Жаңғырық

Құрметті әдебиетсүйер қауым!

Біріңіз біліп, біріңіз белмессіз, Ертістің Павлодар өңірінде, әуелі облыстық «Сарыарқа самалы» жанынан газет ішіндегі қосымша, бірер жылдан соң дербес басылым болып «Айдын» атты әдеби журнал жарыққа шығып тұрған болатын. Сол «Айдынның» алғаш тұсауы кесілгеніне де 20 жыл болып отыр. Осы басылым арқылы жұртшылыққа талай қаламгердің еңбегі, тырнақалды туындылары кеңінен таныстырылды. Аз мерзімде-ақ көпшіліктің іздеп оқитын басылымына айналған «Айдынның» бетінде ерекше құнды әрі рухани-танымдық материалдар жарық көрді. Қабырғалы қаламгерлермен қатар, әдебиет әлеміне бет түзеген талай жастың алғашқы соқпағы салынды.

Біз бүгіннен бастап «Айдын» журналында жарық көрген тарихи материалдарды «Айқара» порталы арқылы оқырманмен тағы қауыштыруды шештік. Бүгін назарларыңызға сол тұстағы шәкірт, айтыскер ақын әрі жазба ақын болып талпынған, бүгінде ғылым докторы атанған жерлесіміз Серікболсын Дүйсенбайдың жырларын ұсынамыз. Серікболсынның балаң жырларына сол кезде көрнекті ақын Арман Қани сәт сапар тілек, ниетін білдірген екен.

 

Бұлқынған балғынға сәт сапар

Серікболсын Дүйсенбай – Ы.Алтынсарин атындағы облыстық №3 гимназия-интернатының оқушысы, Баянауыл ауданындағы Жаяу Мұса ауылының тумасы.

Серікболсынның өлеңдерінде соны ой өрімдері мен айшықты өрнектер жиі ұшырасады.  Тек кейбір бейнелі  тіркестер мен тармақтарда қара бояудың қалың, ақ бояудың солғын, өзге  түстердің аздау екені байқалып-ақ тұр.

Қара бояулы образдардың бірден көзге ілініп, сезімге әсер ететіні рас және кеңестік кезеңде қазақ поэзиясында дәл сол қара түстің тапшы болғаны да шындық. Солай десек те, біртұтас дүниенің шынайы болмыс-бітімі сан алуан  бояулы әрі олар бір-бірімен  үйлесім тапқан туындыларда ғана ашылатыны ақиқат қой…  Оның үстіне қазіргі қазақ өлеңі қара бояуға кенде емес және қамығыңқы көңіл күймен өлең жазу енді негізінен жастар шығармашылығының бастапқы өтпелі кезеңіне тән уақытша құбылыс болып саналады.

Жасөспірім ақын бұл жайтты көп уақыт өтпей-ақ түсініп, түс-реңкі әр келкі образды ойларын жыр жолдарына түсіруге талпынып, өнерниеттің азапты әрі ләззатты  шақтарын  бастан өткеруге тиісті, өйткені ол қазірдің өзінде еліктеушіліктен  өтіп, ізденушілікке көшті. Бұрынғы және жаңа туындыларын салғастыра оқыған соң, осындай ой түйдім.

Бүгін ақын інім Серікболсынның айтөбел құлын өлеңінің кекілінен сипап тұрып, күні ертең Тайбурыл тұлпар жырға айналуына тілектес екенімді білдіремін. Сәт сапар!

 

Арман ҚАНИ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Серікболсын ДҮЙСЕНБАЙ: «Менің осы өмірім – бір-ақ шумақ»

Пенделік

 Менікі тек пенделік…

Сезімді сапырып-ақ кеткен желік,

Сиқырлы күлкілерін бетперде ғып

Жалғандық махаббатқа жеткенде еріп.

 

Менікі тек пенделік…

Ұшқанда шөже торғай кептерге еріп,

Көгілдір көкжиектен кеткен көрік,

Кеудемде жайғасса да көктем келіп.

