2020 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының арнайы жобасы аясында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Бейбіт Бөжен, Қуанышбек Шарманов, Еламан Қабділәшім сынды қаламгерлердің кітаптары жарық көрді. Ертіс-Баян өңірінде ұлттық руханиятты, әдебиет пен мәдениетті қолдау ісі ілгерілеп келеді. Тасқа басылған дүниелер тасада қалмасын деген ниетпен Еламан ақынның шығармашылығына қатысты әдеби шолу ұсынамыз.

Өнер адамын құртатын нәрсе – қасақана елемеу, өнерді құртатын дүние – немқұрайдылық. Бұл пікірді алдыңғы буын ағалардың әлденешеуі айтып өткен. Ақын Серік Томанов ақынға деген немкетті көзқарасқа күйініп жазған бір өлеңін былай аяқтаушы еді: «О, неткен немқұрайды жандарсыңдар!». Осы тақырыпты түбірімен қопара қозғап, толымды пікір айтқан жазушы, өнертанушы Таласбек Әсемқұлов болатын. Ол елдегі есепсіз енжарлықтың табиғатын «Оқығам жоқ» мақаласында жан-жақты ашты. Талантты дер кезінде көзге ілмеу – күйретумен тең екен. Тану – ақынсың деп арқаға қағу, есіміне эпитетті этикеткаша жапсыру емес, оның шығармашылық тұлғасын, әдеби әлеуетін әйгілеу, туындыларын насихаттау.
Еламан Қабділәшімнің «Өлеңбаян» атты жыр жинағы ақынның өз қолтаңбасымен қолыма тиді. Бірер жыл бұрын жарық көрген «Өмірқос» кітапшасы да кітапханамда бар-тын. Оқыдым. Екеуін де. Ендігі жерде «Оқығам жоқ» деп орағытып кете алмаймын.
Еламанның мына өлеңін оқыған соң-ақ елең ете қалдым.
«Ақын деген – құбылыс қой жаны ізгі,
Биші деген – хордың қызы тәрізді.
Уақыт өзі жүрегіне сақтапты,
Есенин мен Дункан жайлы аңызды.
Ғашық адам – түнекте де нұр құшты,
Ғашық қана сезіне алар шын күшті.
Бүбісара – бишісі екен қырғыздың,
Ғұмыр бойы ынтық еткен Шыңғысты.
Ғашықтықтай шын құдірет жоқ ұлы!
Аймановтың Шараға ауған көңілі.
Менің де алғаш шын сүйгенім биші еді,
Бұнымды тек сәйкестікке жорыдым.
Сол бишімдей шыр айналған шартарап,
Кеткем сосын жыр менен мұң арқалап.
Мың бұралып көрінші бір көзіме,
Сонда ғана сағынышым тарқамақ.
О, биші қыз, биле!
Биле еркімді!
Сүйсінумен жыр етейін көркіңді.
Әр қимылың қайталайды айнытпай,
Жағалауға еркелеген толқынды.
Биле, бишім!
Өзегімді от қылып,
(Жүрегіңді ашар қолда жоқ-ты кілт).
Есім ауып қайта ғашық болайын,
Жан-тәніммен биге елтіген боп тұрып» /«Өлеңбаян» жинағынан/.
Байқағанымыздай, жас ақында сұңғыла суреткерліктің нышаны да, белгілі деңгейде білім де бар. Білім алу үздіксіз процес болғандықтан, талант қоржыны тоқтамай толысып отырады деп сенім білдіруге болады.
Еламан Қабділәшім – өлеңге өлердей ғашық ақын. Ол өлең десе өңге дүниені ұмытады. Поэзия-перизатты пір тұтады, соның қалауымен ғана пенде-пәкизаттарға жыр арнайды. Бастысы – өнерге ынтық көңілі, өлеңге деген махаббаты, адалдығы жасанды емес. «Уа, Ұлы Өлең, жабыққанда дем бердің, /Күмәнді де, күнәмді де тең бөлдің» дейді.
