Қадірлі оқырман, назарларыңызға биыл 65 жасқа толып отырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғабит Сапаровтың туындысын ұсынамыз. Әңгімеде өлкетану бағытындағы құнды деректер де қамтылған. 

Қайсар аға жаяулық зардабын бір кісідей – ақ тартты… Ауыл қандай үлкен! Бір шеті мен екінші шеті атшаптырым аймақты алып жатыр. Арғы басына шыққанша, өкпең өшеді. Ол басында не бар? Өзен бар, өзенде балық бар… Кейіннен тапқан ермегі – балықшылық. Сол үшін қаладан қармақ та сатып алды. Бұрынғының бамбук қармақтары қалды ғой қазір… Жиналмалы, алынбалы – салынбалы. Арнайы құндақ – қапшығына сиып кетеді. Қызыл құрт осындағы көлшік жағасынан да табылады. Иә, тоғай жапырағының арасына жасырынған, жуандығы шынашақтай жауын құртына жетпейді, әрине… Дегенмен, үлкен – кіші шабақ, алабұғаға бұл да жарап тұр… Әрі кетсе, шикі қамырмен де аулауға болады. Тіпті сығымдап тастасаң, нан да азық балыққа…

Балыққа баруын барасың – ау, бірақ түске таман күн ысыған соң, қайта үйге жетуің – қиямет – қайым… Өкпең өшкені – өз алдына, өзегің талып, көзің қарауытып, тілің аузыңа симай, өлдім – талдым дегенде, үй қарасы да көрінеді – ау… Рәзияның қою шайын құмарлана ішіп алып қана, салқын бөлмеде бір ес жиясың… Балығы құрғырға енді қайтып бармастай боласың… Бірақ үйреніп қалған «кәсіп» бола ма? Қайта су жағасына тартады, оның үстіне Рәзия қуырып беретін 5 – 6 шабақ та тіл үйірер тәтті – ақ! Бармасаң, ауламасаң балық та жоқ. Үйіңе кім әкеп береді. Мұндағы сары мысық Барсик те балық етіне құнығып алған. Бұл қармақпен аулаға енгеннен – ақ аяғына оратылып, жүргізбейді. Оның да бір үлкендеу, әйтпесе екі кішкентай балық үлесін беруің керек… Бұрынғыдай емес, қазір тіпті жүні жылтырап, құлпырып алды… Иә, жесін… Ол да осы үйдің бір мүшесі ғой… Рәзия екеуі үшін әжептәуір ермек… Бала орнына мысық асырайды… Иә, бала бар ғой бұларда да… Бірақ – алыста. Алматы, Астанада… Жылына бір – екі рет келіп – кетеді улап – шулап. Жазғы демалыстарында. Сонымен болады, тынышталады. «Балаларыңды тастап кетіңдер!» – деп бұлар да жабыспайды, олар да қалдыруға қайыл емес. Сондай балажан өздері.Ұл да, келін де, қыз да, күйеу де… Тегі, ауыл балаларына ілесіп, Ақсуға барады, өзенге ағып кетеді деп қорқатын болулары керек. Мейлі…

Балықтан бүгін де түтігіп келді… Флягтағы салқын судан бір ожаудай ішкен шығар – ау… Су демекші, осы суға да зар болды ғой бір жылдары… Совхоз кезіндегі барлық колонкалар біртіндеп істен шықты… «Судың да сұрауы бар» дегендей, «ақша төлеңдер!» – деп салды. Өзі… ілдалдамен күн көріп отырған, алдындағы 5 – 6 тұяғының сүмесіне қарап қалған жұмыссыз жұрт несін береді? Сонымен колонка да құрып тынған болатын… Мынау соңғы жылдары ғой, жаңадан су жүйесін жасағандары… 5 дей ме, 15 дей ме, әйтеуір нешеме миллиард жұмсап қайта істеді ғой тілеуің бергірлер… Енді, міне, үйге келіп тұр су. Әйтпесе, қыс демей, жаз демей, бұл жарықтықты Ақсудан да тасып ішті ғой… Малға ащы құдық бар, әйтеуір… Е, үкімет айтпайды, айтса істейді ғой…

