Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы

Асылан Қуанышұлы – 1999 жылы қаңтардың 7-сі күні Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Күнбатысқа қарай 2128 шақырым» (2024) «Кішкентай» (2025) кітаптарының авторы. Шығармалары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. «Steppe&World Publishing» баспа-үйінің редакторы.

КІШКЕНТАЙ
(повестен үзінді)
«Мен тәуелсізбін, тәуелсіз болатын себебім, менің ешкімге керегім жоқ»
Герольд Бельгер
1-тарау
…Содан соң ауыз үйден өтіп, ақ түсі оңған есікті аштым. Қуықтай бөлменің төр жағына салынған төсек бүлк етті. Біреу қоңыр түкті көрпесін қымтана бүркеніп етбетінен жатыр. Бәлкім, бір қырындап жатқан сол біреу тіршілігімнен хабар бермейін деп жорта шалқасынан түскен де шығар. Әйтеуір, мен төр жаққа көз салғанымда, ол кілемге ораған мүрдедей боп тырп етпей қойды.
Әр-әр жеріне алақандай гүл бедерлеп сәндеген ескі сары кілемнің тозығы жетіпті. Кезінде осы кілемнің үстінде ағам екеуіміз ойнайтынбыз. Мен қағаздан ұшақ жасап отыратынмын, ал ағам етбетінен жатып алып сөзжұмбақ шешетін. Кейде ол басын сәл көтеріп, ас үйде жүрген апама дауыстап, жұмбақтың шешімін сұрайтын. Жауабын естігенде алақайлап жазып жататын. Енді, міне, осынау бөлмеде бұған дейін ешкім де ешқашан сөйлемегендей, ойнамағандай, алақайлап мәз болмағандай. Жым-жырт.
Терезенің желкөзін жауып, пердесін түсіріп, бөлмені қараңғылап қойған екен. Бәрібір, тамыздың күнін перде жасыра алсын ба, жалаңаш қабырғалардың көкшіл реңі, төрге ілінген әкемнің ақ-сұр суреті, тіпті, теңкиіп жатқан ол да анық көрініп тұр. Терезе бетте ақ жайпақ табақ жатыр: үстіне бір кесе қара шай, бір тәрелке картоп қосып қуырған макорон қойылған – жатқан кісінің бас жағы сол болса керек. Екі-үш аттап жетіп бардым.
– Ассалаумағалейкүм!
Үн жоқ. Қоңыр түкті көрпесін кір басып кетіпті. Жайпақ табақта бір шеті тістелген нан жатыр. Табақтың шетінде нан қиқымы да бар. Бұл ешкім жоқта қаужап алайын дегенде, мен үйге кіріп келсем керек. Кім білсін, соған ызасы келіп жатыр ма екен? Әне, ақ табақ пен қоңыр көрпе арасында, кілемде, ұзындығы кере қарыс бір тал қап-қара шаш жатыр. Қанша уақыт шаш алдырмадың екен, Сатыбалды?
– Ассалаумағалейкүм! – дедім тағы да.
Тағы да үндемеді. Ас үй жақта күңкілдеп жүрген апамның дауысын естідім.