 

Ырғалған топтан озып өктемденіп,

Күнәнің көмбесіне жеткем желіп.

Тұнығым тазарса егер,

Еш армансыз

Кетер ем жырға бастар өткелде өліп.

 

Өрлеткен бесенеден белгілі үнді,

Қос тізем өр өлеңге тең бүгілді.

Жамағат, кешіріңдер кеңдігімді,

Арбалған жалғандыққа пенде ұлыңды.

 

Бабамның қасиеттер ақырғы үйін

Қыратты күңгірлетіп жатыр күйім.

Мәнісін ойлатпаса арғы өмірдің,

Тірліктің құны маған соқыр тиын!

 

Өлара

Өларада алқынған демі кетіп,

Өлді өлеңім сезімді еңіретіп.

Бірге әкетіп сәнімді қабіріне,

Ораныпты көңлімді кебін етіп.

 

Сағым тұнған санамда серт өжет-ті,

Өршелене өртейді дерт өзекті.

Көк мұздақта құйғытқан құлын жырым

Көмбесіне ғұмырдың ерте жетті.

 

Қара оранған шабытым, өткен күнге

Опынумен, мені де жек көрдің бе?

Шырылдады ұяда жетім әуен,

Қаңыратып көгімді кеткеніңде!

 

 

Бесігіне беу, өмір бөлетсе нұр,

Өлең туар тағы да ерекше бір!

Ал осы шақ көр болған көкіректе

Қала берді көміліп өлексе жыр.

 

Бейуақыт

Бейуақыт мені беймаза ойлар түрткілеп,

Бұлыңғырланды, көгімді құрсап бұлт түнек.

Шырқауы – шындық ұлылық!

Бөрі байрақты ұлттық ет,

Жапанда жалқы қалғанда дүнием күрт жүдеп!

 

Естілсін үнің,

Даланы дарқан жаңғыртқын,

Тамшы болса да, түйірін тектің жаудыртқын.

Заманнан көрген мазақты

Қазақты оят, қазақты!

Күн кешіп жүрген кебіне еніп мәңгүрттің.

 

Күйіндей қоңыр қобызды Қорқыт атаның

Тектіліктен де кермек дәм болды татарым.

Тәңірім!…былықта мына

Намыс бер ұлықтарыма!

Саусақпен санар сиретпей соңғы қатарын.

 

Алдамшы  дүние қылыққа жат үйретуде,

Ұжданы ұлық абыздар бақи кетуде.

Аманаттарын арқалап,

Ақтайық ақ үміттерін!

Алаңсыз жатсын тым құрыса ақыретінде!

 

Пайымдау

Пейілі  сұмдық аярлық деген албасты

Арғымақ арман шылбырына кеп жармасты.

Ел үшін туған алпауыт ердің ізі бар,

Асуға бастар соқпақтың үстін шаң басты.

 

Алқынып жүрек, арыным тұр-ау басылмай,

Ұлылық қайда шындықтың шұғыласындай?!

Тәңірлік ойға татымас майда мұраттар,

Ал, мына тірлік жалғандық құбыласындай.

 

Ақиқаттылық – фәнидің ұлық тұмары,

Сол ғана қулық-сұмдықты ұмыттырады.

Кей сәтте жібек шуағын шырқау шындықтың

Жалғаншы тірлік жамылғы қылып тұрады.

 

Бүршігін жарса нәпсінің сайтан шынары,

Үйіріледі екен  сол тұсқа ой тамшылары.

У қосқан қымыз құйып-ап күміс кесеге,

Сиқырлы түнде алдыңнан сайқал шығады.

 

Тірліктің соңы –топырақ, соры – мың батпан,

Ұры уақытқа жазықсыз жанды ұрлатқан.

Ақиқат, сірә, – міні жоқ аппақ ақырет

Қара жер астын мекендеп, көміліп жатқан.

 

Көр ішінде ме адамның адамшылдығы?

Табытта мүмкін  фәнидің тамам шындығы.