Аудан орталығы Қызыл Шырпы қаласына таксимен жетті. Ауылдан арнайы шығатын, қалаға үздіксіз қатынап тұратын таксистер бар. Жұмысы сол олардың… Совхоз тарағанда, кейбіреулер осындай кәсіпке көшкен. Алдын ала айтып қойсаң болды, діттеген жеріңе жеткізіп салады. Тіпті, «қарызға» десең де келіседі, өйткені бұның зейнеткер екенін бәрі де біледі ғой. Қазір тұрақты табыс табатын мұғалімдер мен зейнеткерлер ғана. Азын – аулақ дәрігер, әкімшілік, Мәдениет үйі қызметкерлерін қоспағанда…

Таксист баланы бұл қаладағы ең зәулім, ең көрнекті, іші – сырты бірдей жылтыраған супермаркет алдына тоқтаттырды. Қазіргі тілмен айтқанда. Бұрын облыс орталығында ғана ЦУМ деген дөкей магазин болатын.

– Мені тоспай – ақ қой. Өз «ходыммен» барамын, – деді таксиске.

«Ал, тауып көр, велосипеді қайда сатылады екен мына зәулім сарайда?». Анадайда тұрған мосқалдау күзетшіге таяды.

– Велосипед қайда сатылады? Айтып жібермейсің бе?
– Былай қарай тура жүре берсеңіз, алдыңыздан шығады түр – түрімен…
– Өй, рахмет! Көп жаса!

Күзетші көрсеткен жаққа беттеп еді, шынында да бар екен нешеме түрі. Көздің жауын алады… Қарасы да, көгі де, жасылы да, қызылы да… Бірақ барлығы да спорттық велосипедтер… Бұның іздегені – бұрынғы «Урал» сияқтылары. Артында жүксалғышы, алдында қоңырауы бар, көз үйренген, қол ұстаған ескі модельдер. Ал қазіргілердің отырғышы да бір уыс, рөлі де біртүрлі, бір сөзбен айтқанда, ұнамайды бұған… Тағы да ілгерілей жүрді. Бар екен, тұр екен, тілеуің бергірлер! Бұрындағы модамен шыққандар. Көлденең рамасы жоғын, «дамский» деп аталатын түрін таңдады, өйткені мініп – түсуге ыңғайлы. Көкпеңбек, шам жарығына шағылысып жылтырап тұр… Одақ кезінде осы «Уралдар» 60 сом тұрушы еді, мынаусы 60 мың теңге екен. Жә, болар… «Таңдаған қыз тазға жолығар». Жаңа велосипедін сыртқа шығарды да, «ауыл қайдасың» деп тартып отырды…

Иә, біссіміллә, жолымды оңғара гөр!

Қаладан тез шықты, зуылдап-ақ келеді. «Әй, рахат-ай! Әй, рахат-ай!» Ескі-құсқыны мінгізіп, әбден зығырданын қайнатып еді. Енді, міне, көріңіз! Ешкімге жалынбайды… Ауылынан 60 шақырым қашықтықтағы қаладан да 60-тан асқан шағында өз «ходымен» келе жатыр… Е–е, 60 шақырым не тәйірі?! 600 шақырымыңды бұйым құрлы көрмейді ғой кәнігі велосипедшілер! Ана чемпион Винокуров сияқтылар! Орыс та болса, Қазақстанына Олимпиаданың алтын жүлдесін бұйыртты… Жаса, Веня!

Бір газеттен оқығаны бар, «Пекиннен шыққан велошабандоз Парижге жетті» деп… Сонда нешеме шақырым, неше күн, апта, ай, жыл жүрді екен сол жанкешті?! Қытайдан шығып, Моңғолия, одан ұланғайыр Ресей, Қазақстан, тағы да Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия, Франция. Жаңылмаса, маршруты осындай болған. Ондай сапарға шығу үшін біріншіден – жүрек, екіншіден – денсаулық керек қой… Иә, талай көзсіз ерлер туған ғой мына адамзат баласы! Өзіміздің Жыланбаевты айтсаңшы! Сабазың әлемнің 5 құрлығындағы ең атақты деген шөлдерді, Сахарадан бастап, Қарақұмға дейін, жаяу жүгіріп өтті ғой! Ерлік емей немене?!

Бұл Мәскеуге барып жатқан жоқ велосипедімен… Әшейін, ауыл арасында болмаса… Дүкенге барса да, балыққа. Жаңа магазиннен құлыпталатын тросты да бірге алды. Міне, рамаға оралып бірге келе жатыр. Ауылда ешкім ұрламайды ғой. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ» демей ме? Біреудің мұрынбоғы қызығып мініп кетсе, қиын ғой… Кімнің баласынан көрерсің?! Әй, ешкімге ұстатпаспын – ау … Кім болса, ол болсын… «Жоқ, жоқ және жоқ!» Өзім ғана мінемін. Әйтпесе келеді әлі: «Қайсар аға, мал іздеп келейін деп едім, бере тұрыңызшы». «Ізде малыңды, менің онда не шаруам бар?» «Менің велосипедім болмаса, малың со бойы ізделінбей қала ма? Менің велосипедіме ғана қарап қалды ма? Ертең сол мал ұшты – күйлі жоғалып кетсе де, мен виноват боламын ба? Қайтеді, ей, бұлар? Алыңдар, әне! Дүкенде самсап тұр! Түр – түрімен! Кім сендерге қой деген? О несі – ей, кісінің велосипедін сұрап…»

Өзімен өзі күйіп – пісіп келе жатқанына күлкісі келді. «Алдымен ауылыңа жетіп алсаңшы, жазған–ау…» Құлағына Рәзияның дауысы естілгендей болды. Рас–ау, алдында  60 шақырымдық жол жатыр… Жо – жоқ, ендігі 50 шақырым шығар… Міне, мына Екпінді ауылынан өтіп бара жатыр… «Баяғы, Совет өкіметі алғаш орнап жатқанда, кедей – батырақ ұйымдасып, ауылды осылай атаса керек… Өздерінше «ударниктен» аударғандары… Бұрынғы, атам заманғы Шеңгелді аты қазір мүлдем ұмыт болған… Ауылдың бергі жағында ұйысқан қалың шеңгел болмаса да, әлі де жұрнағы кездеседі. Түбір – тұқымы, тұқияны… Қазақ тегін қоймаған – ау… Шеңгелді, Шілікті, Теректі,Тораңғылы… Әр жерде молырақ өскен ағаш – бұта түрлеріне қарата айтылған – ау… Совет кезінде ғой: Киров, Калинин, Каганович, Жданов, ХХ партсъезд деп шұбыртып қойғандары… Қарап отырсаң, халқымыз жар жағасына жақындап қалыпты ғой. Әр отарлаушы ел, империя жергілікті халықтың ең алдымен жадын (память) өшіруге тырысады екен. Жер – су атаулары да сол халықтың есі, өткені, тарихы емес пе?!» Осыны 60 – тан асқан шағында, күні бүгін ғана түсінгені өкінтеді… Балалары, ғайыптан тайып, мектепті қазақша бітірді, әйтеуір… «Әй, осылар орысшаны онсыз да үйреніп алады, алдымен атасы мен әжесі сөйлеген тілді білсін» деп Рәзия екеуі орыс балабақшасына барған балаларын қазақ класына бергізіп еді… Сонысы дұрыс та болыпты… Қазір, Құдайға шүкір, балалары 2 тілге де судай… Иә, мақтанатын ештеңесі жоқ сияқты… Бірақ кейбір құрдастарының балалары қазақша «қақпай» жатқандарын көргенде, «тәуба!», «шүкір!» дейді. Солардай болса, не істер еді? Өз балаңнан өзің безесің бе? Өз қолыңды өзің кесесің бе?

