Құрметті оқырман! Назарыңызға Екібастұз қаласында өткен Қосым Пішенбайұлының 180 жылдығына арналған «Тастың тілін түсінген» ақындар мүшәйрасының жеңімпаз-жырларын ұсынамыз.

Бас жүлдені иегері: Айбек Оралхан – «Кен іздеген кемеңгер»

Үркердей үйірілген Үрпектегі,
Үкідей ұлдан үммет үркектеді.
Ұланды тауды кезіп, тас теретін,
Ұлардай шулап кейде түрпектеді.

Жалаңтастың жағасы жайған құрақ,
Жалаңаяқ жүгірген сайдан құлап,
Тәж қандыағаш, Қырғидан қанат қақса,
Амандығын тіледі Айманбұлақ.

Табиғаттың тылсымын көзге тосын,
Топырақтың сыры мен сезген хошын.
Тұманды Альбионды кезді ақыры,
Күмәнді ауылдасқа «Кезбе Қосым».

Тәшімнің Бұқарбайы – білім-қазық,
Қосымға берген тастың тілін жазып.
Тотыққан темір кенін тап басатын,
Топталған тобылғының түбін қазып.

Барлаған жер бедерін, кен көлемін,
Бақидай ел білер ме ед еңбек ерін!?
Қариямен сырласып депті Қосым:
«Қара жер құпиясын меңгеремін».

Ал Қосымның ерлігі қайда десе,
Алып берді Алашқа пайда неше.
Өлігіңе семірген қорқауды атты,
Көміріңді кемірген байдан есе.

Тоқсанның шілігінде топты кезіп,
Ақсирақ аштық келер шақты сезіп,
Ауылдасын астықпен аман сақтап,
Дихандықтан бір демеу тапты төзіп.

Желтаудың желмаялы жошын ері,
Жер шолып Жетісуға жосып еді.
Жерұйығын іздесе Асан Қайғы,
Кен ұйығын іздеген Қосым еді.

Айырған түп тамырын тастан небір,
Алапат адам еді ол аспан көңіл.
Жарты әлемді жылытып жатыр қазір,
Жарлы Қосым Арқада ашқан көмір.

1-орын иегері: Рауан Қайдаров – Қосым дала! Қосым ғұмыр! Қосым жыр! 

Топырақтың жасырғанда
төсін гүл,
Торғын белден үн естілді
тосын бір!
Қойнауыңның қазынасын ақтарды,
Қосым дала!
Қосым ғұмыр!
Қосым жыр!

Кеудесінде үміт оты
жандана,
Кең далаға көз тастады
таңдана!
Майкүбі мен Майқайыңның
даласы,
Маңдайыңның тері сіңген
маң дала!

Күллі дүние сендей ұлды
тосады,
Күбір-күбір дұғасына
қосады!
Белгісіндей бейнет кешкен
күндердің,
Беріқара, Жартас пенен
Жосалы!

Қазағымның жетер болса
бай тілі,
Қазып-қазып тарихымды
айт ірі!
Қазынаның қазаны ғой
қашаннан,
Қазанауыз, Көктас пенен
Майкүбі!

Өнеге алып өмір дейтін
көкпардан,
Өзіңізге еліктеді
көп тарлан!

Пішен шауып кетермеді
бүкіл ел,
Пішенбаев шықпағанда
Шоқпардан!

Екібастұз еңбегіңнен
тау қалап,
Ерлігіңді көрген емес
саудалап!
Қара көмір арқасында
бір түйір,
Қарақұрым халық келді
қаумалап!

Қарт жүрегі қара жермен
рухтас,
Қадірің мен қажырыңды
кім ұқпас?!
Екібастұз, Майқайыңның
мекені,
Екі өмірде есіміңді
ұмытпас!

Өзің жайлы айтам талай
әңгіме,
Өлең мен жыр, терме, толғау,
әнді де!
Жер астының қазынасын
ақтарды,
Жер астына кетпей тұрып
мәңгіге!

