11 шілдеде ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына — 166 жыл толды.

Шәкәрім өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипатын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Абай бағытын ұстанды.

Сыршыл ақынның қаламынан терең ойлы, лирикалық өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты дастандар, «Әділ-Мәрия» романы және басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды.

Қаламгердің «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Еңлік-Кебек», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді.

Шәкәрім әндері қазақ композиторларының шығармаларына арқау болды. Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне сазгердің шығармалары пайдаланылды.

Ұлы тұлғаның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» атты әндері нәзік, көңілді қозғайтын сыршылдығымен мәңгі есте қалды.

 

Назарларыңызға Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін ұсынамыз:

 

Біреудің мінін кешірсең,

Құдай да сені кешеді.

Бәрін де қылмай есірсең,

Төбеңді әлі-ақ теседі.

 

Көңілі жұмсақ адамның,

Күрмеуін тағдыр шешеді.

Рахымсыз, пейлі жаманның

Орны дайын деседі.

 

Мен досыңмын, жау емес,

Еліре берме, қайта ту.

Жүрегім дертті, сау емес,

Сол себепті сөзім – у.

 

Ащы деп алмай қоймаңыз,

Аңсағанда, керек су.

Абайлап артын ойлаңыз,

Алды ғой алдап өңкей қу.

 

******************************

 

Айна қойдым алдыма,

Көрейiн деп өзiмдi.

Екi құлақ тарс бiтiп,

Шел басыпты көзiмдi.

 

Иiс бiлер мұрын жоқ,

Таза ақылдан ырым жоқ,

Түзелерлiк түрiм жоқ,

Жалған деме сөзiмдi.

 

Ақ ниетiм бұрын жоқ,

Жүрегiмде нұрым жоқ,

Жасыратын сырым жоқ,

Айтпай арам безiмдi.

 

Жалғыз менi деме қор,

Менi көр де, сене көр,

Сен де емессiң менен зор,

Дәл мен деп бiл өзiңдi.

 

Адамның бәрiн елесе,

Аламын деп iрiсiн,

Бәрi өтедi әрi қарай,

Сен де соның бiрiсiң.

 

Електе қалмас бiр адам,

Не ғылымды, не надан.

Бiз сияқты барша жан

Сорға сатқан ырысын.

 

Ындыны таза ешкiм жоқ,

Сыртында май, iшiнде оқ.

Түп қарыны толған боқ,

Жасырып жүр мұнысын.

 

******************************

 

Кетермін, артымда сөз, әнім қалар,

Кейінгі жастар оқып ортаға алар.

Бірі жөн, бірі теріс айтыпты деп,

Таласып өздерінше сынға салар.

 

Табиғи заң – өткенді жаңа сынау,

Жаманынан жиреніп, жақсыны ұнау.

Дәлелдеуге өлген соң келмес тілім,

Тірлігімде айтатын сөзім мынау:

 

Сынау қыйын біреудің жайын білмей,

Кетпе өмірін, ортасын көзіне ілмей.

Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,

Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.

 

Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,

Қанды опқын, қатты толқын қара түнде.

Заманым заманыңа сәйкес келмес,

Сынап көр сол қайыққа сенде мін де.

 

Иесіз өзім кестім кіндігімді,

Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.

Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,

Сонда анық білерсің кімдігімді.

Добавить комментарий