.
Бұл кісі бұрынырақта «Ұста Сағын» атанғанымен, кейінгі жұрт «Қақпаншы қария» дейтін болған. Десе дегендей, жыл Он ені айғы ермегі –қақпаншылық еді. Сонда, кәсіп нәсіп үшін емес, осынау саусылдаған қара қақпанға үйір еткен түз тағысының тілін білетій аңсақтығы болатын. Ол кісі үшін қақпан шаппасын қажаған қызыл алтайы түлкіні «ә-ә, қуым, түстің бе қолға» деп омыртқасый қайыру – пендеге лайық рақат-қызықтың ең зоры. Пай-пай, өзі де қақпаншы десе қақпаншы-ақ қой. Бірде құрдасы Қапан:
– Әй, осы жұрт сені қақпаншы деп жүр ғой, сол рас болса, аң қызығын үн-түнсіз жеке-дара көргенше, бізді де бір қасыңа ертсеңші! – деп тақымдап қоймапты.
Бәлсіну Сағын ақсақалдың жаратылысында жоқ. Бір күні екеуі атқа қонады. Қақпаншының ізі түзу ғой, кешікпей-ақ Ақшоқының алқымындағы шұбарға жеткенде Сағын ақсақал: «Бұл төңіректі шолған қасқырдың өтетін қылтасы осы», – деп, мұрыншақ төбенің айналасына жеткенде тізгін тартады. Алдымен, ұрымтал орын таңдап, қарын ояды да, қақпанын төсейді. Сонан соң қолдың жылуы шалған серіппенің қатып қалмауы үшін жылқының қу тезегін үгіп себеді. Мұнан әрі алақан кигізді шаппаның бетіне жауып, ізін жасыра қар боратып шегініп кетеді. Осы кезде құрдасына қарап:
– Әй, Қапан, менің қақпаншылығыма пәк келтірген сияқты едің. Мына қақпан көз алдыңда құрылды ғой, атыңнан түс те тауып берші, – деп әзілдейді.
Қапан болса атынан төңкеріле түсіп: «Мені түздің алжыған қасқыры ғой деймісің!», – деп, қорбаңдай жөнеліпті. Бір мезгілде «астапыралла» деп отыра кетті дейді. Сөйтсе жым-жылас қарды кешіп келе жатса, қара қақпан дәл быжылдақ тобықтан шап етіп қауып қалған ғой.
Сонда Сағын ақсақал сылқ-сылқ күліп:
– Көптен қолға түспей жүрген кәрі көкшулан едің, үйіріңмен үш тоғыз! – деп қамшымен торс-торс ұрып жүр дейді.
Осыдан кейін Қапан – Сағын құрдасының қақпаншылығына күмән келтіруі былай тұрсын, қақпан туралы сөз болған жерден жылыстап шығып кететін болыпты.
Бәрінен сытылып шыққанда байлап қойған киігің бар ма таңдап жүріп ататын, амал жоқ, сансырап келе жатып көзіңе көрінгенге қол көтересің…
Тек! – дейді сол сәт Сағын ақсақал, үні де қатқыл шығып, маңдайындағы сай-сай әжімдері тереңдей түседі. – Не әкетіп барады соншама. Құралайдың қармақ шаншым еті нәсіп болар деймісің? Онанда аңшылықтың қасиетін білмейтін көрсеқызармын десейші…
Жігіттер Сағын ақсақалдың сөзінен тосылып бірауық үнсіз отырады. Сонан соң кінәлі адамдай, Қызуы жоқ сабыр үнмен бірі тіл қатады:
– Әрине, табиғат аясында бой жазып, аңшылықты күштің басымдығымен емес, өнеріңді асырып аулағанға не жетсін. Ол үшін мына сіз сияқты аяқты аң, қанатты құстың тілін білу керек. Ондай өнер бізге қайдан бітсін. Тым болмаса осы қақпаншылығыңызды үйретіңізші. Оның өзінде басқасын былай қоялық, осы киіктің текесін ғана ұстайтын өнеріңізді үйретіңізші! – деп, енді кінәнің бір ұшығын Сағын ақсақалдың өзіне аудара сөйлейді.
Үйретейін! – деп Сағын ақсақал еңсесін көтеріп, шыншыл жүзін қарата тіл қатады. – Үйретпегенде ше! Саба түбі сарқынды жасым қалғанда білгенімді бүгіп кетсем, бейішке енгізер деймісің. Тек ынта болсын де, құлық қойғанға үйренбейтін түгі де жоқ. Табиғат шіркін зердең жетсе жаюлы кітап қой, оқисың да жол тауып жүре бересің…
Осымен әңгіме тынады. Бірақ, Сағын ақсақалдың ізін басып, соңына ілесетін, ешкім болмайды. Бірі анау дейді, бірі мынау дейді, әйтеуір тіршіліктің мәңгі таусылмас әрекеті өз ағысымен үйіріп әкетіп жатқаны. Ал, қақпаншы қарияның тек қана киік текесі басатындай етіп қақпан құратын өнері бұрынғысындай естіген жанды таңдантып, бас қосқан жерде әңгіме болады да қала береді.