– Соған амандасып неғылайын деп жүр екен, тегі. Ол бір жатқан қайырсыз қара. Неше жылдан бері көрмедім екен-ау демейді. Туа сала тесік қайыққа салып ықтырып жіберуім керек еді. Өзімнен де бар…
– Ассаумайке-ем деп жатырмын ғой, адам сияқты амандаспайсың ба! – дедім. Тырс еткен дыбыс жоқ. Бір сәт өзімді саңырау сезіндім. Тым болмаса әлсіз ғана бір дыбыс естісем ғой… Әлде көрпесін жұлқып тартып алсам ба екен? Ал өңі жапырақтай қуарып, қыбырсыз жатқан қу сүйек бетіме бажырая қараса, не демекпін? Шіріген топырақтан шығып келе жатқан мәйіттің жанары сияқты сұп-суық, қап-қара жанар. Сол көз маған қадалып, жанымды қарып өтсе ше? Қорыққанымнан селк ете түсіп, атып тұрғанымда оң жақ шекесіндегі тыртықты көрсем, нендей күй кешермін? Еңкейіңкіреп, қолымды соза берген күйі кідіріп қалдым. Одан ары созсам, қимылсыз дене орнынан атып тұрып, «қайда жүрсің, Әсет?» деп ақыратындай. Сол дауыстың жаңғырығы құлағымды жарып жіберетіндей. Қорқыныш пен үміт қатар келіп, тұла бойымды шымырлатып тұр. Бәлкім, ол тірі шығар. Бірақ тірі болса, дәл қазіргідей үнсіз, қимылсыз жатпас еді ғой… Олай болмағанның өзінде, дәл осы бейненің ұзыннан түсіп шалқалай жатқанын көруге дайынмын ба, дәтім жете ме? Әкемнің шегір көзі төбемді тесіп, кеудемді қақ айырып бара жатқандай болды.
– Тиіспе, Әсет. Жата берсін. Бәрібір сөйлемейді ол.
Келген ізіммен кері шықтым да, ас үйге беттедім. Онсыз да бойы тапал апам бүкірейіңкіреп қалыпты. Теріс қарап, қазандағы тамағын араластырып тұр. Мұрны пыш-пыш етеді. Оқта-текте күрк-күрк жөтеліп те қояды.
– Мынауың телефоннан айтқаныңдай емес, тіпті жаман болып кетіпті ғой…
– Жаманың бер жағы қайта. Білмейсің ғой әлі. Сен кеткелі қанша жыл, ол кезде мұның адам сықпыты бар еді, әйтеуір.
Мен ауылдан кеткелі бес жыл болыпты. Арқама рюкзагымды асып алып, сұр чемоданымды сүйреп бара жатып артыма бұрылғанымда, Сатыбалды тезереден қарап тұрған. Үйден шыға бергенімде: «Жүрген бір пысықсың ғой, осы кеткеннен келуің қиын-ау», – деген оның алдында. Негізі, менің емес, оның кетіп бара жататын жолы еді. Әттең, оқи алмады…
Апам тәрелкеге картоп қосып қуырған макарон салып, алдыма қойды.
– Жолдан шаршап келдің, қарның да ашқан шығар. Маған қарама, жей бер. Мен жаңа ғана тыңқиып тойып алғам. Өзің де келем деп алдын ала бір ауыз ескертіп қойсаң етті.
Енді байқадым, көзінің айналасын әжім торлапты. Маңдайындағы екі сызық та біраз тереңдепті.
– Өзімнің де басым істемейді, осыны туа сала тұншықтырып өлтіре салсамшы… – Жүрегім зырқ ете қалды. – Көзге күйік болып жатысын қарашы. Сол кезде өлтіре салсам, қазір…
– Ойлай беріп неғыласың, апа. – Сөзін бөліп жібердім. Ендігісі айтпай-ақ белгілі. Ал соны Сатыбалдының құлағы шалса не болмақ?
– Оны қойшы. Өзің амансың ба? Жұмыс-шаруаң қалай? Алматы қалай?
– Алматы орнында. Газет те апта сайын шығып жатыр. Демалыс алып келдім. Қаланың шуынан әбден шаршадым, бір апта болса да ауылда жатайын дегенім ғой.
– Құдай-ау, өзің бес жылдан кейін келіп отырғанда, бір-ақ аптаң не! Аунап-қунап жатпайсың ба! Жарайды енді, жұмысың көп шығар.
– Иә.
