Оқырман назарына ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайырбек Шағырдың әйгілі әнші Әміре Қашаубаев туралы «Ұлы тенор» поэмасынан үзінді ұсынамыз.

Шығарма туралы автордың өзі былай дейді: «Әйгілі әнші Әміре Қашаубайұлының дүниеге келген жері – қазіргі Абай облысына қарайтын Абыралы өңірінің Ақбұлақ ауылы. Мен де сол ауылда туып-өсіп, білім алған едім. Әншінің есіміне бала кезімізден қанық болып, ол туралы аңыз әңгімелерді тыңдап өстік. Туған өлкеміздің тарихына қатысты болғандықтан, Ә.Қашаубайұлы туралы поэма жазуды мақсат етіп, 2001 жылдан дерек жинай бастадым. Төрт жыл бойы көптеген кітаптар мен газет тігінділерін ақтаруға тура келді. Мол деректің ішінен керектісі таңдап алынды. Есесіне, шығарманың өзі үш-төрт айдың ішінде, жұмыс арасында жазылып шықты. 2006 жылы жарық көрген «Тартылыс» деген өлеңдер жинағыма енгізілді. Әншінің өскен ортасын, балалық, жастық шағын, қалыптасу кезеңдерін, Семейде, Қояндыда, Қызылордада танылуын, Парижге баруын, өмірінің соңында қыспаққа ұшырап, қаза болу себептерін жан-жақты қамтуға тырыстым.

Поэманың «Ұлы тенор» деп аталатын себебі, Әміренің жай ғана әнші емес, замандастарының бәрі куәлік еткендей ерекше дауыс иесі болып туған феномен екенін көрсету. Музыкалық білім алмағаны болмаса, кейінгі Павароттилерді айтпағанда, замандастары Карузомен, Шаляпинмен иық тіресетінін білдіру. Трагедиялық тағдырының сырын ашуға тырысу. Поэмаға эпиграф ретінде әншінің нағыз досы бола білген Иса Байзақовтың: «Жазалы кім, жазасызды күйдірген кім? Тексерші өткендердің әрбір ізін!» деген өлең жолдары алынды. Бұл үзіндіде Әміре мен Иса ақынның достығына қатысты тұстары суреттелген. Бұл үзіндіден Қазақ театр өнерінің пайда болу кезеңі туралы да мағлұмат алуға болады. Поэмадағы оқиғалар тарихи дерек көздеріне негізделген».

 

Әміре мен Иса

(поэмадан үзінді)

…Қызыл билеуші ақ билеушіден тақты алып,

Дүрбелең жылдар тарихқа кеткен аттанып.

Кеңестік Семей уақытпен бірге ұлғайды,

Ертістің суы баяғысындай жатты ағып.

 

Қысқарып қолы, шығатын бетке қаймақтың,

Азамат аяқ басатын болды жайлап тым.

Аймақтың есін жиғызбақ болып өнермен,

Үйірме құрды есті адамдары аймақтың.

 

Тарихтың талай сынына төзген емендей,

Ұлтының асыл рухы мен шері еленбей

Қалмасын таса, даладан енді – сахнаға,

Өмірден енді – өнерге көшсін дегендей.

 

Драма жазды Жүсіпбек, Жұмат, Мұхтарлар,

Заманның сырын көзімен көріп, ұққандар.

Әмірені де қуана қосты тобына

Әуесқой әртіс, өнерді мұрат тұтқандар.

 

Клубқа шағын кеткендей сыйып кең әлем,

Сауық кешінен тарайтын болды ел әрең.

«Ес-Аймақ» деген қоғамда осы танысты,

Мың жылда бір рет туатын екі феномен.

(Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Дәлила Оңғарбаева)

 

Жазбаған жұбын, тұрғанда жан мен тән тірі,

Олардың бірі Әміре десек – ән пірі,

Тағы бір жампоз – жалындап келген Иса ақын,

Телегей теңіз жыр болып аққан жан сыры.

 

Құлағында ойнар домбыра менен жылқының,

Бойында барлық сипаты туған жұртының.

Тәлкегін сайлап, итжеккен айдап қу тағдыр,

Туғаннан оған бермеген екен бір тыным.

 

Өміршең жүрек бәрінен соның өртенді,

Өлеңмен ғана айығар болды дерті енді.

Семейде сүйген құралай көзді бір сұлу,

Исаның жанын арманда қылып ерте өлді.

 

Дауылпаз Иса әділет, арды жақтаған,

Жұбатқан оны Әміре-жүрек – аппақ ән.

Мәдениеттің маңдайға біткен қос меңін

Ертерек танып, Әуезов еді мақтаған.

 

Кереку жақтан Майра да келді сыланған,

Оны да өмір аяусыз шыңдап шығарған.

Ер мінез ару еркелей, еркін жүрсе де,

Көкірегінен ән болып ұшқан мұң-арман.