Бір күні Сағын ақсақал мені шақырып алды да:
– Шырағым, бүгін бір, қақпан шолып қайтайын деп едім, маған серік болшы. Сірә, кәрілік иектесе керек, қақпандағы киіктің мойынын қайырудың өзі күшке түсетін болып жүр, – деді. Үлкен айтты бітті, сөзге келеміз бе, бірден келістім. Бұл кісінің қақпанға түскен киікті тірідей ұстайтынын өзімше елестетіп: «Шіркін-ай бір көрер ме еді» – деп бұрыннан қызығып жүретін едім. Енді, міне, ойда жоқта орайы келген соң, іштей қуанып, тағатым таусыла бастады.
Біз үйден әбден сусын қандырып алып, ыстыққа қайта шықтық. Барар жеріміз Ақжалдың сыртындағы жосалы жазық.
– Ата, – деймін, былай шыққан соң, – осы сіз құрған қақпанға тек қана текенің түсетіні рас па?
– Рас, – дейді Сәкең маған мойын бұрмастан алысқа көз тіккен қалпы.
– Сонда қалай? Ә, ата, айтыңызшы! – деп қиыламын мен. Сағын ақсақал болса маған күлімсірей бір қарап қояды да, сөз бастайды:
– Айтайын шырағым, айтайын. Киіктің үйір-үйір болып, жүздеп-мыңдап жүретінін білесің ғой. Оларды оты-суы мол шұрайлы өңірге бастап, алды-артына бас-көз болып қайырмалап жүретін – текелері. Ертеректе он-он бес жасқа келіп, можа болып қартайған текелер жиі кездесуші еді. Ондайларын қу мүйіз құлтеке дейтін. Өйткені, он-он бес жыл жасаған киік текесінің мүйізі түсіп, орнында жұп-жуан болып сүйірленген ақ жоңқа тұқылы ғана қалады. Қазір оққағары бар ілуде бірі болмаса, ондай текені ұшырату қиын. Жарықтық, мың-мыңдап өнген үрім-бұтағын жыл құсымен бірге, көктем шыға бастап келетін де сол құлтекелер… Киік те жылқы сияқты, қуғын-сүргін көрмесе желдеп жайылады. Ал, жусарында айналасы ашық, өзі түстес қызыл шағыл, жосалы жерді таңдайды. Мұндайда ешкі-лағы асықпай-саспай терең етіп жатақ қазып алады да, басын жерге салмай, төңірегін қапысыз бақылаумен болады. Міне, шырағым, киіктің осы сияқты мінезін біліп алған соң, қақпаңды қай жерге құрсаң текесінің түсетіні беп-белгілі. Жел жалтағы, ұясы терең қазылмаған, дөңес жердегі щұқанақты таңдайсың ғой. Әрине. Мұның ақыл жетпейтіндей дәнеңесі жоқ. Аңның ізін көп баққан жан мұндай тәсілді табиғаттың өзінен үйренеді…
Мен Сағын ақсақалдың бұл әңгімесін, тап бір, мені оңаша шығарып алып маған ғана айтқандай құныға тыңдаймын.
Ақжал дегені – ауыл іргесінде көлбеп жатқан қоянжон бұйрат қой. Біз кешікпей-ақ Ақжалдың кертіліп біткен мұрыншақ етегін айналғанда алдымыздан қызара керілген жосалы жазық көрінді.
– Әне, – деді Сағын ақсақал, көріп ал, шырағым. Мына сияқты шақатты
қызыл жазыққа киік баласы тұяқ бүкпей өтпейді. Мұндай жерде олар тынығады. Қауіп-қатерді алыстан көреді, ал өзі жатқан жерімен түстес болған соң, дәл үстінен түспесең, көзге де шалына бермейді.
Бұл сөзден кейін мен бұрынғыдан да тағатсыздана түсемін. Тап бір, ай мүйізді кер теке көзі мөлдіреп, қақпанда ойнақтап тұрғандай көңілім алып-ұшады. Сағын ақсақал болса менің көңіл-күйімді жазбай танып, өзгеше бір мейіріммен жымиып қояды.
Біз жосалы жазықты дендеңкіреп біраз жер жүрген соң, әлден уақытта Сәкең:
– Апыр-ай, ә! – деді.
– О не, ата? – деймін мен.