– Келмесең, келмей-ақ қой. Тек жалғыз жүргенің жаныма батады. Алматы деген үлкен қала, іздегеніңнің бәрі бар. Не көп, қыз көп. Сен сияқты білдей бір кәзитте жұмыс істейтін дардай азаматқа қыз қарамайды дегенге сенбеймін. Қашан келін әкелесің? Мына бөлме мен ана бөлменің арасында өйстіп қашанғы жүрем? – Кенет сыбырлай қалды. – Үйге келін келсе, мынау да ұялғаннан тұрып кететін шығар.
– Бұйырғаны болар.
– Бұйырған-бұйырған… Тым болмаса шайыңды құйып беретін біреу керек қой. Жасың да тайқазанның жасына келді… – Мұрнының астынан міңгірлеп жүріп шәйнек-дүмшесін дастарханға қойды. – Шайыңды іш. Сосын сыртқа шығып ауа жұтып қайт. Анау бірдеңе жеп алсын.
Арғы бөлмеден ғұрр-ғұрр еткен дыбыс естілді. Ағам шәй ішіп жатқан шығар деп елең ете қалдым. Жоқ, ашық есіктен анық көрініп тұр, қоңыр түкті көрпесі білінер-білінбес көтеріліп-басылып әлі жатыр.
– Асқазаны бұзылған-дағы. Күн ұзақ жарытып ештеңе жемейді, біреу келіп қала ма деп қорқатын болар. Сөйткенімен қоймай, түнде тықыр-тықыр етіп ербиіп тоңазытқыштың алдында тұрады. Өлгісі келмейді өзінің! – деді апам. Езу тартқанда иегінің оң жақ тұсында шұңқыр пайда бола кететін, онысы да тереңдеп қалыпты.
Ауылға жеткенімде тас төбеде тұрған күн көкжиекке қарай білінбей, баяу құлап бара жатыр. Мен дастархан басынан тұрып, қара кроссовкамды киемін дегенше Сатыбалды жатқан бөлменің есігі де білінбей, баяу жабыла берді.
Көшенің арғы басынан шайқала басып Қосан келе жатыр. Бұрынғыдан бетер жүдеп қалғаны болмаса, баяғыдай масаң. Әр шумағын бір шалатын әндері де сол баяғы, тіпті айту ретін де өзгертпепті. Ол ойқы-шойқы жолдың шұқырына сүрініп кетті де, тәлтіректеп барып, аяғын қайта тіктеді. Әнін үзбеген күйі сұр дарбазаның алдында тілі салақтап шоқиып отырған сары итке жақындап, аз-кем тұрды. Содан соң көрерменге ізет көрсеткен әншідей басын иіп, қайта жолға түсті.
– …Айтқан сөзің оқ сияқты… Әй, апа, аман ба?.. Біз сол жүрген, ауыл тыныш па деп.
Сол үйдің бергі жағынан күлгін түсті Lada Priora көлігі шығып, бұрыла бергенде, Қосан оған да бас изеп амандасты.
– Ай-ай, ақ сәуле-ем… Е-ей, інім, бері келші.
Анабір жерден маған қол бұлғады. Сол бейуаз қалпы. Аузында бір тіс қалмаған-ау, сөйлеген сайын шығыңқы иегі мұрнына тие жаздап, қайта түседі. Жымия қарап тұра бердім. Ол да менен көзін алмай әндете жақындай берді.
– Сенн-дерге әрда-йым оры-ын ба-а-ар… Бірақ маған жоқ, ұқтың ба, бала? Сен мына Маралдың баласысың ба?
– Ассаумайкім. Иә, аға.
– Өй, ұят болады, Маралдың баласымын деме. Мұңайтпас де. Атың кім еді осы? І-і… Тауар ма еді, қалай еді?
– Тауар емес, Сатыбалды. Ол ағам ғой. Мен – Әсетпін.
– Құдай, құлдығым, кішісісің бе?! Ешкім тиісіп жүрген жоқ па? Тиіссе, маған айт, жанын шығарам кім болса да.
Езуіме еріксіз күлкі үйірілді.
– Шайқалып келе жатсың ғой, аға, үйіңе барып демалмайсың ба?
