
Қараша
Құстар да жоқ күні кеше шуласқан,
Қара бұлттан көрінбейді дулы аспан.
Ақ тұманға оранғанда хауыздар,
Алып айна сияқты екен бу басқан.
Жыр оқысаң бәрі де анық әріптің,
Жаздың түні болушы еді жарық түн.
Күзгі парк жапырақсыз,
Гүлзарсыз –
Парк емес –
Әруағындай парктың.
Жастар құмар бақыт дәмін татуға,
Жазда олар асықпайтын жатуға,
Қазір енді, айтпағанда адамды,
Күннің өзі асығады батуға.
Күз бояуы өшірген бе,
Көріңдер:
Гүл сияқты емес күзгі еріндер…
Бірақ кеше ғажап көктем өткенін,
Салады еске аяғы ауыр келіндер!
Қадыр МЫРЗА–ӘЛИ.

Қараша
Жаңбыршаң бұлт жабағыланды,
Жабылып Күннің қабағы қалды.
Көзайым көктем, жайдарман жаздың
Жапырағы көшіп, сабағы қалды.
Өзгерткен өңір өңі-келбетін,
Көріне көзге көрінер жетім.
Үзіп те жұлып шымшиды жаңбыр
Өңсіз де үнсіз өлі көл бетін.
Жəутеңдеп көкке жанары құрғыр,
Қағілездене қағады дір-дір.
Таусылған сəні, жаншылған жаны
Балауса бақтың балағы кір-кір.
Жылымшы көңіл жыланып тағы,
Былғаныш көше быламықтанды.
Бораннан байыз тапқан табындай
Бауырына таудың тұман ықтады.
…Көрініп көктің көгілдір кеші,
Көрбілте күннің сөгілді іргесі.
Келеді деумен көңілдің қошы
Өтеді-ау өстіп өмірдің көші.
Исраил САПАРБАЙ.

Қараша да келіп қалыпты
Қараша да келіп қалыпты…
Оңтүстік жағымды
Сұп-суық
Күз алды.
Солтүстік жағымды
Сірескен
Көкпеңбек
Мұз алды.
Шуағым азайды.
Көлеңкем ұзарды.
Үйкүшік боп алдым:
Аяққа тұсау салынғандай.
Жан-жақтан
Құрсау қағылғандай.
Күні кеше ғана
Үйге сыймайтын едім,
Үй түгілі
Дүниеге сыймайтын едім.
Сөйтіп мен
Екі көзі төрт болып
Жолымды тосқан
Бәйбішем Шолпанды
Қинаудай-ақ
Қинайтын едім.
Бүгінде, міне,
Мен жүретін
Маршруттардың
Бәрі де жоқ болып,
Мен мінетін
Көліктердің
Бәрі де тоқтаған…
Басқаша айтуға
Амалым жоқ қой,
Осылай ақталам…
Бір кезде
Аспанға шапшып
Лаулап жанатын
Жанымның оты
Өлеусіреп тынғандай.
Жапырақсыз
Анау ағаштардың
Желмен қозғалған
Жалаңаш бұтақтары
Мен байғұсты
Мошқап тұрғандай…
Күмән мен
Күдік жайлаған
Кеудем ішінде –
Түсініксіз! –
Қауіп тұр.
…Ал сыртта
Қар аралас
Жаңбыр жауып тұр…
Қараша да
Келіп қалыпты…
Темірхан МЕДЕТБЕК.

Қараша айы
Көкжиекте асыр сап бала сағым,
Ойлайды әлем бейкүнә болашағын.
Жеті ішекті жетіген үніне еріп,
Жеті күні ұзады қарашаның.
Жеткенінше ақ түтек жаңбыр, қары,
Қараша өмір самғайды сан қырда әлі.
Сарыала әндер сусылдап ұшады алыс,
Жапырақтарға жазылған тағдырлары…
Сырғалы аймен ымыртта оңаша қап,
Жамылғысын лақтырды қараша бақ.
Қызғылтсары шырағдан жарығымен
Жалқын нұрға малынды қара шаңырақ.
Қызыл жалын ошақта аласұрып,
Қара қазан тұрады сәл ашылып.
Сүт сәулесі төгіліп омырауынан,
Қыр үстінде қоздады қараша бұлт.
Сақ-сақ күліп шапқылап бала-шаға,
Кенеледі дүние тамашаға.
Өкінішсіз, өксіксіз ғажап өмір
Бізден де өтіп барады-ау қарашада…
Арман ҚАНИ.