Бұл іңкәрлік бүкіл ақындарға ортақ. Әйтсе де, әдебиет әлеміне шындап енген шайыр үшін өлеңнен артық ештеңе жоқ, өлең жазудан қиын құбылыс, қайталанбас ляззат болмақ емес. Талапкерді талант деп таныған күрескер ақын Арман Қанидың Еламанға «қызығынан гөрі қиындығы басымдау ақындық сапарда айының оңынан тууын тілейтіні» сондықтан.
25 жасына дейін жазылған жырларынан («Өмірқос» 2018 жылы жарық көрген) жас ақынның өлеңмен өзара серттескенін, жырға адалдық танытуға бел байлағанын байқаймыз.
«Жүрегімді нәзік гүлге телідім,
Мен де өтермін түстей болып сері күн.
Қайталамай ешкімнің де өлеңін,
Қайталамай ешкімнің де өлімін». / «Өлеңбаян» өлеңі. «Өмірқос» жинағынан/
Еламан үшін өлең – өз өмірі, өз болмысы. Әйтпесе, «Өмірге сәби қалпымда /Бір шумақ өлең боп келгем»… «Бұл күнім бақ боп ұласар, /Болмысым менің – өлеңде» демес еді. Жас шайырдың шығармашылық шындығы: «өмір мен жырды тең көруі». Ол «өлеңмен өмір сүремін» деген ойды әредік айтудан жалықпайды. Жалынды жігіт жыр үшін барлығын талақ етуге дайын /«Ол жыр үшін барлығын талақ та еткен»/. Мәселен, «Маңдайында өмірдің дерегі бар, /Өлеңі бар Тәңірінің таңдайында» немесе «Өміріме мәңгі серік дер едім, /Тәңірімнің сыйы – көрікті өлеңім», я болмаса, «Жанымдағы бойтұмар – алтын өлең», «Өлеңмен өбем адамзат жанын» деп жырлайды. Оның ақындық «мені» өлең өлкесінде өмір сүруді қалайды. «Менің ғазиз ғұмырым өлеңде өтер» деп өлең өлкесінен «өзін» іздеп, ізденіс үстінде ойға да қырға да сабылады.
«Өлең – менің өмірімнің бір аты,
Сағыныштан тұратын.
Гүлге құштар, жырға құштар жүрекке,
Үміт сыйлау – мұратым.
Өлең – менің тағдырымның бір жолы,
Қия аламын кімге оны?
Жан нұрымен сәулеленген бақ-бүршік,
Көңілімнің көктемінде бүрледі.
Өлең – менің қиялымдай тым биік,
Кейде мұңдай шын күйік.
Көкірегімде толқын туса, күллі әлем,
Тына қалған секілденеді жырға ұйып.
Әлем бүгін тағы тынды сілтідей,
Ақын ұлдан жыр тілей.
Түнгі аспанның астында әлем мүлгіді,
Көбелектей қонған гүлге үркімей.
Үркітпейін…
Әлдилейін әлемді.
(Жыр оқиын, ал, енді).
Мен дүниені кірпік қақпай күзетем –
Аспан үнсіз күзетеді өлеңді.
/«Өлеңбаян» жинағынан/
Өнерлі жастың өмірлік философиясы – өлеңнен (өмірден) өз орнын табу. Бұдан экзистенциялық ұғымның ұштығы аңғарылатындай. Ақынның жыр кәусарын татқан шабытты шақтары «шын» өмір де, күнделікті күйбең тіршілігі – «жалған» өмір. Өйткені, ақын өзінен өзіндік менін жасайтын тұлға. Ақынның өз жүрегіне үңіліп, өз жанының терең сырын ұғынып, шынайы болмыстық дәрежеге көтерілуі үшін кіршіксіз сезім қуаты қажет.
«Қабақтан кірбің, жаннан қайғы ашылмай,
Жүректен күркіреген жай басылмай,
Өмірге келеді ақын өзін іздеп,
Сезім іздеп жүректің айнасындай».