– Өлгенде демаламыз. Тірі адам тірлігін көрсетіп өйстіп жүруі керек. – Торлы көк жейдесінің төс қалтасынан темекі қорабын алып еді, іші бос екен. – Сен, әкел, темекі бер маған.
Ол бір тал шылымды асықпай тұтатты да, екіншісін төс қалтасына салып алды.
– Сау бол, інім. Біреу тиіссе маған айт, жанын шығарайын кім болса да. Осы ауылда… – Қосан сөзін аяқтамай, әндетіп кете барды.
Үйді айналып өттім де, көптен бері әк көрмеген сарайдың артына бардым. Шаңқ-шаңқ еткен шағаланың үні талып естілді. Күнбатыстан соққан жел шіріген қамыс пен балық иісін қуалап әкеліп мұрныма тосты.
* * *
– Апам жұмыста, басқа кімнен сұрайсың. Кеттік, «қырық үй» жаққа барып ойнап қайтайық.
– Қойшы.
– Ана жақта әткеншек бар екен. Жүрші енді. Әлде не, жаңадан көшіп келген балалардан қорқып отырсың ба? – дедім.
– Кетші бар, қорыққаны несі. Жәй, ана жаққа барған соң, тағы бір жерге барайық дейсің. Апам көріп қалса ұрсады ғой.
– Онда сен сөйтіп отыра бер. Мен кеттім, – деп орнымнан тұрдым. Сатыбалдының қозғалар түрі жоқ.
– Бармасаң, өткенде кәмпит ұрлап жегеніңді айтып қоям.
– Ой, соны қашанғы айта бересің! Жүр, ал, – деді ол ерні шүртиіп. Содан соң көлік қылып ойнап отырған сүйретпесін киді де, «қырық үйге» қарай жүгіре жөнелді. – Әткеншекке дейін қуып жете алмасаң, тасбақасың.
Ізін ала мен де зуладым. Электр бағанына қонақтаған бір топ торғай дүркірей ұшып, қарсы беттегі көп пәтерлі екі қабатты үйдің қызыл шатырына барып қонды. Бағанның түбінде әлдене шоқып жатқан көк кептер Сатыбалды таяй бергенде пыр-р етіп ұшты да кетті. Өкшелей қуып, жолға таяғанда екі жағына қараймын деп сәл кідіргенін пайдаланып, арқасынан сарт еткіздім.
– Болды, тасбақа емес екенсің, – деді ол ентігіп.
Тағы біраз жүріп, бір-біріне ұқсайтын үйлердің ортасындағы алаңға жеттік. Төңіректе бізден басқа бала жоқ екен. Сатыбалдыны отырғызып, өзім әткеншектің арқалығына тұрып алып тербеттім. Енді тербете бергенімде:
– Өзің тебе бер, мен түсемін, – деді.
– Секіре сал.
– Қойшы, тоқтатшы.
– А, тоқтатайын ба? Мә, саған! – Бақырып-шақырғанына қарамай көтере бердім. – Көке де.
– Көке-көке… Тоқтат енді.
– Қорқақпын де. – Әткеншекті одан сайын биікке көтердім.
– Өзің қорқақ.
Әткеншектің ұстайтын темірі бағанға тиюге сәл жетпей тұр.
– Қорқақпын-қорқақпын… Болды ма?
Әткеншек көтеріліп, түсіп бара жатқанда жерге секіріп түстім. Домалап түсіп, басымды енді көтере бергенім сол еді, Сатыбалдының өкшесі дәл төбемнен өтті. Жалма-жан арт жағына шығып, әткеншек орындығының арқалығына жармастым.
Екеуіміз де ентігімізді баса алмай отырмыз. Ағам апам құсап көк футболкасының жағасын сәл көтеріп, кеудесіне үш рет түкірді.
– Мә-ә, зәрем ұшты ғой. Неменеге есіре бересің?
