Ақ қан

(Поэма)

I бөлім

Менің қаным – ақ…

Демегін «ух!», «ах!»…

Менің қаным қызыл емес – ақ…

(Курчатовты ұлы дейді біреулер,

Ұлылық па – адамзатты өлтіру.

Өлтіретін жер беті ме – меншігің?

Өлтіретін иті де емес көршінің,

Шібилерді жалмаған…

Оның өзін аярсың – қаңқ еткенде соңғы рет,

жанарына дүниені сидырып…

Оны – дағы  жаратқан – ды, о баста,

Жүректі ғып, милы ғып…

Жұмсаса да азғантай сол ақылын,

Шібилерді құртуға…)

(Түптің түбі – томпайтуға бүйірін,

Қорғау үшін көң қорасын үйінің…)

Басып қалдың шүріппені

Бір Құдайға сиынып…

Аяқтары дір – дір етіп,

Дір – дір етіп аяғы…

Байғұс иттің жанарынан

Бұл дүние таяды…

О дүние айқара ашар есігін,

Кіре бергін сұрамай – ақ кешірім…

(Иттер керек онда да

Профкомдар берер ме екен жолдама?)

Ол жақтарда жұмақ бар

Сайрандайды сол жерде

Игі жақсы адамдар…

Қастарында қыдыртатын иті бар,

Әне, әне, қараңдар!

Анау да жүр, анау да…

Тірісінде алмай кеткен бағасын,

Аңсап өткен Америка жағасын…

Өлгеннен соң берілген лауреаттық атағы,

Қалып қойды Қара Жердің үстінде…

Жеткізіңдер тезірек!

Жарқыратып тағынсын!

Пейіштегі түрлі – түсті оттарға

Біздің металл шағылсын!

Әбден оның хақы бар,

Сіңгентұғын өз халқына еңбегі…

Намысқой ғой, намысқой

Ел намысын бермеді!

«Кет!» деп еді, кетпеді,

Өз бетінше өзге жолға беттеді.

Өліп тынды ақыры…

Естеліктер жазып жатыр таныстары,

жолдастары, достары,

Сәлем бермей қашқаны,

Өлтірмек боп қараңғыда тосқаны…

(ойнасы да, ашынасы – қатыны…

Жүдә, теріс қарамапты – ау сол жігіт

сұлуларға, сұлу әйел затына…)

Сол ақының тірілсе егер кенеттен

Сүйер еді – ау бас салып…

Кешіріңіз… байқамадық…

Бір қателік өтіпті…

(Позор болдық әлемге! – деп бір дөкей жекіпті…),

Қосылыңыз Сіз тездетіп біздерге,

Біздер міне…

Малақайлы, Етікті…

 

II бөлім

Оу, бейшара халқым-ай!

Миллиардтар жұмсағанмен Қаруға,

Мыңдарыңды аяйсыңдар ақынға

Жайлы мекен салуға…

Миллиондар бөлгенменен өзендерді бұруға,

Мыңдарыңды арнағанмен

Азиялық сұлуға,

Сомдарыңды үнемдедің

Ақын деген

Сәулелерге, жылуға!

Өлгеннен соң барлығы да керемет!

Тірісінде – кімдер оны елемек?

Келді, кетті…

Ақын деген ол бейне

Отқа түсіп жанып кетер көбелек…

Ақын деген ол өзі

Жазды күнгі жаңбырдай…

Өте шығар жер бетіне себелеп…

Көнсең егер осыған,

Мынау бейпіл өмірден

Сұлулықты аңсап қана өтерсің…

Ал, әйтпесе…

Қарапайым адам бол…

Малыңды бақ, тірлігіңді дұрыста,

Араласпа, айқастарға, ұрысқа…

Бәлкім жүзге жетерсің…

Кім біледі, жүзден де әрі өтерсің…

Ақындарды кінәлауға бейімбіз,

Өзімізді періште ғып көрсетіп…

Неге біздер кейінбіз?

Неге біздер өркендеудің орнына

Төңкеріске пейілміз?

Неге біздер жалаңашпыз, арықпыз?

Неге біздер есуаспыз, шалықпыз?

Неге біздер негелеген адамды,

Көрге тығып тынышталар халықпыз?

Неге біздер малдан бетер мылқаумыз,

Неге біздер жасқаншақпыз, қорқаумыз…

Неге біздер қолымызбен өлтіріп,

«Неге өлді?» – деп қарап тұрар аңқаумыз?

«Неге? Неге?»

Бұл өмірде көп неге…

Күйіп өтер «негелерге» от дене…

Бұл жалғанда жанып  кеткің келмесе,

«Негелерге» беттеме…

 

III бөлім

Бұл қоғамқа жағу үшін

Бір-ақ нәрсе керек қой.

«Е!» – десе егер жоғарғылар,

Сен де мұнда «е!» – деп қой…

«е!» – дегеннің өзі де

Өкіметке көмек қой!