Еламан жырды жанды субъект, жансусар ғажайып рух деп біледі, сондықтан ол өлеңін – «Өмірқос менің серігім» деп атап, өмірбаянын «Өлеңбаянға» айналдырғысы келеді. Шығармашылығы ұнаған ақынның өзінен, өмірбаянынан бұрын өлеңдерін іздеп жүріп, құмарта оқисың ғой. Әншейін оқып, тамсану ғана емес, терең үңіліп, зерделеп, көз алдына елестетіп, ойланып оқуды қалайсың. Ал «Өлеңбаянда» мұндай ойлы өлеңдер жетерлік.
«Несіне сыр бүгемін,
Мен шынында кім едім?
Тергегенде Жалғыздық,
Жетсе болды жігерім».
***
«Не үшін өмір сүреді екен осы адам?
Көшеді бәрі…
болғай-ды Өлең хош аман!
Адам деген – құтысы екен шараптың
босаған.
Жоғалтып алдық жүректегі әр мен жұпарды,
Жанымыз – жұтаң, жүйкеміз содан жұқарды.
Біреуге ләззат сыйлайды-дағы бір сәтке,
Күл-талқан болар құты әлгі».
Еламан ақын «баянсыз тіршіліктен баян іздеу әрекетінің жемісі – өлең» деп ұғады. Ақын өмірінің мәні – жыр жазу. Өмірді ұзартатын жалғыз құрал – жазу болғандықтан, ол өз жанының терең мәнін, рухани хәлін поэзия призмасы арқылы көрсеткісі келеді.
«Жазамын!» – деп мен-дағы ерте шерлендім,
Жазу ғана – жалғыз жолы өлмеудің…»
«…Баянсыз тіршіліктен баян іздеу –
Жалғанда Өлең дейді мұның атын».
«Өмірқос» пен «Өлеңбаян» атты жинақтарын салыстыра келе мына жағдайға көз жетті. Ақын екінші жинағы – «Өлеңбаянда» өзгеше өріс іздейді. Тақырыптық өсу, көркемдік өсу, идеялық өсу – үштігіне қаламын ұштайды. Мына шумақтар кейінгі ізденісінің бір көрінісі.
«Ақ дегенің қандай түс, қара қандай?
Жүруің мүмкін бе өзі жараланбай?
Ақ-қараның айта алман төрелігін,
Құдай билік берген жоқ маған ондай…
…Ашынып алшы түспес асығына,
Тілеген жан емеспін басына ылаң.
Іштегі астаң-кестеңнен қашып келіп,
Қара кәстөм ішіне жасырынам.
Сенімдейін қабылдап ғұрыпты бар,
Көңілден әуелетіп тұнық бір ән.
Ақ жейдемен жасырып жан жарасын,
Қара кәстөм ішінен күліп тұрам.
/«Өлеңбаян» жинағынан/
«Мұқағали мен Мирастың (М.Асан) жырын жастанған» ақын шабыт эйфориясы үстінде көркемдік әлемін тек өзіндік реңк, өзге бояуымен көретіні анық. Оның өлеңдегі стихиясы – махаббат лирикасы. Ғашықтық ғазалдарын «Өмірқос» жинағынан көп кездестіреміз, ал «Өлеңбаянда» азаматтық лирика мен тақырыптық-танымдық өлеңдер, патриоттық жырларға басымдық берілген. Еламан қазір лириканы молынан жазатын жаста. Мүмкіндікті мүлт жібермеуі керек. Мысалы: «Жапырақтар», «Өмірқос», «Саған», «Ұялшақ қыз», «Ұялшақ қыз 2», «Өзіңе сәлем жолдап ем», «Фотограф қыз», «Арқадағы қалғаны бір өлең», т.б. («Өмірқос» жинағынан), «Гүл сыйла қызға, жыр арна», «Еңсемді өлең көтерді», «Түсіне алмаудың несі өнер», «Жалғыздық жайлы ертегі айтайын», «Телефонның ар жағында күллі әлем», «Үміт деген немене күдік деген» («Өлеңбаян» жинағынан) атты лирикалық өлеңдері жүрекке жылы тиеді.
«Сен тарту етші сезімді балдай,
Алдында ешкімнің төмендемейін.