– Өзің ғой… – дедім аузыма басқа сөз түспей.
– Мен не істедім саған? Кетші бар.
Ол бұртиып, ары қарады. Кенет жел тұрды. Арқам терлеп кеткен екен, футболкамды шешіп, Сатыбалдыға ұстаттым.
– Мә, арқамды сүртіп берші.
Күнбатыстан соққан жел шіріген қамыс пен балық иісін қуалап әкеліп мұрныма тосты. Суға түскім келіп кетті.
– Сатөш, үйден су ішіп алып, өзенге барайықшы.
– Апам білсе өлтіреді ғой.
– Бармасаң, бармай-ақ қой, – қолынан футболкамды жұлып алдым да, орнымнан тұрдым.
– Тоқта. Күте тұр. Мен де барам.
– Жүр, онда мені қуып жет. Жете алмасаң, жындысың, – дедім де, үйге қарай жүгіре жөнелдім. Сатыбалды қуып келеді.
– Жетіп алсам, сен жындысың.
Ол өкшелеп келеді. Мен одан сайын екпінімді үдетіп, барымды сала қашып келемін. Жолға он шақты адымдай ғана жер қалды. Одан ассам, жетпіс метрдей жерде біздің үй. Сәл шыдасам болды.
Сол жақта бір ақ жигули бұралаңдап, зулап келе жатыр. Жолға бес адым қалды. Сатыбалдының ырс-ырс еткен дауысын, сарт-сарт еткен сүйретпесінің дыбысын анық естіп келе жатырмын. Әне-міне арқамнан періп қалады.
Жолға екі адым қалды. Жигули де таяқ тастам жерге таяды. Сатыбалдының дауысы да құлағымның түбінен естілді. Өзі бірдеңе деп айғайлап жатыр ма? Жолға шығып кетсем болды, Сатыбалды жол жиегіне жеткенде өзі-ақ тоқтайды.
Бұралаңдап келе жатқан жигули ұзақ бипылдатты. Бамперінің алдынан зу етіп өте шықтым. Іле-шала біреудің қатты бір шыңғырып қалған дауысын естідім. Содан соң әлдене асфальтқа тарс етіп соғылды.
Кілт тоқтап, артыма бұрылдым. Көк жигули жер сыза жүріп жолдың жиегіне соғыпты. Ішінен полиция формасын киген біреу түсіп келе жатыр. Бірнеше адым әріде бір бала жатыр. Асфальтқа оң қырымен түсіпті. Үрейім ұшып, үйге қарай жүгіре жөнелдім.
* * *
Көз алдында біреу өліп бара жатса, адам қандай күй кешуі керек? Шоши ма? Қайғыра ма? Қорқа ма? Әлде есеңгіреуге тиіс пе? Бәлкім, жүрегі сыздап, жаны қысылып, тынысы тоқтап қалуға міндетті шығар. Әлде көзінен жас сорғалап, жан айқайы сыртқа төгілуі керек пе?
Ал мен…
Айнала үнсіз. Кенет бәрі бір сәт тоқтап қалғандай. Асфальттағы баланың көзі ашық жатқан. Мен болсам тас мүсіндей тұрып қалдым. Жыламадым. Жанұшыра жүгірген де жоқпын. Ештеңе демедім. Қорықпадым да. Неге мен ештеңе сезіне алмадым? Мүмкін, бұл кешігіп келетін қайғының көлеңкесі ғана болар.
Темекімді жаншып сөндірдім де, үйге беттедім. Апам ақ табағын көтеріп төр бөлмеге бара жатыр екен. Мен де ере кірдім. Ол табақты бас жағына қойып, жарықты сөндірді де, шығып кетті.
Есіктің жанында қаққан қазықтай боп қанша уақыт тұрғанымды білмеймін. Сатыбалды да қыбыр етпеді. Қоңыр көрпесі де көтеріліп-басылғанын тоқтатқандай. Ақыры шыдай алмадым.