 

Жұлдыздар жерге түскендей ғажап күй кешкен,

Тыңдаушы қауым шығарар шаруа, үйді естен.

Әміре, Майра қосыла шырқап кеткенде,

Сырнайдың ақ пен қара тіліндей үйлескен…

 

***

Бір мың тоғыз жүз жиырма алтының қаңтары,

Қазақта тұңғыш театр туған таңсәрі.

Қазақстанға Қызылорда боп астана,

Бойына Сырдың ауған-ды халық аңсары.

 

Ұлттық өнердің болашағына шын сене,

Тер төгіп жүрді Сымағұл, Серке, Дінше де.

Жас шаңыраққа жиырма жеті адам жер-жерден

Шақырту алған, әрқайсысы құрыш бір шеге.

 

Арасында жоқ дүмбілездер мен шорқақтар,

Ой менен қырда шашылған лағыл моншақтар

Бірыңғай жіпке тізіле қалып алқадай,

Өнеріміздің шырайы кірген сол шақтар.

 

Кәсіби әртіс, режиссер деген тапшы еді,

Аймауытов пен Шаниннің өзі – бапкері,

Әміре болды сол театрдың алғашқы

Бұйрық бойынша нөмір бірінші актері.

 

Екінші болып лапылдап кірді жас Иса,

Жағымсыздарға жарқылдап тиді жасынша.

Көрермендерді қаптата тартты клубқа,

Әнші мен ақын есімін жазған афиша.

 

Халықтың ән-жыр қазынасының жоғалмай,

Сақталуына дәнекер болған солардай.

Екі дәуірдің өліарасында бұл қазақ

Біртуарларға бай болып еді, о қандай!

 

Шабыты менен намысын қатар қамшылап,

Тірілтті солар құлаған рухты қансырап.

Керосин шамы жағылған суық бөлмеде

Өмірге келді театр деген шамшырақ.

 

«Еңлік – Кебек». Сахнада Серке – Еспембет,

Қанына қатып, сазарып мүлде кеткен бет.

Аңғалдар кейбір шын көріп қалып ұмтылды:

«Уай, қой енді, қатігез мынау неткен!» деп.

Елубай – Абыз алартып көзін, арбайды,

Кеңгірбай болып қаталдығынан танбайды.

Ойнақы күйде Әміре – Жапал шыққанда,

Қабақтар жібіп, сейіліп кетті бар қайғы.

 

Шулады халық: «Дауысы жетер сан қырдан,

Әміре ғой бұл, мәжіліс отын жандырған.

Парижге барып бәйге алып кепті сабазың,

Қызылордаға Семейден оны алдырған.

 

Қойылым бітті. Әсершіл қауым ән қалап,

«Әміре» десіп, дуылдап кетті, анталап.

Биязы әнші ортаға шығып бас иді,

Тұрмады өзін айрықша туған жан санап.

 

Айғайға басты. Делебесі енді қозғандай.

«Бесқарагерді» тыңдады халық қозғалмай:

«Мынадан кейін ән саламын деу бос әуре,

Арғымақ екен бәйгеден озса, озғандай».

 

Сілтеді сосын «Сырғақты», «Смет», «Үш досты»,

Шырқаған сайын күшіне жаңа күш қосты.

Домбыра шегі үзіліп барып тоқтады,

Отыз ән салу болған жоқ оған түк соққы…

Ортада Иса, шап-шағын шымыр тұрқы бар,

Қасқалау маңдай, тиектей ғана мұрты бар.

Шабыт қысқанда от шашып екі жанары,

Арыстанға да қаймықпай қарсы ұмтылар.

 

Бөгелген де жоқ ойларын жұптап, бой баптап,

«Желдірмесімен» қыздырды бірден той бастап.

Ақын бір тұлпар, домбыра бейне шабандоз,

Арқасында жүр, төбесінде жүр ойнақтап.

 

Содан соң ашты өлеңнің түпсіз сандығын,

Ақынның сондай кім көрген шапшаң, алғырын.

Тақырып берсең, жырлауға дайын құлпыртып,

Жаралғандар мен жасалғандардың барлығын.

 

Осындай болған алғашқылардың екпіні,

Өнерін бұлдап, кергуді білмес ешбірі.

«Бәйбіше-тоқал», «Қарагөзде» олар ойнады

Күйіп-жанғанды, күңіренгенді, кектіні.

 

Әртістер тобы аралап жерді қаншама,

Сусаған елге концерттер қойды жан сала.

Құшағын ашты Қарсақбай менен Түрксіб,

Риддер, Кеген, Тарбағатай мен Қарқара.

 

Дауылдан кейін дамылдап тұрған шақ-тын ол,

Өнерлі қауым халқынан қолдау тапты мол.

Әміре, Иса, Қанабек, Күләш, Құрманбек…

«Айман – Шолпанмен» операға да ашты жол…

Добавить комментарий