Қарашы маған көзіңді алмай,
Қарашығыңнан өлең көрейін…»
Еламан поэзия Парнасын ерттеп мінуге еркі жетсе де, есіл өлеңнің езуін тіліп, еркіндігін қиғысы жоқ, күлігін Құртқадай баптап, жалын сүзіп, кекілін күлтелеп, көз алдында көсіле шапқанына қуанып, сұлулығына сүйсінетін секілді. Жырды қалауына жүргізгеннен гөрі, жетегінде кетуге бейіл. Ол сөз-сәйгүлікті ағасының атқорасынан жемдеп алып, мүшәйраларға міне шабатын желтақым жокейлерге ұқсамайды. Оның әлдебір тақырыпқа жазған арнау өлеңдерінен де аяулы әуен, асқақ рух еседі. М.: «Естай» деген өлеңінде мынадай шумақтар бар:
«Мен емес Естай жайлы ән сөйлесін,
Құштырып таң сәулесін.
Бұлағы әуезді әннің ағылса да,
Құмары қанбай-қанбай жан шөлдесін.
Бассын ән әр көңілдің әр пернесін…
Қорлан ғой – жыр нөсерін тасытқан кім?
Сол жанның Муза екенін рас, ұққанмын.
Ән ғана баурай алар, жалғай алар,
Ғұмырын қосылмаған ғашықтардың…»
Я болмаса, жауыз Ф.Голощекиннің жағынан жанып жіберген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлына арнаған «Төбелес» өлеңінде:
«Қайта ұстар алақаны күйген шоқты,
Ұруды да ұлыдан үйренсек-ті.
Мұрнын бұзды астамшыл үкіметтің,
Голщекин жолдасқа тиген соққы…
Алаш рухын жүргенде далбаса деп,
Қызыл империя ақыры арбаса кеп.
Жиырмасыншы ғасырдың құрдымына
Құлап кетті тұмсығы қан-жоса боп.
…Серттен тайса жігіттің жолдасы өлер
немесе жалғыз сәуле жолда сөнер.
Төбемізде туымыз желбірер ме еді,
Желтоқсанда төбелес болмаса егер!?» – дей келіп, Жалау баба бастап берген рухсыздарға қарсы төбелес әлі жалғасып жатқанын жырлайды.
Жас қаламгердің жүрегіне жыр құйған туған жері – Баянауыл. Шабытының шалқары – Жасыбай көл. «Өзің едің өлең мен сезім құйған,/Жүрегіне сәбидің жөргектегі…» дейді ол ақ перзенттік адал махаббатпен. Ұлының санасына бесік жырын, сүйегіне сөз уызын сіңірген – анасы, ата дәстүрін дәріптеуді үйреткен – әкесі. Сондықтан «Ақ сүтіңнің анашым, қасиеті, /Қара өлеңмен дос болды қара балаң» деп жырлайды. Ал «Абырой» атты өлеңінде әкесінің тұлғасын былай айшықтайды: «Әке ақылын тыңдағаным – абырой, /Абыройды сақтағаным – өскенім».
Еламан өлеңдерінің құтты құрсағы – Баянауыл болса да, кіндік әкесі – Қарағанды, кіндік шешесі – Алматы. Әр туындысы топырағына тартып туғандай.
Мен өзіңді мың жылдық ой деп білдім,
Аруағымды асырып, бойды от қылдың.
Баянауыл, тарихтың мінбесінде,
Көмекейің бүлкілдеп сөйлеп тұрдың.
«Баянауыл» /«Өлеңбаян» жинағынан/
Сағыныштан жанға шер толып та алған,
Жыр күтеді ақының жарық таңнан.
Сен емес пе ең, туған жер, шығарып сап,
Жүрегімнің жартысын алып қалған?!
«Аңсар» / «Өмірқос» жинағынан/
Жүрген шақта мазамды алып тағы мұң,
Қарағанды ед жырдың шашқан жарығын.
Шығарып сап, тұрар ыстық құшаққа ап,
Шерлі шаһар қимай-қимай қара ұлын…
…Ей, Алматы!
Төзермін сан сыныңа,
Мен қанықпын мұңыңа да, сырыңа.
Ғалым ағам айтқандайын, гүл қалам,
Кіндік шеше боламысың жырыма?!
