ҚАҢТАР. АЯЗ. ҚАРА ТҮН

Қараңғы түн…

Көрінеді жол қашан?

(Жол қадірін білер ме едің, тоңбасаң?..)

Туған ауыл қай бөктерде?

Қай тұста?

Жетермін бе қанатымды қомдасам?!

 

Қаңтар…

Аяз…

Қара боран тұр ұлып.

Қара аспаннан ой жауады сырылып.

Қара дала…

Қалш-қалш етіп иығы,

қол бұлғайды қауқарсыздау бір үміт.

 

Заты момын, түлігі мол қауымды,

өгейсітіп өзім туған ауылды

алдым ба әлде?

Адастым ба?

Бұл қалай?

Қара түнде айыра алмай тауымды?..

 

Қайда келем?

Жөн бе мына бағытым?

Көзді байлап қойғандайын тағы түн.

Көрінбейді туған ауыл жарығы.

Қайда жырым?

Шалдыққан ба шабытым?..

 

Түзде боран…

Көңілде үрей…

Түн үнсіз…

Арман қашып бара жатыр тұлымсыз.

Жол – бұлыңғыр.

Үміт, күдік – екі ұдай,

жүрегімді ұрғылайды тынымсыз.

 

Қараңғы түн.

Көрінеді жол қашан?

(Түсінер ме есті пенде толғасам?)

Алай-дүлей ақ түтегі ғасырдың…

Өтермін бе қанатымды қомдасам?!

Жетермін бе?

Көрінеді жол қашан?..

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

ҚАҢТАРДЫҢ МҰЗ ҚАТҚАН ҚАБАҒЫ…

 

Қаңтардың мұз қатқан қабағы,

Қысқарды-ау күннің де қадамы.

Қадалып тұр екен дәл кімге

Қалқаның от ұшқан жанары.

 

Көкірек тып-тыныш жата алмас,

Қырық та екен ғой қатал жас.

Кететін тек қана күйдіріп

Көз бе бұл көктемге апармас?!

 

Күдік тұр ұялап әр таңда,

(Көңілді сондықтан арқанда).

Қоламта секілді тез сөнген

Сезім де сап-салқын қаңтарда…

 

Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ,

Т.Айбергенов атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ҚАҢТАР

Мен емес, қаңтар жылады –

Сен емес, қаңтар кінәлі.

Түсініп болмас бұл айды,

Кімдерге артар кінәні.

 

Қаңтардың жаны нәзік-ті,

Болды ма тағы жазықты.

Мың қайта маңдай соққы алып,

Бір қайтқан бағы қажытты.

 

Көз жасы содан қар болды,

Қасіреті – боран-зар болды.

Жүрегі суып, мұз болды,

Бұл жалған оған тар болды.

 

Кім естір мұңлық күбірін,

Түсінсін сұмдық сыр үнін…

Өксікке шылап өткені-ай

Отыз бір күндік ғұмырын.

 

Мен емес, қаңтар жылады –

Сен емес, қаңтар кінәлі.

Қайтесің, халін сұрама,

Жаныңа артар мұң әлі…

 

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,

«Шабыт» фестивалінің Бас жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

НЕГЕ ЖАУДЫҢ ҚАҢТАРДА, ЖАУЫН, ЖАУЫН?

 

Неге жаудың қаңтарда, жауын, жауын?

Сендік мезгіл емес бұл, дамылдағын.

Кеттің бе әлде қызғанып қыстан мынау,

Қарап жердің аппақ мұң жамылғанын?

 

Білесің ғой, қыс деген жыламайды,

Құрсаса да аспанын бұла қайғы.

Күннің өзі ілініп көк жүзіне,

Көкжиекке жабысып, құламайды.

 

Деме «мені жас ару іздеді ғой»,

Көңлінде оның жастықтың іздері ғой.

Сұлу нөсер емессің көктемдегі,

Сағыныш та емессің күздегідей.

 

Қыстың әні…

Көктемнен бөлек елес.

Құр жылайсың, ешкім де сені елемес.

Аппақ қайың ақ тонға оранулы,

Оған қазір мұз көйлек керек емес.

 

Жауын, жауын…

Жайың жоқ назданатын,

Тамшы емес, қар қақсын өз қанатын.

Қыс дегенің адамның көңілі емес,

Кенет көктем, кенет жаз…

күз болатын.

 

Неге жаудың қаңтарда, жауын, жауын?

Сендік мезгіл емес бұл, дамылдағын.

Сейілтпейсің алаңын көңілімнің,

Бас алмайсың жүректің ауырғанын.

 

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ,

Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ҚАҢТАР АЙЫ…

Қаңтар айы…

Түн ызғар,

Үміт күшті,

Қонақтатып қайыңға қырық құсты.

Түс жорытып отырмын…

«Қолымдағы

Қайқы қылыш ортамнан тіліп түсті».

 

– Шуламаңдар, тыңдайын бірден-бірден.

– Біреуің жоқ мәнісін білген мүлдем.

Қырық түрлі жорамал…

Жалған, жалған,

Осы ма еді бақытым іздеп жүрген?!

 

Жалғыз сауал…

Жауабы қырық түрлі,

Әй, құрысын мыналар былықтырды.

Мазамды алмай тараңдар, болды осымен,

Сендерсіз де шешуін біліп тұрмын.

 

Қайт барлығың,

Және де жалғыз қалам,

Мынау менің баяғы қар-мұз далам.

Мен осынау қайыңды құшаққа алып,

Сан өртеніп, сан жылап, сан мұздағам.

 

Қаңтар айы,

Ақ қайың…

Өмір…

Гүл…

Жел…

Арпалысқан өтті ғой не бір күндер.

Арпалысқан күндерде арман қалды,

Әй, өңшең ақымақтар, не білдіңдер?!

 

Ерлан АМАНҚОЖАҰЛЫ,

Ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі.

Добавить комментарий