Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,

Төртеуіміз бір әкенің баласы едік.

Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын

Өстік біз бір омыраудан таласа еміп.

 

Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,

Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.

Таралып шартарапқа жолдар шықты

Сендердің бұрымдарың сияқтанып.

 

Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып,

Қатыгез қимастықты қыз аты қып.

Сан түндер сағынышым көз ілдірмей,

Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.

 

Деді әкем: қиын болды-ау, қарағым-ай,

Жан көкем, жадыратшы қабағыңды-ай.

Мен үйде жалғыз қалдым, мергендердің

Қосына тастап кеткен қарауылдай.

 

Кеттіңдер «Жат жұрттық» боп жаратылып,

Жанары басқа ауылға қаратылып.

Мен болсам еш дария құймайтұғын,

Көлшік боп қалдым шетте дара тұнып.

 

Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,

Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.

Әкенің қасиетті шаңырағы,

Тікейіп кетті талай құлап барып…

 

Туғасын талмай ұшу қанатқа сын,

Білем мен ол күндердің сан аптасын.

Көнбеуге жалғыздыққа амалың жоқ,

О бастан жалғыз қылып жаратқасын.

 

Жігерін жетті жылдар қайрап маған,

Сонда да амалым жоқ ойлап қалам!

Төрде үлкен шарайна тұр, айдынында,

Бір кезде алты бұрым ойнақтаған.

 

Кейде мен көлінде қап Қособаның,

Сендердің саулығыңа тост аламын.

Бүгінде мені ұмытып кетсеңдер де,

Бақытын ойлап басқа босағаның.

 

Көп өтті қимас күндер белестері,

Көп болды сендер жақтан жел еспеді.

Өзі ұшқан ұясына қонбай кету —

Япырым-ау, құстарға тән емес пе еді?

 

Бұл үйде әкең өтті бас иетін,

Ана өтті ардақтаумен қасиетін.

Бір менің маңдайыма жазылған ба,

Көтеру мына төрдің қасіретін.

 

Қайтейін, өтсін деп ем еленбеумен,

Мықтырақ болып шықты менен кеудем.

Мен бе деп жүрмісіңдер әлде сендер

Көлденең көк аттыға елеңдеумен.

 

Бар болған кездеріңе сүйінемін,

Жоқ болған кездеріңе күйінемін.

Мен жалпы ақ перзенті болсам керек

Үміті үзілмейтін дүниенің.

Добавить комментарий