2-орын иегері: Ерболат Әміренов – Қосым

Мал соңында жүрді деп қарақұрым,
Сан түрлі аңыз былғап ед саналы ұлын.
Қап түбінде жатқызбай Қаныш шықты,
Қосым аға білген деп дала тілін!

Табиғаттан, тау-тастан тәлім алып,
Жүрегі кең, ұл болды жаны жарық.
Жер үстінен көрмеген алтын кезді,
Жер астынан көрсетті тауып анық…

Сол бір кез ғой тарихтың басталғаны,
Сырттан келген бар елдің «дос» болғаны…
Қасиет пе?
Кие ме?
Қосым көрсе,
Сөйлемеген Баянда тас қалмады!..

Бақ болды ма басында қалықтаған,
Жанарында сөйледі жарық ғалам.
Баян бітіп баяғы Қосым баба,
Екібастұз көмірін анықтаған.

Тас тіліне келгенде қазы ғыпты,
Сөйте тұра қадірін аз ұғыпты…
Қара алтынға апарар карта жолы,
Маңдайына Қосымның жазылыпты!

Тартамыз мәнін айтып, парқын алға,
Табанды ұл топқа түссе тартынар ма?!
Жұлдызы сол Қосымның жанбаса егер,
Шахтерлер жұлдыз алып жарқырар ма?!

Әулие дерсің оны ойы да ерек,
Ақтарсаң тұнып тұрған бойы дерек…
Шартарапқа белгілі шаһар болсақ,
Қосымға тәу етіп бір қою керек!..

Жазылар тарихқа бар есім дара,
Енді өрге жылжиды тек көшің, қала.
Бағың ба,
бақытың ба,
тапты сені,
Даланың данышпаны – Қосым баба!..

3-орын иегері: Самал Сәрсенбекова – Қосым жайлы

Тастың тілін түсінген Қосым жайлы,
Тармақтар баяндасын тосын жайды.
Талант туған топырақ тудырған қыз
Тарихты түгендеуден тосылмайды

Кен қайда,кеніш қайда ізде досым,
Бабалар мұрағатын үзбе,қос үн.
Байлығын біраз жердің барлап білген
Білместер атап кеткен «кезбе Қосым».

Кәсіптік білімсіз-ақ із кескенде,
Жол түзеп,бағыт берген жүздескенге.
Еңбегі ел есінен ескірмеген
Дала академигі жүз сексенде

Екпіндеп ессін өлең елден ерек,
Түйе мінген ер түйген елге дерек.
Жүз жыл өтіп кетсе де,естен кетпес
Қазаққа Қосымдайын “кезбе” керек.

Қосым десе көмейге құйылып жыр,
Бұйығы бір, кедірі, бұдыры бір
Екібастұз өңірін,Баян елін
Қосым болып салт атпен қыдырып жүр

Қосымның атын жаздық тастан қалап,
Байлықты бел ортадан басқан қазақ.
Кеуде қақса қоңыр ел,себебі анық
Кен орнын алғаш болып ашқан қазақ

Бүгін де нанын тауып отыр қала,
Байлықты басып әлі жатыр дала.
Қосымның атын ғана тіленіп тұр
Ең басты кен орыны,жақын қара…

Бар байлық бізге қалған осы,демек,
Бүгінде қара алтыны осында ерек.
Ескерткіш боп,көшені,кенді барлап
Түгендеп,түйе мінген Қосым келет(ді)

Көшесінде Қосымның болған әркім…
Әттең-айлар қол байлап,жалған әр күн.
Ағылшын арбасында кеткендейін
Қосымның қолы жетпей қалған алтын.

Қосым ізі далада мен мұндалап,
Көздің жауын алады кен, құнды алап.
Екібастұз көмірі көкжиегі
Алтыны Майқайыңның тең тұр,ғажап

Қосым десе қоңыр үн қосылады,
Баласындай қыр кезген,жосып әлі…
Қосым мұра,Қосым рух мәңгі қалған
Сарыарқаның желімен есіп жаны.

Добавить комментарий