Бір өлең – бір әлем
Ғабит Сапаров – мен білгенде Ақын еді! Ақын бола бермек. Оны «Ақ қан» атты поэмасы арқылы білем! Өзі саяқтау ғұмыр кешеді. Кісікиік-кентавр.
Серік ЕЛІКБАЙ,
Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Ақын
Ел аяғы басылмаған, басылған…
Қарсы алдымнан көп жарықтар шашылған.
Асығамын құжырама мен-дағы,
Бақыттымын үйсіз өткен Қасымнан…
Есениннен бақыттырақ екенмін,
«Англетердің» әйнегінде асылған…
Ол байғұс та баспанасыз өтіпті,
Жыры өлген жоқ, ғасыр асып ғасырдан…
Бақытты етер қайың ба, әлде терек пе?
Түнеу керек түндер бойы сенекте?
Бақыттырақ болу үшін өлеңің,
Бақытсыз боп ғұмыр кешу керек пе?
Не жетпейді бұл жалғанда ақынға?
«Атақ, ақша, арақ па, әлде қатын ба?»
Өлеңіңнің өмірі үшін мәңгілік,
Беранжедей тұру керек шатырда?!
Ақын құштар ақ сәулеге, арайға,
Сұлулықты жырлау керек қалайда!
Білетінім:
Өлмейтұғын өлеңдер,
Жазылмайды алтын тақты сарайда!
Ғабит САПАРОВ,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.