Өзім туралы
Мені кейде мазалайды көп сұрақ,
Қайсы бірін айтайын бір топшылап.
«Өзгеріс деп қалай қойған атыңды?», –
деп сұрайды таныс біткен шымшылап.
Сонда менің дайын тұрар жауабым:
Атам қойған есімдердің ғажабын.
Сол бір жылы қиын-қыстау кез болып,
Жоқшылықтың тартқан екен азабын.
Мың тоғыз жүз тоқсан бірдің, қаңтары,
Атам үйге, әкем түзге тартады.
Ана жақта анам байғұс толғатып,
Тер бұрқырап, «қара суға» малтады.
«Шыр» еткенде, сәби келді өмірге,
Қуаныш пен шаттық сыйлап көңілге.
Сүйіншілеп жатты ел-жұрт әкемнен,
«Тұңғыш көрдің!
Тұңғыш көрдің өмірде!»
Сол-ақ екен өзгеріп-ақ, кетті өмір,
(Бұл – біреуге ащы, әлде тәтті өмір).
Құбылды кеп заман дейтін заңғарың,
Ырық бермей, екпін көрмей өтті өмір.
«Өзгерді» деп шулап жатыр барлығы,
Осы болды қауым елдің бар мұңы.
Ақша құнсыз, дүкен нансыз бос қалып,
Заманның зарықтырды тарлығы.
Ал үйінде атам жатыр толғанып,
Кешегі мен бүгінгіні ойға алып.
«Немереме кім деп есім қойсам?» – деп,
Төсегінде сан аунады, ой қатып.
Ертеңінде атын қойды баланың,
«Кең пейілін берсін дархан даланың», –
деп ақсақал бата берді сәбиге,
«Ел мен жердің қорғап жүрсін қамалын!».
Міне, осылай
Атам қойған атымды,
Жалғасын деп жазылмаған хатымды.
«Бір өзгеріс болады әлі көр де тұр!
Сонда менің түсінерсің парқымды»
(Кейін бәрі түсінді ғой марқұмды…)
Айтып-айтпай, сүйінші хабар жетті,
(Кескілескен дұшпаннан алар кекті.)
Қазақстан – егенмен ел атанып,
Өз алдына жеке бір отау тікті.
Содан бері атамның аманатын,
Қиянатқа қидырмай арқаладым.
Бір өзгеріс боларын болжап кеткен,
Қасиетіңнен айналдым, бабаларым.
***
Бала күнгі достарым: «Өзгеріп кетіпсің» дейді…
Автор.
Уақыт салған маңдайға,
Айғыз-айғыз жолдарын.
Тәңір салып таңдайға,
Жүректен жыр жолдадым.
Алып ұшып көңілім,
Үзіп кетті кермені.
Көп нүкте ме өмірім,
Айтып отыр әр нені.
Жаттап алған мақамы,
Баяғы әуен, ән ескі.
Қолымдағы сақаны,
Жүдеу тартқан.
Көмескі…
Шаң қаптырып кетеді,
Асық атып ойнаса.
Желге мініп жетеді,
Қиял жүйрік.
Ой таса…
Жүрек күйін шертеді,
Басып сезім пернесін.
Өмір жайлы ертегі,
Әркім айтып көргесін.
Айып тақпа ғасырға,
Құр бекерге көпіріп,
Ақын деген жасынға –
Өмір деген өтірік!
Құс жолы
Сезімім шарпысып көгімде,
Тулайды жүректе бір үміт.
Сыңарсыз аққудай көлінде,
Қарайды артына бұрылып.
Ағыспен келердей сыңары,
Жаутаңдап қараған көздерге.
Терезем шытынап сынады,
Жүректі жұбатпас сөздерге.
Салқындық сеземін жаздан да,
Күз келіп, ұрлаған ұйқымды.
Сағыныш хаттарын жазғанда,
Күмбірлеп көңілде күй тұнды.
Сарғайған жапырақ үзіліп,
Сан жұлдыз үмітім жанады.
Тамшы жас моншақтай тізіліп,
Арудың мұң толы жанары.
Сезіммен ақ таңым ататын,
Төккенде арайлы таң нұрын.
Мезгілмен үндесіп жататын,
Құс жолы сияқты – тағдырым…
***
Тылсым түн жетелеп қолымнан,
Айқаспай кірпік пен кірпігім.
Күтетін секілді жолымнан,
Қайыңның бүр жарған бүртігін.
Шырылдап бозторғай жар салды,
«Көктемнен келді деп бір хабар».
Қайыңдар тербеліп ән салды,
Жүрегім тыңдамай бұлқынар.
Аспанға ашылған құшағым,
Мұңымды сыйдырып өлеңге.
Қиялдан жасаған ұшағым,
Қона алмай барады төменге…
Жұлдыздар жымыңдап қарады,
Айлы түн…
Мүлгіген тыныштық.
Көктем-қыз бұрымын тарады,
Қараған жанары тым ыстық.
Мөлдіреп қиылған сәттері,
Бетімді күйдіріп от-демі.
Ерніңнен сүйер ем әттеңі,
Жүрекке жетпей тұр оттегі…
***
Телефон.
Үнсіздік.
Тағы да.
Жанымды күйретті жалқы мұң.
Махаббат дегенің осы ма?
Бір хабар айтсаңшы, жарқыным…
Уақытта тоқтаусыз барады,
Сыртылдап сағатым тағатсыз.
Бір сұлу шашымды тарады,
Айнасыз, тарақсыз.
Бұл бәлкім, түсім де, өңім де,
Ештеме есімде жоқ әлі.
Тек ғана.
Бір медеу көңілге,
Сезімім жоғары.
Биіктік шыңы ма өмірдің,
Мен саған қол создым зәу көктен.
Қоңыраулатқанда қоңыр мұң,
Бебеулеп әніме еліткен.
Жырыммен жылытам жаныңды,
Жазғыра көрмеші, жарқыным.
Қара өлең – ақ көрпе жамылды,
Ұйықтайық, алтыным.
Ғұмыр мен Мең
(Жұматай Жақыпбаевқа)
Өлеңнің құны өлшенер ме екен?
Бір меңнің құны- бір ғұмыр.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
Бір ғұмыр болса, бір меңің,
Бір өлең болар әр шашы.
«Ләйлә» деп жанды емдедің,
Жанымның – жалбыз, аршасы.
Шұғынық гүлдер көктеген,
Төркіні едің өлеңнің.
Жүректі жырың өртеген,
Күй кешіп жүрміз өлермен.
Жазылмай қойды дертіміз,
Дауасыз екен ғашықтық.
Өзіңді іздеп енді біз,
«Ғарышқа» күнде асықтық.
Отына күйіп жырыңның,
Жаралы-жүрек қапалы.
Ұйқысыз түнге ұрындым,
Өлеңмен таңым атады.
Жыр көшін түзеп Жұмағам,
Жолыма қарап тұрғандай.
Сүрініп қанша құлағам,
Анамнан жаңа туғандай.
Байланып меңге жанарым,
Үздігіп Ләйлә-ғұмырға.
Суретіңе ұзақ қарадым…
Тас мүсіндегі тұғырға.