О,о, Бексейіт ауылы ғой мынау… Бұрынғы Григорьевка атауы жақында ауыстырылды. Бексейіт деген адам кезінде колхоз, одан кейін совхоз басқарыпты. Осы өңірден шыққан тұңғыш Еңбек Ері екен… Ел ішінде бұл ауылды «кішкентай Ұлан – Батыр» дейді. Моңғолия астанасын мегзегендері ғой. Қазір бұл ауылдың жартысынан астамы – оралмандар. Қазірше айтқанда – қандастар… Несі бар, көрінген келімсекті көбейткенше, қазағым молайсын… Өнсін, өссін, өркендесін… Дүние жүзінің қазағы жиналса да, жеріміз жетеді… Әне, еврейлер жиналып, шөл далада қуатты мемлекет құрып алды емес пе? Құрып бара жатқан тілдерін де, діндерін де, көне жазуларын да қайта жаңғыртты… Енді жебірей өлмейді… Ақырзаман келгенше,адамзатпен бірге болмақ… Немістер де сөйтті… Кешегі Одақтың бар немісін жиып алды… Неміс емес, біздің Митя да (әкесі – қазақ) қазір сонда… Енді немерелері немісше оқып жатқан шығар – ау… Сол Митя Германияға бір ауыз немісше сөз білмей аттанды ғой… Оны «немісше білмейсің» деп кеудесінен итермеді, оқытты, тілін сындырды, жұмысқа бейімдеді. Енді сол Митя зейнеткер шығар – ау… Бұрындары жұбайы Галя екеуі ауылға да келіп кетті… Баяғы алаңғасар, адың – күдің Митя жоқ. Сабырлы, салқынқанды, ойланып сөйлейтін, ойланып іс істейтін нағыз неміс бюргері болыпты… Мұндағы бұрынғы көзкөргендер бірінен соң бірі қонаққа шақырып, риза қылып аттандырыпты өздерін… Балалары келген жоқ, енді мүлдем келмейтін де шығар… Ал немерелері экзотика, әйтпесе этнография іздеп келулері мүмкін…

Шөлдегенін жаңа сезді. Сезгені былай тұрсын, тіптен тілі аузына симауға айналды. Қаладан бір құты су ала салмағанына өкінді… «Е, нешауа, міне, Сырлытам да көрінді. Енді бір ышқынсам, ауыл мұнарасы да көрініп қалады – ау менмұндалап…» Кейде ойлайды, Совет өкіметінен қалған, бір кездері ауыз су тартылған сол мұнара басына жарық орнатса ғой деп… Түндегі жолаушыларға теңіздегі маяк іспетті бағдар болар еді, ауылға асыққандарға «міне, Шөптікөлдің мұнарасы да көрінді!» – деп жүректерін одан сайын жиі соқтырып, туған ауылдарына жетуге ынталандыра түсер еді – ау!» деп… Бір ғажабы, аяғы онша талған жоқ. Күніне нешеме шақырым жаяу жүріп үйреніп қалған «кәрі жолдасы» педальды қиналмай – ақ еппен басып келеді… Тек мына шөл болмаса… «Сырлытам демекші, археолог ғалымдар осы ауылдың арғы жағынан бір көне қаланың орнын тауыпты… Мың жыл бұрын, әлде 2 мың жыл бұрын салынған қалашық екен. Қазындылар астынан не түрлі әшекей – бұйымдар, ыдыс – аяқтар, қару – жарақтар табылған… Оңтүстік пен Солтүстікті, Шығыс пен Батысты байланыстыратын күре жолдың бойындағы үлкен шаһар болса керек…»

Бір машина бипылдатып өтті… «Е, е, біздің ауылдың баласы ғой… Мен де жетермін… Бұйыртса…»

Қайсар митыңдап ауылына жеткенде, әлдеқашан түс ауып, екіндіге құлаған шақ еді… Жаңа велосипедін сыртқа сүйей салып, кіреберістегі орындыққа отырып алып, мұздай судан ал іш, ал іш…

Сөйтіп, Қайсар аға алпыстан асқан шағында алпыс шақырымдық аламан бәйгеден аман – есен келіп еді…

Добавить комментарий