Қадірлі оқырман, назарларыңызға Конституция күніне орай Ата заңымызға арналған өлеңдер топтамасын ұсынамыз.

 

Заң дәстүр

Ата заңымның анасы болған дәстүрім,
Ата салтында – ғажайып ғұрып, жақсы ырым.
Ата бабамның ақ отау, алтын бесігі –
Атамекенім! Алладан соңғы басты ұғым!

Шариятымды, ар-ұятымды шаң басып,
Шаңырақ қалды. Шежіре сырдан шал қашып.
Шала білетін ұлтымның ұлық тарихын,
Шалағайлар жүр ата дәстүрден алжасып.

Қасиет қалмай, береке болмай ісімде,
Қас дұшпан келіп қасықтап қанымды ішуде.
Қасымхандардың қасқа жолынан адасып,
Қасқырдай болып ұлиды- ау, үрей ішімде.

Есімнен қалған елді адастырмас ескі жол,
Есімдегі әлгі ән, «Елім- ай» еміс естілер.
Есіктен қарап қалмасын қайран қазағым,
Есілге қонған есіл ерлерім, есті бол!

Тәуелсіздіктің жолында кеше мың өлдік,
Тәубасын айтып Тәңірге бүгін жүрер жұрт.
Тәуекел етіп, жеті жұртымның қамын жеп,
Тәукедей, сірә, жасайтын кім бар бір ерлік?!

Залалы тимей заманды мынау кім күштер?
Заңғар таулардай бола алар ма екен «білгіштер»
Заманалардан қазақтың заңы – дәстүр ғой,
Заң бұзғандардың бәрі де, ендеше, қылмыскер.

 

Қалқаман Сарин

****

Ақ ары – сенер мияты,
Басынан нелер өтпеген.
Ұлт едік уыз-ұяты,
Уыстан шығып кетпеген.

Жуаны сөзге жығылып,
Дуалы сөзге тоқтаған.
Даланың заңын ұғынып
Бетімен кеткен жоқ бабам.

Ел едік кеше тәу етер
Даланың ғана заңына.
Тәукелер еткен тәуекел,
Алаң боп елдің қамына.

Айналып заңға көшелі,
Кеңіді бүгін арнасы.
Әз Тәуке жазған кешегі,
«Жеті жарғының» жалғасы.

Арайлы күнге жол аштың,
Аманат болып атадан.
Айбыны сенсің – Алаштың,
Арымдай асқақ Ата-заң!

Шаттықтың күйін шертейік,
Елміз ғой жұртпен тең күші.
Елбасы сүйген еңкейіп,
Елдіктің ерен белгісі.

Раббысын ғана растайтын,
Басымды ием мың рет.
Тура бір жолға бастайтын,
Құраннан соңғы құдірет!

 

Ақтолқын Күлекеева

Азаттықтың Ата заңы

Бір шақта азаттық деп алаңдадың,
Жаңғырды сол тарихың санаңда мың.
Тізесі барды бүктіріп, елдік құрып,
Басы барды еңкейткен қағандарым!

Болашағын айшықтап таңнан ұғар,
Бүгінгі ұрпақтың да өз арманы бар.
Бабалары ел бопты кеше оның
Өзіндік мемлекеті, заңдары бар.

Ұмытпа деп Иеңді сен көктегі,
Мұсылманға болды анық арлы өткелі.
Қайнар көзі Құран мен Сунна болған
Мазhабтарың еді ғой заң мектебі.

Болған соң ұлтым да анық таным мықты,
Көрген-ді жанынан да арын мықты.
Мұсылмандық құқықпен сабақтасқан
Дала заңы ту етті әділдікті.

Сақтаған шекарасын жаттан да аман,
Бір ауыз тура сөзге тоқтар бабам.
“Қасқа жол”, “Ескі жол” деп аталатын
Қасым хан, Есім ханнан баптар қалған.

Баспаған батырлары сында аптығын,
Жау тисе, жорық жырын шырқапты мың.
Әз-Тәуке – «Жеті Жарғы», ердің құны,
Билерін ұмытқан жоқ ұрпақ бүгін.

Көрсек те кеше қысым жаттан анық,
Өзгенің ала жібін аттамадық.
Бүгінгі Ата Заңым сол тарихтың
Бостандық боп бекіген баптары анық.

Адамның құқығының қорғап бәрін,
Айқындап берді билік тармақтарын.
Халықаралық құқықпен үндестің де,
Әлемде өз орныңды салмақтадың.

Тәуелсіз ел боп солай бағаланып,
Құқықпен іргесін ел қалады анық.
Барлық заң қабылданған елімдегі
Бастауын Ата Заңнан алары анық.

Айдында жүзіп елдің өр кемесі,
Өзгемен бүгін де, ұлтым, тең келесің.
Құқық пен бостандыққа кепіл болған
Ата Заң – еліміздің мәртебесі!

Ғабиден Қожахмет

 

Фото: Владислав Воднев

Добавить комментарий