– Қашанғы осылай жатпақсың!?. – дедім күбірлеп.
2-тарау
Жол ортасында жалғыз тұрмын. Бұл жерге қалай тап болғаным есімде жоқ. Әйтеуір, төңіректе тірі пенде жан көрінбейді. Ауа тымырсық, біртүрлі тұншығып бара жатқандаймын. Үп еткен жел болсайшы. Жолдың шетінде жалғыз шам жанып тұрғанымен, сәулесі солғын. Қалған дүние қара көлеңке. Жым-жырт.
Кенет қараңғы асфальттың бетінде бір нүкте көзіме оттай басылды. Жақындай беріп едім, жүрегім зырқ ете түсті. Кішкентай бала екен. Оң қырымен жатыр. Шамның әлсіз жарығы жүзіне әрең түсіп тұр. Бетіне қарасаң ұйықтап жатқан секілді. Әйткенмен өңі боп-боз. Сұп-суық.
Бірден басына көзім түсті. Шекесінен аққан қып-қызыл қан асфальттың бетін бойлай баяу жылжып бара жатыр. Сол сәтте дүние жарықшақтанып кеткендей болды. Қоп-қою қан… Жерге тигенде жай жайылып кетпей, бір арна тапқан судай алға қарай жорғалап барады. Неге екенін қайдам, өзімді ұстай алмадым. Ағып бара жатқан қанның соңынан еріп жүре бердім. Аяғым өздігінен қимылдап келеді, мен тек ілесіп келемін.
Қан жолды бойлап аға берді. Меңіреу тыныштық. Кейде табанымның астындағы уақ қиыршық тастар сықыр-сықыр ете қалады. Бәрі шын секілді, алайда өмірде бұлай болуы мүмкін емес. Өңім емес дер едім, қан иісі мұрын жарып тұр. Темірдің, сыздың, тұрып қалған сасық судың иісі араласып кеткен. Қан ағып барады, мен артынан ілесіп келе жатырмын. Үннен, ойдан ада, еріктен тыс.
Жол біраздан соң өзенге барып тірелді. Су баяу ағып жатқан, ай сәулесі бетіне әлсіз сызық түсіріп тұр еді. Қан өзенге құйылған сәтте бәрі өзгеріп кетті. Су лезде қып-қызыл қанға боялды. Өзен қоюлана бастады. Қып-қызыл, айрандай ұйыған, тірі жандай қозғалып жатқан өзен. Бір сәт тыныштық орнады.
Кенет өзен арнасына толып, кемерінен асып бара жатты. Бір мезетте маған қарай жылжи бастады. Алғашында тобығыма тиді. Жылы екен. Бірақ жанға жағымды жылу емес, өлі дененің әлі суып үлгермеген жылуы секілді. Тұла бойым түршігіп, кейін қарай жалт бұрылдым. Сол сәтте барып соңымнан қоймалжың қып-қызыл су мені қуалап келе жатқанын байқадым. Өздігінен қозғалатын тірі бір нәрседей ентелеп таяп қалды. Басы жоқ, аяғы жоқ, бірақ бет алған бағыты белгілі. Көздегені – мен.
Жан дауысым шығып, қаша жөнелдім. Жан-жағым бұлдырап, көзім қарауытып бара жатыр. Жүрегім кеудемді тепкілей келіп тамағыма тіреліп қалғандай. Қан-өзен соңымнан әп-сәтте қуып жететіндей.
Бір уақытта көз ұшынан бір сұлба көрінді. Үй. Әуелі бейтаныс үй шығар деп ойладым. Қабырғасы биік, терезелері қарауытып кеткен. Бірақ енді жақындаған бергенде жүрегім шым ете қалды. Менің үйім! Балалық шағым өткен әкемнің қарашаңырағы. Дей тұрғанмен қазір адам танымастай өзгерген екен. Есігі қисайып ашық тұр. Терезенің ар жағынан біреу қарап тұрғандай.