Керек болса (партиялық, кәсіподақ) жарнасы,

Алдын-ала төлеп қой…

«е!» – демесең егерде,

көздеріңе үймелейді көк шыбын,

сен боларсың оқбаған мен жексұрын,

абалайды жан – жағыңнан иттері,

жабылады бүргелері, биттері…

барлығына қосылып

«е!» – деу керек үйткені…

Бұл шартына көнбесең,

Сен өзіңше өміріңде өрлесең,

Ақиқат пен Шындықтардың келбетіне шөлдесең,

Қасақана қатты айтып, қасақана өлмесең…

дәрігерлерді шақырады тексеруге

шұңғылдарын миыңның,

дәлелдеуге нашарлығын күйіңнің,

сонан кейін… темір тордың ішінде

арыстандай ашуланып, тістелендің, күйіндің…

Уколдары ауыр – ақ, шатастырар дәрісі…

Жылдар жылжып өткенде,

жындыға өзің айналарсың,

өз – өзіңе серт беріп тырысқанмен қарысып…

Міне, осылай бір мүләйім мысыққа

айналады асқар таудың барысы, я болмаса…

табады да бір ілік кәдімгідей соттайды,

содан кейін бір погон балағаттап боқтайды,

күші жеткен әлдісі, батпақтағы басыңның

дәл үстінен аттайды…

я болмаса…

(тіптен болмай қойғанда,

жоғарғы айтқан шаралар,

бар қуатын жойғанда)

самолетке отырғызып, апарады шетелге,

бар еңбегің айналады бекерге,

бір – ақ күнде айналарсың өтелге…

Үйсіз, күйсіз, Отансыз,

Құрдастар мен құрбыларсыз, қатарсыз,

көппен бірге «ночлегке» жатарсыз,

қолыңызда сағатыңыз сатарсыз,

солай… сөйтіп…

таусыларсыз, батарсыз…

тілейтінім… сондықтанда: үндеме,

ешқашанда  бастықтарды тілдеме…

«жөн сіздікі», – «е!» – деп қой,

оның өзі өкіметке көмек қой…

IV бөлім

Құрылды ғой «Неваданың» ұйымы,

Біз отырмыз Олжастарға сиынып…

Құрыр ма екен мәңгіге,

Атомдардың құйыны…

Жұмсалар ма жақсыға

Бар қуаты адамзаттың миының…

Қозғалыстың аяғы

Кетер ме әлде сұйылып?

Бола қоймас кейбіреудің дегені,

Езуінен жырылардай жемегі,

Құлайтындай тағынан,

Айрылардай шулап тұрған бағынан,

Қасарысып болмайды-ау…

«Неваданың» керегі жоқ,

Қойдырыңдар ондайды!

Мен Әкім боп тұрғанымда,

Мен салтанат құрғанымда,

Мына менің жерімде

Ешбір ұйым болмайды!

Ал, болдырам дегендер…

Обалдары өздеріне…

Оңбайды, олар сорлайды!»

Жарлық келді, Жоғарыдан осындай,

Ал құрып көр ұйымыңды,

Қорықпастан, шошынбай…

Айтса, айтпады…

Бастықтарға «Невадаңыз» тосын жай…

Жақында өткен бір тойда,

Айғайлады маскүнем:

«Керегі жоқ «Невадаң!»

Сен үйлену тойында…

Ауытқыма темадан!»

Қорғасынмен қапталғандай сол адам…

Ей, маскүнем!

Жүре бергін, бол аман!

«Невадаңның» керегі жоқ!»

Сорлылар…

Ардақтыны тар қапаста қор қылар,

Бүрін ашқан жапырақты солдырар,

Жақсылардың жүрген жерін ор қылар,

Етжеңділер, бөкселілер, қоңдылар…

«Жара берсін атомын!

Ақша көптеп төлеп тұрса болғаны, –

бір Бастықтың айтқаны…

Жоқ қой менің полигонда шатағым,

Менің Қызыл Армиям – тесілмейтін қорғаным!»

Тағы бірі көкіді…

«е!» – орнына «а?» – дегенге жекіді…

«Олжастарға сенбеңдер, айтатыны – өтірік…».

Қол жинадық жүгіріп…

– Генералдың жазғандарын оқыдым.

Полигонмен көрші болу – зиянсыз…

– Сахаровты оқымаған шығарсыз?