Шындықты Жердің үстінен емес, астынан

Іздетеді екен қатыгез тірлік сұмдығы.

 

Тірінің бәрі түбінде өліп тынады,

Алдында Алланың шындықты жолықтырады.

Сол ақиқатқа тез жету үшін Адамды

Табытқа қамап тастағым келіп тұрады.

                         

Қара дауыл

Сорғалатып соққанда қара дауыл,

Абыр-сабыр болып бір қалады ауыл.

Асау жүрек тулайды,

Сезеді де

Жағдай болып жатқанын далада ауыр.

 

Қырқа жақтан құйғытып қара құйын,

Айырады есінен дала миын.

Өрім талды аяған бәйтеректен

Еміс-еміс шығады адами үн.

 

Айналаның көңілін қара басты,

Аласапыран ажарын ала қашты.

Қара дауыл…

Бір сәтте өте шығып,

Көкжиектің құмымен жағаласты.

 

Ауылдағы, шіркін-ай, бала дәуір!

Қара аспанда бұрқайтын қара дауыл.

Сол дауылды сағынған қара балаң

Көк түтінге тұншығып қалада жүр…

 

Ой

Күңгірт бұлттан құюда жас ағылып,

Қара тасты болам деп қашан үгіп…

Мың бұралып, толқиды қырмызы гүл

Талықсыған тас ығын таса қылып.

 

Жылт-жылт еткен моншағын тізіп бекер,

Сайран күндер гүл үшін қызықты өтер.

Бірақ, бір кез тасты да жарған тамшы

Қызыл гүлдің сабағын үзіп кетер…

 

***

 

Мазам кетті жан күйіп, құлақ шулап,

Өлеңімді келемін бірақ шыңдап.

Орындарлық мақсатым – том-том кітап,

Менің осы өмірім – бір-ақ шумақ.

 

Өзің куә

Өзің куә, тентек ем бала жастан,
Сезіміңмен мен сенің жағаласқам.
Аттандың-ау соңыңа қарамастан
Орнатқандай басыма қаралы аспан.

Болды маған сөнгендей көкте Күн де,
Оралмастай көрінді көктемім де.
Махаббатың баянды бөктерінде
Бір белгіңді қалдырып кетпедің бе?!

Белгі деген – кестелі орамал ғой,
Кеудемдегі ренішті жоғалар ма ой?
Сені күтіп сыңсыған бақ ішінде

Жапырақ сыр желге ұшып, тоналған ғой.

Қалай ғана барлығын ұмытқаның,
Өшіргендей болдың ғой үміт таңын.
Өзіңе іңкар сезімнің қуып бәрін,
Құпиялы  жаныңды құлыптадың.

 

Жүгіретін күндер-ай арман қуып,
Әуезіңе ғашық боп жанданды үміт.
Кеткеніңе, жаным-ау, сендірмейді
Жүрегіме орнығып алған күдік.

Мен неліктен соншалық күңіренем?!
Гүлзар өмір жайқалар гүліменен.
Жауқазыным, өзіңе қолды созып,
Махаббаттың қуатын ұғып өлем.

Ұқсайсың-ау маздаған жалын гүлге,
Тек өзіңді аңсайды жаным күнде.
Тілегім бар бір ғана
Махаббаттың
Алау, отын сөндіріп алып жүрме.

 

***

Отқа орансын, мейлі, көкірегім,

Күні ертең-ақ сертті ойға бекінемін.

Құла дүзде іздерім жоғалса да,

Мені ұмытпа, аяулым, өтінемін.

 

Ақ таңдағы көңілің шуақ па еді,

Шипа шығар нұрыңның шырақты емі?

Қарсы алдымнан кенеттен шыға келіп,

Қапияда шаттықтан жылат мені.

 

Саған іңкар көңілдің көбі жалған.

Мені күтіп тұрса да сорым алдан,

Білесің бе, жаураған сезімімді

Шуағыңа жылытып, өлу – арман.

Добавить комментарий