Үйдің іргесінде бір күшік жатыр. Кәдімгі моп-момақан, сүп-сүйкімді күшік. Басын алдыңғы екі аяғының арасына тығып алып, ұйықтап жатқан секілді. Мен жақындаған сайын әлгі күшік басын көтере берді. Көзін ашты. Көзі – қып-қызыл. Орнынан тұрғаны сол еді, үлкейе бастады. Алдымен кәдімгі иттей болды. Кейін қойдай, кейін арлан қасқырдай, содан соң сиырдай боп үлкейді. Ақыры бойы адам бойынан асып, алып қара итке айналды. Тісі ақсиып, аузынан сілекейі ағып тұр.
Кенет маған қарай ұмтылды. Үні иттің үргеніндей емес, таудан тас домалап келе жатыр ма дерсің. Үрейлі, ашулы, жойқын үн. Артымда қоймалжың өзен ентелеп жетіп қалды. Алдымда үйдей ит үріп, атылып келе жатыр.
Бәрі бұлдырап барады. Дүние астаң-кестең. Иттің үрген үнінен зәрем ұшып… Түсім болса екен деп тіледім. Мен күбірлеген сайын алып ит бірте-бірте кішірейе берді. Алапат даусы да әлсіреп, кәдімгі иттің үргенінен парқы болмай қалды.
Иттің шәуілдеген дауысынан оянып кеттім. Мұрныма шыжықтың иісі келді. Көзімді ашсам, терезе беттегі сұп-сұр теледидарға қарап жатыр екенмін. Астында аласа қоңыр шкаф. Екі тартпасы қатар ашық. Үстінгі тартпадан қағазы сарғая бастаған сөзжұмбақ-газеттің шеті көрініп тұр. Апам есік-терезенің бәрін ашып қойыпты. Өзі күбір-күбір етеді, күбірлеген сайын майдың быж-ж еткен дыбысы қоса естіледі.
Сатыбалды жатқан бөлмедегі терезенің де пердесі түрулі, желкөзі ашық. Ал өзі тарс бүркеніп жатыр. «Бейсенбі күні өлі аруақтар жерге түсіп, өзінің рухына бағыштап иіс шығарған үйге бас сұғатын көрінеді. Біз шыжықтан, жеті шелпектен ауыз тиіп, аят оқып, бет сипағанда, құранның нұрына шомып, майдың иісіне мейірі қанады екен», – деуші еді әжем. Сонда апам апта құрғатпай жеті шелпек пісіргенде бізді де, өлі аруақтарды да бірдей разы қылады екен ғой. Ал Сатыбалды осының қайсысына жатады? Тіріге есеп болса, тіршілігін білдірмес пе еді? Өлінің санатына кірсе…
Ас үйден апамның дауысы естілді.
– Әсет! Тұра ғой, балам!
Саусағымен бетіне сырғыған самай шашын құлақ шекесіне қыстыра, жаулығын түзеп, апам келе жатыр.
– Ә, тұрған екенсің ғой. Жеті шелпек пісірдім. Бар, беті-қолыңды жу. Құран оқиық.
– Бүгін бейсенбі ме еді? – дедім шелпек жеп отырып.
– Ауылға келгеніңе екінші күнге қарады. Неше жылдан кейін келіп тұрсың ғой, әкеңнің там басына барайық. Бүгін жексенбі екен деп қайтарып жібермес.
– Анау да бара ма? – Иегіммен төр бөлмені нұсқадым.
– Қойшы соны, жата берсін. Ол күн жарықта далаға шығып, әлем түзеліп кетіп жүрер.
– Кім білсін, Сатыбалды келді деп әкемдер шашу шашып қарсы алатын шығар?!
Апам күліп жіберді. Бетіндегі шұңқырдың тереңдегені болмаса, күлгенде пұшық мұрны дүрдиіп кететіні өзгермепті…
«Кішкентай» кітабынан.