– Айпаңызшы… түкірігі шашыраған

Неткен адам ұнамсыз…

Қол қоймады… Бұл адам да

тумысында қорғасынмен қапталған,

сол қорғасын қорғайды

сәулелерден, оқтардан…

Бұл адам да толып – піскен,

Шыға алмайды шеңберден,

Бұл өмірге «жылымықтан» соң келген…

Содан кейін бұқаралық информация

құралдарымен ол барынша «емделген»…

Жоғарғыдан түскен барлық жарлықтарды,

бұйрықтарды, нұсқауларды

басын шұлғып орындауды жөн көрген…

жөн көрген де «е!» – деген,

қой сияқты «бе-е!» – деген,

«е!» – демесе қалып қояр кемеден…

Жалғыздықтан қорқады,

«көппен көрген – ұлы той»,

Көп тобырдың ішінде

жүгіреді, жортады…

 

V бөлім

Бір тобырға айналдық па бәріміз,

жасымыз да, жасамыс пен кәріміз,

«е!» – ге айналып кетті ме,

«бе-е!» – ге айналып кетті ме,

айтатұғын әніміз?

Төгілді ме бекерге біздің қызыл қанымыз?

Кілең жайсаң «халық жауы» атанып,

Күреңденді біздің аппақ арымыз?

Қосылмасаң «е!» – лерге

қосылмасаң «бе – е!» – лерге

«Әне, қақпа тамұққа!

Қорықпаңыз, барыңыз!»

Бір тобырға айналдық па?

Таборға?

Әлде бәлкім табынға?

Өз-өзінен күмпиген

Іші кеуек қарынға!

«Біз керемет, Гегемон

Әрқашанда алдамыз.

Жер бетінде бірінші боп,

Социализм салғамыз»

«Изм» деген не өзі?

Керек пе өзі адамдарға «измдер?»

Керек пе әлде жарқын өмір  – «жизнь» дер?

Қой «измде» тұрса да,

Адам деген адам болып қалады,

Ертеменен жұмысына барады,

Қуанады, мұңаяды,

өртенеді, жанады,

бәлкім ішер арағын,

бәлкім ішер коньягын, шарабын,

тым шаттанып кеткенінде

өз тілінде өзінше әсем әнге салады…

Барлығына киім керек,үй керек,

Барлығына тамақ керек, күй керек,

бәрі осының болғанда

Жердің беті гуілдемек, билемек…

Тойлар болар,

Бозбалалар үйленер…

Жердің беті, өйткені –

Бәріне де жетеді…

Табор болу керек емес,

Тагор болу керек шығар біздерге,

Біз бірлесіп аттансақ

Жан баспаған түздерге?

Кениялық негр мен

Керекудің қазағы?

Бірге тартсақ ауыр сапар

тауқыметін, азабын,

бірге тыңдап көктем әнін, жаз әнін,

Қайтсақ біздер барлығынан тазарып…

Санамызды бітеген шекара мен шектеулерді

лақтырып,

біз тілесек барлығына жақсылық…

О, онда…

Жердің беті ақындардан

Көрмеуші еді – ау тапшылық!

Жаңа туған Жәмилер

Жырлар еді – ау раушан гүлді, бақтарды,

Бал шарапқа елтіген, бал – бұл жанған

шақтарды,

Һас сұлудың шаштарына шомылып,

Балбырап бір жатқан-ды…

(қорықпастан СПИД-тен…

ол кездері өйткені –

мол болады ан…оу жетпей жүргендер)

Жердің үсті (асты емес) болар еді жұмақтай,

секіреді балаша сылқ – сылқ күліп бұлақтар,

құстар сайрап, жайқалады құрақтар,

тоқталады мәңгіге, тоқталады сынақтар…

Тоқтала ма?

 

VІ бөлім

Менің қаным – ақ,

Демегін «ух?», «ах?»

Менің қаным қызыл емес  – ақ.

Көп кешікпей өлемін.

Сен ештеңе демегін,

Ей, дәрігер жолдасым!

Тоғыз жылда тамамдаған «медты».

Тастап кетіп оқып жүріп «зооветті»,

Суырған – ды байқаусызда

Белгіленген билетті.

Керек емес көмегің…

Керек емес дәрі – дәрмек, уколың.

Мен бәрібір өлемін

Туылыппын сорыма.

1958-де…

Осы жақта. Ақ Ертістің бойында.

Туылыппын. Ештеңе жоқ ойымда.

(Ой дегенің содан кейін келеді

Адам өлсе – ауыр ойдан өледі).

Туылыппын сол күні

Алып «саңырауқұлақпен» таласып,

Кіндігімді кескен әйел көп кешікпей

Көз жұмды. Жазылмады ақыры,

Ішке түскен жарасы…

«Қан рагы» болу керек шамасы.

Рак дегенің – адамзаттың обасы,

Жер болуға айналды сол әйелдің моласы),

Туылыппын 1958-де…

Туылмауым керек еді одан да,

Көп кешікпей ұйықтармын

Мәңгілікке моламда…

Туылғандар сол жылы «ұйықтауда»

Борас, Ақжар, Саржал менен Долоньда…

Мен де кетем сол жаққа,

Шақырады Аруақ!

Менің қаным, өйткені

Қызыл емес – ақ…

Ғабит САПАРОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Павлодар қаласы.

Добавить комментарий