2025 жылдың табалдырық аттағанына санаулы сағаттар болды. Өткен жылға өкпе артпай шығарып салған қазақ, келген жылдан көп үмітті. «Бұл жыл әр шаңыраққа береке-бірлігін, қайыр-жақсылығын, ырыс-несібесін молынан ала келсін» деп тілей отыра, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Жылан жылы» өлеңін оқырман назарына ұсынамыз!
Жылан жылы!
Татқызды өмір уын да,
шекерін де,
Сен де келдің жылдардың жетегінде.
…Жылы сөйлеп ініңнен шығарып ап –
Ақ құяйын басыңа кетеріңде.
Төңірегім,
төскейдің төсінде өнген,
Күн де қысқа…
екінді,
бесінде өлген.
…Ысқырынған ордалы жыландардың
Бетпақ жонда бала едім көшін көрген.
Сол бір мезет…
сын болған тағатыма,
Бір-біріне ышқынып,
оратыла.
Көшкен жылан ауылдың іргесінен –
Түсіме еніп қояды ара –тұра…
Сынған қанат құстардай,
сынық арман,
Сол бір күннің жанымда мұңы қалған.
Жыландардың көшінен шұбырған шаң
Жылқы ауылдың тұсында тұрып алған…
Адам түгіл сол күйді,
құс ұқпаған,
жанып барам білмедім,
ысып барам.
… Жерошақтың басында күн батарда –
Әжем марқұм үш мәрте ұшықтаған.
Біз де есейдік дүние-ай,
ән-жырға ұйып,
Қырдан асып жүгірген тағдыр-киік.
…Жылан көші қайтадан қайрылмады –
Ақдалада сол жазда жаңбыр құйып.
Небір ойға батырған таңның алды,
Сол бір сурет есімде мәңгі қалды.
сен де,
мен де көрдік ғой,
бауырым-ай,
Үндемей кеп шағатын сан жыланды.
Жарық күннің тілекте –
жарты арайы,
Маңдайымда тағдырдың бар талайы.
Қаңтарылып қалмасын керуенім –
Қаперіңде ұстарсың,
Қаңтар айы!
Шың басына шығарар шыдамдыны,
Зәу биікте қыранның қырандығы.
…Құралайдың көзіндей мөлдіреп кел –
Ұлы Абайды туғызған, ЖЫЛАН ЖЫЛЫ!