– Қақпаңды мына бір дөңеске құрып едім… Көкжетпес жерге сүйретіп кетпесе керек едіі… Қақапан желісіне байланған тоқпағы да ауыр болатын… Дәу де болса, сол қолды болған шығар.
Бұл сөз менің күн ұзынғы лепірген көңілімді су сепкендей басты. Бірақ, әлі де болса қақпанға түсіп бұлқынған тірі киікті көрсем-ау деген үміт көкейімнен кетер емес. Сол үміт жетегінде Сағын ақсақалдан озыңқырап барып, қақпан құрылған дөңеске жетсем, апыр-топыр болған киіктің ізі жатыр. Қалың ізден тауға қарай әлдененің сүйретінді сорабы шығыпты. Бұл екі арада Сағын ақсақал да жетті. Әрі-бері шым-шытырық ізді қарап тұрды да:
– Жарықтық, көптен бері құлтеке қақпан баспай кетіп еді,итүскен екен-ау! Көрмеймісің мөрдец болып басылған құлжа тұяқтарды! – деді. Сонан соң тағы да аяқастына үңіле қарап, айнала із кесіп шықты да, белгілі болды дегендей еңсесін көтеріп, жұмсақ шыт орамалымен терін сүртті.
– Бәсе, – деді әлден уақытта Сағын ақсақал сабырмен, – қаптаған қорықбас текелер басса қақпанды бүйтіп түзу тарта алмайды. Мынау сіңіріжуан құлтекенің әрекеті. Көріп тұрсың ба, әнеубір жылқының жас тезегі мен ізін. Аттылы адам кез болған ғой. Мұнысы да жөн, ит-құс басып қалса қайтер едік, көлденеңді көк аттыға бұйырғаны дұрыс қой… Ал енді не тұрыс, киіктің ұсталған жерінде қақпанымызды қалдырған шығар, жүр балам.
Мен Сағын ақсақалдың қолмен ұстатқандай дәлелді сөздеріне қайран қаламын. Бірақ, кім біледі, көзі алақандай болып мөлдіреп, мұқыл мүйізді құлтеке қақпан үстінде ойнақ салып, бір жерде тұрған шығар деп ойлап, сүйретінді сорабымен алға озамын.
Онша көп ұзамаған екен, бетеге, тарлауы селдірей біткен жосалы жазықпен әудем жер жүргенде, алдымызда ағараңдап жатқан әлдене көрінді. Алғашқыда маған таңы ағарып жатқан киіктей елес беріп, жүрегім дүңгірлей соғып, өрекпіп кетіп еді. Тақалған сайын киік емес екені айқындалып, алып-ұшқан көңілім де орныққандай болды.
Айтқанындай, ағарып жатқан қақпан екен. Әлдекім киікті босатып алыпты да, бауыздапты. Сонан соң бауыздау қанымен қақпанның тілін қандап, шаппасына ақ орамао тістетіп кетіпті. Орамалдың бір бұрышында түйіншегі бар.
Сағын ақсақал асықпай, кең оралыммен қимылдай жүріп орамалды босатып алды. Қазіргі сәтте өңінде де, бипаз қимылында да тап бір үйірімен үщ тоғыз аң соққандай өзгеше бір риза пейіл байқалады. Сол қалпында орамалдың түйінін шешіп еді, ішінен төрт бүктелген он сомдық шықты. Осы кезде Сағын ақсақал майда қоңыр дауысымен тіл қатты:
– Байқаймысың, балам, – деді жанары бір түрлі мейірім шаша, – біздің құлтекеміз, бір жөн білетін, тәрбиелі адамға тап болған екен. Алдымен, қасиетті қара қақпанды сыйлапты, анау бауыздау қанды шаппасына жағып кетуін көрдің бе? Онысы қақпанның меселі қайтпасын, жолы бола берсін дегені. Сонан соң, иесін сыйлапты, аңның жолы көлденеңді көк аттынікі, бірақ қақпан иесі басы-қасында болмағандықтан, өзінше жол бөлісуді парыз санаған. Бұл кісі аңшылықты кәсіп-нәсіп емес, өмірдің бір қызығы деп түсінетін жан екен. Тілеуің бергірдің жортқанда жолы бола берсін!.. Ал, шырағым, сенің де аңға бірінші шығуың болар, жолсыз емес екенсің, мына тиын-тебенге кәмпит алып жей ғой. Орамалмен мен көзімнің жасын сүртіп жүрейін…
Біз қақпанды сүйретпесінен босатып алып бері қайттық.
Қалай екенін кім білген, мен қарақат көз құлтекені көре алмағаныма тіпті де өкініп келе жатқаным жоқ.
«Аққыз» кітабынан.