«Аттану» / «Өмірқос» жинағынан/
«Айбыны асқақ бұлт-бөрікті Ақбеттаудың» сәлемін Алатауға жеткізуге аттанған ақынға Алматы алғашқы мектеп болғаны анық. Мұнда оған мұзбалақ Мұқағали, жыр қағаны Жұматай, әлем әдебиетінің білгірі Әмірхан шығармашылығының әсері тиген. Әмірхан ақын арқылы Есенинге де иек артқан. Жас қаламгердің «сары шайыр» (сәтсіз теңеу!) Сергейдің төрт өлеңін еркін аударып, жинаққа енгізуі сол кездегі әуестігінен туса керек.
Кез келген шығармашылық иесіне еліктеу елегінен өтпей, ешкімді үлгі тұтпай өз жолын табу мүмкін емес шығар. Көшірмеге айналу қиын емес, көсем айғырдай қар бұзып, қара үзу қиын. «Өмірқос» жинағында Жұматайдың «жылымына» ұрынған жырлар кездескенмен («Жиырмада жолықсаң не істер едім, /Көңілімді шайқадың он бесімде»), Еламан «қара бұрымға байланып, қара меңді қазықтай айналып қалмай, «Өлеңбаянында» өзгеше өрнек іздейді. Алғашқы жинақтан екіншісіне ауысып көшкен бірде бір өлең жоқ. Тіпті, «Өлеңбаян» деп атап «Өмірқос» кітапшасының бірінші бетіне жариялаған туындысын екінші кітабына енгізбей, атауын ғана алып, шумақ қатарын кешегі күннің еншісінде қалдырыпты. Бұл – өзін-өзі қайталағысы келмейтін, өз өлеңдеріне сын көзімен қарай алатын, өз өлеңдеріне көңілі толмайтын қаламгердің іс-әрекеті. Сол қуантады.
Қаламгердің «өзін өзі қайталауы» жөнінде ақын Жарасқан Әбдірәшұлының айтқан сыни ойлары бүгін де құнды: «Ақын үшін ең қауіпті нәрсе – өзін-өзі қайталау болса керек», – дейді ол. Бірақ шығармашылық ізденіс үстінде кездесетін олқылықтарға түсіністік танытады да: «Егер ол өзіндік дауысынан адасып, басқа бір ауладан қол бұлғаса – ештеңе емес: ізденіс үстінде ондай-ондай болады; ақыр түбінде оралады. Егер ол жоқтан барға әуреленіп, жан түсінбес күңгірттікке немесе айтарымды ашық жеткіземін деп жалаң айғайға ұрынып жатса – ештеңе емес: ізденіс үстінде ондай-ондай болады; мұның өнерге қиянат екенін түсінеді. Ал өзін-өзі қайталау – ақынның творчестволық жауапкершілік тізгінін босаңсыта бастағанын, мұрат алды – ізденіс дегенді ұмыта бастағандығын айғақтайды», – дейді.
Еламанның «Өлеңбаянында» ізденіс үстіндегі «ондай-ондайлар» оқта-текте кездесіп отырады. «Алматыға мендей ынтық жан бар ма?» деп Ертай ақынның ауласынан шаң беріп, «Тек қарыннан – бүлініп мүңкімегім, Тек арымнан – жұпар боп аңқымағым» деп Тыныштықбектің «Аңқыма» әлемінен қол бұлғап қалады.
«Иістерміз…
Ала түстік сол иісті пейіштен біз.
Бірақ, қалай сақтадық?
Сол – маңызды!
Иісімізбен құй төмен, құй үстембіз…
Бір иіс келеді ұшына танауымның,
Санам содан сергісе де жан ауырды.
Ұшынан қаламымның білінеді,
Иісі балбыраған бала күннің…
Жырым иісі – нұр құйған жиі ішіме,
Бұрым иісі – дәнекер сүйісуге.
Ештеңе де жетпейді жалғанда бұл,
Ертегі естеліктер иісіне…
…Іздейтін жан едім мен ғұрыптан мән,
Астарын ақиқаттың шын ұққаннан.
Төбесінен әкетай тастамайды,
Тақиясын тер иісі сіңіп қалған.
