Сегіз жол

 Көктей өткен, Жаһан, сені
Көк Түркінің көзі боп –

Қазақ деген – Ақан сері.
Өлеңі – бар. Өзі – жоқ.

Ертеңгі күн елес әлі.
Бұлдырап тұр шашып от.
Қазақ деген – Кенесары.
Денесі – бар. Басы – жоқ…

 

Өмір деген – күнді айналу

Дірілдерін,
Гүрілдерін,
Құлақ түріп, тыңдай қалып –
Бүгін менің,
Жұмыр Жерім
Бара жатыр Күнді айналып.

Күн дегенде –
Дүрбелең де
Жүріп жатыр майдан әлі.
Күймелер де,
Мінбелер де,
Түрмелер де
Жермен бірге айналады.

Керуен күнде –
Серуен бірге.
Тән Рухқа суарулы.
Елмен бірге, Жермен бірге,
Мен де айналам Күн Аруды.

Күнді айналу –
Мұңды ойлану,
Көз жастағы көліңменен.
Өмір деген –
Күнді айналу!
Күлге айналу –
Өлім деген!

Алтынға аптап асығыңды,
Босап бір сәт мұңды ойлардан –
Қарсы ал Жаңа Ғасырыңды,
Алаш-Анам,Күнді айналған,
Тектілері – гүлге айналған,
Тексіздері – күлге айналған…

 

Қасқырдың монологы

Жек көрем итті!

Алысып жүрем,

Шабысып жүрем!

Қағынып…

Сайын даланың тағысымын – мен,

Не деген ғажап – тағылық!

 

Шауып түсемін!

Күш ағысымды сыйғыза алмай ішіме.

Адамның алмас пышағы сынды

Ырзамын азу тісіме!

 

Қасқыр – бабалар!

Бар ұлыстардың

Мазасын алып манадан –

Иттермен болған қанды ұрыстардың

Иісін сезем даладан.

 

Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді

Қорлық – қарғысқа барабар.

Бізбенен иттің тегі бір дейді…

Рас па қасқыр – бабалар?!

 

Өлексе үшін жұлысқан болсақ,

Өмірі бітпей кегіміз,

Иттермен бірге туысқан болсақ,

Не болды – ата тегіміз?!

 

Ала төбеттің астында қалар

Күн туғаны ма ақыры…

Неге үндемейсіңдер, қасқыр – бабалар,

Қағынып кеткен жатыры?!

 

Неге үндемейсіңдер?

Ұрлық түн еді:

Жатқаным мынау – жау іші.

Аспанның астын дүрліктіреді

Үрген иттердің дауысы…

 

Дала философиясы

Дала десең жарқ етер –
Даңқым! – деген бір өлең.
Дала десен жарқ етер –
Халқым! – деген бір өлең.
Мархабатым шығар-ау Махамбеттің туғаны.
Ер ұлдарым болмаса –
Ез екем деп жүрер ем!

Дала десең жарқ етер –
Сұлулық! – деген бір өлең.
Дала десең жарқ етер –
Ұлылық! – деген бір өлең.
Арман шығар даламда Абайымның туғаны.
Абайларым болмаса –
Ақымақпын! – деп жүрер ем…

Тарих Стадионы – Дала! Тәні – қан-жоса!
Жалт қарады Ұлына ол көгін тұман торласа.
Батырлары болмаса – қорқақ бүкіл адамзат.
Ақымақ бүкіл адамзат – Ақындары болмаса!

 

Қараорман

Тасын жарып, мұз құрсанған шыңдардың,
Қара жерде қарағай боп бүр жардым.
Жазда – аптап, қыста – аязды көзге ілмей,
Жар басында жап-жасыл боп тұрғанмын.

Текті жұрттың –
Әрі – ұлы, әрі – ірі,
Топырақта жатады ылғи тамыры.
Мен Алтайдан алты ағаш боп шығып ем,
Алты Алашқа айналдырған – Тәңірі.

Құдай мені Түрік қылды құты – ұлы,
Жаным – сонда, тән де – соның тұқылы.
Мен – Алтайдан Ақсораңға кеп түскен,
Қарағайлы Қараорманның тұқымы.

Маңғаз Мағжан,
Өр Қасым да сол жұрттан,
Сорғалаған көз жасым да сол жұрттан.
Қара басты тәрк қылып қашанда,
Қараорман деп зарлайтыным – сондықтан.

Жан сіміріп жасыл жұрттың жарығын,
Жастайымнан уызыма жарыдым.
Қараорманым Хаққа қарап күңіренсе,
Қақсайды, Алла-ай, алпыс екі тамырым…

Добавить комментарий