***
Таңға дейін тағы да ұйықтамадым.
(Жо, жоқ, кешір, ештеңе «ұрттамадым»)
Сені ойлаумен боламын түні бойы,
түні бойы тау жақта бұлт тоңады.
Иә, биыл көктем де, жаз да салқын.
Бұл жазбен де келеді-ау қоштасар күн!..
Сағынармын, ойлармын…
Әттең, соным
болмаса екен төзімді босқа сарқу!..
Әдемісің,
Әрине, жоқ таласым.
Әлі талай ортада мақталасың.
Сені сүю – біреуді қызғандыру.
Сені сүю – біреумен бақталасу.
Келіп кет! – деп қаншама мазалайын,
келтіресің, әйтеуір, сөз орайын.
Қара Өлөңді маздатып қарсы алармын,
қаз қанатын жамылған қазан айын.
Өз жауыным болса да, өз бораным,
жалғыздықпен жүздескен кез ғана – мұң.
Көңілімнің көгіне
хаттарыңнан
батпырауық ұшырып мәз боламын.
Кеше таным өзгеріп, бүгін – талғам,
ұтылғым жоқ ұпайшыл ұғымдардан.
Сені ойлаумен күрсінген бір сәтімде –
сенсіз өткен мың Түн бар сығымдалған!
***
Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!..
көкшіл кеш, көбелектер күбірлеген.
Өзіңе жазар хатты бастай алмай,
отырмын иек сүйеп іңірге мен.
Келер түн – қалың сәуле қалың-қалың.
Кейіме, тек өзіме мәлім халім.
Әттең-ай, естіп көрсең, әр секундтың
мендегі жалғыздықта жарылғанын!..
Білмеймін, мен байғұсты «ағалауың» –
жасырын жас мөлшерін шамалауың?..
Сенікі дұрыс та ғой.
Түсін, бірақ,
Сенің сол «дұрыстығың» – маған ауыр.
Бақ пен Сор… бар жүрекке құзыры – бір,
меңгеріп үлгерсек қой біз ілімін.
«Сен!» деген, «Сенем!» деген секемшілдеу
сенделген Сағыныштың Қызырымын!
Көп болды, көрген жоқпын дүрмек бетін.
Шын айтсам, үміт – қысқа, күрметпеді…
Өзіңе асықтығым үшін, маған
Өзіңе аға болу міндет пе еді?..
Торымын, Ой сортаңын ащылаған.
Толғанса Сен туралы тосын «ағаң»,
тоқиды көңіліне кемпірқосақ,
торғайдың шырылынан шашыраған…
Сағымсыз – Шыңғыстаудың атырабы.
Саратан салқынында жатыр ауыл.
Сені ойлап, сонау-у жолдың қарасына
көзімнің қарашығын матырамын.
Ақшамның әр адымын баспалар түн.
Ағаңның бар табары – шашты ағарту.
Өкінтіп тағы бір күн өтіп барад…
о да бір – өмірдегі көшпелі алтын.
Осылай болғаны да дұрыс маған.
Түсімде Түн көрейін күмістабан.
Күлкісін саған ұқсас қыз баланың
күреңот жапырағы уыстаған.
Салармын шырқап қалай «Идай-да»-ға,
Өзіңді жат өзекке қимайды «ағаң».
Жазулы ақшам хатын көкейдегі,
жарқанат қанатымен шимайлаған…
***
Сезімтал боп кеттік пе біз-ақ бүгін?..
Сыртта – жаңбыр.
Басқандай Күз аптығын.
Телефоның… нөмірің…
Гудогының
қалай өтсем азапты ұзақтығын?..
Гудок…
Гудок…
Уайым… ырым… сенім?…
Гудок…
Гудок…
Ә, міне, үнің сенің!..
Саған деген қиын ғой үмітіме
Санадағы күдіктен бұрын сөну!
Кімсің? – дейсің.
Сұрақтың ең келтесі.
(әлде әдейі істейсің, әлде еркесің?..)
Құбылмалы құпия тыныс-үнің
құлағымнан құйылып, жанды өртесін!
Қуатымсың, әнімсің, айбарымсың!..
құдайсынған көңілім жалбарынсын:
нөмірімен сендегі телефонның
Бақытымды белгілеп қойғаным – шын!
Қызықтырып сендегі қылық-тәсіл,
жуасып-ақ барады-ау бүлік басым.
Тіл әдемі сөздерін сұрыптасын,
тастап қойма телефон трубкасын!…
Не дерімді білмеймін, не дерімді,
қайдан келген ынжықтық, құрып қалсын?!…
***
Маған орман секілді көңіл қалың,
Сол орманнан жол таппай аңырғалы
Хат жазуды қойып ең, сағынғаным,
Міне, міне телефон шалып тұрсың!
(Көкейіңде нендейлік қалып тұр зіл?)
Парық – тылсым…
Даусың талықтырсын,
Айта берші, қайдасың?… ал ұқтыршы?
Біздің хал ма?… әзірше қол да босап,
Өзің қалай… Күн жылы?… ол – тамаша!
Сен де менен бір хабар тосқансың–ау,
Мендік сезім сөйлейді, алдамаса.
Денсаулық па?
Кей-Кейде жан ауырып…
Ал, былайша – қайнаулы самауырын…
Семей қалай?… Солай де… Ертіс аман,
Бізді қойшы, баяғы Қарауылың.
Көкіректе – күй–дала, өлең – көше…
Хат болар деп тосқан ем сенен кеше.
Бәрі жақсы дейсің бе, дұрыс, дұрыс,…
Келем деген сөзіңді бер, ендеше.
Күлкі менен күдік те жүре ме бір,
(өмірбақи көңілде түнемегір!)
Қызғылт үміт ішінде – көкшіл арман,
Көкшіл арман ішінде – күрең өмір!…
Қалай? қалай… ағаң ба?… жұмысында.
Дейді бізге, «тезірек ұғысыңдар».
алло-ау,
Алла-ау, жауап бер, жалындырма,
Жаным менің тұр қазір сым ұшында!…
***
Алдап әлі келе ме көлгір өмір,
Айтып берсең қайтеді-ау сен бір емін!
Космосқа көзелген көкірекпен,
көздеріңе өлгенше телміремін.
Көкейімде көктеген бүртікті ұғым
өлімді де ойлатпас құлдық түгіл.
Кірпіктеріңе дейін отыр санап
жабайылау, жарместеу ынтықтығым.
Мүмкін, қазір қол қысып, арқа мұздап,
Санадағы сабырды сарқамыз да,
Түйсік өшіп заматта, тіл күрмеліп,
айқай салар Үнсіздік ортамызда!…
Тамырымда бұрқанған – бүлік дер ем,
Табиғатын танитын құлық – керең!
Жазмышымның жазуын
Жалғыздығым
жазып әлден қойды ма?…
күдіктенем.
Маған, жаным, сендегі күлкі – несіп,
Қулығыңды білдірмей, іркілесің…
(Сұқтанғанын біреудің білген сайын
Сұлуланып кететін Сиқыр – осы!)
Бұл Сиқырға тиіспеуге тиіс пенде,
Бүркенбесін сөзбен де, сүйіспен де.
Бір қызғаныш сорады жүрегімді,
Күдігім мен үмітім түйіскенде.
Не десең де, бұл сезім тарқамады.
Құпиясын ашуға… қорқа ма тіл?…
Күдігімнің қап-қара күйігіне
жанарыңнан жап-жарық жан тамады!
***
Шаттанғандай, ұқпаймын, торыққандай,
шатасамын, Сен қарсы жолыққанда-ай!
Өңшең сыбыр өлтірді Өлөңімді.
…О, сен әлі білмейсің, халық қандай!..
Менің де, рас, шамалы білерім де,
Көп ойнадым тыңдаушы рөлінде.
Сезім отын сөндірер себеп іздеп,
Сен туралы сыбырлап жүр еріндер.
Келе жатқан шындық па ескіліктен –
келеңсіздеу әр сөзге бес күдік – тең.
…ұры-мінез біреуін сыбырлақтың
Ұстап алдым тілінен кешкілік мен.
(ондай болса қорықпаймын дерт егер де.
Сезім – шексіз, тек пайым келте менде):
«албастының айтқанын орындапсың,
Ай сәулесі бетіңді өртегенде!..»
Тоқтатқан ем сыбырды келесі бір:
(бір жұдырық оған да бересімін!)
«Ібілістің үйіне еніп бірге,
іштен іліп алыпсың сен есігін!..»…
Орап алып үмітке Ой тамтығын,
Өлөңімді тірілтіп қайтам бүгін:
біреу сені «сайтан» деп келген маған,
білем ғой мен өзінің сайтандығын!
Қызықтаған көктем мен күз қанатын,
Аңғалақтау екенбіз біз ғана тым.
Менен сені, құдай-ай, сенен мені
сыбырлар да болды ғой қызғанатын!
Қара сөзбен қалқалап қаңқуларын,
Қалжыңдаған болады сәл қулары.
Сағаты мен күндерін «айырбастап»,
Саған да өстіп айтады мен туралы.
«Ақшам» хаттары кітабынан.