Соңымда қалсын ұлы дүбір, мейлі,
Сарсаңға салсын тірі ғұмыр, мейлі.
Әкемнің тақиясы жұпарлана:
«Наныңды адал тап!» – деп күбірлейді.
Сіңіруге күн сәулесін талпынамын,
Тазаруда ғұмырлық бар құмарым.
Тек қарыннан – бүлініп, мүңкімегім,
Тек арымнан – жұпар боп аңқымағым».
Бір ғана «иіс» ұғымынан бірнеше аллегориялық мән тауып жырлау үшін де сұңғыла түйсік қажет. Еламан бұл өлеңінде аға ақынның эпигонына айналды деуден аулақпыз, тек идеялық иіріміне бір сүңгіп шыққан.
Еламанның лирикалық кейіпкері – өмірге ғашық, ақындық жүрегі – жырға іңкәр. Ақын өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер күзді, Алтын Күзді айырықша жақсы көреді. Күз бен күзде жолыққан қызды көп жырлайды. Оның осы тақырыптағы өлеңдерінің лейтмотиві – күзгі сағыныш.
«Әлі талай Күз кетіп, Күз келеді,
Елемеспіз бірақ та біздер оны.
Жолықтырған өзіңмен сол Күз қайда?
Сол Күз ғана жанымның іздегені». / «Арманым алдайтынын түсінгем бе»/
Әдетте, озған жылдардың озанын айтқанда он көктем, отыз көктем өтті деп жатамыз ғой. Еламан болса «Бас-аяғы бес-ақ күндік жалған – Күз» немесе «Өмір бұл ұқсайтын күзге» дейді. Орыс шайыры А.Пушкин де Болдино күзін бәрінен ерек сүйген деседі. «Из годовых времен я рад лишь ей одной..» дейді емес пе. Сондықтан ба, Еламан Сергейлермен сырлас. Тіпті, бір қызды сүйіп қалып, оған басқа жігіттің сөз айтып жүргенін білгенде, бақталасын дэуельге шақырудан тайынбайды… Пушкинше…
«Бір сұлу.
Қос ғашық.
Қу елде
табылмас бұдан зор ішетін у ерге.
Пушкинді мерт қылған, қайда әлгі тапанша?
Бері әкел, мен сені шақырам дуэльге!» /«Үшіншінің сөзі» «Өмірқос» жинағынан/.

Еламанның ұдайы еңбек үстінде жүргенін жинаққа енген «Нықтұрақ» атты тырнақалды поэмасынан аңғарамыз. Жас ақын шығармашылық потенциалын баллада жанрына, сюжетті өлеңдер мен балалар әдебиетіне жұмсаса да опық жемейді. Өйткені, ол баллада, сюжетті өлеңдер, лирикалық өлеңдер жазуға шебер. «Өмірқос» жинағында сондай сәтті шыққан өлеңдердің бірнешеуі бар. Олар: «Біржан», «Есім туралы баллада», Біздің ауыл хикаялары топтамасындағы «Райым қарт», «Әнші Болатбек» және «Өлеңбаян» жинағына енген «Бір жапырақ қағаз хикаясы», «Абырой» сынды сюжетті өлеңдер.
Ақын балалар әдебиеті айдынына желқайығын жүздірсе де желкен көтере алады. Жеткіншектерге қажетті тәлімді, танымды дүниелерді тартымды етіп ұсыну қолынан келіп тұр. Оған дәлел «Бүгін бұны шын сездім» және «Әліппе» деген арнау өлеңі.
«Əліппе екен – өмір деген,
(Парақтадым сенімменен!).
Əр бетінен – өзің өткен,
Уақыттың жолын көрем.
Жүрегің де жұлым-жұлым,
Ұлы мұңды ұғынды кім?!
А – алма,
Ə – əткеншек,
Б – бастық деп –
Жаттатпадың бұның бірін.
Тəрбиені түйдектедің,
Таяздыққа билетпедің.
А – адамдық,
Ə – əділдік,
Б – батырлық –
Шəкіртіңе үйреткенің.
