Мен сендермен бола алмадым, кешіңдер,

От боп және жана алмадым, кешіңдер!

Боралдайдан ақ қар менен көк мұзда

Жалаңаяқ оралмадым, кешіңдер!

 

Жаналғыштар тергемеді, кешіңдер,

Жаралардан емдемеді, кешіңдер!

Түн ішінде ел көзінен жасырып,

Қиыр шетке жерлемеді, кешіңдер!

 

Қабырғамды сындырмады, кешіңдер,

Көзімде жас тұндырмады, кешіңдер!

Өтірікпен, өсекпенен дуалап,

Һеш әрекет қылдырмады, кешіңдер!

 

Мен сендердей сотталмадым, кешіңдер,

Содан кейін ақталмадым, кешіңдер!

Менің жаңа Республикам жолына

Алтынменен жазылатын есімдер!

Кешіңдер!

Кешіңдер!

Кешіңдер!

Ғабит САПАРОВ,

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий