Соңғы қоңырау сыңғыры естілгенде үлкен өмірге қадам басқан жас талаптарды жігерлендіру жырларын оқырман назарына ұсынамыз.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ: Соңғы қоңырау
Көктемгі аспанның жаңғырып дауысы бір күні,
Көз жауын алып құлпырар сосын қыр гүлі.
Хабарын алып жеттің бе жаңа маусымның,
Соңғы қоңырау – он жеті жастың күркірі.
Балалық шақтың оятып күллі өлкесін,
Балауса ойдың қасытып кенет желкесін.
Қимастық шақтың қып-қызыл жібін үзгендей,
Қимастық үні, не деген ғана еркесің?!
Ертең-ақ, ертең толқындарымен тербеп кеп,
Теңіздей өмір төріне қарай төрлетпек.
Құлақтың бірақ құрышында қалар мәңгілік
Сол қоңырау үні, сол бір топ бала, сол мектеп.
Сол қоңырау үні үмітпен бастап жол басын,
Арманға қосып алысқа тартар арнасын.
Сан қоңырауларды күмбірлетерсің, дауысы тек
Он жеті жастың тазалығынан танбасын!
Айтуар ӨТЕГЕНОВ: Мектеп бітіру кешінде
Адам үшін…
Жыр-өмірге алғашқы қадам үшін.
Жастығымыз үшін…
Он жыл бірге гүлдеген достығымыз үшін.
Арманымыз үшін…
Қыз-жігіт болғанымыз үшін,
Кәмелетке толғанымыз үшін.
Бір өзгеше күйге еніп
Ән шырқадық, биледік.
Асқақтадық, шалқыдық,
Жарасымды, жарасымды әр қылық,
От сезімге малындық та, балқыдық.
Өйткені ертең шар тарапқа кетеміз,
Бір ұяда тату едік өте біз.
Тау бұлағы тосқауылсыз ақпай ма,
Біз іздеген арман қайда, бақ қайда?
Айтыңдаршы!
Ей, адамдар,
Жауап берер қайсың барсың?
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Жез қоңырау
Жез қоңырау жылайтын жазға қарай,
Жаз ғұмыры жастықтың аз қалғандай.
Гүлдей дәурен тұратын гүл құшақтап,
Жанарында қыздардың маздап арай.
Қадіріңді сездім бе,
Сезбедім-ау,
Жылы үшырап тұратын көзге мынау.
Менің балғын күнімнің белгісіндей,
Жез қоңырау, қайда сол жез қоңырау?
Шеті сынық болса да, күмбір қағып,
Күмбір қағып тұратын – мың бір бақыт.
Күні батқан кісідей сені-дағы
Тастады ма лақтырып құрғыр уақыт.
Жез қоңырау сөйлейтін күз келгенде,
Күз келгенде,
Мектепке біз келгенде.
Сүйісігі те көрмеген сүйкімді қыз
Жүздесетін едім ғой сізбен мен де.
Жез қоңырау жылайтын жазға қарай,
Аққу ұшып, айдында қаз қалғандай.
Көтеріп ап жүгірсек мәз болатын
Кекіліне бақ қонған жазған бала-ай.
Қадіріңді сездім бе,
Сезбедім-ау.
Жез қоңырау!
…қайда сол — жез қоңырау?
Айбатыр СЕЙТАҚ: Соңғы қоңырау
Артта қалып балғын шағы — ертегі,
дәл бүгіннен басталады ертеңі.
Алып шығар ашық, терең теңізге
Арман атты ақ кеменің желкені.
Бойға жиған салт-дәстүр мен мұраны,
Ел мүддесі болсын асқақ ұраны
Мәртебесін көтеретін биікке
Жас түлектер – тәуелсіз ел қыраны!
Асқан сайын өмір-жолдың өткелін,
Жастық шағың — сағындырар көктемің.
Тілекшің боп тұрады ылғи анаңдай
Алыстағы алтын ұя мектебің…
Жас түлектер қақты бүгін қанатын,
Сәулелік күн жүрекке от жағатын.
Кім ұмытар қоңыраудың сыңғырын
Жүрегіңе мәңгі ұялап қалатын!
Нұрлан ҚАЛҚА: Соңғы қоңырау
Толқып тұрмын гүлге толы құшағым,
Қазiр ғана кесiлгендей тұсауым.
Он жыл бұрын ертiп келген анашым,
Бiлiм алып, қанат қағып, ұшамын.
Естiп тұрмын қоңыраудың сыңғырын,
Сезгендеймiн таңғажайып бiр сырын.
Лүпiл қағып, тулап байғұс жүрегiм,
Билеп алды сиқыр сезiм құрғырың.
«Жолыңды тап, қалдың бүгiн ес бiлiп»,
Деген сөзi ұстазымның естiлiп.
Ыршып түстi бiр түйiр жас көзiмнен,
Қабақ түйдi қартаң кiсi сес қылып.
Бұл не деген шат-шадыман кеш едi,
Есейiптi ұл мен қыздар кешегi.
Бiреулерi мақтаны боп ауылдың,
Бiреулерi талантымен өседi.
Қаншалықты қуаныш боп тұрар күн,
Сан алуан тағдыры бар бұлардың.
Бəлкiм бiрiн мүмкiн ұзақ көрмесiм,
Бiреулерiн күнде көрiп тұрармын.
Ойлап тұрмын келешегiн достардың,
Ұстаздардың ақ тiлегiн қостадым.
Соңғы рет сыңғыр қақты қоңырау,
Қош бол, мектеп, жаңа өмiр бастадым.
Мерген ТОҚСАНБАЙ: Соңғы қоңырау
Соңғы қоңырау.
Көңілім алабұртты, алаңдады,
Әрі таныс, әрі жат маған бәрі.
Алма ағаштың ақ гүлін шашқа тағып,
Қарындасым мектебін тәмамдады.
Соңғы қоңырау.
Көңілді қайтсем екен құбылмалы?!
Әрі таныс, әрі жат бүгін бәрі.
Қарындастың құрбысы бойжетіпті…
(Байқамай жүргем қалай бұрындары?!)
Соңғы қоңырау.
Көңілдегі қозғайды мұңымды әлі.
Қарындастың құрбысы-ай… бұрымдары…
Менің жастық шағымдай гүлге оранып,
Өтіп кетті. О неге бұрылмады?!
Соңғы қоңырау.
Көңілді қазбауыр бұлт-күдік басқан,
Сағыныш бар. Хат күтем сыныптастан…
Кеше біз де осылай қоштасқанбыз,
Қайран, жүйрік жылдар-ай күліп қашқан.
Соңғы қоңырау.
Көңілімнің көгінде мұң тұтасқан…
Сыныптастар қайда екен шұрқырасқан?!
Бәрімізді күтетін, сағынатын,
Біздің ауыл шетінде құлпытас бар…
Соңғы қоңырау. Соңғы вальс. Көгершіндер…
Ұшар, кетер… о қайтіп бөгерсіңдер?!
…Біздің ауыл шетінде сыныптасым
Жалғыз жатыр…
Мәңгі бірге боламыз дегенсіңдер…