Өмір бердің көкте Күнше,
Мезгілдердің көктемінше…
«Өмірге тік қара!» дедің –
А-дан Я-ға жеткеніңше».
Еламанның өлеңдері қарапайым, бірақ қарабайыр емес. Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде жазған өлеңінің бірі «Оқ дауысы» деп аталады. Әлемде оқ атылмаса, ана аңырап, бала ажал құшпаса екен деген ежелгі тілекті қарапайым тілмен жүректі елжірете жеткізеді.
Оқ атылды. Жаңғырығы кетті өрлей,
кетті және зәре ұшып.
Оқ дауысымен құлағыма жеткендей,
Шаһит кешкен асыл ерлер дауысы.
Оқ атылды. Ол сұм енді тоқтаман,
елемейді ол ешкімді.
Оқ даусынан жалғыз ұлын жоқтаған,
Аналардың ащы айқайы естілді.
Жер бетінде оқ атылмас болса, әттең!
Оқ атпаққа өңкей сарбаз шеп құрды.
Жүрегімді тыныштықтың сол сәтте
Еңіреген зарлы даусы жеп тұрды!
(«Өлеңбаян» жинағынан)
Оның өлең жазудағы осы қасиетін өзінің құрдасы, ақын Біржан Ахмер «Менің замандастарым» мақаласында тап басады. Сол пікірден үзінді келтірейік: «Қатпар-қатпар бояу жағудың зиянын түсінгендіктен бе, әлде жалғандықты жаны сүймегеннен бе, Еламан әсіре әрлеу мен түрлі эксперименттерге көп бара бермейді. Өйткені ақын болмысы о баста шынайылықпен біте қайнасқан… Десе де, Еламанның кейбір өлеңдері төрт аяғын тең баса алмай, шатқаяқтап қалатын тұстары да бар. Мысалы, «Өмірқос» өлеңінде мынандай бір шумақ бар.
«Әрең жүрмін, көзден жас тама ма екен?
Өткеніме көңілім алабөтен.
Тез ер жеткім келетін бала кезде,
Ер жетудің қызығы шамалы екен».
Ақын қарапайым жазамын деп өлеңнің көркемдігін жоғалтып алған сыңайлы. Әу бастан құйылып түскен өлең осы тұсқа келгенде шалалығы танылып қалады. Әйтпесе, Еламан «Құбылмалы боп кеттім сол күздейін, /Көмейіме бір өксік тығылғалы» – деп өлеңді тәуір бастап еді. Бұл сын ақынға ой салып, болашақта жазылар шығармаларға әсер етер деген сенімдеміз», – деп бірақ тоқтайды. Тәуір бастап келе жатып, түртінектеп қалатын тұстарын біз де аңғардық. Өзге өлеңдеріне үңілмей-ақ, жоғарыда өзіміз мысал еткен шумақтардан бір-екі тармақты қарастырайық: «Ғашықтықтай шын құдірет жоқ ұлы! /Аймановтың Шараға ауған көңілі./Менің де алғаш шын сүйгенім биші еді,/Бұнымды тек сәйкестікке жорыдым» деген шумақтағы 3-4-тармақтар сұрыптан өткен сұлу сөз емес, оның үстіне «шын» сөзі қайталанып тұр. Өлеңдегі «бұнымды», «сол бишімдей» сөздерін поэтикалық қолданыс деп айтпас едім. Ал «Төбелес» деп аталар өлеңнің «Қайта ұстар алақаны күйген шоқты» дейтін алғашқы тармағында сөйлем мүшелері өз орнында жұмсалмағандықтан, «күйген шоқ» деген қисынсыз тіркес пайда болған. Әйтпесе, «күйген алақанымен шоқты қайта ұстарын» аңғарып-ақ тұрмыз. Осындай олқылықтар ақынның әлі де болса шеберлігін шыңдау жолында жүргенін көрсетеді. Оның өлеңдерінде кездесетін: «періште қыз», «ессіз ер, «мөлдір көз», «бүлдірген ерін», «қыпша бел», «сезім гүлі», «өмір қолы», «маржан жыр», «жарық таң», «құлындай құлдыраңдау», «қыз-арман», «қыз-қайың», «ой-бесік», «тәтті мұң», «сәулелі сезім», «мөлдір мұң», «иесіз бақ секілді» және т.б. ертеден белгілі көркемдеу құралдарынан, ескі теңеулерден арылатын кезі жетті деп ойлаймыз.
Ақын ақын деген атқа лайық «асыл өлең», «аяулы өлең», «жан аңсар жыр» жазғысы келеді. Өз сөзімен айтар болсақ, оның «жыры – басындағы мәңгі бағы», өн-бойына қонған «киелі өлең – ұлы бақ». Ұлы бақты уыстан шығармай, әдебиет майданында балпаң-балпаң басуға балтыры шыдар ма екен? Шыдайды. Себебі ол – жанкешті. Жыр жолында жанынан баз кешуге бар: «Тақ сұрадым Тәңірден – өлең берді! /Бақ сұрадым, Тәңірім шемен берді!» – дейді. Өлеңді әлемнің бар асылына теңей келіп, тіпті, ата-анасын сүйгендей сүйетінін де жасырмайды.
«Өмір сондай ардақтысың, асқақсың,
Жалғыз ұлға сенім артқан әкемдей…»,
«Өлең, сондай аяулысың, ыстықсың,
Жан әкемді өле сүйген шешемдей…» – дейді.
Ақын «Өмірқос» және «Өлеңбаян» кітаптарында ұдайы өлеңмен сырласады, монолог-мұңын өлеңге шағады, жас шайырға оқырмандарымен жыр тілі арқылы ақтарыла сырласу, жырсүйер қауымды парасат биігіне жетелеу – мұрат болуы тиіс.
Еламан осы жыр жинақтарында: «Өлең деген не? Ақын деген кім? Шынайы Өлең қандай болу керек? Өлең жазудағы ақынның мұраты не?» деген сан сауалға жауап іздейді. Бұл үлкен шығармашылық жолға бет бұру, бел бууға арналған бағыттық бағдарламасы, жалтармас жарғысы, тірек-тезистері іспетті, дарынды жастың болашақта даңғайыр ақындыққа жетуге жасаған дайындығы деп түсінуге болады.
Жас қаламгер өлеңге нала айтпайды, таланы бөлек тағдырын тілдемейді. Бұл орайда: «Кейде «жаман өлең» деген сөздер де айтылып қалады. Өлеңнің алдында тек жақсы, керемет деген сөздер тұруы керек. Өлеңнің жаманы болмайды. Жаман болса, ол – өлең емес», – деп келетін Тұманбай Молдағалиевтің пікірі есіме түседі. Еламанның жақсы жазуға, бұдан да жақсы жазуға әлеуеті әбден жетеді. Тек ізденіс пен үздіксіз тәжірибеден тартынбаса болғаны.

«Жақсы өлеңді достарым жазсын менің жан сала,
Мықты өлеңнің көкесін көрсетейін мен саған» – деп жырлаған Жұмекенше өз жолын табатын күн алыс емес.
Өңірімізде өнер әлеміне қадам басқан өрен жастар жайлы өрелі сын, тұщымды талдау жазыла бермейді. Бұл – «болар баланың бетін қақпау, белін буу» принціпі шығар, онсыз да аз қаламгердің қатары көбейсін деген көпшіл тілек болар. Десе де жас буынды қараусыз қалған жабайы бақтай қалай болса солай өсіруге болмайды. Күзеп, түзеп отыру керек. Жас ақын – жабайы алма. Жеміс ағашының жанама өскен өгей бұтақтары өнім бермейді, сондықтан қырағы бағбан оларды қырқып тастайды. Осылайша мәуенің әуелеп өсуіне мүмкіндік береді. Әуезовтің «сын – өшіруге емес, өсіруге айтылады» дейтіні сондықтан.
Біз бұл мақалада «Өмірқос» және «Өлеңбаян» жыр жинақтарының авторы, ақын Еламан Қабділәшімнің өлеңдерін талғам таразысына тартуға тырыстық. Жас қаламгердің шығармашылық сапарына сәттілік тілейміз!
Айбек ОРАЛХАН.
